Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.47K photos
712 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
ТИТАННЫҢ АШЫЛҒАНЫНА 367 ЖЫЛ: ТИТАН ЖАЙЛЫ 12 ДЕРЕК

1. Сатурнның ең үлкен серігі Титанды 1655 жылы 25 наурызда нидерланд ғалымы Христиан Гюйгенс ашты. Бұл Галилей Юпитердің төрт серігін ашқаннан кейінгі екінші осындай жаңалық еді.

2. Радиусы 2 576 км Титан Күн жүйесі планеталарының серіктері арасында Ганимедтен кейінгі екінші орында. Титан тіпті Меркурийден үлкен!

3. Титан орбитасының радиусы 1 221 870 км, ол Сатурнды барлық сақиналардың сыртымен айналады. Бір айналымға 15 жер тәулігі және 22 сағат 41 минут кетеді.

4. Титанның айналу және үйірілу периодтары тең, яғни ол, біздің Ай сияқты, өз планетасына үнемі бір жағымен қарап тұрады. Мұндай жағдай толысу күштері әсерінен қалыптасқан.

5. Титан — Күн жүйесіндегі тығыз атмосферасы бар жалғыз серік. 98,4% азоттан және 1,6% метаннан тұратын атмосфераның қысымы Жердегіден 1,5 есе артық.

6. Титан — бетінде сұйық бар Жерден басқа жалғыз дене. Әрине, Титан беті тым суық (−180 °C) болғандықтан, ондағы көлдер су емес, сұйық метан мен этанға толы.

7. Титан жартылай су мұзынан, жартылай тастан құралған, ал оның қойнауында нағыз тұзды су мұхиты жасырынып жатуы мүмкін.

8. Толысу күштері әсерінен Титанның қатты тас ядросы ыстық күйде, және серік геологиялық белсенді. Ондағы криовулкандардан су-аммиак қоспасы атқылайды.

9. Титан — бетіне ғарыш аппараты жұмсақ қонған сыртқы Күн жүйесіндегі жалғыз дене. НАСА-ның Кассини миссиясымен бірге аттанған еуропалық Гюйгенс зонды оған 2005 жылы 14 қаңтарда қонды.

10. Төмендеу барысында атмосферадан сынамалар алған Гюйгенс зонды Титан бұлттарының жоғарғы бөлігі метан мұзынан, төмен жағы сұйық метан мен азоттан тұратынын анықтады.

11. Титандағы көмірсутек көлдерінде қарапайым тіршілікке қолайлы жағдай болуы ықтимал. Титан беті — бүкіл Күн жүйесіндегі Жерге ең ұқсас орын.

12. Сатурнның қарсы тұрысы кезінде апертурасы 60–70 мм әуесқой телескоппен, планета дискі және сақиналарымен бірге, Титанды да көруге болады. Гюйгенс оны 57 мм телескоппен ашқан.
👍2
Титан Сатурн фонында
Credit: NASA / Cassini
5
5005 ЭКЗОПЛАНЕТА

2022 жылы 21 наурызда НАСА Экзопланеталық архивіндегі белгілі экзопланеталар саны 5000-нан асты. Арнадағы жаңа роликте Күн жүйесінен тыс планеталардың ашылу жылнамасы берілген: https://youtu.be/kaF7qXLK6G8 Роликте әр экзопланетаның аспан картасындағы орны, ашылу әдісі, салыстырмалы орбитасы мен айналу жылдамдығы жайлы ақпарат бар.

Қосымша ақпарат — роликтің сипаттамасында, соның бір үзіндісі:
Радиусы белгілі экзопланеталар — 3881
R ≤ 1.25 R_Жер 490
1.25 < R ≤ 2 R_Жер 1009
2 < R ≤ 6 R_Жер 1677
6 < R ≤ 15 R_Жер 525
15 R_Жер < R 180

Массасы белгілі экзопланеталар — 1176
M ≤ 3 M_Жер 61
3 < M ≤ 10 M_Жер 184
10 < M ≤ 30 M_Жер 136
30 < M ≤ 100 M_Жер 112
100 < M ≤ 300 M_Жер 259
300 M_Жер < M 424
🤯4
INGENUITY БІР АПТАДА ЕКІ РЕТ ҰШТЫ

2022 жылы 24 наурызда НАСА-ның Ingenuity дрон-тікұшағы 23-ші рет Марс әуесіне көтерілді. Ол 129,1 секундта солтүстік-батысқа қарай 358 метр ұшып өтті. Ол бұған дейін наурыздың 20-на әуелеген еді.

"Тапқырлықтың" нысанасы — Езеро кратеріндегі ежелгі өзен атырауының орны. Ол осы жерде әуеден барлау жұмыстарын жүргізеді. Дельтада үшкір жартастар, олардың сынықтары, қойтастар көп болғандықтан, дрон Perseverance роверіне қауіпті аймақтарды анықтайды. Ровер ежелгі көлге құйған ежелгі өзен шөгінділерінен Марстағы бағзы тіршілік іздерін табуға тырысады.

Суретте: кез келген ұшақ не тікұшақ сияқты, Ingenuity'дің де әр ұшудың жай-жапсары тіркелетін борттық журналы бар. Бір ғана ерекшелік: "Тапқырлықтың" аға ұшқышы Ховард Грип оны Жерде отырып толтырады.

Credit: NASA/JPL-Caltech
🔥2
SOLAR ORBITER КҮННІҢ ТЕҢДЕССІЗ ПОРТРЕТІН ТҮСІРДІ

Еуропа Ғарыш агенттігі (ЕҒА, ESA) Solar Orbiter зонды 2022 жылы 7 наурызда түсірген Күннің бірнеше кескінін жариялады. Бұл суреттер — жұлдызымыздың бұрын-соңды алынған ең егжей-тегжейлі портреттері.

Зерттеушілер жоғары ажыратымды EUI (Extreme Ultraviolet Imager) камерасы алған Күн бетінің 25 жеке кескінін біріктіріп, шамшырақтың теңдессіз портретін жасады. Онда Күннің 17 нм толқын ұзындығындағы (экстремал ультракүлгін) түрі бейнеленген. 83 млн пикселдік кескіннен Күннің фотосфера деп аталатын көрінетін бетіндегі нәрселерді, сондай-ақ атылып жатқан протуберанецтерді көреміз. Масштаб түсінікті болу үшін, портретке Жер кескіні де қосылған (оң жақ жоғарыда).

ЕҒА SPICE спектрометрі алған бірнеше кескінді де жариялады. Олар Күн атмосферасындағы түрлі элементтерді көрсетеді. Күлгін түс 10 000 °C-қа дейін қызған сутегіне, көгілдір түс — көміртегіне (32 000 °C), жасыл түс — оттегіне (320 000 °C), сары түс — неонға (630 000 °C) сәйкес.

2020 жылы ұшырылған Solar Orbiter гелиосфераның ішкі бөлігі мен күн желін зерттеуге, сондай-ақ Күннің Жерден көрінбейтін поляр облыстарын бақылауға арналған. Зонд 2020 ж. 15 маусымда Күннен 77 млн километрде өтсе, биыл 26 наурыздағы екінші перигелиінде жұлдызға 50 млн километрге дейін жақындауы тиіс еді. Ол күні түсірілген суреттер көкектің ортасында жарияланады. Миссияның қысқаша сипаттамасы: https://youtu.be/g_QvK-Ez-40

Credit: ESA
🤯2👍1
СОЮЗ МС-19 ҒАРЫШ КЕМЕСІ ЖЕРГЕ ОРАЛДЫ

2022 жылы 30 наурызда Союз МС-19 ғарыш кемесінің қону капсуласы Жезқазғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 147 километрдегі жоспарлы орынға аман-есен қонды. Кемемен Роскосмос космонавтары Антон Шкаплеров, Петр Дубров және НАСА астронавты Марк Ванде Хай Жерге оралды. 18 наурызда Халықаралық ғарыш стансасына бұл экипаждың орнына ресейліктер Олег Артемьев, Денис Матвеев, Сергей Корсаков келген еді.

Ғарышта 355 күн болған Ванде Хай (фотода) НАСА-ның бір ғарыш сапары ұзақтығы рекордын жаңартты. Ал тарихтағы ең ұзақ ғарыш сапарын ресейлік Валерий Поляков жасады. Ол 1994–1995 жж. Союз ТМ-18 кемесі мен Мир стансасында 437 тәулік 18 сағат болған.
👍1
2022 ж. КӨКЕКТЕГІ БАСТЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР: ЛИРИДА МЕТЕОРЛАРЫ, ШОЛПАН МЕН ЮПИТЕРДІҢ ТОҒЫСУЫ

1 көкек 09:28 — ЖАҢА АЙ (Ф=0,00)
3 көкек 05:00 — Меркурий Күнмен жоғарғы қосылыста
4 көкек 00:01 — Айдың (Ф=0,06+) Уранды жабуы, Оңтүстік Америка мен Африкада бақыланады
5 көкек 07:16 — Ай (Ф=0,15+) Үркер жұлдыз шоғырынан 4° оңтүстікте өтеді
5 көкек 07:43 — Марс Сатурннан 0,5° оңтүстікте өтеді
8 көкек 01:12 — Ай (Ф=0,36+) апогейде (Жерден 404 437 км), көрінетін диаметрі 29'33"
12 көкек 20:49 — Юпитер Нептуннан 0,1° солтүстікте өтеді
13 көкек — Меркурий перигелийде
16 көкек — Меркурийдің кешкі көріну кезеңінің басталуы
17 көкек 00:58 — ТОЛҒАН АЙ (Ф=1,00)
18 көкек — Меркурий Ураннан 2° солтүстікте өтеді
19 көкек — Уранның кешкі көріну кезеңінің аяқталуы
19 көкек 21:17 — Ай (Ф=0,89-) перигейде (Жерден 365 142 км), көрінетін диаметрі 32'44"
21–22 көкек — ЛИРИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ (сағатына 18 метеорға дейін)
27 көкек 11:00 — Ай (Ф=0,14-) Шолпаннан (-4,1m) 4° оңтүстікте өтеді
27 көкек 17:00 — Ай (Ф=0,14-) Юпитерден (-2,1m) 4° оңтүстікте өтеді
28 көкек 01:00 — Шолпан Нептуннан 0,5° оңтүстікте өтеді
29 көкек — Меркурийдің ең үлкен шығыс (кешкі) элонгациясы: 20,6°
29 көкек — Меркурий Үркер (M45) шашыраңқы жұлдыз шоғырынан 1,3° солтүстікте өтеді
30 көкек 23:40 — ШОЛПАН (-4,1m) ЮПИТЕРДЕН (-2,1m) 0,2° ОҢТҮСТІКТЕ ӨТЕДІ
1 мамыр — КҮННІҢ ЖАРТЫЛАЙ ТҰТЫЛУЫ (ең үлкен фазасы 0,64 — Алматы уақытымен 02:31). Оңтүстік Америкада, Антарктидада, Тынық пен Атлант мұхиттары айдынында бақыланады.
1 мамыр 02:31 — ЖАҢА АЙ (Ф=0,00)

ЛИРИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫ

14–30 көкекте жауатын ағын 21-не, 22-не және 23-не қараған түндері шыңына жеткенде, сағатына 18 метеорға дейін бақылануы мүмкін. Ағынның радианты Лира шоқжұлдызында, таңға қарай тамашалаған жөн. Жарық метеорлар 49 км/сек жылдамдықпен ұшады. Ай биыл бақылауға елеулі кедергі келтіреді.

ПЛАНЕТАЛАРДЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСТАРЫ

2022 жылы планеталар аспанда 20 бұрыштық минуттан аз шамада төрт рет жақындасады, және бұл төрт астрономиялық оқиға да көкекте болмақ!

5 көкек 07:43 — Марс пен Сатурн — 0°18' !
12 көкек 20:49 — Юпитер мен Нептун — 0°05' !
28 көкек 01:12 — Шолпан мен Нептун — 0°00'25" !!!
Сирек құбылыс — өте жақын тоғысу оңтүстік ендіктерден телескоппен бақыланады
30 көкек 23:40 — Шолпан мен Юпитер — 0°13' !
Жай көзбен көрінетін екі жарық планетаның жақындасуын 30 көкек пен 1 мамырдың таңында, күн шығардан бір сағаттай бұрын оңтүстік-шығыс көкжиек үстінен тамашалай аласыздар!

ПЛАНЕТАЛАР

☿ Меркурий (-0,3m) 16 көкектен бастап кешке солтүстік-батыс көкжиек үстінен көрінеді. 2022 жылғы кешкі бақылауға ең қолайлы кезең — 29 көкектегі 20,6° ең үлкен шығыс элонгация маңы.
♀ Шолпан (-4,3m) — таңғы аспанда шығыс көкжиек үстінен бақыланады.
♂ Марс (+1,0m) таңғы арай фонында оңтүстік-шығыс көкжиек үстінен бақыланады: Тауешкіде (1–11) және Суқұйғышта (12–30).
♃ Юпитер (-2,0m) — ай соңында таңғы арай фонында шығыс көкжиектен сәл жоғары, Балықтан көрінеді.
♄ Сатурн (+0,9m) таңда арай фонында оңтүстік-шығыс көкжиектен сәл жоғары, Тауешкіден бақыланады.
♅ Уран (+5,8m) кешке батыс көкжиектен сәл ғана жоғары, Тоқты шоқжұлдызынан телескоппен бір сағаттай көрінеді.
♆ Нептун (+7,9m) ай соңында таңда шығыс көкжиектен сәл жоғары, Балық шоқжұлдызынан телескоппен бақыланады.

/жалғасы келесі поста/
🤩3👍1
АТАУЛЫ КҮНДЕР 📅

12 көкек — Дүниежүзілік авиация мен космонавтика күні
22 көкек — Халықаралық Жер күні
1 көкек — 25 жыл бұрын, 1997 жылы 1 көкекте Хейл-Бопп кометасы перигелиінен өтті. Құйрықты жұлдыз 18 ай (!) бойы жай көзбен көрініп тұрды.
15 көкек — Қайта Өрлеу заманының тұлғасы, мүсінші, суретші, ғалым, өнертапқыш, жазушы, философ Леонардо Да Винчидің (15.04.1452 – 0.05.1519) туғанына 570 жыл
16 көкек — Apollo 16 ғарыш кемесінің Айға аттанғанына 50 жыл.
30 көкек — неміс физигі, математик, механик, астроном, геодезист Карл Фридрих Гаусстың (30.04.1777 – 23.02.1855) туғанына 245 жыл.
30 көкек — электронның ашылғанына 125 жыл. Электрон — табиғаттағы ең кіші масса мен ең кіші электр зарядын тасымалдаушы элементар бөлшек. Ағылшын физигі Джон Джозеф Томсон оны 1897 жылдың 29 көкегінде ашты, алайда электронның туған күні болып ғалым Лондон корольдік қоғамында баяндама жасаған 30 көкек саналады. Бұл тарихи оқиға атомның бөлінбейтіні жайлы ұғымды жоққа шығарды.
🤩2👍1
ХАББЛ ЕҢ АЛЫС ЖҰЛДЫЗДЫ ТАПТЫ

2018 жылы арнамызда осындай тақырыптағы видео жариялағанбыз. Онда Жерден 9 млрд жарық жылы қашықтықтағы Икар жұлдызының ашылғаны жайлы айтылған еді.

Төрт жылдан соң, 2022 жылы 30 наурызда, НАСА Хабблдың одан да алыс жұлдыз жарығын көргенін хабарлады. Толығырақ — арнадағы жаңа бейнероликте: https://youtu.be/mOex_aZsmGc
🤯2👍1
МАРСТАҒЫ ДЫБЫС ЖЫЛДАМДЫҒЫ ЖЕРДЕГІДЕН ӘЛДЕҚАЙДА АЗ ЕКЕН

Perseverance роверінің екі микрофоны бары белгілі. Оның бірі ровер қонғандағы дыбысты жазуға қолданылса, екіншісі екі метрлік мачтаға орнатылған SuperCam аспабының құрамына енеді. Бұл микрофон инфрақызыл лазермен тау жыныстарын қиратқан кездегі қысым өзгерісін өлшеуге арналған. Бірақ ол қоршаған ортадағы шуды да тіркей алады.

Лазермен атқыланған тау жынысы жоғары жиілікті дыбыс шығарады. Осы акустикалық сигналдың микрофонға келіп жеткен уақытын тіркеп, дыбыстың Марс атмосферасында таралу жылдамдығын 0,5% дәлдікпен өлшеуге болады. Лос-Аламос Ұлттық зертханасы зерттеушілері SuperCam жазған, жалпы ұзақтығы бес сағат акустикалық сигналдарды талдап шықты.

Марстағы дыбыс жылдамдығы секундына 240 метрдей екені анықталды. Бұл Жер атмосферасындағы дыбыс жылдамдығынан (340 м/с) әлдеқайда аз. Белгілі болған тағы бір жәйт: Марс атмосферасында жиілігі 240 Герцтен жоғары дыбыс төмен жиілікті сигналдардан 10 м/с-қа тезірек таралады екен.

Сызба: Baptiste Chide et al.
👍3
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
УЭББ АЙНАЛАРЫ ТӨРТ ҒЫЛЫМИ АСПАПТЫҢ ҮШЕУІМЕН ТЕҢШЕЛДІ

2022 жылы 1 көкекте Уэбб ғарыштық телескопы айналарын дәлдеудің алтыншы кезеңі аяқталды. Бұған дейін негізгі айнаның 18 сегменті мен қосалқы айна таяу инфрақызыл диапазон камерасымен (NIRCam) ғана теңшелген еді. Яғни айналар жинаған жарықты осы аспапқа түсіріп, фокусталған айқын кескін алуға қол жеткен.

Алтыншы кезеңде айналар дәл көзеу сенсорымен (FGS), сондай-ақ таяу инфрақызыл диапазон спектрографы (NIRISS) мен таяу инфрақызыл диапазон спектрометрімен (NIRSpec) теңшелді. Енді соңғы екі аспап та барынша дәл және айқын кескіндер ала алады.

Орта инфрақызыл аспап (MIRI) криоген жұмыс температурасына (7 K немесе –266 °C) дейін суыған соң, дәлдеудің соңғы, жетінші кезеңі басталады. Оптика MIRI-мен теңшелген соң, қажет болса, барлық аспаптар мен айналар түпкілікті бапталады.

Бейне: Уэббтың бағыттауышы (FGS) мен төрт ғылыми аспабы (NIRCam, NIRSpec, NIRISS, MIRI) телескоптың көзқарас аясына бөліседі, бірақ іс жүзінде олар аспанның әртүрлі бөлігін көреді.
🔥2
ЖАС АЙ — ТОРПАҚТА

2022 жылғы 4–5 көкекте жіңішке Ай орағын Торпақ шоқжұлдызындағы Үркер мен Гиада жұлдыз шоғырларының жанынан көруге болады.
👍2👏1
2022 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАРЫ

ЖЫЛ ОҚИҒАСЫ

8 желтоқсан 11:00 (Алматы уақыты) — ТОЛҒАН АЙДЫҢ ҚАРСЫ ТҰРЫСТАҒЫ МАРСТЫ ЖАБУЫ

Өте сирек астрономиялық оқиға! Жердің Күнге қарама-қарсы жағында жарқыраған Марсты Толған Ай 40 минутқа жабады! Өкініштісі, Марс тұтылуы Қазақстан аумағынан бақыланбайды. Дегенмен 8 желтоқсанның таңында, әсіресе Батыс Қазақстаннан, ерекше жарық Марс пен толық Айдың өте тығыз жақындасуын көре аламыз. Ал бұл күні Америкада, Еуропада, Ресейдің еуропалық бөлігінде болсаңыз, тамашадан құр қалмаңыз. Сондай-ақ оқиға YouTube'тегі тікелей эфирден беріледі.

Үшінші жыл қатарынан басты астрономиялық оқиға желтоқсанда болатынын да айтқан жөн. Ал 2018 жылы Марстың ұлы қарсы тұрысы Айдың толық тұтылуына сәйкес келген, бейнероликті қараңыз.

КҮН ТҰТЫЛУЛАРЫ

1 мамыр — Күннің жартылай тұтылуы (ең үлкен фазасы 0,64 — Алматы уақытымен 02:41). Оңтүстік Америкада, Антарктидада, Тынық пен Атлант мұхиттары айдынында бақыланады.

25 қазан — Күннің жартылай тұтылуы (ең үлкен фазасы 0,86 — 17:00). Қазақстанның барлық аумағында бақыланады. Облыстардың көбінде Күннің 65–75%-і қараңғыланса, Солтүстік Қазақстанда тұтылу 80%-тен асады.

АЙ ТҰТЫЛУЛАРЫ

16 мамыр — Айдың толық тұтылуы (ең үлкен фазасы 1,41 — 10:13). Қазақстаннан бақыланбайды.

8 қараша — Айдың толық тұтылуы (жартылай тұтылу — 15:09–18:49, толық тұтылу — 16:16–17:41, ең үлкен фазасы 1,36 — 16:59). БҚО, Атырау, Маңғыстауда бақыланбайды, ШҚО, Алматы, Павлодар, СҚО-да және Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облыстарының шығысында толық тұтылу, еліміздің қалған аумағында жартылай тұтылу көрінеді.

ЖҰЛДЫЗ ЖАҢБЫРЛАРЫ

Үш мол метеор ағыны ішінде, Квадрантидалар шыңына ғана Ай кедергі емес, Геминидаларды бақылау біршама қолайлы, Персеидтер Толған Айға сәйкес. ZHR — ағынның радианты дәл төбеде болғанда, тас қараңғыда көру қабілеті идеал бақылаушы бір сағатта көре алатын метеор саны. Іс жүзінде әлдеқайда аз метеор көрінеді.

3 қаңтар — Квадрантидалар (ZHR=120) Жаңа Ай
22 сәуір — Лиридалар (ZHR=90) Ай соңғы ширекте
5 мамыр — Эта-Акваридалар (ZHR~40) Жаңа Ай маңы
29/30 шілде — Оңтүстік дельта-Акваридалар (ZHR~16) Жаңа Ай
12 тамыз — Персеидтер (ZHR=110) Толған Ай
8 қазан — Драконидалар (ZHR~10, кейде ZHR~100-400) Толған Ай
21 қазан — Орионидалар (ZHR~20) Жаңа Ай маңы
17 қараша — Леонидалар (ZHR=15) Ай соңғы ширекте
14 желтоқсан — Геминидалар (ZHR=150) Ай соңғы ширекте

СУПЕРАЙ

Айдың толық фазасының оның Жерге барынша жақындауына (перигейге) сәйкес келуі — 14 маусым, 14 шілде

ПЛАНЕТАЛАР

Меркурий. 3 таңғы (ақпан, маусым, қазан) және 4 кешкі (қаңтар, көкек, тамыз, желтоқсан) элонгация (Күннен бұрыштық қашықтығының максимумы, әрі кеткенде 27°). Ең жақсы көрінетін кезеңдер: кешке — көкекте, таңда — қазанда.

Шолпан. Бақылауға ең қолайлы кезең — бірінші жартыжылдықта, таңда (20 наурыз — 47° ең үлкен таңғы элонгация).

Марс. Екінші жартыжылдықта жақсы көрінеді, жыл аяғына қарай жарқыраған қызыл жұлдыз түрінде көкжиектен биік көтеріледі. 8 желтоқсан — планетаның Күнмен қарсы тұрысы.

Юпитер. 26 қыркүйектегі Күнмен қарсы тұрысқа дейін және кейін өте жақсы көрінеді.

Сатурн. Бұл ғаламшарды да бақылауға ең қолайлы кез — қарсы тұрыс (14 тамыз) маңы.

Уран. Дүрбі не телескоппен күзде жақсы көрінеді. Қарсы тұрысы — 9 қараша.

Нептун. Дүрбі не телескоппен күзде жақсы көрінеді, қарсы тұрысы — 16 қыркүйек.

ПЛАНЕТАЛАРДЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСТАРЫ

20 бұрыштық минуттан жақын қосылыстар:
5 көкек 07:43 — Марс пен Сатурн — 0°18' !
12 көкек 20:49 — Юпитер мен Нептун — 0°05' !
28 көкек 01:12 — Шолпан мен Нептун — 0°00'25" !!!
30 көкек 23:40 — Шолпан мен Юпитер — 0°13' !
Жай көзбен көрінетін екі жарық планетаның жақындасуын 30 көкек пен 1 мамырдың таңында, күн шығардан бір сағаттай бұрын оңтүстік-шығыс көкжиек үстінен тамашалай аласыздар!

ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІНІҢ БАСЫ

20 наурыз 21:33 — Көктемгі күн теңелуі
21 маусым 15:13 — Жазғы күн тоқырауы
23 қыркүйек 07:03 — Күзгі күн теңелуі
22 желтоқсан 03:48 — Қысқы күн тоқырауы
👍1
NEW GLENN ЗЫМЫРАНЫ БИЫЛ ҰШЫРЫЛМАЙДЫ

Джефф Безостың Blue Origin компаниясы New Glenn зымыраны 2023 жылға дейін алғаш ұшырылмайтынын хабарлады. Оның тұсауы бұрын 2020 жылы, сосын 2021, 2022 жылдары кесіледі деп күткенбіз. Компанияның айтуынша, жаңа зымыран төмен жермаңы орбитаға 45 тоннаға дейін, геоөтпелі орбитаға 14 тоннаға жүк шығара алады.

Өз кезегінде, ULA операторының (Boeing пен Lockheed Martin-нің біріккен кәсіпорны) басшысы Тони Бруно жаңа Vulcan зымыраны осы жылдың аяғына дейін ұшатынына үміт білдірді. Бұл зымыранның тұсаукесеріне Blue Origin жасайтын BE-4 метан қозғағышының дайын болмауы қолбайлау болып тұр. Дегенмен ULA жазда алғашқы екі қозғағыш келіп қалар деп сенеді.

Vulcan ULA-ның негізгі жұмысшы зымыраны Atlas V-ті алмастыруы тиіс. Соңғы 24 Атластың бәріне келісімшарт жасалып қойған, ал жаңалары жасалмайды. ULA-да қалған үш Delta IV Heavy ауыр зымыраны да бос емес. Сол себепті, ULA жаңа тапсырыстардан құр қалуы мүмкін.

Бірақ кеше ғана ULA үшін жақсы жаңалық шықты. Безос құрған Amazon корпорациясы Kuiper интернет-жерсеріктер топтамасын орбитаға шығару үшін ULA-мен 38 ұшырылымға келісімшарт жасасты! Тағы 12 ұшырылымды Blue Origin, және 18-ін Arianspace компаниясы жүзеге асыруы тиіс. Демек Vulcan да, New Glenn де, Ariane-6 да жұмысыз қалмайды. Ал OneWeb интернет-топтамасының 1-кезегінің қалған жерсеріктерін, Роскосмоспен қатынас үзілген соң, SpaceX ұшырып беретіні белгілі.
👍2
КҮН ЖҮЙЕСІ ДЕНЕЛЕРІНДЕГІ ТАРТУ КҮШІ

Жердегі еркін түсу үдеуі (g) шамамен 9,8 м/с2 екенін білеміз. Бұл шама планетамыздың өз бетіндегі нәрселерді тартатын күшін, яғни Жердің тарту күшін сипаттайды. Күн жүйесіндегі басқа ғаламшарлардың тарту күші одан өзгеше. Мысалы, Шолпанда g 8,88 м/с2 болса, Юпитерде Жердегіден 2,5 есе артық (24,79 м/с2).

@crash.enabled есімді геймер BeamNG.drive ойынының физикалық симуляторын қолданып, Күн жүйесі денелерінің тарту күшін көрнекі салыстырды: https://imgur.com/gallery/3vwxXVY

Автокөлік үстіне түскен жүктің массасы бірдей болса да, әр планетадағы салдары әр түрлі. Ал тарту күші Жердікінен 27 есе артық Күннің қатты беті болса, ондағы көлік өз-өзінен қирап қалар еді.

#астродерек
🔥3
КЕННЕДИ ҒАРЫШ ОРТАЛЫҒЫНДА ЕКІ ЗЫМЫРАН ТҰР!

Джон Ф. Кеннеди атындағы Ғарыш орталығында, 2009 жылдан бері алғаш рет, бір мезгілде екі зымыран тік орнатылып тұр. НАСА-ның SLS суперзымыраны бер жақтағы LC-39B ұшыру алаңына бас жаттығуға шығарылған. Ал LC-39A алаңындағы SpaceX Falcon 9 зымыраны 8 көкекте Crew Dragon кемесімен Ax-1 миссиясын ұшырмақ.

Фото: John Kraus
🔥2
8 КӨКЕКТЕ 21:17-ДЕ AX-1 МИССИЯСЫ ҰШЫРЫЛАДЫ

2022 жылы 8 көкекте, Алматы уақытымен 21:17-де Кеннеди Ғарыш орталығының LC-39A ұшыру алаңынан алғашқы толық жекеменшік Ax-1 миссиясы Халықаралық ғарыш стансасына аттанады. SpaceX компаниясының Crew Dragon C206 Endeavour ғарыш кемесі ХҒС-қа үшінші рет ұшқалы тұр, ол бұрын тарихи DM-2 және Crew-2 миссияларын алып ұшқан. Falcon 9 зымыранының B1062 нөмірлі бірінші сатысы 5-ші рет қолданылмақ.

Axiom Space компаниясы ұйымдастырған туристік миссияда компанияның кәсіби ғарышкері үш туристі алып ұшады. ХҒС-қа түйісу 9 көкек, 19:30-ға жоспарланған. Экипаж онда 8 күн болып, 25 медициналық және ғылыми тәжірибе мен зерттеулер өткізеді. Ғарыш сапарының жалпы ұзақтығы — 10 күн.

Экипаж құрамы:
Командир — Майкл Лопес-Алегрия 🇺🇸🇪🇸
Ғарышқа 4 рет ұшып, онда жалпы 257 тәулік өткізген. 1958 жылы Мадридте дүниеге келген, кейін отбасы АҚШ-қа көшіп келеді. Әскери-Теңіз Күштерінің сынаушы-ұшқышы, ұшақтың 30 типінде 5700 сағат ұшқан. 1992–2012 жж. — НАСА астронавты. Ашық ғарышқа шығу саны (10) және ашық ғарыштағы жұмыс ұзақтығы (67 сағат 40 минут) бойыша АҚШ рекордшысы. 2017 жылдан Axiom Space компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры.

Ұшқыш — Ларри Коннор 🇺🇸
72 жаста, кәсіпкер, Connor Group инвестициялық компаниясының негізін қалаушы. 2021 жылы Әлемдік мұхиттың ең терең үш жеріне: Челленджер Тұңғиығына, Сирена Тұңғиығына, Мариан шұңғымасына түскен. Жекеменшік ұшақ ұшқышы, жоғары пилотаж жарыстарының бес дүркін жеңімпазы. ХҒС-та ғылыми эксперименттер өткізеді.

Миссия маманы — Эйтан Стиббе 🇮🇱
64 жаста, Израиль ӘӘК-де қырық жылдан астам жойғыш-ұшқыш болып қызмет еткен. Екінші израильдік ғарышкер атанбақ. 2003 жылы Columbia шаттлы бортында қаза тапқан бірінші ғарышкер Илан Рамонның жақын досы. Стансада ғылыми жұмыспен айналысады.

Миссия маманы — Марк Пати 🇨🇦
1969 жылы туған. Кәсіпкер, қайырымдылық жасаушы, бірнеше компания мен қордың басшысы. Канаданың 12-ші ғарышкері ХҒС-та 12 эксперимент жасауы тиіс.

Солдан оңға қарай: Ларри Коннор, Марк Пати, Эйтан Стиббе, Майкл Лопес-Алегрия
🔥2