Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
27 ҚЫРКҮЙЕК 2022 — ЮПИТЕРДІҢ ҰЛЫ ҚАРСЫ ТҰРЫСЫ

Бүгін түнде Юпитер Жерге 591 млн 292 мың км-ге дейін жақындап, көрінетін диаметрі 49 бұрыштық секундқа, ал жарқырауы −2,9m жұлдыздық шамаға жетеді. Бұл Есекқырғанның бізге соңғы 59 жылдағы барынша жақындауы.

Юпитер кеш түсе шығыстан, ерекше жарық «жұлдыз» түрінде бірден байқалады. Түн ортасында ол тура оңтүстікте, 47°-қа дейін көтеріледі. Дүрбімен оның Галилей ашқан басты төрт серігін: Ио, Европа, Ганимед пен Каллистоны көруге болады.

Толығырақ — арнадағы жаңа роликте: https://youtu.be/7C-5V6_LemM
🥰1
ОСЫ ТҮНДЕ! DART ЗОНДЫНЫҢ АСТЕРОИДҚА СОҒЫЛУЫН УЭББ, ХАББЛ ЖӘНЕ ЛЮСИ БАҚЫЛАЙДЫ

НАСА-ның DART зонды Дидим астероидының серігі Диморфқа 27 қыркүйекке қараған түні, Алматы уақытымен таңғы 5:14-те соғылады. Италиялық LICIACube кубсаты оқиғадан 3 минуттан соң соққы орнының суретін алуы тиіс. Дегенмен зертеушілер дәл соққы сәтін көргісі келетіні түсінікті.

Бұл үшін Күн—Жер жүйесінің L2 Лагранж нүктесіндегі Уэбб ғарыштық телескопы мен астероидтар белдеуіне бара жатқан Люси ғарыш аппаратының мүмкіндіктері пайдаланылмақ. Ал жермаңы орбитадағы Хаббл ғарыштық телескопы, соққы сәтінде Жер тасасында болатындықтан, бақылауға 15 минут кеш қосылады.

Бұл аппараттар мүлде басқа мақсатта жасалған, сондықтан ғалымдар олардың не көрерін болжай да алмай отыр. Мамандар соққы сәтін дәл ұстау қолдан келе қоймас деп топшылайды, бірақ бәрібір әрекеттеніп көрген жөн. Қалай болғанда да, болашақта бұл үшеуі Диморфқа анда-санда көз тігіп, соққы оның траекториясын қалай өзгерткенін қадағалап тұрады. Олар жинаған ақпарат Жердегі телескоптар мен кубсат берген мәліметтерді толықтырады.

НАСА арнасындағы тікелей эфир 27 қыркүйек, 03:30-да басталады. Көрермендер DART зонды бортындағы DRACO камерасы хабарлайтын бейнені көре алады.
https://youtu.be/-6Z1E0mW2ag
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
DART ЗОНДЫ ДИМОРФ АСТЕРОИДЫНА СОҒЫЛДЫ!

НАСА-ның DART зонды Дидим астероидының серігі Диморфқа, жоспарланғандай, 2022 жылы 27 қыркүйекте, Алматы уақытымен таңғы 5:14-те соғылды. Зонд астероидқа құлағанға дейін, оның DRACO камерасы секунд сайын бір сурет түсіріп, Жерге хабарлап отырды. Олар НАСА арнасындағы тікелей эфирде таратылды. Назарларыңызға миссияның соңғы жарты минутын ұсынып отырмыз.

Соққы нәтижесінде, Диморф траекториясы проценттің миллиондаған бөлігіндей өзгереді. Есептеулер бойынша, Диморф Дидимге жақындап, айналу периоды 10 минуттай тездеуі тиіс. Үлкендігі шамалас қауіпті астероид алдын-ала ашылған жағдайда, планетамызға төнетін қатердің бетін қайтаруға осы өзгерістің өзі жеткілікті болмақ.

НАСА планета қорғанысының алғашқы сынақ миссиясы сәтті жүзеге асырылды! DART зондын жасаған Джонс Хопкинс университеті Қолданбалы физика зертханасы мен НАСА тағы бір тамаша жетістікке қол жеткізді.

Credit: NASA
🔥2
LICIACUBE КУБСАТЫ АЛҒАН АЛҒАШҚЫ КЕСКІНДЕР

DART зондының соғылуы нәтижесінде Диморф астероидынан ұшқан шаң мен ұсақ тастар үлкендеу Дидим астероиды айналасында арка түзді.

Credit: ASI/NASA
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
DART-ТЫҢ ДИМОРФҚА СОҒЫЛУЫ SAAO ТЕЛЕСКОПЫ КӨЗІМЕН

Оңтүстік Африкадағы SAAO телескопы түсірген кескіндерден соққы әсерінен Диморфтан ұшқан шаң мен бөлшектер жақсы байқалады.
УЭББ НЕПТУНДЫ, СЕРІКТЕРІ МЕН САҚИНАЛАРЫН КӨРДІ /УЭББ САҚИНАЛАРЫ-3/

Күн жүйесіндегі ең алыс планета Нептун — ең аз зерттелген ғаламшардың бірі. Мұзды алыптың тұсынан тек Вояджер-2 аппараты ұшып өтті, басқа бақылаудың бәрі Жердегі не орбитадағы телескоптармен жүргізілуде. 2022 жылы 21 қыркүйекте Уэбб ғарыштық телескопының NIRCam камерасы да Нептунды таяу инфрақызыл диапазонда бақылады.

Алынған кескіндерде Нептунның өзінен басқа, оның жұқа шаңды сақиналары және 14 серігінің жетеуі көрінеді. Серіктердің ең жарығы — мұзды қыртысы жарықты жақсы шағылдыратын Тритон. Суретке Құс Жолындағы бірнеше жұлдыз (оларды алтыбұрышты сәуле бойынша ажыратуға болады) бен алыс галактикалар да түсіп қалды.

Нептунның әдеттегідей көкшіл түске боялмауы оның атмосферасындағы метанның инфрақызыл жарықты күшті жұтуымен байланысты. Тек метан мұзынан түзілген биіктегі бұлттар ғана жарықты жақсы шағылдырады, Оңтүстік полюс маңындағы дауылдың көрінуіне де оны қоршаған биік бұлттар себеп. Астрономдар сондай-ақ экватор тұсындағы жарық жіңішке сызықты байқады, ол жаһандық атмосфералық циркуляция туғызуы ықтимал.

Credit: NASA, ESA, CSA, STScI, Joseph DePasquale
🔥1😍1
АСТЕРОИДҚА СОҒЫЛУ HUBBLE МЕН WEBB ТЕЛЕСКОПТАРЫ КӨЗІМЕН

Хаббл және Уэбб ғарыштық телескоптары алғаш рет бір мезгілде аспандағы бір нысанды бақылады. Бұл, әрине, Дидим астероидының серігі Диморф еді. 27 қыркүйекте оған НАСА-ның DART зонды құлады. Телескоптар соққыны әртүрлі толқын ұзындықтарында бақылады: Хаббл — көрінетін жарықта, Уэбб — инфрақызыл диапазонда. Осылайша ғалымдар Диморфтан ұшқан зат бұлтындағы бөлшектердің мөлшері мен таралуын, яғни онда үлкен кесектер әлде ұсақ тозаң бөлшектері көбірек болғанын біле алады.

Уэбб соққыға дейін бір, және соққыдан соң бірнеше бақылау жасады. Оның NIRCam камерасы жалпы бес сағат ішінде 10 сурет алды. Астероид Уэббтың әдеттегі жылдамдық шектеуінен үш есе тез жылжитындықтан, бұл жұмыс бірнеше апта дайындықты талап етті. Дидим қосар астероид жүйесі алдағы айларда Уэббтың MIRI аспабы және NIRSpec спектрографымен бақыланады. Спектроскопия көмегімен астероидтың химиялық құрамы анықталады.

Хаббл қосар астероидқа соққыға дейін, және соққыдан 15 минуттан соң көз тікті. Телескоп жалпы алғанда 8 сағат ішінде 45 сурет түсірді. Кең ауқымды камера көрінетін жарықта алған кескіндерде соққыдан шашылған зат астероидтан тараған сәулелер сияқты байқалады. Хаббл алдағы үш аптада Дидим-Диморф жүйесіне 10 рет қарап, тозаң бұлтының жайылуы мен жоғалуын қадағаламақ.

Credits: NASA, ESA, Jian-Yang Li (PSI); Alyssa Pagan (STScI)

Credits: NASA, ESA, CSA, Cristina Thomas (Northern Arizona University), Ian Wong (NASA-GSFC); Joseph DePasquale (STScI)
👍1🤩1
‼️
Алматы уақытымен 2:30-да басталатын мәслихатқа НАСА-ның ғылыми директоры Томас Зурбухен, НАСА директорының ұшқышты миссиялар жөніндегі орынбасары Кэти Людерс, Хаббл телескопы бағдарламасының менеджері Патрик Кроуз, SpaceX-тің клиенттермен жұмыс жөніндегі вице-президенті Джессика Дженсен және Polaris Dawn миссиясының жетекшісі Джаред Айзекман қатысады.

Хаббл телескопы мен SpaceX Crew Dragon ғарыш кемесімен ұшатын Polaris Dawn миссиясы жайлы маңызды жаңалық хабарлануы мүмкін.
🔥1🤔1
SPACEX ХАББЛ ТЕЛЕСКОПЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ҰЗАРТАДЫ

Кешегі мәслихатта не айтылды?
НАСА мен SpaceX Хаббл ғарыштық телескопының орбитасын Dragon кемесі көмегімен көтеру идеясын талдау жөнінде келісімге келген екен. Идеяны SpaceX пен Polaris бағдарламасы бірлесіп ұсынған. Миссияны SpaceX өзі қаржыландырады, НАСА-дан шығын шықпайды. Талдау алты айға созылуы мүмкін. Телескопқа қалай қауіпсіз жақындау, онымен түйісу және орнықты орбитаға көтеру мәселелері қарастырылады. Dragon кемелерінің ХҒС-қа түйісу тәжірибесі де пайдаланылады.

1990 жылы ұшырылған Хаббл Жерді 539 км биіктікте айналады, орбита уақыт өте біртіндеп төмендеуде. Кроуздың айтуынша, телескопты 600 км биіктікке көтеру оның жұмысын 15–20 жылға ұзартар еді. Идея жүзеге аспаса, НАСА 20-шы жылдардың аяғында, телескопты орбитадан түсіріп, атмосферада қауіпсіз жою үшін басқа миссия жөнелтеді.

Миллиардер Джаред Айзекман былтыр Inspiration4 жекеменшік миссиясын басқарып, Crew Dragon кемесімен ғарышқа ұшып қайтқан еді. Осы жылдың аяғында ол Polaris Dawn миссиясының командирі ретінде тағы ұшады. Айзекман Polaris бағдарламасы үшін SpaceX-тан тағы 3 ғарыш сапарын сатып алғаны белгілі, соның бірі Хабблға бағытталуы мүмкін. Хаббл орбитасын ұшқышсыз автоматты миссия көтеруі де ықтимал. SpaceX пен Polaris талдауы эксклюзив емес, НАСА басқа ғарыш компанияларын да ұсыныс беруге шақырып отыр.
🔥1