Физика және Ғарыш
105 subscribers
3.47K photos
709 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
BLUE ORIGIN ДЕ ЖҮКТЕМЕ ҚАҚПАҚТАРЫН ҚАЙТА ҚОЛДАНБАҚ

New Glenn зымыранының 1-сатысын екі рет сәтті қондыра алған Blue Origin компаниясы енді жүктеме қақпақтарын да қайта қолданбақ. NG-3 миссиясына қатысқан қақпақтарға бағдарды бақылау қозғағыштары орнатылған екен. Солардың көмегімен қақпақтың атмосфераға енуі бақыланады. Компания жиналған ақпаратты пайдаланып, қақпақтарды парашютпен суға жұмсақ қондырып үйренуді жоспарлап отыр. Ал мына қақпақтардың сынықтары судан ауланып, кемемен Канаверал портына жеткізілді.
👍2
ЖАҢА NEW GLENN 1-САТЫСЫ ҰШУҒА ДАЙЫНДАЛУДА

New Glenn зымыранының "No, It's Necessary" атты жаңа 1-сатысы Blue Origin зауытынан Флоридадағы LC-36 ұшыру алаңының ангарына әкелінді 🚜🚀

New Glenn зымыранының әзірге үш 1-сатысы жасалды:
GS1-7E01 So You're Telling Me There's a Chance — NG-1 миссиясы, баржаға қона алмай қирап қалды
GS1-7E02 Never Tell Me The Odds — NG-2, NG-3 миссиялары, екі рет сәтті қонды
GS1-7E03 No, It's Necessary
👍21
160 ЖЫЛ БҰРЫН СОЛТҮСТІК ТӘЖДЕГІ ҚАЙТАЛАМА ЖАҢА ЖАНДЫ

Осыдан 160 жыл бұрын, 1866 жылғы 12 мамырда көптеген астрономдар Солтүстік Тәж шоқжұлдызынан жарық жаңа жұлдызды байқады. Жарқырауы 2-ші жұлдыздық шамаға жеткен шырақ осы шоқжұлдыздың альфасы — Геммадан (басқа аты Альфекка, 2,25m) асып түсті! Жұлдызға Солтүстік Тәждің Жаңасы деген ат қойылып, ол T әрпімен белгіленді.

1946 жылғы 9 ақпанда Амур теміржолының жол қараушысы Алексей Каменчук Солтүстік Тәж Т жұлдызының келесі жарқылын көріп, Пулково обсерваториясына хабарлады. T CrB сондай-ақ 1787 жылы жарқырады деген қуатталмаған дерек бар.

Солтүстік Тәждегі T қайталама жаңа жұлдыздар класына жататындықтан, шамамен 80 жыл сайын күрт жарқырап тұрады деп болжанады. Сол себепті, астрономдар оның кезекті жарқылын биыл күтіп отыр. Солтүстік Тәждегі T-ның қалыпты жарқырауы 10 ж.ш., сондықтан жай көзбен көрінбейді. Ал ол жарқыраған кезде Солтүстік Тәж шоқжұлдызында бірнеше күн көрінетін жаңа жұлдыз пайда болады.
#жаңажұлдыз
👍1
STARSHIP V3 ҰШУҒА ДАЙЫН

Техастағы Starbase ғарыш айлағында Starship V3 аса ауыр зымыран жүйесінің старталды репетициясы өткізілді. Оның аясында Мехазилла қолдарын старт жағдайына келтіру, кеменің қанаттарын сынау, SH B19 үдеткіші мен Starship S39 кемесіне толық отын құю мен стартқа дейінгі кері санақ пысықталды. WDR-тесттің жылдамдығын атап өткен жөн: 5000 тоннадан астам отын мен тотықтырғышты бактарға құюға небәрі жарты сағат кетті.

Осымен Старшиптің 12-ші ұшу сынағына дайындық аяқталды. SpaceX компаниясы стартты 19 мамыр, 17:30-ға (Қазақстанда 20 мамыр, 3:30) белгілеуі мүмкін. Жалпы ұшу терезелері 20–23, 27–29 мамыр күндері біздің уақытпен 3:30-да ашылады.
#жұлдызкеме
2👍2
STARSHIP V3 — ТАРИХТАҒЫ ЕҢ ҰЗЫН ЗЫМЫРАН

Starship аса ауыр зымыран жүйесінің 3-ші нұсқасының биіктігі яки ұзындығы 124,4 м. Ол Starship V1-ден 4,9 метр ұзын.
#жұлдызкеме
👍1🔥1
190 ЖЫЛ БҰРЫН БЕЙЛИ МОНШАҚТАРЫ СИПАТТАЛДЫ

1836 жылғы 15 мамырда толық күн тұтылуын бақылаған ағылшын астрономы Фрэнсис Бейли ерекше құбылысты байқап, сипаттады.

«Бейли моншақтары» (Baily's beads) — күн тұтылуының толық фазасының басында не соңында, екінші жанасудан кейін бірден немесе үшінші жанасудың дәл алдында пайда болатын оптикалық эффект. Ол ай жиегі бойындағы жарық нүктелер сияқты көрінеді. Құбылыс күн дискі ай дискінің ар жағына толық жасырынуға шақ қалғанда, ай жиегіндегі таулардың арасынан немесе кратерлер ортасындағы ойықтардан күн сәулесі жылтырап көрінгенде байқалады.

Тұтылудың толық фазасының басында не соңында байқалатын «Гауһар жүзік» эффекті айтылған құбылысқа өте ұқсас. Жарық нүктелер хромосферада болғандықтан, лағыл-қызыл (рубин) түсті болуы мүмкін. Бейли моншақтары дүрбі не телескоппен бақыланады.
👍1👀1
STARSHIP FLIGHT 12 СЫНАҒЫ 20 МАМЫРҒА ҚАРАҒАН ТҮНГЕ, 3:30-ҒА БЕЛГІЛЕНДІ

SpaceX компаниясы Starship-тің 12-ші ұшу сынағының нақты уақытын ресми бекітті: ол Қазақстан уақытымен 2026 жылғы 20 мамырға қараған түні, 3:30-да өтеді.

Бұл мүлдем жаңа V3 нұсқасындағы зымыранның (екі сатысы да жаңартылған), жаңа Raptor V3 қозғағыштарының дебюті және Starbase ғарыш айлағындағы жаңа Pad 2 (Pad B) алаңынан жасалатын алғашқы старт болмақ. V3 модификациясы алдыңғы нұсқадан биік әрі ауыр — осылайша, тарихтағы ең үлкен (биіктігі 124,4 м), ең ауыр (старттағы массасы 6350 т) және ең қуатты (бірінші сатыдағы барлық қозғағыштың жалпы тартымы шамамен 8000 т) зымыранның тұсауы кесіледі.

Шынын айтқанда, Старишиптің V1, V2 нұсқалары толыққанды тасығыш зымыран емес еді, өйткені олар орбитаға айтарлықтай пайдалы жүк шығара алмайтын (мұндай алып үшін жоспарланған 35 тонна түк емес), іс жүзінде өз-өзін ғана көтеретін. Тек V3 нұсқасы ғана толық көп мәрте қолданыста төмен жермаңы орбитаға 100 тоннадан астам жүктеме шығаруға қабілетті нағыз тасығышқа айналады.

🚀 Бірінші саты — SH B19 үдеткіші Мексика шығанағына суға қонады. Оны қызметтік мұнарадағы манипуляторлармен («Мехазилламен») қармау әрекеті жасалмайды.
🚀 Екінші саты — Starship S39 кемесі Аустралияға жақын маңда су бетіне қонады.

Егер бәрі жоспарланғандай өтсе, келесі, 13-ші ұшуда екінші саты — Ship 40 ақыры орбитаға шығып, толыққанды ғарыш аппаратына айналады, алайда кейін бәрібір мұхитқа құлайды. 2-сатының жаңа нұсқасы екі рет сәтті ұшқаннан кейін барып оны қармап алу әрекеті жасалады. Екі сатының екеуі де сәтті қармалса, Starship тарихтағы алғашқы толық қайта қолданылатын зымыранға айналады.
#жұлдызкеме
1👍1