Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
INGENUITY МАРСҚА ҚОҚЫС ТАСТАДЫ

Ingenuity дроны 24 қыркүйекте 33-ші рет ұшты. Тікұшақ 55 секундта 111 метр қашықтыққа барып қонды. Ingenuity Езеро кратеріндегі көне өзен атырауына сапарын жалғастырды. Басында бір ай жұмысқа есептелген "Тапқырлық" бір жарым жыл ішінде, жалпы алғанда, 7,4 км жол ұшып өтті.

Дронның бағдарлау камерасы алған кескіндер ашық жарияланатындықтан, оларды кез келген адам талдай алады. Туиттер қолданушылары бір тіреуге жабысып тұрған әлденені байқады, кейін оны жел ұшырып әкетті. Бұл пластик немесе дронның тежегіш жүйесінің бөлшегі болуы мүмкін.

Жарты ғасыр ішінде Марсқа қонған аппараттардың жалпы массасынан (9979 кг) қазір жұмыс істеп тұрғандарының массасын (2860 кг) азайтсақ, Қызыл планета бетінде 7119 кг жер қоқысы жатыр.

NASA, @LarsTheWanderer / twitter.com
🥰1
ICEYE — УКРАИНАНЫҢ «ХАЛЫҚ ЖЕРСЕРІГІ»

Украиналық "Сергей Притула қоры" "Халық Байрақтары" жобасы аясында отандастарынан 600 млн гривна ($17 млн) жинаған еді. Алайда түркиялық Baykar компаниясы үш TB2 дронын тегін беретінін мәлімдеген соң, 18 тамызда бұл қаржыға бір ICEYE фин жерсерігі сатып алынды. 29 қыркүйекте Украина Қорғаныс министрі Алексей Резников ICEYE алғашқы екі жұмыс күнінде-ақ жаудың 60-тан астам әскери техникасын тауып бергенін айтты. Жойылған техниканың құны жерсеріктің бағасынан асып түскен.

Финляндиялық аттас компания шығаратын ICEYE жерсерігі апертурасы синтезделген радар (SAR) технологиясын қолданады. Оның оптикалық жерсеріктен басты артықшылығы — кез келген уақытта және кез келген ауа райында жер бетінің сапалы кескінін түсіре алуы. Яғни оған түн де, бұлт та, орман да, түтін де кедергі емес. Бірақ радар алған кескіннің ажыратымы, әдетте, оптикамен салыстырғанда нашар болады. Десе де ICEYE суреттері, қамтыған ауданына қарай, пикселіне 50–100 сантиметр ажыратымға ие. Бір сурет 225 шаршы километрге дейінгі ауданды қамтуы мүмкін. Басқа дерекке сәйкес, жерсерік 5 х 5 км аумақты пикселге 50 см ажыратыммен түсіре алады, кей жағдайда сапа 25 см-ге жетеді.

Батыс елдері Украинаға өз оптикалық жерсеріктері алған деректі беретіні белгілі. Бірақ бұл кескіндер Украина аумағын ғана қамтиды. 200 шамалы коммерциялық жерсерік түсірген суреттер кешікпей, 15–30 минутта беріледі. Ал әскери жерсеріктер алған ажыратымы жоғары суреттердің түпнұсқасы берілмейді, тек өңделіп, қорытылған ақпарат хабарланады. Бұған бірнеше сағаттар кетуі мүмкін.

ICEYE Украинаның меншігінде болғандықтан, ел Қарулы күштері өздері қалаған аумақтың қалаған форматтағы және спектрдегі кескінін барынша тез ала алады. Енді украин жағы басқыншы елдің аумағындағы көріністі де, мысалы, теміржол не автокөлік қозғалысын, өз күшімен бақылауға қабілетті. Сондай-ақ Украина үшін барлық 16 ICEYE жерсерігі жинаған ортақ деректер қоры да қолжетімді. Ресейде мұндай бірде-бір жерсерік жоғы мәлім.
🔥2
CAPSTONE КУБСАТЫ БАҒДАРЫН ТҮЗЕДІ

28 маусымда Айға ұшырылған CAPSTONE кубсаты 8 қыркүйектегі түзету маневрінен соң қиындыққа душар болғанын жазғанбыз. Кеңістіктегі бағдарын жоғалтқан аппарат өз білігінен бей-берекет үйіріле бастаған. Салдарынан Жермен байланысу қиындап, энергия жетіспеушілігі туған. Ақаудың себебін анықтап, оны жоюға мамандар бір ай жұмсады.

Кубсаттың сегіз бағдарлау қозғағышының біріндегі клапан толық жабылмайтын болып шықты. Қозғағышқа қысым берілгенде, клапаннан аққан отын қосымша реактивті тартым туғызып, аппараттың бағдарын өзгертеді екен. Басқару командасы кубсатқа жартылай ашық клапан әсерін ескеретін жаңа бағдарлама жүктеді. Нәтижесінде, соңғы телеметриялық деректер CAPSTONE үйірілуін доғарып, өз бағдарын толық бақылай бастағанын көрсетіп отыр.

Команда аппараттың жағдайын қадағалай отырып, алда жасалуы тиіс маневрлерге түзетулер енгізеді. CAPSTONE Жер-Ай жүйесінің L2 Лагранж нүктесі айналасындағы түзу сызықтық дерлік гало-орбитаға 13 қарашада шығады деп жоспарланған. Кубсаттың басты міндеті — болашақ Gateway аймаңы стансасы жұмыс істейтін осы теңдессіз гало-орбитаның орнықтылығын тексеру. CAPSTONE миссиясы жайлы толығырақ — біздің арнадағы бейнероликте: https://youtu.be/UiMOYgKM3p8
👏2
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
2022 жылғы 46-шы ұшырылым
9 қазан 05:05. Канаверал, SLC-40. Intelsat G-33/G-34 миссиясы — Intelsat компаниясының екі байланыс жерсерігін геостационар орбитаға шығару
Credit: Trevor Mahlmann
👍21
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Ұшырылым сәтінде Crew-5 миссиясының B1077.1 1-сатысы тұрған JRTI платформасы Канаверал портына кіріп келе жатқан
👍2
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Зымыран медузасы мұхиттағы ASOG платформасы бортынан
3
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
Falcon 9 B1060.14 1-сатысы ASOG платформасына қонды. Ол 14 рет қолданылған екінші үдеткіш
👏3
ЖАРТЫЛАЙ КҮН ТҰТЫЛУЫНА 15 КҮН ҚАЛДЫ

2022 жылы 25 қазандағы Күннің кезекті жартылай тұтылуы Қазақстанның барлық аумағынан бақыланады. Осыған орай, бұл құбылысты түсіндіретін роликті толықтырып, «Балаларға ғылым туралы» арнасында қайта жариялап қойдық: https://youtu.be/mVYQXHHLBuc

Ролик балаларға арналғанымен, оны ересектер де көруіне болады. Бейнеде ерекше астрономиялық оқиғаның себебі мен түрлері жайлы қысқа да нұсқа ақпарат бар. Соңында Қазақстаннан 2022, 2027, 2030, 2032 жж. бақыланатын келесі төрт тұтылу картасы берілген.

Қазақтілді ғылыми-танымдық контент танымал болсын десеңіз, роликті міндетті түрде көріңіз. Уақыт тауып, арнадағы басқа да роликтерді қарап шығыңыз. Арнаға жазылу жеткіліксіз, жазылушылар саны арнаны пәлендей көтермейді, көрілім саны әлдеқайда маңызды.
👍3
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
SpaceX ұшырылымынан тағы бір бейне: Intelsat G-34 жерсерігінің екінші сатыдан ажырауы

«...Сен, Шерхан, мені «Интернет» (әлемдік біртұтас ақпарат жүйесі), «Интелсат» (жер бетін түгел камтитын телевизиялық спутник) деген қайдағы жоқты жазасың деп жазғырасың. Олар туралы қазақ басылымында алғаш рет айтылып отырғаны осы болар. Біз жазайық-жазбайық, мақтайық-мақтамайық, олар бізсіз де күн көреді, бірақ біз ендігі жерде оларсыз күн көре алмайтын боламыз...»

Камал Смайылов, «Шерханға хат» сериялық мақаласынан. «Егемен Қазақстан» газеті, 1997 жыл
👍2
JUNO ЕВРОПА БЕТІНІҢ ЕГЖЕЙ-ТЕГЖЕЙЛІ СУРЕТІН ЖІБЕРДІ

2022 жылы 29 қыркүйекте Juno зонды Юпитердің серігі Европа бетінен небәрі 352 километрде ұшып өткенін жазғанбыз. НАСА "Юнона" жіберген Европаның мұзды бетінің тарихтағы ең егжей-тегжейлі суретін жариялады. 150 х 200 км аумақтың ақ-қара кескінін 412 км қашықтықтан SRU жұлдыздық сенсоры түсірген. Суреттің ажыратымы — пикселге 256–340 метр.

Европа бетін тіке түскен Күн жарығы емес, Юпитерден шағылған сәулесі жарықтандырып тұр. Мұндай жарықта жұлдыздар бойынша бағдарлауға арналған сенсор тамаша көрініс ала алады, ал аппараттың негізгі камералары үшін жарық жеткіліксіз. Керісінше, Күн сәулесі сезімтал жұлдыздық сенсор үшін тым күшті болар еді.

Кескіннен толып жатқан жүлгелер мен ортасы ойыс қосар жоталар көрінеді. Күңгірт дақтар атқылаған гейзер іздері болуы мүмкін, ал өлшемі 67 х 37 км ерекше ойықтың не екені белгісіз. Кескіндегі ақ нүктелерді Юпитер магнитосферасындағы жоғары энергиялы бөлшектер қалдырған.

Credit: NASA/JPL-Caltech/SwRI
1
ИТАЛИЯДА СТРОМБОЛИ ЖАНАРТАУЫ ҚАЙТА АТҚЫЛАЙ БАСТАДЫ

Стромболи жанартауы Сицилия жанындағы аттас жанартаулық аралда орналасқан. Мыңдаған жылдар бойы үздіксіз дерлік атқылап тұрған ол — әлемдегі ең белсенді жанартаудың бірі. Қайта белсенген Стромболи 9 қазаннан бастап, қатарынан үш күн лава төгуде.
#геодерек
🤯3
DART ЗОНДЫ ДИМОРФТЫҢ ОРБИТАСЫН ӨЗГЕРТТІ!

НАСА Диморф астероидының орбитасы DART зондының соққысы әсерінен өзгергенін растады! Диморфтың Дидим астероидын айналу периоды 11 сағат 55 минуттан 11 сағат 23 минутқа дейін, яғни 32 минутқа тездеген. Бұл астрономдар болжағаннан үш есе көп. Астероидтың жаңа орбитасын төрт оптикалық телескоп деректері бойынша тәуелсіз екі мамандар тобы есептеп шығарған. Өлшеу дәлдігі +/- 2 минут.

Тарихта алғаш рет табиғи аспан денесінің қозғалысы әдейілеп өзгертіліп отыр. Бұл — НАСА-ның Планета қорғанысы жүйесі жұмыс істейді деген сөз. НАСА Диморф та, Дидим де Жерге ешқашан қауіп төндірмегенін және төндірмейтінін айрықша атап өтті.
👍1🔥1👏1
АСТЕРОИД ОРБИТАСЫ ЗОНД СОҚҚЫСЫМЕН СӘТТІ ӨЗГЕРТІЛДІ

Сонымен, Жерге қауіп төндіруі мүмкін астероид орбитасын, ғарыш аппаратымен кинетикалық соққы жасау арқылы өзгертуге болатыны дәлелденді. Диаметрі 170 метр Диморф астероидының өзінен үлкендеу Дидимді айналу периоды 32 минутқа азайды. Эксперимент сәтті өтті деп саналу үшін кемі 73 секундтық өзгеріс қажет болатын, компьютерлік модельдер 4–7 минут деп болжаған.

Естеріңізге салайық, 27 қыркүйекте НАСА-ның 550 килограмдық DART зонды массасы 5 млн тонна деп бағаланатын Диморфқа 6600 м/с жылдамдықпен соғылды. Соққының энергиясы 10,6 ГДж (ГигаДжоуль) шамасында болуы мүмкін.

Тағы бір маңызды шама өлшенді. Диморфтың соққыдан кейінгі импульсінің зондтың импульсіне қатынасына тең β коэффициенті, алғашқы есептеу бойынша, 1-ден жоғары екен. Демек, Диморфтың орбиталық периодының өзгеруіне соққыдан соң оның бетінен ұшқан зат елеулі үлес қосқан. Ұзындығы 10 000 км құйрық түзген зат Хаббл телескопы 8 қазанда алған кескіннен жақсы байқалады.

Credit: NASA, ESA, STScI, Hubble
🔥1
Starship S24 және SH B7 прототиптері біріктірілді. Старбейс, Бока-Чика, Техас.
Credit: SpaceX
❤‍🔥2🏆1