Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
712 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
ЖЕРДІҢ ШЫҒУЫ-2022
Орион ғарыш кемесінің күн панеліндегі техникалық камераның бірі түсірген бейне
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
2022 жылғы 54-ші ұшырылым
27 қараша 01:20. КҒО, LC-39A. CRS-26 миссиясы — Cargo Dragon 2 C211 жүк кемесін ХҒС-қа жөнелту
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Falcon 9 B1076.1 жаңа 1-сатысы JRTI платформасына қонды
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Cargo Dragon 2 C211.1 жүк кемесінің зымыранның 2-сатысынан ажырауы. Кеме алғаш ұшып тұр, жаңа. Оның герметикалық бөліміне 2332 кг, герметикалық емес бөліміне 1196 кг жүк тиелген. ХҒС-пен түйісу — 27 қараша, 18:30, Жерге оралу — 45 күннен соң, қаңтарда.

Кеменің герметикалық емес бөлімінде екі iROSA жайылмалы күн панелі ораулы күйде тұр. Әрқайсының өлшемі 18 х 6 м, қуаты 20 кВт екі панель ХҒС қуатын 20–30%-ке арттырады. 2021 жылы, стансадағы негізгі 8 алып панельге қосымша, алғашқы екі iROSA жайылған еді. Болашақта барлық алты iROSA жайылғанда, олар 120 кВт энергия өндіреді. Олар аздап көлегейлеген ескі үлкен панельдер 95 кВт бермек. Сонда ХҒС күн панельдері өндіретін жалпы қуат 215 кВт-қа жетеді.
🔥1
ORION ҚАШЫҚ РЕТРОГРАД ОРБИТАҒА ШЫҚТЫ

Artemis I миссиясының 11-ші күні өтті. 2022 жылы 26 қараша, Алматы уақытымен 1:52-де Orion ғарыш кемесі Айдың ар жағындағы қашық ретроград орбитаға шықты. Кеме бұл орбитада алты күн болады.

26 қарашада, сағат 18:42-де Orion адам мінетін кемелер үшін Жерден қашықтық рекордын жаңартты. 1970 жылы Apollo 13 кемесі Айды айналған кезде планетамыздан 401 056 км ұзаған еді. Орион дүйсенбіде Жерден барынша қашықтағанда, 435 000 км-ден астам ұзайды.

Орион кабинасында коммандер Moonikin Campos атты манекен бар. Муникин Кампосқа орнатылған сенсорлар болашақ Артемида ғарышкерлеріне әсер ететін факторларды өлшейді. Ол Apollo 13 басқару командасының инженер-электригі Артуро Кампостың құрметіне аталған. Артуро кеменің қызметтік модуліндегі оттегі баллоны жарылып кеткен соң, командалық модульді аман-есен қайтуға жеткілікті энергиямен қамтамасыз ету жолын тапқан.
Фото: Орионның күн панеліндегі камера миссияның 11-күні түсірген Жер көрінісі
Credit: NASA
🤩1
САРЫЖҰЛДЫЗ КӨТЕРІЛСЕ КҮН СУЫТАДЫ

2022 жылдың соңғы айларында, кеш бұлтсыз болса, қас қарайысымен оңтүстік-шығыста ерекше жарқырап тұрған сары "жұлдыз" көзге бірден түседі. Бұл — Юпитер планетасы. Қазақша Есекқырған аталатын ғаламшар Күнге биыл 27 қыркүйекте қарсы тұрғанда, түні бойы бақыланды (комменттегі роликті қараңыз). Яғни Күн батқан сәтте, Юпитер көкжиектің қарама-қарсы жағынан шыққан. Содан бері ол әр кеш түскен сайын сәл биігіректен көрініп келе жатыр.

Халқымыз Юпитерді түсіне қарап, Сарыжұлдыз деп те атаған. Қазақ оның сыр-сипат, жүріс-тұрысын мұқият зерделеген. Қазақ есепшілері «Сарыжұлдыз көтерілген сайын күн суық болады, төмендеген сайын жыли түседі» дейді екен. Елдің шаруа жайы табиғатпен біте қайнасқан заманда, Сарыжұлдыз көкке шапшыса, суық күшейетінін екінің бірі білген.

Ғалым Хасен Әбішев (1902–1981) өзінің 1966 жылы басылған «Аспан сыры» кітабында халық сөзінің астрономиялық негізі барын жазады:
«Мәселе былай. Юпитердің Жерге ұрымтал (Күнге қарама-қарсы) келуі 1 жыл 34 күн сайын (мұны синодтық айналыс дейді) сайын қайталанып отырады, бірақ үнемі бір мезгілде емес: біресе жазға, біресе қысқа ауысып отырады, Юпитердің орбита жазықтығы эклиптикамен беттесуге жақын (арасындағы бұрыш 1°18' қана). Ал эклиптиканың жазықтығы және сонымен бірге Юпитер жолы да, қыстыгүні түнде жоғары, жаздыгүні түнде төмен тұрады. Ендеше, егер Юпитердің Жерге ұрымтал (Күнге қарама-қарсы) қалпы қыс айларына келсе, ол (Сарыжұлдыз) іңірде шығыстан туады да, түні бойы жарқырап көкке өрлей береді. Ал жаз айларында Юпитер ондай аспандамай, іргелеп (төмен) жүреді.
(...)
Ұрымтал келу кезінен кейін Юпитер көрер көзге батысқа қарап (Күнге жуықтап) жүреді. Міне, сондықтан егер ноябрь айында Сарыжұлдыз іңірде Күн батысымен шығыстан туса, декабрьде іңірде одан жоғары, январьда іңірде төбеге өрлеп кетеді де, көктемге қарай төмендеп, батысқа барып көрінбей кетеді. Тегінде бұқара халық аспанға назарын көбінесе іңірде аударады. Аяздың күшеюімен бірге Сарыжұлдыздың күн сайын шатынап жоғарылағаны, әрине, көзге шалынбай қоймайды.
(...)
Есекқырғанның суық күшеюімен бірге осылай өрлеуі ертедегі көп жұттардың біріне дөп келіп қалып отырды. Елдің шымбайына батқан жұт жылғы (мысалы 1916/1917 жылғы) Сарыжұлдыздың шақырайғаны ұмытылмастай есте қалды. Сарыжұлдыз көкке шапшыса, суық күшейеді, деп екінің бірі ырым қылып айтуы осыдан. Бірақ оған Сарыжұлдыз кінәлі емес, оның өзінің жолы солай.» (Х.Әбішев. Аспан сыры. Алматы, 2009. 59–60 б.)

Кітапта айтылған 1916 жылы Юпитердің қарсы тұрысы 24 қазанда болған. Ал келесі, 2023 жылғы қарсы тұрыс 3 қарашаға сәйкес келетіндіктен, Хасен Әбішев түсіндіріп берген заңдылық тіпті жақсы бақыланады.
#аспансыры
ORION ЖЕРДЕН БАРЫНША АЛЫСТАДЫ

2022 жылы 29 қарашада, Алматы уақытымен 02:04-те НАСА-ның ұшқышсыз Orion ғарыш кемесі өз жолының Жерден ең қашық нүктесінен өтті. Кеме 432 210 км (268 563 миль) қашықтықтағы Жерді, Айды және өзін суретке түсіріп те алды. Бұл 25,5 күндік Artemis I миссиясының дәл ортасы еді.

Мамандар сынақ тапсырмалардың 37,5%-н орындап тастады, қалғандарының көбі Жер атмосферасыне ену, құлдилау, суға қону және шығарып алу кезеңдеріне қатысты. Орион қозғағыштарының үш түрі де — негізгі, көмекші және басқару — тексерілді. Қазірше шамамен 2558 кг отын жұмсалды, бұл күтілгеннен 68 кг аз. Алда жоспарланған операцияларға қажет отыннан басқа 900 кг артық отын бар. Кемеден Жерге 2000-нан астам файл жіберілген.

Таңғы жетіге жақын Орион Жерден 432 000 км, Айдан 69 424 км қашықтықта, 2700 км/сағат жылдамдықпен қозғалып бара жатты.

Credit: NASA
👍1🔥1
ҚЫТАЙ ҒАРЫШ СТАНСАСЫНДА АЛТЫ ҒАРЫШКЕР БАР

2022 жылы 29 қарашада, Алматы уақытымен 21:08-де Қытайдың Цзюцюань ғарыш айлағынан Чанчжэн-2F зымыранымен кезекті Шэньчжоу-15 ғарыш кемесі ұшырылды. 30-на түнгі 03:42-де кеме Тяньгун ғарыш стансасына түйісті. Экипаж мүшелері Фэй Цзюньлун (2-ші ғарыштық сапары), Дэн Цинмин (1), Чжан Лу (1) стансада 5 маусымнан бері жүрген алдыңғы үштікке қосылды. Чэнь Дун (2), Лю Ян (2) мен Цай Сюйчжэ (1) Жерге Шэньчжоу-14 ғарыш кемесімен желтоқсанның басында қайтады.

Сөйтіп, стансадағы ғарышкерлер саны алтыға жетті, бұл Қытай рекорды. Тяньгун стансасы толық құрастырылып біткендіктен, енді экипаждар, ХҒС-тағы сияқты, ғарышта ауысады. Бұрын алдыңғы экипаж Жерге оралған соң барып, бос стансаға басқа тайконавтар аттанатын. Тяньгундағы төртінші экспедиция 2023 жылдың мамырына дейін жұмыс істеуі тиіс.
👍1🔥1🐳1
ОРИОН ЖЕРДЕН ФОТОҒА ТҮСІРІЛДІ

Мына кескінде НАСА-ның Orion ғарыш кемесі Жерден шамамен 427 000 км қашықтықта ұшып бара жатыр. Кескін Virtual Telescope 2.0 жобасы аясында италиялық Elena роботелескопының көмегімен алынды. Бұл үшін үш 120 секундтық және бір 240 секундтық экспозиция жасалды.

Команда JPL Horizons жүйесінің көмегімен кеменің көрінетін қозғалысына ілесіп отырды, сондықтан жұлдыздар ұзын іздер қалдырған. Бұл планетамыздан ең алыс ұзаған ғарыш кемесінің Жерден түсірілген жалғыз суреті болса керек.

Image by Gianluca Masi — The Virtual Telescope Project
👍1🔥1
ORION ҚАШЫҚ РЕТРОГРАД ОРБИТАДАН ТҮСІП, ҚАЙТАДАН АЙҒА БЕТ АЛДЫ

Орион ғарыш кемесі 2 желтоқсанға қараған түні, Алматы уақытымен 02:53-те негізгі қозғағышын 1 минут 45 секундқа қосып, Ай тұсынан тағы жақын ұшып өтуге бет түзеді. Еуропалық қызметтік модульдегі негізгі қозғағыштың тартымы 2700 кг. Оны Aerojet Rocketdyne компаниясы жасаған. Сыннан өткен қозғағыш 1984–2002 жылдары Спейс шаттлдармен 19 рет ұшып келген.

Бұл әрекет — Жерге оралу үшін орындалатын екі маневрдің алғашқысы. Екіншісі 5 желтоқсанда, кеме Ай бетінен 127 км биіктікте өткенде жасалады. Орион Ай тарту күшінің ықпалы басым аяға 3 желтоқсанда еніп, онда 6-на дейін болады.

Барлығы 3600 кг отын жұмсалды — алдын-ала есептелгеннен 65 кг аз. Алда жоспарланған операцияларға қажет отыннан басқа 1115 кг артық қор бар. Кемеден Жерге 97 гигабайт дерек жіберілген. 3 желтоқсан, түнгі 00:00-де Orion Жерден 370 000 км, Айдан 81 300 км қашықтықта, 4042 км/сағат жылдамдықпен қозғалып бара жатты.

Күн панеліндегі камера 1 желтоқсанда түсірген
Credit: NASA
2022 ж. ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ БАСТЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР: АЙДЫҢ МАРСПЕН ТОҒЫСЫ, ЕКІ МЕТЕОР АҒЫНЫ, ҚЫСТЫҢ БАСЫ

ТОЛҒАН АЙДЫҢ ҚАРСЫ ТҰРЫСТАҒЫ МАРСПЕН ТОҒЫСЫ ☀️🌍🌕

2022 жылғы 8 желтоқсанда таңертең үш бірдей астрономиялық оқиға болады:
10:10 — Айдың толуы 🌕
10:18 — Марстың Күнмен қарсы тұрысы ☀️🌍
08:16—12:13 — Айдың Марспен тоғысы, яғни Марстың бергі жағынан өтіп, оны бір сағаттай жауып қалуы 🌍🌕

Ай Марспен жылына бірнеше рет тоғысады, бірақ 8 желтоқсандағы оқиғаның ерекшелігі — толған Айдың қарсы тұрыстағы, демек кейінгі екі жылда ең жарық және ең үлкен болып көрініп тұрған Марсты тұтуы. Бақылаушыларды әдетте тоғыстың жартылай фазалары: Марстың біртіндеп Ай тасасына енуі және біраз уақыт өте Айдың екінші жағынан сығалап көріне бастауы ерекше қызықтырады. Қарсы тұрыстағы Марстың көрінетін диаметрі үлкен болғандықтан, бұл оқиғалар лезде өтпей, ондаған секунд бақыланады. Екіншіден, Марс барынша жарқырап, тіпті толық Айдың дәл қасынан да анық байқалады.

8 желтоқсандағы тоғыс Солтүстік Америка, Еуропа және Африканың солтүстік бұрышынан бақыланады. Қазақстан аспанында Ай да, Марс та тоғысқа дейін батып кетеді. Дегенмен желтоқсанның 7-нен 8-не қараған түні, әсіресе, таңға жуық, Торпақ шоқжұлдызынан толған Ай мен жарқыраған Марстың ерекше тығыз жақындасуын көре аламыз. Сондықтан аспан ашық болса, сирек оқиғаға куә болыңыз.

1 желтоқсан 10:00 — МАРС (-1,8m) ЖЕРГЕ ЕКІ ЖЫЛ ІШІНДЕ БАРЫНША ЖАҚЫНДАДЫ (81,5 МЛН КМ) 🌎↔️
2 желтоқсан 10:00 — Ай (Ф=0,72+) Юпитерден (-2,6m) 2,5° оңтүстікте өтті ☽♃
4 желтоқсан — Нептунның тоқырап, кері шегіне қозғалыстан тура қозғалысқа өтуі ♆
5 желтоқсан 22:56 — 6 желтоқсан 00:06 — АЙДЫҢ УРАНМЕН (+5,7m) ТОҒЫСЫ 🌍🌔
6 желтоқсан — Айдың Үркер жұлдыз шоғырымен тоғысы 🌍🌔☆☆
7 желтоқсан — Марс (-1,9m) пен Айдың (Ф=0,99+) жақындасуы 🌕
8 желтоқсан 10:10 — ТОЛҒАН АЙ (Ф=1,00) 🌕
8 желтоқсан 10:18 — МАРСТЫҢ (-1,9m) КҮНМЕН ҚАРСЫ ТҰРЫСЫ ☀️🌍
8 желтоқсан 10:58 — 11:37 — АЙДЫҢ МАРСПЕН (-1,9m) ТОҒЫСЫ 🌍🌕
12 желтоқсан 06:31 — Ай апогейде (Жерден 405 868 км) 🌍🌕
13/14 желтоқсан — ГЕМИНИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ (сағатына 150 метеорға дейін) 🌍🌠🌠
21 желтоқсан 21:00 — Меркурий (-1,2m) ең үлкен кешкі (шығыс) элонгацияда, Күннен бұрыштық қашықтығы 20,1° ☿
21 желтоқсан — УРСИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ (сағатына 10 метеорға дейін) 🌍🌠
22 желтоқсан 03:48 — ҚЫСҚЫ КҮН ТОҚЫРАУЫ 🌞
Солтүстік жартышарда астрономиялық қыстың, Оңтүстік жартышарда астрономиялық жаздың басталуы
23 желтоқсан 16:18 — ЖАҢА АЙ (Ф=0,00)
24 желтоқсан 14:34 — Ай перигейде (Жерден 358 269 км) 🌎↔️🌒
24 желтоқсан 23:00 — Ай (Ф=0,02+) Шолпаннан (-3,9m) 3,8° оңтүстікте өтеді ☽♁
24 желтоқсан 23:00 — Ай (Ф=0,02+) Меркурийден (-0,2m) 3,5° оңтүстікте өтеді ☽☿
26 желтоқсан — Шолпанның кешкі көріну кезеңінің басы ♁
26 желтоқсан 23:00 — Ай (Ф=0,14+) Сатурннан (+0,8m) 4° оңтүстікте өтеді ☽♄
29 желтоқсан 09:00 — Меркурийдің (+0,3m) тоқырап, тура қозғалыстан кері шегіне қозғалысқа өтуі ☿
29 желтоқсан 18:00 — Ай (Ф=0,45+) Юпитерден (-2,4m) 2,3° оңтүстікте өтеді ☽♃
29 желтоқсан — Меркурий (+0,3m) Шолпаннан (-3,9m) 1,3° солтүстікте өтеді ☿♁

ГЕМИНИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫ 🌍🌠🌠

Жылдың ең мол ағынының бірі желтоқсанның 4–17 арасында жауады, шыңы — 13-нен 14-не қараған түні. Жарық, ақ, баяу (35 км/сек) метеорлар жиі ағады. Биыл сағатына 150 метеорға дейін күтіледі.
Ағын радианты Егіздер (Гемини) шоқжұлдызында, ол түнгі екіде барынша көтеріледі. Дегенмен радиантқа қарау міндетті емес. аққан жұлдыздар бүкіл аспаннан көрінеді. 8-не толған Ай биыл елеулі кедергі. Геминидаларды комета мен астероид арасындағы 3200 Фаэтон атты дененің қалдықтары туғызады.

УРСИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫ 🌍🌠

17–27 желтоқсан аралығында бақыланатын әлсіз ағынның шыңы 21-нен 22-не қараған жылдағы ең ұзақ түнге келеді. Сағатына 10 метеор байқалуы мүмкін. Урсидалар түні бойы, тек Солтүстік жартышардан бақыланады, өйткені оның радианты Кішіқарақшыда, Темірқазықтың қасында. Оңтүстік жартышар тұрғындары бұл ағынды көре алмайды. Урсида метеорларының жылдамдығы Геминидалармен шамалас (32 км/с), бірақ әлдеқайда солғын әрі сирек ағады. Ағынды 8P/Таттл кометасының қалдықтары туғызады. Биыл Ай ақпа жұлдыздарды көруге кедергі емес.
🔥2
АТАУЛЫ КҮНДЕР 📅

14 желтоқсан — Айға аяқ басқан әзірше соңғы адамдар Юджин Сернан мен Харрисон Шмитт осыдан 50 жыл бұрын Ай бетінен ұшып кетті (Алматы уақытымен 15.12.1972 күнгі 04:54:37)
19 желтоқсан — Айға барып қайтқан соңғы ұшқышты ғарыш кемесі — Apollo 17 миссиясының (астронавтар Сернан, Шмитт және Рон Эванс) Жерге оралғанына 50 жыл
23 желтоқсан — 350 жыл бұрын (23.12.1672) Джованни Доменико Кассини Сатурнның үшінші серігі Реяны ашты
#күнтізбе
🤯1
ШЭНЬЧЖОУ-14 ҒАРЫШ КЕМЕСІ ЖЕРГЕ ОРАЛДЫ

2022 жылы 4 желтоқсанда Алматы уақытымен 18:09-да қытайлық Шэньчжоу-14 ғарыш кемесінің қону капсуласы Ішкі Моңғолия аймағындағы Дунфэн алаңына аман-есен қонды. Чэнь Дун, Лю Ян мен Цай Сючжэ ғарышта 182 тәулік, 9 сағат, 25 минут болып қайтты. Бұл алдыңғы Шэньчжоу-13 экипажы жасаған ұлттық рекордтан 7 минут кем (Wikipedia деректері бойынша).
#ҚытайҒарышта
АЙ ТҰСЫНАН ТАҒЫ ҰШЫП ӨТКЕН ORION ҚАЙТАР ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

2022 жылғы 5 желтоқсан, Алматы уақытымен 21:43-те Orion ғарыш кемесі Айға екінші рет жақындады. НАСА кемесі Ай бетінен 129,7 км биіктікте ұшып өтті. Еуропалық қызметтік модульдегі негізгі қозғағыш 3 минут 27 секундқа қосылып, кеме жылдамдығын 1054 км/сағатқа (293 м/с) өзгертті. Бұл — сынақ миссия барысындағы соңғы ірі маневр, енді тек орбита сәл түзетіліп отырады.

Ай тұсынан өткен соң, Орион өз траекториясының Жерге оралатын бөлігіне шықты. Ғарыш кемесі Тынық мұхитқа, Калифорния жағалауы маңына желтоқсанның 11-нен 12-не қараған түні 00:06-да қонуы тиіс. USS Portland мұхит кемесі бастаған құтқару флоты Орионды судан шығарып алу жұмысын жақында тағы пысықтап шықты. Orion парашютпен су бетіне қонысымен, моторлы қайықпен жеткен сүңгуірлер оған темір арқандар бекітеді. Орион шығыр көмегімен USS Portland бортына көтеріліп, арнаулы бесікшеге қойылады.

Artemis I миссиясы барысында 3650 кг отын жұмсалды, бұл есептелгеннен 81 кг аз. Кеме бактарында жоспарланған маневрлерге жұмсалатыннан басқа 941 кг артық отын қалды. 6 желтоқсан, түнгі 04:29-да Orion Жерден 393 692 км, Айдан 26 684 км қашықтықта, 1075 км/сағат жылдамдықпен қозғалып бара жатты.