Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
11 АҚПАН — ZTF КОМЕТАСЫНЫҢ МАРСПЕН ҚОСЫЛЫСЫ

2023 жылы 11 ақпанда Алматы уақытымен 22:00-де C/2022 E3 (ZTF) кометасы Марстан 1° шығыста өтеді. Жарқырауы +6 жұлдыздық шамадағы құйрықты жұлдыз телескоппен бақыланады. Қазір комета Жерден 62 млн километрден астам ұзаса, Қызыл планетадан 82 млн км қашықтықта. Жер мен Марстың ара қашықтығы қазір 145 млн км.
#күнтізбе
👍1
Капелла — түнгі аспандағы 6-шы жарық жұлдыз, ал солтүстік аспандағы ең жарығы. Бұл жұлдызды халқымыз Айдасон деп атаған екен. Капелла ақпанда жақсы көрінетін Жетекші (Делбеші, Лаушы деп те аталады) шоқжұлдызына кіреді,
Аспанның осы облысындағы екі астеризм мен екі жарық жұлдыз жайлы — арнадағы жаңа қысқа роликте: https://youtu.be/Xi2jPPjE0N8
#бейнеролик
ҚЫЗЫЛ ПЛАНЕТА МЕН ЖАСЫЛ КОМЕТА

2023 жылы 12 ақпанға қараған түні C/2022 E3 (ZTF) кометасы Торпақ шоқжұлдызындағы Марстан 1 градуста өтті.
Фото авторы: Bray Falls
#фотокөрме
🔥1
МАТТЕРХОРН ТАУЫ ҮСТІНДЕГІ КОМЕТА МЕН МАРС

Ашық жасыл комасына бола Жасыл комета атанған C/2022 E3 (ZTF) алдыңғы түні екі есе алыстағы Марстың алдынан дерлік өтті. Жасыл команың оң жағынан ақ шаңды құйрық байқалса, ақшыл-көк ионды құйрық жоғары қарай созылып жатыр. Тоқсары Марстан төменірек Барнард 22 күңгірт тұмандығы көрінеді.

Бергі план мен фонның фотолары Италия Альпісінде, бір кеште бір камерамен түсірілген. Марс кешкі аспанымызда әлі бірнеше ай жарқырайды. Ал Күн жүйесінің сыртқы облысына қайтып бара жатқан ZTF кометасы көп ұзамай жоғалып кетпек.

Image Credit & Copyright: Donato Lioce
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
ТҮРКИЯДАҒЫ ЖЕР ЖАРЫЛУЫНЫҢ АНИМАЦИЯСЫ

Анимация Maxar компаниясының жерсерігі Түркиядағы жер сілкінісінен кейін түсірген дара фотоға негізделген. Сілкініске дейінгі көрініс Фотошоппен қалпына келтірілген.
Автор: Nahel Belgherze
#геодерек
🔥1
СОЮЗ МС-23 КЕМЕСІ 20 АҚПАНДА ЕМЕС, НАУРЫЗДА ҰШАТЫН БОЛДЫ

2022 жылы 15 желтоқсанда Союз МС-22 ғарыш кемесінің салқындату жүйесі істен шыққанын жазғанбыз. Роскосмостың айтуынша, салқындатқыш сұйықтықтың түгел ағып кетуіне радиаторды тескен микрометеорит себепкер. Кейінірек бұған ғарыштық қоқыс кесегі кінәлі деп танылды. ХҒС-тағы үш ғарышкер Жерге қайтатын кемесіз қалғандықтан келесі Союз МС-23 бір ай ерте және экипажсыз бос ұшырылатын болған. Өйткені стансада төтенше жағдай қалыптасса, ғарышкерлер мініп ұшып кететін құтқару кемесі әрқашан дайын тұруы тиіс, қазір олай емес.

2023 жылы 9 ақпанда кезекті Прогресс МС-22 жүк кемесі ұшырылып, ол ХҒС-қа 11-не түйісті. Бірнеше сағаттан соң ескі Прогресс МС-21 жүк кемесінің де салқындатқыш сұйықтығы ағып кеткені мәлім болды. Бұл жолы да микрометеорит немесе қоқыс кесегі радиаторды тескен деп болжанып отыр. Прогресс МС-21 28 ақпанда мұхитқа құлауы тиіс еді. Оған қажетсіз нәрселер, қоқыс тиеліп, люктері жабық тұрған, кеменің қызуы стансаға зиян келтірмейді.

Бірақ ықтималдық деген ұғым бар. 23 жыл бойы станса құрамындағы бірде-бір кемені метеорит теспеген еді, енді екі айда екеуі тесіліп отыр. Мүмкін, мәселе кемелердің өзінде шығар. Союз бен Прогресс бір зауытта жасалады, олардың салқындату жүйелері бір типті. Сол себепті Роскосмос қазір Байқоңырда тұрған Союз МС-23 кемесі мен Самарадағы өндіріс процесін қосымша тексеретін болды. Ғарыш кемесінің старты наурыздың 1-ші онкүндігіне шегерілді. Роскосмос сонымен бірге Союз МС-22 кемесіндегі тесілген жердің суретін жариялады, оны америкалық сегменттің Canadarm2 робоқолындағы камера түсірген.
#хғс
👍1
AX-2 МИССИЯСЫНЫҢ ТОЛЫҚ ҚҰРАМЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

Axiom Space компаниясының ХҒС-қа баратын екінші жекеменшік миссиясының қалған екі мүшесі белгілі болды. Миссия мамандары болып Сауд Арабиясының өкілдері Райяна Барнауи мен Әли Әл-Қарни тағайындалды. Ax-2 экипажының командирі — бұрынғы НАСА астронавты, ғарышта ең ұзақ болған америкалық және әйелдер арасындағы рекордшы (665 тәулік 22 сағат) Пегги Уитсон. Миссия ұшқышы — америкалық кәсіпкер, автошабандоз және ұшқыш Джон Шоффнер. Crew Dragon ғарыш кемесінің старты мамыр айына жоспарланған.
КУАОАР ДЕНЕСІНІҢ САҚИНАСЫ АШЫЛДЫ

Рио-де-Жанейро Федералдық университетінің астрономдары Койпер белдеуіндегі Куаоар денесінің сақинасы табылғанын хабарлады. Жаңалық ергежейлі планета атануға үміткердің алыс жұлдызбен тоғысын бақылау кезінде ашылды. Оқиғаны еуропалық CHEOPS ғарыштық телескопы және Үлкен Канар телескопындағы HiPERCAM камерасы қадағалаған еді. Жұлдызбен тоғыс сәті аспан денелерінің атмосферасын, сақиналары мен серіктерін ашуға қолайлы. Астрономдар жұлдыздың тоғыс басталарда және аяқталысымен көмескіленгенін тіркеді. Демек оның жарығын Куаоарды қоршап тұрған тығыз сақина аздап тұтады.

Сақина жүйесі Күн жүйесіндегі осымен үшінші шағын денеден табылып отыр. Бұрын Сатурн, Юпитер, Уран, Нептун сияқты алып планеталарда ғана сақиналар болады деп саналатын. Кентаврлар тобындағы астероид Харикло мен ергежейлі планета Хаумеа маңынан табылған сақиналар бұл түсінікті өзгертті.

Белгілі сақина жүйелерінің бәрі өз орталық денесіне жақын, Рош шегі деп аталатын ойша сфераның ішінде орналасқан. Рош шегінен жақындап кеткен кез келген серікті толысу күштері қиратып тастайды. Толысу күштерін орталық дененің серіктің әр бөлігін тартатын күштерінің айырмасы туғызады. Серіктің қирандыларынан денені айналып жүретін бір немесе бірнеше сақина түзілуі мүмкін. Астрофизика мен планетология үшін кері пайым әлдеқайда маңызды: Рош шегі ішіндегі материалдың біртұтас дене (серік) түзе отырып, гравитациялық бірігуі мүмкін емес.

Алайда Куаоардың тығыз, әркелкі сақинасы одан 7,4 Куаоар радиусы қашықтықта екен. Бұл планетасымақтың Рош шегінен 2,4 есе алыс, яғни теория бойынша, сақина затынан азғана уақытта-ақ серік түзіле алар еді. Сақина бөлшектері неге бірікпеді? Ғалымдар мұны сақинаның Куаоармен 1/3 спин-орбиталық резонанста екендігімен түсіндірді. Басқа болжам бойынша, мұндай суықта (–220°C) сақинаны құрайтын мұз кесектері жақсы бірікпейді. Дегенмен ерекше фактты толық түсіндіретін жаңа теория керек.

Радиусы 555 км Куаоар (Quaoar) — Койпер белдеуіне тән дене, ол үлкендігі бойынша Нептуннан әрі нысандар арасында жетінші орында. Куаоар Күнді афелиі 45,5 а.б. (6,8 млрд км), перигелиі 41,9 а.б. (6,3 млрд км) орбитамен 65 жылда бір айналып шығады. Оның радиусы 80 километрлік серігі де бар. Уейуот (Weywot) атты ай орталық денені 24 Куаоар радиусы қашықтықта айналады. Куаоарды 2002 жылы 4 маусымда белгілі планета іздеушілер, америкалық астрономдар Чад Трухильо мен Майкл Браун ашқан. Куаоар — Оңтүстік Калифорнияны мекендеген тонгва (tongva) үндістері нанымындағы Жаратушы, ал Уейуот — оның ұлы.
#ғылымижаңалық
👏2
Кескіндер:
1. Күннен 6,5 млрд км қашықтықтағы Куаоар, оның серігі мен сақинасы. Суретші жұмысы
Credit: ESA
2. Куаоардың Рош шегі мен сақинасының сызбасы
Credit: Paris Observatory
3. Куаоар мен Уейуоттың 2006 жылы 14 ақпанда Хаббл ғарыштық телескопы түсірген фотосы
Credit: Hubble Space Telescope / Michael E. Brown
😱1
АҚШ АРАЛЫНА ҚЫТАЙ ЖЕРСЕРІГІ БАҒЫТТАҒАН ЛАЗЕРДІ ЖАПОН ТЕЛЕСКОПЫ БАЙҚАП ҚАЛДЫ

2023 жылы 28 қаңтарда Гавайдағы Субару жапон телескопы түнгі аспанды тілгілеген жасыл лазер сәулесін байқаған. Жапон Ұлттық астрономиялық обсерваториясының (NAOJ) мамандары алдымен сәулені ICESat-2 жерсерігінде орнатылған ATLAS альтиметрі шығарған деп пайымдады. 532 нм толқын ұзындығында секундына 10 000 импульс шығаратын ATLAS — ғарышқа шығарылған ең қуатты лазерлік аспаптың бірі. НАСА жерсерігі осы жасыл лазер көмегімен Жердегі мұздықтар мен теңіз мұзының қалыңдығын өлшейді. Бұл ғарыш аппаратының қалай жұмыс істейтіні жайлы біздің арнада екі ролик бар.

Бірақ кейін лазердің траекториясы ICESat-2 орбитасына сәйкес еместігі анықталды. НАСА ғалымдары осындай лазерлері бар жерсеріктердің жолын талдай келе, ықтимал сәуле көзі ретінде қытайлық Daqi-1/AEMS жерсерігінің ACDL аспабын атады. 2022 жылы көкекте ұшырылған Daqi-1 аппараты атмосфера мониторингімен айналысады. Ол Жер орбитасынан жаһандық көміртегі деңгейі мен атмосфераның ластануын өлшейді. ACDL аспабы 1572 нм толқын ұзындығында лазер сәулесінің шағылуы бойынша атмосферадағы CO2 мөлшерін анықтай алады. Қытай жермаңы орбитада осындай жерсеріктер топтамасын құруды жоспарлап отыр.

#ҚытайҒарышта #ғарышқызықтары
88. УЭББ 1 МИЛЛИАРД ЖАРЫҚ ЖЫЛЫНАН АЛЫС ГАЛАКТИКАНЫҢ ҒАЖАЙЫП СУРЕТІН АЛДЫ!

Уэбб ғарыштық телескопы жарық алыс жұлдыздар мен галактикаларға толы аймақтың керемет кескінін түсірді. Бұл нысандар арасында бір нағыз гауһар бар екен. Жерден миллиард жарық жылынан астам (!) қашықтықтағы LEDA 2046648 спираль галактикасы суретте адам сенгісіз егжей-тегжейлі бейнеленген. Кескінді жақында қалыпты жұмысқа оралған NIRISS аспабын калибрлеу үшін ақ ергежейліні бақылаған NIRCam камерасы алды.

LEDA 2046648 галактикасының суретте айқын шыққаны сонша, оның жекелеген спираль тармақтарын көруге болады. Уэбб инфрақызыл телескоп болғандықтан, осындай алыс нысандарды бақылауға барынша бейім. Әлемнің кеңеюі салдарынан алыс галактикалар жарығы қызыл ығысуға ұшырап, спектрдің инфрақызыл аймағына жылжиды. LEDA 2046648 галактикасына 4k-саяхат — роликте.

Credit: ESA/Webb, NASA & CSA, A. Martel
👏1🤩1
МАРС ҮЛГІЛЕРІ ҚОЙМАСЫНЫҢ ПАНОРАМАСЫ

Perseverance кейін Жерге жеткізілетін Марс үлгілері қоймасын құруды аяқтағанын хабарлағанбыз. Жақында ровер барлық 10 сынауық жатқан тегіс алаңның панорамасын түсірді.
Credits: NASA/JPL-Caltech/ASU/MSSS
👍2
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Енді Starship кемесін қағып алуға да болады. HoppAR қолданбасы Google Play мен Apple App Store-де
Neutrino Energy Power Cube —экологиялық таза энергиямен шексіз қамтамасыз ететін шешім. Оны ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек таныстырды