Физика және Ғарыш
105 subscribers
3.47K photos
709 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
МАСК: STARSHIP КЕМЕЛЕРІ ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІН МАРСҚА ҰШЫРЫЛА БАСТАЙДЫ!

Elon Musk:
«SpaceX толық қайта қолданылатын алғашқы [орбиталық]* зымыран сатысын [Falcon 9-дың 1-сатысын айтып отыр — ФжҒ] жасады, және, әлдеқайда маңыздысы, қайта қолдануды экономикалық тұрғыдан тиімді етті.

Тіршілікті бірнеше планетаға тарату — бұл, іс жүзінде, Марсқа бір тонна жүк жеткізу құны мәселесі. Қазір ол $1 млрд шамасында. Марста өзін-өзі қамтамасыз ететін қала салу үшін бұл соманы $100 000-ға дейін түсіру керек, демек технологияны 10 000 есе жақсарту қажет. Мұны жасау өте қиын, бірақ мүмкін.

Старшиптің толық қайта қолданылатын нұсқасы тірек төмен жермаңы орбитаға ең көп дегенде ~180 тонна, бір мәрте ұшатын нұсқасы — ~300 тонна шығарады. Минимал жүк көтеру (Starlink жерсеріктерін ұшырғандағы) — 100 тонна.

Starship кемелері Марсқа 2 жылдан [!? біздіңше, тым оптимистік пайым — ФжҒ] кейін, кезекті ұшу терезесінде жөнелтіле бастайды. Олар Марсқа қонудың сенімділігін тексеретіндіктен, бортта адам болмайды. Кемелер аман қонып, сенімділік дәлелденсе, алғашқы ұшқышты Марс миссиялары 4, мүмкін, 6 жылдан кейін (8 емес деп үміттенемін) ұшырылады. Бұдан соң ұшу жиілігі экспонента бойынша арта береді. Мақсат — 20 жыл бедерінде Марста өзін-өзі қамтамасыз ететін қала тұрғызу.

Адамзаттың мультипланеталығы өркениетіміздің ықтимал ғұмырын елеулі ұзартады, өйткені енді барлық жұмыртқамызды (тіке және ауыспалы мағынасында) бір планетада сақтамаймыз».

* тік жақша ішінде біздің ескертпелер, жай жақша ішінде Масктің өзінікі — ФжҒ
#ғарышболашағы
👍1
22 ҚЫРКҮЙЕК 2024 — КҮЗГІ КҮН ТЕҢЕЛУІ ЖӘНЕ ТОҒЫС

2024 жылғы 22 қыркүйекте, Алматы уақытымен 17:43-те Күн аспан экваторын — Жер экваторының үстіндегі аспандағы ойша сызықты солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өтеді. Бұл оқиғаны астрономдар қыркүйектегі күн теңелуі деп атайды, өйткені осы сәтте Солтүстік жартышарда астрономиялық күз, ал Оңтүстік жартышарда — көктем басталады.

Теңелу даталарында күн мен түн тең, 12 сағаттан деп саналады, алайда күн сәулесінің атмосферада сынуы себебінен шындығында күндіз түннен ұзағырақ. Биыл күзде күн мен түннің ұзақтығы 25 қыркүйекте теңеседі. Сондықтан, наурыз бен қыркүйектегі күн теңелулерінің басты ерекшелігі — Күннің тура шығыстан шығып, дәл батыста батуында.

Дәл осы 22 қыркүйекте, 15:17-де Ай Үркер жұлдыз шоғырымен тоғысып, оны жауып қалады. Құбылыс Солтүстік Америкадан бақыланады. Ал біздің елде Ай мен Үркердің ауыл-үй қонғанын, яғни аспанда жақындасқанын көре аламыз. Сөйтіп, ертең таңертең және кешке Күннің дәл шығыстан көтеріліп, батыста ұясына қонғанын, сондай-ақ Ай мен Үркердің ауыл-үй қонғанын тамашалауға мүмкіндік бар. Айтылған астрономиялық оқиғалар 23-не де бақыланады.
#астрокүнтізбе
👍1
ЧИКАГОХЕНДЖ НЕМЕСЕ КҮЗГІ КҮН ТЕҢЕЛУІ

Чикаго қазіргі заманның Стоунхенджіне ұқсайды. Бұл қаладағы ұзын көшелер торы экватор бойынша тураланған. Бүгін, наурыз бен қыркүйектегі әр күн теңелуі датасындағындай, бүкіл жер жүзінде Күн дәл батыста батады. Чикагода жылына екі рет бақыланатын мұндай оқиғаны чикагохендж деп атайды. 2017 жылғы қыркүйек теңелуі кезінде түсірілген мына фотода Аппер-Уэкер Драйв көшесінің бір бөлігі бейнеленген.

Тура батыстан шығысқа қарай созылып жатқан осындай көшелер әлемнің кез келген қаласында бар. Картадан өз қалаңыздағы осындай көшені тауып алыңыз да, 2024 жылғы 22 қыркүйектің кешінде фотодағыдай көрініске куә болыңыз. Қосымша ақпарат — жоғарыдағы бейнероликте.

Image Credit & Copyright: Anthony Artese
#астрокүнтізбе #nasa_apod
👍1
22 ҚЫРКҮЙЕК 2024 — АЙДЫҢ ҮРКЕРМЕН ТОҒЫСЫ

2024 жылғы 22 қыркүйекте, Алматы уақытымен 15:17-де Ай Үркер жұлдыз шоғырын жауып қалды. Құбылыс Солтүстік Америкадан бақыланды. Ал біздің елде Ай мен Үркердің ауыл-үй қонғанын, яғни аспанда жақындасқанын көре аламыз. Бүгін кешке Ай мен Үркердің тоғысын, сондай-ақ жарық планеталар Юпитер мен Марсты тамашалайық.
#астрокүнтізбе
👍2
ҚЫТАЙЛЫҚ ПРОТОТИП 10 КИЛОМЕТРГЕ КӨТЕРІЛІП, КЕРІ ҚОНДЫ

Жер жүзінде бірінші болып отыны метан зымыранмен орбитаға пайдалы жүктеме шығарған Landspace компаниясы 1-сатысы кері қайтарылатын ауыр тасығыш жасап жатқаны белгілі. Компания қаңтарда болашақ ZhuQue-3 машинасының прототипін 350 метрге көтеріп, аман-есен қондырған еді.

Ал 2024 жылғы 11 қыркүйекте Цзюцюань жерсерік ұшыру орталығында өткен сынақта ZhuQue-3 10002 метрге көтеріле алды! 200 секунд ұшқан прототип старттан 3,2 км қашықтықтағы арнайы алаңға 1,7 метр дәлдікпен жұмсақ қонды.

Landspace жаңа зымыранның орбиталық сынақтарын 2025-те бастамақ. Ал 1-сатыларды қайта қолдану 2026 жылға жоспарланған. Landspace — тік қонатын зымыран сатысын сынаған төртінші қытайлық өндіруші.

Болашақ ZhuQue-3 зымыранының сипаттамасы:
— Көп мәрте қолданылатын 1-саты тоғыз метан/оттегі қозғағышымен, торкөз рульдермен және қону тіреулерімен жабдықталады;
— Бактары тот баспайтын темірден жасалады;
— Төмен жермаңы орбитаға 1-саты құрлыққа қонған жағдайда 11 т, платформаға қонса — 16,5 т, қайтарылмаса — 20 т шығара алады.

Credit: Landspace
#ҚытайҒарышта
👎1
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
ZhuQue-3 прототипінің 10 000 метрге көтерілуі
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
ZhuQue-3 прототипінің қонуы
SH B12 ҮДЕТКІШІ STARSHIP S30 КЕМЕСІМЕН БІРІКТІРІЛДІ

Starbase ғарыш кешеніндегі ұшыру алаңында Starship S30 кемесінің прототипі Super Heavy B12 үдеткіші үстіне орнатылды. Бұл зымыран Старшиптің бесінші орбиталық сынағын жүзеге асыруы тиіс. 🚀
Видео — төменде
#жұлдызкеме
👍1