Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
DELTA IV HEAVY БАТЫС ЖАҒАЛАУДАН СОҢҒЫ РЕТ САМҒАДЫ

Delta IV Heavy ауыр зымыраны жүк көтергіштігі бойынша қазір қолданыстағы тасығыштар арасында Falcon Heavy-ден кейінгі екінші орында. Зымыран төмен жермаңы орбитаға 28 790 кг, геоөтпелі орбитаға 14 220 кг, геостационарға 6750 кг пайдалы жүктеме шығара алады. Бірінші сатыдағы үш RS-68A, екінші сатыдағы RL-10-B-2 және қапталдағы қос үдеткіште орнатылған RS-68A қозғағыштарының бәрі сұйық сутегі мен сұйық оттегін жағады. Зымыранның массасы 733 т, биіктігі 72 м, диаметрі 5 м, үдеткіштермен қоса алғандағы ені 15 м.

Өте сирек, шамамен жылына бір қолданылатын ауыр машинаны Boeing корпорациясы жасаса, ғарышқа ULA кәсіпорны ұшырады. 2004 жылы 21 желтоқсандағы алғашқы ұшырылым ішінара сәтсіз болғанымен, кейінгі 13-і сәтті өтті. Delta IV Heavy негізінен АҚШ Ұлттық әскери-ғарыштық барлау басқармасының (NRO) жерсеріктерін ұшыруға қолданылады. Тек екі миссия азаматтық болды: 2014 ж. 5 желтоқсандағы Орион ғарыш кемесінің сынағы және 2018 ж. 12 тамызда Паркер күн зондын сары жұлдыз маңына аттандыру. Зымыран Ғарыш күштерінің Канаверал базасындағы SLC-37B және Ванденберг базасындағы SLC-6 ұшыру алаңдарынан көтеріледі. Бір ұшырылым құны — 440 миллион доллар.

2022 жылы 25 қыркүйекте, Алматы уақытымен 4:25-те 14-ші Delta IV Heavy Ванденбергтен бесінші және соңғы рет ұшырылды. Ол NROL-91 миссиясын төмен жермаңы орбитаға шығарды. Дельта 4 Хэвидің соңғы екі старты 2023 және 2024 жылдарға жоспарланған. Болашақта оны Vulcan ауыр зымыраны алмастырады. 2002-ден бастап 29 рет сәтті ұшырылған Delta IV Medium орта зымыраны соңғы рет 2021 жылы самғағаны белгілі.
🔥1🐳1
27 ҚЫРКҮЙЕК 2022 — ЮПИТЕРДІҢ ҰЛЫ ҚАРСЫ ТҰРЫСЫ

Бүгін түнде Юпитер Жерге 591 млн 292 мың км-ге дейін жақындап, көрінетін диаметрі 49 бұрыштық секундқа, ал жарқырауы −2,9m жұлдыздық шамаға жетеді. Бұл Есекқырғанның бізге соңғы 59 жылдағы барынша жақындауы.

Юпитер кеш түсе шығыстан, ерекше жарық «жұлдыз» түрінде бірден байқалады. Түн ортасында ол тура оңтүстікте, 47°-қа дейін көтеріледі. Дүрбімен оның Галилей ашқан басты төрт серігін: Ио, Европа, Ганимед пен Каллистоны көруге болады.

Толығырақ — арнадағы жаңа роликте: https://youtu.be/7C-5V6_LemM
🥰1
ОСЫ ТҮНДЕ! DART ЗОНДЫНЫҢ АСТЕРОИДҚА СОҒЫЛУЫН УЭББ, ХАББЛ ЖӘНЕ ЛЮСИ БАҚЫЛАЙДЫ

НАСА-ның DART зонды Дидим астероидының серігі Диморфқа 27 қыркүйекке қараған түні, Алматы уақытымен таңғы 5:14-те соғылады. Италиялық LICIACube кубсаты оқиғадан 3 минуттан соң соққы орнының суретін алуы тиіс. Дегенмен зертеушілер дәл соққы сәтін көргісі келетіні түсінікті.

Бұл үшін Күн—Жер жүйесінің L2 Лагранж нүктесіндегі Уэбб ғарыштық телескопы мен астероидтар белдеуіне бара жатқан Люси ғарыш аппаратының мүмкіндіктері пайдаланылмақ. Ал жермаңы орбитадағы Хаббл ғарыштық телескопы, соққы сәтінде Жер тасасында болатындықтан, бақылауға 15 минут кеш қосылады.

Бұл аппараттар мүлде басқа мақсатта жасалған, сондықтан ғалымдар олардың не көрерін болжай да алмай отыр. Мамандар соққы сәтін дәл ұстау қолдан келе қоймас деп топшылайды, бірақ бәрібір әрекеттеніп көрген жөн. Қалай болғанда да, болашақта бұл үшеуі Диморфқа анда-санда көз тігіп, соққы оның траекториясын қалай өзгерткенін қадағалап тұрады. Олар жинаған ақпарат Жердегі телескоптар мен кубсат берген мәліметтерді толықтырады.

НАСА арнасындағы тікелей эфир 27 қыркүйек, 03:30-да басталады. Көрермендер DART зонды бортындағы DRACO камерасы хабарлайтын бейнені көре алады.
https://youtu.be/-6Z1E0mW2ag
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
DART ЗОНДЫ ДИМОРФ АСТЕРОИДЫНА СОҒЫЛДЫ!

НАСА-ның DART зонды Дидим астероидының серігі Диморфқа, жоспарланғандай, 2022 жылы 27 қыркүйекте, Алматы уақытымен таңғы 5:14-те соғылды. Зонд астероидқа құлағанға дейін, оның DRACO камерасы секунд сайын бір сурет түсіріп, Жерге хабарлап отырды. Олар НАСА арнасындағы тікелей эфирде таратылды. Назарларыңызға миссияның соңғы жарты минутын ұсынып отырмыз.

Соққы нәтижесінде, Диморф траекториясы проценттің миллиондаған бөлігіндей өзгереді. Есептеулер бойынша, Диморф Дидимге жақындап, айналу периоды 10 минуттай тездеуі тиіс. Үлкендігі шамалас қауіпті астероид алдын-ала ашылған жағдайда, планетамызға төнетін қатердің бетін қайтаруға осы өзгерістің өзі жеткілікті болмақ.

НАСА планета қорғанысының алғашқы сынақ миссиясы сәтті жүзеге асырылды! DART зондын жасаған Джонс Хопкинс университеті Қолданбалы физика зертханасы мен НАСА тағы бір тамаша жетістікке қол жеткізді.

Credit: NASA
🔥2
LICIACUBE КУБСАТЫ АЛҒАН АЛҒАШҚЫ КЕСКІНДЕР

DART зондының соғылуы нәтижесінде Диморф астероидынан ұшқан шаң мен ұсақ тастар үлкендеу Дидим астероиды айналасында арка түзді.

Credit: ASI/NASA
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
DART-ТЫҢ ДИМОРФҚА СОҒЫЛУЫ SAAO ТЕЛЕСКОПЫ КӨЗІМЕН

Оңтүстік Африкадағы SAAO телескопы түсірген кескіндерден соққы әсерінен Диморфтан ұшқан шаң мен бөлшектер жақсы байқалады.
УЭББ НЕПТУНДЫ, СЕРІКТЕРІ МЕН САҚИНАЛАРЫН КӨРДІ /УЭББ САҚИНАЛАРЫ-3/

Күн жүйесіндегі ең алыс планета Нептун — ең аз зерттелген ғаламшардың бірі. Мұзды алыптың тұсынан тек Вояджер-2 аппараты ұшып өтті, басқа бақылаудың бәрі Жердегі не орбитадағы телескоптармен жүргізілуде. 2022 жылы 21 қыркүйекте Уэбб ғарыштық телескопының NIRCam камерасы да Нептунды таяу инфрақызыл диапазонда бақылады.

Алынған кескіндерде Нептунның өзінен басқа, оның жұқа шаңды сақиналары және 14 серігінің жетеуі көрінеді. Серіктердің ең жарығы — мұзды қыртысы жарықты жақсы шағылдыратын Тритон. Суретке Құс Жолындағы бірнеше жұлдыз (оларды алтыбұрышты сәуле бойынша ажыратуға болады) бен алыс галактикалар да түсіп қалды.

Нептунның әдеттегідей көкшіл түске боялмауы оның атмосферасындағы метанның инфрақызыл жарықты күшті жұтуымен байланысты. Тек метан мұзынан түзілген биіктегі бұлттар ғана жарықты жақсы шағылдырады, Оңтүстік полюс маңындағы дауылдың көрінуіне де оны қоршаған биік бұлттар себеп. Астрономдар сондай-ақ экватор тұсындағы жарық жіңішке сызықты байқады, ол жаһандық атмосфералық циркуляция туғызуы ықтимал.

Credit: NASA, ESA, CSA, STScI, Joseph DePasquale
🔥1😍1
АСТЕРОИДҚА СОҒЫЛУ HUBBLE МЕН WEBB ТЕЛЕСКОПТАРЫ КӨЗІМЕН

Хаббл және Уэбб ғарыштық телескоптары алғаш рет бір мезгілде аспандағы бір нысанды бақылады. Бұл, әрине, Дидим астероидының серігі Диморф еді. 27 қыркүйекте оған НАСА-ның DART зонды құлады. Телескоптар соққыны әртүрлі толқын ұзындықтарында бақылады: Хаббл — көрінетін жарықта, Уэбб — инфрақызыл диапазонда. Осылайша ғалымдар Диморфтан ұшқан зат бұлтындағы бөлшектердің мөлшері мен таралуын, яғни онда үлкен кесектер әлде ұсақ тозаң бөлшектері көбірек болғанын біле алады.

Уэбб соққыға дейін бір, және соққыдан соң бірнеше бақылау жасады. Оның NIRCam камерасы жалпы бес сағат ішінде 10 сурет алды. Астероид Уэббтың әдеттегі жылдамдық шектеуінен үш есе тез жылжитындықтан, бұл жұмыс бірнеше апта дайындықты талап етті. Дидим қосар астероид жүйесі алдағы айларда Уэббтың MIRI аспабы және NIRSpec спектрографымен бақыланады. Спектроскопия көмегімен астероидтың химиялық құрамы анықталады.

Хаббл қосар астероидқа соққыға дейін, және соққыдан 15 минуттан соң көз тікті. Телескоп жалпы алғанда 8 сағат ішінде 45 сурет түсірді. Кең ауқымды камера көрінетін жарықта алған кескіндерде соққыдан шашылған зат астероидтан тараған сәулелер сияқты байқалады. Хаббл алдағы үш аптада Дидим-Диморф жүйесіне 10 рет қарап, тозаң бұлтының жайылуы мен жоғалуын қадағаламақ.

Credits: NASA, ESA, Jian-Yang Li (PSI); Alyssa Pagan (STScI)

Credits: NASA, ESA, CSA, Cristina Thomas (Northern Arizona University), Ian Wong (NASA-GSFC); Joseph DePasquale (STScI)
👍1🤩1