Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
Фото: Crew-5 экипажы. Солдан оңға қарай: Анна Кикина, Джош Кассада, Николь Манн, Коити Ваката
Credit: NASA
👍3
АЛҒАШҚЫ BE-4 ҚОЗҒАҒЫШЫ ДАЙЫН!

Blue Origin BE-4 зымыран қозғағышының алғашқы ұшатын данасы жасалып бітіп, қабылдау сынағына жіберілді. Көп ұзамай екіншісі де дайын болып қалуы тиіс.

Сұйық метан мен сұйық оттегі жағатын BE-4 250 тонна-күш тартым өрбітеді. Ол ULA кәсіпорнының Vulcan зымыранында, сондай Blue Origin-нің өз New Glenn машинасында қолданылмақ.

Credit: Blue Origin
👍1
100-ШІ RAPTOR 2 — БОКА-ЧИКАДА

Алғашқы BE-4 дайын болып жатқан тұста, SpaceX компаниясы жүзден астам Raptor 2 қозғағышын жасап тастады (200 дана Raptor 1-ді санамағанда).

Бұл қозғағыш та сұйық метан + сұйық оттегімен жұмыс істейді, тартымы 230 тонна-күш. Super Heavy үдеткішінде 33 дана, Starship ғарыш кемесінде 6 дана Raptor 2 орнатылатыны белгілі.

Credit: Kevin Randolph
2🔥1
MSR ЖОБАСЫНА РОВЕР ОРНЫНА ЕКІ ТІКҰШАҚ ЕНГІЗІЛДІ

27 шілдеде НАСА Марстан топырақ үлгісін әкелетін Mars Sample Return (MSR) жобасын тағы өзгертті. Биыл көктемде бекіген жоспар бойынша, Perseverance ровері Марс бетіне тастап кеткен 30 сынауықты шағын ровер жинап алып, MAV (Mars Ascent Vehicle) зымыранына тиейтін. MAV Қызыл планета орбитасына көтеріліп, үлгілерді еуропалық ERO (Earth Return Orbiter) аппаратына беруі тиіс. Соңғысы 2033 жылы марс топырағын Жерге алып келеді. ERO 2027 жылы, ал ровер мен MAV-ты жеткізетін екі миссия 2028 жылы ұшырылады делінген.

Енді Марсқа сынауық жинайтын арнайы ровер жіберілмейтіні белгілі болды. MAV-қа үлгілерді Perseverance роверінің өзі жеткізеді. Егер ол онжылдық соңына дейін әлдебір себептен істен шықса, топырақты Ingenuity тәрізді екі тікұшақ тасиды. Олар Марсқа MAV-пен бірге аттанады. Сонымен, жоба аясында Марсқа үш емес, екі-ақ миссия ұшырылады. Олардың мерзімдері өзгеріссіз қалды.

Credit: NASA/JPL-Caltech
👍2👏1
ҚЫТАЙ 2035 ЖЫЛЫ ТОЛЫҚ ҚАЙТА ҚОЛДАНЫЛАТЫН АСА АУЫР ЗЫМЫРАН ҰШЫРМАҚ

Қытайдың Чанчжэн-9 (Long March 9) жаңа аса ауыр зымыраны 2030 жылы ұшырыла бастауы тиіс. Оның міндеті — Айдағы қытайлық зерттеу базасының құрылысын қамтамасыз ету. Чанчжэн-9-дың бір мәрте қолданылатын нұсқасының ұзындығы 103 м, диаметрі 10 м. Ол төмен жермаңы орбитаға 140 т, Айға 50 т жүк жеткізе алады.

Зымыранның ішінара қайта қолданылатын нұсқасы да жасалып жатыр. Оның керосин мен сұйық оттегі жағатын, тартымы 360 тонна-күш 16 қозғағышы бар бірінші сатысы кері ұшырыла алады.

Чанчжэн зымырандары бас конструкторының жақындағы лекциясынан толық қайта қолданылатын аса ауыр машина да жасалатыны белгілі болды. Ол 2–3 саты мен қапталдағы 4 үдеткіштен тұрады. Диаметрі 10,6 м бірінші саты тартымы 200 тк 26 метан + оттегі қозғағышпен жабдықталады. Зымыран төмен жермаңы орбитаға 150 т, гелиосинхрон орбитаға — 65 т шығарса, Айға 50 т жүк жеткізе алады. Жаңа тасығыш алғаш рет 2035 жылы ұшырылуы тиіс.

Зымыранның үш сатылы ең үлкен нұсқасының ұзындығы 110 м, ұшар массасы 4122 т болмақ. Сондай-ақ диаметрі 5 метрлік шағындау зымыран да жасалады. Соңғысы Чанчжэн зымырандарының кіші нұсқаларының орнын басады.

ҚХР бүгінде сұйық отынның неше түрін жағатын зымыран қозғағыштарына ие. Және бұрын гептил + амил жұбымен істейтін зымырандар басым болса, соңғы кезде оларды төменгі сатылары экологиялық таза керосин + сұйық оттегі немесе сұйық сутегі + сұйық оттегі жағатын машиналар алмастырды. Кейбір тасығыштар қатты отын жағатын қапталдағы үдеткіштермен жабдықталған. Барлық сатылары қатты отынмен істейтін 1–2 машина бар, олар — азаматтық салаға бағытталған бұрынғы әскери зымырандар.

Соңғы жылдары Қытай метан + сұйық оттегі отынына үлкен көңіл бөле бастады. Өйткені мұндай қозғағыштар қуаттырақ. Және метан күйе мен кокс түзбейтіндіктен, сатыны қайта қолдану оңайлайды. Метан-оттегі зымырандарын қытайлық жекеменшік компаниялар да жасауда. Landspace жақында Zhuque-2 зымыранын алғаш ұшырмақ. iSpace көп мәрте қолданылатын Hyperbola-2 тасығышының метан жағатын 1-сатысын сынақтан өткізеді.

SpaceX Starship зымыранын Raptor 2 металокс (methalox = METHAne + Liquid OXygen) қозғағыштары ұшыратыны бәрімізге белгілі. Ол әлі орбитаға шықпаса да, әлемдік зымыран индустриясына терең әсер еткені анық.
👍3
УЭББ: АРБА ДӨҢГЕЛЕГІ ГАЛАКТИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КЕСКІНІ

Уэбб телескопы бізден 500 миллион жарық жылында, Мүсінші шоқжұлдызында орналасқан Арба Дөңгелегі галактикасының мүлдем жаңа түсті кескінін алды. Уэбб галактиканың қазіргі жағдайын бақылап қоймай, оның өткені мен болашағына да көз тігеді.

Спираль галактика ретінде түзілген Cartwhell 440 миллион жыл бұрын кішілеу басқа галактикамен соқтығысады. Соқтығысу галактиканың пішіні мен құрылымын қатты өзгертті. Енді ол екі сақинадан — жарқыраған ішкі сақина мен түрлі-түсті сыртқысынан тұрады. Бұл екеуі де ортадан тысқа қарай жайылып, кеңейіп бара жатыр. Астрономдар оны «сақина галактика» деп атайды. Мұндай құрылым, біздің Құс Жолы секілді спираль галактикалармен салыстырғанда, сиректеу кездеседі.

Жарқыраған ядрода өте көп мөлшерде ыстық тозаң бар, ал ең жарық облыстарда алып жас жұлдыз шоғырлары орналасқан. Сыртқы сақинада жұлдыз түзілу мен супержаңа жарылыстары басым. Бұл сақина жайылғанда, айналадағы газға ұрылып, жұлдыз түзілуін туғызады.

Арба Дөңгелегін басқа телескоптар, соның ішінде Хаббл да бақылаған. Бірақ оны тұмшалаған тозаңның қалыңдығынан, біраз құбылыстар ғалымдар назарынан тыс қалған екен. Инфрақызыл жарықты көруге қабілетті Уэбб телескопы галактика тарихын жаңаша бағамдауға мүмкіндік береді.

Композит кескін NIRCam мен MIRI аспаптары алған деректерден құрастырылған. NIRCam бұрын байқалмаған жас жұлдыздарды ашты. NIRCam деректері кескінде көк, тоқсары және сары түспен көрсетілген. Галактикада жеке жұлдыздар немесе жұлдыз түзілу ошақтары болатын жекелеген көк нүктелер көп.

MIRI деректері кескінде қызыл түспен берілген. MIRI көмірсутектер мен басқа қосылыстарға, сондай-ақ силикат тозаңына бай аймақтарды паш етеді. Осы аймақтардан түзілген спираль шабақтар галактиканың қаңқасын құрап тұр. Шабақтарды 2018 жылы Хаббл да байқаған, бірақ Уэбб кескінінде олар әлдеқайда айқын.
Credit: NASA, ESA, CSA, STSCI, Webb ERO Production
1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
2022 жылғы 34-ші ұшырылым
5 тамыз 05:08. Канаверал, SLC-40. KPLO миссиясы — кореялық Danuri айсерігін төмен тірек орбитаға шығару. Аппарат Ай бағытындағы траекторияға өз күшімен шығады
🔥1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Falcon 9 B1052.6 1-сатысы JRTI платформасына қонды
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
KPLO аппаратының 2-сатыдан ажырауы
🔥2
KPLO КОРЕЙ АЙСЕРІГІ СӘТТІ ҰШЫРЫЛДЫ

2022 жылы 5 тамызда SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны Оңтүстік Кореяның алғашқы ай миссиясын ұшырды. Korea Pathfinder Lunar Orbiter (KPLO) немесе Danuri — бұл елдің жермаңы орбита сыртына шығатын алғашқы аппараты. Миссия Корей әуе-ғарыш зерттеулер институты (KARI) жасаған ай бағдарламасының ізашары болмақ. Корея болашақта Ай орбитасына тағы бір аппарат шығаруды, сондай-ақ Ай бетіне лендер мен шағын ровер қондыруды жоспарлап отыр.

Зымыран Дануриді төмен тірек орбитаға көтеріп берді, аппарат өз күшімен бірнеше маневр жасап, өтпелі эллипс орбитаға шығуы тиіс. Ол L1 Лагранж нүктесіне жақындағанда, гравитация Айға қарай үдеуге көмектеседі. Аппарат өз қозғағышын бірнеше рет қосып, Ай маңындағы орбитаға шығады. Мұндай күрделі жол отын үнемдеу үшін қарастырылған.

KPLO Ай орбитасына 16 желтоқсанда жетуі тиіс. Жаңа жыл қарсаңында айсерік 100 километрге дейін төмендейді. Ол 2023 жылы 1 ақпанда толық іске қосылады деп жоспарланған. Негізгі миссияның ұзақтығы 1 жыл. Отын қалса, миссия ұзартылады, ол кезде Danuri 70 км-ге дейін төмендейді.

Массасы 678 кг аппарат 4 маневрлік қозғағышпен, 8 бағдарлау қозғағышымен, 2 күн панелімен және антенналармен жабдықталған. Оған 6 жүктеме орнатылған:

— НАСА-ның ShadowCam камерасы. Ол LRO аппараты камерасы негізінде жасалған, бірақ сезімталдығы 200 есе артық. ShadowCam Ай полюстері маңындағы қараңғы кратерлердің ішін суретке түсіріп, су мұзын іздейді. Камераның ажыратымы 1,7 м.

— Lunar Terrain Imager (LUTI) Ай бетін жоғары ажыратыммен суретке түсіріп, ғарыш аппараттары қонуға жарамды жерлер қарайды. Камераның ажыратымы 5 м, шолу жолағының ені 8 км.

— PolCam — кеңауқымды поляриметриялық камера, Ай бетінің поляриметриялық кескіндерін алады. Орташа ажыратымды, бірақ көзқарас аясы кең кескіндер реголит қасиеттерін зерттеуге қажет.

— KMAG магнитометрі Ай магнит өрісінің 100 км биіктікке дейінгі күшін зерттейді. Үш магнитометрдің бірі аппарат корпусы ішінде, екеуі ұзындығы 1,5 метрлік жебелерге орнатылған.

— KGRS гамма-спектрометрі Ай бетінен шыққан гамма-сәулелерді өлшейді. Соның арқасында Ай ресурстарының сипаттамасы анықталып, олардың таралу картасы жасалады.

— KSPL байланыс жүйесі — ақауға төзімді экспериментал байланыс технологиясы. KPLO сымсыз интернет-желі көтеруге тырысады. Желіге НАСА-ның LRO орбитері кіруі тиіс. Danuri оған BTS тобының Dynamite әнін таратады.

KPLO миссиясының құны 180 миллион доллар. Ол сәтті болса, Оңтүстік Корея Ай орбитасына шыққан 8-ші ел атанады.
1👏1
CURIOSITY: МАРСТАҒЫ ОН ЖЫЛ

Қызыл Планетада өткізген он жылда Curiosity 29 км-ге таяу жол жүріп, 41 тау жынысы мен топырақ үлгісін талдады және 500 000-нан астам фото түсірді. Гейл кратері мен Шарп тауының бөктерімен саяхат барысында, ол ежелгі көлдердің айғағын тапты және радиация деңгейінің өзгеруін қадағалады. Curiosity миссиясы жақында тағы 3 жылға ұзартылды.
👍1
Уэбб түсірген Киль Тұмандығы және Алжирдің шығыс жағалауы
#геодерек
🔥2
ЖАҢА ҮНДІ ЗЫМЫРАНЫ ТАПСЫРМАНЫ ОРЫНДАЙ АЛМАДЫ

2022 жылы 7 тамызда Үндістан ғарыштық зерттеулер ұйымы (ISRO) 500 км орбитаға 500 кг шығара алатын SSLV (Small Satellite Launch Vehicle) зымыранын алғаш рет ұшырды. Ұшырылым Шрихарикота аралындағы Сатиш Дхаван атындағы Ғарыш орталығынан жүзеге асырылды. Мақсат — 135 кг EOS-2 Жерді қашықтан қадағалау жерсерігі мен 8 кг AzaadiSAT студенттік кубсатын төмен жермаңы орбитаға шығару.

Зымыранның қатты отын жағатын үш сатысы жоспарлы жұмыс істеді. Алайда ұшырылымның 12-ші минутында қиындық туды. Сұйық отын жағатын 4-ші саты сенсор ақауы кесірінен 0,1 секунд қана жұмыс істеді. Салдарынан жүктеме 356 км дөңгелек орбита орнына 356 x 76 км орнықсыз эллипс орбитаға шықты, жерсеріктерді пайдалану мүмкін емес.

ISRO паркінде қазір PSLV (55 ұшырылым, 52-сі сәтті), GSLV Mk II (8, 6 сәтті) және GSLV Mk III (4, 4 сәтті) зымырандары бар. PSLV 2017 жылы қазақстандық Al Farabi-1 студенттік кубсатын ұшырып бергені белгілі.
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
ӘЛ АМАЛ МАРС АТМОСФЕРАСЫНЫҢ УЛЬТРАКҮЛГІН ЖАРҚЫЛ ШЫҒАРУЫН КӨРСЕТТІ

БАӘ-нің Әл Амал миссиясы Марс атмосферасының 2021 ж. мамыр – 2022 ж. мамыр аралығындағы ультракүлгін жарқыл шығару динамикасын ұсынды. Бақылау орбитердің EMUS аспабымен, 130,4 нм толқын ұзындығында жүргізілген. Бұл атомар оттегінің сәулелену сызығына сәйкес.

Жарқыл шығарудың күшеюі Күнге жақындаумен байланысты. Қамтылған бір жер жылында Марс Күнге 246 млн км-ден 211 млн км-ге дейін жақындады. Марс орбитасы басқа планеталармен салыстырғанда әлдеқайда сопақ. Сондықтан оған перигелийде түсетін Күн сәулесі афелийдегіден 45 процентке артық. Сонымен бірге, соңғы айларда Күннің белсенділігі де біршама артты.

Осы факторлар әсерінен, анимациядан Марс атмосферасы шығарған ультракүлгін жарқылдың біртіндеп күшейгенін көреміз. Жарқылды атмосфераға енген фотондардың оттегі атомын қоздыруы туғызады. Төртінші планета орбитасына 2021 жылы ақпанда шыққан Al Amal аппараты Марстан шұғыланың жаңа типін тапқан еді.

Credit: Emirates Mars Mission
🔥3👍1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
2022 жылғы 35-ші ұшырылым
10 тамыз 08:14. КҒО, LC-39A. Starlink-4.26 миссиясы — 52 Starlink v1.5 жерсерігін төмен жермаңы орбитаға шығару
🔥3
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Falcon 9 B1073.3 1-сатысы ASOG платформасына қонды
🔥1
STARSHIP ҚЫРКҮЙЕКТЕ ҰШЫРЫЛУЫ МҮМКІН

Бұл құжат — ұшуға рұқсат емес, прототиппен байланысқа АҚШ Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) берген рұқсат. Онда "Starship сынақ прототипінің Техас штаты, Бока-Чикадан эксперименттік орбиталық демонстрациялық ұшуы және қону сынағы" деп көрсетілген. Құжат 1 қыркүйектен 2023 жылдың 1 наурызына дейін жарамды.

SpaceX компаниясы ұшуға дейін:
— тиісті тұтандыру сынақтарын өткізіп, техникалық дайындықты қамтамасыз етуі;
— АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) міндеттеген 75 экологиялық шараны жүзеге асыруы;
— Starship жүйесінің орбиталық ұшырылымдарына лицензия алуы;
— орбитаға алғашқы ұшуға рұқсат алуы қажет.

Starship орбитаға алғаш рет, Илон Маск жақында айтқандай, қыркүйекте көтерілер деп үміттенеміз. НАСА-ның SLS аса ауыр зымыранының алғашқы ұшырылымы 29 тамызға жоспарланып отырғаны белгілі.
👏21
12/13 ТАМЫЗ — ПЕРСЕИДТЕР МЕТЕОР АҒЫНЫ

2022 ж. тамыздың 12-нен 13-не қараған түні Персеидтер метеор ағыны шыңына жетеді. Бақылауға ең қолайлы уақыт — түн ортасы ауғаннан таң атқанша. Биыл Ай дәл осы түні толатындықтан, бақылауға елеулі кедергі келтіреді.

Ағынның зениттік сағаттық саны (ZHR — радиант тастөбеде болғанда, көру қабілеті идеал адам тасқараңғы жерден бір сағатта бақылайтын метеор саны) = 110. Іс жүзінде минутына бір аққан жұлдыз көрінсе құп. Жылдам (60 км/сек), жарық, ақ метеорларларды Жердің 109/Свифт-Таттл кометасы қалдықтарымен соқтығысуы туғызады.

Әрине, қалада аққан жұлдыз көп көрінбейді, сол себепті мүмкіндік болса, далалық жерден, не таудан бақылаған жөн. Тамызда түн салқын болуы мүмкін, жылы киім алыңыз. Фара не қолшам жақпауға тырысыңыз, олар көзді қарықтырып, әлсіз метеорларды көруге кедергі келтіреді, қызыл қолшам пайдаланыңыз.

Ағынның радиантына (метеорлар ұшып шыққан тәрізденетін нүкте) — Персей шоқжұлдызына қарау міндетті емес. Көзіңізді қараңғыға үйретіп алған соң, жайланып шалқаңыздан жатыңыз да, аспанның көкжиектен 30°-тан жоғары кез келген тұсына көз тігіңіз.
👍1