Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
STARSHIP ЖҮЙЕСІ ТАҒЫ ЖИНАЛДЫ

2023 жылы 27 қыркүйекте Starship ғарыш кемесінің S25 прототипі Super Heavy B9 үдеткішіне үшінші рет орнатылды. Экологтар старттағы жаңа су жүйесін талдап бітсе және FAA өзгертілген жаңа ұшу лицензиясын бекітсе, екінші орбиталық сынақ қазанның соңында жүзеге асуы мүмкін. Оған дейін толтыра отын құю сынағы өткізіледі және ұшуды тоқтату жүйесінің жарылғыштарын орнату үшін кеме түсіріледі. Соңғы операция ұшырылымға бірнеше күн қалғанда жасалады.
👍2
B1058.17 — КҮЙЕЛЕШ РЕКОРДШЫ

2023 жылы 20 қыркүйекте Falcon 9 зымыранының B1058.17 1-сатысы алғаш болып 17-ші рет ұшырылғанын білесіздер. Ол қонған ASOG платформасы 24 қыркүйекте Канаверал портына жеткізілді. Саты мұнда B1060.17 үдеткішінің айтылған рекордты қайталағанына куә болды. B1058 сатысындағы NASA эмблемасы керосиннің баттасқан күйесінен әзер көрініп тұр.
10. «ЖҮГІРГЕН БАЛАПАН» ТҰМАНДЫҒЫ

16 жасқа дейінгі жас фотографтар арасындағы жеңімпаздар — Рунвэй Сюй мен Бинью Ван.
Жасөспірімдер IC2944 тұмандығы мен ондағы жұлдыз шоғырының жарқын түстерін бейнелей алған. Шоғырдағы бірнеше ыстық жас жұлдыздың қуатты сәулеленуі айналасындағы тұмандықты жарқыратып тұр.

The Running Chicken Nebula by Runwei Xu and Binyu Wang
Astronomy Photographer of the Year 2023
Taken in El Sauce Observatory, Río Hurtado, Chile, 19 December 2022
Equipment used: ASA N20 f/3.8 Newtonian telescope, ASA DDM85 mount, FLI Proline 16803 camera, 1900 mm f/3.8, 5.5-hour total exposure
#астрофото2023
2
29 ҚЫРКҮЙЕК 2023 — ЕГІН ОРУ АЙЫ

2023 жылы 28 қыркүйекте, Алматы уақытымен 07:06-да Ай өз орбитасының перигейіне жетіп, Жерге 359 910 км-ге дейін жақындайды. Ай табағының көрінетін диаметрі 33 бұрыштық минут 12 секунд болады. Ал 29 қыркүйек, 15:58-де Ай толады. Бұл астрономиялық оқиғалардың сәйкес келуін НАСА жылдың төртінші әрі соңғы Суперайы деп санайды.

АҚШ-та осы Толған Айды «Егін ору Айы» деп те атайды, өйткені ол 23 қыркүйектегі Күзгі күн теңелуіне ең жақын толған Ай. Қосымша ақпарат — арнадағы жаңа роликте.

Фото: Hannah Rochford
#астрокүнтізбе #бейнеролик
👍1
СҮТҚОРЕКТІЛЕР 250 МИЛЛИОН ЖЫЛДАН СОҢ ЖОЙЫЛАДЫ

Шамамен 1 миллиард жылдан кейін, қызыл алыпқа айналған Күннің қызуы Жердегі тіршілікті жойып жіберетіні белгілі. Алайда сүтқоректі жануарлар одан әлдеқайда ерте, 250 миллион жылдан соң-ақ өмір сүре алмай қалады екен. Мұндай болжам Nature Geoscience журналында жарияланған мақалада айтылған.

Сүтқоректілер Жерде осыдан 310 млн жылдай бұрын пайда болғанмен, 66 млн жыл бұрынғы бор-палеоген қырылуынан соң барып планетада үстемдік құра бастады. Олардың табысына кайнозойдағы салқындаулар мен жылынуларға сәтті бейімделе білуі себепші. Қазіргі антропоген жылыну сүтқоректілер үшін соншалықты қауіпті емес. Бүкіл қазба отынды жағып жіберген күннің өзінде планетадағы орташа температура 2300 жылға қарай 12 градусқа көтеріледі, бірақ құрлықтың көп бөлігі тіршілікке жарамды болып қала береді.

Әңгіме мынада. 250 миллион жылдан кейін Жер шарындағы материктер Пангея Ультима атты суперконтинентке бірігеді. Пенсильвания штаты университеті зерттеушілері жасаған модельдеу көрсеткендей, континенттердің соқтығысуы жанартау белсенділігін күшейтіп, CO2 бөлінуі ұлғаяды. Суперконтиненттің ауданы аса үлкендігінің өзі құрлық үстіндегі ауа температурасын 13,9 градусқа көтереді. Күн тұрақтысының шамасы артып, планета беті күн сәулесінен ерекше қызады. Осы факторлар әсерінен, 250 миллион жыл өте Пангея Ультимада күрт континенттік климат қалыптасады.

Сөйтіп онда сүтқоректілердің тіршілік етуіне жарамды орындар өте аз қалады. Модельдеу CO2-ның ұзақ мерзімді орташа концентрациясы 621 ppm-ға (миллиондық үлеске) жететінін көрсетті. 556 ppm концентрацияда құрлықтың 16%-і, 1120 ppm болғанда — 8%-і ғана тіршілікке жарамды болмақ.

#биодерек #геодерек
👍1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
ҚҰРТТАР 140 МИЛЛИОН ТОННА АСТЫҚҚА ЖАУАПТЫ ЕКЕН

Жауын құрттары дәнді дақылдардың жаһандық түсімінің 6,5%-н, ал бұршақ тұқымдастар түсімінің 2,3%-н қамтамасыз ететін болып шықты. Бұл массаға шаққанда дүние жүзі бойынша жылына 144 миллион тонна өнім деген сөз. Мұндай қорытынды Nature Communications журналында жарияланған ғылыми мақалада келтірілген.

I.M. Lubbers, J.W. van Groenigen, G.B. De Deyn, Urban Utan, Wim van Egmond / Micropolitan Museum, Marie Curie Alumni Association, 2014
#биодерек
INGENUITY ЕНДІ ЖЫЛДАМДЫҚ РЕКОРДЫН ЖАҢАРТТЫ — 8 М/С

НАСА мамандары Марстағы Ingenuity тікұшағының бар мүмкіндігін сынауды жалғастырды. 2023 жылы 26 қыркүйекте дрон Марс аспанына 60-ші рет көтеріліп, өзінің горизонталь ұшу жылдамдығы рекордын жаңартты. Ол енді секундына 8 метрге тең. «Тапқырлық» әуеде жалпы 108,8 минут болып, барлығы 13 644 метр ұшып өтті. Он күн бұрын ол өзінің биіктік рекордын 20 метрге жеткізген еді.

Credit: NASA/JPL-Caltech
👍2
PERSEVERANCE РОВЕРІ АВТОПИЛОТПЕН РЕКОРДТЫҚ ҚАШЫҚТЫҚ ЖҮРІП ӨТТІ

Марстағы Perseverance роверінен де бір жаңалық. Ол 2023 жылғы маусымның соңында Snowdrift Peak деген аймаққа келіп жетті. Бұл тастақ даладағы қойтастарды орбиталық аппараттар көре алмайды екен. Сондықтан орбитадан түсірілген суреттерден жасалған үшөлшемді карталарды қолдану мүмкін емес. Демек роверге аймақты айналып өту қажет еді. Бұған бір аптадай кететіні есептелді. Ровер жолда көбірек өткізген сайын, ғылыми жұмысқа уақыт азырақ қалады.

Сол себепті аймақты ровердің AutoNav автомат навигациялық жүйесінің көмегімен басып өту ұйғарылды. Жүйе айналаны адам нұсқауынсыз және карталарсыз өз күшімен бағдарлайды. Ол борттағы бағдарлау камералары түсірген суреттерді нақты уақытта талдай отырып, өз 3D-картасын салады да, қауіпсіз маршрут таңдайды.

НАСА автонавигаторды ең алғашқы Sojourner роверінен бастап қолданып келеді. Алайда бірінші автопилоттың жадысының кішкене болғаны сонша, ол әр 13 сантиметр жүрген сайын тоқтап, айналасын қайта бағдарлайтын. Әр келесі аппаратта бұл қашықтық арта берді. Ал Perseverance роверіне әрі қарай қайда жүруді шешу үшін, тоқтау мүлдем қажет емес. Оның камералардан алынған видеоны талдайтын жеке процессоры маршрутты нақты уақытта жоспарлауға мүмкіндік береді. Қайсарлық — екі процессоры қатар жұмыс істейтін алғашқы марс аппараты.

Ровер AutoNav жүйесі көмегімен тастарды айналып өте отырып, 759 метр жүрген. Бұл 520 метрлік тіке жолдан соншалықты ұзақ емес, яғни жолға көп уақыт шығындалмады. Сонымен бірге, 759 метр — бір автономды сапар үшін рекордтық қашықтық.

Perseverance осы айда төртінші ғылыми науқанын бастады. Ол Езеро кратерінің батыс шетінің карбонаттарға бай деп болжанатын ішкі аудандарын зерттейді. НАСА роверлері Марста қалай жүретіні жайлы ролик.
Credits: NASA/JPL-Caltech
САЛТАНАТ АРКАСЫНДАҒЫ АЙ

Бұл фотография мұқият жоспарлауды қажет етті. Біріншіден, бұрыштық масштаб. Егер Париждегі атақты Салтанат аркасына тым жақын тұрсаңыз, толық Ай тым кішкене тәрізденер еді. Керісінше, тым алыс кеткен жағдайда, Ай тым үлкен болып көрініп, аркаға сыймас еді. Екіншіден, уақыт. Бұл қашықтықтан Ай арканың ортасынан минутқа жетпейтін уақыт қана көрінеді. Ескерілуге тиіс басқа жәйттер: жарықтану, салыстырмалы жарықтық, биіктік, алдыңғы планның жақсы қамтылуы мен цифрлық өңдеу. Әрине, сәттілік те керек — ашық аспан қажет қой. Ақыры, жоспар орындалып, адамзаттың екі көзтартары керемет кескінге бірікті.

Image Credit & Copyright: Stefano Zanarello
#nasa_apod #фотокөрме
👍2
Аппаратты құрастырған және басқарып отырған Джонс Хопкинс университеті Қолданбалы физика зертханасының (APL) астрофизигі Гильермо Стенборгтың айтуынша, тәжден атылған зат шаңсорғышша әрекет етіп, жолындағы шаңды тазалап өтеді екен. Паркер зонды құбылысты алғаш бақылаған. Аппараттың WISPR камерасы оны түсіріп те алды. Ал зондтың Күн тәжі ішіне алғаш рет қалай енгені және онда не байқағаны жайлы — роликте.

Credit: NASA/Johns Hopkins APL/Naval Research Lab
#ғылымижаңалық
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
ПАРКЕР ЗОНДЫ КҮН ТӘЖІНЕН АТЫЛҒАН ЗАТТЫҢ ПЛАНЕТААРАЛЫҚ ТОЗАҢДЫ «СОРЫП АЛҒАНЫН» КӨРДІ

2022 жылы 5 қыркүйекте НАСА-ның Паркер күн зонды бұрын-соңды тіркелген ең қуатты тәж атылымының бірін жарып өткен. Бұл инженерлік ерлік қана емес, маңызды ғылыми жетістік. Күн тәжінен атылған затты (Coronal Mass Ejection, CME) басып өту оның планетааралық тозаңмен әрекеттесуі жайлы осыдан 20 жыл бұрын ұсынылған теорияны тексеруге мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері The Astrophysical Journal журналында жарияланды.

2003 жылғы жұмыста тәжден атылған зат Күн орбитасындағы планетааралық тозаңмен әрекеттесіп, оны әрі итеріп тастауы мүмкін деген болжам айтылған. Күннің сыртқы атмосферасынан, яғни тәжден атылған алып бағандар ғарыш райын қалыптастырып, жерсеріктер, байланыс, навигациялық жүйелер жұмысына кедергі келтіреді. Олар кейде тіпті Жердегі энергетикалық жүйелерді істен шығаруы мүмкін. CME-нің тозаңмен әсерлесуін зерттеу атылыстың қозғалу жылдамдығын, демек Күннен Жерге келіп жететін уақытын дәлірек болжауға көмектеседі.
👍1
11. «ҚАРАҢҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚ»

Инновациялық кескінге арналған Энни Маундер сыйлығының иегері — Джон Уайт.
Әлемдегі ақпараттың басым бөлігі адамның сезім мүшелеріне байқалмайды. Сондықтан бұл ақпаратты интерпретациялап, кескінге айналдыру астрономия үшін өте маңызды. Мынау — біз өзіміз "көре" де, "ести" де алмайтын астрономиялық деректердің қызық визуализациясы. Бұл көрінбейтін қайнардан шыққан дыбыстың көрінісі екен.

Гринуич Корольдік обсерваториясы өткізген «Жыл астрофотографы-2023» конкурсының номинация жеңімпаздарының туындыларымен таныстыруды осымен аяқтаймыз. Оларды біздің каналдан #астрофото2023 деп таба аласыздар. Дегенмен жүлдегерлер де небір әдемі фотолар түсірген. Сондықтан конкурс фотоларының сериясы жалғассын десеңіз, осы посқа лайкпен дауыс беріңіз.

Black Echo by John White
Astronomy Photographer of the Year 2023
Original images from the NASA Chandra X-Ray Observatory, May 2022
#астрофото2023
👍4
2023 ж. ҚАЗАНДАҒЫ БАСТЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР: ЕКІ ЖҰЛДЫЗ ЖАУЫНЫ, КҮН МЕН АЙДЫҢ ТҰТЫЛУЫ

1/2 қазан — Ай Юпитерден 3,1°-та өтеді
2 қазан — Ай мен Үркер жұлдыз шоғыры кешке бірге шығады
2/3 қазан — АЙДЫҢ ҮРКЕРМЕН ТОҒЫСЫ (1,1°), 17-ші тоғыс айының басы. 3 қазанның таңында Ай мен Үркер екі еліге дейін жақындасады
8/9 қазан — ДРАКОНИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ. Сағатына 20–100 метеор көрінуі мүмкін
10 қазан — таңда Шолпан мен жіңішке Ай орағы 5,9°-қа дейін жақындасады
10 қазан 09:43* — Ай апогейде: көрінетін диаметрі 29’29’’, Жерден қашықтығы 405 425 км
12 қазан 20:16 — НАСА-ның Psyche ғарыш аппараты 16 Психея астероидына аттанады
14 қазан 21:05 — 15 қазан 02:55 — КҮННІҢ САҚИНА ТӘРІЗДІ ТҰТЫЛУЫ, ең үлкен фазасы 0,95. Солтүстік және Оңтүстік Америкада бақыланады
14 қазан 23:55 — ЖАҢА АЙ
21/22 қазан — ОРИОНИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ. Сағатына 10–15 метеор көрінеді
23 қазан — Ай Сатурнның тура астынан шығады
24 қазан — Ай Сатурннан 2,5°-та өтеді
24 қазан 05:00 — ШОЛПАННЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН ТАҢҒЫ (БАТЫС) ЭЛОНГАЦИЯСЫ — 46°
26 қазан 08:54 — Ай перигейде: көрінетін диаметрі 32’45’’, Жерден қашықтығы 364 872 км
28 қазан — Толған Ай Юпитермен бірге шығады, түнімен қатар жылжыған Ай мен Юпитер 29 қазанның таңында бірге батады, бүрыштық ара қашықтық 2,9°
29 қазан 02:24 — ТОЛҒАН АЙ
29 қазан 01:36–02:53 — АЙДЫҢ ЖАРТЫЛАЙ ТҰТЫЛУЫ, ең үлкен фазасында Айдың 12%-і ғана қараңғыланады. Қазақстан аумағынан бақыланады
* Алматы уақытымен

Осы оқиғалардың кейбірі жайлы — арнадағы жаңа роликте.
#бейнеролик #астрокүнтізбе
👍1🔥1
БҮГІН КЕШКЕ АЙ ЮПИТЕРГЕ ЖАҚЫНДАЙДЫ,
ЕРТЕҢ — АЙДЫҢ ҮРКЕРМЕН ТОҒЫСЫ!

Кескін: Sky & Telescope
👍1🤯1