Физика және Ғарыш
105 subscribers
3.47K photos
710 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
HERA ЗОНДЫ СӘТТІ ҰШЫРЫЛДЫ

2024 жылғы 7 қазанда, Алматы уақытымен 19:52-де SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны Еуропа ғарыш агенттігінің Hera аппаратын Диморф астероидына аттандырды. 23-ші рет қолданылып, рекордты қайталаған B1061 1-сатысы бар отынын планетааралық миссияға үдеу беруге жұмсап, қондырылған жоқ. Кейін ол мұхитқа құлап түсті.

Алдыңғы Crew-9 миссиясы барысында, ғарыш кемесін орбитаға шығарғаннан кейін 2-саты мұхиттағы есептелген орыннан сәл қиыс құлаған еді. Осыған байланысты FAA Falcon 9 зымырандарын ұшыруды тоқтатып қойған. Алайда Hera аппараты тым биікте ажырайтындықтан, оны көтерген 2-саты орбитада қалып қоюы керек. Сол себепті нақты осы миссияны ұшыруға рұқсат берілді.

Falcon 9 зымырандарын ұшыру биыл үшінші рет тоқтатылып отыр. Шілдеде Starlink-9.3 жерсеріктерін орбитаға шығара алмаған 2-саты ақауының себебін тапқанша 16 күн, тамызда рекордшы B1062 1-сатысы платформаға қона бергенде тіреуі сынып, суға құлап түскеннен кейін — 3 күн үзіліс болған.

НАСА-ның аса маңызды Europa Clipper флагмандық миссиясын Юпитер серігіне аттандыратын Falcon Heavy зымыранының старты 10 қазаннан 12-не жылжытылды. Ал келесі Falcon 9 қашан ұшатыны белгісіз.
#зымыранұшыру
👍1
8/9 ҚАЗАН — ДРАКОНИДАЛАР ЖҰЛДЫЗ ЖАУЫНЫ

Қазанның 8-нен 9-на қараған кеште Драконидалар метеор ағынын тамашалауға керемет мүмкіндік туып тұр. Біріншіден, түн ортасы ауғанын күту қажет емес, баяу ақ, қызыл, сары метеорлар қараңғы түсісімен көріне бастайды. Екіншіден, жас Ай бақылауға еш кедергі келтірмейді. Үшіншіден, кеш әлі жылы болып тұр.

Ағынның радианты орналасқан Айдаһар шоқжұлдызына қарау міндетті емес, метеорлар аспанның барлық тұсынан бақыланады. Сағатына 10-15 аққан жұлдыз бақылануы мүмкін. Толығырақ бейнероликте айтылады.

Image Credit & Copyright: Juan Carlos Casado (TWAN)
#астрокүнтізбе
👍1
ФИЗИКА САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ «АТАЛАРЫНА» БЕРІЛДІ

Физика саласындағы 2024 жылғы Нобель сыйлығы "жасанды нейрон желілері көмегімен машина үйретуге жол ашқан іргелі жаңалықтары мен өнертабыстары үшін" 91 жастағы америкалық Джон Хопфилд (John J. Hopfield) пен 76 жастағы британ-канада ғалымы Джеффри Хинтонға (Geoffrey E. Hinton) берілді.

Жасанды нейрожеліні сонау 1960-шы жылдары адам миына еліктеген математиктер ойлап тапты. Бірақ биылғы лауреаттар осы технологияны дамытудың физикалық принциптерін ұсынғанша, нейрожелі практикада қолдануға жарамайтын. Хопфилд пен Хинтонның еңбектерінің арқасында жасанды интеллект жүйелері қазір ең қарқынды дамып келе жатқан салаға айналып отыр.

Джон Хопфилд 1982 жылы ойлап тапқан желі материал физикасына, дәлірек айтқанда, атом спиніне негізделген. Хопфилд желісі кескіндерді, жалпы кез келген шаблонды есте сақтап, қайта қалпына келтіруге қабілетті. Желіге толық емес не аздап бұрмаланған шаблон ұсынылса, ол есінде сақталғандардың ішінен соған ең ұқсасын тауып береді.

Джеффри Хинтон — "терең желілердің" негізін қалаушылардың бірі. Ол Хопфилд желісін статистикалық физика әдістері көмегімен жетілдіріп, "Больцман машинасы" деп аталатын жаңа типті нейрожелі жасады. Бұл машина үлгілер, мысалдар көмегімен өзін-өзі үйрете алады. 2010 жылдары "көптеген мысық суретін көріп алған нейрожелі ұсынылған кескіннен мысықты тауып үйреніпті" деген әңгіме шыққаны есіңізде ме? Міне, осы — қазір "жасанды интеллект" аталып жүргеннің алғашқы қарлығашы еді.

Жасанды интеллект — бу машинасы, электр мен компьютерден кейінгі төртінші әрі ақырғы ғылыми-техникалық төңкеріс болса керек. MIT қабырғасында оқыған лекциясынан кейін Хинтонға "Неге сонша алаңдайсыз? Біз машинаға беретін ережелер жиынтығы болады ғой" деген сұрақ қойылған екен. Сонда Хинтон "Бұл екі жасар ұлыңыз келіп, — әке, сенің мінезің ұнамай жүр, сен орындайтын ережелерді мына қағазға жазып бердім, — дегенімен тең. Жасанды интеллектті жетілдіруді қоғам бақылауынан шығарып алдық. Басқасын айтпағанда, әскерилер оны дамытуды ешқашан тоқтатпайды. Демек, енді жасанды интеллектті бақылауда ұстау мүмкін емес" деп жауап беріпті.

#Нобель #тұлға
👍1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
9. C/2023 A3 КОМЕТАСЫНЫҢ ЖАРҚЫРАУЫ ШЫҢЫНА ЖЕТТІ

2024 жылғы 9 қазанда, сағат 16 шамасында C/2023 A3 (Tsuchinshan–ATLAS) кометасы Күннен ең аз (3 градус) бұрыштық ара қашықтықтан өтті. Бұл сәтте күн жарығының тозаңнан тікелей шашырау эффекті барынша күшті жұмыс істеді, демек кометаның жарқырауы шыңына жетті.

Құйрықты жұлдыздың күндізгі аспанда қаншалық жарқырағаны әзірге белгісіз, ал кеше бақылаушылар кометаның жарықтығын –3,3 жұлдыздық шама деп бағалаған. Сөйтіп, C/2023 A3 көкте 2007 жылдан бері бақыланған ең жарық комета атанды.

C/2023 A3 кометасы кешкі аспаннан 11-12 қазаннан бастап көріне бастайды. Оны мүмкіндігінше ертерек, 12-13-не көріп қалуға тырысу керек, себебі уақыт өте Күннен алыстай түсетін кометаны табу оңайлағанымен, оның жарықтығы да күрт кеми береді.

Stellarium with additions by Bob King
#үлкенкомета2024
👍2🔥1
EUROPA CLIPPER ҚАУІПСІЗ ЖЕРДЕ

Флорида штаты аса күшті Милтон хураканын күтіп отырғаны белгілі. Жағалауға негізгі соққы біздің уақытпен 10 қазанға қараған түні 5:00 шамасында ұруы мүмкін. Штаттың 5 миллиондай тұрғыны қауіпсіз орынға көшірілді.

НАСА-ның 10 қазанда ұшырылады деген Europa Clipper ғарыш аппараты Кеннеди ғарыш орталығындағы SpaceX ангары ішіне мықтап бекітілді. Табиғи стихия аяқталысымен, LC-39A ұшыру алаңы тексеріліп, келген зиян бағаланады. Флагмандық миссияның ұшу терезесі — 10 қазан мен 6 қарашаның арасы. Әзірге старт 12 қазанға белгіленіп тұр.
👍2👏1
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
МИЛТОН ХУРАКАНЫ ҒАРЫШТАН

Crew 8 Dragon ғарыш кемесі ХҒС-тан 13 қазаннан ерте ажырамайды, бұл кеменің қону аймағындағы ауа райына байланысты. АҚШ-тың оңтүстік-шығыс жағалауына әлемет Милтон хураканы жақындап қалғаны белгілі. Видеода оның ХҒС-тан қарағандағы көрінісі берілген.

Falcon Heavy зымыраны көтеретін Europa Clipper миссиясы да 13-нен ерте ұшпайды. Старттың нақты датасы хуракан Канаверал мүйісінен өтіп кеткен соң белгіленеді.
👍2👀1
C/2023 A3 (Tsuchinshan–ATLAS) кометасының жарқырауы –2,5 жұлдыздық шама деп бағаланып отыр. Ол кешкі аспаннан 11-12 қазаннан бастап көріне бастайды.

Фото: C/2023 A3 кометасы Халықаралық ғарыш стансасынан
Автор: Александр Гребёнкин
#үлкенкомета2024
👍2🔥1
4. C/2024 S1 (ATLAS) КОМЕТАСЫ КҮЙРЕДІ

Ал 28 қазанда Күнге барынша жақындағанда күндіз де көрінеді деп болжанған C/2024 S1 (ATLAS) кометасы бұл нүктеге жетпей-ақ ыдырап кетті. Крейц күнмаңы тобына жататын кометаның 8 қазанда алынған кескіндері осыны айғақтады.
#үлкенкомета2024
👍2👀1
ТЕҢДЕССІЗ ПОЛЯР ШҰҒЫЛАСЫ

2024 жылғы 11 қазанға қараған түні G4 деңгейлі геомагниттік дауыл тіркелді. Нәтижесінде поляр шұғыласы әдетте бақыланбайтын орта ендіктерде де фотоға түсіп қоймай, жай көзбен көрінді. Жер магнитосферасындағы ерекше құбылысты 1–2 бұрын Күн бетінде болған X1.8 класты жарқыл туғызып отыр. Оталыс кезінде атылған тәж заты тура Жерге бағытталған еді.

Фото 2024 жылғы 10 қазанның кешінде, Өскеменде түсірілген
Фото авторы: Slava Karavaitsev
#күнциклі
👍21
10 қазан 2024 жыл. Бийск, Алтай өлкесі (52° с.е.)
Фото авторы: Алексей Балахнин
👍3
Удмуртия (57° с.е.)
Фото авторы: Андрей Ложкин
👍2
Одесса (46,5° с.е.)
Фото авторы: Андрей Даниленко
👍2
Кипр аралы (35° с.е.) !!!
👍2
10. C/2023 A3 КОМЕТАСЫНЫҢ КЕШКІ КӨРІНУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ: СЫЗБА МЕН ТОЛЫҚ НҰСҚАУ

АУА РАЙЫ МҮМКІНДІК БЕРСЕ!

Қазақстанда C/2023 A3 (Tsuchinshan–ATLAS) кометасын кешке бақылауға 12 қазаннан бастап мүмкіндік бар. Соның өзінде, 12—14 қазан аралығында кометаны дүрбімен іздеген жөн. Және батыс көкжиектің тазалығы (ағаш, төбе, ғимарат болмауы), аспанның батыс жағының ашықтығы, ауаның мөлдірлігі шарт. Биік ғимарат үстінен бақылайтын жағдай болса құба-құп. Құйрықты жұлдызды кешкі аспандағы ұшақтардың инверсиялық ізімен шатастырмаңыз. Комета қозғалысы жай көзге байқалмайтынын ескеру керек.

Жалпы, бұл кометаны бақылау оңай болмайын деп тұр. Өйткені Күнге жақын комета жарқырағанымен, кешкі шапақтан онша байқалмайды, ал Күннен алыстаған сайын оның жарықтығы да сола береді. Бұған күзгі аспанның бұлттану ықтималдығын қосыңыз. 21 қазанға дейін жарық Ай елеулі кедергі келтіреді. Сондықтан қолайлы күнді күтпестен, 12 қазаннан бастап әр бұлтсыз кешті құйрықты жұлдызды іздеуге арнаған жөн. Төменде әр кешке арналған нұсқаулар келтіріліп отыр. Бақылау уақыттары Алматы қаласы үшін көрсетілген, Астана, Шымкент, Атырау қалаларынікі — жақша ішінде. Басқа аймақ тұрғындары Күнның батуы мен қараңғы түсуіне қарай шамалай алады.

12 қазан
Алматыда кометаны Күн батқан тұстың үстінен, 17:45-те (Астана 18:07, Шымкент 18:15, Атырау 19:27) іздей бастаймыз. Ол батыс көкжиектен 5 градустай, яғни 10 Ай дискіндей биік орналасады, жалтырауы 0 ж.ш. (Вега жұлдызындай). Оның құйрығының нышаны байқалуы мүмкін. Қалай болғанда, кометаны дүрбімен іздеу керек. Комета 18:25-те батады (18:47, 18:55, 20:07).

13 қазан
Алматыда кометаны 17:45-те (Астана 18:07, Шымкент 18:15, Атырау 19:27) іздей бастаймыз. Бұл кезде ол көкжиектің батыс тұсынан 8 градус биікте болады (16 Ай дискі), күтілетін жалтырауы 0 ж.ш. 15 минуттан кейін Күн көкжиек астына 11 градусқа түседі де, аспанның батыс бөлігі біршама қараңғыланады, кометаның биіктігі 6 градус. Бұл кеште комета 18:46-да (19:07, 19:15, 20:28), аспан әжептеуір қарайғанда батады, және оның жоғары қарай созылған құйрығы байқалады.

14 қазан
Іздеуді ертерек, Алматыда 17:25-те (Астана 17:47, Шымкент 17:55, Атырау 19:07) бастаймыз. Бұл кеште комета Арктур мен Шолпанның дәл ортасында болатындықтан, Шолпан батпай тұрып, кометаның қай жерде екенін мөлшерлеп аламыз. Жарты сағат өте, аспан сола, оны қайта іздейміз. Кометаның жарқырауы +1 ж.ш. (Денеб жұлдызындай). Тағы жарты сағаттан кейін, Күн көкжиектен 15 градус төмендеп, аспан қараңғыланады. Бұл мезгілде комета батыс көкжиектен 5 градус биік орналасады. Жоғарыға 25 градусқа (!), яғни Жетіқарақшыдай созылып жатқан құйрық жақсы байқалады. Комета 19:06-да (19:27, 19:35, 20:48) батады, бірақ оның құйрығы әлі көрініп тұрады.

15 қазан
Кометаны Алматыда 17:25-те (Астана 17:47, Шымкент 17:55, Атырау 19:07) іздей бастаймыз. Бұл кеште комета Арктур мен Шолпанды қосатын сызықтан сәл биік орналасады. Шолпан батпай тұрып, кометаның қай жерде екенін мөлшерлеп аламыз. Жарты сағат өткен соң, аспан жарығы сола, оны қайта іздейміз. Кометаның жарқырауы +1 ж.ш. (Денеб жұлдызындай). Тағы жарты сағаттан кейін, Күн көкжиектен 15 градус төмендеп, аспан қараңғыланғанда, комета батыс көкжиектен 8 градус биіктен көрінеді. 20 градусқа дейін созылатын құйрық анық байқалады. Комета 19:24-те (19:47, 19:53, 21:07) батады, бірақ оның құйрығы әлі көрініп тұрады.

16 қазан
Іздеуді Алматыда 18:00-де (Астана 18:22, Шымкент 18:30, Атырау 19:42), Күн көкжиек астына 12 градусқа түсіп, аспан қараңғыланғанда бастаймыз. Кометаны батыс көкжиектен 14 градус биік (созған қолдың жұдырығының ұзын жағынан 1,5 есе), Арктурдан солға қарай 25 градус (2,5 жұдырық) тұстан іздейміз. Кометаның жарқырауы +1,5 ж.ш., яғни Денебтен сәл әлсіздеу. Кометаның басы 19:41-де (20:05, 20:11, 21:24) батады.
👍2
17 қазан
Іздеуді Алматыда 18:00-де (Астана 18:22, Шымкент 18:30, Атырау 19:42), Күн көкжиек астына 12 градусқа түсіп, аспан қараңғыланғанда бастаймыз. Кометаны батыс көкжиектен 16 градус биік (1,5 жұдырық), Арктурдан солға қарай 30 градус (3 жұдырық) тұстан іздейміз. Кометаның жарқырауы +2 ж.ш. (Жетіқарақшыдағы жұлдыздай). Кометаның басы 19:57-де (20:21, 20:26, 21:39) батады.

18–20 қазан
Бақылауды Алматыда 18:15-те (Астана 18:37, Шымкент 18:45, Атырау 19:57), Күн көкжиек астына 15 градусқа түсіп, аспан қараңғыланғанда бастаймыз. Кометаны батыс көкжиектен 20 градус биіктен (2 жұдырық), ал Арктурдан 40 градус (4 жұдырық) сол жақтан іздейміз. Кометаның жалтырауы +3 ж.ш. Кометаның басы 18 қазанда 20:11-де (20:35, 20:40, 21:53) батса, келесі әр күні 10-12 минут кешірек батады.

21–22 қазан
Бақылауды Алматыда 18:00-де (Астана 18:17, Шымкент 18:25, Атырау 19:37), Ай шықпай тұрып бастаймыз. Күн көкжиектен 13 градус төменде, комета — көкжиектің оңтүстік-батыс тұсынан 23 градус биікте (2 жұдырық). Кометаның жалтырауы +3,5 ж.ш. — бұл Андромеда тұмандығының шамасы. Демек оны қаладан көру мүмкін емес, ал далалық қараңғы аспанда әзер көзге шалынады, сондықтан дүрбі алған абзал. Комета 20:42-де (21:07, 21:11, 22:25) батады.

23–30 қазан
Бақылауды Алматыда 18:15-те (Астана 18:37, Шымкент 18:45, Атырау 19:57) бастаймыз. Аспан толық қараңғы: Күн көкжиектен 17 градус төменде, жарық Ай әлі туған жоқ. Кометаны көкжиектің оңтүстік-батыс тұсынан 24 градус биіктен іздеу қажет. Оның жалтырауы +4-тен +6 ж.ш. дейін азая береді. Комета дүрбі не телескоппен ғана байқалады.


Нұсқаулар AstroAlert тобынан бейімделіп аударылды, кометаның бату уақыты The Sky LIVE сайтынан алынды.
Сызба: Sky & Telescope сайтынан, қазақшалаған «Физика және Ғарыш» жобасы
#үлкенкомета2024 #астрокүнтізбе
👍2