Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
712 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
2023 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАРЫ

КҮН ТҰТЫЛУЛАРЫ

20 көкек — Күннің гибрид тұтылуы (ең үлкен фазасы 1,007 — Алматы уақытымен 10:17). Гибрид тұтылу деген не? Ай көлеңкесінің Жер бетіндегі жолының басы мен аяғында сақина тәрізді тұтылу, ортасында толық күн тұтылуы бақыланады. Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Үндістан, Аустралия, Антарктида, Тынық, Үнді мұхиттары айдынында көрінеді.

14 қазан — Күннің сақина тәрізді тұтылуы (ең үлкен фазасы 0,95 — 23:59). Солтүстік пен Оңтүстік Америкада және Тынық, Атлант мұхиттары айдынында бақыланады.

АЙ ТҰТЫЛУЛАРЫ

5/6 мамыр — Айдың алакөлеңкелік тұтылуы (21:15–01:32, ең үлкен алакөлеңке фазасы 0,96 — 23:23). Ай бетіне Жердің қою көлеңкесі емес, көрінер-көрінбес алакөлеңкесі түсетіндіктен, құбылысты әдеттегі Толған Айдан ажырату оңай емес. Қазақстанның барлық аумағынан бақыланады.

29 қазан — Айдың жартылай тұтылуы (01:35–02:52, ең үлкен фазасы 0,127 — 02:14). Қазақстанның барлық аумағынан бақыланады. Аспан ашық болса, бұл жартылай тұтылуды Жер тұрғындарының 85%-і көре алады.

ЖҰЛДЫЗ ЖАУЫНДАРЫ

Мол метеор ағындарынан Лиридалар, Персеидтер мен Геминидаларды бақылауға қолайлы жағдай болмақ, Квадрантидалар Толған Айға жақын. ZHR — ағынның радианты дәл төбеде болғанда, тас қараңғыда көру қабілеті идеал бақылаушы бір сағатта көре алатын метеор саны. Іс жүзінде әлдеқайда аз метеор көрінеді.

3 қаңтар — Квадрантидалар (ZHR=110) Толған Ай маңы
22 көкек — Лиридалар (ZHR=18–90) Жаңа Ай маңы
12 тамыз — Персеидтер (ZHR=100) Жаңа Ай маңы
8 қазан — Драконидалар (ZHR~5, кейде 100-400) Ай соңғы ширекте
21 қазан — Орионидалар (ZHR~20) Ай бірінші ширекте
17 қараша — Леонидалар (ZHR=15) Ай бірінші ширекте
14 желтоқсан — Геминидалар (ZHR=150) Жаңа Ай маңы

СУПЕРАЙ

Айдың толық фазасының оның Жерге барынша жақындауына (перигейге) сәйкес келуі — 2 тамыз, 31 тамыз.

ПЛАНЕТАЛАР

Меркурий. 3 таңғы (қаңтар, мамыр, қыркүйек) және 3 кешкі (көкек, тамыз, желтоқсан) элонгация (Күннен бұрыштық қашықтығының максимумы, әрі кеткенде 27°). Ең жақсы көрінетін кезеңдер: кешке — көкекте, таңда — қыркүйекте.

Шолпан. Бақылауға ең қолайлы кезең — екінші жартыжылдықта (4 маусым — 45° ең үлкен таңғы элонгация, 24 қазан — 46° ең үлкен кешкі элонгация). Жарқыраған Шолпан көктем мен жазда кешкі аспанның, ал күз бен қыста таңғы аспанның көркін ашады.

Марс. Бірінші жартыжылдықта жақсы көрінеді. 18 қараша — планетаның Күнмен қосылысы, сондықтан ол жыл соңына қарай мүлдем көрінбей қалады.

Юпитер. 3 қарашадағы Күнмен қарсы тұрысқа дейінгі және кейінгі айларда көкжиектен биік ерекше жарық жұлдыз түрінде өте жақсы көрінеді.

Сатурн. Бұл ғаламшарды да бақылауға ең қолайлы кез — қарсы тұрыс (27 тамыз) маңы.

Уран. Дүрбі не телескоппен күзде жақсы көрінеді. Қарсы тұрысы — 13 қараша.

Нептун. Дүрбі не телескоппен күзде жақсы көрінеді, қарсы тұрысы — 19 қыркүйек.

ПЛАНЕТАЛАРДЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСТАРЫ

23 қаңтар 04:29 — Шолпан мен Сатурн — 0°20'
Қосылыс 22 және 23 қаңтарда күн батысымен оңтүстік-батыс көкжиек үстінен бақыланады.

15 ақпан 19:18 — Шолпан мен Нептун — 0°00'45" !!!
Ерекше тығыз жақындасу күн батысымен батыс көкжиек үстінен дүрбі не телескоппен көрінеді.

2 наурыз 11:36 — Шолпан мен Юпитер — 0°29'
Жай көзбен көрінетін екі жарық планетаның жақындасуын наурыздың алғашқы екі кешінде батыстан көруге болады.

2 наурыз 20:45 — Меркурий мен Сатурн — 0°52'
16 наурыз 22:00 — Меркурий мен Нептун — 0°24'
29 қазан 20:00 — Меркурий мен Марс — 0°20'

ПЕРИГЕЛИЙ МЕН АФЕЛИЙ

5 қаңтар 01:17 — Жер перигелийде (Күннен 147 098 925 км қашықтықта)
7 шілде 05:06 — Жер афелийде (Күннен 152 093 251 км қашықтықта)

ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІНІҢ БАСЫ

21 наурыз 04:24 — Көктемгі күн теңелуі
21 маусым 20:57 — Жазғы күн тоқырауы
23 қыркүйек 12:49 — Күзгі күн теңелуі
22 желтоқсан 09:27 — Қысқы күн тоқырауы

#күнтізбе #2023жыл
Сурет: Sky & Telescope
2023 ж. ҚАҢТАРДАҒЫ БАСТЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР: ЖҰЛДЫЗ ЖАУЫНЫ, ЖЕР КҮНГЕ ЖАҚЫН, ШОЛПАН МЕН САТУРННЫҢ ҚОСЫЛЫСЫ

2 қаңтар 04:00 — Айдың (Ф=0,78+) Уранмен (+5,7m) тоғысы
2 қаңтар — Ай (Ф=0,80+) Үркердің қасынан өтеді
4 қаңтар 02:00 — Айдың (Ф=0,91+) Марспен (-1,1m) тоғысы
3/4 қаңтар — КВАДРАНТИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ (ZHR=110)
28 желтоқсаннан 12 қаңтарға дейін бақыланатын ағынн шыңына қаңтардың 3-нен 4-не қараған түні жетеді. Радиант Сиыршы шоқжұлдызында, Жетіқарақшының сабы астында, түн ортасы ауа көтеріледі. Тасқараңғы аспаннан минутына 1–2 метеор көрінуі мүмкін! Алайда толуға жақын Ай аққан жұлдыздарды тамашалауға елеулі кедергі.
5 қаңтар 01:17 — ЖЕР ПЕРИГЕЛИЙДЕ
Жер өз орбитасының Күнге 2023 жылғы ең жақын нүктесінде, 147 098 925 км (0,983296 а.б.), Күннің көрінетін диаметрі 32 минут 35 секунд (2023 жылғы ең үлкен)
7 қаңтар 05:10 — ТОЛҒАН АЙ (Ф=1,00)
7 қаңтар 19:00 — Меркурий Күнмен төменгі қосылыста
8 қаңтар 15:20 — Ай апогейде (Жерден 406 458 км)
13 қаңтар 02:00 — Марстың (-0,8m) тоқырап, кері шегіне қозғалыстан тура қозғалысқа өтуі
18 қаңтар 18:00 — Меркурийдің (+0,5m) тоқырап, кері шегіне қозғалыстан тура қозғалысқа өтуі
22 қаңтар 02:56 — ЖАҢА АЙ (Ф=0,00)
22 қаңтар 03:00 — Ай перигейде (Жерден 356 569 км)
23 қаңтар 04:00 — ШОЛПАН МЕН САТУРННЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСЫ (0°20')
Шолпан (-3,9m) Сатурннан (+0,8m) 0,3° оңтүстікте өтеді. Қосылыс Қазақстаннан 22-і мен 23-не күн батысымен оңтүстік-батыс көкжиек үстінен көрінеді. Толығырақ — комменттегі бейнероликте
23 қаңтар 09:00 — Уранның (+5,7m) тоқырап, кері шегіне қозғалыстан тура қозғалысқа өтуі
23 қаңтар 15:00 — Ай (Ф= 0,04+) Сатурннан (+0,8m) 4° оңтүстікте өтеді
23 қаңтар 16:00 — Ай (Ф= 0,05+) Шолпаннан (-3,9m) 3° оңтүстікте өтеді
25 қаңтар 14:00 — Ай (Ф= 0,20+) Нептуннан (+7,9m) 2° оңтүстікте өтеді
26 қаңтар 09:00 — Ай (Ф= 0,30+) Юпитерден (-2,2m) 2° оңтүстікте өтеді
26 қаңтар — Сатурнның кешкі көріну кезеңінің аяқталуы
29 қаңтар 10:00 — Айдың (Ф=0,60+) Уранмен (+5,7m) тоғысы
30 қаңтар — Меркурий ең үлкен таңғы (батыс) элонгацияда, Күннен бұрыштық қашықтығы 25°
31 қаңтар 11:00 — Айдың (Ф=0,70+) Марспен (-0,3m) тоғысы

ПЛАНЕТАЛАР

☿ Меркурий (-0,1m) ай соңында, оңтүстік-шығыс көкжиек үстінде таңғы арай фонында көрінеді.
♀ Шолпан (-3,9 m) кешке, күн батысымен оңтүстік-батыс көкжиек үстінен бір сағаттай бақыланады.
♂ Марс (-0,7m) кешке және түнде Торпақ шоқжұлдызында.
♃ Юпитер (-2,2m) — ай басында түнімен, айдың ортасы мен соңында кешке Балықтар шоқжұлдызында.
♄ Сатурн (+1,0m) кешке оңтүстік-батыста, көкжиектен сәл ғана жоғары Ешкімүйіз шоқжұлдызынан бақыланады.
♅ Уран (+5,7m) кешке және түнде Тоқты шоқжұлдызынан дүрбі не телескоппен көрінеді.
♆ Нептун (+7,9m) Балықтар шоқжұлдызынан кешке дүрбі не телескоппен.

АТАУЛЫ КҮНДЕР 📅

4 қаңтар — ұлы ағылшын ғалымы, физик, математик, механик, астроном, классикалық физиканың негізін қалаушы ИСААК НЬЮТОННЫҢ ТУҒАНЫНА 380 ЖЫЛ
15 қаңтар — 50 жыл бұрын (08.01.1973) кеңестік Луноход-2 ровері Айға қонып, жұмысын бастады
21 қаңтар — кеңес физигі, кеңестік атом бомбасының "атасы" академик Игорь Курчатовтың (12.01.1903 – 07.02.1960) туғанына 120 жыл
22 қаңтар — Нобель сыйлығының лауреаты академик Лев Ландаудың (22.01.1908 – 01.04.1968) туғанына 115 жыл
25 қаңтар — IRAS инфрақызыл орбиталық обсерваториясының ұшырылғанына 40 жыл. Ол — аспанның толық инфрақызыл шолуын жасаған алғашқы телескоп. АҚШ — Ұлыбритания — Нидерланд жерсерігі 10 айда 350 000 инфрақызыл жарық көзін, Вега жұлдызының тозаңды дискін, 6 жаңа комета мен 3 астероид ашты

#күнтізбе #2023жыл
2023-ШІ ЗЫМЫРАН ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ

Өткен жылдың дүние жүзі бойынша алғашқы (6 қаңтар) және соңғы (30 желтоқсан) орбиталық ұшырылымын жасаған SpaceX компаниясы 2023 жылды да ашып берді. 3 қаңтарда 20:56-да Канаверал ҒК базасынан Transporter-6 миссиясы ұшырылды. Ол Smallsat Rideshare бағдарламасы аясында 525 км гелиосинхрон орбитаға 22 елге тиесілі 114 шағын жерсерік, жерсерік платформасы мен буксирді шығаруы тиіс.

Falcon 9 B1060.15 1-сатысы LZ-1 алаңына сәтті қонды. Ол 15 рет қолданылған екінші үдеткіш атанды. SpaceX биыл 100 зымыран ұшыруды көздеп отыр! 2022 жылы, межеленген 60 ұшырылым орнына 61 миссия шығарылғаны белгілі.

Credit: Greg Scott
НАҒЫЗ ҒАРЫШ ДӘУІРІ ЕНДІ БАСТАЛЫП КЕЛЕ ЖАТЫР

2022 жылы 186 зымыран ұшырылғанын жаздық. Бұл адамзат тарихында болмаған жетістік. Осы ұшырылымдар арқасында былтыр ғарышқа 2200-дей нысан шығарылған. Олардң шамамен 1800-і АҚШ-қа тиесілі.

Бұл ретте жермаңы орбитаға және алыс ғарышқа шығарылған барлық жерсеріктер, зондтар, лендерлер, ғарыш кемелері, ғарыш стансасы модульдері есепке алынған. Графиктен олардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда қалай күрт артқанын көресіздер. Ғарышты игеру дәуірі іс жүзінде енді басталып келе жатқан сияқты.

Біз, қазақтілді қауым, бұл жұмысқа атсалыспасақ та, ең болмаса хабардар болып отырайық. Соңғы аптада өткен жылды қорытындылайтын, және жаңа жылда болатын оқиғаларды шолатын бірнеше постар жарияланды. «Физика және Ғарыш» арнасында соңғы он күнде 6 ролик шықты. Осыларға уақтылы назар аудара алмай қалсаңыз, олқылықтың орнын қазір толтыруға болады.

#2022жыл
🔥1
5 ҚАҢТАР 2022 — ЖЕР ПЕРИГЕЛИЙДЕ

5 қаңтарға қараған түні, Алматы уақытымен 01:17-де Жер өз орбитасының перигелиін, яғни Күнге ең жақын нүктесін басып өтеді. Бұл сәтте планетамыз Күннен 147 098 925 километрде болады. Күннің көрінетін диаметрі 32 бұрыштық минут 35 секундқа дейін артып, жылдағы ең үлкен өлшеміне жетеді. Бұл шілденің басына келетін афелийдегі Күн дискінен 3%-ке артық (фотода).

Сәл де болса жақындаған Күн Қаңтарда қалтыраған елімізді жылытар деп үміттенейік. Арна мен парақшаның жұмысы 8 қаңтарда жалғасады.

Credit: NASA/SDO
#астродерек #күнтізбе
ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОЛЫҚ АЙЫ МЕН ХҒС

Кескін 75 кадрдан құрастырылған: оның 74-і Айды, ал біреуі — Ай мен оның алдынан өтіп бара жатқан Халықаралық ғарыш стансасын бейнелеген. Флорида штаты, 7 қаңтар 2023 жыл.

Фотоаппарат: Nikon Z9, объектив: Nikon 800mm f/6.3
Credit: John Kraus Photos
#фотокөрме
🔥1
2 АҚПАНДА ЖЕР ТҰСЫНАН КОМЕТА ӨТЕДІ

Жерге құйрықты жұлдыз жақындап келе жатқанын естіген шығарсыздар. C/2022 E3 (ZTF) кометасы жайлы арнамыздағы жаңа роликтен көріңіздер.

Image credit: Hisayoshi Sato via NASA/JPL-Caltech
ZTF КОМЕТАСЫНЫҢ ҚҰЙРЫҚТАРЫ

C/2022 E3 (ZTF) кометасының жарықтығы артып келеді. Осы тығыз қар кесегі осы аптада Күнге барынша жақын өтеді және ашық қараңғы аспан астындағы бақылаушыға құралсыз көрінуі мүмкін. Дегенмен комета Күнге жақындағанда ыдырап, жоқ болып кетуі де ықтимал.

Өткен аптада түсірілген суретте кометаның үш көкшіл ионды құйрығын көреміз. Мұзды комета ядросы лақтырған иондарды ұйтқыған күн желі үрлейді. Сол жақ жоғары жаққа жайылған ақшыл шаңды құйрық әлдеқайда қысқа. Кометаның комасын жасыл түспен көміртегі газы жарқыратып тұр.

Image Credit & Copyright: Jose Francisco Hernández
#nasa_apod #фотокөрме
🔥1
БРИТАН АРАЛДАРЫНАН ЖАСАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ҒАРЫШТЫҚ ҰШЫРЫЛЫМ СӘТСІЗ АЯҚТАЛДЫ

2023 жылы 10 қаңтарда Алматы уақытымен таңғы төрт шамасында Ұлыбританиядағы Корнуолл космопортынан америкалық Virgin Orbit компаниясының "Cosmic Girl" деген атқа ие Boeing-747 ұшағы көтерілді. Сағат 05:11-де, 10,7 км биіктікте ұшақтың сол қанатының астына орнатылған LauncherOne зымыраны іске қосылды. Ол 500 км төмен жермаңы орбитаға 9 шағын жерсерікті шығаруы тиіс еді. Алайда 2-саты жұмысы барысындағы "аномалия" кесірінен зымыран орбитаға шыға алмады. Онымен бірге пайдалы жүктеме де Атлант мұхитына құлады.

Virgin Orbit компаниясын құрған британ миллиардері Ричард Брэнсон өз меншігіндегі ескі жолаушы ұшағының бірін зымыран ұшыруға қайта жабдықтаған еді. "Cosmic Girl" бес рет Калифорния штатындағы Мохаве космопортынан көтеріліп, зымыран ұшырған. 2020 ж. 25 мамырдағы алғашқы әрекет сәтсіз болса, келесі төрт LauncherOne орбитаға 33 жерсерік шығарды. Былтыр компания Корнуоллдағы Ньюки әуежайында екінші ұшуды басқару орталығын салды.

Осылайша тарихта алғаш рет Ұлыбритания жерінен орбитаға зымыран шығару әрекеті сәтсіз аяқталды. Дегенмен Британия ғарыш державалары тізіміне осы жылы-ақ енетін шығар. Бұл мақсатта, Virgin Orbit-тен басқа, шотландиялық Skyrora және Orbex компаниялары жұмыстанып жатыр. Шетланд аралдарының бірі мен Сатерленд округіндегі ғарыш айлақтары салынып та қойды. Алғашқы ұшырылымдар 2023 жылдың аяғына жоспарланған.
😢1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
LAUNCHER ONE АПАТЫ ҚАЙ СӘТТЕ БОЛДЫ?

Кадрдың сол жағында, төменгі жолда, футпен көрсетілген биіктіктің телеметриялық дерегіне назар аударыңыз. Алдымен биіктік артты, сосын минусқа түсіп кетті (бұл байланыс үзілген сәт шығар), содан соң қалпына келді, бірақ қайта азая бастады. Яғни 2-саты 185 км биіктікке жеткен соң, құлдилай бастаған сияқты.
АМЕРИКАЛЫҚ СТАРТАПТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҰШЫРЫЛЫМЫ СӘТСІЗ БОЛДЫ

2023 жылы 11 қаңтарда, Алматы уақытымен 05:37-де Аляскадағы PSCA космопортынан ABL Space Systems компаниясының екі сатылы RS1 зымыраны алғаш ұшырылды. Ол DEMO-1 миссиясында екі VariSat кубсатын поляр орбитаға шығаруы тиіс еді. Алайда алғашқы старт сәтсіз өтті. Қозғағыштардың әлдебір ақаудан ерте өшіп қалуы кесірінен зымыран жарылып кетті.

ABL Space Systems стартапы барынша оңай ұшырылатын зымыран жасауға тырысады. Оған тұрақты инфрақұрылымы бар арнайы ғарыш кешені қажет емес, 46х15 метр алаңқай болса жетеді. Әр саты мен ұшыру жабдықтары стандарт ISO-контейнерлермен тасымалданады. Яғни зымыранды ыңғайлы алаңға жүк машинасы, кеме не ұшақпен жеткізіп, кері алып кетуге мүмкіндік бар.

Бірінші сатыдағы тоғыз E1 мен екінші сатыдағы вакуумдық E1 қозғағыштарын компания өзі жасайды. Олар сұйық оттегі мен керосин жағады. Отын ретінде зымырандарға арналған ерекше таза RP1 керосинін ғана емес, кез келген әуежайда бар Jet A авиациялық керосинін де қолдануға болады.

RS1 зымыранының ұзындығы 27 м, диаметрі 1,83 м. Ол төмен жермаңы орбитаға 1350 кг дейін, 500 км гелиосинхрон орбитаға 970 кг дейін, геостационарға 320 кг дейін жүктеме шығаруға қабілетті. Ұшырылым құны 2 миллион доллар шамасында.

Компания осы бірінші тоқсанда Аляскадан DEMO-2 миссиясын және Ұлыбританияның Шетланд аралдарындағы SaxaVord космопортынан Локхид Мартин корпорациясының миссиясын ұшыруды жоспарлап отырған еді. Олар бүгінгі апаттың себебі анықталып, кемшіліктер жойылғанша кейінге шегерілетін шығар.
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Starship S24 прототипі Super Heavy B7 үдеткішіне қойылды. Starbase, Техас.
СОЮЗ МС-22 ЭКИПАЖЫ СОЮЗ МС-23 КЕМЕСІМЕН ҚАЙТАДЫ

Роскосмостың арнайы мемлекеттік комиссиясы салқындату жүйесінің сұйықтығы ағып кеткен Союз МС-22 ғарыш кемесі ғарышкерлерді Жерге қайтаруға жарамсыз деп тапты. Сондықтан ол Жерге экипажсыз түсіріледі. Оның орнын басатын Союз МС-23 кемесі де 20 ақпанда Байқоңырдан ұшқышсыз ұшырылады. МС-22 экипажы мүшелері Сергей Прокопьев, Дмитрий Петелин (Роскосмос), Франциско Рубионың (НАСА) жұмыс мерзімі 3 айға ұзартылып, олар маусымда МС-23 кемесімен оралады.

Бұл кемемен 16 наурызда ХҒС-қа келесі экипаж — Роскосмос космонавтары Олег Кононенко, Николай Чуб және НАСА астронавткасы Лорал О’Хара аттануы тиіс еді. Графиктен шығып кетпес үшін бұлардың миссиясы да үш айға ұзартылатын шығар.

2022 жылғы 15 желтоқсандағы төтенше оқиға кесірінен ХҒС-тағы үш ғарышкер қазір апаттық құтқару кемесінсіз қалды. Бұл жағдай келесі кеме келгенше, тағы 40 күндей созылмақ. Союз МС-22 кемесіне қатысты жағдай туралы мына поста егжей-тегжейлі әңгімелегенбіз: https://t.me/phyandspace/785
#хғс