Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.47K photos
712 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
ҮЛКЕН ШАРШЫ МЕН ПЫРАҚ

Қыс ортасында аспанның оңтүстік-шығыс бөлігінен Үлкен Шаршы астеризмі көзге түседі. Оның төрт жарық жұлдызының үшеуі Пегас (Пырақ) шоқжұлдызына тиесілі. Бұл жұлдыз өрнегін табуға биыл жарқыраған Юпитер көмектеседі. Қосымша ақпарат — арнадағы жаңа роликте.
👍1🕊1
PERSEVERANCE ТАҒЫ БІР СЫНАУЫҚ ТАСТАДЫ

30 желтоқсанда Perseverance ровері Марстағы "Үш айрық" ауданына үшінші сынауығын тастады. Оның ішінде осы айдың басында ғана көрші шағылдан алынған сужаңа құм үлгісі бар.
Credit: NASA/JPL-Caltech
👍1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
30 желтоқсан 13:38. Ванденберг, SLC-4E. EROS-C3 миссиясы — израильдік 400 кг Earth Resources Observation Satellite C3 (EROS C3) Жерді оптикалық бақылау жерсерігін төмен жермаңы орбитаға шығару

2022 жылғы 61-ші ұшырылым — компания рекорды! 🏆
4-тоқсандағы 18-ші ұшырылым — компания рекорды 🏆
Желтоқсан айындағы 7-ші ұшырылым — компания рекорды 🏆
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Falcon 9 B1061.11 1-сатысы LZ-4 қону алаңына қонды

2022 жылғы жоспарланған қондыру әрекеттерінің бәрі сәтті болды! 🏆
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
EROS C3 жерсерігінің 2-сатыдан ажырауы
SPACEX-2022: РЕКОРДТАР ЖЫЛЫ

6 қаңтарда 2022 жылғы дүние жүзі бойынша алғашқы зымыранды ұшырған SpaceX компаниясы 30 желтоқсанда израильдік жерсерік миссиясымен жылды өзі қорытындылады.

SpaceX биыл 61 Falcon 9 / Falcon Heavy зымыранын ұшырды (бәрі сәтті) — бір зымыран тегі үшін әлем рекордын (Р7, КСРО, 1980) қайталау 🏆

Falcon 9 зымыраны 60 рет ұшырылды — нақты бір модификация үшін әлем рекорды 🏆 (бұрынғы рекорд: Союз-У, 47 / 45 сәтті, 1979)

61 ұшырылымның 57-де бұрын қолданылған 1-сатылар қайта ұшты. Биыл жоспарланған қондыру әрекеттерінің бәрі сәтті болды! 🏆

Дүние жүзі бойынша 186 орбиталық ұшырылымның (178 сәтті) үштен бірін жалғыз компания жасап тұр. SpaceX бүтін бір Қытай мемлекетінен (64, 62 сәтті) сәл ғана қалып қойды.

Falcon 9 B1058 бірінші сатысы 15 рет ұшып келді — жаңа әлем рекорды! 🏆

Үш жыл үзілістен кейін Falcon Heavy аса ауыр зымыраны төртінші рет ұшырылды. Оның жоспарланған тағы төрт миссиясы кейінге қалды. Бұған SpaceX кінәлі емес, тапсырыс берушілердің өздері аппараттарын дайындап үлгере алмай жатыр.

Crew Dragon кемелерімен Халықаралық ғарыш стансасына 12 ғарышкер жеткізіліп (Axiom-1, Crew-4, Crew-5 миссиялары), 12 адам (Axiom-1, Crew-3, Crew-4) аман-есен Жерге оралды.

Cargo Dragon жүк кемелері екі ХҒС-ты қамтамасыз ету миссиясын орындады (CRS-25, CRS-26).

Starlink жерсеріктері: жалпы ұшырылғаны — 3666, 3375-і орбитада, 3039-ы жұмыс істеп тұр. 54 данасы 2-ші буын желісі аясында алғаш рет жаңа орбитаға шығарылды.

Келесі жылдан не жаңалық күтеміз:
— 100 ұшырылым жасалуы мүмкін;
— Super Heavy / Starship аса ауыр зымыранының көптен күткен алғашқы орбиталық ұшырылымы;
— Polaris Dawn миссиясы барысында тарихта алғаш рет туристердің ашық ғарышқа шығуы;
— ХҒС-қа екі НАСА экипажынан басқа, 2-3 жекеменшік ұшқышты миссия жіберу;
— өзара лазерлік байланыс орната алатын Starlink v2.0 жерсеріктерінің орбитаға шыға бастауы.
#2022жыл
👍1
Фото: SpaceX
🔥1
2022 ЖЫЛ: 186 ОРБИТАЛЫҚ ҰШЫРЫЛЫМ, 8 СӘТСІЗДІК

2022 жылы орбитаға 186 (2019 — 102, 2020 — 114, 2021 — 145) зымыран ұшырылды. Бұл адамзат тарихындағы ең жоғары жылдық көрсеткіш! Олардың 8-і (2019 — 5, 2020 — 10, 2021 — 11) сәтсіздікке ұшырады.

ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАСЫ

16 қарашада қазіргі заманның ең қуатты тасығышы — НАСА-ның Space Launch System (SLS) аса ауыр зымыраны алғаш ұшырылды. Ол Artemis I миссиясын орындайтын Orion ғарыш кемесін Айға сәтті аттандырды (фотода).

ҒАРЫШ СТАНСАЛАРЫ / ҒАРЫШКЕРЛЕР

ХҒС-қа 5 ғарыш кемесімен 18 адам жеткізілді, Boeing Starliner ғарыш кемесі алғаш рет ұшқышсыз барып қайтты. 7 жүк кемесі ұшырылды. Қытайлық Тяньгун ғарыш стансасына екі ғылыми модуль қосылып, оның құрылысы аяқталды. Тяньгунге 2 ғарыш кемесімен 6 ғарышкер және 2 жүк кемесі ұшырылды. Барлығы ғарышқа 24 адам аттанды (Crew Dragon кемелерімен — 12, Союзбен — 6, Шэньчжоумен — 6).

ПЛАНЕТААРАЛЫҚ МИССИЯЛАР

Айға 4 миссия жөнелтілді. НАСА-ның Artemis I миссиясы барысында Orion ғарыш кемесі Ай орбитасында болып, Жерге оралды. НАСА-ның CAPSTONE, Оңтүстік Кореяның Danuri аппараттары 4,5 ай жол жүріп, Ай орбитасына шықты. Жапонияның Hakuto-R лендері Айға 2023-те қонып, БАӘ-нің Рашид роверін жеткізуі тиіс.

2022 жылы Күн маңына, басқа планеталар мен Күн жүйесі денелеріне ғарыш аппараты жіберілген жоқ. Байқоңырдан Марсқа аттануы тиіс ExoMars миссиясы Еуропа ғарыш агенттігінің Роскосмоспен қарым-қатынасын үзуі себепті ұшпай қалды.

Былтыр ұшырылған НАСА-ның DART зонды Диморф астероидына мақсатты соғылып, оның орбитасын өзгерте алды. Марс орбитасындағы үндістандық Мангальян және Марс бетіндегі НАСА-ның InSight миссиялары өз жұмысын аяқтады.

МАҚСАТ ОРБИТАЛАР

Төмен жермаңы / гелиосинхрон — 154 (7 сәтсіздік),
оның ішінде ХҒС-қа — 13, Тяньгунға — 6
Геостационар / Тундра / геоөтпелі — 23
Орта жермаңы / Молния — 6
Гелиоцентр / планетаға трансфер — 2
Айға трансфер — 1

ҰШЫРУШЫ ЕЛДЕР

АҚШ — 87 (3 сәтсіздік)
Қытай — 64 (2 сәтсіздік)
Ресей — 22
Еуропа — 5 (1 сәтсіздік)
Үндістан — 5 (1 сәтсіздік)
Оңтүстік Корея — 1
Иран — 1
Жапония — 1 (1 сәтсіздік)

ҒАРЫШ АЙЛАҚТАРЫ

Канаверал мүйісі, АҚШ — 38 (2 сәтсіздік)
Цзюцюань, Қытай — 25 (2 сәтсіздік)
Кеннеди ҒО, АҚШ — 19
Сичан, Қытай — 16
Ванденберг, АҚШ — 16 (1 сәтсіздік)
Тайюань, Қытай — 14
Плесецк, Ресей — 13
Махия, Жаңа Зеландия — 9
Байқоңыр, Қазақстан — 7
Вэньчан, Қытай — 6
Куру, Француз Гвианасы — 6 (1 сәтсіздік)
Сатиш Дхаван, Үндістан — 5 (1 сәтсіздік)
MARS, АҚШ — 2
Мохаве, АҚШ — 2
Сары теңіз, Қытай — 2
Шығыс Қытай теңізі, Қытай — 1
PSCA, АҚШ — 1
Восточный, Ресей — 1
Наро, Оңтүстік Корея — 1
Шахруд, Иран — 1
Утиноура, Жапония — 1 (1 сәтсіздік)

2022 жылы Байқоңырдан 7 зымыран ұшырылды (2017 — 13, 2018 — 9, 2019 — 13, 2020 — 7, 2021 — 14). Оның ішінде 1 Протон-М бар (2017 — 4, 2018 — 2, 2019 — 5, 2020 — 1, 2021 — 2).

ЗЫМЫРАНДАР

Сәтсіздіктер:
Astra Rocket 3 (АҚШ) — 2 апат
Firefly Alpha (АҚШ) — 1
i-Space Hyperbola-1 (Қытай) — 1
Landspace Zhuque-2 (Қытай, метан жағатын тарихтағы алғашқы орбиталық зымыран) — 1
Epsilon (Жапония) — 1
Arianespace Vega-S (Еуропа) — 1
SSLV (Үндістан) — 1

Алғаш ұшырылған зымыран модификациялары: Ангара 1.2, Atlas V 511, Jielong 3, Чанчжэн 6A, SLS Block 1, SSLV (сәтсіз), Vega-C, Zhuque-2 (сәтсіз), ZK-1A

Соңғы рет ұшырылған зымыран модификациялары: Atlas V 401, Atlas V 421, Atlas V 511, Atlas V 531, Atlas V 541, Astra Rocket 3

Биыл ұша бастайды деп күтілген аса ауыр / ауыр зымырандардан SLS қана көтеріле алды. Starship, Ariane 6, Vulcan Centaur, H3 тасығыштарының дебюті кейінге қалды.

Жекеменшік ұшыру операторлары арасында 61 (!) зымыран ұшырған SpaceX компаниясы көш бастады, бұл туралы толығырақ алдыңғы поста жазылған.
#2022жыл
👍1
ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ КІШКЕНЕ ШЫРША

51 атомнан тұратын, биіктігі 4 нанометр шыршаны мына туннельдік сканерлеуші микроскоп көмегімен Маура Виллемс жасаған (Делфт технологиялық университеті, Нидерланд)
#технодерек
👀1
Микробтардан жасалған жаңажылдық шырша
Credit: OCR Science / Twitter
#биодерек
ЖАҢА 2023 ЖЫЛ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

«Физика және Ғарыш» жобасы бәріңізді Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, ашық аспан мен сәтті миссиялар тілейді.

Дәстүр бойынша, 2023 жылдың әр сағатындағы Ай көрінісінің 4K-сападағы видеоларын жариялап отырмыз.

Фото: Turksat-5B миссиясының ұшырылуы, 19 желтоқсан 2021 жыл
Авторы: Benjamin Bair (Bair_Witness on Twitter)
#күнтізбе #2023жыл
👏2
2023 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАРЫ

КҮН ТҰТЫЛУЛАРЫ

20 көкек — Күннің гибрид тұтылуы (ең үлкен фазасы 1,007 — Алматы уақытымен 10:17). Гибрид тұтылу деген не? Ай көлеңкесінің Жер бетіндегі жолының басы мен аяғында сақина тәрізді тұтылу, ортасында толық күн тұтылуы бақыланады. Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Үндістан, Аустралия, Антарктида, Тынық, Үнді мұхиттары айдынында көрінеді.

14 қазан — Күннің сақина тәрізді тұтылуы (ең үлкен фазасы 0,95 — 23:59). Солтүстік пен Оңтүстік Америкада және Тынық, Атлант мұхиттары айдынында бақыланады.

АЙ ТҰТЫЛУЛАРЫ

5/6 мамыр — Айдың алакөлеңкелік тұтылуы (21:15–01:32, ең үлкен алакөлеңке фазасы 0,96 — 23:23). Ай бетіне Жердің қою көлеңкесі емес, көрінер-көрінбес алакөлеңкесі түсетіндіктен, құбылысты әдеттегі Толған Айдан ажырату оңай емес. Қазақстанның барлық аумағынан бақыланады.

29 қазан — Айдың жартылай тұтылуы (01:35–02:52, ең үлкен фазасы 0,127 — 02:14). Қазақстанның барлық аумағынан бақыланады. Аспан ашық болса, бұл жартылай тұтылуды Жер тұрғындарының 85%-і көре алады.

ЖҰЛДЫЗ ЖАУЫНДАРЫ

Мол метеор ағындарынан Лиридалар, Персеидтер мен Геминидаларды бақылауға қолайлы жағдай болмақ, Квадрантидалар Толған Айға жақын. ZHR — ағынның радианты дәл төбеде болғанда, тас қараңғыда көру қабілеті идеал бақылаушы бір сағатта көре алатын метеор саны. Іс жүзінде әлдеқайда аз метеор көрінеді.

3 қаңтар — Квадрантидалар (ZHR=110) Толған Ай маңы
22 көкек — Лиридалар (ZHR=18–90) Жаңа Ай маңы
12 тамыз — Персеидтер (ZHR=100) Жаңа Ай маңы
8 қазан — Драконидалар (ZHR~5, кейде 100-400) Ай соңғы ширекте
21 қазан — Орионидалар (ZHR~20) Ай бірінші ширекте
17 қараша — Леонидалар (ZHR=15) Ай бірінші ширекте
14 желтоқсан — Геминидалар (ZHR=150) Жаңа Ай маңы

СУПЕРАЙ

Айдың толық фазасының оның Жерге барынша жақындауына (перигейге) сәйкес келуі — 2 тамыз, 31 тамыз.

ПЛАНЕТАЛАР

Меркурий. 3 таңғы (қаңтар, мамыр, қыркүйек) және 3 кешкі (көкек, тамыз, желтоқсан) элонгация (Күннен бұрыштық қашықтығының максимумы, әрі кеткенде 27°). Ең жақсы көрінетін кезеңдер: кешке — көкекте, таңда — қыркүйекте.

Шолпан. Бақылауға ең қолайлы кезең — екінші жартыжылдықта (4 маусым — 45° ең үлкен таңғы элонгация, 24 қазан — 46° ең үлкен кешкі элонгация). Жарқыраған Шолпан көктем мен жазда кешкі аспанның, ал күз бен қыста таңғы аспанның көркін ашады.

Марс. Бірінші жартыжылдықта жақсы көрінеді. 18 қараша — планетаның Күнмен қосылысы, сондықтан ол жыл соңына қарай мүлдем көрінбей қалады.

Юпитер. 3 қарашадағы Күнмен қарсы тұрысқа дейінгі және кейінгі айларда көкжиектен биік ерекше жарық жұлдыз түрінде өте жақсы көрінеді.

Сатурн. Бұл ғаламшарды да бақылауға ең қолайлы кез — қарсы тұрыс (27 тамыз) маңы.

Уран. Дүрбі не телескоппен күзде жақсы көрінеді. Қарсы тұрысы — 13 қараша.

Нептун. Дүрбі не телескоппен күзде жақсы көрінеді, қарсы тұрысы — 19 қыркүйек.

ПЛАНЕТАЛАРДЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСТАРЫ

23 қаңтар 04:29 — Шолпан мен Сатурн — 0°20'
Қосылыс 22 және 23 қаңтарда күн батысымен оңтүстік-батыс көкжиек үстінен бақыланады.

15 ақпан 19:18 — Шолпан мен Нептун — 0°00'45" !!!
Ерекше тығыз жақындасу күн батысымен батыс көкжиек үстінен дүрбі не телескоппен көрінеді.

2 наурыз 11:36 — Шолпан мен Юпитер — 0°29'
Жай көзбен көрінетін екі жарық планетаның жақындасуын наурыздың алғашқы екі кешінде батыстан көруге болады.

2 наурыз 20:45 — Меркурий мен Сатурн — 0°52'
16 наурыз 22:00 — Меркурий мен Нептун — 0°24'
29 қазан 20:00 — Меркурий мен Марс — 0°20'

ПЕРИГЕЛИЙ МЕН АФЕЛИЙ

5 қаңтар 01:17 — Жер перигелийде (Күннен 147 098 925 км қашықтықта)
7 шілде 05:06 — Жер афелийде (Күннен 152 093 251 км қашықтықта)

ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІНІҢ БАСЫ

21 наурыз 04:24 — Көктемгі күн теңелуі
21 маусым 20:57 — Жазғы күн тоқырауы
23 қыркүйек 12:49 — Күзгі күн теңелуі
22 желтоқсан 09:27 — Қысқы күн тоқырауы

#күнтізбе #2023жыл
Сурет: Sky & Telescope
2023 ж. ҚАҢТАРДАҒЫ БАСТЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР: ЖҰЛДЫЗ ЖАУЫНЫ, ЖЕР КҮНГЕ ЖАҚЫН, ШОЛПАН МЕН САТУРННЫҢ ҚОСЫЛЫСЫ

2 қаңтар 04:00 — Айдың (Ф=0,78+) Уранмен (+5,7m) тоғысы
2 қаңтар — Ай (Ф=0,80+) Үркердің қасынан өтеді
4 қаңтар 02:00 — Айдың (Ф=0,91+) Марспен (-1,1m) тоғысы
3/4 қаңтар — КВАДРАНТИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ (ZHR=110)
28 желтоқсаннан 12 қаңтарға дейін бақыланатын ағынн шыңына қаңтардың 3-нен 4-не қараған түні жетеді. Радиант Сиыршы шоқжұлдызында, Жетіқарақшының сабы астында, түн ортасы ауа көтеріледі. Тасқараңғы аспаннан минутына 1–2 метеор көрінуі мүмкін! Алайда толуға жақын Ай аққан жұлдыздарды тамашалауға елеулі кедергі.
5 қаңтар 01:17 — ЖЕР ПЕРИГЕЛИЙДЕ
Жер өз орбитасының Күнге 2023 жылғы ең жақын нүктесінде, 147 098 925 км (0,983296 а.б.), Күннің көрінетін диаметрі 32 минут 35 секунд (2023 жылғы ең үлкен)
7 қаңтар 05:10 — ТОЛҒАН АЙ (Ф=1,00)
7 қаңтар 19:00 — Меркурий Күнмен төменгі қосылыста
8 қаңтар 15:20 — Ай апогейде (Жерден 406 458 км)
13 қаңтар 02:00 — Марстың (-0,8m) тоқырап, кері шегіне қозғалыстан тура қозғалысқа өтуі
18 қаңтар 18:00 — Меркурийдің (+0,5m) тоқырап, кері шегіне қозғалыстан тура қозғалысқа өтуі
22 қаңтар 02:56 — ЖАҢА АЙ (Ф=0,00)
22 қаңтар 03:00 — Ай перигейде (Жерден 356 569 км)
23 қаңтар 04:00 — ШОЛПАН МЕН САТУРННЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСЫ (0°20')
Шолпан (-3,9m) Сатурннан (+0,8m) 0,3° оңтүстікте өтеді. Қосылыс Қазақстаннан 22-і мен 23-не күн батысымен оңтүстік-батыс көкжиек үстінен көрінеді. Толығырақ — комменттегі бейнероликте
23 қаңтар 09:00 — Уранның (+5,7m) тоқырап, кері шегіне қозғалыстан тура қозғалысқа өтуі
23 қаңтар 15:00 — Ай (Ф= 0,04+) Сатурннан (+0,8m) 4° оңтүстікте өтеді
23 қаңтар 16:00 — Ай (Ф= 0,05+) Шолпаннан (-3,9m) 3° оңтүстікте өтеді
25 қаңтар 14:00 — Ай (Ф= 0,20+) Нептуннан (+7,9m) 2° оңтүстікте өтеді
26 қаңтар 09:00 — Ай (Ф= 0,30+) Юпитерден (-2,2m) 2° оңтүстікте өтеді
26 қаңтар — Сатурнның кешкі көріну кезеңінің аяқталуы
29 қаңтар 10:00 — Айдың (Ф=0,60+) Уранмен (+5,7m) тоғысы
30 қаңтар — Меркурий ең үлкен таңғы (батыс) элонгацияда, Күннен бұрыштық қашықтығы 25°
31 қаңтар 11:00 — Айдың (Ф=0,70+) Марспен (-0,3m) тоғысы

ПЛАНЕТАЛАР

☿ Меркурий (-0,1m) ай соңында, оңтүстік-шығыс көкжиек үстінде таңғы арай фонында көрінеді.
♀ Шолпан (-3,9 m) кешке, күн батысымен оңтүстік-батыс көкжиек үстінен бір сағаттай бақыланады.
♂ Марс (-0,7m) кешке және түнде Торпақ шоқжұлдызында.
♃ Юпитер (-2,2m) — ай басында түнімен, айдың ортасы мен соңында кешке Балықтар шоқжұлдызында.
♄ Сатурн (+1,0m) кешке оңтүстік-батыста, көкжиектен сәл ғана жоғары Ешкімүйіз шоқжұлдызынан бақыланады.
♅ Уран (+5,7m) кешке және түнде Тоқты шоқжұлдызынан дүрбі не телескоппен көрінеді.
♆ Нептун (+7,9m) Балықтар шоқжұлдызынан кешке дүрбі не телескоппен.

АТАУЛЫ КҮНДЕР 📅

4 қаңтар — ұлы ағылшын ғалымы, физик, математик, механик, астроном, классикалық физиканың негізін қалаушы ИСААК НЬЮТОННЫҢ ТУҒАНЫНА 380 ЖЫЛ
15 қаңтар — 50 жыл бұрын (08.01.1973) кеңестік Луноход-2 ровері Айға қонып, жұмысын бастады
21 қаңтар — кеңес физигі, кеңестік атом бомбасының "атасы" академик Игорь Курчатовтың (12.01.1903 – 07.02.1960) туғанына 120 жыл
22 қаңтар — Нобель сыйлығының лауреаты академик Лев Ландаудың (22.01.1908 – 01.04.1968) туғанына 115 жыл
25 қаңтар — IRAS инфрақызыл орбиталық обсерваториясының ұшырылғанына 40 жыл. Ол — аспанның толық инфрақызыл шолуын жасаған алғашқы телескоп. АҚШ — Ұлыбритания — Нидерланд жерсерігі 10 айда 350 000 инфрақызыл жарық көзін, Вега жұлдызының тозаңды дискін, 6 жаңа комета мен 3 астероид ашты

#күнтізбе #2023жыл