Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
5 мамыр күні Алматы уақытымен 11:05-те Crew-3 экипажы мінген Crew Dragon Endurance ғарыш кемесі ХҒС-тан ажырады. Жерге оралу 6 мамыр, 10:43-ке жоспарланып отыр.
👍3
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Crew-3 миссиясының Crew Dragon Endurance ғарыш кемесі аман-есен суға қонды. Капсула Shannon теңіз кемесі бортына көтеріліп, ғарышкерлер Раджа Чари, Том Маршбёрн, Кайла Бэррон, Маттиас Маурер сыртқа шығарылды.
👍2
OSIRIS-REx АПОФИСТІ ЗЕРТТЕМЕК

НАСА-ның OSIRIS-REx (Origins Spectral Interpretation Resource Identification Security Regolith Explorer) миссиясы Бенну жермаңы астероидына 2016 жылы 8 қыркүйекте аттанды. Зонд Беннуге 2018 жылдың соңғы күні жетіп, оның айналасындағы дөңгелек орбитаға шықты. OSIRIS-REx өзінің төрт ғылыми аспабымен астероидты небәрі 4,8 км биіктіктен зерттеп, картаға түсірумен болды.

Ал 2020 жылдың 20 қазанында аппарат Бенну бетіне қарай құлдилап, топырақ үлгісін алды. Жоспардағы үш әрекеттің алғашқысы-ақ сәтті болды. 101955 Bennu денесі бұл кезде Жерден 322 млн км қашықтықта болғандықтан, сигнал екі ортада 18 минут жүретін. Сол себепті операция толық автоматты өткізілді. Оның барысы біздің арнадағы бірнеше ролик пен көптеген постарда толық сипатталған.

2021 жылы 10 мамырда OSIRIS-REx қайтар жолға шықты. Тағы 28 ай ұшқан зонд, 2023 жылы 24 қыркүйекте топырақ үлгісі салынған капсуланы Юта штатындағы полигонға тастауы тиіс. Телеметриялық ақпаратқа сәйкес, OSIRIS-REx-тің барлық жүйелері жақсы халде. Және бактарда қалған отын тағы бір аспан денесіне аттануға жеткілікті. Сондықтан миллиард долларға шыққан миссияны осымен тәмамдау обал болар еді.

370 метрлік Апофис жермаңы астероиды 2004 жылы ашылды. Алдын-ала есептеу оның Жерге 2029 жылы соқтығысу ықтималдығы 2,7% екенін көрсетті. 99942 Apophis ретінде тіркелген дененің Жерге құлауы 1200 мегатонна тротил жарылысына барабар энергия шығарады екен. Салыстыру үшін: Хиросимаға тасталған атом бомбасы — 13–18 килотонна, Тұңғыс метеориті — 10–40 мегатонна, "Патша-Бомба" сутегі бомбасы — 57 мегатонна. Астероид құрлыққа соқса, бес километрлік кратер түзіліп, мыңдаған шаршы километр аудан тып-типыл болар еді. Ал мұхитқа құлағанда пайда болған алып цунами көптеген елдерге апат әкелері анық.

Бақытқа орай, толық есеп Апофистің 2029 жылы ғана емес, жалпы таяудағы 100 жылда Жерге соқтығыспайтынын анықтады. Дегенмен ол 2029 жылы 13 көкекте планетамыздан небәрі 31 600 километрде, яғни геостационар жерсеріктерден төмен өтеді. Жай көзбен көрінетін астероидтың таяу келуі — онжылдықтың басты астрономиялық оқиғасының бірі болмақ. Оның жарқырауы +3,1m, Кіші Ожаудағы Ақбозат, Көкбозат жұлдыздарындай болады. Арнамызда бұл жайлы да ролик бар.

Өзі жақындап келген аспан денесін зерттеуге қолайлы мүмкіндік туатыны түсінікті. Еуропа ғарыш агенттігі, Ресей, басқа да ұйымдар Апофиске түрлі зонд жіберуді ойластырғанымен, Қытай миссиясы ғана нақты жүзеге асатын шығар.

НАСА, осы айтылғанның бәрін ескере келе, OSIRIS-REx-ке жаңа тапсырма беруді ұйғарды. Аты OSIRIS-APEX (OSIRIS-APophis EXplorer) деп өзгеретін миссия Апофиске, ол Жер тұсынан өтісімен бірнеше күннен кейін жетеді. Зонд астероидты 18 ай зерттейді. Кейін бірнеше маневр жасаған зонд Апофиске барынша жақындап, қозғағыштарын қосады. Нәтижесінде астероидтың беткі қабаты үрленіп, OSIRIS-APEX ашылып қалған төменірек қабаттың құрылысы мен химиялық құрамын талдайды.
🔥2
НАСА LUCY'ДІҢ КҮН ЭЛЕМЕНТІН ЖАЮ ЖОСПАРЫН МАҚҰЛДАДЫ

Юпитердің троялық астероидтарын зерттейтін Lucy зонды 2021 жылы 16 қазанда ұшырылды. Люси әрқайсының диаметрі 7,3 метр екі дөңгелек фотогальваникалық панельмен жабдықталған, олардың жалпы ауданы 80 шаршы метр. Зымыранның жүктеме қақпағы астында жиналып тұрған панельдер ғарышқа шыққан соң желпуішше ашылуы тиіс еді. Алайда телеметрия деректері күн панельдерінің бірі "тырс" етіп барынша ашыла алмағанын көрсетті. Ол 345°-қа ғана жайылған екен. Ашу механизміндегі бір трос 50–100 сантиметрге керілмей қалған.

Зондтың күн батареялары Жер маңында 18 кВт энергия өндіреді, бірақ ол сапарының мәресіне — Күн—Юпитер жүйесінің L₄ және L₅ Лагранж нүктелеріне жеткенде, бұл көрсеткіш 504 Ваттқа дейін азаяды. Біреуі толық жайылмаса да, батареялар қажет энергияның 90%-ін өндіре алады, бұл миссия жұмысына жеткілікті. Инженерлердің қаупі мынада: зонд негізгі қозғағышын қосып, маневр жасағанда, дұрыс бекітілмеген панель тұрақсыздыққа әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан олар ақаулы сегментті ашу жоспарын жасап, басшылыққа ұсынды.

Lucy-дегі күн батареяларының тросты керетін екі қозғағышы бар: негізгі және қосалқы. Инженерлер екі қозғағышты қатар қосып, күштірек айналдыру моментін туындатпақшы. Жердегі сынақтар мұның тростың қалған бөлігін керуге жететінін көрсетті. Операцияның бірінші кезеңі 9 мамырға жоспарланған. Бұл күні инженерлер шарғыда қалып қойған тростың көп бөлігін тартып шығарады. Нәтиже бағаланған соң, бір айдан кейін панель толық жазылуы тиіс.

Credits: NASA/Goddard/SwRI

Lucy миссиясы жайлы — бейнероликте: https://youtu.be/5IMcc96aaRw
👏2
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
6 мамыр 2022. Starlink-4.17 миссиясы:
🛰 орбитаға тағы 53 Starlink жерсерігі шығарылды
🚀 Falcon 9 B1058 12 рет ұшып-қонған үшінші 1-саты атанды
👍1
STARLINER OFT-2 МИССИЯСЫ 20 МАМЫРДА ҰШЫРЫЛАДЫ

SpaceX компаниясының Crew Dragon ғарыш кемелері 2022 жылдың 6 мамырына дейін ғарышқа 26 адамды шығарып, олардың 22-ін қайтарып үлгерді. Crew Dragon ізашар Gemini кемесін (20 адам) артқа тастап, америкалық ғарыш кемелері арасында үшінші орынға шықты. Ол 45 ғарышкерді самғатқан Apollo кемесін келесі жылдың аяғында басып озуы мүмкін. Көш басында 355 адам ұшырған Space Shuttle кемелері, бірақ екі шаттл апатқа ұшырап, 14 астронавт қаза тапқанын да ұмытпаған жөн.

Ал Boeing корпорациясының CST-100 Starliner ғарыш кемесіне ХҒС-қа ұшқышсыз жетудің өзі мұң болып тұр. 2019 жылы желтоқсанда Starliner стансаға бара алмай, Жер орбитасында екі тәулік болып қайтқан еді. Старлайнердің борттық сағаты синхрондалмай, кеме миссияның басқа кезеңіндемін деп ойлаған. Салдарынан, бағдарлау жүйесі қозғағыштары бостан-босқа қосыла беріп, көп отын шығындаған.

2021-дің тамызында, кеме зымыранға орнатылып, стартқа шығарылса да, қозғағыштарының біріндегі клапандар ақауы кесірінен ұшырылмады. Тотықтырғыш ретінде қолданылатын азот тетраоксиді, жоғары ылғалдық жағдайында, алюминий клапанды коррозияға ұшыратқан екен. Ақауды жөндеу үшін кемені зауытқа қайтаруға тура келді.

Енді міне, жаңа әрекет! Starliner 4 мамыр күні Канаверал ғарыш айлағындағы VIF Тік жинау ғимаратында Atlas V зымыраны үстіне орнатылды. ULA кәсіпорны тексерістерден соң зымыранды SLC-41 ұшыру алаңына шығарады. Ұшқышсыз OFT-2 миссиясының ХҒС-қа аттануы 20 мамыр 04:54-ке жоспарланған. Стансада 8 күн болған кеме Жерге жүк алып қайтады. Бұл сынақ сәтті өтсе, Старлайнер жыл соңында алғаш рет экипажбен ұшуы мүмкін.
👍1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Қытайлық Deep Blue Aerospace компаниясы Nebula-M прототипін 1 км биіктікке көтеріп, қайта қондырды. Алғаш 2023 жылы ұшады деп жоспарланған Nebula-1 көп мәрте қолданылатын зымыраны 500 км гелиосинхрон орбитаға 500 кг жүк шығара алады.
👍1
12 МАМЫРДА ҚҰС ЖОЛЫ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ҚАРА ҚҰРДЫМ КЕСКІНІ ЖАРИЯЛАНАДЫ

Қара құрдым көлеңкесінің тарихтағы алғашқы кескінін алған Оқиға Көкжиегі Телескопы (EHT) коллаборациясы 12 мамырда баспасөз мәслихатын өткізеді. Онда біздің Құс Жолы галактикасының орталығындағы Мерген A* (Sgr A*) аса ауыр қара құрдымының кескіні жұртшылық назарына ұсынылатын шығар. Ол мына суретте оң жақта көрсетілгендей болып шығуы ықтимал.

M87 галактикасындағы қара құрдымның тарихи кескіні қалай алынды? Неліктен радиоастрономдар өзіміздің туған галактикамыздан бастамай, телескоптарын алдымен Бидайбасы (Бикеш) шоқжұлдызына бұрды? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын біздің арнада 2020 жылы жарияланған роликтен табасыз.
🔥2
INGENUITY ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕУ РЕЖИМІНЕ ӨТТІ

Марстан жағымсыз хабар келді. НАСА-ның Ingenuity тікұшағының батареялары ауадағы шаң мен күннің сууы кесірінен зарядталып үлгермей жатыр. Дрон Perseverance роверімен байланысқа жоспар бойынша емес, шамасы келгенде ғана шығып жүр. Оның электроникасы түнгі суықта қатып қалуы мүмкін.

2022 жылы 29 көкекте Ingenuity 28-ші рет көтерілді. Тікұшақ 10 метр биіктікте, 3,6 м/с жылдамдықпен 152,4 секундта 418 м ұшып өтіп, өзінің 20-шы алаңына қонды. Ол Perseverance ровері жүретін жолды әуеден түсіріп алды. Ровер Езеро кратерінің сағасындағы ежелгі өзен атырауына қарай келе жатқаны белгілі.

3 мамырда Ingenuity белгіленген уақытта ровермен байланысқа шықпады. НАСА мамандары бұған тікұшақтың энергия үнемдеу режиміне өтуі себеп деп болжап отыр. Проблема Марс атмосферасындағы шаңның маусымдық артуынан және температураның төмендеуінен туындаған. Шаңның кесірінен дронның күн панельдеріне түсетін жарық кеміп, алты литий-ион батареяның заряды азайған. Заряд белгілі шамадан түсіп кеткенде, тікұшақтың борттық компьютері өшіп қалған.

Сөйтіп, электрониканы түнгі суықтан қорғайтын жылыту жүйесі мен борттық таймер де өшкен. Күн шыға, батареялар ақырын заряд ала бастап, компьютер қайта қосылады. Таймер де қосылып, ровермен байланысқа шығуға команда берген. Бірақ дронның сағаты шатасып кеткендіктен, ровер бұл кезде оны тыңдап тұрмаған еді.

5 мамырда НАСА роверді тікұшақтан үздіксіз сигнал қабылдау режиміне өткізді. Күткендей-ақ, Ingenuity бірнеше сағаттан соң байланысқа шығып, зарядын сақтау үшін шектеулі телеметрия хабарлады. Тікұшақтың барлық негізгі жүйелері жұмыс істеп тұр, борттағы температура қалыпты, аккумулятор заряды 41% екен.

Мұнша заряд ұшпақ түгіл, дұрыстап түнеп шығуға да жетпейді. Жылытқыштар түні бойы істемей, бірнеше сағаттан кейін өшіп қалады екен. Салдарынан таймердегі уақыт та сақталмайды. Ендігі міндет — ұшу емес, алдағы қыста түннен аман шығуды қамтамасыз ету. Заряд түнге жету үшін, жылытқыш бағдарламасы температура -15°C емес, -40°C-қа дейін түскенде ғана қосылатын етіп өзгертілді. НАСА инженерлері, қиын кезең артта қалған соң, дрон өз миссиясын жалғастырар деп үміттенеді.

30 сол жұмысқа есептелген дрон, 2021 жылғы 4 көкекте роверден түскелі бері, Марс бетінде 369 сол өткізді. Марстың сирек атмосферасына 28 рет көтерілген "Тапқырлық" 3255 секундта 6909 метр ұшып өтті. 5,5 м/с ең жоғары жылдамдық өрбіткен тікұшақ ең биік дегенде 12 метрге көтерілді. Ол өз камераларымен бірнеше жүз түсті және 3000-нан астам ақ-қара фото түсірді. Ingenuity, Samsung Galaxy S5 немесе Xiaomi Mi4 сияқты, Qualcomm Snapdragon 801 чипімен жұмыс істейді. Онда Linux амалдық жүйесі мен ашық софт орнатылған.

Марс атмосферасының ең төменгі қабатының тығыздығы небәрі 20 г/м^3, Жердікінен (1225 г/м^3) 61 есе сирек. Жер атмосферасы мұндай тығыздыққа дейін 29,4 км биіктікте сирейді. Тікұшақ қалақтары сүйенетін ауа молекулалары осынша аз болса, ол мұндай сирек атмосферада қалай көтеріле алады?

Аэродинамикалық күш ағынның жылдамдық арынына — ауа тығыздығы мен ұшу жылдамдығы квадратының жарты көбейтіндісіне q = ½ρV^2 — тәуелді. Демек, 61 есе аз тығыздықтың орнын толтыру үшін, жылдамдықты 7,8 есе арттыру қажет. Сирек ауаның кедергісі де аз екенін ескерсек, бұл онша қиын емес. "Тапқырлық" қалақтарын секундына 42–50 рет айналдырады, 1,2 метрлік қалақтар ұшының жылдамдығы 150 м/с шамасында. Екіншіден, Марс гравитациясы Жер гравитациясының 38%-не тең, сондықтан массасы 1,8 кг тікұшақтың салмағы Марста үш еседей жеңіл.
Халықаралық ғарыш стансасының ресейлік сегментінде.
👍2🤩1
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
Rocket Lab компаниясы Electron зымыранының 1-сатысын қалай қағып алды
👏3
Біздің қара құрдымның алғашқы кескіні
3🔥1
МЕРГЕН A* ҚАРА ҚҰРДЫМЫНЫҢ КЕСКІНІ ЖАРИЯЛАНДЫ

2022 жылы 12 мамырда біздің Құс Жолы галактикасының орталығындағы Мерген A* (Sgr A*) аса ауыр қара құрдымының кескіні жарияланды (оң жақта). Оны Оқиға Көкжиегі Телескопы (EHT) 2019 жылы алған M87 галактикасы орталығындағы қара құрдым кескінімен салыстырайық. EHT коллаборациясы Жер шарының әр аймағында орналасқан бірнеше радиотелескопты біріктіріп, алып радиоинтерферометр құрайды.

Алдымен қара құрдымдардың аспанымызда көрінетін өлшемін қарастырайық. M87-дегі қара құрдым бізден 55 млн жарық жылы қашықтықта, ал Мерген A* — небәрі 27 000 жарық жылында. Сондықтан, M87* іс жүзінде мың еседей үлкен болса да, екі қара құрдымды қоршаған жарық сақиналарының Жерден бақыланатын өлшемдері шамалас.

Ескерте кететін нәрсе. Біріншіден, қара құрдым ешқандай сәулелену шығармайтындықтан, шындығында оның өзі емес, "көлеңкесі" бақыланады. Екіншіден, бақылау көрінетін жарықта емес, миллиметрлік толқын ұзындығындағы радиодиапазонда жүргізілді, кескіндегі түстер шартты түрде таңдалған.
🔥2👏2
M87* ЖӘНЕ SGR A* ҚАРА ҚҰРДЫМДАРЫНЫҢ НАҚТЫ ӨЛШЕМІ

Мессье 87 (M87) галактикасы — Бикеш шоқжұлдызында, бізден 55 миллион жарық жылы қашықтықта орналасқан. Оның орталығындағы M87* аса ауыр қара құрдымының массасы — 6,5 миллиард Күн массасындай.

Ал біздің Құс Жолының орталығындағы Sgr A* аса ауыр қара құрдымы Күннен 4,3 миллион еседей ауыр, және бізден 27 000 жарық жылында. Бұл шамалар жақында ғана дәлірек өлшенген еді. Мұндай массалы қара құрдымның оқиға көкжиегінің радиусы 12 млн км шамасында болмақ.

Көрнекілік үшін, бұл нысандардың нақты өлшемдері суретте Күн диаметрімен (1,4 млн км), Меркурий орбитасымен (радиусы 58 млн км), Плутон орбитасымен (радиусы 6 млрд км) және Вояджер-1 ғарыш аппаратына дейінгі қашықтықпен (23,4 млрд км) салыстырып көрсетілген.

Credit: EHT collaboration (acknowledgment: Lia Medeiros, xkcd)
👍1🤯1