Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
Neutrino Energy Power Cube —экологиялық таза энергиямен шексіз қамтамасыз ететін шешім. Оны ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек таныстырды
Forwarded from Sayasat Nurbek
Представляем революционный Neutrino Energy Power Cube — решение для бесконечного обеспечения экологически чистой энергией. Power Cube использует передовую нейтрино-электрическую технологию для выработки электроэнергии 24 часа в сутки, 365 дней в году, независимо от погодных условий. Компактная конструкция бесшумна и экологична, что делает ее пригодной для использования в любом климате.
Электрогенерирующая пластина Power Cube покрыта многослойным наноматериалом, состоящим из графена и кремния, среди других компонентов. Атомы графена вибрируют из-за броуновского движения, а окружающие поля излучения усиливают их резонанс, который затем собирается в виде постоянного электрического тока.
Эта новая технология знаменует собой важную веху в области производства энергии. Приготовьтесь испытать технологии завтрашнего дня уже сегодня с помощью Neutrino Energy Power Cube.

https://youtu.be/1Dmxw6YE-Bw
89. ДЖЕЙМС УЭББ ХАРИКЛО САҚИНАЛАРЫН ЗЕРТТЕДІ

Орбиталары Юпитер мен Нептун орбиталары арасындағы нысандар тобы кентаврлар деп аталады. Ең үлкен белгілі кентавр Хариклоның (10199 Chariklo) диаметрі 260 км шамасында. 2013 жылы Харикло фондағы алыс жұлдызбен тоғысқанда, астрономдар тамаша жаңалық ашты. Аспан денесінің екі сақинасы бар екен! Олар Хариклоның басқа денемен соқтығысуы нәтижесінде түзілген деп болжанады.

2022 жылғы қазанда Харикло тағы да алыс жұлдыз бетімен өтуі тиіс болатын. Астрономдар осы сирек мүмкіндікті оның сақиналарын толығырақ зерттеуге пайдаланды. Бұл жұмысқа Уэбб ғарыштық телескопы тартылды.

Тоғыс 2022 жылы 18 қазанда болды. JWST оны NIRCam камерасы мен NIRSpec спектрографымен бақылады. Алынған деректерді талдау барысында сақина жүйесінің өлшемдері дәлірек анықталды. Бірінші сақинаның ені 6–7 км, екіншісінікі — 2–4 км екен, оларды 9 км бос аралық бөліп тұр.

Уэбб Харикло беті мен сақиналардың спектрлерін де алды. Сақиналар спектрі кристалл су мұзы барын көрсетті. Ғалымдардың пайымдауынша, сақиналар мұз бөлшектері мен оларды туғызған соққылаушы дененің күңгірт затынан тұрады.

Кескіндер:
1. 10199 Chariklo кентаврының Gaia DR3 6873519665992128512 жұлдызымен (ортада бекітілген) тоғысы, 18 қазан 2022 жыл
2. Харикло сақиналарының алыс жұлдыз жарығын тұтуы
3. Харикло жүйесінің спектрлері
Video credit: NASA, ESA, CSA, Nicolás Morales (IAA/CSIC)
Image credit: NASA, ESA, CSA, Leah Hustak (STScI)
#ғылымижаңалық
🤔1
ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ ФЕЙК-ҚҰРЫЛҒЫНЫ ЖАРНАМАЛАДЫ

ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек революциялық Neutrino Energy Power Cube құрылғысын — экологиялық таза энергиямен шексіз қамтамасыз ететін шешімді таныстырды. Power Cube ауа райына қарамастан тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн электр энергиясын өндіру үшін алдыңғы қатарлы нейтрино-электр технологиясын қолданады. Бұл жөнінде ол өзінің телеграм-арнасында пост жариялады.

Neutrino Energy Group компаниясының сайтындағы ақпарат бойынша, массасы бар нейтрино бөлшектері графен атомының ядроларына соғылғанда, өз кинетикалық энергиясының бір бөлігін беріп, атомдар тербелісін күшейтеді. Өйткені Жер бетінің әр шаршы сантиметрі арқылы секундына 60 миллиард Күн нейтриносы өтеді ғой! Әсерлесу графен атомдарының жылулық тербелісінің амплитудасы мен жиілігін арттыратыны сонша, оны электр энергиясына айналдыруға болады-мыс.

Іс жүзінде, нейтрино — әсерлесуге түспейтін дерлік бөлшек. Оны 50% ықтималдықпен (яғни екі нейтриноның бірін) тұту үшін қалыңдығы бір жарық жылы (!!!) қорғасын қабырға жасау керек. Оңтүстік полюстегі өлшемдері 1 х 1 х 1 км IceCube детекторының өзі қолға түспейтін бөлшекті өте сирек тіркейді. Бұл жөнінде толығырақ — біздің арнадағы роликте. Көлемі текше километр болатын құрылғының алыс блазардан 3,7 миллиард жылда ештеңемен әсерлеспей жеткен бір дана нейтриноны байқауы кезінде үлкен жаңалық болған еді. Бұл оқиғаның бес жылдығына орай арнайы ролик те жариялағанбыз. Айта кететін жәйт — IceCube алыс галактикалардан жеткен жоғары энергиялы нейтриноларды тіркеген, ал Күннен шығатын төмен энергиялы нейтринолар аса мол болғанымен, оларды ұстау мүмкін емес.

"Революциялық" технология жайлы Quora сайты қолданушыларының пікірі мұнда. Қазақстан Республикасы фейк-технологияға инвестиция құймас деген үміттеміз.
😁5
КОПЕРНИКТІҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНІНЕ — 550 ЖЫЛ

19 ақпанда ұлы поляк астрономы, дүниенің гелиоцентрлік жүйесін ұсынған Николай Коперниктің (19.02.1473 — 24.05.1543) туғанына 550 жыл толды.

КОПЕРНИКТІҢ ЖЕКЕ ӨМІРІ

Коперниктің анасы Барбара Ватценроде неміс, әкесінің ұлты анық емес, тек Краковта туғаны белгілі. Үлкен Никлас Коперник мыс саудасымен айналысқан бай көпес болған. Ол 1458 жылы Тевтон орденіне қарасты Торн қаласына көшіп келіп, көп ұзамай жергілікті көпестің қызына үйленеді. Отбасының кенжесі кіші Никлас дүниеге келерден төрт жыл бұрын қала Польшаға өтіп, Торунь атанады. Коперниктің тоғыз жасында әкесі қайтыс болады да, төрт жетімді нағашылары каноник Лукас Ватценроде тәрбиеге алады. Кейін епископ дәрежесіне көтерілген бұл кісінің ықпалымен Андреас пен Никлас та католик дін қызметкері — каноник болған. Католик шіркеуінің ережесі бойынша Коперник үйленбеген, бірақ үй шаруашылығын жүргізуші Анна есімді әйелмен бірге тұрғаны үшін басшылық тарапынан айыпталғаны белгілі. Ғалымның бір әпкесі монастырь басқарса, екіншісінен қалған бес жиеніне Коперник өмірінің соңына дейін қамқор болған екен.

Біз Коперникті орыс үлгісімен Николай деп атап келеміз. Бірақ оның аты-жөні полякша Mikołaj Kopernik, немісше Niklas Koppernigk. Ал латынша нұсқасы Nicolaus Copernicus болса да, осы тілде жазылған басты еңбегінің сыртында (2-кескін) Nicolai Copernici деп жазылған. Коперник ғылыми еңбектерін тек неміс, латын тілдерінде жазған, полякша жазған бірде-бір құжаты табылмаған.

КОПЕРНИКТІҢ БІЛІМІ МЕН ҚЫЗМЕТІ

Коперник төрт университет қабырғасында он жылдан астам дәріс алған, бірақ сол кездегі көптеген студенттер сияқты, ғылыми дәреже алмастан оқу орнын тастап кетіп отырған. Ол 1491 жылы Краков университетіне түсіп, дін ілімін, сондай-ақ математика, астрономия мен астрологияны үйренген. Содан соң заманындағы білім ошағы Италияға аттанады. Ол әйгілі Болонья (Болон емес!) университетінде каноникалық құқты, көне тілдер, математика мен сүйікті астрономиясын, ал Падуяда негізінен медицинаны оқиды. Коперник 1503 жылы Феррара университетінен ақыры диплом мен каноника докторы дәрежесін алып шығады.

Италияда үш жыл дәрігерлік еткен соң Польшаға оралған Коперник, нағашысының хатшысы, дәрігері әрі сенімді өкілі бола жүріп, астрономиямен де шұғылданады. 1512 жылы нағашысы қайтыс болған соң, Фромборк қаласының канонигі ретінде қызметке кіріседі. Бос уақытында астрономиялық бақылау жүргізіп, Фромборк қамалының мұнарасын (3-кескін) обсерваторияға айналдырады. Коперник Вармия епископы жанындағы кеңесте ықпалды қызметтер атқарумен бірге, ел өміріне де белсенді атсалысады. Мысалы, ол Фромборк қаласындағы барлық үйді сумен қамтамасыз ететін гидравликалық машинаны жасаған, дәрігер ретінде 1519 жылғы оба індетімен күрескен. 1519–1521 жж. Поляк-тевтон соғысы кезінде епископия аумағын тевтондардан қорғауды сәтті ұйымдастырып, соғыстан кейінгі келіссөздерге де қатысқан.

Коперник экономист те болған. Ол 1526 жылғы Monetae cudendae ratio трактатында "Үкімет тұрақты айырбас курсын белгілеген жағдайда, нашар ақша жақсы ақшаны айналымнан ығыстырып шығарады" деген заңды тұжырымдаған. Мысалы, халық алтын ақшаны қор ретінде сақтаса, күнделікті айналымда мыс ақшаны қолданады. Бұл экономикалық заң қазір қазір Коперник — Грешем заңы деп аталады. Әрине, бұл заңдылықты Коперникке дейінгі ғалымдар да, мысалы, ибн Таймия (XII-XIII ғғ.) білген. Коперник ұсынған жобамен Польшада жаңа монета жүйесі енгізілген. 1531 жылы Коперник тегін дәрігерлік көмек көрсетуден өзге жұмысының бәрін тастап, қалған өмірін астрономиялық трактатын бітіруге арнайды.

КОПЕРНИКТІҢ ҰЛЫ ЕҢБЕГІ — ГЕЛИОЦЕНТРЛІК ЖҮЙЕ

Ғалымның қырық жылдық ғылыми еңбегінің нәтижесі — De revolutionibus orbium coelestium (Аспан сфераларының айналуы туралы) трактаты. Алты кітаптан тұратын еңбек шәкірті Ретиктің басшылығымен 1543 жылы Нюрнбергте шыққан. Коперник өлер алдында кітапты өз қолымен ұстап үлгерді деген аңыз бар, бірақ шындық қаталырақ болса керек.
👍1
Коперниктің дүниенің орталығына Жерді емес, Күнді қойып, гелиоцентрлік жүйені енгізуі заманында төңкеріс деп бағаланды. Дегенмен бұл бірінші ғылыми революцияның бастамасы ғана болды, өйткені Коперник планеталар бекітіліп тұрған аспан сфераларын қалдырды. Бұл революцияны Бруно, Галилей, Кеплер жалғастырып, Ньютон аяқтағанын білеміз.

Коперник жүйесі бойынша (4-кескін), Әлемнің ортасында Күн тұр, оның айналасында сегіз сфера орналасқан. Ең сыртқы сфераға қозғалмайтын жұлдыздар бекітілген. Келесі сфералар Сатурн, Юпитер, Марс, Жер мен Ай, Шолпан, Меркурийді ұстап тұр. Сфералар күрделі бірқалыпты айналым жасап, өздерімен байланысты планеталарды еліктіреді. Планета орбиталарының центрі дәл Күнге емес, Жер орбитасының центріне сәйкес. Күннің аспандағы тәуліктік қозғалысы — Жердің өз білігінен үйірілуінен туған иллюзия. Сол сияқты, Күннің зодиак шоқжұлдыздары арқылы жүретін жылдық қозғалысы да — Жердің Күнді айналуының салдары ғана.

Коперник моделі планеталардың бұрын жұмбақ болып келген кері шегіне қозғалысын оңай түсіндірді. Жер білігі әрқашан өз-өзіне параллель болатындықтан, жыл мезгілдерінің ауысуын да қазіргідей түсіндіруге мүмкіндік туды. Коперник өз моделінің арқасында, планеталардың Күннен салыстырмалы (астрономиялық бірлікпен берілген) ара қашықтығын біршама дәл есептей алды. Ол сондай-ақ Меркурийдің Күнді айналу периоды 88 тәулік екенін дұрыс анықтады.

Әрине, Коперник жүйесі, қазіргі заман тұрғысынан, барынша батыл өзгеріс жасай алмады. Орбиталардың бәрі шеңбер, планеталар олармен бірқалыпты жылдамдықпен қозғалады. Сондықтан планеталардың орнын нақты бақылаумен сәйкестендіру үшін, Птолемей эпициклдерін сақтап қалуға тура келді. Планеталар Күнді өз бетімен емес, өздері бекітіліп тұрған сфераның қозғалысы арқасында ғана айналады. Жер көп планетаның бірі болса да, жоғарыда айтылған ерекше статусқа ие.

Дегенмен Коперниктің Жерді Әлемнің орталығынан қатардағы планетаға дейін төмендетуі ғылым тарихындағы маңызды белес болды. Бұл Исаак Ньютонның "киелі Аспан әлемі де, күнәһар Жер беті де бірдей физика заңдарына бағынады" деген ұлы идеясының ізашары еді. Ал Джордано Бруноша, "Күн де Әлемнің орталығы емес, көп жұлдыздың бірі ғана" деп пайымдау ол заман үшін тым батыл көзқарас болатын. Бұл үрдісті XX ғасырда Құс Жолын аспандағы барлық жұлдыздар жиынтығынан сансыз галактиканың бірі деңгейіне түсірген Эдвин Хаббл жалғастырды. Ал қазіргі кейбір космологтар біздің Әлемнің өзі Мультиәлемдегі санжетпес әлем типтерінің бір нұсқасы ғана деп болжайды, алайда бұл гипотеза ешқашан дәлелдене қоймас.

#тұлға #ғылымтарихы
👏1
Ян Стифидің гравюрасында: Коперник арғы-бергі заман астрономдары алдында өз жүйесін түсіндіріп тұр. Гравюрада көне мысыр және үнді астрономдары, Гиппарх, Птолемей, Галилей, Браге, Кеплер, Ньютон, Лаплас, тағы басқалары бейнеленген.
🔥1
PERSEVERANCE — МАРС БЕТІНДЕГІ ЕКІ ЖЫЛ

2021 жылы 19 ақпанға қараған түні, Алматы уақыты бойынша 02:55-те НАСА-ның Perseverance ровері Марстағы Езеро кратеріне қонды. Қону жоспарының анимациясы мен мына кескіндегі камералармен қону барысында түсірілген шынайы видеоны көріңіздер.
👏1
M41 ЖӘНЕ M47 ШАШЫРАҢҚЫ ЖҰЛДЫЗ ШОҒЫРЛАРЫ

Ақпан айында жақсы дүрбі не шағын телескобы бар бақылаушылар аспандағы ең жарық жұлдыз Сүмбіленің көмегімен екі жұлдыз шоғырын іздей алады. Олар — M41 және M47 шашыраңқы жұлдыз шоғырлары. Жай-жапсары — роликте.
#бейнеролик
👍1
C/2022 E3 (ZTF) кометасы Торпақтағы NGC 1647 (Қарақшылар Айы) шашыраңқы жұлдыз шоғыры фонында
Фото: Sebastian Voltmer Photography
🔥1
ПАСТУХОВ ТАУЫ ҮСТІНДЕГІ ҮЛКЕН АРЛАН

Фото Солтүстік Кавказдағы «Астроверты» астрофермасында, теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте түсірілген. Тамаша кескіннің төменгі жағында 2733 метрлік Пастухов тауы зіңкиіп тұр. Таудың мөлдір ауасы мен қуатты фототехниканың арқасында айлы түні де жыпырлаған жұлдыздар байқалады. Олардың арасында көкке шапшыған Үлкен Арлан толық көрінеді. Дәл ортада түнгі аспандағы ең жарық жұлдыз Сүмбіле жарқыраса, Жұлдыздар патшасының жаршысы Мирзам — әміршісінің оң жағында.

Қыстың соңында оңтүстік шоқжұлдызы Үлкен Арланды біздің орта ендіктен-ақ көрудің сирек мүмкіндігі туып тұр. Түн ауғанын күтпестен, кешке далаға шықсаңыз болғаны. Сүмбіленің астынан M41 жұлдыз шоғырын, ал кадрдың сол жақ шетінен Корма шоқжұлдызындағы M47 жұлдыз шоғырын табу оңай. Фотодан шашыраңқы шоғырларды бірден байқай алмасаңыз, арнамыздағы бейнероликті тағы бір шолып шығыңыз.

Автор: Юрий Звёздный, Canon 6D + Tamron 45mm, f/2.0, pano x 8 sec, ISO=3200
#фотокөрме
😱1🤩1
22 АҚПАН 2023 — АЙ МЕН ЮПИТЕРДІҢ ТОҒЫСЫ

22 ақпанда жарты Ай Юпитерден бір градуста орналасады, төменде Шолпан жарқырайды. Оларды күн батқаннан бір сағат өте батыстан іздеңіз. Қосымша ақпарат бейнероликте.
Credit: Sky & Telescope
#күнтізбе
👍1🤯1
ЖАҢА АЙ, ЖАРЫЛҚА!
21 ақпан 2023 жыл
Credit: John Kraus Photos
#фотокөрме
🔥2🤩1
МАРСТАҒЫ ҚЫТАЙ РОВЕРІ ҚИМЫЛСЫЗ ТҰР

Қытайдың Zhurong ровері Марстағы Утопия Жазығына 2021 жылы мамырда қонды. Келесі жылдың мамырында, қыс түсуіне байланысты, ол ұйқы режиміне өткізілді. Ровер желтоқсанда, көктем туа қоршаған орта –15 градусқа дейін жылып, күн элементтері 140 Ваттан астам энергия өндіре бастағанда оянуы тиіс еді. Алайда оның ғылыми жұмысқа қайта кіріскені жайлы әлі хабарланған жоқ.

НАСА-ның MRO орбиталық зонды Zhurong'ты 2023 жылы 7 ақпанда суретке (оң жақта) түсірді. HiRISE камерасы алған фотоны 2022 ж. 8 қыркүйектегі көрініспен (ортада) салыстыру ровердің осы аралықта орнынан қозғалмағанын, тек оны басқан шаң қалыңдай түскенін көрсетті. Zhurong фотоларда көкшілдеу болып көрініп тұр. Ровер миссиясы аяқталғаны туралы ресми ақпарат жоқ, ол күн жылыныңқырағасын қайта қимылдай бастауы мүмкін.

Credit: NASA/JPL-Caltech/UArizona
👍1😢1🕊1