Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
ХАББЛ ТЕЛЕСКОПЫ ҒАЖАЙЫП СПИРАЛЬ ГАЛАКТИКАНЫ ЗЕРТТЕДІ

«Жас келсе, іске» дегендей, Уэбб ғарыштық телескопы жұмысқа кіріскелі бері, спектрлер мен ғылыми деректерден басқа, Жерге небір тамаша кескіндер ағынын жіберуде. Олардың біразын жарияладық. Алайда әйгілі ардагер телескоп — Хаббл да өз қызметін жалғастырып отыр. Сонымен, бүгін Хабблдан бір әдемі сурет болсын.

NGC 1961 галактикасы 180 млн жарық жылы қашықтықта, Керік шоқжұлдызында орналасқан. Хаббл ғарыштық телескопы алған мына кескіннен оның керемет спираль салаларын көреміз. Галактиканың жарық орталық облысын орай жатқан шаңды спираль салаларда жас көгілдір жұлдыздар жарқырайды.

Белсенді галактика ядросына (БГЯ) ие NGC 1961 — аралық спираль галактика. Олар жіктелім бойынша қосқышы бар және қосқышы жоқ спираль галактикалар аралығында. Аралық галактиканың орталығында айқын анықталған жұлдыздар жолағы болмайды.

БГЯ галактикалардың орталығы өте жарық, олар кейбір толқын ұзындығында галактиканың қалған бөлігінен әлдеқайда көп сәуле шығарады. Мұндай галактикалар орталығында, олардың дамуына әсері мол күшті джеттер мен бөлшектер ағысын туғызатын аса ауыр қара құрдым болуы ықтимал. NGC 1961 — төмен энергиялы зарядталған бөлшектер шығаратын БГЯ-ның жиі кездесетін типі.
👏1
Image credit: NASA, ESA, J. Dalcanton (University of Washington), R. Foley (University of California - Santa Cruz); Image processing: G. Kober (NASA Goddard/Catholic University of America)
УЭББ ЖАРАТЫЛЫС ҰСТЫНДАРЫН СУРЕТКЕ ТҮСІРДІ!

НАСА-ның Уэбб ғарыштық телескопы аңызға айналған Жаратылыс Ұстындарының таяу инфрақызыл диапазондағы кескінін алды. Жылан шоқжұлдызындағы алып Бүркіт тұмандығының осы аймағы бізден 6500 жарық жылы қашықтықта. Мұндағы тығыз тозаң мен газ бұлттарында сансыз жұлдыздар түзіліп жатыр.

NIRCam камерасы түсірген суреттегі ашық-қызыл шарлар — жаңа пайда болған жұлдыздар. Газ-тозаң бұлтының гравитация тығыздаған түйнектерінен жаңа жұлдыз түзіле бастайды. Кей ұстындардың шетіндегі жарқыраған ашық-қызыл ирек сызықтар ше? Бұл — әлі түзілу барысындағы жұлдыз лақтырған зат.

Уэбб кескіндерінде әдетте алыс галактикалар көрініп тұрады. Бірақ бұл суретте емес.
Құс Жолы дискінің ең тығыз бөлігіндегі жұлдызаралық орта, яғни жартылай мөлдір газ бен тозаң қабаты, ар жақты шымылдықша бүркеп тұр. Сахна төріне енді жұлдыздар шықты.

Жаратылыс Ұстындарын алғаш 1995 жылы Хаббл ғарыштық телескопы көрген. Уэбб алған жаңа кескін, зерттеушілерге жаңа туған жұлдыздар саны мен аймақтағы газ бен тозаң мөлшерін әлдеқайда дәл анықтау арқылы, жұлдызтүзілу моделін жаңартуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, осынау тозаң бұлттарынан жұлдыздар қалай түзіліп, қалай жарып шығатынын жақсырақ түсінеміз.
🔥2
Credits:
Science: NASA, ESA, CSA, STScI
Image Processing: Joseph DePasquale (STScI), Anton M. Koekemoer (STScI), Alyssa Pagan (STScI)
🔥1😍1
ЖАРАТЫЛЫС ҰСТЫНДАРЫ — ХАББЛ МЕН УЭББ СУРЕТТЕРІН САЛЫСТЫРУ

Жаратылыс Ұстындарын НАСА-ның Хаббл ғарыштық телескопы 1995 жылы түсірген алғашқы сурет әйгіледі. Хаббл 2014 жылы бұл аймақтың көрінетін жарықтағы анығырақ және ауқымдырақ жаңа кескінін алды (сол жақта).

Уэбб ғарыштық телескопы таяу инфрақызыл диапазонда түсірген сужаңа суретте (оң жақта) тозаң қоюырақ. Жуан қоңыр ұстындар инфрақызыл жарықта селдірлеу көрінетіндіктен, түзіліп жатқан қызыл жұлдыздар молая түскендей.

Credits:
Science: NASA, ESA, CSA, STScI, Hubble Heritage Project (STScI, AURA)
😍1
20–22 ҚАЗАН — ОРИОНИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫ

Орионидалар метеор ағыны биыл шыңына қазанның 20-нан 21-не немесе 21-нен 22-не қараған түні жетеді деп күтіліп отыр. Биыл сағатына 20 аққан жұлдызға дейін бақылануы мүмкін. Ағынды Галлей кометасынан қалған бөлшектер туғызады, радианты — түн ортасы ауа шығатын Орион шоқжұлдызында.

Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста аспан ашылды, кеміп бара жатқан Ай онша кедергі келтірмейді, түн де қатты суық емес. Жарық, әдемі, тез (66 км/сек) және айқын із қалдыратын ағын жайлы — арнайы бейнероликте: https://youtu.be/JpMVKUoJ8Rg
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
2022 жылғы 48-ші ұшырылым
20 қазан 20:50. Канаверал, SLC-40. Starlink 4.36 миссиясы — 54 Starlink v1.5 жерсерігін төмен жермаңы орбитаға шығару
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Falcon 9 B1062.10 1-сатысы ASOG платформасына қонды
ЖАРТЫЛАЙ КҮН ТҰТЫЛУЫНА ҮШ КҮН ҚАЛДЫ

Дәстүр бойынша, 25 қазандағы Күн тұтылуының да еліміздің кейбір қалаларындағы көрінісін жариялап қойдық. Роликте сондай-ақ Қазақстан мен дүние жүзіндегі тұтылу бақыланатын аймақтар карталары бар.
https://youtu.be/antshLfRY6k
FALCON 9 2022 ЖЫЛЫ 48 РЕТ ҰШЫРЫЛДЫ — ЖАҢА ӘЛЕМ РЕКОРДЫ 🏆

20 қазандағы Starlink 4.36 миссиясы SpaceX Falcon 9 Block 5 FT зымыранының биылғы 48-ші ұшырылымы болды. Тарихтағы еш зымыранның нақты бір модификациясы бір жыл ішінде орбитаға одан жиі көтерілген емес. Бұрынғы рекорд Союз-У зымыранына тиесілі еді: 1979 жылы 47 ұшырылым (45-і сәтті).
🔥1
КҮН ТҰТЫЛУЫНА БІР КҮН ҚАЛДЫ

Ауа райы болжамы бойынша, ертең еліміздің біраз аумағында аспан ашық болмайтын сияқты. Сонда да ірі қалалардағы тұтылу максимумы уақыты (жергілікті уақытпен) мен сол сәттегі Күн дискі көрінісін жариялап қояйық. Толығырақ — арнадағы арнайы роликте: https://youtu.be/antshLfRY6k
🥰1
Алматы мен Астана үмітсіз емес
🙏3
КҮННІҢ ЖАРТЫЛАЙ ТҰТЫЛУЫ ДЕГЕН НЕ?

Бүгін, 2022 жылы 25 қазанда Күн жартылай тұтылады. Бұл құбылыс, Күн, Ай, Жер мінсіз сап түземей, Жер бетіне алакөлеңке немесе пенумбра, яғни ай көлеңкесінің жарықтау сыртқы бөлігі түскенде бақыланады. Толық және сақина тәрізді тұтылулар кезінде де бақылаушылардың көбі жартылай тұтылуды көретінін ескерген жөн.

Бірақ бұл жолы таза жартылай тұтылу бақыланады, яғни Жер шарының еш нүктесінде Ай Күн бетін толық тасаламайды. Ресейдің Нижневартовск қаласында тұтылу 82% болса, Қазақстанда Күн 65%-тен (Маңғыстау) 80%-ке (солтүстік аймақтар) дейін көлегейленеді.
🌚3🤯1
1990 ж. 25 ҚАЗАНДАҒЫ ПЛАНЕТАЛАР ШЕРУІ

1990 жылғы 25 қазанда, Егемендік Декларациясы қабылданған кеште*, Сатурн, Нептун, Уран планеталары Мерген шоқжұлдызына топтасқан екен. Оларға дәл бірінші ширектегі жарты Ай да қосылыпты. Біздің Құс Жолы галактикасының орталығы осы Мерген шоқжұлдызы бағытында екені белгілі.

* Қазақ ССР халық депутаты В. Вороновтың естелігінше, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация Алматы уақытымен 20:00 шамасында қабылданған.
#астродерек
🤔2
Алматыдағы жартылай Күн тұтылуы. 25 қазан 2022 жыл.
Фото: Максим Золотухин
🔥3
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
2022 UQ1 ЖЕРМАҢЫ АСТЕРОИДЫ ЖАСАНДЫ НӘРСЕ БОЛЫП ШЫҚТЫ

16 қазанда Жерден 2700 километрде өткен 2022 UQ1 жермаңы астероидын ATLAS желісінің телескопы екі күннен соң байқады. Зерттеушілер өлшемі 10 метр деп бағаланған астероидтың орбитасын анықтап, оны Атондар тобына жатқызды. Алайда астрономдар Билл Грей мен Давиде Фарноккья дененің тура бір жыл бұрын, 2021 ж. 16 қазанда да Жер маңында болғанын анықтады. Бұл күндері не болып еді, есіңізге түсті ме?

Былтыр қазанның 16-на ұшырылған Lucy зонды, биыл дәл сол күні Жерге қайта жақындап өткенін таяуда жаздық. 2022 UQ1-дің орбитасын мұқият зерттеу, оның Люсиді ұшырған Atlas V 401 зымыранының "Центавр" үдеткіш блогы екенін көрсетті. Кіші планеталар орталығы жалған "астероидты" өз тізбесінен алып тастады.

Анимация: @tony873004 / Twitter
👍1🤣1
ЭД СТОУН ВОЯДЖЕР ЖЕТЕКШІЛІГІНЕН КЕТТІ

Вояджер миссиясының ғылыми жетекшісі Эдвард Стоун зейнет демалысына кетті. 86 жастағы астрофизик бұл қызметті жарты ғасыр атқарды: НАСА тарихындағы теңдессіз жағдай. Стоун ғылыми жетекшілікке қос Вояджер ұшырылардан бес жыл бұрын, 1972 жылы тағайындалған. Оның басшылығымен зондтар барлық төрт алып планетаның тұсынан ұшып өтіп, жұлдызаралық кеңістікке шыққан адам қолының алғашқы туындылары атанды. Стоун Вояджер бағдарламасының алғашқы командасынан қалған соңғы мүше еді.

Астрофизик ретіндегі қызметін 1961 жылы бастаған Эдвард Стоун мыңнан астам ғылыми еңбек жазған. 1964 жылдан бастап Калифорния технологиялық институтының (Калтех) оқытушысы, 1976 жылдан бері — физика профессоры. 1983–88 жж. Калтехтің физика, математика және астрономия кафедрасын басқарған. 1988–2007 жж. — Кек обсерваториясы директорлар кеңесінің төрағасы. 1991–2001 жж. Стоун НАСА-ның Калтех басқаруындағы даңқты бөлімшесі — Реактивті қозғалыс зертханасының директоры болды. АҚШ Ұлттық ғылым академиясының мүшесі (1984), 2003–2009 жж. — Халықаралық астронавтика академиясының президенті.

Ғалым Ұлттық Ғылыми медальмен (1991), Магеллан сыйлығымен (1992), Карл Саган атындағы сыйлықпен (1999), Филип Класс сыйлығымен (2007), НАСА-ның "Қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі үшін" медалімен (2013), Говард Хьюз атындағы сыйлықпен (2014), азиялық Нобель — Шао сыйлығымен (2019), Бенджамин Франклин медалімен (2022) марапатталған. 1996 жылы №5841 астероидқа Стоунның аты берілді.

Эд Стоунның орнын планетолог, Кассини миссиясының соңғы ғылыми жетекшісі Линда Спилкер басты. Ол Вояджер миссияларына да атсалысқан. Вояджер-1 23,7 млрд км, Вояджер-2 19,7 млрд км қашықтықтан әлі күнге хабар жіберіп тұр. Радиоизотоптық генераторлар беретін қуат 2025 жылға дейін жетуі мүмкін.
🕊1