Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
ЖЕТІНШІ FALCON HEAVY ЗЫМЫРАНЫ ЕҢ АУЫР ГЕОСТАЦИОНАР ЖЕРСЕРІКТІ КӨТЕРДІ

2023 жылғы 29 шілдеде Кеннеди ғарыш орталығынан жетінші Falcon Heavy аса ауыр зымыраны ұшырылды. Ол тарихтағы ең ауыр геостационар жерсерікті — Echostar 24 / Jupiter 3 байланыс аппаратын көтерді. 9200 килограмдық жерсерік екі күн панелін толық жазғанда 38 метрге созылады. Ол 95° б.б. үстіндегі 35 888 км геостационар орбитада 15 жыл жұмыс істейді деп жоспарланған.

Ауыр жерсерікті үдету үшін отынын толық жұмсаған жаңа B1074 орталық сатысы қайта қондырылмады. Үшінші реттен қолданылған B1064, B1065 қапталдағы үдеткіштері құрлықтағы LZ-1, LZ-2 алаңдарына сәтті қонды.

Credit: SpaceX
#зымыранұшыру
СТАРБЕЙСТЕГІ СУ ЖҮЙЕСІ ТОЛЫҚ ҚУАТЫНДА СЫНАЛДЫ

Starbase ғарыш кешеніндегі орбиталық ұшыру алаңында орнатылған жаңа су жүйесі 2023 жылы 28 шілдеде алғаш рет толық қуатымен қосылды. Болашақ ұшырылымдар кезінде ол, сумен салқындатылатын болат мегапластинамен бірлесе, алаңды қираудан қорғауы тиіс.

🔊 ДЫБЫСЫ ТЫМ ҚАТТЫ!
👍1
ЭКСКЛЮЗИВ! STARSHIP ҰШЫРЫЛЫМЫ ӘУЕДЕН ТҮСІРІЛГЕН ЕКЕН!

The Launch Pad ресурсы, НАСА-ның рұқсатымен, Starship жүйесінің алғашқы орбиталық ұшырылымының теңдессіз видеоларын жариялады. НАСА-ның биік ұшатын WB-57 ұшағынан түсірілген кадрларда аса ауыр зымыранның көтерілуі, аударылып-төңкерілуі мен жарылысы жақыннан көрінеді. Негізі, бұл ұшақтан түсірілген 5 видео бар екен, қалың жұртшылық үшін екеуі ғана ашылыпты.
#зымыранұшыру
😱1
ВОЯДЖЕР-2 АППАРАТЫМЕН БАЙЛАНЫС ЖОҚ

НАСА-ның 46 жыл бұрын ұшырылған Voyager 2 ғарыш аппараты қазір Жерден 19,93 млрд км қашықтықта. Оның жұмыс мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылғанын хабарлағанбыз. Бұл үшін кернеудің құбылуынан қорғайтын реттегішті сөндіруге тура келген еді. Зондтың 5 ғылыми аспабы әлі жұмыс істеп тұр.

2023 жылғы 21 шілдеде аппарат, әдеттегідей, Жерден бірнеше команда алды. Солардың біріндегі қате салдарынан зондтың күшейту коэффициенті жоғары антеннасы Жермен байланыс бағытынан 2 градусқа ауытқыды. Кесірінен екі арадағы радиобайланыс толық үзілді.

Антеннасы үнемі Жерге бағытталып тұруы үшін, Voyager 2 жылына бірнеше рет кеңістіктегі бағдарын автоматты түрде қалпына келтіреді. Келесі осындай операция 15 қазанда жасалуы тиіс. НАСА мамандары содан соң аппаратпен байланысуға үміттенеді. Зонд оған дейін есепті траекторияда қалып, ғылыми деректер жинауын жалғастыра беруі тиіс. Әлі үш жыл мәлімет бере алатын теңдессіз ғарыш кемесі ұқыпсыздық кесірінен хабарсыз кетсе өте өкінішті болар еді.

Вояджер-2 — Уран мен Нептун планеталарының тұсынан ұшып өткен жалғыз ғарыш кемесі. Ол Юпитердің 3, Сатурнның 4, Уранның 11, Нептунның 6 жаңа серігін ашты. Voyager 2 Күн гелиосферасы мен жұлдызаралық кеңістіктің дәл шекарасы жоғын анықтады. Кеменің өзі гелиопаузаның сыртына 2018 жылы шықты.
😱1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Falcon Heavy-дің қапталдағы үдеткіштерінің алтыншы рет бірге қонуы. Алғашқы төрт қосар қону: https://t.me/phyandspace/617
АЛЫС ГАЛАКТИКА МЕН ТАЯУ ЖҰЛДЫЗ

Хаббл ғарыштық телескопы фотоға түсіретін нысандардың басым көпшілігі Жерден миллиондаған, не тіпті миллиардтаған жарық жылы қашықтықта. Бірақ кейде әлдеқайда жақын аспан денелері де суретке түсіп қалады.

Мына кескіннің оң жағындағы жарық шырақ — біздің Құс Жолы галактикасындағы BD+17 2217 жұлдызы. Алайда Хабблдың нысанасы ол емес, сол жақтағы Arp 263 бұрыс пішінді галактикасы еді. Ол Арыстан шоқжұлдызы бағытында, Жерден 25 миллион жарық жылы қашықтықта орналасқан. Arp 263 шұбар дақтарға — белсенді жұлдызтүзілу облыстарына толы. Оның пішіні мен жоғары белсенділігі екі галактиканың бірігуінен пайда болғанын айғақтайды.

Credit:
ESA/Hubble & NASA, J. Dalcanton, A. Filippenko
EUCLID ТЕЛЕСКОПЫ ЖҰМЫС ОРБИТАСЫНА ШЫҚТЫ

2023 жылы 1 шілдеде ұшырылған Euclid ғарыштық телескопы төрт апта өткенде Күн—Жер жүйесінің L2 Лагранж нүктесі айналасындағы гало-орбитаға шықты. L2 нүктесі Жердің Күнге қарама-қарсы жағында 1,5 млн км қашықтықта орналасқан. Обсерватория жолай дәл көзеу сенсорын калибрлеп, VIS пен NISP ғылыми аспаптарын қосты және қосалқы айнасын реттеді. Ғылыми жұмысты бастауға дайындыққа тағы екі ай керек.

1,2 метрлік телескоппен жабдықталған Euclid оптикалық және таяу инфрақызыл диапазондарда бақылау жүргізеді. Оның нысанасы — алыс галактикалар мен галактика шоғырлары. Астрономдар оның көмегімен Әлемдегі қызыл ығысуы z = 2 дейінгі галактикалардың үшөлшемді картасын жасап, қараңғы және бариондық материяның таралуы мен Әлемнің кеңею жылдамдығын бағалайды. Толығырақ — роликте.

Сызба: ESA
👏1
EUCLID ҒАРЫШТЫҚ ТЕЛЕСКОПЫ АЛҒАН АЛҒАШҚЫ КЕСКІНДЕР

Еуропа ғарыш агенттігі Euclid обсерваториясының VIS аспабы оптикалық, ал NISP аспабы — инфрақызыл диапазонда алған алғашқы кескіндерді жариялады. Өңделмеген тестілік суреттерден Құс Жолындағы жұлдыздар мен жұлдыз шоғырлары, сондай-ақ ғарыш сәулелерінің іздері көрініп тұр. Евклидтің NISP аспабы, сонымен бірге, саңылаусыз спектроскопия режимінде сынақ бақылау жүргізген.

Credit: ESA; Euclid Consortium; NASA
2 ТАМЫЗДА СОҢҒЫ ANTARES 230+ ЗЫМЫРАНЫ ҰШЫРЫЛАДЫ

Northrop Grumman корпорациясы 2023 жылы 2 тамызда, Алматы уақытымен 06:31-де Antares 230+ зымыранын ұшырады. НАСА Уоллопс орталығы аумағында орналасқан MARS космопортынан (Вирджиния штаты) көтерілген тасығыш Cygnus жүк кемесін ХҒС-қа жөнелтуі тиіс. 200-ші сериядағы Антарес зымырандары осымен өз қызметін аяқтайды. Тікелей эфир сілтемесі.

100-ші Antares нұсқаларының 1-сатысында ресейлік Кузнецов фирмасының НК-33 қозғағышының Aerojet Rocketdyne жетілдірген түрі AJ-26 орнатылатын. Осы қозғағыштың 6-секундта істен шығуы 2014 жылы 28 қазанда зымыран апатына әкеп соқтырды. Зымыранның Antares 230 нұсқасында оны НПО Энергомаш фирмасының РД-181 агрегаты алмастырды. Өзара санкцияларға байланысты 2022 жылы Ресей АҚШ-қа зымыран қозғағыштарын сатуды тоқтатты. Ал 1-сатының негізгі бөлігі Украинаның Южмаш кәсіпорнында жасалатын. Дайын 1-сатылар да, Ресейден алып қойған РД-181 қозғағыштары осымен түгесіледі.

Фото: Northrop Grumman
🔥1
БҮГІН ТҮНДЕ — СУПЕРАЙ

2023 жылғы 2 тамызға қараған түні, Алматы уақытымен 00:31-де Ай толады. Бірақ бұл — жай Толған Ай емес, Суперай! Атаудың мағынасы роликте түсіндіріледі.
#күнтізбе
СОҢҒЫ ANTARES 230+ ЗЫМЫРАНЫ ҰШЫРЫЛДЫ

2023 жылы 2 тамызда, Алматы уақытымен 6:31-де соңғы Antares 230+ зымыраны ұшырылды. Вирджиния штатындағы MARS космопортынан көтерілген тасығыш Cygnus NG-19 жүк кемесін ХҒС-қа аттандырды. Northrop Grumman Innovation Systems ұшыру операторының Антарес 200 зымырандары осымен өз қызметін аяқтады.

Antares тасығышының тарихын қысқаша шолып шығайық. НАСА-ның Халықаралық ғарыш стансасына жүк жеткізетін жаңа кемелерге жариялаған CRS конкурсында екі қатысушы жеңіп шықты. Өйткені бір тасымалдаушыға тәуелді болып қалмау үшін, НАСА міндетті түрде екі орындаушымен шарт жасасады. Жеңімпаздың бірі — SpaceX компаниясы, Dragon жүк кемесін де, оны ұшыратын Falcon 9 зымыранын да өз күшімен жасауды ұйғарғанын білеміз. Ал 2015 жылы Orbital ATK құрамына енген Orbital Sciences болса, Cygnus кемесі мен Antares зымыранын құрастыру барысында басқа өндірушілерге елеулі сенім артты. Атап айтқанда, кеменің жүк модулін италиялық Thales Alenia Space жасайды. 2018 жылы Orbital ATK-ны Northrop Grumman корпорациясы 9,2 млрд долларға сатып алғанын айта кетейік.

Антарестің 100-ші нұсқаларының 1-сатысында ресейлік Кузнецов фирмасының НК-33 қозғағышының Aerojet Rocketdyne жетілдірген түрі AJ-26 орнатылатын. Кеңестік Н-1 аса ауыр зымыранын өндіру тоқтатылғанда, оған арнап жасалған көптеген НК-33 құпия қоймада қалып қойған екен. Оларды кәдеге жарату мақсатында екі жаққа да тиімді келісім жасалған. Antares өз қызметін 2013 жылы 21 көкекте Cygnus кемесінің масса-габариттік моделін көтеруден бастады. Төрт сәтті миссиядан кейін, 2014 жылы 28 қазанда зымыран жүк тиелген кемемен бірге жарылып кетті. Апатқа қозғағыштың 6-шы секундта істен шығуы соқтырғаны анықталды.

Содан соң, зымыранның Antares 230 нұсқасында НК-33-ті ресейлік Энергомаш фирмасының РД-181 агрегаты алмастырды. Ал 1-сатының корпусы Украинаның Днепр қаласындағы Южмаш кәсіпорнында жасалатын. Өзара санкцияларға байланысты былтыр Ресей АҚШ-қа зымыран қозғағыштарын сатуды тоқтатқан еді. ULA ұшыру операторының қолында Atlas V зымыранына керек РД-180 агрегаттарының біраз қоры бары белгілі, ал РД-181 осымен түгесілді.

2-сатыда ATK компаниясының Castor 30 қатты отын жағатын қозғағышы қолданылады (Antares 110 — Castor 30A, 120 — 30B, 130/230/230+ — 30XL). Антарес тек Cygnus жүк кемесін ХҒС-қа ұшырумен ғана айналысты. Барлығы 18 ұшырылым жасалды (1-і сәтсіз): Antares 110 — 2, 120 — 2, 130 — 1 (1), 230 — 5, 230+ — 8. Antares 230-дың биіктігі 42,5 м, диаметрі 3,9 м, массасы 298 т, төмен жермаңы орбитаға 8000 кг көтере алады. Cygnus кемесіне 3000 кг жүк сыяды.

Жаңа Antares 330 нұсқасының 1-сатысын енді Firefly Aerospace компаниясы жасайтын болды, оған 7 Firefly Miranda қозғағышы қойылады. 330 алғаш 2025 жылы ұшады делінеді. Шынын айту керек, Firefly-дың өзінің тасы өрлеңкіремей тұр. Alpha зымыранының бірінші старты апатты, екіншісі ішінара сәтсіз болды. 3-ші ұшырылым осы тамызға жоспарланған. Ал жаңа Miranda қозғағыштарымен ұшатын Beta зымыраны 2024-те қанаттануы тиіс.

Бір мәрте қолданылатын Cygnus жүк кемелері ХҒС-қа жылына екі рет жіберіледі, сондықтан келесі үш кемені... әрине, Falcon 9 ұшырады (SpaceX-тен басқа кімде артық зымыран болсын). Northrop Grumman-ның кемені басқа тасығышқа бейімдеу тәжірибесі бар. 2015-17 жылдары, Антарес нұсқасын ауыстырғанша, үш Сигнусты орбитаға Atlas V шығарып берген еді.
#зымыранұшыру #ғарыштарихы #көбәріп
Фото: Northrop Grumman