Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.47K photos
711 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
SLIM ҚАЙТА ОЯНДЫ!

SLIM лендері төбесімен ай сүзе құлаған аймақта қазір түс ауды. Демек оның күн панельдеріне күн сәулесі түсе бастады. Осыған сүйенген Жапон әуе-ғарыш зерттеулері агенттігі (JAXA) мамандары аппаратқа сигнал жіберіп көрді. Және ең тамашасы, одан жауап та келді! Бұл лендердің аязды ай түнінен аман шыққанын білдіреді.

Көп ұзамай SLIM-мен байланыс тағы үзіліп кетті. Бұған оның байланыс құралдарының қатты қызуы себеп болған. Мамандар түс қайта байланыс қалпына келер деп үміттеніп отыр. SLIM-нің шынайы көрінісін одан ажыраған LEV-2 роботы түсірген фотодан анық байқаймыз. Екі негізгі қозғағыштың бірінің шүмегі ұшып кеткені көрініп тұр. Бұл аппараттың да құлауына дер кезінде өшірілмеген горизонталь жылдамдық кінәлі.

Credit: JAXA
#ЖапонияҒарышта #ғарышоңайемес
🌚1
МАРСТАН ТІКҰШАҚ ҚАЛАҒЫНЫҢ СЫНЫҒЫ ТАБЫЛДЫ

НАСА-ның Perseverance ровері Ingenuity тікұшағын жақынырақ барып суретке түсірді. Дронның бір қалағы морт сынып, 15 метрдей жерге (марсқа?) ұшып кеткен екен. Ал қалған қалақтардың ұшы қатты зақымдалған. «Тапқырлық» соған қарамастан, шағыл беткейіне жайлы қона алып, аяғынан тік тұрған күйі соңғы тұрағына орналасты. Атын атамай-ақ қояйық, кейбір аппараттар одан үлгі алса етті 😉

Credit: NASA/JPL-Caltech/LANL/CNES/IRAP/Simeon Schmauß
💔1🤨1
НЕПТУННЫҢ ЕКІ, УРАННЫҢ БІР ЖАҢА СЕРІГІ АШЫЛДЫ

Скотт Шеппард (Карнеги университеті), Дэвид Толен (Гавай университеті), Чад Трухильо (Солтүстік Аризона университеті) бастаған астрономдар тобы Нептунның екі, Уранның бір жаңа серігі ашылғанын хабарлады. Сөйтіп, Уранның серіктерінің саны 28-ге, Нептундікі — 16-ға жетті.

S/2023 U1 денесін алғаш 2023 жылғы 4 қарашада Магеллан телескоптары байқады, кейін ол Субару телескопы мен басқа аспаптар алған суреттерден де табылды. Ұзындығы 8 километр серік Уранды 680 күнде бір айналады. S/2023 U1 Шекспир пьесаларындағы кейіпкердің бірінің атын иеленуі тиіс.

Нептунның S/2002 N5 пен S/2021 N1 серіктерін Магеллан мен Субару телескоптары 2021 жылдың қыркүйегінде тапты, олардың бірін Gemini мен VLT телескоптары да бақылаған. S/2002 N5-тің ұзындығы 23 км, орбиталық периоды 9 жыл, ал S/2021 N1-дікі — 14 км және 27 жыл. Бұларға көне грек мифологиясындағы нереидалардың есімі қойылады.

Жаңа серіктер созыңқы әрі көлбеу орбитамен айналады, бұл — Уран мен Нептун оларды өзіне тартып алғанының айғағы. Мұзды алыптарды сыртқы айлардың динамикалық топтары айналып жүр деп болжанады. Мұны жаңа серіктердің орбитасы Уран мен Нептунның бұрыннан белгілі айларынікіне ұқсайтыны қуаттайды. Мұзды алыптар жайлы толығырақ дерек — біздің арнадағы ойнату тізімінде.
#ғылымижаңалық
👏2
Фото: Уранның серігі S/2023 U1
Credit: Scott Sheppard
👀1
CREW-8 МИССИЯСЫНЫҢ ЗЫМЫРАНЫ ТІКТЕЛДІ

ХҒС-қа аттанатын кезекті Crew-8 алты айлық миссиясының зымыраны мен кемесі Кеннеди ғарыш орталығының LC-39A ұшыру алаңына шығарылып, тіктелді. Falcon 9 зымыранының B1083.1 нөмірлі 1-сатысы алғаш қолданылмақшы. Мұндай аппақ сужаңа үдеткішті көрмегелі көп болған шығар. Ал Crew Dragon C206.5 Endeavour тарихи ғарыш кемесі (Demo-2, Crew-2, Ax-1, Crew-6) болса, орбитаға бесінші рет шығып, жаңа рекорд жасауы тиіс. Ұшырылым 1 наурызға жоспарланған.

Credit: SpaceX
83. «C2021 A1 (ЛЕОНАРД) ИЗРАИЛЬ КӨГІНДЕ»

«Планеталар, кометалар мен астероидтар» номинациясының қысқа тізіміне енген — Алекс Савенок.
Таудағы жұлдыз жыпырлаған кешкі аспанның көркін ұзын құйрық жарық комета ашып тұр. Негев шөлі, Израиль, 4 қаңтар 2022. Леонард кометасы жайлы ролик.

C2021 A1 (Leonard) In Sky of Israel by Alex Savenok
Astronomy Photographer of the Year 2023
Negev desert, Israel, 4 January 2022
#астрофото2023
👀1
ODYSSEUS ЛЕНДЕРІ ОРБИТАДАН

Қалыптасып үлгерген дәстүр бойынша, Ай орбитасындағы НАСА-ның LRO зонды Малаперт-А кратерінде жатқан Odysseus (IM-1 Nova-C) лендерін суретке түсіріп алды. Соңғысы жоспарланған қону орнынан 1,5 км қиыс кеткен екен! Ай бетіндегі сәл өзгерісті қалт жібермейтін даңқты орбитердің ұшырылғанына маусымда 15 жыл толады. LRO-ның 10 жылдық мерейтойына арналған роликті көруге шақырамыз.

Credit: NASA/LRO
👍1
АҚ ШАҒЫЛДЫҢ БАСЫНДА ДРОН ҚАЛҒАН: «ТАПҚЫРЛЫҚТЫҢ» СОҢҒЫ КЕСКІНІ

Ingenuity тікұшағы Дж.Р.Р. Толкин шығармаларындағы мекен құрметіне «Валинор Хиллз» деген атауға ие болған шағылды аңғардағы ақырғы тұрағында. Фотоны Perseverance ровері Mastcam-Z камерасымен 415 метр қашықтықтан түсірген. Бірнеше фото алған ровер барлаушы серігімен қоштасып, Марстағы ғылыми миссиясын жалғастыруға жалғыз аттанады.

Credit: NASA/JPL-Caltech
👀2
NOVA-C АЙ БЕТІНДЕ ТҮСІРГЕН БІРІНШІ ФОТО

Әйтеуір, Intuitive Machines компаниясы Odysseus лендері Ай бетінде түсірген алғашқы суретті жариялады. Басқа фотолар құлдилау барысында 30 метр биіктіктен және тура қону алдында алынған.

Credit: Intuitive Machines
БІРЫҢҒАЙ САҒАТ БЕЛДЕУІНЕ ӨТУ — ДҰРЫС, БІРАҚ ЖАРТЫКЕШ ШЕШІМ

Сонымен, 2024 жылғы 1 наурыздан Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында UTC+5 бірыңғай сағат белдеуі енгізіледі. Алдымен сағат белдеуінің не екенін еске түсірейік. Жер өз білігінен 24 сағатта толық бір үйіріліп шығады. Демек 360 градусты 24-ке бөлсек, 1 сағатқа шеңбердің 15 градустық доғасы сәйкес келеді екен. Гринуич обсерваториясы үстімен өтетін нөлдік меридианда сағат түскі 12:00 болғанда, 15 градус шығыс бойлықта (15° ш.б.) сағат 13:00, 30° ш.б. нүктеде — 14:00, т.с.с. болады. Керісінше, 30 градус батыс бойлықта сағат тілі 10:00-ді, 15° батыс бойлықта — 11:00-ді көрсетеді. Қазір Гринуич меридианы уақыты (GMT) орнына онымен бірдей Дүниежүзілік уақыт (UTC) қолданылады.

Жер шары бойлық бойынша ені 15°-тық 24 сағат белдеуіне бөлінген. 0-ші белдеу нөлдік меридианның екі жағында, 7,5° б.б.—7,5° ш.б. аралықты алып жатыр, одан әрі 1-белдеу — 7,5° ш.б.—22,5° ш.б., 2-белдеу — 22,5° ш.б.—37,5° ш.б., ... –2-белдеу — 37,5° б.б.—22,5° б.б., –1-белдеу — 22,5° б.б.—7,5° б.б. арасында жатады.

Күннің шығуы мен батуының дәл ортасындағы уақыт сәтінде Күн сол тәулікте көкжиектен барынша биік көтеріледі. Бұл уақыт сәті «талтүс» деп аталады. Адамдар 24 сағаттық уақыт шкаласын талтүс тура түскі 12:00-ге келетіндей етіп белгілеген. Алайда ені 15 градустық белдеу бір уақытпен өмір сүретіндіктен, белдеудің дәл ортасында ғана талтүс 12:00-ге сәйкес болады. Ал белдеудің шығыс шекарасында 11:30-да, батыс шекарасында 12:30-да күн талтүске көтеріледі.

Бірақ талтүс жыл бойы үнемі бір уақытқа келе бермейді, талтүс уақыты жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан енді талтүс деп жылдық «орташа астрономиялық талтүс» ұғымын қолданамыз. Алдыңғы айтылғандардан шығатын қорытынды — Жер шарының кез келген нүктесінде орташа астрономиялық талтүс сағат 12:00-ден жарты сағаттан артық ауытқымауы тиіс.

46,5° және 87,3° шығыс бойлық арасында жатқан Қазақстан негізінен 4-ші (52,5°-67,5°) және 5-ші (67,5°-82,5°) сағат белдеулерінде екені белгілі. Алайда КСРО Халық комиссарлары кеңесінің 1930 жылғы 16 маусымдағы қаулысына сәйкес біздің ел UTC+5 (Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстары) және UTC+6 уақыттарымен өмір сүріп келеді. Бұл тәртіп «Декреттік уақыт» деп аталады. Соның салдарынан елімізде орташа астрономиялық талтүс табиғи уақыттан, яғни 12:00-ден өте кеш келеді. Оны мына 1-кестеден көре аласыздар.

13:46 Қостанай (UTC+6)*
13:35 Ақтау (UTC+5)
13:35 Орал (UTC+5)*
13:33 Атырау (UTC+5)*
13:29 Жезқазған (UTC+6)
13:27 Түркістан (UTC+6)
13:23 Петропавл (UTC+6)
13:22 Көкшетау (UTC+6)
13:22 Шымкент (UTC+6)
13:15 Тараз (UTC+6)
13:14 Астана (UTC+6)
13:11 Ақтөбе (UTC+5)
13:08 Қарағанды (UTC+6)
12:52 Алматы (UTC+6)
12:52 Павлодар (UTC+6)
12:48 Талдықорған (UTC+6)
12:39 Семей (UTC+6)
12:38 Қызылорда (UTC+5)
12:30 Өскемен (UTC+6)

Ертең бірыңғай UTC+5 сағат белдеуіне өткеннен кейін жағдай біршама түзеледі. Алайда батыстағы бес облыста Декреттік уақыт сақталып қалады. Реформадан кейінгі орташа астрономиялық талтүс уақыттары 2-кестеде көрсетілген.

13:35 Ақтау (UTC+5)
13:35 Орал (UTC+5)*
13:33 Атырау (UTC+5)*
13:11 Ақтөбе (UTC+5)
12:46 Қостанай (UTC+5)
12:38 Қызылорда (UTC+5)
12:29 Жезқазған (UTC+5)
12:27 Түркістан (UTC+5)
12:23 Петропавл (UTC+5)
12:22 Көкшетау (UTC+5)
12:22 Шымкент (UTC+5)
12:15 Тараз (UTC+5)
12:14 Астана (UTC+5)
12:08 Қарағанды (UTC+5)
11:52 Алматы (UTC+5)
11:52 Павлодар (UTC+5)
11:48 Талдықорған (UTC+5)
11:39 Семей (UTC+5)
11:30 Өскемен (UTC+5)

Сондықтан бұл реформаны «дұрыс, бірақ жартыкеш шешім» деп санаймыз. Айтылған бес облыс пен Қостанайда талтүстің 12:00-ден айырмасы жарты сағаттан көп болып отыр. Қостанай демекші, осы реформаны қос қолдап қолдап отырған бірден-бір аймақ — осы Қостанай облысы. Өйткені, 1-кестеден көргендеріңіздей, мұнда табиғи уақыттан ауытқу қазір 1 сағат 46 минут (!!!) болып тұр. Ертеңгі 46 минут та көп, бірақ бұрынғыдан әлдеқайда жақсы.
👍2
Және реформаға қарсы болып отырған бір аймақ бар, ол Шығыс Қазақстан облысы. Өскемендіктер, кейбіреулер сандырақтағандай, Қазақстанды мойындамағаннан не теріс пиғылдан қарсы емес, мұның заңды себебі бар. Жоғарыда айттық қой, Қазақстанның шығыс шеті 6-шы белдеуде деп, міне осы шығыстықтар 6-белдеуде тұрып, 6-шы белдеу уақытын қолданып жүр — еліміздегі табиғи уақытпен өмір сүретін жалғыз өңір! Табиғи уақытпен жасағанның пайдасын білетін олар, әрине, 5-ші белдеу уақытына өткісі келмейді. Парадокс, бірақ бұл — осы шешімнің дұрыстығының және бір дәлелі!

Жартыкеш шешім дейтініміз — батыс облыстарды да табиғи UTC+4 уақытына өткізу қажет. Ал батыс және шығыс қиырларымызға бола екі белдеуден басқа белдеу енгізу қажет емес. Және бұлар өз белдеулерінің шетінде орналасқандықтан, табиғи уақыттан айырма жарты сағаттан онша аспайды. Әрине, қазір біздің үкімет Ресейде күшінде тұрған советтік декретті жоямыз деп ашық айта алмайды. Сондықтан шаруашылыққа қолайлы осындай бірыңғай уақыт енгізіліп отыр. Қазақстанда Декреттік уақытты толық жою — болашақтың ісі. Әзірше халқымыздың көпшілігі табиғи уақытқа көшетініне қуанғанымыз жөн. Білместіктен не инерция бойынша қарсы шығып отырған отандастарымыз табиғи уақыттың пайдасын сезе келе пікірін өзгертер. Ал теріс пиғылды топқа не істесең де жақпайсың, сөйтіп олардың айтқанына мән бермеген абзал. Егер осы пост қолдауға ие болып жатса, реформаға қарсыларға арнайы кеңірек тоқталып өтуіміз мүмкін.

#қазақстанғылымы #көбәріп #бірыңғайбелдеу
👍3
БІРЫҢҒАЙ САҒАТ БЕЛДЕУІНЕ ӨТУГЕ КІМ ЖӘНЕ НЕЛІКТЕН ҚАРСЫ?

Алдыңғы поста айтылғандай, бірыңғай уақыт белдеуіне өтуге қарсылық үдеп тұр. Бұлар кімдер және сағат реформасын неліктен қолдамай отыр?

1. Бірінші топ — совет заманын көксеушілер, советтік тәртіпті пір тұтушылар, Темірқазығы Кремльдің жұлдызы боп жарқырап, құбыла ретінде Қызыл алаңдағы зиккуратқа тәжім ететіндер. Бұлардікі түсінікті. Сағат реформасын елді мекен, көше атауларын қазақшалаумен бір қатарға қойып сынауы, шешім Американың, Батыстың нұсқауымен қабылданған деп білуі көп нәрсені түсіндіреді. Бұлар кезінде жылына екі рет жазғы-қысқы уақытқа ауысу тоқтағанда да Ресейді мысал қылып, қатаң сын айтқан. Бірақ көп ұзамай Ресейдің өзі сондай шешім қабылдасымен, үндері тез-ақ өшті. Енді, керісінше, Мәскеу уақытына жақындай түсетінімізді ұғуға да бұлардың тоңмойын надандығы жол бермей отыр.

2. Қазақстанда не істелсе де жақтырмай, кекетіп-мұқатып отыратын орыстілді азаматтар. Бұлардың негізгі уәжі — осыдан басқа қаржы жұмсайтын нәрсе жоқ па, бәрі бітіп, тек осы қалып па деген сияқты. Бұлар, мысалы, советтік бір көше атауы қазақшаға ауыстырылса, аналар сияқты ашық қарсы шықпай, осындай желеу айтады. Алайда Жуков не Панфиловқа көше берілсе, сынауға жүрегі дауаламай, ақша үнемдеу қажетін ұмытқан сыңай танытады.

3. Қазақтілді азаматтар. Бұлардың қарсы болу себебі:
1) биліктен көңілі қалғандықтан, билікке сенбеу, үкіметтің кез келген шешімінен жақсылық күтпей, сынға алу, түсінікті әрі заңды реакция;
2) кез келген қоғамға тән инерция, үйреншікті тәртіптің өзгеруін қаламау, консерватизм, мұның да әбестігі жоқ;
3) жалпы білім деңгейінің төмендігі, ғылыми консенсустан бейхабарлық, логикалық ойлап үйренбегендік. Мысалы, бір жоғары білімді азамат, енді таңертең бір сағат ерте емес, керісінше, бір сағат жай тұратынын, жүз рет түсіндірсе де, сол беті ұға алмады.

Алдыңғы поста жазғанымыздай, табиғи уақыттың пайдасын көрген соң, екінші, үшінші топтағылар пікірін өзгертер деп үміттенеміз. Өзгертпеген күнде де, бәрібір осы уақытқа бейімделуге тура келеді. Адамдар жаңа уақытқа үйреніп кетеді, жылына екі рет сағат өзгерткен кезде де өмір сүрдік қой.

Ерекше айта кететін нәрсе — алдыңғы екі топ өздерінің білімін артық санайды, қоғамда да ішінара осындай пікір қалыптасқан. Алайда осы сағат белдеуіне қатысты пікірталас бұлардың да мектеп деңгейіндегі географиядан толық сауатсыздығын паш етті. Сөйтіп, Қазақстандағы орыстілді мектептерде жаратылыстану пәндерін оқыту сапасы жайлы мифтің күлі көкке ұшты. Кашпировский, Чумактың мүриттерін түлеткен "айтулы" совет мектеп білімі кейінгі отыз жылда одан бетер құлдырамаса, көтерілмегені түсінікті де.

#көбәріп #бірыңғайбелдеу
👍2🔥1