Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
10 КӨКЕКТЕ ЖАЙЫҚ 10 МЕТРДЕН АСТЫ

2024 жылғы 10 көкек, 16:00-де Орынбор қаласындағы Жайықтың деңгейі 1010 см-ге жетті. 1993 жылғы тасқын кезінде бұл қаладағы ең жоғары көрсеткіш 974 см болған екен. Ал тарихи рекорд 1942 жылдың 3 мамырында тіркелген — 987 см. Биылғы су бұл рекордтан та асып түсті. Орынборда қауіпті деңгей 930 см деп саналады.

Осыған қарап Орал қаласында Жайықтың қанша көтерілетінін болжап көруге болады. Мұндағы кей жылғы максимумдар:
1942 ж. 8 мамыр — 942 см
1957 ж. 27 көкек — 932 см
1946 ж. 25 көкек — 884 см
1948 ж. 30 көкек — 853 см
1994 ж. 2 мамыр — 853 см
1993 ж. 5 мамыр — 804 см
Оралдағы Жайықтың қауіпті деңгейі 850 см.
#геодерек
😱2
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
8 көкектегі Күн тұтылуы Starlink жерсерігінің көзімен
Credit: SpaceX
👍2
ЖАЙЫҚТАҒЫ ЖАҒДАЙ: 11 КӨКЕК 2024

Ирикла су қоймасынан шығатын су мөлшері 11 көкекте 993-тен 902 м³/с-ке дейін азайтылды. 10 көкектегі түсім — 1370 м³/с (9 көкекте 1680 м³/с). Су қоймасындағы бос сыйымдылық — 15 млн м³.

11 көкек, 8:00-де Орынбордағы Жайықтың деңгейі 1060 см-ге жетті (бір тәулікте +71 см). Бұл қауіпті деңгейден 130 см-ге (!) жоғары. Ресейдің Орынбор облысы бойынша 12187 үйді су алып, 7457 адам көшірілген. Элиталық "Риверсайд" тұрғын үй кешенін қорғау үшін, ішіне су құйылатын бөгет қойылды. Кешеннің су қорғау зонасына салынғанын аты-ақ айтып тұр. Арнайы ұшақпен әкелінген бөгет суды өздеріне бұрып жібереді деп қауіптенген Овчинный қалашығы тұрғындары наразылыққа шықты. Билік өкілдері қой терісін илеушілер ұрпағын тыныштандыруға тырысты.

Орал қаласында 11 көкекте Жайық 728 см-ге жетті (+10 см), қауіпті деңгей 850 см. Шаған мен Деркөл түсіп келеді. Шыңғырлау ауданы Шілік ауылында Електің деңгейі 779 см-ге көтерілді (қауіпті деңгей 750 см).
#геодерек
👍1
ҚАЗАҚСТАН СУ ҚОЙМАЛАРЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ: 11 КӨКЕК 2024

Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су қоймаларына су ағынының төмендегені байқалады. Ал, екі ірі су қоймасының орташа толуы 92%. Бүгінгі таңда су қоймаларында 489 миллион текше метр су жиналды. Бұл су ауылшаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады.

Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100%-ға толды. Сергеев су қоймасы бойынша су тасқынының белсенді кезеңі әлі өткен жоқ, тұрақты күрделі жағдай сақталады. Қазсушар мамандары ағынды реттеу бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 68%-ға толды. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтілуде.

Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 84,6%. Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына судың ағыны жанама салалар есебінен артып келеді. Осы аптада су тасқыны күтілуде.

Ақмола облысының екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 99%, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі жалғасуда, сағат сайын мониторинг жүргізіледі.

Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 98%-ға толы. Аймақта су тасқыны аяқталып, жағдай тұрақталды. Су тасқыны кезінде су қоймаларына 218 миллион текше метрден астам су жиналды. Алдағы уақытта жиналған су ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін пайдаланылады.

Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% толды, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су тасқыны кезінде су қоймаларына 192 миллион текше метрден астам су жиналды. Бұл су ауылшаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі
#геодерек
👍1
Преск-Айл, Мэн штаты, 8 көкек 2024 жыл
Фото авторы: John Kraus
#фотокөрме
👍1
11 КӨКЕК 2024 — ҮШТОҒЫС

«Бестоғыста қар кетпес, үштоғыста қар қалмас».
Арқа қазақтарының мәтелі

Үштоғыс — үш жаңасындағы жас Айдың (Ф=0,10+) Үркермен тоғысы (бұрыштық арақашықтық 0,5°). 11 көкек 2024 жыл, Том қаласынан түсірілген.
Фото авторы: Николай Немчанинов
#астрокүнтізбе
👍2
ЖАЙЫҚТАҒЫ ЖАҒДАЙ: 12 КӨКЕК 2024

Ирикла су қоймасынан шығатын су мөлшері 12 көкекте 758 м³/с-ке дейін азайтылды (10-на 993 м³/с , 11-не 902 м³/с). 11 көкектегі түсім — 1080 м³/с (10 көкекте 1370 м³/с). Су қоймасындағы бос сыйымдылық — 15 млн м³.

12 көкек, 8:00-де Орынбордағы Жайықтың деңгейі 1129 см-ге жетті (бір тәулікте +69 см). Бұл қауіпті деңгейден 2 метрдей жоғары! Мамандар осы деңгей 2-3 күн сақталып, содан барып түсе бастайды деп болжап отыр.

Жайықтың Орскідегі деңгейі 798 см-ге дейін түсті. 7 көкектегі ең жоғары көрсеткіш 975 см еді. Татар Қарғалысындағы Сақмардың деңгейі 31 см-ге төмендеп, 778 см болды. Бұл өзен Орынбордың орталығында Жайыққа қосылып, Қазақстанға ағатын суды молайтады.

Орал қаласында 11 көкекте Жайық 728 см-ге (+10 см) жеткенін білесіздер, қауіпті деңгей 850 см. Бүгінгі дерек БҚО әкімдігі мен СРжИМ сайттарынан табылмады, жариялаушылар жұмыс аптасын аяқтап, уик-эндқа кетсе керек. Қазгидрометтің 14:00-дегі күнделікті гидрологиялық бюллетенін күтейік.
#геодерек
👍1🤨1
ҚЫЗЫЛЖАРДА ЕСІЛ ҚАУІПТІ ДЕҢГЕЙДЕН АСТЫ

Сонымен, Қазгидрометтің 2024 ж. 12 көкектегі күнделікті гидрологиялық бюллетеніне сәйкес, Оралдағы Жайықтың деңгейі 736 см (+8 см).

Петропавлдың Борки кентінде Есіл күрт көтерілген — 1038 см (+144 см)! Мұндағы қауіпті деңгей 960 см, су өзен жайылмасына жайыла бастады. Петропавл су қоймасында 900 см (+144 см), 980 см-лік қауіпті деңгейден асысымен су жақын кенттерді басуы мүмкін. Сергеев су қоймасының деңгейі 1195 см, су бөгеттің жалынан 395 см асып төгіліп жатыр (петропавловск kz сайты).

Астана су қоймасы 99%-ға толып, келген суды транзиттік режимде өткізуде (ҚР СРжИМ).

Қазгидромет Тобылдың деңгейін өлшемейді екен. Өзеннің Қостанайдағы деңгейі төрт күннен бері төмендеуде деген ақпарат бар. Мол су Ресейдің Қорған облысына өтті, бірақ оларда Тобыл 11 метрге жетеді-міс деген үрей сейіле бастады (vk.com-pogoda45).
#геодерек
😱1
12 КӨКЕК — КОСМОНАВТИКА КҮНІ

Юрий Гагарин 1961 жылы 12 көкекте ғарышқа аға лейтенант шенінде ұшып, майор болып оралды деген аңыз бар. Шындығында бұйрыққа стартқа дейін қол қойылған, бірақ Гагарин мұны қонғаннан соң барып білген.
#ғарыштарихы
👍1🍾1
Гагарин ескерткіші, Мәскеу
Фото авторы: Дмитрий Нежданов
#фотокөрме
👍1
ЖАЙЫҚТАҒЫ ЖАҒДАЙ: 13 КӨКЕК 2024

Ирикла су қоймасынан шығатын су мөлшері 13 көкекте 485 м³/с-ке дейін азайды (12-не 758 м³/с). 12 көкектегі түсім — 627 м³/с (11 көкекте 1080 м³/с). Су қоймасында бос сыйымдылық жоқ.

13 көкек күні таңда Орынбордағы Жайықтың деңгейі 1171 см-ге жетіп (+42 см), төрт сағаттан бері өзгермей тұр. Демек Орынбор облысындағы жағдай тұрақтанды, енді осы судың Оралға келуін күтеміз.

Орал қаласында 13 көкекте Жайық 743 см-ге (+7 см) жетті, қауіпті деңгей 850 см. Атырау облысында Жайықтың Каспий теңізіне құятын сағасы тереңдетіліп жатыр. Сағаның ені 20 метр, ал тереңдігі қазіргі 40-50 см-дан 2 метрге жеткізілуі тиіс.

Кескін: Қазгидромет / zhaikpress
#геодерек
👍2
ҚЫЗЫЛЖАРДА ЕСІЛ ТАСЫП ЖАТЫР

2024 жылғы 13 көкекте Петропавлдың Борки кентінде Есіл 1176 см-ге дейін көтерілді (+138 см)! Мұндағы қауіпті деңгей 960 см, су Заречный кентін басып жатыр. Бұл кенттің тұрғындары түгел көшірілді, Подгора, Хромзавод, Бескөл эвакуациялануда (9:00-дегі ақпарат).

Петропавл су қоймасында 1041 см (+141 см), 980 см-лік қауіпті деңгейден асып кетті. Сергеев су қоймасының деңгейі 1195 см, су 12 сағаттан бері бөгеттің 8 метрлік жалынан 395 см асып төгіліп жатыр (петропавловск kz сайты).
#геодерек
👍1😱1
АНГАРА-А5 АУЫР ЗЫМЫРАНЫ ТӨРТІНШІ РЕТ СЫНАЛДЫ

2024 жылғы 11 көкекте Восточный космодромынан Ангара-А5 зымыраны ұшырылды. Жаңа ауыр зымыран бұған дейін 2014, 2020, 2021 жылдары сыналған еді. 4-ші сынақтың ерекшелігі — зымыранға өткен жолы сәтсіз жұмыс істеген Персей орнына Орион үдеткіш блогының орнатылуы және Плесецктен емес, Восточныйдан ұшу. Жаңа үдеткіш блок Гагаринец 3U-кубсатын төмен жермаңы орбитаға шығарып тастағасын, массалық макетпен бірге алдымен геостационар орбитаға, сосын одан биік зират орбитаға шықты.

Керосин мен сұйық оттегін жағатын ауыр зымыран Байқоңырдан ұшатын Протон-М тасығышын алмастырып, Ресейге өз аумағынан геостационар жерсерік ұшыруға мүмкіндік береді. Үш сатылы зымыранның ұзындығы 55,23 м, диаметрі 8,86 м, старттағы массасы 773 т. Ол төмен жермаңы орбитаға 24,5 т, геостационар орбитаға 4,6 т жүктеме шығара алады.

Роскосмос Ангарамен 2028 жылы Восточныйдан ұшқышты ғарыш кемесін орбитаға шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жүзеге асса, адамдар тарихта алғаш рет Ресей жерінен ғарышқа аттанады.
#зымыранұшыру
Фото: Роскосмос
SPACEX ЗЫМЫРАН САТЫСЫН 20-ШЫ РЕТ ҚОЛДАНДЫ — ЖАҢА РЕКОРД

Космонавтика күні — 2024 жылғы 12 көкекте (бізде 13-і таңертең) SpaceX компаниясы Канаверал базасындағы SLC-40 ұшыру алаңынан Starlink-6.49 миссиясын ұшырды. Мақсат — 23 дана Starlink v2 Mini жерсерігін төмен жермаңы орбитаға шығару. Миссияны орындаған Falcon 9 зымыранының B1062 нөмірлі 1-сатысы осымен 20-шы рет ұшырылып отыр — жаңа әлем рекорды! 🏆

Үдеткіш бірінші рет 2020 жылғы 5 қарашада қолданылған еді. Ол екі ұшқышты Crew Dragon ғарыш кемесін (Inspiration4 пен Ax-1 миссиялары), екі GPS III жерсерігін, Nilesat-301, ArabSat 7B жерсеріктерін, OneWeb #17 миссиясын және 13 Starlink миссиясын ұшырды. Рекордшы саты ғарышқа 8 адамы бар 2 ғарыш кемесін және 500-ден астам жерсерікті — барлығы 261 тонна жүктеме шығарған. B1062.20 бұл жолы да ASOG платформасына сәтті қонды.

Credit: SpaceX
#зымыранұшыру
👍4
ИРИКЛА СУ ҚОЙМАСЫ КӨКТЕМГІ ТАСҚЫНҒА ДАЙЫН БОЛМАҒАН

Бұл жөнінде Ресейдің РБК басылымы 14 көкекте жазды. РҒА География институтының гидрологы Мария Сидорова анықтаған дерек бойынша, Ирикла су қоймасының деңгейі қыста 242,5 метр болған. Қысқы саба (межень) кезеңінде график бойынша су қоймалары 2 метрге түсірілуі тиіс екен. Көктемгі тасқын алдында қойма қалыпты тірелген деңгейден (НПУ) тағы 3-4 метрге түсіріледі. Сидорова қойманың операторы өздерінің графигіне сәйкес істелуі тиіс шараларды атқармағанын айтты. Ал Гидрометцентр Жайықтағы биылғы көктемгі тасқынның максимал деңгейін болжағанын ескергенде, су қоймасының қолдану мөлшері (сработка) одан да тереңдетілуі қажет еді. 28 наурызда Орынбор губернаторы Денис Паслер Ирикладағы су НПУ-дан 2,58 метрге төмен екенін хабарлаған.

Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының реестр мен кадастр ақпараттық-талдау орталығының бастығы Сергей Беднарук қосымша дерек берді. Гидрометцентр 6 наурызда шығарған болжамға сәйкес, Ирикла су қоймасына құйылатын судың түсімі 2,9–3,7 км³ (текше км) деп болжанған, бұл әдеттегі нормадан (1,35 км³) 2,5 еседей мол. Су ресурстарын пайдалану ережелері бойынша, 6 наурыздағы болжам алынысымен, су қоймасы 235,0–237,0 белгісіне дейін қосымша босатылуы тиіс еді. Бұл су қоймасының реттеу қабілетін арттырып, 2500 м³/с түсім құйылғанның өзінде қоймадан шығатын тасталымды (сброс) 400 м³/с-ге дейін азайтуға мүмкіндік беретін. 10—31 наурыз аралығында мұндай қосымша босату (сработка) жасалмаған.

Сидорованың пікірінше, Ирикла су қоймасының жұмыс режимін реттеу жөніндегі жұмыс тобының 12 наурызда Орынборда өткен отырысында әлдебір, мүмкін, экономикалық себептермен, деңгейді төмендету туралы шешім қабылданбағаны анық. Олар жылдағыдай Жайықтың суы аз болар деп долбарласа керек. Бірақ қардың қалыңдығын және Гидрометцентрдің мол тасқын жайлы болжамын ескергенде, олардың суды түсірмегені түсініксіз, — деп қорытты Сидорова. Ирикла су қоймасының операторы — «Центррегионводхоз» федералдық мемлекеттік бюджеттік су шаруашылығы мекемесінің Ирикла филиалы.

15 көкекте Ирикла су қоймасынан секундына 477 м³ су тасталып тұрды. Ал көкектің басында 2170 м³/с көлемде тасталған рекордтық мол су Орск, Орынбор қалаларын алып кеткен соң, енді Батыс Қазақстан облысына жете бастады. Облыс орталығы мен аудандарда 84 елді мекенді су басу қаупі бар. Орал қаласының кейбір аудандарынан тұрғындар уақытша көшіріліп жатыр. Аймақтағы жағдай туралы ақпаратты ресми дереккөздерден алған жөн.

Біздің Қазгидромет те көктемгі тасқынның молдығын болжағаны белгілі. Есілдің бойында Қызылжар қаласынан жоғары орналасқан Сергеев су қоймасы, басқа қоймалар, жалпы еліміздің су шаруашылығы биылғы тасқынға қалай дайындалды деген мәселе зерттелуі қажет. Алайда жалаң айыптау немесе конспирологиялық теория ұсынбай, нақты цифрмен, дерекпен талдау жасай алатын тәуелсіз гидролог мамандар бар ма?
#геодерек
👍1