Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
712 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
КЕННЕДИ ҒАРЫШ ОРТАЛЫҒЫНДА ЕКІ ЗЫМЫРАН ТҰР!

Джон Ф. Кеннеди атындағы Ғарыш орталығында, 2009 жылдан бері алғаш рет, бір мезгілде екі зымыран тік орнатылып тұр. НАСА-ның SLS суперзымыраны бер жақтағы LC-39B ұшыру алаңына бас жаттығуға шығарылған. Ал LC-39A алаңындағы SpaceX Falcon 9 зымыраны 8 көкекте Crew Dragon кемесімен Ax-1 миссиясын ұшырмақ.

Фото: John Kraus
🔥2
8 КӨКЕКТЕ 21:17-ДЕ AX-1 МИССИЯСЫ ҰШЫРЫЛАДЫ

2022 жылы 8 көкекте, Алматы уақытымен 21:17-де Кеннеди Ғарыш орталығының LC-39A ұшыру алаңынан алғашқы толық жекеменшік Ax-1 миссиясы Халықаралық ғарыш стансасына аттанады. SpaceX компаниясының Crew Dragon C206 Endeavour ғарыш кемесі ХҒС-қа үшінші рет ұшқалы тұр, ол бұрын тарихи DM-2 және Crew-2 миссияларын алып ұшқан. Falcon 9 зымыранының B1062 нөмірлі бірінші сатысы 5-ші рет қолданылмақ.

Axiom Space компаниясы ұйымдастырған туристік миссияда компанияның кәсіби ғарышкері үш туристі алып ұшады. ХҒС-қа түйісу 9 көкек, 19:30-ға жоспарланған. Экипаж онда 8 күн болып, 25 медициналық және ғылыми тәжірибе мен зерттеулер өткізеді. Ғарыш сапарының жалпы ұзақтығы — 10 күн.

Экипаж құрамы:
Командир — Майкл Лопес-Алегрия 🇺🇸🇪🇸
Ғарышқа 4 рет ұшып, онда жалпы 257 тәулік өткізген. 1958 жылы Мадридте дүниеге келген, кейін отбасы АҚШ-қа көшіп келеді. Әскери-Теңіз Күштерінің сынаушы-ұшқышы, ұшақтың 30 типінде 5700 сағат ұшқан. 1992–2012 жж. — НАСА астронавты. Ашық ғарышқа шығу саны (10) және ашық ғарыштағы жұмыс ұзақтығы (67 сағат 40 минут) бойыша АҚШ рекордшысы. 2017 жылдан Axiom Space компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры.

Ұшқыш — Ларри Коннор 🇺🇸
72 жаста, кәсіпкер, Connor Group инвестициялық компаниясының негізін қалаушы. 2021 жылы Әлемдік мұхиттың ең терең үш жеріне: Челленджер Тұңғиығына, Сирена Тұңғиығына, Мариан шұңғымасына түскен. Жекеменшік ұшақ ұшқышы, жоғары пилотаж жарыстарының бес дүркін жеңімпазы. ХҒС-та ғылыми эксперименттер өткізеді.

Миссия маманы — Эйтан Стиббе 🇮🇱
64 жаста, Израиль ӘӘК-де қырық жылдан астам жойғыш-ұшқыш болып қызмет еткен. Екінші израильдік ғарышкер атанбақ. 2003 жылы Columbia шаттлы бортында қаза тапқан бірінші ғарышкер Илан Рамонның жақын досы. Стансада ғылыми жұмыспен айналысады.

Миссия маманы — Марк Пати 🇨🇦
1969 жылы туған. Кәсіпкер, қайырымдылық жасаушы, бірнеше компания мен қордың басшысы. Канаданың 12-ші ғарышкері ХҒС-та 12 эксперимент жасауы тиіс.

Солдан оңға қарай: Ларри Коннор, Марк Пати, Эйтан Стиббе, Майкл Лопес-Алегрия
🔥2
AXIOM-1 СӘТТІ ҰШЫРЫЛДЫ

Жоспарланғандай, 8 көкекте Axiom Space компаниясының Ax-1 миссиясы ұшырылды. Ғарышқа үшінші рет шыққан Crew Dragon Endeavour кемесі зымыранның екінші сатысынан ажырап, ХҒС-қа аттанды. Түйісу 9 көкекте, 19:30 шамасында. Кемеде төрт адам бар. Falcon 9 зымыранының бесінші рет қолданылған B1062 1-сатысы ASOG баржасына тағы да сәтті қондырылды.
🔥3
УЭББТЫҢ MIRI АСПАБЫ 7 КЕЛЬВИНГЕ ДЕЙІН СУЫДЫ!

Уэбб ғарыштық телескопынан маңызды жаңалық: орта инфрақызыл диапазон аспабының (MIRI) температурасы 7 Кельвиннен (–266 °C) төмен түсті. MIRI детекторлары ұзынтолқынды фотондарды тіркеу үшін осыншалықты төмен температурада жұмыс істеуі тиіс. Енді телескоп айнасын дәлдеудің соңғы, жетінші кезеңіне кірісуге мүмкіндік туды.

Инфографикадан көрініп тұрғандай, телескоптың күнгей жағы 300 Кельвинге дейін қызса, күнқағардың тасасындағы аспаптардың температурасы 30–40 K. Ал газ күйіндегі гелиймен жұмыс істейтін криокулер MIRI-ді 7 Кельвиннен төмен суытып тұр.
🔥4👍1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
AX-1 МИССИЯСЫ ХҒС-ҚА ЖЕТТІ: ҒАРЫШТА 14 АДАМ

2022 жылы 9 көкекте Axiom Space компаниясының Ax-1 миссиясы Халықаралық ғарыш стансасына келіп жетті. Crew Dragon Endeavour ғарыш кемесі ХҒС-тың Harmony модуліне түйісті. Біраздан соң люктер ашылып, Майкл Лопес-Алегрия, Ларри Коннор, Эйтан Стиббе мен Марк Пати стансаға енді. ХҒС-та оларды Томас Маршбёрн, Раджа Чари, Кайла Бэррон, Маттиас Маурер, Олег Артемьев, Денис Матвеев пен Сергей Корсаков қарсы алды.

Сөйтіп, қазір ХҒС-та 11 ғарышкер бар. Ал қытайлық Тяньгун стансасындағы үш ғарышкерді (Чжай Чжиган, Ван Япин, Е Гуанфу) қоссақ, Жер орбитасында 14 адам ұшып жүр. Бұл — былтырғы рекордтың қайталануы. Әрине, 1961 жылы 12 көкекте Гагарин ғарышқа ұшқан кезде, енді 61 жылдан соң орбитада мыңдаған адам жүрер деген үміт болған. Не десек те, адамзаттың әзірге жеткен жетістігі осы.
🔥2
ЖЫЛАНТАНУ ҒЫЛЫМЫНАН БІР ЖАҢАЛЫҚ

Бауырымен жорғалаушылар туралы Reptile Database ғылыми онлайн-базасынан кеңестік және ресейлік герпетологтардың мыңнан астам мақаласының библиографиялық сілтемелері алынып тасталды. База модераторлары мұны Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысына наразылық ретінде жасағанын мәлімдеді. КСРО мен РФ герпетологтары мың шақты жылан түрін сипаттауға атсалысқан екен, бұл олардың жалпы түр алуандығының 10 процентіндей.
👍3👎1🔥1🥰1
МАРС ПЕН САТУРННЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСЫ

2022 жылғы 5 көкектің таңында екі планета бір-біріне 1/3 градусқа дейін жақындады. Яғни бұлардың арасына бұрыштық диаметрі жарты градус Толған Ай да сыймас еді. Ақшыл-сары Сатурнның сол жағынан оның ең үлкен серігі Титанды байқауға болады.

Image Credit & Copyright: Damian Peach
👍2
12 КӨКЕК — КОСМОНАВТИКА КҮНІ

Халықаралық ғарыш стансасындағы 67-ші экспедиция мүшелері сіздерге сәлем жолдайды.
Жоғарыда (солдан оңға қарай): Раджа Чари, Кайла Бэррон, Маттиас Маурер; ортаңғы қатарда: Сергей Корсаков, Марк Пати, Эйтан Стиббе, Ларри Коннор, Майкл Лопес-Алегрия; төменде: Денис Матвеев, Олег Артемьев, Томас Маршбёрн.

Credit: Сергей Корсаков / Роскосмос
👏2
Иногда человек живет только для одного дела, одного слова, одного шага. Не поднять руку, когда подняли все. Выйти на площадь, когда не вышел никто. Не стрелять, когда выстрелили все. Если моя жизнь такая, то я родился, учился и работал, чтобы написать этот текст:

https://zelenyikot.livejournal.com/164038.html
😢3
НЭНСИ РОМАН ҒАРЫШТЫҚ ТЕЛЕСКОПЫН FALCON HEAVY ҰШЫРАДЫ

ULA кәсіпорны Nancy Grace Roman Space Telescope (NGRST) ғарыштық телескопын ұшыруға таласпайтынын мәлімдеді. Себебі, соңғы 24 Atlas V зымыранының барлығына келісімшарт жасалып қойылған. Соңғы үш Delta IV Heavy да бос емес.

NGRST-ты ұшыру конкурсының ережесі бойынша, оған НАСА-дан сертификат алған зымырандар ғана қатысады. Сондықтан New Glenn, Terran R, Vulcan, Starship сияқты жаңа зымырандар бәсекеге араласа алмайтын шығар, өйткені телескоп 2027 жылы ұшырылатынымен, конкурс биыл өтеді. Сонымен, NASA LSP сертификатына ие жалғыз үміткер — SpaceX компаниясының Falcon Heavy ауыр зымыраны қалып отыр.

2012 жылы АҚШ Ұлттық барлау ұйымы қоймада жатқан екі шпиондық телескоп негізін НАСА-ға сыйға тартқан. НАСА жер бетін бақылауға арналған оптикалық жүйенің бірін ғарыштық телескопқа айналдырды. Роман телескопы Хабблдың егізі деп те аталады, өйткені оның да айнасының диаметрі 2,4 метр. Бірақ Роман айнасының көзқарас аясы Хабблдікінен 100 есе үлкен, және отыз жылда технология қатты дамығандықтан, бұл телескоп корпусына әлдеқайда жақсы ғылыми аспаптар орнатылады.

Романның Хабблдан тағы бір ерекшелігі, ол ультракүлгін және көрінетін спектрде емес, инфрақызыл диапазонда жұмыс істейді. Осылайша ол инфрақызыл толқынды ғана тіркейтін тағы бір ғарыштық обсерватория — Уэбб телескопы жұмысын керемет толықтырады. Және де, NGRST өте қуатты коронографпен жабдықталған, сөйтіп жұлдыздар жарығын жақсы көлегейлей алады. Осының арқасында, Роман телескопы нағыз экзопланета ашқыш машинаға айналмақ. Ал Уэбб өзінің алып айнасының көмегімен оларды анықтап суретке түсіреді.

Массасы 4,2 тонна, құны 4,3 млрд доллар телескоп 2027 жылдың мамырында ұшырылады деп жоспарланған. Ол да Күн—Жер жүйесінің L2 Лагранж нүктесі маңында жұмыс істейді. Жаңа обсерватория әйгілі ғарыштық телескопқа сіңірген зор еңбегі үшін "Хабблдың анасы" атанып кеткен астроном Нэнси Грейс Романның (1925–2018) құрметіне аталған.
👍2
ОРИОН ТҰМАНДЫҒЫ

Мессье каталогына M42 деген атпен енгізілген тұмандық — галактикамыздағы ең әдемі нәрсенің бірі. Жұлдызаралық алып молекуляр бұлт бізден небәрі 1500 жарық жылы қашықтықта. Бұлттың шетіндегі ыстық жас жұлдыздарды қоршаған газ жарқырап тұр.

Орион тұмандығы жаңа жұлдыздардың қалай түзілетінін зерттеуге жақсы мүмкіндік береді. Өйткені ол бізге ең жақын ірі жұлдыз түзілу облысы. Екіншіден, ондағы жарық жас жұлдыздардың қуатты сәулеленуі, жұлдыз дамуын тасалауы мүмкін газ бен тозаң бұлттарын үрлеп тастаған.

Қосымша ақпарат — арнадағы жаңа роликте: https://youtu.be/V1Xvda_SHfs
🔥3