Физика және Ғарыш
105 subscribers
3.47K photos
711 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
GRIFFIN ONE МИССИЯСЫ 2025-КЕ ШЕГЕРІЛДІ, BLUE GHOST M1 МЕН NOVA-C IM-2 АЙҒА КҮЗДЕ АТТАНАДЫ

NASA CLPS бағдарламасы аясында биылғы қарашаға жоспарланған Griffin One ай миссиясы келесі жылға шегерілді. Falcon Heavy зымыранымен ұшырылған Astrobotic Technology компаниясының Griffin лендері Нобиле кратеріне қонып, НАСА-ның 450 кг-дық VIPER роверін түсірмек. Бұл шешім ешкімді таң қалдырған жоқ. Өйткені Astrobotic-тің қаңтарда ұшырылған Peregrine лендері аймаңы орбитаға шыға алмай, Жерге қайтып келіп, атмосферада жанып кеткені белгілі.

Дегенмен SpaceX қазанда Falcon 9 зымыранымен басқа NASA CLPS ай миссиясын ұшырады. Firefly Aerospace компаниясының Blue Ghost M1 лендері НАСА-ның 150 кг-дық 10 жүктемесін Дағдарыстар Теңізіне жеткізуга тапсырма алған.

Ал IM-2 миссиясы 2024 жылдың 4-ші тоқсанына межеленіп отыр. Falcon 9 зымыраны Intuitive Machines компаниясының екінші Nova-C лендерін Айдың Оңтүстік полюсіне аттандырады. НАСА-ның PRIME-1 роботы реголитті бұрғылап, су мұзын іздейді. Сондай-ақ Ай бетіне кішкене Micro Nova ровері түседі. IM-1 Nova-C лендері ақпанда Малаперт кратеріне жұмсақ қонғанымен, жанасу сәтінде алты тіреудің бірі сынып, аппарат құлап түскен еді. Жас компанияның екінші әрекеті сәтті болар деп сенеміз.
👍2
ҮШ МҰНАРА

Канаверал портындағы Liebherr LHM 600.6 краны баржалар алып келген Falcon 9 B1080.8 бен B1077.13 1-сатыларын түсіріп алмақшы.
👍2
AKATSUKI ЗОНДЫМЕН БАЙЛАНЫС ҮЗІЛДІ

Шолпан орбитасындағы Акацуки зонды көкектің соңынан бері Жермен байланыса алмай тұр. Жапон мамандары қазір Шолпанды жақыннан зерттеп жүрген жалғыз аппаратпен байланыс каналын қалпына келтіруге тырысып жатыр.

2010 жылы 20 мамырда ұшырылған Akatsuki аппараты сол жылғы желтоқсанда Шолпан орбитасына шыға алмады. Бұған марштық қозғағышқа отын беретін клапанның бірінің ақауы себеп болды. Дегенмен маневрлік қозғағыштар көмегімен 2015 жылы жасалған екінші әрекет сәтті өтіп, зонд Шолпан айналасындағы орбитаға шықты.

Екі күн батареясынан қуат алатын 320 килограмдық аппарат инфрақызыл, ультракүлгін және найзағай камераларымен жабдықталған. Акацуки зонды көрген Шолпан атмосферасындағы бұлттар қозғалысы жайлы — арнамыздағы бейнероликте.
👍2
SPACEX МАМЫРДА 14 ЗЫМЫРАН ҰШЫРДЫ — ЖАҢА РЕКОРД!

SpaceX компаниясы 2024 жылғы 1 маусым, Алматы уақытымен 7:37-де кезекті Starlink-6.64 миссиясын ұшырды. Бұл кезде Америкада әлі 31-і болғандықтан, ол мамыр айына есептелді. Сөйтіп, SpaceX мамырда 14 миссия орындады — күнтізбелік ай үшін жаңа компания рекорды! 🏆

Осы 2024-тің наурыз, көкек айларында 12 зымыраннан ұшырылған еді. Falcon 9 зымыраны биылдыққа 57-ші рет, ал барлығы 342-ші рет ұшырылып отыр. Жалпы компания есебінде 356 ұшырылым бар.

Credit: SpaceX
#зымыранұшыру
👍2
dearMoon ЖОБАСЫ БОЛМАЙДЫ

2018 жылы жапон миллиардері Юсаку Маэдзава SpaceX компаниясының Starship кемесімен Айды айналып келуге келісімшарт жасасқанын айтқан еді. Толығырақ — бейнероликте. dearMoon деген ат қойылған миссия шамамен 2023-тің соңына межеленген. Кейін жапон байының есебінен аймаңы орбитаға барып келетін өнер адамдарының есімдері де жарияланды.

Енді Маэдзава бұл жобадан бас тартатынын мәлімдеді. Алпауыттың айтуынша, 2023-те сапар жүзеге аспады, ал таяу болашаққа арналған нақты графиктің жоқтығы оны осындай шешім қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Илон Маск наурыздың соңында X желісінде Маэдзаваға жазылымнан шығып кеткен еді. Соған қарағанда, Маскке Маэдзава алдын ала төлеп қойған қомақты қаржыны қайтарып беруге тура келген сияқты.
😱1🤨1
1 МАУСЫМ, 21:25 — СТАРЛАЙНЕРДІҢ АДАММЕН АЛҒАШ ҰШУЫ

2010 жылы ақпанда НАСА ХҒС-қа ғарышкер жеткізетін жекеменшік кемелер жасауға ынталандыру мақсатында Commercial Crew Development (CCDev) бағдарламасын ашты. Оның аясында Boeing корпорациясы агенттіктен $4,8 млрд алса, SpaceX компаниясы 3,1 млрд долларды қанағат тұтты. 2014 жылы НАСА екі мердігермен стансаға ғарышкер жеткізуге келісімшарт жасасты. Әр компания НАСА үшін алты ұшқышты миссиядан жасауы тиіс-тін. 2021 жылы SpaceX-ке тағы үш, ал 2022-де және бес ұшқышты миссияға тапсырыс берілді.

Төрт жыл бұрын, 2020 жылы 30 мамырда SpaceX Crew Dragon ғарыш кемесінің ұшқышты сынақ миссиясымен алғашқы екі астронавт ХҒС-қа ұшырылды. Олар тәжірибелі ғарышкерлер Дуглас Хёрли мен Роберт Бенкен еді. Бұл сынақты есептемегенде, SpaceX өзіне тапсырылған 14 толыққанды миссияның қазір сегізіншісін орындап жатыр.

Ал Boeing CST-100 Starliner ғарыш кемесінің ұшқышты сынақ миссиясын бүгін аттандырмақшы. Boe-CFT миссиясы Алматы уақытымен 21:25-ке белгіленген. НАСА мен Боинг 18 бағдарлау қозғағышының бірінен ағып жатқан гелий кеменің аман-есен барып-қайтуына кесірін тигізбейді деп санап отыр. Ардагер астронавтар Барри Уилмор мен Сунита Уильямстың жолы болсын!

НАСА-ның ресми трансляциясы:
https://www.youtube.com/watch?v=aEi5boWupRk
👏1🤔1
CCDev миссияларының графигі (Wikipedia). Қазақстан туындағы қызыл түс пара алмайтын шенеуніктерді білдіреді деген анекдотқа ұқсайды екен😃
😁1🤣1
Батч пен Суни бүгін де ұшпайтын болды!
🤨1
STARLINER BOE-CFT 5 МАУСЫМҒА ШЕГЕРІЛДІ

Boeing CST-100 Starliner ғарыш кемесінің ұшқышты сынақ миссиясы, 7 мамырдағыдай, кеше де ұшпай қалды. Бұған старталды санақты қадағалайтын жердегі инфрақұрылым компьютеріне қате алгоритм жүктелуі кінәлі болған. Boe-CFT миссиясы енді 5 маусым, Алматы уақытымен 19:52-ке белгіленіп отыр. Дәл осы күнге тағайындалған Starship аса ауыр зымыранының 4-ші орбиталық ұшу сынағы 6 маусым, 17:00-ге жылжытылды.
ҚЫТАЙДЫҢ CHANG'E-6 МИССИЯСЫ АЙДЫҢ АРҒЫ БЕТІНЕ СӘТТІ ҚОНДЫ

2024 жылғы 2 маусымға қараған түні қытайлық Чанъэ-6 миссиясының екі модулі Айдың арғы бетіндегі Аполлон кратері ішіне сәтті қонды. Айдың арғы жағына қону тарихта екінші рет қана жүзеге асырылып отыр. 2019 жылы қаңтарда түскен Чанъэ-4 лендері мен Юйту-2 ровері Фон Карман кратері ішінде әлі күнге жұмыс істеп тұрғаны мәлім.

Енді шөміш пен бұрғылаушы құрылғы көмегімен Ай бетінен және сәл төменірек қабаттан 2 килограмдай топырақ үлгісі алынып, ұшатын модульге тиеледі. Қону модулінің ғылыми жүктемесі: Ай экзосферасындағы радонды тіркейтін DORN француз аспабы, реголиттің күн желімен әсерлесуі туғызатын теріс иондарды тіркейтін NILS швед аспабы мен италиялық INRRI лазерлік ретрорефлекторы жұмысқа кіріседі. Арғы беттегі аппараттармен байланысты биыл наурызда ұшырылған Queqiao-2 ретрансляторы қамтамасыз етіп тұр.

Екі тәуліктен кейін ұшатын модуль Ай бетінен көтеріліп, аймаңы орбитада қалған қызметтік модульмен түйіседі. Топырақ герметикалық қайтарылатын капсулаға жүктелген соң, ұшатын модуль ажырап, Айға құлайды. Қызметтік модуль үлгі салынған капсуланы Жерге алып келіп, атмосфераға тастайды. Парашютпен құлдилайтын капсула Ішкі Моңғолияға 25 маусымда қонуы тиіс. Ал қызметтік модульге басқа тапсырма берілуі мүмкін.

3 мамырда ұшырылған Chang'e-6 миссиясы Ай маңына 8 мамырда жетіп, пәкістандық ICUBE-Q кубсатын аймаңы орбитаға шығарған еді. Чанъэ-6 2020 жылы желтоқсанда Айдың бергі бетінен 1,7 кг топырақ алып келген Чанъэ-5 миссиясы аппараттарының қосалқы даналарынан құралған. Ал арғы бет топырағы тарихта алғаш рет алынбақшы.
#ҚытайҒарышта
👍2👏1
4 МАУСЫМНАН 5-НЕ ҚАРАҒАН ТҮНІ ПОЛЯР ШҰҒЫЛАСЫ КӨРІНУІ ЫҚТИМАЛ

2024 жылғы 10–12 мамырда Жер атмосферасында тұрған өте күшті магнит дауылына Күн бетіндегі AR3664 күн дақтары тобындағы қуатты жарқылдар сериясы себепкер болғаны есімізде. Бұл топ Күннің арғы бетін айналып келіп қайта көрінгенде, AR3697 деген жаңа нөмір иеленді. Жақында осы топта бірнеше X класты қуатты жарқыл тіркелді, бірақ көп мөлшерде тәж заты атыла қойған жоқ.

1 маусымда, Алматы уақытымен 23:37- де тез X1 жарқыл байқалды, ол да атылыспен сүйемелденбеді. Ал 25 минуттан кейінгі M7.4 созылмалы жарқыл плазма атылуын туғызды. Бұл плазманың бір бөлігі Жерге тиетін сияқты. Сондықтан 4 маусымда геомагниттік жағдайдың өзгерісі күтіліп отыр, нәтижесінде алдағы түні поляр шұғыласы орта ендіктерден де көрініп қалар.
👍2👀1
ТАРИХТА АЛҒАШ РЕТ АЙДЫҢ АРҒЫ БЕТІНЕН ТОПЫРАҚ ҮЛГІСІ АЛЫНДЫ

Айдың арғы жағына қонған қытайлық Chang'e-6 миссиясы, жоспарланғандай, шөміш пен бұрғылаушы құрылғы көмегімен Ай бетінен және сәл төменірек қабаттан топырақ үлгілерін алды. Ұшатын модуль Айдан көтеріліп, үлгіні орбитаға алып шықты. Енді ол қызметтік модульмен түйісіп, топырақты беруі тиіс.

Лендерден Ай бетіне кішкене ровер түсірілді, мамандар оны мобильді камера деп атайды. Қону модуліндегі еуропалық ғылыми аспаптар тексерілді, олар зерттеу жүргізуге дайын. Өткен Chang'e-5 миссиясы сияқты, бұл лендер де Айда Қытай туын көтерді.
#ҚытайҒарышта
👍2
ОЛЕГ КОНОНЕНКО — ҒАРЫШТАҒЫ 1000 ТӘУЛІК!

2024 жылғы 5 маусымда Роскосмос космонавты Олег Кононенко ғарышта мың тәулік өткізкен алғашқы адам атанды. Өзінің бесінші ғарыштық сапарындағы рекордшы 21 маусымда 60-қа толады.

Станса командирі Кононенко бастаған ХҒС-71 экспедициясы Starliner кемесімен келетін алғашқы экипажды күтіп алуға дайындалуда. Бұл кеме Жерден 5 маусымда, 19:52-де ұшуы тиіс.
#хғс #ғарыштарихы
👍1😱1
5 МАУСЫМ, 19:52-ДЕ СТАРЛАЙНЕР КЕМЕСІ ЭКИПАЖБЕН ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ

Сонымен, Boeing корпорациясының CST-100 Starliner ғарыш кемесінің Boe-CFT миссиясын ұшыруға үшінші әрекет 2024 жылғы 5 маусым, Алматы уақытымен 19:52-де жасалады. Алдыңғы екі әрекет автоматты түрде тоқтатылған еді.

5 мамырда бұған Atlas V зымыранының 2-сатысындағы оттегі клапанының ақауы себеп болды. Ал 1 маусымда Канаверал базасындағы SLC-41 ұшыру алаңындағы стартты басқарушы компьютер конфигурациясындағы қате анықталды.
👍1