Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
ЧАНДРАЯН-3 АЙ БЕТІ АСТЫНДАҒЫ ТЕМПЕРАТУРАНЫ ӨЛШЕДІ

ISRO Chandrayaan-3 миссиясы қол жеткізген ғылыми деректерді жариялай бастады. Vikram лендерінің бортындағы ChaSTE аспабы 10 см тереңдікке ене алатын термометрмен жабдықталған. Онда он температура сенсоры бар. Аспап Айдың Оңтүстік полюсінде температураның тереңдік градиенті күрт өзгеретінін анықтады. Күн қыздырған күндізгі беттің температурасы 55 °C көрсетсе, 8 см тереңдікте-ақ минус 10 градус екен. Викрамда Луна-25-тегідей шөміш болғанда, сәл тереңнен ғана мұз қазып алу мүмкін еді.

Credit: ISRO
#ғылымижаңалық
👍2
250-ШІ FALCON 9 ЗЫМЫРАНЫ 5000-ШЫ STARLINK ЖЕРСЕРІГІН КӨТЕРДІ

2023 жылы 27 тамызда SpaceX компаниясы Канаверал базасындағы SLC-40 ұшыру алаңынан Starlink-6.11 миссиясын ұшырды. Falcon 9 зымыраны 22 дана Starlink v2 Mini жерсерігін төмен жермаңы орбитаға шығарды. 3-ші рет қолданылған B1080 1-сатысы JRTI баржасына сәтті қонды.

Бұл Falcon 9 зымыранының 250-ші ұшырылуы еді! 🔔 249 ұшырылым, соның ішінде соңғы 222-сі қатарынан сәтті өтті. 218 сатыны қондыру әрекетінің 209-ы табысты болды. Қазір ең жиі ұшырылатын зымыран 2010 жылы 4 маусымда алғаш самғаған.

SpaceX компаниясы барлығы 262 ұшырылым жасаса, соның 258-і (соңғы 229-ы қатарынан) сәтті болды. 2023 жылы 59 миссия атқарылып үлгерді.

Ұшырылған Starlink жерсеріктерінің саны 5005-ке жетті! 🔔 Олардың 4662-сі қазір орбитада, 3909-ы — жұмыста.

Credit: SpaceX
#зымыранұшыру
1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
CREW-7 МИССИЯСЫ ХҒС-ҚА ЖЕТТІ

2023 жылы 27 тамызда Алматы уақытымен 19:16-да Crew Dragon C210.3 Endurance ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасының Harmony модуліне түйісті. Біраздан соң люктер ашылып, Crew-7 миссиясы ғарышкерлері Жасмин Могбели, Андреас Могенсен, Сатоси Фурукава мен Константин Борисов стансаға енді.

Оларды Сергей Прокопьев, Дмитрий Петелин, Франсиско Рубио (Союз МС-22/23), Стивен Боуэн, Уоррен Хобург, Сұлтан Әл-Неяди, Андрей Федяев (Crew-6) қарсы алды. Сөйтіп, қазір ХҒС-та қайтадан 11 ғарышкер бар. Бірнеше күннен соң Crew-6 экипажы Жерге оралады.
#хғс
👏3
2023-ТІҢ ШІЛДЕСІ 1880 ЖЫЛДАН БЕРГІ ЕҢ ЫСТЫҚ АЙ БОЛҒАН

НАСА-ның Годдард ғылыми зерттеулер институты (GISS) ғалымдарының айтуынша, биылғы шілдедегі жаһандық орташа температура өлшеу тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Өткен ай осыған дейінгі ең ыстық шілдеден 0,24 °C-қа, ал 1951–1980 жж. шілделердің орташа шамасынан 1,18 °C-қа ыстық болған. Жалпы, 2023 жылдың шілдесі ауа температурасы жүйелі өлшене бастаған 1880 жылдан бергі ең ыстық ай ретінде тіркеліп отыр.

Credits: NASA/GISS
#жаһандықжылыну
ҮНДІ РОВЕРІ КРАТЕРГЕ ТҮСІП КЕТЕ ЖАЗДАПТЫ

Pragyan ровері диаметрі 4 метрлік кратерден 3 метр қашықтықта тоқтап, Жерден берілген бұйрық бойынша кері қайтқан да басқа бағытқа бұрылған.
Credit: ISRO
👍2
31 ТАМЫЗ 2023 — СУПЕР КӨГІЛДІР АЙ

2023 жылғы 31 тамызда Алматы уақытымен 7:37-де Ай толады. 2 тамызда Суперайды көрсек, бұл жолы Супер Көгілдір Айды байқайды екенбіз! Атаудың мағынасы арнадағы жаңа роликте түсіндіріледі.

Фото: Marcella Giulia Pace
#астрокүнтізбе #бейнеролик
👍2
1. ЭКЗОПЛАНЕТАЛАР САНЫ 5500-ГЕ ЖЕТТІ

2022 жылы 21 наурызда НАСА Экзопланеталық архивіндегі белгілі экзопланеталар саны 5000-нан асқанын хабарлаған едік. Ал қазір, 2023 жылғы тамыздың 25-не олардың саны 5500-ге жетті. Яғни орта есеппен күніне бір экзопланета анықталады деуге болады. Сондықтан өзге жұлдызды айналатын планета ашылуы бүгінде назар аударардай жаңалық болудан қалды. Дегенмен соңғы кезде табылып жатқан экзопланеталар арасындағы кейбір ерекшелері жайлы бірнеше пост жазбақпыз.
1🤩1
ҮНДІ РОВЕРІ АЙДЫҢ ПОЛЯР АЙМАҒЫНАН КҮКІРТ ТАПТЫ

Pragyan роверінің LIBS лазерлік спектроскопы Айдың Оңтүстік полюсі маңында күкірт (S) барын алғаш анықтады. Болжанғандай, Al, Ca, Fe, Cr, Ti, Mn, Si және O элементтері де табылды. Сутегін (H) іздеу жалғасуда. Айдың химиялық және геологиялық құрамын талдайтын LIBS аспабын Бангалордағы Электрооптикалық жүйелер зертханасы (LEOS) жасаған.

Credit: ISRO
#ғылымижаңалық
30/31 ТАМЫЗ 2023 — ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН ТОЛЫҚ АЙЫ

2023 жылы 30 тамызда, Алматы уақытымен 21:52-де Ай өз орбитасының перигейіне жетіп, Жерге 357 181 км-ге дейін жақындайды. Ай табағының көрінетін диаметрі 33 бұрыштық минут 27 секунд болады. Ал 31 тамыз, 7:37-де Ай толады.

Осы екі астрономиялық оқиғаның тұспа-тұс келуінің арқасында алдағы түні 2023 жылғы ең жарық әрі ең үлкен Толған Айды тамашалауға мүмкіндік бар! Chandrayaan-3 миссиясы қонған аймақ кескінде көк дөңгелекпен белгіленген.

Credit: NASA / ASU / ACT / Lunar Quickmap / Jason Davis / The Planetary Society
#астрокүнтізбе
👍1🤩1
БІР СҰРАҚ ҚОЯЙЫҚ
31 ТАМЫЗ 2023 — АЙДЫҢ САТУРНМЕН ҚОСЫЛЫСЫ

Ал 31 тамызда Толған Ай қарсы тұрыстағы Сатурннан 2,5° оңтүстікте өтеді. Айдың Сатурнмен қосылысы неліктен оның толуымен сәйкес келді деп ойлайсыздар?
#астрокүнтізбе
👍1
VIKRAM ЛЕНДЕРІ PRAGYAN РОВЕРІНІҢ КӨЗІМЕН

Ровердің NavCam камерасы түсірген фотодан лендердің Ай топырағының жылуөткізгіштігі мен температурасын өлшейтін ChaSTE аспабы мен ILSA сейсмометрі көрініп тұр.
Credit: ISRO
👍2
2. ЭКЗОПЛАНЕТАЛАР РАДИУСЫ

НАСА Экзопланеталық архиві деректері бойынша, 2023 жылғы 30 тамызға дейін ашылған 5502 экзопланетаның 4156-ның радиусы белгілі:

Жер шамалас R ≤ 1.25 R_Жер — 520
Супержерлер 1.25 < R ≤ 2 R_Жер — 1057
Нептун шамалас 2 < R ≤ 6 R_Жер — 1786
Юпитер шамалас 6 < R ≤ 15 R_Жер — 595

Юпитерден үлкен 15 R_Жер < R — 198
#қазақшаинфографика
👍2
Айға ғарыш аппараттары сәтті қонған орындар. Қытайлық Chang'e 4 қана Айдың арғы бетіне қонды.
Credit: Ian Bremmer
👍3
ҮНДІ АСПАБЫ АЙДАҒЫ ЖАСАНДЫ ЖӘНЕ ТАБИҒИ МИКРОСІЛКІНІСТЕРДІ ТІРКЕДІ

Vikram лендеріндегі ILSA сейсмометрі — Айға жеткен МЭМЖ (микроэлектромеханикалық жүйелер) технологиясына негізделген алғашқы аспап. Сейсмометр Pragyan роверінің қозғалыстарын тіркеді. Сондай-ақ 26 тамызда табиғи болуы ықтимал бір оқиға тіркелді, оны не туғызғаны анықталып жатыр. Айдағы сейсмикалық белсенділікті бақылайтын аспапты да Бангалордағы Электрооптикалық жүйелер зертханасы (LEOS) жасаған.

Credit: ISRO
👍2
ҮНДІСТАН КҮНДІ ЗЕРТТЕЙТІН АППАРАТ ҰШЫРАДЫ: 2 ҚЫРКҮЙЕК, 12:20-ДА

Үндістан премьер-министрі (ҮПМ): Жарайсыңдар, Айға кеме қондырдыңдар, BRICS-те мерейім үстем болды. Енді бірін Күнге қондырыңдар!
Үнді ғарыш мамандары: Мәртебелі мырза, ол өртеніп кетеді ғой!
ҮПМ: ҮПМ ақымақ деп ойлайсыңдар ма, түге? Түнде қондырасыңдар да.

Қалжыңсыз айтсақ, Үндістан енді Күнді зерттейтін телескоп ұшырмақшы, бірақ ол жұлдызды алыстан бақылайды. 7 ғылыми аспаппен жабдықталған Aditya-L1 ғарыштық телескопы Күн-Жер жүйесінің L1 Лагранж нүктесі айналасындағы гало-орбитада 5 жыл жұмыс істемек. L2 сияқты, L1 нүктесі де Жерден 1,5 миллион километрде, бірақ Жер мен Күннің арасында. Бұл нүктеде, немесе соның айналасындағы гало-, Лиссажу орбиталарда қазір АҚШ-тың DSCOVR, ACE, WIND, еуропалық SOHO аппараттары жұмыс істеп тұр.

Үндістан ғарыштық зерттеулер ұйымының (ISRO) арқасында санскриттен біраз сөз үйреніп алдық, "Мангала" — Марс, "Чандра" — Ай, "йан" — кеме деген сияқты. Ал "Адития" — әрине, Күн деген сөз екен. Үнді елі, үш Ай миссиясы мен бір Марс миссиясынан соң енді алғаш рет Лагранж нүктесіне қол созбақ.

Ұшырылым Шрихарикота аралындағы Сатиш Дхаван атындағы Ғарыш орталығынан, 2023 жылы 2 қыркүйекте Алматы уақытымен 12:20-да жүзеге асырылады. 1475 килограмдық телескопты үндінің төрт сатылы PSLV-XL зымыраны көтереді: тікелей эфир.

Aditya-L1 — Үндістанның екінші ғарыштық телескопы. 650 км жермаңы орбитада 7 жылдан бері көп диапазондық (көрінетін жарық, ультракүлгін, рентген) Astrosat телескопы бақылау жүргізуде. ISRO биыл желтоқсанда XPoSat рентген-поляриметриялық телескопын ұшыруды жоспарлап отыр.
👍3
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
АГРЕГАТТЫҚ КҮЙІНЕ ҚАРАЙ КЕМСІТУГЕ ЖОЛ ЖОҚ!

Қасиетті бу адамзатты қолөнерден индустрияға жеткізді, мануфактура орнына фабрика ашты. Бу алғашқы пойызды қозғалысқа келтірді, бу өгіз бен жылқының мойнын қамыттан босатты, бу теңізшілерді жел тосудан құтқарды.

Қазір де бу ГРЭС-теріміздің генераторына тоқ беріп тұр, басқа да толып жатқан қызмет атқаруда. Ал болашақта атом буландырған Балқаш суы АЭС турбинасын айналдырмақ.

Бу министрлігі құрылсын!
👍3
नमस्ते। भारत से चंद्र समाचार

Намасте. Бхаарат се Чандр самаачаар.
Қайырлы таң, Үндістаннан Ай жаңалықтары.

Vikram лендерінің RAMBHA-LP Ленгмюр зонды 24 тамызда Ай бетіне жақын маңдағы плазманың тығыздығын өлшепті. Таңғы тығыздық текше метрге 5–30 миллион электрон екен. Тығыздықтың күн желі әсерінен Ай күні барысындағы өзгерісін анықтау үшін ол тағы бірнеше рет өлшенуі керек.

Бес сантиметрлік зонд созылып шығатын бір метрлік мачтаға орнатылған. Аспап плазманың тығыздығы мен иондар мен электрондардың температурасын өлшей алады. RAMBHA-LP аспабын Керала штаты, Тируванантапурам қаласындағы SPL/VSSC компаниясы жасаған.

Бүгін 12:20-да Үндістан күн телескопын ұшыратынын еске саламыз.
Credit: ISRO
👍1
Бұл кезде Пәкстанда...
😁1