🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ
9.83K subscribers
160 photos
28 videos
4 files
980 links
🎯 “Қаржылық сауат” номинациясы бойынша ең үздік жоба – PROOM 2024

🎯 URKER-2024 Ұлттық сыйлығының номинанты

🎯 Авторы – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты – 2025

®️Кері байланысқа: @QSauatKZ_Bot

Сайт: www.qsauat.kz
Download Telegram
Базалық ставка: Біздің нанымызға қалай әсер етеді?

Экономиканы үлкен бір ауыл деп елестетіп көріңізші. Ал Ұлттық банк — сол ауылдағы жалғыз Қамбаның иесі. Ауылдағы бүкіл ақша айналымы осы кісінің қас-қабағына қарап тұр.

Ставка жоғары болса (мысалы, 18%)

Қамба иесі «қаһарына» мінеді. Ол ақшаны екінің біріне бере бермейді. «Ақша керек пе? Онда маған қайтарғанда үстіне еселеп қосып әкелесің» дейді.

Ешкім қарыз алғысы келмейді. Ауылда ақша «тапшы» бола бастайды. Жағдайды түсінген жұрт ақшасын оңды-солды шашпай, әр тиынын санап жұмсайды.

Дүкеншілерден де маза кете бастайды: «Хм, ешкімде ақша жоқ. Сауда жүрмей жатыр. Еттің бағасын тағы көтерсем, ешкім алмайды. Ет сасып кетеді».

Амал жоқ, сатушы бағаны түсіреді немесе сол қалпында ұстауға тырысады. Ауылда баға өспейді. Қымбатшылық тоқтайды.

Ставка төмен болса (мысалы, екі есе — 9%)

Қамба иесінің көңілі жай. «Мә, кімге ақша керек — алыңдар, үстіне аздап тиын қосып қайтарсаңдар болды» деп жомарттық танытады.

Бәрі жаппай қарызға ақша ала бастайды. Бір көршің көлік мінеді, екіншісі үйін жөндеп алады. Ауыл ақшаға қарқ болады.

Дүкенші қарап қала ма, алақан ысқылай бастайды: «Охо, жұртта ақша көп екен!» Кеше ғана келісін 3000 теңгеге сатқан етті бүгін 5000 қылса да өтетінін біледі. Баға «ұшады». Жұрттың қалтасында ақша көп болғанымен, тауар құны екі өсіп шыға келгендіктен, береке болмайды.

Ставка өмірімізге қалай әсер етеді?

Біреулер айтуы мүмкін: «Өөй, менің несием жоқ, маған бәрібір» деп. Жоқ, олай емес! Несиесі жоқ адамның депозиті болуы мүмкін.

Бүгінгі мысалмен ставка 18% болса, банкте депозитте жатқан ақша өзінен-өзі көбейіп жатыр деген сөз. Бұл жерде банк: «Ақшаңды жұмсамай маған әкеліп сақта, мен саған жақсылап сыйақы беремін» деп тұр. Демек, қазір ақша жинауға ең тиімді уақыт.

Ал, керісінше, ставка шарықтап тұрғанда несие алсаң, онда банкке «байлық» сыйлайсың. Сондықтан ставканы бақылау керек. Ол түсті ме — демек, несиенің пайызы да құлайды деген сөз.

Базалық ставка — экономика үшін өзіндік бір «диета». Егер ел «семіріп» (баға өсіп) кетсе, Ұлттық банк ставканы көтеріп, нарықты «диетаға» отырғызады. Егер ел «арықтап» (сауда жүрмей) қалса, ставканы түсіріп, ақша ағынына ерік береді.

Бұдан шығатын түйін:

Ставка жоғары кезде — ақша жинаған тиімді.
Ставка төмендегенде — іс бастап, несие алып, қимылдап қалған жақсы.

Қай уақытта не істеу керегін білу үшін осы ставканы бақылап отыруымыз керек.

Жақсы демалыс болсын!

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👍25159🤩4
Зейнетақы ақшасы қанша табыс әкелді немесе ақшаны кімге жұмыс істеткен тиімді?

БЖЗҚ (ЕНПФ) биылғы бірінші тоқсанның қорытындысын жариялапты. Бұл есепте зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк пен жеке компаниялардың табыс нәтижесі де бар.

«Ертең қанша «пенсия» алам» деп келешегіне жоспар құратын адамға бұл — керек ақпарат. Мемлекет әр азаматқа өзінің зейнетақы ақшасының 50%-тін табысы тәуір жеке басқарушы компанияларға беруге рұқсат етіп қойғанын білетін боларсыз, талай жаздық та. Енді есепке көз салайық.

Ақшаны кім басқарып отыр?

Ұлттық банк: Негізгі сома сонда — 25,7 трлн теңге.

Жеке басқарушылар: Жұрт сеніп тапсырған сома — 101,8 млрд теңге.

Табыс қандай?

Соңғы 12 айда (2025 жылғы сәуірден 2026 жылғы наурызға дейінгі аралықта):

Ұлттық банктің басқаруындағы активтер 10,74% табыс әкелді.

Жеке компаниялардың табысы 9% бен 17,8% аралығында.

Біздің ақша неге тігілген? (Ұлттық банк портфелі)

42,74% — ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік қағаздары (ең қауіпсіз құралдар).

35,23% — Шетелдік акциялар мен облигациялар.

9,26% — Квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары («Самұрық-Қазына» және т.б.).

Валюта бойынша: Ақшамыздың 61%-ы теңгеде, ал 39%-ы долларда сақтаулы. Бұл теңге бағамы құбылғанда портфельдің тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.

Жеке басқарушылардың табыс рейтингі

1. «Сентрас Секьюритиз» — 17,80%
2. «Halyk Finance» — 10,98%
3. «Alatau City Invest» — 10,62%
4. «Halyk Global Markets» — 10,54%
5. «BCC Invest» — 9,01%

Бұл рейтинг бізге не дейді?

Лидер анық: «Сентрас Секьюритиз» 17,8% көрсеткішпен Ұлттық банктен де (10,74%), басқа бәсекелестерінен де айтарлықтай алға шыққан. Бұл нарықтағы өте жоғары көрсеткіш.

Орташа деңгей: Басқарушылардың көбі 10-11% маңында, яғни Ұлттық банкпен деңгейлес жұмыс істеген.

Сіз білу керек ақпарат: Егер ақшаңызды жеке компания басқарса, оның табысы инфляциядан жоғары болуға тиіс. Егер компанияның көрсеткіші көңіліңізден шықпаса, оны 1 жылдан кейін басқасына ауыстыруға қақыңыз бар.

Биылдан бастап жеке басқарушы компанияларға талап күшейгенін айттық. Енді олардың жұмысы Ki композиттік индексімен бағаланады. Егер жеке компанияның тапқан табысы төмен болса, олар жетпеген айырмашылықты өз қалтасынан (өз капиталынан) төлеп беруге міндетті. Яғни, қазір жеке компаниялар біздің ақшамыз үшін өз ақшасымен жауап береді.

Сарапшылар не дейді?

Белгілі TENGENOMIKA телеграм-каналының авторы зейнетақы жүйесі жаңа модельге көшіп жатқанына басымдық береді. Ендігі жерде біздің болашақ зейнетақымыздың көлемі тек мемлекетке емес, сіз бен біздің жеке шешімімізге тікелей байланысты дейді.

Бізде қазір екі жол бар:

1. Жинақты БЖЗҚ-да қалдырып, қалыптасқан орташа табысты қанағат тұту.
2. Ақшаны жеке компанияларға сеніп тапсырып, жинақты өсіруге тырысу.

Білесіз, ақша — жинап қоятын дүние емес, ол жұмыс істеуі керек. Ал ол ақшаны кімге жұмыс істеткен тиімді екенін жоғарыдағы цифрларға қарап, өзіңіз шешіп көріңіз.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👍233
🚆 Астанада LRT картасына онлайн режимде өтінім қабылданып жатыр

28 сәуірден бастап оқушылар мен жеңілдік берілген санаттағы азаматтар LRT атаулы картасын рәсімдей алады.

🔹 Кімдер ала алады?

Астанада оқитын 7-18 жас аралығындағы оқушылар.

Астанада тіркелген және тұрақты адресі бар жеңілдік санатындағы азаматтар.

🔹 Қалай өтінім береді?

Тек онлайн форматта transcard.kz сайты арқылы. Тиісті мәліметтерді толтырып, керек құжаттарды жүктеп, картаны алатын ыңғайлы аудан әкімдігін таңдау керек.

🔹 Құны және алу жолы:

Дайындау құны — 1200 теңге.

Карта дайын болғанда SMS-хабарлама аласыз.

Картаны қаланың 6 аудандық әкімдігінде орналасқан арнайы пункттерден алуға болады.

Бұл атаулы карталар тек LRT-мен жүруге арналған, яғни қалалық автобустарға жарамсыз. Ал, өзге жолаушылар үшін карта мен билеттер станциялар іске қосылған соң қолжетімді болады.

LRT қашан іске қосылады?

Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша:

Жүйенің сынақ жұмыстары аяқталды, ол пайдалануға толық дайын.
Іске қосу жақын уақытқа жоспарланып отыр.
Қазір станцияларға кедергісіз кіру/шығу және төңіректі абаттандыру жұмыстары (әсіресе Тәуелсіздік даңғылынан «Нұрлы жол» вокзалына дейін) жүріп жатыр.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👀62👍2
Алимент қайда кетіп жатыр?

Осы жаңалықты естідіңіздер ме? Енді алимент алатын тарап есеп беруге міндеттелуі мүмкін.

Дұрыс түсінсек, алиментті көптеп төлейтін азаматтар енді «ақшам балаға жұмсалып жатыр ма, әлде басқа жаққа кетіп жатыр ма?» деп уайымдамаса болатындай. Өйткені Әділет министрлігі алимент ақшасының қайда жұмсалатынын бақылайтын жаңа тәртіп дайындап жатыр екен.

Ең бастысын айтсақ:

Бұл талап бәріне бірдей жаппай қойылмайды. Егер ай сайынғы алимент мөлшері 100–150 мың теңге шамасында болса, ешкім сізден есеп талап етпейді. Себебі министрлік «бұл сома баланың ішіп-жемі мен киімінен артылмайды» деп есептейді.

Сонда кімдер есеп береді?

Есеп беру міндеті тек ірі көлемдегі алименттерге қатысты болуы мүмкін. Мысалы, егер әкесінің (немесе анасының) табысы жоғары болып, баласына ай сайын 500 мың немесе 1 миллион теңгеден аударып тұрса, онда ол ақшаның қайда кеткенін білуге құқығы болады.

Бұл талап не үшін керек?

Негізі, қазір де «отчет» сұратуға болады, бірақ ол үшін сотқа жүгінесің, уақыт кетеді. Ал жаңа тетік бұл процесті оңайлатпақ. Қарапайым тілде айтқанда, мақсат — ақшаның нақты баланың дамуына, үйірмелеріне немесе денсаулығына жұмсалуын қадағалау.

«Егер алимент сомасы қомақты болса, әрине, оның есебін талап ету қисынды. Біз қазір осы жүйені реттегіміз келеді», – дейді Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.

Қысқасы, алимент — әкенің я шешенің емес, баланың ақшасы. Енді сол ақшаның «баланың аузына» барып жатқанын құрғақ сөзбен емес, нақты цифрмен дәлелдейтін кез тууы мүмкін. Әділет министрлігінің бұл бастамасы қаншалықты әділ? Бұл жаңалық ата-аналар арасында сенімді арттыра ма, әлде жаңа дауға жол аша ма? Оны өздеріңіз талдап көріңіздер. Пікір алаңы ашық.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
💯14👍64
Енді банк несие туралы ақпарат беруге міндетті

Бұл — алаяқтардың қолымен заңсыз рәсімделген кредиттерге қатысты мәселе. Бұрын біреу сенің атыңа кредит рәсімдеп жіберсе, оны дәлелдеу қиын болатын. Алаяқ ол кредитті қалай рәсімдеді? Құжатқа кім қол қойды? Алаяқтар табыс туралы құжатты қалай дайындап, қалай ұсынды?

Бұның бәрін білу мүмкін емес еді. Ең сорақысы, адамның рұқсатынсыз және алдын ала фото/видеоға түсірмей-ақ, биометриядан қалай өткені туралы ақпарат жабық болатын. Өйткені қаржы ұйымдары несие туралы кез келген ақпаратты «банк құпиясы» деген сылтаумен ешкімге бермей келді.

Мұрат Әбенов 2024 жылы 1500 сот процесі өткенін мысал етеді. Тек үш жағдайда ғана банктер кінәлі деп танылып, 99,9% жағдайда жеңіп шығып отырған. Енді осы күрделі мәселе шешімін тауып жатыр.

Депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қаржылық алаяқтыққа қарсы бағытталған заңның маңызды тұстарын жариялаған екен. Мәжілісменнің сөзіне сүйенсек, енді кредиторларды «банк құпиясы» ақтай алмайды. Себебі 3 сәуірден бастап күшіне енген заң бұл кедергінің бәрін жояды.

Не өзгерді?

Депутат жазған басты 7 жаңалық мынау:

Қош бол, «4 цифр»! Бұдан былай тек SMS-кодпен немесе видеоқоңыраумен несие берілмейді. Банкке барып, өтініш жазып, биометриядан өтіп, электрондық қолтаңбаға жазбаша келісім беру керек.

Ұлттық банк бақылайды: Әрбір қадамның цифрлық ізі қалады. Банк өз бетімен шешім қабылдай алмайды, барлық құжаттар жүйеде сақталады.

Антифрод сүзгіден өткізеді: Ірі сомадағы төлемдер мен несиелерді Ұлттық банктің арнайы «Антифрод» жүйесі тексереді.

«Бір қолға — бір несие»: Бір уақытта бірнеше банктен несие алу мүмкін емес. Алдымен біреуінің жауабын күту шарт.

24 сағатқа үзіліс: Ақша шотта бір тәулік тұруға тиіс. Осы уақытта банк сізбен хабарласып, несиені басқа емес, сіз алып жатқанын растауы керек.

Отбасы келісімі: Яғни, несие алу үшін туыстарыңыздың да рұқсаты қажет болуы мүмкін.

Биометрия міндетті: Егер биометриясыз несие берілсе және ол алаяқтық болып шықса, банк несиені өз есебінен жабады.

Міне, енді банктер осы 7 талаптың үдесінде жұмыс істейді. Біреуінен қалт кете ме, рәсімделген кредитке өзі жауапты болады дейді мәжілісмен.

Яғни, енді клиент банкке барып, кез келген ескі несие бойынша барлық құжатты талап ете алады. Ал, банк сұралған ақпаратты беруге міндетті. Сосын сол құжаттармен Қаржы нарығын реттеу агенттігіне, полицияға немесе сотқа барып, заңсыз рәсімделген несиені жабуға болады.

Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер бар екен. 400 өтініш түскен. Соның тең жартысында банктер қателігін мойындап, несиені өздері жаба бастаған. Бұл да депутаттың ақпараты. Сондықтан, бұл жаңалықты айналаңыздағы адамдармен бөлісіп қоюға болады. Әйтеуір бір адамды болса да заңсыз рәсімделген қарыздан арашалап қалар.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👍654
Мемлекет басшысының Жарлығымен Роман Васильевич Скляр Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.

@qarzhylyq_sauat
👎41
Депозит пайызы ең жоғары банктер

Сәуірде базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде қалғаннан кейін банктер біртіндеп депозит пайызын сәл өсіре бастады деп жазады «Нарық» порталы.

Төменде депозитке ең жоғары пайыз беретін банктер тізімі (ЖТСМ бойынша):

Еуразиялық банк — 3 ай — 20,53%
BNK Bank — 20,5%
Home Credit — 3 ай — 20,5%
ЦентрКредит Банкі — 3 ай — 20%
Kaspi Bank — 3 ай — 20%
Forte Bank — 3 ай — 20%
Bereke bank — 3 ай — 20%
Нұрбанк — 3 ай — 20%
Freedom Bank — 6 ай — 20%
Altyn Bank — 6 ай — 20%
KMF Bank — 6 ай — 20%
Заман-Банк — 36 ай — 20%
Halyk Bank — 19,5%.

Айта кетейік, жоғарыдағы пайыз жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі, яғни бір жыл сақтағандағы пайыз.

Сонымен қатар, аталған пайыз жинақтаушы депозит пайызы, ақша алынбайды. Егер депозиттен кез келген уақытта ақша алатын болса, пайызы бұдан төмен болады.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
22👍2
Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

@qarzhylyq_sauat
💯237
Сарбаз, Отанды қорғай бер, кредит ешқайда кетпейді!

Ұзаққа созылған мерекелік демалыстардан соң ойымыз да, бойымыз да сәл босаңсып қалғандай. Етек-жеңімізді жинап, іске көшейік.

Өткен аптада Отан қорғаушылар күнін атап өттік. Ал, қазір елімізде әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Отан алдындағы борышын өтеуге ниет еткен көп жігіттің мойнында банк алдындағы міндеттемесі, яғни кредиті бар екені жасырын емес.

«Әскерге кетсем, қарызым не болады» деп алаңдайтын азаматтар үшін мемлекет ұсынған «қаржылық үзіліс» туралы айта кеткенді құп көрдік.

Қысқасы, қазір жағдай бұрынғыдай қиын емес. Әрине, мемлекет кредитіңді кешпейді, бірақ әскери қызмет мерзімінде қарыз жүгінен уақытша босатады. Сәл де болса кредит пен банктен «демаласың».

Бұрынғыдай банк табалдырығын тоздырып, құжат тасымайсың. Әскерге кеткенің туралы ақпарат базаға түскенде, банк жүйесі автоматты түрде төлемдерді тоқтатады.

Бұл жеңілдіктің артықшылығы неде?

Процент өспейді, мерзімі өткен төлем үшін айыппұл мен өсімпұл (пеня) есептелмейді. Жеңілдік мерзімі әскерден оралған соң тағы 60 күнге созылады (сарбаз жұмыс тауып, аяққа тұрып алғанша).

Егер несие әскерге дейін төленбей, іс сотқа немесе коллекторға өткен болса да, Отан алдындағы борышыңды өтеп жатқан кезеңде барлық өндіру процесі тоқтатылады. Сарбаздың өзіне де, оның отбасына да ешкім қысым жасай алмайды.

Былтырғы тамыздан бастап әскердегі жігіттерге жаңа несие берілмейді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары база арқылы «сарбаз» статусын көріп, өтінішін бірден кері қайтарады. Бұл енді әскерде жүріп қарызға батпауға жақсы. Бір жағынан, «сыртымнан алаяқтар кредит алып жатқан жоқ па» деп алаңдамайсың.

Статистика не дейді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сүйенсек, 2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша 36,5 мың сарбаздың жалпы сомасы 7,7 млрд теңге несиесі уақытша тоқтатылған.

Тағы да ескерте кетейік, бұл — «несие кешіріледі» деген сөз емес. Тек уақытша үзіліс. Әскерден оралған соң 60 күн жеңілдік мерзімі аяқталғанда, бұрынғы кестемен қарыз өтеуді жалғастыру керек болады.

Әскерге дайындалып жүрген жігіттерге және олардың отбасына жіберіп қоятын-ақ ақпарат. Жеткізе жүріңіз, артық уайымға түспесін.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
17👍11👎1
Несиені төлей алмағанда не істеу керек?

Тақырыпты әрі қарай жалғастырайық.

Өмірде әртүрлі жағдай болады. Егер несие төлейтін ақшаң болмай, тығырыққа тірелсең, ең бастысы — ситуациядан қашпау керек. Өйткені мәселені заң жүзінде шешуге болады. Соның жолдарын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сүйене отырып, айтайық.

Банктің позициясы

Кредитор өзі хабарласуы керек. Яғни, төлемді өткізіп алған клиентке банк немесе МҚҰ (микроқаржы ұйымы) алғашқы 10 күн ішінде байланысқа шығып, канша қарыз екенін, төлемеген жағдайда не болатынын ескертуі керек.

Ең маңыздысы — «несие шартын өзгертуге құқығың бар» деп бағыт беру.

Клиенттің позициясы

Ол кредитін төлей алмайтынын түсінгенде, үн-түнсіз қалмауы керек. Сырттан біреу келіп, ешуақытта проблемаңды шешіп бермейді. Оданда банкке барып, жағдайын баяндап, өтініш жазғаны — ұтымды вариант.

Белгілі бір себептерге байланысты жұмыстан айырылып қалуы мүмкін немесе жұмысқа жарамсыз болып ауырып қалуы мүмкін.

Банк клиенттің арызын 15 күн ішінде қарап:

• төлемді уақытша тоқтатып, бірнеше айға «демалыс» беруге

• несиенің мерзімін созып, ай сайынғы төлемді азайтуға

• үстіне қосылатын процентті азайтуға

• жиналып қалған өсімпұлдарды (пеня) алып тастауға
шешім шығаруы мүмкін.

Бірақ банк клиенттің өтінішін қарағаны үшін бір тиын да ақша алмауы керек.

Банк көнбесе ше?

Егер банк «жеңілдік жасалмайды» деп арызды кері қайтарса, онда мына кісілердің көмегіне жүгінуге құқылысыз:

Банк несиесі болса — банк омбудсманына (bank-ombudsman.kz).

Микронесие (МҚҰ) болса — микроқаржы омбудсманына (mfombudsman.kz).

Екі жағдайда да мына құжаттардың цифрлық нұқасы қолда болуы шарт: кредит шарты мен төлем кестесі, қаржы ұйымына жүгінгеніңізді растайтын қағаз бен олардың берген жауабы, ақшадан қиналып жүргеніңізді (табыс азайғанын) дәлелдейтін анықтамалық құжаттар.

Бұл кісілер клиент мен банк арасында төреші қызметін атқарады. Яғни, білмегеніңізді айтып, позицияңызды қорғауға күш салады.

Әрекетсіз қалсаң не болады?

Қашып жүре берсең, жағдай қиындайды. Қаржы ұйымы қарызыңды коллекторларға сатып жіберуі мүмкін. Сотқа беріп, шоттарыңды арестке қояды. Айлығыңнан ақша ұстайды және шетелге шығуға тыйым салады.

Сондықтан, жаман айтпай жақсы жоқ, қиындық туа қалған жағдайда әрекетсіз қалмаған дұрыс. Қымсынбай, банкпен ашық сөйлесіп, мән-жайды уақытында айту керек. Сонда ғана мәселені коллекторсыз, сотсыз шешуге болады.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
23
«Автостраховка»: жолда кім «бұзық» — сол көп төлейді

Қаржы нарығын реттеуші агенттік сақтандыру бағасын реттейтін жаңа ереже дайындап жатыр. Сол жаңалықты қысқаша мазмұндасақ, бұдан былай тәртіпті жүргізушілер аз төлейді, жол оқиғасына көп түсетіндер полиске біршама шығындалады.

Міне, күтіліп отырған негізгі өзгерістер:

«Бонус-малус» жүйесі қайта қаралады

Енді жолдағы тәртібіміз де «тарихқа» айналады деген сөз. Банк жүйесінде кредит тарихымыз ақшаға қаншалықты жауапты екенімізді көрсетсе, жолдағы тарихымыз сақтандыру полисінің құнын айқындайтын болады.

Сақтандыру компанияларына «еркіндік» беріледі

Енді компаниялар сіз бен біздің тарихымызға қарап, бағаны икемдей алады. «Мынау жақсы жүргізуші екен» десе — 10% «скидка» жасауы мүмкін. Ал егер жолдағы тәртібі төмен болса, полис бағасына қосымша 10% үстеме қосылуы ғажап емес. Демек, әр жүргізуші «тәртібіне» қарай төлейді.

Орташа баға сәл көтеріледі

Статистика бойынша, қазір елде полистің орташа құны 23 870 теңге екен. Жаңа ережеден кейін ол шамамен 28 130 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Неге? Себебі жол апаты болғанда сақтандыру компаниялары төлемді кідіріссіз әрі толық төлеуі үшін олардың «кассасында» жеткілікті қаражат болуы шарт.

Максимал баға 30%-ке түсуі мүмкін

Бұрын сақтандыру саласында өте қымбатқа түсетін әрі сирек қолданылатын кластар (М1, М2) болған. Соларды алып тастап жатыр. Бұл ең жоғары баға шегін 30%-ке төмендетуге көмектесуі керек.

Өңірлерде баға қайта есептеледі

Әр облыс пен қаланың өз коэффициенті бар (мысалы, Алматы мен Түркістанда баға екі түрлі). Енді сол коэффициенттер қайта есептеледі. Қай өңірде «авария» көп — сол жерде баға өсуі мүмкін.

Осылайша, мемлекет сақтандыру нарығын нақты жағдайға қарап икемдегісі келеді. Жаңа тәртіп күшіне енгенде жолда тәртіпті болсаң ғана ұтасың. Егер жол ережесін жиі бұзсаң — қалтаң қағылады.

Көлігі барларға жіберіп қояйық, біле жүрсін.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👍15💯43
Флиппинг: пәтер емес, эмоция сатып жүрген кімдер?

Әлеуметтік желіде әріптесіміз, журналист Гүлнұр Имандосованың флипперлерге қатысты жазбасына көзіміз түскен-ді. Флиппер деп үй алып, оны «кәмпит» қылып сататындарды айтады. Яғни, нарықтан арзан бағаға үй алады да, «косметикалық» жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қымбатқа сатады. Өзі жазғандай, «Крыша» секілді порталдарды ұдайы бақылап отыратын Гүлнұр «нарықта үй бағасын қолдан көтеріп отырған кісілер — осылар» дейді. Әріптесімізді сөзге тартып, тақырыпты кеңінен ашып көруге ұмтылдық. Медиамаман «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-каналының оқырмандарына көп түйткілдің бетін ашып берді.

Флиппердің пәтерін қалай тануға болады?

Флиппердің пәтерін танудың еш қиындығы жоқ, олардың нарықтағы қолтаңбасы мен ізі тым айқын. Қазір үй сатушылар тек «Крышамен» шектелмейді, Инстаграм мен Тик-Токтағы түрлі парақшалар арқылы жарнаманы үдетеді. Егер осындай парақшаларды бір шолып шықсаң, нарықты бақылап жүрген адам белгіні бірден аңғарады. Біріншіден, мұндай пәтерлердің сипаттамасы бірінен-бірі аумайды: «дизайнерский ремонт», «заезжай и живи», «все новое», «срочно» деген стандартты мәтіндерді жаза салады.

Қазіргі трендке айналған сұр-ақ түсті интерьер, арзан, бірақ көз тартатын косметикалық жөндеу — флиппердің басты құралы. Шын мәнінде, олар пәтердің өзін емес, оның «суретін» сатады. Сурет арқылы адамның эмоциясына әсер етіп, сатып алуға итермелейді де, осы механизм арқылы бағаны негізсіз көтереді. Тағы бір белгі — флипперлер элиталық үйлерге жоламайды. Олар ипотекамен алуға келетін, халыққа ең өтімді орта сегментті таңдайды. Яғни, сұраныс көп жерде алыпсатарлықтың жүруі қарапайым азаматтардың баспаналы болу мүмкіндігін тікелей шектеп отыр.

Флипперлер үй сата алмай жатыр

Қазақстанда соңғы жылдары үй бағасы тоқтаусыз өсіп келді. Жаңа Салық кодексі әсер етті ме, әйтеуір, биыл ғана нарықта бағаның ақырындап түсе бастағаны байқалады. Тіпті жылына ондаған пәтер сатып жүрген флипперлер өз чаттарында: «Үйді сата алмай жатырмын, үйлер өтпей тұр, мұндай жағдай бәріңізде болып жатыр ма?» — деп сұрап жатады.

Қазір қарапайым халықтың көзі ашық. Ешкім ұзақ жылдарға несие алғысы келмейді. Бірақ «үйі жоқ адамның күйі жоқ» екенін флипперлер де жақсы біледі. Нарықтағы табиғи инфляцияның үстіне осындай алыпсатарлық қосылғанда, қарапайым адам үшін баспана мүлдем қолжетпес арманға айналады.

Елестетіп көріңізші, 20 млн тұратын бір бөлмелі пәтерді флипперлер жаппай сатып алады да, үстінен жеңіл-желпі жөндеу жүргізіп, қайта саудаға шығарады. Бірақ олар бағаға тек жөндеуге кеткен 2-3 миллионды ғана қоспайды. Олар пәтерді бірден 38-40 миллионға қояды. Сөйтіп сол маңдағы 20 миллиондық пәтерлердің бағасы жасанды түрде ұшып кетеді. Басқа сатушылар да «көрші үй осыншаға сатылып жатыр екен» деп бағасын көтереді. Солайша, бір флиппердің әрекеті тұтас ауданның бағасына ықпал етеді.

Бұл, әсіресе, ипотека алатын адамдарға соққы боп тиеді. Себебі, өзіңіз білесіз, біздің елде халықтың басым бөлігі баспананы несиеге алады. Ал баға бірден 5-10 тіпті 20 млн теңгеге көтерілсе, адамның ай сайынғы төлемі бірнеше жылға ұлғаяды. Яғни флиппердің табысы — басқа бір отбасын қарызға белшесінен батырады.

«Қорқыныш психологиясы»

Бұл да үлкен рөл атқарады. «Үйдің бағасы өсіп жатыр», «бүгін алып қалмасаң, ертең қымбаттайды» деген сөздермен адамды асықтырады.

Риэлторлар мен флипперлерден үй арзандап жатыр ма деп сұрасаң, олар ешқашан «иә» деп айтпайды. Мойындамайды. Өйткені олардың нәпақасы осы саладан келіп тұр. Алайда, сарапшылар Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы ақыр соңында эмоция мен ажиотаждан арылып, кәсіби модельге өтуге тиіс екенін айтып жатыр.

Қазір елде 4,5 миллион адам баспанаға мұқтаж, тағы 2 миллион адам үй жалдап жүр. Бұл ресми деректі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау да айтты. Осы деректердің өзі флиппингтің әлеуметтік салдары қаншалықты ауыр екенін көрсетеді. Қазақстанда баспананы жай инвестициялық құрал деп қарамау керек, ол — әлеуметтік қажеттілік. Ал тұрғын үй тапшылығы бар елде алыпсатарлық күшейсе, ең алдымен қарапайым халық зардап шегеді.

Жалғасы бар

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👍279💯6😨2👎1
«Флипперді кәсіпкер деп қарау — қате»

Тақырыпты жалғастырайық. @qarzhylyq_sauat-қа пікір білдірген журналист Гүлнұр Имандосова бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған флипперлер нарықтағы тапшылық пен халықтың қорқынышын пайдалану арқылы пайданың астында қалып отыр деп есептейді. Бұл бөлімде сарапшымыз флипперлер туралы заң керек пе, олардың қызметі қалай реттелуі керек деген мәселеге қатысты ойын айтады.

Неге үйге мұқтаж адамның есебінен флиппер пайда көреді?

Кез келген адам арзан баспана сатып алып, мейлі ол ескірген үй болсын, оны жөндеп, әдемілеп, қымбатырақ сатуға, яғни құн жасауға құқылы. Бұл — нарықтық экономикаға тән қалыпты жағдай. Осыған қарап флиппингті кәсіпкерлік деп айтуға болады.

Сарапшылар мұндай тәсіл әлемнің барлық елінде бар екенін айтып жүр. Бірақ бізде қалай? Бізде флиппер құн жасау арқылы емес, нарықтағы тапшылық пен халықтың қорқынышын пайдалану арқылы пайда тауып отыр. Бұл жерде кәсіпкерлік пен алыпсатарлықтың арасы өте жақын деп айтар едім.

Егер адам 25 миллионға пәтер алып, 2 миллионға жөндеу жасап, оны 40 миллионға сатса, сұрақ туындар еді: ол расымен 13 млн теңгелік құндылық қосты ма? Әлде нарықтағы тапшылықты пайдаланды ма? Көп жағдайда жауап — екіншісі.

Өйткені Қазақстанда тұрғын үй нарығы толыққанды еркін нарық емес. Бұл — әлеуметтік маңызы бар сала. Мемлекет ипотеканы субсидиялайды, жеңілдетілген бағдарламалар ұсынады, құрылыс секторын қолдайды. Яғни, бұл жерде бюджет ақшасы да айналып жүр. Сондықтан «бұл тек бизнес» деп айту жеткіліксіз.

Тағы бір маңызды мәселе — флипперлер өндіріс жасамайды. Олар жаңа үй салып жатқан жоқ, баспанаға жаңа шаршы метр қоспайды. Олар тек үйді саудаға қойып, үстінен маржа табады. Экономикалық тұрғыдан қарасақ, бұл қосымша өнім өндіру емес, бар активтің бағасын қайта бөлу ғана.

Сондықтан қоғамда флипперлерге деген негативтің басым болуы заңды. Неге үйге мұқтаж адам 15-20 жыл ипотекалық несие төлеуі керек, ал флиппер соның есебінен пайда көреді? Бұл, әрине, әлеуметтік әділетсіздік! Оларды қарапайым кәсіпкер деп қарау — қате.

Тұрғын үй инвестициялық спекуляцияның құралына айналып кетпеуі керек

Нарықты зерттеп жүрген кейбір әріптестерім оларға бөлек заңның еш қажеті жоқ дейді. Мүмкін. Бірақ риэлторлар секілді олардың да ісіне бақылау қоймаса, халықты несиеге батырушы негізгі себепшіге айналуы мүмкін.

Мәселе — флипперлерді толық тыйып тастауда емес, нарықты әлеуметтік әділетті етуде. Егер мемлекет бұл саланы мүлде бақылаусыз қалдырса, тұрғын үй инвестициялық спекуляцияның құралына айналып кетеді. Сондықтан реттеу тетіктері барынша көп болғаны дұрыс.

Флиппер бірнеше пәтерді жаппай сатып алады. Оның үстіне ипотекалық жеңілдікпен. Неге флиппер ипотекалық жеңілдікті қолдануы керек? Мұны да шектеу қажет деп санаймын. Мемлекеттік бағдарламалар алдымен баспанаға шын мұқтаж адамдарға жұмыс істеуі керек. Сондықтан белгілі бір лимиттер немесе басқа да тежеу тетіктері қарастырылуы мүмкін.

Нарық ашық болса, мәміле бағасын білу оңайырақ болар еді. Бізде бәрі жабық қой. Флиппер үйді қаншаға сатып алды — ол да жабық ақпарат. Ондай мәліметті еш жерден іздеп таппайсыз.

Құрылыс компаниясы «құпия» деп айтпайды. Міне, осындай жабықтықтың кесірінен флипперлер бағаны қалағанынша көтереді. Егер барлық ақпарат ашық цифрлық базаға түссе, адамдар қай үйдің қаншаға сатылғанын нақты көрер еді. Бұл бағаның негізсіз көтерілуін тежейді. Бірақ табысы жақсы саланың қызметі де құйтырқы ғой.

Дегенмен мемлекет флипперлермен емес, тұрғын үй тапшылығымен күрессе дейсің. Егер нарықта қолжетімді баспана жеткілікті болса, алыпсатарлықтың ықпалы да өздігінен әлсірейтін еді.

«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова нарықты бағаны қолдан өсіретін алыпсатарлардан тазарту үшін салықты күшейту керек деп есептейді. Оның пікірінше, бір емес, бірнеше пәтер сатып алып, оны табыс көзіне айналдырғандар мемлекетке 10-20% көлемінде салық төлеуі керек. Сонда ғана әлеуметтік әділдік орнамақ. Яғни, мемлекет салған инфрақұрылым тек бір байдың қалтасын қампайтпай, баспанаға шын мұқтаж халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
15👍6💯6
«Алаяқтар жалпы ақпаратпен емес, нақты дерекпен сөйлейді»

Анам бір күн бұрын дәрігердің қабылдауына жазылып қойған екен.

Кеше кешкісін оған “емханадан” хабарласып: “Сіз ертең сағат 10:00-де дәрігердің қабылдауына жазылған екенсіз. Бірақ алдымен таңғы 8:45-те келіп, иммунограммаға қан тапсырып кетуіңіз керек. Регистратурадан направлениеңызды алып барасыз. Қазір сізді базаға енгіземіз, телефоныңызға код келеді, соны айтып жіберіңіз…” - депті.

Хабарласқан адам дәрігердің аты-жөнін де, кабинет нөмірін де, қабылдау уақытын да біліп тұрған. Тіпті: “Бүгін майлы тамақ жемеңіз” - деп ескерткен.

Осындай нақты ақпаратты естіген соң анам еш күмәнданбапты. Сөйтіп келген SMS-кодты айтып жіберіпті…

Таңертең ерте емханаға жиналып жатқанда тағы қоңырау шалып: “Қазір тағы SMS-код келеді. Кеше базаға толық енгізілмей қалыпсыз…” - дейді.

Сол сәтте жұмысқа шығып бара жатқан інім әңгімені естіп қалып: “Қандай код? Кімсіз өзіңіз?” - деп оған дүрсе қоя берген. Сөйтсе, ар жақтағының дауысы бірден өзгеріп: “Телефонды апаға беріңіз! Біз сізбен сөйлеспейміз!” - деп ашулана бастапты.

Осыдан кейін інім бірден анамның eGov қосымшасына кіріп, атына онлайн несие рәсімдеуге тыйым салып, банк карталарын уақытша бұғаттап, алаяқтарға шанс қалдырмаған ғой!

Шынымды айтсам, әлі жамаааан болып отырмын… Негізі, менің анам - цифрлық платформаларды жақсы меңгерген адам. eGov-ты да, банк қосымшаларын да, басқаларын да еркін қолданады. Үнемі бізге: “Сақ болыңдар!” - деп айтып жүретін адамның өзі алданып қала жаздады…

Бір жағынан, цифрлы мемлекет болғанымыз дұрыс. Уақыт үнемдейміз, кезек азаяды, үйден шықпай-ақ анықтама аламыз, емханаға жазыламыз, төлем жасаймыз. Қазір көп дүниеміз телефонның ішінде. Бұл - заман талабы. Бірақ осындай жағдайлардан кейін еріксіз ойланып қаласың…

Егер біздің жеке деректеріміз - қай емханаға барғанымыз, қай дәрігерге жазылғанымыз, телефон нөміріміз, тіпті анализ тапсыратын уақытымызға дейін алаяқтардың қолына түсіп жатса, онда, сөзсіз, жүйенің осал тұстары бар. Адам факторы болуы да әбден мүмкін.

Ең қорқыныштысы - алаяқтар жалпы ақпаратпен емес, нақты дерекпен сөйлейді. Адамның сеніп қалатыны да сондықтан, — деп жазады Салтанат Хусаинова әлеуметтік желідегі парақшасында.

(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталды)

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👍23😨84
Енді телефон экранынан ұйым атауын көре бастаймыз

Алаяқтар шаршатқан заманның өкіліміз. Күнде бір «банк қызметкері» немесе «полицей» хабарласып, миды ашытып тұрады. Бәрімізге таныс жағдай. Мемлекет бұл мәселені шешу жолын тапқан сияқты.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жақында біздің смартфондарымызда бірнеше маңызды өзгеріс болады. Қысқасы, енді алаяқтардың тынысы тарыла бастайды...

Не өзгереді?

Заңды тұлғадан (банк, халыққа қызмет көрсету ұйымдары, меморгандар) қоңырау түссе, экранда кім екені жазылып тұрады. Қазір бейтаныс нөмірден қоңырау түссе, «кім болды екен?» деп күмәнданамыз ғой.

Енді банктер мен мемлекеттік органдардан хабарласса, ұйымның (мысалы, Салық комитеті немесе «ЦОН», бәлкім, клиника) ресми атауы шығып тұруы керек.

Логика қарапайым: Егер экранда мекеменің аты шықпаса, демек ол ресми ұйым емес. Бірден тұтқаны тастай салуға болады.

Телефондарды тіркеу ісі мемлекетке өтеді

Осы уақытқа дейін телефондардың IMEI-кодын базаға тіркеумен жеке компания айналысып келген еді. Енді бұл шаруа тікелей Цифрлық даму министрлігіне өтеді.

Бұл бізге не береді?

Біріншіден, деректеріміз жеке адамның қолында емес, мемлекеттің күзетінде болады. Екіншіден, ұрланған немесе алаяқтар пайдаланған телефондарды базадан бұғаттау әлдеқайда оңай болады.

Деректер орталығы стратегиялық нысанға айналады

ЦОД (Центр обработки данных) — біздің бүкіл жеке ақпаратымыз жатқан жер. Енді бұл нысан да әуежай, ГЭС сияқты ерекше күзетте болады. Яғни, хакерлердің шабуылынан немесе техникалық ақаулардан қорғау деңгейі әлдеқайда күшейеді.

Мемлекет алаяқтардың жолын кесу үшін түрлі технологиялық тосқауылдар қойып жатыр. Экранда ресми ұйымның аты шығып тұрса, біраз жеңілдеп қалатынымыз анық қой. Бірақ, экранда «Банк» деп жазылып тұрса да, олар сізден ешқашан SMS-код немесе пароль сұрамайтынын ұмытпаңыз! Сақтықта қорлық жоқ.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
20👍6
Әлемнің «бас банкирі»: Джером Пауэлл дәуірі аяқталуға жақын ба?

Дүниежүзі экономикасының тамыр соғысын бақылап, доллардың тағдырын шешетін АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінде (ФРЖ) үлкен өзгеріс болатын секілді. Оның тізгіні Кевин Уоршқа өтуі мүмкін деген ақпарат жай ғана кадрлық ауыс-түйіс емес...

ФРЖ-ны жай ғана банк деп қабылдауға болмайды. Ол әлемдік қаржы нарығының «жүрегі» десе де болады. Оның басшысының аузынан шыққан бір ғана сөз халықаралық биржаларды дүр сілкіндіріп, доллардың бағасын бір мезетте құбылта алады. Себебі, бұл мекеме бүкіл әлем бизнесіне әсер ететін несие ставкасын белгілейді: олар процентті өсірсе — доллар қымбаттайды, төмендетсе — нарыққа қан жүгіріп, бизнеске жеңілдік келеді.

Джером Пауэлл — экономика саласында ғылыми дәрежесі жоқ, бірақ заңгерлік білімі мен Уолл-стриттегі инвестициялық тәжірибесін ұштастырған тұңғыш басшы. Ол нарықтың ішкі иірімдерін теория жүзінде емес, практикада көріп шыңдалған тұлға. Жұмысына көбіне велосипед мініп келетініне қарап, оны ортанқол қызметкер деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ ол кісінің жеке капиталы 50 млн доллардан асады.

Пауэллдың бұл қызметке келу жолы да қызық. ФРЖ төрағасын халық сайламайды, оны АҚШ Президенті тікелей тағайындайды. Бірақ Президенттің пәрмені жеткіліксіз. Кандидат Сенат алдында «емтихан» тапсырып, олардың келісімін алуы шарт. Ал, Пауэлл бұл сыннан екі рет өткен адам. Алғашында (2018 жылы) оны Дональд Трамп тағайындаса, арада төрт жыл өткенде Джо Байден Пауэллдың кәсіби қарымына сеніп, қызметін екінші мерзімге ұзартты. Осылайша, ол сегіз жыл бойы әлемдік экономиканың «капитаны» болып келеді.

Оның прагматизмі пандемия кезінде де анық көрініп еді. 2020 жылы әлем есеңгіреп жатқанда, ол батыл қадамға барып, ставканы бір түнде нөлге түсіріп, экономикаға триллиондаған доллар құйды. Осылайша ол жаһандық депрессияның алдын алды. Ал инфляция асқынғанда, «нарыққа қаншалықты ауыр тисе де, бағаны ауыздықтаймыз» деп ставканы соңғы жиырма жылдағы ең биік шыңға шығарды.

Пауэллдың тағы бір ерекше қасиеті бар. Ол ФРЖ-ның ресми сөздеріне «жау». Алдына қағаз келе ме, күрделі терминдерді аяусыз сызып, халыққа түсінікті әрі қарапайым тілмен ауыстырады екен. Яғни, ол үшін қарапайым адамдардың орталық банкке деген сенімі — бәрінен қымбат.

Биыл мамырда Пауэллдың екінші мерзімі аяқталады. Ол кеткен күннің өзінде долларды дағдарыстан құтқарып, саяси қысымға дес бермеген еркін басшы ретінде тарихта қалады. Оның орнына келуі ықтимал Кевин Уоршқа артылар жүк жеңіл болмайды. Себебі Пауэлл орнатқан биік меже — тәуелсіздік пен нарық сенімі — кез келген банкир үшін сын болмақ.

Джером Пауэлл — тек есеп-қисаптың адамы емес. Ол ФРЖ-ға төрағалық еткен жылдар нағыз арпалысқа толы кезең болды. Пауэлл «ақ үйдің» айтқанына көніп, айдауымен жүрген жоқ. «Ставканы төмендет» деп табандап тұрып алған Трамптың ашық қысымына төтеп бергенін әлем біледі. Себебі заң Пауэлл жағында еді. Ал, «саясаты ұнамады» немесе «айтқаныма көнбеді» деген сылтаумен ФРЖ төрағасын орнынан алып тастау мүмкін емес. Ол үшін басшының үлкен бір қылмысы немесе қызметіне мүлдем жарамсыз екені дәлелденуі керек.

Ол алдымен Президенттің таңдауына ілініп, артынша Сенаттың сынынан мүдірмей өткен тұлға дедік. Бұл оның бір-бірімен қырғи-қабақ болып отырған екі түрлі саяси топтың өзін ортақ мәмілеге келтіре алған беделін көрсетсе керек.

Қосымша ақпарат
ФРЖ-да екі деңгейлі жүйе бар. Оны басқаратын адам төраға ретінде және Басқарушылар кеңесінің мүшесі ретінде өкілеттік етеді. ФРЖ-ның 7 басқарушысы болады. Олардың әрқайсысы 14 жылдық мерзімге тағайындалады. Мұндай ұзақ кезең мүшелікке өткен адамдар саяси қысымнан еркін, тәуелсіз болсын деп жасалған. 14 жыл бір Президенттің екі мерзімінен де ұзақ. Яғни, бір Президент барлық 7 мүшені бірден ауыстырып, ФРЖ-ны өзіне бағындыра алмайды. Демек, ФРЖ мүшелері «келесі сайлауда кім жеңеді?» деп алаңдамай-ақ, экономика үшін жұмыс істей береді. Джером Пауэллдың төраға ретіндегі екінші мерзімі қазір аяқталса да, ол Басқарушылар кеңесінің мүшесі ретінде 2028 жылға дейін қалуға құқылы.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👍13💯53
АҚШ Сенаты Кевин Уоршты ФРЖ-ның жаңа басшысы етіп ресми түрде бекітіпті. Бірақ бұл жолғы тағайындау бұрын-соңды болмаған «тартысты» жағдайда өткенге ұқсайды.

Сенаторлардың 54-і қолдап, 45-і қарсы дауыс берген. Бұл нені білдіреді? Демек, жаңа басшыға деген сенім әу бастан екіге жарылып тұр.

Кевин Уорш таққа отыра салысымен нағыз «от пен судың» ортасында қалып отыр. Бір жағынан, оны ұсынған Дональд Трамп «проценттік ставканы түсір» деп талап қойып отыр.

Екінші жағынан, Иран мәселесі тұр. Соғыс салдарынан инфляцияның жаңа толқыны күш алып, баға ұшып барады. Мұндай жағдайда процентті түсіру — отқа май құйғанмен бірдей.

Бірақ ең қызық деталь бұл емес. Қызметінен кеткен Джером Пауэлл ФРЖ-ның Басқарушылар кеңесінде қаламын депті. Соңғы 75 жылда бір де бір экс-төраға мұндай қадамға бармаған екен. Соған қарағанда, Пауэлл жүйе ішінде қалып, жаңа басшының саясатын бақылап, өз жақтастарының ықпалын сақтап қалғысы келетін сияқты.

Демек, «әлемнің бас банкирі» ауысса да, Пауэллдың көлеңкесі әлі де доллардың тағдырына ықпал ете бермек. Ал Кевин Уорш Трамптың талабы мен инфляцияның қыспағынан қалай сытылып шығатынын уақыт көрсетеді.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👍1092
Сіздерге де қызық болатын шығар, осы каналда әр кезде жарық көрген үш түрлі материалды ЖИ-ге талдатып көрдім. «Адам жазған ба?» деп. Еріккен де жаман ғой🤭

Мынадай қорытынды алдым (бір әрпін өзгертпей сол күйі берейін):

Мәтін әлдеқайда «адам қолымен» жазылғандай әсер қалдырады. Әсіресе ауызекі динамикасы, спикерлердің сөзін беру тәсілі, эмоционал ритмі — кәдімгі журналист немесе телеграм-автор стиліне жақын.

Жалпы әсер

Бұл мәтіндер:

тірі;
динамикалы;
нақты аудиториямен сөйлеседі;
ақпаратты біртіндеп ашады.

AI мәтіндері көбіне бірден бәрін түсіндіріп тастайды. Ал мұнда автор интрига ұстайды:

«Қалай?»

«Мәселе басқада екен — SMS-шлюзде.»

Бұл — кәдімгі медиа storytelling.

Құрылым өте табиғи

Автор:

проблема көтереді,
жауаптың толық болмағанын айтады,
өзі түсінгенін интерпретациялайды,
сосын механизмді қарапайым тілде түсіндіреді.

Бұл — жақсы журналистік explain-мәтіннің құрылымы.

Мәтінде табиғи эмоциялық ритм бар

Мысалы:

«имандай сенеміз»

«сиқыры мынада екен»

«алаңдауға негіз жоқ»

Бұл — қазақтілді тірі публицистика.

AI көбіне мұндай colloquial реңкті тұрақты ұстай алмайды.

«Джером Пауэлл» туралы мәтін дәл осы күйінде табылмады (сайтқа жүктелмегендіктен — Автор). Бірақ стилі, құрылымы, публицистикалық тілі QSauat.kz-тағы материалдарға өте ұқсас.

Авторына келсек:
веб-нәтижеде автор аты анық көрінбейді, бірақ бұл мәтіндер:

экономикалық-публицистикалық,
түсіндірмелі,
Telegram/медиа-колонка стилінде жазылған.

Стильдік ұқсастықтар:

оқырманмен сөйлесу;
«шайнап бергендей» сияқты colloquial тіркестер;
күрделі экономиканы қарапайым тілге аудару;
драматизация мен explain-стильдің араласуы.

Сондықтан үш мәтіннің де:

бір редакциядан,
тіпті бір автордан шығуы ықтимал.

Тағы бір қызық нәрсе:
QSauat.kz материалдарының стилі кәдімгі «AI-generated SEO мәтініне» ұқсамайды. Керісінше:

журналистік voice бар;
авторлық реңк сақталған;
жергілікті аудиторияға бейімделген.

Сол себепті менің қазіргі қорытындым:

негізгі автор — адам;
AI көбіне редактор/көмекші ретінде қолданылған болуы мүмкін.

😌😌😌
17💯92
Алты айға дейін ақылы еңбек демалысына шығуға рұқсат етіледі

Сенатта қаралған түзетулер қабылданса, кейбір қазақстандықтар жұмыс орны мен орташа жалақысын сақтай отырып, 6 айға дейін білім алу демалысын ала алады.

Жаңа нормалар:
🔹 ғылыми зерттеулер жүргізуге
🔹 диссертация жазу және қорғауға
🔹 кәсіби даярлықтан өтуге
🔹 білімін жалғастыруға
🔹 әскери резерв бағдарламаларын аяқтауға арналған демалысты қамтиды.

Бұған дейін мұндай демалыстар негізінен емтихан тапсыру немесе зертханалық сабақтар үшін ғана берілетін.

Енді ең маңызды өзгерістердің бірі — табыс кепілдігінің заңмен бекітілуі. Яғни:
жұмыс орны сақталады
лауазымы сақталады
орташа жалақысы төленеді.

Ал «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кеткен қызметкерлердің жұмыс орны міндетті түрде сақталады, бірақ жалақы төлеу жұмыс берушінің шешіміне байланысты болады.

Сонымен қатар, тараптардың келісімімен білім алу демалысын бөліп пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған.
15
Демалыс: тур сатып аларда неге мән беру керек?

Демалысты аңсап жүрген боларсыз. Ол маусым да жақын.

Шетелде демалуды үйрендік қой. Шекара ашық. Қолыңда көк паспортың мен ақшаң болса, қалаған жағыңа кетуге болады.

Бірақ Туризм министрлігінің мына бір кеңесіне құлақ асып қоймасақ, тағы болмайын деп тұр. Саяхаттаған жақсы, сыртта сақ жүріп, опық жеп қалмау үшін мына дүниелерге мән бере жүрейік:

Агенттіктің құжаты сай ма?

Әңгіме кәдімгі турагенттік туралы. Ресми органның бұлай ескертіп жатқанына қарағанда, лицензиясы жоқ «агенттер» де тур сата беретін болғаны ғой.

Туризм министрлігі маңдай тіреп барған турагенттігің ресми тіркелген бе, жоқ па — алдымен соны тексеріп алуға кеңес береді. Оны мемлекеттік электронды реестрден тексеруге болады екен.

Келісімшарт — қорғаның

Тур сатып алар кезде ауызша айтылған құр уәдеге сенбеген дұрыс. Ақшасын төлейді екенсің, келісімшарт талап ету керек.

Қай елге, қай күні барасың? Турдың толық бағасы қанша? Төлем қалай жасалады? Егер саяхат болмай қалса, ақша қалай қайтарылады? Міне, осы тармақтың бәрі келісімшартта тайға таңба басқандай көрсетілуге тиіс.

Тағы бір маңызды пункт бар. Ол турагенттікке төлейтін ақшаға тікелей байланысты. Сол процеске жеткенде ақшаны менеджердің (немесе агенттің) жеке картасына/шотына аудармаған жақсы.

Ең дұрысы — төлемді компанияның ресми шотына орындаған. Я болмаса, кассаға төлеп, чек алу керек. Менеджердің жеке шотына аударып, кейін саяхат сәтсіз болса, құқығыңызды дауласатын болсаңыз, көп нәрсені дәлелдей алмай қалуыңыз мүмкін.

Қолда не қалуы керек?

Турды толық төлеген соң, турагенттік клиент қолына пакет ұстатады. Соның ішінде мынадай құжаттар болуы керек:

Ваучер. Қай қонақүйде жатасыз, не жейсіз, трансфер бар ма — бәрі сонда.

Жол билеті. Ұшаққа арналған барар және қайтар билет.

«Страховка». Ол енді денсаулыққа қатысты полис.

Туркод. Ең маңызды — осы! Туркод азаматтың шетелде қорғаусыз қалмайтынына кепілдік береді.

«Форс-мажор» жағдайда...

«Туристік Қамқор» ұйымын іздеу керек. Егер шетелде жүргенде қиын жағдайға тап болсаңыз, елмен байланыс орнатқыңыз келеді. Сол кезде осы ұйымның телефонын біле жүрген артық емес. Мінеки: +7 700 112 2 112.

Пайдалы ақпарат екен десеңіз, дос-жаранға жіберіп қоюға болады.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
https://t.me/qarzhylyq_sauat
👍423