Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
БРИТАН АРАЛДАРЫНАН ЖАСАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ҒАРЫШТЫҚ ҰШЫРЫЛЫМ СӘТСІЗ АЯҚТАЛДЫ

2023 жылы 10 қаңтарда Алматы уақытымен таңғы төрт шамасында Ұлыбританиядағы Корнуолл космопортынан америкалық Virgin Orbit компаниясының "Cosmic Girl" деген атқа ие Boeing-747 ұшағы көтерілді. Сағат 05:11-де, 10,7 км биіктікте ұшақтың сол қанатының астына орнатылған LauncherOne зымыраны іске қосылды. Ол 500 км төмен жермаңы орбитаға 9 шағын жерсерікті шығаруы тиіс еді. Алайда 2-саты жұмысы барысындағы "аномалия" кесірінен зымыран орбитаға шыға алмады. Онымен бірге пайдалы жүктеме де Атлант мұхитына құлады.

Virgin Orbit компаниясын құрған британ миллиардері Ричард Брэнсон өз меншігіндегі ескі жолаушы ұшағының бірін зымыран ұшыруға қайта жабдықтаған еді. "Cosmic Girl" бес рет Калифорния штатындағы Мохаве космопортынан көтеріліп, зымыран ұшырған. 2020 ж. 25 мамырдағы алғашқы әрекет сәтсіз болса, келесі төрт LauncherOne орбитаға 33 жерсерік шығарды. Былтыр компания Корнуоллдағы Ньюки әуежайында екінші ұшуды басқару орталығын салды.

Осылайша тарихта алғаш рет Ұлыбритания жерінен орбитаға зымыран шығару әрекеті сәтсіз аяқталды. Дегенмен Британия ғарыш державалары тізіміне осы жылы-ақ енетін шығар. Бұл мақсатта, Virgin Orbit-тен басқа, шотландиялық Skyrora және Orbex компаниялары жұмыстанып жатыр. Шетланд аралдарының бірі мен Сатерленд округіндегі ғарыш айлақтары салынып та қойды. Алғашқы ұшырылымдар 2023 жылдың аяғына жоспарланған.
😢1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
LAUNCHER ONE АПАТЫ ҚАЙ СӘТТЕ БОЛДЫ?

Кадрдың сол жағында, төменгі жолда, футпен көрсетілген биіктіктің телеметриялық дерегіне назар аударыңыз. Алдымен биіктік артты, сосын минусқа түсіп кетті (бұл байланыс үзілген сәт шығар), содан соң қалпына келді, бірақ қайта азая бастады. Яғни 2-саты 185 км биіктікке жеткен соң, құлдилай бастаған сияқты.
АМЕРИКАЛЫҚ СТАРТАПТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҰШЫРЫЛЫМЫ СӘТСІЗ БОЛДЫ

2023 жылы 11 қаңтарда, Алматы уақытымен 05:37-де Аляскадағы PSCA космопортынан ABL Space Systems компаниясының екі сатылы RS1 зымыраны алғаш ұшырылды. Ол DEMO-1 миссиясында екі VariSat кубсатын поляр орбитаға шығаруы тиіс еді. Алайда алғашқы старт сәтсіз өтті. Қозғағыштардың әлдебір ақаудан ерте өшіп қалуы кесірінен зымыран жарылып кетті.

ABL Space Systems стартапы барынша оңай ұшырылатын зымыран жасауға тырысады. Оған тұрақты инфрақұрылымы бар арнайы ғарыш кешені қажет емес, 46х15 метр алаңқай болса жетеді. Әр саты мен ұшыру жабдықтары стандарт ISO-контейнерлермен тасымалданады. Яғни зымыранды ыңғайлы алаңға жүк машинасы, кеме не ұшақпен жеткізіп, кері алып кетуге мүмкіндік бар.

Бірінші сатыдағы тоғыз E1 мен екінші сатыдағы вакуумдық E1 қозғағыштарын компания өзі жасайды. Олар сұйық оттегі мен керосин жағады. Отын ретінде зымырандарға арналған ерекше таза RP1 керосинін ғана емес, кез келген әуежайда бар Jet A авиациялық керосинін де қолдануға болады.

RS1 зымыранының ұзындығы 27 м, диаметрі 1,83 м. Ол төмен жермаңы орбитаға 1350 кг дейін, 500 км гелиосинхрон орбитаға 970 кг дейін, геостационарға 320 кг дейін жүктеме шығаруға қабілетті. Ұшырылым құны 2 миллион доллар шамасында.

Компания осы бірінші тоқсанда Аляскадан DEMO-2 миссиясын және Ұлыбританияның Шетланд аралдарындағы SaxaVord космопортынан Локхид Мартин корпорациясының миссиясын ұшыруды жоспарлап отырған еді. Олар бүгінгі апаттың себебі анықталып, кемшіліктер жойылғанша кейінге шегерілетін шығар.
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Starship S24 прототипі Super Heavy B7 үдеткішіне қойылды. Starbase, Техас.
СОЮЗ МС-22 ЭКИПАЖЫ СОЮЗ МС-23 КЕМЕСІМЕН ҚАЙТАДЫ

Роскосмостың арнайы мемлекеттік комиссиясы салқындату жүйесінің сұйықтығы ағып кеткен Союз МС-22 ғарыш кемесі ғарышкерлерді Жерге қайтаруға жарамсыз деп тапты. Сондықтан ол Жерге экипажсыз түсіріледі. Оның орнын басатын Союз МС-23 кемесі де 20 ақпанда Байқоңырдан ұшқышсыз ұшырылады. МС-22 экипажы мүшелері Сергей Прокопьев, Дмитрий Петелин (Роскосмос), Франциско Рубионың (НАСА) жұмыс мерзімі 3 айға ұзартылып, олар маусымда МС-23 кемесімен оралады.

Бұл кемемен 16 наурызда ХҒС-қа келесі экипаж — Роскосмос космонавтары Олег Кононенко, Николай Чуб және НАСА астронавткасы Лорал О’Хара аттануы тиіс еді. Графиктен шығып кетпес үшін бұлардың миссиясы да үш айға ұзартылатын шығар.

2022 жылғы 15 желтоқсандағы төтенше оқиға кесірінен ХҒС-тағы үш ғарышкер қазір апаттық құтқару кемесінсіз қалды. Бұл жағдай келесі кеме келгенше, тағы 40 күндей созылмақ. Союз МС-22 кемесіне қатысты жағдай туралы мына поста егжей-тегжейлі әңгімелегенбіз: https://t.me/phyandspace/785
#хғс
МАРСТАҒЫ ZHURONG РОВЕРІ ҚЫСТАП ШЫҒА АЛМАДЫ МА?

Қытайдың Zhurong ровері Марстағы Утопия Жазығына 2021 жылы 22 мамырда түсті. Массасы 240 кг, өлшемдері 2 х 1,65 х 1,85 м Zhurong қуатты күн элементтерінен алады. Ровер 100 метр тереңдікке дейінгі топырақтың химиялық құрамын зерттеп, биомолекулалар мен биосигнатура, яғни тіршілік іздерін іздейтін георадармен жабдықталған. Бортта сондай-ақ беттік қосылыстар және магнит өрісі детекторлары, метеоқұрал, мультиспектрлік және навигациялық / топографиялық камералар бар.

Ровердің ғылыми бағдарламасы 90 солға есептелген еді. Алайда ол бір жылдай ғылыми дерек жіберіп тұрды. Марс бетімен екі километрдей жол жүрген ровер жүздеген гигабайт ақпарат алды. Оның ішінде суреттер, атмосфера мен беттік жыныстарды зерттеу мен метеобақылау деректері бар. Ровер мәліметтері көне су тасқындары іздерін анықтауға көмектесті.

2022 жылы мамырда Zhurong ұйқы режиміне өткізілді. Бұған, біріншіден, ровер жүрген аймақта қыс түсуі, екіншіден, күшті шаңды дауыл әсерінен энергияның азаюы себеп болды. Ол көктем туа, желтоқсанның ортасында оянып, байланысқа шығуы тиіс еді. Бірақ South China Morning Post басылымының дерегінше, Қытай ұлттық ғарыш басқармасы (CNSA) мамандары роверден әлі сигнал алған жоқ-мыс. Демек Zhurong қыстан аман шықпай қалуы мүмкін.

Ол аздай, басылым Марс орбитасындағы Tianwen-1 аппаратымен байланыста да қиындық туындағанын жазып отыр. Бұған өткен жылдың соңында өткізілген аэротежелу эксперименті себепші болуы мүмкін. Отын үнемдеу үшін, аппараттың орбитасы атмосфераның жоғарғы қабатына тежеліп, жылдамдықты азайту арқылы өзгертіледі. CNSA марс миссиялары жайлы әзірше ешқандай ресми ақпарат берген жоқ.

Credit: CNSA / PEC
83. УЭББ АЛҒАШҚЫ ЭКЗОПЛАНЕТАСЫН РАСТАДЫ

Астрономдар экзопланетаны растау үшін алғаш рет Уэбб ғарыштық телескопын қолданды. LHS 475 b экзопланетасының бар екенін НАСА-ның TESS телескопы долбарлаған. Уэббтің NIRSpec аспабы оны екі-ақ транзитті бақылау арқылы оңай әрі анық қуаттады.

Октант шоқжұлдызындағы LHS 475 b Жерге салыстырмалы түрде жақын, небәрі 41 жарық жылында. Жер тәрізді тас планетаның диаметрі де тура біздің ғаламшардікіндей болып шықты. Бірақ онда атмосфера бар-жоғы әзірше белгісіз. Планета өз жұлдызына өте жақын болғандықтан, оның беті Жерден бірнеше жүз градусқа ыстығырақ. LHS 475 b өз жұлдызын екі тәулікте бір айналып шығады. Алайда ол қызыл ергежейлі Күннен екі есе суық болғандықтан, экзопланетада атмосфера болуы да ықтимал. Қосымша зерттеулер осы жазға жоспарланып отыр.

Уэбб — қазір қолданыстағы обсерваториялар арасында Жерге ұқсас планетаның атмосферасын анықтауға қабілетті жалғыз телескоп.
Illustration Credits: NASA, ESA, CSA, L. Hustak (STScI)
👏1
SHADOWCAM КАМЕРАСЫ АЛҒАН АЛҒАШҚЫ КЕСКІН

Кореялық Danuri зонды Айдан 100 км биіктіктегі ғылыми орбитаға шыққанын жазғанбыз. Аризона штаты университеті ғалымдары Данури бортындағы ShadowCam камерасы түсірген алғашқы кескінді жариялады. Ажыратымы 1 пикселге 1,7 метр камераны НАСА өзінің LRO ай орбиталық барлаушысының NAC камерасы негізінде жасаған. Алайда ShadowCam-ның жарық сезгіштігі NAC-тан 200 есе жоғары. Сондықтан ол қараңғы кратерлер ішін болымсыз шағылған жарық көмегімен суретке түсіре алады.

Ай білігінің көлбеулігі небәрі 1.5° (Жердікі 23°) болғандықтан, оның полюстеріндегі ең терең кратерлердің түбіне ешқашан күн сәулесі түспейді. Сол себепті олардағы су мұзы миллиондаған жыл сақталады. Мұз болашақ Айды игерушілер үшін құнды ресурс. Бірақ Айда таза мұз кеніштері бар ма, әлде ол реголитпен аралас па? ShadowCam камерасы осы сұраққа жауап іздейді.

Кескінде Шеклтон кратерінің іші бейнеленген. Бұл 21 километрлік соққы формациясы Айдың оңтүстік полюсінде. Кескіннің жоғарғы 20%-і — кратер беткейі, ал қалғаны — түбі. Мұндағы пейзаж Айға тән. Беткей мен түптен көптеген ұсақ кратерлер байқалады. Кратердің ернеуінен төмен қарай домалап кеткен қойтастың ізі көрсеткішпен белгіленген. Горизонталь сызықтар — кескіндегі артефакттар.

Фотодан су мұзы іздері көрінбейді. Ғалымдардың айтуынша, кратер салыстырмалы түрде шағын болғандықтан, ондағы температурада мұз сақтала алмайды. Бірақ Шеклтоннан үлкендеу және тереңдеу кратерлер түбінен мұз табылып қалуы әбден мүмкін. ShadowCam алдағы уақытта полюстерді егжей-тегжейлі суретке түсірмек. НАСА оның деректерін Viper роверінен Artemis III-ке дейінгі болашақ ай миссияларында қолданады.
👍1
Credit: NASA/KARI/Arizona State University
ҚАЗІР НЕШІНШІ ЖЫЛ?

Бүгін түнде Юлиан (Юлий) күнтізбесі бойынша жаңа 2023 жыл басталады. Бұл күнтізбе қазір кейбір діни конфессияларда ғана қолданылатыны белгілі. Бірақ оған негізделген Эфиоп күнтізбесі Эфиопия мемлекетінде ресми азаматтық күнтізбе ретінде қолданыста екен. Эфиоп күнтізбесінің заманы (эрасы) — Юлиан есебімен 8 жылдың 29 тамызы. Өйткені Эфиоп және Эритрея шіркеулері Исаның туған жылының басқаша есебін ұстанатындықтан, бұл күнтізбе Грегориан (Григорий) күнтізбесінен 7–8 жыл артта жүреді.

Эфиоп күнтізбесінің жаңа жылы Юлианша тамыздың 29-ы немесе 30-на (кібісе жылдың алдындағы жылы) келеді. Бірақ Юлиан жыл санауы Грегориан күнтізбесінен әзірше 13 тәулікке қалып келе жатқандықтан, жаңа жыл біздің есеппен 11 не 12 қыркүйекте басталады. Бір қызығы, жыл басы Найруз мейрамы (El-Nayrouz) деп аталады екен.

Сонымен қазір Эфиоп күнтізбесі бойынша 2015 жыл өтуде. Келесі, 2016 жыл біздің 12 қыркүйекте басталады. Бір жылда 30 күндік 12 ай және 5–6 күндік 13-ші ай бар. Тәулік түн ортасында емес, Күннің шығуымен басталады. Әр төртінші жыл міндетті түрде кібісе, Грегориандағыдай қосымша ереже жоқ.

Дүние жүзі елдерінде қолданылатын күнтізбелер бойынша қазір нешінші жыл екені картада көрсетілген. Бірақ іс жүзінде, осы Эфиопия, Непал (Викрам Самват: 2079 жыл, Непал Самбат: 1143 жыл), сондай-ақ Иран мен Ауғанстаннан (күн хижрасы: 1401 жыл) басқа елдерде ресми азаматтық күнтізбе ретінде Грегориан есебі қолданылады.
Күн хижрасы жайлы
PERSEVERANCE РОВЕРІ КҮНДІ БІР АЙНАЛЫП ШЫҚТЫ

2023 жылы 6 қаңтарда НАСА-ның Perseverance роверінің Марсқа қонғанына 687 жер тәулігі толды. Демек ол Қызыл планетамен бірге Күнді толық бір айналып шықты.

"Қайсарлықтың" бір Марс жылында атқарған жұмысының кейбір маңыздылары:
— Езеро кратерінің түбіндегі ежелгі көлтабанды зерттеу;
— Ежелгі өзен атырауын зерттеуге кірісу;
— 18 тау жынысы үлгісін алу;
— Болашақта Жерге әкелінетін үлгілер қоймасын жинай бастау.

Perseverance қаңтар басталғалы "Үш айрық" ауданындағы қоймаға тағы төрт сынауық тастады. Сонымен онда қойылатын он сынауықтың жетеуі дайын. Алтыншы болып 2021-дің қыркүйегінде жиналған ең алғашқы Марс үлгісі тасталды. Ол мына 70 сантиметрлік базальт кесегінен бұрғыланған еді. Ровер әдетте бір тастан екі үлгі алады, оның бірі Марс бетіне тасталса, екіншісі бортта сақталады.

Марсқа 2029 жылы келетін MAV зондына Perseverance үлгілерді өз аяғымен әкеліп беруі тиіс. Оларды еуропалық ERO аппараты Жерге 2033 жылы әкеледі. Ал жаңа миссия жеткенше Perseverance істен шығып қалса, MAV-пен бірге келетін екі тікұшақ сынауықтарды "Үш айрықтағы" қоймадан тасиды.
👍2
Credit: NASA/JPL-Caltech