Физика және Ғарыш
105 subscribers
3.47K photos
709 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
«СОЮЗ-5/СҰҢҚАРДЫҢ» АЛҒАШҚЫ ҰШУЫ ЖАЙЛЫ ТОЛЫҒЫРАҚ

Сонымен, 2026 жылғы 30 көкекте «Сұңқар» немесе «Иртыш» деп те аталатын жаңа «Союз-5» зымыраны алғаш рет ұшырылды. Старттық массасы 530 тонна, керосин-оттегімен жұмыс істейтін екі сатылы зымыран бөлінбейтін пайдалы жүк имитаторымен бірге суборбиталық ұшуды жүзеге асырды. Бірінші сатының жұмыс істеу кезеңінде зымыран солтүстікке қарай қозғалды. Бөлінгеннен кейін екінші саты бірден жоспарлы түрде бағытын оңға бұрып, орбитаға шықпастан Тынық мұхиты үстінде атмосфераға қайта енді.

Зымыранның бірінші сатысын старт тағанынан РД-170-тің жаңартылған нұсқасы — жалғыз төрт камералы РД-171МВ қозғағышы көтерді. Тартымы 800 тонна-күштен асатын ол тарихтағы ең қуатты сұйық отынды зымыран қозғағышы болып қала береді.

Екінші сатыда тартымы 60 тонна-күш жаңа төрт камералы РД-0124МС қозғағышы жұмыс істеді. Негізінде, ол біртұтас рамаға орнатылған екі дана екі камералы қозғағыш (сыннан өткен төрт камералы РД-0124А негізінде жасалған). Тартымы шамамен 30 тонна-күш болатын РД-0124А қозғағышының өзі «Союз-2.1б» мен «Ангара-А5» зымырандарының үшінші сатысында, сондай-ақ «Ангара-1.2» зымыранының екінші сатысында қолданылады.

«Союз-5» зымыранының корпус диаметрі 4,1 метр (зауыттан ғарыш айлағына дейінгі теміржол тасымалының мүмкіндіктерімен шектелген), бұл «Протон-М» зымыранымен бірдей. Ал оның құйрық бөлігі «Зенит» зымырандары сияқты диаметрі 3,9 метр етіп жасалған. Мұндай шешім бастапқыда «Зенит-2» үшін салынған №45/1 ұшыру қондырғысын ішінара пайдалануға мүмкіндік берді. «Бәйтерек» старттық кешені — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы.

«Союз-5» неліктен суборбитамен ұшты?

Мұндай траектория екінші сатының елді мекендерге және жалпы Қазақстан аумағына құлауын болдырмау үшін — жаңа зымыранның алғашқы ұшуындағы сақтық шарасы ретінде әдейі таңдалды. Екінші сатының ұшу трассасы Сібірдің халық аз қоныстанған не елсіз аймақтары үстінен өтті, ол жерлерде апат жағдайында сынықтардың құлауы қауіпсіз. Сонымен қатар, бүкіл ұшу процесі ресейлік бақылау құралдарының қамту аймағында өтті.

#зымыранұшыру #ҚазақстанҒарышта
👍2
«СОЮЗ-5/СҰҢҚАР» ЖАЙЛЫ ПІКІРТАЛАСТАН БІР ҮЗІНДІ

Авиация мен космонавтика саласындағы эксперт Вадим Лукашевичтің «Союз-5/Сұңқар» жайлы ерекше пікірін сәл ықшамдап берейік:

"«Байқоңыр» ғарыш айлағынан Ресей мен Қазақстанның бірлескен «Бәйтерек» жобасы аясында «Союз-5» зымыраны алғаш ұшырылды. Бұл жаңалықтың әр тұсы қызық.

Алдымен Ресей бұл зымыранды өзінікі санап, «Союз-5» деп атаса, Қазақстан «Сұңқар» деген атаумен өз жобасы деп есептейтінінен бастайын. Жалпы «Бәйтеректің» ресми тарихы 2004 жылы басталды — қазақ тарапы Ресейді Байқоңырға байлап қоюды және сонымен бірге жаңа ортақ зымыранға ие болуды көздеді. Әрине, қаржыны молынан игеру де (бұл туралы өз басым жақсы білемін) назардан тыс қалмады.

Бастапқыда «Энергия-Буран» жобасынан қалған және Байқоңырды жалдау шартынан кейін қазақ меншігіне өткен Әмбебап стенд-старт кешенінен (УКСС) жаңа ресейлік «Ангараны» ұшыру жоспарланған еді. Яғни, Ресей «Ангараны» жасайды, ал қазақтар өз есебінен УКСС-ті соған бейімдеп қайта жабдықтайды деп шешілді. Бірақ Ресей өз аумағындағы ғарыш айлағынан ұшатын «Ангараны» тек Байқоңырдағы «Протонның» алмастырушысы ретінде қарастырғандықтан, Байқоңырдағы «Ангара» жобасы іске аспады. Шамамен 2012–2013 жылдары «Ангараның» орнына украиналық «Зенит-2» қарастырылды, бірақ Қырым мен Донбасстағы оқиғалар бәрін бұзды — нәтижесінде «Южмаш» жасаған «Зенит-2» Ресей үшін қолжетімсіз болып қалды. Осылайша 2016–2017 жылдары Самарада (Ресей) «Зенит-2» зымыранын қайта жаңғырту идеясы пайда болды.

Міне, ең басты мәселеге де келдік: «Союз-5»/«Сұңқар» — бұл «Зенит-2» зымыранының терең модернизацияланған ресейлік нұсқасы.

Қазір бәрі «Союз-5» зымыранын «принципиал жаңа» деп жатыр. Бірақ шын мәнінде солай ма?

Біріншіден, «Союз-5» зымыранының диаметрі («Зенит-2»-дегі 3,9 метрден) 4,1 метрге дейін, ал бірінші сатысының ұзындығы (тиісінше 32,94 метрден 37,14 метрге дейін) ұзартылды, бұл көбірек отын сыйғызуға мүмкіндік берді. «Зенит-2»-нің бірінші сатысында РД-171М қозғағышы тұрса, «Союз-5»-те — РД-171МВ орнатылған. Негізінде бұл 1985 жылдан бері ұшып жүрген сол баяғы РД-171 қозғағышы, тек РД-171МВ — толықтай ресейлік және өндірістің цифрлық технологияларына бейімделген.

РД-171М бір реттік болған, ал «жаңа» РД-171МВ — 10–15 тұтату цикліне есептелген көп реттік қозғағыш деген уәж айтылады. Шын мәнінде, бұл қулық. РД-170 қозғағышы 1970-жылдардың соңы – 1980-жылдардың басында екі модификацияда жасалған: «Энергия» зымыранының бірінші сатысындағы көп реттік блоктар үшін (кемінде 15 рет ұшыру ресурсымен) және «Зенит-2» үшін ресурсы азайтылған РД-171 нұсқасы. Яғни, РД-171МВ-ның «көп реттік» қасиетіне оралуында ешқандай жаңалық жоқ, ал мұны бір реттік зымыранда мақтаныш көру — ақылға қонымсыз.

...Сонымен қатар, РД-171 ешқашан таза бір реттік болған емес, өйткені зымыранға орнатылмас бұрын қозғағыш сынақтан өткізіледі (прожиг), яғни бір реттік зымыранда қолданылса да, қозғағыштардың бірнеше ұшу цикліне жететін ресурсы болған. Қорыта айтқанда, «Союз-5»-тің бірінші сатысының қозғағышында түбегейлі жаңа ештеңе жоқ (өндіріс технологиясының қағаз сызбалардан цифрға көшуі және басқару жүйесінің аналогты-цифрлықтан толық цифрлыққа ауысуы — бұл 40 жылдан астам ұшып жүрген қозғағыш үшін заман талабы ғана).

Екіншіден, «Зенит-2»-нің екінші сатысында ескі РД-120 қозғағышы болса, «Союз-5»-те — «жаңа», бірақ қуаты аздау РД-0124 орнатылған (бұл қозғағыш «Союз» зымырандарының үшінші сатыларында 20 жылдан бері қолданылып келеді).

Соған қарамастан, отын қорының көптігі (және екі сатыдағы қозғағыштардың ұзақ жұмыс істеуі) арқасында «Союз-5»-тің жүк көтергіштігі төмен жермаңы орбитаға 17,4 тоннаға дейін артты («Зенит-2»-де 13,7 тонна болған).

Ең басты айырмашылық: «Зенит-2» Днепропетровскідегі (УКСР) «Южное» КБ-да кеңестік кооперациямен жасалса, «Союз-5» — толықтай ресейлік өнім.
👍2
Кейбір БАҚ өкілдері «Зенит-2» қозғағыштары керосинмен жұмыс істесе, «Союз-5» жаңа, жоғары энергиялы көмірсутек отыны — нафтилмен ұшады деп хабарлады. Бірақ нафтил РГ-1 — бұл ондаған жылдар бойы, соның ішінде «Зенит-2»-де де қолданылып келе жатқан жоғары тазартылған керосин сорты екенін ескермейді. ...Яғни украиналық «Зенит-2» РГ-1 керосинімен ұшқан, ал жаңа ресейлік «Союз-5» сол баяғы РГ-1-мен, бірақ «нафтилмен» ұшады екен.

Соңғы түйін.
Мен «Союз-5»-ті жаңа зымыран деп атамас едім — қайталап айтамын, бұл 1985 жылдан бері ұшып келе жатқан «Зенит-2»-нің терең (ресейлік локализациясы бар) модификациясы. Ал бүгінгі әлемде, тіпті жекеменшік стартаптарға дейін тек көп реттік бірінші сатысы бар зымырандар жасап жатқанда, мұны «принципиал жаңа» деп атау — ерсі көрінеді.

Бұған қоса, бірінші сатысында әлемдегі ең қуатты (біз мақтан тұтатын) көп камералы оттегі-керосин қозғағышы бар «Союз-5» идеологиясы ескірген. Өйткені ол бірінші сатыны сақтап қалуға (қуатты төрт камералы РД-171МВ-ны қонуға қажет дроссельдеу деңгейімен сөндіріп, қайта қосуға) мүмкіндік бермейді.

Түйін: бүкіл әлем әлдеқашан не ең жоғары энергиялы оттегі-сутегі жұбын, не көп реттік қолданысқа ең қолайлы оттегі-метан жұбын пайдалануға көшкен. Біз болсақ, бір реттік зымырандағы «керосин-оттегі» кеңестік технологиясын жаңа жетістік ретінде көрсетіп, «Союз-5»-тің экономикалық тұрғыдан барлық көп реттік бәсекелестерінен тумай жатып-ақ жеңіліп қалғанын айтпай отырмыз."

----------------
Әділдік үшін, Лукашевичтің посты астындағы қарсы пікірдің бірін де келтірейік:

Олег Салмин
"> «Союз-5»-те — «жаңа», бірақ қуаты аздау РД-0124 (20 жыл бойы «Союз» зымырандарының үшінші сатысында ұшып жүр)
«Сарапшының» деңгейі көрініп-ақ тұр (немесе хайп үшін әдейі өтірік жазылған). «Союз-5»-те «20 жыл бойы «Союз» зымырандарында ұшқан РД-0124» емес, РД-0124МС орнатылған — бұл жер мен көктей айырмашылық, іс жүзінде жаңа қозғағыш. Оған қосымша әріптер жалғамай, жаңа индекс беру керек еді. Бірақ бұл да тіпті жақсы — осындай «сарапшыларды» бірден байқауға мүмкіндік береді.

Тіпті нафтилді айтпағанның өзінде:
1. Жаңа қозғағыштың тартым күші 2 ЕСЕ көп: 30 тк орнына 60.34 тк.
2. Ол ортақ рамаға орналасқан екі автономды блоктан тұрады. Әр блоктың өз турбонасос жүйесі мен екі жану камерасы бар, мұның таза төрт камералы алдыңғы нұсқадан айырмашылығы — блоктардың бірі сөнген жағдайда да жұмысты қамтамасыз етеді.
3. Тартым векторын басқару: жану камералары екі жазықтықта тербеледі, бұл қосымша рульдік қозғағыштарсыз-ақ тангаж, рыскание (бұрылу) және крен (қисаю) бойынша басқаруды қамтамасыз етеді.
Бұл ретте ол «негізгі» нұсқамен салыстырғанда құрылымы жағынан қарапайым. Қазіргі уақытта ол БАРЛЫҚ оттегі-керосин қозғағыштар арасында рекордтық үнемділік пен меншікті импульске ие.

Ал «метан» үшін осы зымыранның келесі нұсқасы — «Союз-6» (немесе 7), яғни «Амур-СПГ» жобалануда. Бұл қисынды көрінеді — алдымен жаңа зымыранды сынақтан өткізіп, содан кейін жаңа қозғағыштар мен отынға көшу керек. Маск та бірден метаннан бастаған жоқ. Ал Starship әлі де сынақ сатысында және тек суборбиталық ұшуларды орындап жүр.

Ал бірінші сатыларда оттегі-сутегін қолдану мүлдем тиімсіз, қымбат және өте кірпияз. Сондықтан да SLS — бұл өлім алдындағы қымбат монстр (бір ұшуы 1,5-2 млрд доллар), ол старт кезінде сутегінің ағуы деген мәңгі проблемаға ие, соның кесірінен старттар бірнеше рет кейінге шегерілді (2022 жылы осы себепті жарты жылдан астам ұша алмай, борттағы барлық кубсаттар «істен шығып», бағдарламасын орындай алмады).
Дәл осы себепті бір ұшуы 400 млн доллар болатын дәл сондай қымбат Delta IV тарих қойнауына кетті.
Оттегі-сутегі тек екінші сатылар мен үдеткіш блоктар үшін тиімді. Сондықтан «Энергияда» ол екінші сатыда болды және «Ангара А5» зымыранында да солай жасау жоспарлануда."
👍1
Дмитрий Самойлов
"«...БАРЛЫҚ оттегі-керосин қозғағыштар арасында рекордтық үнемділік пен меншікті импульске ие».
Маман емес адамға түсіндіріп бере аласыз ба: неліктен бірінші және екінші сатыларында теңдессіз рекордшы қозғағыштары бола тұра, «Союз-5» төмен жермаңы орбитаға 17 тонна шығарады, ал старттық массасы шамалас Falcon 9 — 22,8 тонна, яғни 1,3 есе артық шығарады?"

Олег Салмин
"Ғарыш айлақтарының орналасуы туралы естігенсіз бе? «Союз-2» Курудан ұшқанда Байқоңырмен (тіпті Плесецкпен) салыстырғанда геостационарға 2 ЕСЕ көп пайдалы жүк шығаратын. АҚШ ғарыш айлақтары Курудан көп қалыспайды.
P.S. Ал іс жүзінде, Falcon 9 ешқашан 22,8 тонна шығармайды, өйткені ол бір реттік нұсқада ұшпайды, ал көп реттік нұсқада оның мүмкіндігі сол баяғы 17 тонна.

РФ-да қазірдің өзінде 24,5 тонналық ауыр тасығыш — «Ангара А5» бар. «Союз-2» (7-9 тонна) және жеңіл «Ангара А1.2» (3,8 тонна) бар.
Бұлардың арасындағы, «А5»-ке қарағанда арзанырақ, орта класты тасығыш керек болды. Сонымен қатар, менің білуімше, «Союз-5» — бұл «Союз-6/7» (Амур-СПГ) жобасындағы көп реттік метанға көшпес бұрынғы аралық буын (зымыранды пысықтау кезеңі). Жаңа қозғағыш пен зымыранды сынақтан өткізу үшін тағы бірнеше жыл күтуге болар еді... Бірақ күтпеуге де болады (дәл осылай жасалғанына қуаныштымын)."

----------------
БІЗДІҢ ТҮЙІН

Қысқасы, пікірталас «Союз-5» — Роскосмос мақтана алатын жаңа зымыран ба, әлде 1985 жылы алғаш ұшырылған кеңестік «Зениттің» украин бөлшектерінен арылған нұсқасы ма дегенге саяды. Қалай болғанда да бұл зымыран қазақстандық өнім емесі айқын, сондықтан оның техникалық жаңалықтары бізге онша маңызды емес.

Жаңа тасығыштың басты ерекшелігі — Ресейге жалға берілген «Байқоңыр» ғарыш айлағынан емес, Қазақстанға тиесілі (және ҚР есебінен қайта құрылған) «Бәйтерек» кешенінен ұшатыны. Бұл жәйт санкцияға түспей, ғарышқа жүктеме ұшырып беру нарығына шығуға көмектесе ме, және «Союз-5/Сұңқар» бәсекеге қаншалық қабілетті — уақыт көрсетер.

#зымыранұшыру #көбәріп
👍1
FALCON HEAVY #12: VIASAT-3 F3 МИССИЯСЫ

2026 жылғы 29 көкекте Кеннеди ғарыш орталығындағы LC-39A ұшыру алаңынан 12-ші Falcon Heavy аса ауыр зымыраны ұшырылғаны белгілі. Тасығыш 6,4 тонналық ViaSat-3 байланыс жерсерігін геостационар орбитаға шығарды.

«Ауыр Сұңқардың» көтерілуінің тамаша фотоларын ұсынамыз.

Credit: SpaceX
#фотокөрме #зымыранұшыру
👍1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Жиырма жеті шүмектен атылған жермайдың жалыны
👍1
FALCON HEAVY #12: ҚОС ҮДЕТКІШТІҢ ҚОНУЫ

ViaSat-3 F3 миссиясын орындаған Falcon Heavy зымыранының жаңа B1098 орталық сатысы шығындалды. Ал қос қапталдағы B1075 (22-ші ұшу), B1072 (2-ші ұшу) үдеткіштері LZ-2, LZ-40 алаңқайларына сәтті қонды.

Алаңқайлардың арасы тоғыз шақырым болғандықтан, бұл жолы (Falcon Heavy тарихында бірінші мәрте) қатар қонған қос үдеткіш көрінісін тамашалай алмадық. Зымыран сатысы алғаш тік қонған тарихи LZ-1 алаңқайы былтыр жабылған еді.
👍1
FALCON HEAVY #12: ЖҮКТЕМЕ ҚАҚПАҚТАРЫ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

ViaSat-3 F3 миссиясын орындаған Falcon Heavy зымыранының екі жүктеме қақпағы да судан шығарылып, Канаверал портына жеткізілді. SpaceX компаниясы оларды осымен 942-ші рет (482 миссия аясында) қайта қолданып отыр. Бір қақпақ 3 млн доллар тұрады деген ақпарат бар, демек компания $2,8 млрд үнемдеген. Әрине, оларды судан алып шығып, келесі ұшуға дайындауды ескергенде, бұл сан біршама азаятын шығар.

Бір жүктеме қақпағының қайта қолданылу рекорды 36-ға жетті. Төбесі жабылмайтын Dragon кемелерін санамағанда, биылғы миссиялардың барлығында кемі бір бұрын ұшып келген қақпақ пайдаланылды.
👍21
FALCON HEAVY #12: ҰШЫРЫЛЫМ КӨРІНІСТЕРІ

Falcon Heavy-дың 2026 жылғы 29 көкектегі стартының тағы біраз тамаша фотолары
👍1