Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.47K photos
711 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
Әлем Кубогы-2022 ойындары өткен Қатардағы басқа 7 стадион
👍1
МЕТАН ЗЫМЫРАНЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОРБИТАЛЫҚ ҰШЫРЫЛЫМЫ СӘТСІЗ БОЛДЫ

Метан жағатын зымыранды тарихта алғаш рет орбитаға шығару әрекеті сәтсіз аяқталды. Метан керосинге балама зымыран отыны ретінде көптен бері қарастырылып келеді (тотықтырғыш рөлін оттегі атқарады). Ол ұшырылым құнын арзандатып, қозғағыштарды көп мәрте қолдануды оңайлатады. Сондай-ақ метанды Марста да өндіруге болады — бұл, әрине, алыс болашақтың ісі.

Сол себепті SpaceX, ULA, Rocket Lab, Роскосмос сияқты зымыран өндірушілер метанмен ұшатын тасығыштарын жасап жатыр. Дегенмен осы уақытқа дейін метан зымыранының көтерілген ең жоғары биіктігі 10 километр еді (Raptor қозғағышы орнатылған Space Starship SN15 прототипі).

Қытайлық Landspace компаниясы да өзінің ZhuQue-2 зымыранын метан бәйгесіне қосты. Ұзындығы 49,5 м, диаметрі 3,5 м екі сатылы зымыран 200 км төмен жермаңы орбитаға 6 т, 500 км гелиосинхрон орбитаға 4 т шығара алады. Ол марштық TQ-12 және маневрлік TQ-11 метан-оттегі қозғағыштарымен жарақтанған.

ZhuQue-2 2022 жылы 14 желтоқсанда Гоби шөліндегі Цзюцюань ғарыш айлағынан алғаш ұшырылды. Бірінші саты өз міндетін орындады, алайда ұшудың 300-ші секундында екінші сатының маневрлік қозғағыштарының қосылмай қалуы сәтсіздікке ұрындырды. Зымыран жоспарлы орбитаға шыға алмады. Екі сатыдағы марштық қозғағыштар мінсіз жұмыс істегенін айтқан жөн.
#ҚытайҒарышта
Фото: Landspace
УЭББ ТЕЛЕСКОПЫ ЖҰМЫСЫНЫҢ БАСТАЛУЫ — 2022 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ҒЫЛЫМИ ТАБЫСЫ

Әр желтоқсанның ортасында, Science журналы аяқталатын жылдың бір басты және тоғыз маңызды ғылыми жетістігін атайды. 2022 жылдың басты ғылыми табысы болып Джеймс Уэбб ғарыштық телескопының (JWST) іске қосылуы танылды. Жасалуына ширек ғасыр уақыт пен 10 миллиард доллар кеткен обсерватория 2021-дің 25 желтоқсанында, яғни былтырғы тізім жарияланғаннан кейін ұшырылды.

Уэбб биыл қаңтарда жұмыс орнына — Күн—Жер жүйесінің екінші Лагранж нүктесіне — жетті. Алты айға созылған сынақ және баптау жұмыстарынан соң, телескоп 11 шілдеде ресми түрде ғылыми жұмысқа кірісті. Уэббтың ұшырылғаннан бастап, қазіргі қызметіне дейінгі ауқымды жылнамасы біздің арна мен парақшада жарияланып тұрды.

#2022жыл
🔥2
Арнамыздағы Уэбб телескопына жалпы шолу жасайтын бейнероликтер арнайы ойнату тізіміне топтастырылған. Соның ішінде телескоптың оптикалық жүйесі, яғни айналары жайлы әңгімелейтін роликті көруге кеңес беремін, небәрі 80 рет қаралған екен. Күнделікті жарияланған жаңалықтар лентаның тереңінде сұраусыз, іздеусіз қалып кететіндіктен, солардың маңызды дегендерін жеке ролик түрінде шығару жоспарда бар. Ондай үрдістің мысалын арнамыздағы Хаббл телескопы, басқа да аппараттар жайлы плейлистерден табасыз.

https://youtube.com/playlist?list=PLZ7VcZmjdxtyFeCfAASyMVJJWegr7od4q
👍2
МАРСТАҒЫ INSIGHT СТАНСАСЫ БАЙЛАНЫСҚА ШЫҚПАЙ ҚАЛДЫ

Марстан өкінішті хабар келді. Дұрысын айтқанда, Марстан күтілген хабар келмей қалғаны өте өкінішті. 2022 жылы 15 желтоқсанда НАСА-ның Марстағы InSight аппаратымен байланыс сеансы өткізілген еді, алайда 18-і күні станса Жермен байланысқа шықпады. Егер байланыс жақында қалпына келмесе, бұл InSight миссиясының аяқталғанын білдіреді.

Утопия Жазығына 2018 жылдың қарашасында қонған станса екі жыл жұмыс істеуі қажет болатын, алайда ол Марстың ішкі құрылысы мен ауа райын төрт жыл зерттеді. InSight сондай-ақ Марстағы тұңғыш ұзақ мерзімді сейсмикалық станса ретінде 1300-ден астам марс сілкінісін тіркеді.

Жұмыс барысында стансаның дөңгелек күн панельдерін басқан шаң-топырақ қалыңдай берді. Оларды Марста соғатын құйындар көмегімен, немесе арнаулы әдіспен тазарту әрекеттері көмектеспеді. Аппараттың электр қуаты бірте-бірте 10 есе төмендеп кетті. Ғалымдар камералар мен SEIS сейсмографын ғана қалдырып, басқа аспаптарды, тіпті, ақаудан қорғау жүйесін де өшіріп астауға мәжбүр болды. НАСА InSight 2023 жылғы қаңтардың аяғына дейін шыдайды деп пайымдаған. Қайта байланыс орнату әрекеті сәтсіз болса, станса қаза тапты деген сөз.

InSight ашқан көптеген ғылыми жаңалықтың ең маңызды дегендері мыналар:
— Марс қабаттарының негізгі шекараларын анықтау;
— планета беті астындағы қабаттардың егжей-тегжейі сызбасын жасау;
— Марс ядросының өлшемдерін бағалау;
— марс сілкіністерінің маусымдық сипатын ашу.
😱3
Фото: 2022 ж. 11 желтоқсанда алынған InSight стансасының соңғы кескіні
Credit: NASA/JPL-Caltech
😱2
Біздің арнадағы InSight миссиясы жайлы роликтер:
https://www.youtube.com/@phyandspace/search?query=insight
🔥1
СОЮЗ МС-22 ҒАРЫШ КЕМЕСІНЕ НЕ БОЛДЫ? ЭКИПАЖ ЖЕРГЕ ҚАЛАЙ ҚАЙТАДЫ?

2022 жылы 15 желтоқсанда Халықаралық ғарыш стансасына түйісіп тұрған ресейлік Союз МС-22 кемесінен ғарышқа жылу тасымалдағыш сұйықтық шашылғанын көрдік. Нәтижесінде қазір стансада төтенше жағдай қалыптасты десек артық айтпаймыз. Өйткені ХҒС-тағы әр ғарышкердің кез келген сәтте стансаны тастап шығып, құтқару кемесімен Жерге оралатын мүмкіндігі болуы тиіс. Қазіргі күні 68-ші экспедицияның жеті мүшесінің үшеуінде (ресейліктер Сергей Прокопьев, Дмитрий Петелин, НАСА астронавты Фрэнк Рубио) мұндай мүмкіндік жоқ. Әрине, бұл жағдайда орыстың екі мәңгі сұрағы тууы заңды.

КІМ КІНӘЛІ?

Дәлірек айтсақ, Союздың бортын не тесті? Кейбір мамандар сол күндері шыңына жеткен Геминидалар метеор ағынын айыптайды. Дегенмен ғарыштық қоқыс кінәлі болуы да әбден мүмкін. Бақылау жүйелері 10 сантиметрден ірі қоқыс кесектерін ғана қадағалайды, олардың саны қазір 25 900-дай. Алайда миллиметрлік бөлшектің өзі-ақ кемеге елеулі зиян келтіре алады, өйткені аспаптық-агрегаттық бөлімнің сыртында метеориттен қорғайтын қабат жоқ. Кеме сырты ресейлік сегменттегі еуропалық ERA және америкалық сегменттегі канадалық Canadarm2 манипуляторлары көмегімен фотоға түсірілді. Кескіндерді талдау бөлім қаптамасында диаметрі 0,8 мм тесік барын көрсетті.

СОЮЗДЫҢ ЖЫЛУ РЕТТЕУ ЖҮЙЕСІ ЖАЙЛЫ

Белгісіз нәрсе Союздың жылу реттеу жүйесінің сыртқы радиаторын тесті. Кесірінен кемедегі екі жылу реттеу жүйесінің бірі — сыртқы радиаторлар контурының жылу тасымалдағышы изооктан далаға, яғни ашық ғарышқа ұшып кетті. Жерде бұл сұйықтық автобензин сапасының эталоны ретінде танымал, оның октан саны 100-ге тең. Аталған контур кеменің аспаптық-агрегаттық бөліміндегі құрал-жабдықтың қызуын жинап, кеме сыртындағы радиатор көмегімен тысқа шығарады. Радиатор түтікшелері жылуды ашық ғарышқа сәуле шығару арқылы таратады. Ішіндегі 33 литр изооктан түгел ұшып кеткендіктен, бұл контур енді жұмыс істемей тұр.

Союзда екінші жылу реттеу жүйесі — тұрғын бөлімдер контуры бар. Оған минус 18 градуста ғана қататын триол деген сұйықтықтың 21 литрі құйылған. Жүйе тұрмыстық бөлім мен қонатын капсуладағы температураны 18–25 градус аралығында ұстап тұрады. Екінші контур зақымдалған жоқ, бірақ ол да енді пайдасыз. Өйткені ол жинаған артық қызуын жылу алмастырғыш арқылы сыртқы радиаторлар контурына беретін. Ал сыртқы контурда қызуды қабылдап алатын жылу тасымалдағыш қалмады.

Союз МС-22 ХҒС-қа түйісіп тұрғанда, тұрғын бөлімдердегі артық қызудың бір бөлігі желдету құбыры арқылы стансаның жылу реттеу жүйесіне кетеді. Сондықтан кеменің іші біршама қызғанымен (температура 30 градусқа жетті деген ақпарат бар), жағдай бақылауда. Алайда люктер жабылып, кеме стансадан ажырасымен, ол термосқа айналады. Артық қызуды тысқа шығаратын ешқандай балама тәсіл де, қосалқы жылу реттеу жүйесі де жоқ.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Теория жүзінде тесілген жерді тауып, бітеуге болады. Бұл үшін ашық ғарышқа шығып, кеменің арғы басына жету керек. Союз, ХҒС модульдеріндей емес, оның сыртқы бетімен қозғалуға бейімделмеген. Жарайды, тесік бітелді делік. Енді контурды жылу тасымалдағышпен қайта толтыру керек. Стансада изооктан жоқ. Болған күнде де, оны жердегідей жүйеге құя салуға болмайды. Герметикалық қосылыс жасап, сұйықтықты сорғымен айдау қажет. Қорыта айтқанда, жылу реттеу жүйесін жөндеу мүмкіндігі күмән туғызады.
Роскосмос әзірге қарастырып отырған басты сценарий — бекітілген ұшу бағдарламасын өзгертпей, осы кемемен наурызда Жерге оралу. Мамандар 16-сы күні Союз қозғағыштарын қосып көріп, олардың жұмысқа жарамды екенін анықтады. Қонатын капсуладағы температура 28-30 градус шамасында. Бірақ кеме жеке ұшқанда, оның іші қаншалықты қызып үлгереді? Алдыңғы Союз МС-21 кемесі стансадан ажырағаннан кейін, Жерді екі айналып, яғни 3 сағат 20 минуттан соң қонған еді. Жалпы, Союз ғарышкерлеріне арналған нұсқаулықта жылу реттеу жүйесінің істен шығуы штаттық емес (қарапайым тілмен айтқанда, апаттық) жағдай болып есептеледі. Мұндайда ұшу бағдарламасын дереу тоқтатып, шұғыл төмендеу міндеттелген. Роскосмос, «егер жағдай бақылауда болып, кеменің жарамдылығына толық сенімді болсақ», ресейлік экипажды осы кемемен қайтаруымыз мүмкін деп отыр.

Сонымен бірге, Байқоңырда тұрған келесі ғарыш кемесін ұшуға дайындау жұмысы жеделдетілді. Союз МС-23 ұшуға, жоспарланғандай 16 наурызда емес, 19 ақпанда дайын болады. Егер экипаж осы кемемен қайтатын болса, МС-23 ұшқышсыз аттанып, стансаға автомат режимде түйісуі тиіс.

НАСА қалыптасқан жағдайдан шығуға өз көмегін ұсынғаны белгілі болды. Роскосмос басшысы Ю. Борисов, — «америкалық әріптестер әртүрлі көмек тәсілдерін, тіпті біздің космонавтарды өз кемелерімен түсіруді ұсынды. Бірақ бүгін мұның ешқандай қажеттігі жоқ», — деді. Роскосмос қалыптасқан жағдайды одан әрі талдауда, шешім желтоқсанның аяғында қабылданады.
👍1
Фото: Союз МС-22 «К.Э. Циолковский» ғарыш кемесі ХҒС-тың Рассвет модуліне түйісіп тұр. Аспаптық-агрегаттық бөлім кеменің төменгі жағында, ақ түске боялған. Тесік күн панельдерінің бірінің түбінде екен. Оң жақта ERA робоқолы бар Наука модулі мен оның астындағы Причал тораптық модулі көрініп тұр.
Credit: NASA
👍2
22 ЖЕЛТОҚСАН — ҚЫСҚЫ КҮН ТОҚЫРАУЫ

2022 жылы 22 желтоқсанда Алматы уақытымен 03:48-де Күн аспан экваторынан оңтүстікке қарай барынша қашық нүктесіне жетеді. Астрономиялық оқиға Желтоқсандағы күн тоқырауы деп аталады. Солтүстік жартышарда астрономиялық қыс, ал Оңтүстік жартышарда астрономиялық жаз басталады.

21-і мен 22-не күннің ұзақтығы Астанада 7 сағат 53 минут 31 секунд болады — жылдағы ең қысқа күндер. Күннің талтүстегі (13:12) көкжиектен биіктігі 15,5° — жыл бойғы ең төмені. Маусымнан бері төмендеп келе жатқан Күн 18–25 желтоқсан аралығында 15,5° биіктікте "тоқырағандай" болады да, қайта көтеріле бастайды.

Ертең Астанада Күн 128° оңтүстік-шығыстан шығып, 232° оңтүстік-батыста батады да, көкте ең қысқа доға сызады (кескінді қараңыз). Салыстыру үшін, 21 маусымдағы Жазғы күн тоқырауы датасында ол 49° солтүстік-шығыстан шығып, 311° солтүстік-батыста батты, талтүсте 62,3° биіктікке дейін көтерілді. Жылдың ең ұзақ жарық күні 16 сағат 34 минут 10 секундқа созылған еді.
👍1
DANURI КОРЕЙ ЗОНДЫ АЙҒА ЖЕТТІ

Кореялық Danuri (KPLO) аппараты Ай маңындағы бастапқы эллипс орбитаға шықты. 2022 жылы 5 тамызда ұшырылған зонд отын үнемдеу үшін Айға төрт айдай сапар шеккен еді. 17 желтоқсанда аппарат ең жауапты маневрді сәтті жасап, жылдамдығын 7500 км/сағ дейін кемітті. 19-на оның периселениі 109 км, апоселениі 8920 км эллипс орбитада екені қуатталды.

Danuri енді қозғағыштарын тағы төрт рет қосып, орбитасын кішірейтеді. 29 желтоқсанда ол 100 километрлік дөңгелек жұмыс орбитасына шығуы тиіс. Зонд бір жыл бойы Айдың магнит өрісін, Ай бетін зерттеп, полюс маңындағы кратерлерден су мұзын іздейді.

Корей айсерігі LRO орбитерінікінен 200 есе сезімтал, ажыратымы 1,7 м ShadowCam камерасымен, ажыратымы 5 м LUTI камерасымен, PolCam кеңауқымды поляриметриялық камерасымен, сондай-ақ магнитометрмен және гамма-спектрометрмен жабдықталған.

Оңтүстік Корея Ай орбитасына шыққан 8-ші ел атанды. Бұл ел болашақта Ай орбитасына тағы бір аппарат шығаруды, сондай-ақ Ай бетіне лендер мен шағын ровер қондыруды жоспарлап отыр.
АЙҒА АТТАНҒАН ЖАПОН ЛЕНДЕРІ ТҮСІРГЕН АЛҒАШҚЫ ФОТО

2022 жылы Айға төрт миссия ұшырылды. 16 қарашада ұшқан НАСА-ның Orion ғарыш кемесі Айды екі айналып, 11 желтоқсанда Жерге оралды. Қалған үшеуі отын үнемдеу үшін ұзақ айналма жолды таңдады. 28 маусымда аттанған америкалық CAPSTONE кубсаты Ай айналасындағы тік сызықтық дерлік гало-орбитаға 14 қарашада шықты. 5 тамызда ұшырылған кореялық Danuri зонды Ай маңына 17 желтоқсанда жетті, ол жаңа жылға қарсы 100 км дөңгелек орбитаға шығуы тиіс.

Ал сапарын 11 желтоқсанда бастаған HAKUTO-R жапон лендері серігімізге келесі жылдың көкегінде бір-ақ жетеді. Алдыңғы миссиялардан айырмашылығы, ол Айға қонуы тиіс. Қону сәтті болса, борттағы Rashid араб ровері Ай бетіне түседі. Жаңа ұшырылған ғарыш аппараты алған алғашқы кескінді жариялайтын дәстүріміз бойынша, HAKUTO-R 13-не түсірген Жер орағы көрінісін ұсынамыз.

Credit: ispace
#фотокөрме #2022жыл
🔥1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
АСТЕРОИД БАҒЫТЫН ӨЗГЕРТУ — 2022 ЖЫЛДЫҢ ОН ҒЫЛЫМИ ЖЕТІСТІГІНІҢ БІРІ

Science журналы 2022 жылдың басты ғылыми жетістігі деп Уэбб ғарыштық телескопын танығанын жақында жаздық. Журнал сонымен бірге жылдың тағы тоғыз маңызды табысын атады. Олардың көбі биология мен медицина ғылымдарына тиесілі. Дегенмен космонавтика саласындағы тағы бір жетістік аталып өтті.

Ол — НАСА-ның DART зондының Диморф астероидына мақсатты түрде соғылып, аспан денесінің орбитасын өзгертуі. 2022 жылдың 27 қыркүйегінде 550 килограмдық зонд секундына 6 километрден астам жылдамдықпен Диморфқа ұрылды. Соқтығысуды бірнеше ғарыштық және Жердегі телескоптар бақылады. Нәтиже ғалымдар күткеннен де асып түсті. Диморфтың үлкенірек Дидим астероидын айналу периоды 32 минутқа өзгерді, бұл НАСА мамандары болжағаннан 26 есе артық.

Демек, Жерге қатерлі астероид жақындап келе жатқаны алдын-ала анықталса, ғарыш аппараты көмегімен оның бағытын өзгертіп жіберуге болады деген сөз.

Credits: NASA/Johns Hopkins APL
#2022жыл
25 желтоқсанда Джеймс Уэбб ғарыштық телескопының ұшырылғанына бір жыл толады. Осыған орай, арнамызда жаңа ролик жарияланды.

Бұған дейін Уэббтің оптикалық жүйесі, яғни бұрын-соңды ғарышқа шығарылған ең үлкен айналар жайлы әңгімелегенбіз. Жаңа роликте осы айналар жинаған жарықты қабылдап, ғылыми дерекке айналдыратын теңдессіз төрт аспап туралы сөз болады.

Міндетті түрде көріңіздер. Қазақша контент жалаң ұранмен дамымайды, жасалып тұрған дайын контентті көру, тарату, насихаттау арқылы дамиды.
#бейнеролик
«ЖЕРДІҢ ШЫҒУЫНА» — 54 ЖЫЛ

Ай орбитасына шыққан алғашқы адамдар — Apollo 8 астронавтары 1968 жылы 24 желтоқсанда, Алматы уақытымен 21:40-та көтеріліп келе жатқан көгілдір планетаны көрді.
#фотокөрме