Физика және Ғарыш
105 subscribers
3.47K photos
709 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
Юпитермен жылына 20–60 дене соқтығысады. Бірақ астрономдар газды алыпты тұрақты бақылап отырмайтындықтан, мұндай оқиға тікелей сирек тіркеледі. Кейде әуесқой астрономдар мен астрофотографтардың да жолы болуы мүмкін. 2019 жылы 7 тамызда Юпитерге соғылған астероидты түсіріп алудың сәті түсті.
https://www.youtube.com/watch?v=JuY26HLVDks
👍1
Шумейкерлер-Леви 9 кометасы
👍2👀1
ЧАНДРА ҒАРЫШТЫҚ ТЕЛЕСКОПЫНА ШИРЕК ҒАСЫР ТОЛДЫ

Осыдан 25 жыл бұрын, 1999 жылғы 23 шілдеде НАСА-ның Chandra ғарыштық телескопы жоғары апогейлі геоцентр орбитаға шығарылды. Ғарышты рентген диапазонда зертеуге арналған Чандра рентген обсерваториясы үнді текті америкалық физик, астрофизик Субраманьян Чандрасекардың құрметіне аталған. Чандра — НАСА ғасырлар тоғысында ұшырған 4 "Үлкен обсерваторияның" (Хаббл, Комптон, Чандра, Спитцер) бірі.

Обсерватория 5 жыл жұмыс істейді деп жоспарланған еді, кейін НАСА оның қызмет мерзімін бірнеше рет ұзартты. 2018 жылдың қазанында бір гироскоп істен шығып, телескоп қауіпсіз режимге өткен еді. Ақаулы гироскопты өшіріп, резервке шығарған соң Чандра қалыпты жұмысқа оралды.

Chandra ғарыштық телескопы алған кейбір маңызды ғылыми нәтижелер:
— Құс Жолының орталығындағы аса ауыр қара құрдымның рентген сәулеленуін ажырату;
— Андромеда тұмандығының орталығындағы суық газ көлемінің болжанғаннан көп екенін анықтау;
— галактикалар суперкластерлерінің соқтығысуын бақылау кезінде қараңғы материя бар екендігінің дәлелін табу;
— M82 галактикасынан қара құрдымның жаңа типінің табылуы. Ғалымдар оны жұлдыз массалы қара құрдымдар мен аса ауыр қара құрдымдар арасындағы жетіспейтін аралық буын деп санайды. Мұндай қара құрдымды кейін Хаббл телескопы да байқаған еді, біздің арнадағы роликті қараңыздар.
#ғарыштарихы
👍2👏1
Чандраның 25 жылдығына орай жарияланған 25 кескін топтамасы:
Краб тұмандығы, Орион тұмандығы, "Көз" галактикасы, Мысықтабан тұмандығы, Құс Жолының Галактикалық орталығы,
M16 Бүркіт тұмандығы, Жарқанат Көлеңкесі, NGC 7469, Бикеш кластері, WR 124,
G21.5-0.9, Кентавр A, Кассиопея A, NGC 3532, NGC 6872,
Hb 5, Abell 2125, NGC 3324, NGC 1365, MSH 15-52,
Arp 220, Юпитер, NGC 1850, MACS J0035, SN 1987A.
👍2
111. «ҚАРАҢҒЫДА ГҮЛДЕГЕН РАУШАНДАР: NGC2337»

16 жасқа дейінгі фотографтар арасындағы жоғары баға — Яньхао Мо.

Сілеусін шоқжұлдызындағы NGC 2337 бұрыс пішінді галактикасы. Жерден 25 млн жарық жылы қашықтықта.

Roses Blooming in the Dark: NGC2337 by Yanhao Mo
Astronomy Photographer of the Year 2023
Taken in Xinbei District, Changzhou City, Jiangsu Province, China, 21 December 2021, 18 and 27 January 2023
Equipment used: Sky-Watcher 150/750 telescope, Meyon MPCC + Optolong LRGB & SII, H-alpha and OII filter, Sky-Watcher HEQ5 Pro mount, QHY-268M camera, 750 mm f/5, Gain 26, 600-seconds per 8 x 7 hour exposure
#астрофото2023
👍1🥰1
117. УЭББ ТЕЛЕСКОПЫ СУЫҚ ЭКЗОПЛАНЕТАНЫ ТІКЕЛЕЙ СУРЕТКЕ ТҮСІРДІ

Халықаралық астрономдар тобы James Webb ғарыштық телескопының MIRI аспабының көмегімен Жерден 12 жарық жылы қашықтықтағы экзопланетаны тікелей фотоға түсірді. Юпитерден бірнеше есе ауыр Epsilon Indi Ab планетасы K-типті Epsilon Indi A (Eps Ind A) жұлдызын айналады. Бұл жұлдыздың жасы біздің Күнмен шамалас, бірақ Eps Ind A сәл суықтау.

Epsilon Indi Ab бізге ең таяу экзопланеталар ішінде 12-ші орында, ал Юпитерден ауырларының Жерге ең жақыны. Температурасы 2 Цельсий градусы деп шамаланатын Epsilon Indi Ab — Күн жүйесінен тыс планеталардың ең суығы.

Image Credit: ESA/Webb, NASA, CSA, STScI, E. Matthews (Max Planck Institute for Astronomy)
😱1
27 ШІЛДЕ 9:16 — FALCON 9 АПАТТАН КЕЙІН АЛҒАШ ҰШЫРЫЛМАҚ

SpaceX компаниясы Starlink-9.3 миссиясын ұшырған Falcon 9 зымыранының 2024 жылғы 11 шілдедегі апатының себебі жайлы ресми мәлімдеме жасады. Соны қысқаша баяндап берейік.

Зымыранның 1-сатысы көтерілу, бөліну, қайта оралу және жүзбе платформаға қону кезінде толық штатты жұмыс істеді. Ал 2-сатының қозғағышы бірінші рет қосылғанда оның маңында сұйық оттегінің ағуы орын алды. Бұған сұйық оттегі құбыры бойындағы қысым сенсоры тұсында пайда болған жарық кінәлі. Құбыр оны қысып тұратын қысқыштың босап кетуі кесірінен, вибрация әсеріне шыдас бермей шытынаған. Ағысқа қарамастан, қозғағыш жоспарлы өшкенге дейін штатты жұмыс атқарып, сатыны эллипс орбитаға шығарған.

Жерсеріктерді босатар алдында орбитаны дөңгелектеу үшін қозғағыш екінші мәрте қосылуы тиіс еді. Алайда аққан сұйық оттегі қозғағышты шектен тыс суытып жібергендіктен, ол қатаң тұтанып, істен шықты. Саты өз жұмысын жалғастырып, жерсеріктерді босатты. Алайда қозғағыш ерте өшіп қалғандықтан, жерсеріктер тиісті дөңгелек орбитаға емес, перигейі өте төмен (135 км) эллипс орбитаға шықты. Атмосфераның тығыз қабатымен ұшқан барлық 20 аппарат тежеліп, біртіндеп атмосфераға қайта енді де, толық жанып кетті. Олардың еш сынығы жер бетіне түскен жоқ.

SpaceX инженерлері барлық сатылар мен жербеті жүйелерді мұқият тексеріп шықты. Таяуда ұшатын 2-сатылардан сұйық оттегі қысымы сенсоры алынып тасталды. Олардың қызметін қозғағышта бұрыннан бар балама сенсорлар атқара алады. Бұл өзгеріс Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FAA) қадағалауымен, МакГрегордағы полигонда сыналды. Сондай-ақ қолдағы барлық зымырандардың барлық отын құбырлары мен сенсор қысқыштары тексеріліп, кейбірі ауыстырылды.

Сөйтіп, FAA тарапынан Falcon 9 зымыранын қайта ұшыруға рұқсат алынды. Апат пен рұқсаттың арасында небәрі 15 күн өткен, бұл осындай процедура үшін рекорд екен. Келесі ұшырылым — Starlink-10.9 миссиясы, Кеннеди ғарыш орталығы, 27 шілде, Алматы уақытымен 9:21. 28 шілдеде Канаверал мен Ванденберг базаларынан тағы екі Falcon 9 ұшуы тиіс.

#зымыранұшыру #көбәріп
👍2
Фото: IOC/Greg Martin
Париж
2024 жылғы 27 шілдеде Starship S30 кемесінің тұтандыру сынағы өткізілді.
Енді толық отын құю сынағын өткізу үшін жүйенің құрастырылуын күтеміз. Старшип аса ауыр зымыран жүйесінің бесінші ұшырылымы тамыздың басына межеленген.
#жұлдызкеме
👍1
Шынымен Гугл-аударма екен. Бірақ қазақшасы 2 минут ерте жарияланған ғой!
👍2
ЖАЗДЫҢ СОҢЫ — «ЖҰЛДЫЗ АҒАТЫН» МЕЗГІЛ
ШІЛДЕ–ТАМЫЗДАҒЫ МЕТЕОР АҒЫНДАРЫНА ШОЛУ

Шілденің үшінші онкүндігінен бастап, тамыздың үшінші онкүндігін қоса алғандағы кезең — "аққан жұлдызды", яғни метеорларды* тамашалауға ең қолайлы мерзім. Жаздың жылы түні, жаңа піскен жеміс-жидек пен төрт метеор ағыны** түнгі аспанда ғана емес, адам жадында да жарқын із қалдыра алады.

🌠 Оңтүстік Дельта-Акваридалар. 12 шілде — 23 тамыз аралығында белсенді. Ағын шыңы шілденің 29-нан 30-на қараған түнге келеді, дегенмен алдыңғы және кейінгі 1–2 түні де метеор саны шыңға жетеқабыл. Сағатына 20–25 метеор бақыланады (ZHR****).

Метеорлардың жылдамдығы орташа — 41 км/сек. Олар онша жарық емес, бірақ мол, түсі негізінен ақ. Ағынның радианты*** Көнек (Суқұйғыш) шоқжұлдызында. Көнек таңға таман көтерілетіндіктен, бақылауға ыңғайлы уақыт — түннің екінші жартысы.

🌠 Альфа-Каприкорнидалар. 3 шілде — 15 тамыз аралығында белсенді. Мұның да шыңы — шілденің 29-нан 30-на қараған түні. ZHR — сағатына 5-ақ метеор, бірақ бұл ағын өте жарық метеорларға бай, тіпті болидтер***** байқалуы мүмкін.

Метеорлардың жылдамдығы баяу — 23 км/сек. Олардың өте жарықтығын ескерсек, баяу болидтерді асықпай тамашалауға керемет мүмкіндік бар! Іздің түсі негізінен сары. Ағынның радианты Тауешкі (Ешкімүйіз) шоқжұлдызында. Аққан жұлдыздар түні бойы көрінеді, дегенмен Ай тумай ертерек бақылаған жөн.

🌠 Персеидтер — ең танымал метеор ағыны. 17 шілде — 24 тамыз аралығында белсенді. Шыңы әр жылы әр түні, 11—14 тамыз арасында келеді, метеор саны сағатына 80–150. Персеидтер кейде атмосфераға топталып енеді, мұндай аққан жұлдыздар залпы керемет әсер қалдырады.

Жылдамдық ортадан жоғары — 59 км/сек. Радиант көкжиектен биік көтерілетін Персей шоқжұлдызында, сондықтан метеорлар бүкіл аспаннан бақыланады. Бірақ радиантқа емес, аспанның қарама-қарсы тұсына көз тіккен абзал, ол жақта метеорлар барынша ұзын із тастайды.

🌠 Каппа-Цигнидалар. 3 — 25 тамыз аралығында белсенді, шыңы 17 тамызда. Түн ортасында сағатына 3 метеор көрінуі мүмкін. Метеороидтар бұлтында ірі сынықтар көп, сондықтан жарық метеорлар не болидтер байқалуы ықтимал.

Жасыл түсті метеорлар көбірек. Радиант түннің бірінші жартысында өрлейтін Аққу шоқжұлдызында, ертерек шыққан дұрыс. Ағын баяу болғандықтан (25 км/сек), аспанның бар тұсынан "ағатын жұлдыздарды" байқау оңай.


АНЫҚТАМАЛЫҚ

* МЕТЕОРЛАР — Жер атмосферасында жанған ғарыштағы тас сынықтары. Олар орасан жылдамдықпен (сағатына 130 000 километрдей) қозғалады. Атмосфераның жоғарғы қабатындағы үйкелістен сынықтар қатты қызып, маңындағы ауаны жарқыратады. Тас тез қирап, жоқ болады, ал оның жарқыраған ізін жерден "аққан жұлдыз" түрінде көреміз.

** Жер бетіндегі кез келген нүктеден бір түнде орта есеппен 6 кездейсоқ метеор көрінеді. Бірақ Жер жылына бірнеше рет өз жолында жатқан комета қалдықтарының үстін басып өтеді. Бұл кездері метеор саны күрт артып, МЕТЕОР АҒЫНДАРЫ бақыланады.

*** РАДИАНТ — метеорлар содан ұшып шығып жатқандай тәрізденетін аспандағы нүкте.

**** ZHR — ағынның радианты дәл төбеде болғанда, тас қараңғыда, көру қабілеті идеал бақылаушы бір сағатта көре алатын метеор саны. Іс жүзінде әлдеқайда аз метеор көрінеді.

***** БОЛИД — Шолпаннан жарық метеор.


МЕТЕОР АҒЫНЫН ҚАЛАЙ БАҚЫЛАҒАН ЖӨН

Жұлдыз жауынын толыққанды тамашалау үшін ауылға не тауға, ең болмаса қаладан алысырақ жерге барған жөн. Қала ішінде парк сияқты салыстырмалы түрде қараңғы, бірақ қауіпсіз орын табыңыз. Кемі жарты сағаттай көзді қараңғыға үйретіп алу керек, сондықтан фара не қолшам жақпаған абзал, телефонға да үңілмеңіз. Радиантқа көз тігу міндет емес, шалқалап аспанға қарап жатса болады. Тамызда түн суық, жылы киім алуды ұмытпаңыз.

#астрокүнтізбе #көбәріп
👍3
FALCON 9 ҚАТАРЫНАН 3 РЕТ СӘТТІ ҰШЫРЫЛДЫ — ЖАҢА СЕРИЯ БАСТАЛДЫ

2024 жылғы 11 шілдедегі апаттан кейінгі 16 күндік үзілістен соң, 27–28 шілдеде SpaceX компаниясы үш бірдей Falcon 9 зымыранын ұшырды. Олар 27 сағат 37 минут аралықта үш ғарыш айлағынан үш Starlink миссиясын көтерді. Үш 1-саты үш баржаға аман қонды, үш 2-саты жерсеріктерді тиісті орбитаға ойдағыдай шығарды.

Демек, өткендегі апат жүйелі ақаудың емес, нақты бір 2-сатыны жасау барысында орын алған олқылықтың салдары екені анық. 2-сатылар қайта қолданылмайды, әр жолы жаңасы ұшады. Қазіргі сәттегі статистика бойынша, 357 Falcon 9-дың 355-і сәтті ұшырылды. Екі тасығыш 2-сатының кінәсінен тапсырманы орындай алмады. Келесі миссия — 2 тамызда.

Credit: SpaceX
#зымыранұшыру
👍2👏1
Джон Краустан және бір фото болсын
Credit: John Kraus Photos
#зымыранұшыру
👍2👀1
СТАРЛАЙНЕР ЖЕРГЕ ҚАШАН ҚАЙТАДЫ?
АМЕРИКАНЫҢ ҰШҚЫШТЫ МИССИЯЛАРЫ ЖАЙЛЫ

Алдымен Starliner Calypso ғарыш кемесінен (фотода) бастайық. НАСА мен Boeing Нью-Мексикодағы Уайт-Сэндс полигонында кемеде орнатылған RCS жүйесінің қозғағышын сынақтан өткізді. Деректер талдануда, Старлайнердің стансадан ажырайтын және Барри мен Сунитаның Жерге оралатын күндері әлі бекітілген жоқ. ХҒС-қа бір аптаға қонаққа келген екі қарттың онда жатқанына екі айға жуықтады, және жақында кетер түрі жоқ.😂 Дегенмен стансада 4 айға жететін азық-түлік қоры бар, оны 3 тамызда аттанатын Cygnus пен қыркүйектегі Dragon Cargo жүк кемелері қосымша толықтырады.

НАСА бұрынғыша Crew-9 экипажын Boe-CFT миссиясын қайтарып алған соң барып ұшыруды жоспарлап отыр. Crew-9-ды көтеретін Falcon 9-дың 2-сатысы бүгін МакГрегорда қосымша тексерістен өтеді. Флоридадағы 1-саты да тексеріледі. 4-ші рет ұшатын Crew Dragon Freedom кемесі Хоторндағы таза бөлмеде, жақында ол Флоридаға жеткізіледі. Бұл миссия 18 тамыздан ерте ұшпайды.

SpaceX Polaris Dawn жекеменшік миссиясы тамыздың аяғына, Axiom компаниясының Ax-4 миссиясы қарашаға, Crew-10 — 2025-тің ақпанына межеленген. Starliner-1 (Старлайнердің төрт кісілік бірінші толыққанды сапары) 2025-тің тамызына шегерілді. Ал Boeing корпорациясының кемесі бұл мерзімде ұша алмаса, ХҒС-қа оның орнына Crew Dragon кемесімен Crew-11 миссиясы аттанады! Бірінші негізгі миссияның орнына басқа кеменің 11-ші негізгі миссиясы, бұл екі жоба бір мезгілде басталып еді ғой.
#хғс
👍2
Фото: NASA Johnson Space Center
👍2🥰1
БЕСІНШІ СЫНАҚ БІР АЙҒА ШЕГЕРІЛДІ

X Takeover іс-шарасында Илон Маск бірнеше мәлімдеме жасады:
— Starship IFT-5 миссиясы тамыздың аяғы — қыркүйектің басында ұшырылады;
— Мехазилла робоқолдарының Super Heavy B12 үдеткішін сәтті қағып алу ықтималдығы — 50%;
— Starship S30 кемесінің жылу қалқаны мен қанаттарының атмосфераға ену кезеңінен аман қалу ықтималдығы — 60%. S29-ға 20% берілсе де, ол мұхит бетіне жеткені есімізде, демек бұл аз сан емес.

Әр қанаттың тұсына камера орнатылды, сөйтіп бұл кемеден де керемет көріністер күтеміз.
#жұлдызкеме
👍2