Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
85. УЭББТЫҢ NIRISS АСПАБЫ ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖҰМЫСҚА ОРАЛДЫ

15 қаңтарда ғарыштық телескоптың NIRISS аспабы софтверінің жұмысы толық тоқтағанын жазып едік. НАСА мен Канада ғарыш агенттігі мамандары аспаптың электроникасына жоғары энергиялы ғарыштық сәуле әсер еткенін анықтады. Инженерлер NIRISS-ті қайта жүктеу оны толық қалпына келтіретінін болжады.

Телеметриялық деректер қайта жүктеуден соң аспап қалыпты режимге оралғанын көрсетті, сонда да сынақ бақылау жоспарланды. Уэбб командасы 28 қаңтарда аспапқа тиісті нұсқаулар жіберді. 30 қаңтарда алынған мәліметтер NIRISS-тің толыққанды ғылыми режимде жұмыс істеп тұрғанын қуаттады.
ZTF КОМЕТАСЫ ЖЕР ТҰСЫНАН ӨТТІ

2023 жылы 2 ақпанда C/2022 E3 (ZTF) кометасы Жерге барынша жақын, 42,5 млн километрде өтті. Қазір Керік шоқжұлдызындағы кометаны қала сыртынан көруге де жарық Ай кедергі болып тұр.

Жалқы кескін: C/2022 E3 кометасы C11 EdgeHD телескопымен (29 қаңтар 2023)
Credit: Sebastian Voltmer
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
SPACEX КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАРЛЫҚ 210 СТАРТЫ — БІР ВИДЕОДА

Falcon 1 — 5 ұшырылым, Falcon 9 — 200 ұшырылым, Falcon Heavy — 5 ұшырылым. 2 ақпанда 211-ші зымыран да ұшырылды.
ZTF КОМЕТАСЫНЫҢ ҮШ КӨРІНІСІ

Коллажда C/2022 E3 (ZTF) кометасы қараңғы ашық аспанда жай көзбен, дүрбімен және шағын телескоппен қалай көрінгені бейнеленген. Фотолар өткен аптада, Испаниядағы Касерес маңында түсірілген.

Image Credit & Copyright: Javier Caldera & Miguel Gracia
ТӨРТ АЛЫП ЭКЗОПЛАНЕТАНЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ АЙНАЛУЫ ТІКЕЛЕЙ БАҚЫЛАНДЫ

Бүгінге дейін 5243 экзопланета ашылғаны қуатталып отыр. Олардың басым көпшілігі жанама тәсілдермен, атап айтқанда, транзит арқылы немесе сәулелік жылдамдық әдісімен ашылды. Басқа жұлдыздарды айналатын планеталардың тікелей бақыланатыны некен-саяқ.

Жақында астроном Джейсон Вонг Пегас шоқжұлдызындағы HR 8799 жұлдызын айналатын төрт экзопланетаның 12 жылдық таймлапсын жариялады. Бұлардың қозғалысы Гавайдағы Кек обсерваториясында инфрақызыл диапазонда жазылған. Мұндай тамаша нәтижеге қол жеткізуге жұлдыздың бізге біршама жақын, 133 жарық жылында орналасуы және Юпитерден бірнеше есе ауыр планеталардың ірілігі көмектесті.

HR 8799 жұлдызының жүйесі 2008 жылы тікелей суретке түсірілген алғашқы көп планеталы жүйе болған. Осы жүйе жайлы арнайы бейнеролик құрастырдық: https://youtu.be/QREV_D7FJEE
#бейнеролик
👍1
«ФИЗИКА ЖӘНЕ ҒАРЫШҚА» — 6 ЖЫЛ

2023 жылы 4 ақпанда біздің «Физика және Ғарыш» YouTube-арнасына алты жыл толды. Осы мерзімде арнадағы роликтер 1 094 000 рет көрілсе, соның 87 000-ы (8%) соңғы, алтыншы жылдың еншісінде.
🎉3👍1👏1
SUPER-KAMIOKANDE ҚАРАҢҒЫ МАТЕРИЯНЫҢ ЖЕҢІЛ БӨЛШЕКТЕРІН ТАППАДЫ

Super-Kamiokande детекторында жұмыс істейтін физиктер қараңғы материя бөлшектерін іздеу нәтижесін хабарлады. 1996 жылдан 2018 жылға дейін жиналған деректер қоры 1–300 мегаэлектронвольт массалар диапазонындағы жеңіл қараңғы материя бөлшектері жоқ екенін анықтады. Ғарыш сәулелері үдеткен мұндай бөлшектер қараңғы материя ең тығыз жиналған аймақ — Галактика орталығынан келеді деп күтіледі.

Super-Kamiokande детекторы — ескі шахта ішіне 1 км тереңдікте қойылған цилиндр пішінді резервуар. Тот баспайтан болаттан жасалған шанға 50 000 тонна таза су құйылған. Шанның қабырғасына 11 146 аса сезімтал фотоұлғайтқыш орнатылған. Олар судағы жарық жылдамдығынан тез қозғалатын зарядталған бөлшек шығарған Черенков сәулеленуінің жалғыз фотонын да тіркей алады. Мұндай бөлшектер нейтрино немесе қараңғы материя бөлшегінің сутегі ядросына соғуы нәтижесінде түзілуі мүмкін. Бұл үшін қараңғы материя бөлшегінің өзі өте тез қозғалуы тиіс, демек оны ғарыш сәулелерімен соқтығысу үдетуі қажет.

Нейтрино физикасында соңғы жылдары жиналған білімнің арқасында ғалымдар нейтрино әсерінің қолтаңбасын жақсы таниды. Бұл зерттелген диапазондағы сигналдарда қараңғы материяның үлесі жоғын көрсетіп отыр. Super-Kamiokande детекторымен нейтрино осцилляцияларын ашқаны үшін жапон ғалымы Такааки Кадзита 2015 жылғы физика саласындағы Нобель сыйлығын иеленген еді.
#ғылымижаңалық #физикаминуты
🤔2
Фотоларда: 1. Super-Kamiokande детекторы қабырғасындағы 11146 фотоұлғайтқыш (7 көкек 2006)
2. 50000 тонналық алып шанға су толтырыла бастады (23 көкек 2006)
3. Суға толы дерлік шанның жоғарғы жағынан қарағанда (26 маусым 2006)

Credit: Kamioka Observatory, ICRR, The Univ. of Tokyo
👍1
86. NGC 346 ТҰМАНДЫҒЫНЫҢ ИНФРАҚЫЗЫЛ КЕСКІНІ

NGC 346 эмиссиялық тұмандығы Оңтүстік жартышардағы Тукан шоқжұлдызында, Кіші Магеллан бұлтанда орналасқан. Ол Жерден 200 000 жарық жылынан астам қашықтықта. Уэбб ғарыштық телескопының NIRCam таяу инфрақызыл диапазон камерасы жақында тұмандықтың кескінін алды.

Қызғылт газ — температурасы 10 000 °C шамасындағы не одан да ыстық сутегі. Тоқсары газ –200 °C-тан суық тығыз молекуляр сутегі екен. Суық газ жаңа жұлдыздар түзілуіне қажет орта қалыптастырады.

Credits: NASA, ESA, CSA, Olivia C. Jones (UK ATC), Guido De Marchi (ESTEC), Margaret Meixner (USRA) /
Alyssa Pagan (STScI), Nolan Habel (USRA), Laura Lenkić (USRA), Laurie E. U. Chu (NASA Ames)
👎1
87. КІП-КІШКЕНЕ ФОТОБОМБА

Уэббтың MIRI аспабын сынау деректерін қарастырып отырған ғалымдар күтпеген жаңалық ашты. Сынақ кезінде басқа нысан бақыланса да, Уэбб телескопы үлкендігі небәрі 100–200 метрлік астероидты кездейсоқ түсіріп алыпты! Марс пен Юпитер орбиталары арасындағы Негізгі астероидтар белдеуінде орналасқан дене Уэбб көрген ең кішкентай нысан болса керек.

Негізгі белдеудегі кішкентай астероидтар ірі көршілеріне қарағанда нашар зерттелген, өйткені оларды осынша қашықтан бақылау қиын. Уэббтың болашақ арнайы бақылаулары астрономдарға мұндағы 1 километрден кіші астероидтарды зерттеп, Күн жүйесінің түзілу модельдерін нақтылауға мүмкіндік береді.

Астроном Томас Мюллердің пікірінше, тосынсый үшін Уэббтың осы кішкене денені 100 миллион километр қашықтықтан көре алатын таңғажайып сезімталдығына рақмет айтуымыз керек. Және бұл соңғы тосынсый болмас. Ғылыми ұжым Күн жүйесі жазықтығын (ал Күн жүйесі неге жазық?) MIRI аспабымен бақылау барысында тағы бірнеше фотобомба табылар деп сенеді.
👍1
БАЙҚОҢЫРҒА БАРЫП... РЕСЕЙДІ АШ

Роскосмос "Я сказал «Поехали»!" деген телеграм-канал ашыпты. Ұраны: Ресей космодромдарына бізбен бірге саяхатта. 6 ақпандағы алғашқы жазбасында: «Ғарыштық туризм: Ресейді ашайық. Соңғы екі жылда Ресейдегі ішкі туризм рекордтар жасауда... Өз еліңді түрлі «кілтпен» ашуға болады... Роскосмос Байқоңыр және Восточный космодромдары арқылы ашуды ұсынады... Ұлы тарих, бүгініміз бен болашаққа жанас... Ресейдің біртұтас ғарыштық картасы...» дей келе, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының мына туристік картасын қойыпты.

Роскосмостың айтуынша, 2022 жылы Байқоңыр мен Восточныйда 4300 турист болған екен (2019 жылмен салыстырғанда 25%-ке артық). habr сайтындағы konst90 атты қолданушы мынадай пікір қалдырыпты: «Таң қалмаймын. Ұшырылымды көру үшін 30 000 рубль, қонақүй, таңғы асымен үш күндік турға — 90 000 рубль. Ұшақ билетін санамағанда. Салыстыру үшін — Кеннеди Ғарыш орталығында 2016 жылы (жаңарақ дерек таппадым) 1,7 миллион адам болған. Сапар құны 60 доллар шамасында».

5 ақпанда Байқоңырдан биылғы алғашқы зымыран ұшырылды. №81/24 ұшыру алаңынан көтерілген Протон-М кезекті, төртінші Электро-Л метеожерсерігін геостационар орбитаға шығарды. Ақпанда №31/6 алаңнан екі Союз-2.1а ұшырылады: 9-на Прогресс МС-22 жүк кемесімен, 20-на бос Союз МС-23 ғарыш кемесімен. Наурызда тағы бір Протон-М №200/39 алаңнан Луч-5 байланыс жерсерігін көтереді. Роскосмос 2023 жылы Байқоңырдан 9 зымыран ұшыруы мүмкін (2020 — 7, 2021 — 14, 2022 — 7).
🥱1
УРАН, САҚИНАЛАРЫ МЕН СЕРІКТЕРІ (2004)

Хаббл ғарыштық телескопы түсірген классикалық фотода Уранның 13 бұлыңғыр сақинасының бірнешеуі мен алты серігі бейнеленген. Фотоның төменгі жағындағы ең жарық сыртқы сақина тозаң мен ұсақ тастардан құралған.

Суреттегі айлардың ең жарығы — Ариэль (оң жақ төменде). Қалған бес серік сақиналар маңында: Дездемона, Порция, Пак пен Крессида Уильям Шекспир кейіпкерлерінің, Белинда Александер Поуп жазған поэманың басты кейіпкері құрметіне аталған. Ал Ариэль аты екеуінің де шығармасында кездеседі. Уранның барлық 27 серігіне Шекспир мен Поуп кейіпкерлері есімі берілген.

Credit: NASA and Erich Karkoschka, University of Arizona
🔥1
ЕКІ КОМЕТАНЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСЫ

2023 жылы 7 ақпанға қараған түні C/2022 E3 (ZTF) кометасы (жарығырағы, +6 жұлдыздық шама) C/2022 U2 (ATLAS) кометасынан (+10 ж.ш.) 20' шығыста өтті. Жерден қарағанда екі жасыл қар кесегі Жетекші шоқжұлдызында жақын орналасқанымен, іс жүзінде ATLAS кометасы ZTF-тан 38 миллион километр әрірек еді.

Фото авторы: Michael Jaeger
#фотокөрме
🔥1