Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
ЮПИТЕР МЕН ШОЛПАННЫҢ ТОҒЫСУЫНА БІР КҮН ҚАЛДЫ

30 көкекте, Алматы уақытымен 23:40-та Шолпан мен Юпитер бір-біріне 13 бұрыштық минутқа дейін жақындайды. Ең жарық екі планетаның жақын қосылысын 30 көкек пен 1 мамыр күндері таңсәріде бақылауға болады.

Әзірге 21 көкекте Сидней Операсы үстінде түсірілген планеталар шеруін тамашалай отырыңыздар. Біздің Солтүстік жартышарда төрт ғаламшар көкжиекке сәл көлбеу сап түзесе, Оңтүстік жартышарда олар тігінен тізіледі екен.

Image Credit & Copyright: Prasun Agrawal
🔥2🤩1
30 КӨКЕК 2022 — ЮПИТЕР МЕН ШОЛПАННЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСЫ

30 көкекте, Алматы уақытымен 23:40-та Шолпан мен Юпитер бір-біріне 13 бұрыштық минутқа дейін жақындайды. Ең жарық екі планетаның жақын қосылысын 30 көкек пен 1 мамыр күндері таңсәріде, шығыс көкжиек үстінен бақылауға болады.Қосылысқа куә болу үшін, жергілікті уақыт бойынша Күн шығатын сәттен бір сағат бұрын, шығыс көкжиек ашық жерге барғаныңыз жөн. Алматыда тоғысу бақыланатын мезгіл: 4:47–5:32, Күн 5:47-де шығады.

Әрине, екі ғаламшар Жерден қарағанда ғана бір сызық бойында дерлік тұрғандай. Іс жүзінде Шолпан көгілдір планетамыздан 147,6 млн километрде, ал Юпитердің бізден ара қашықтығы — 850 млн км. Юпитер мен Шолпанның қосылысы жайлы қосымша деректер — арнамыздағы арнайы роликте: https://youtu.be/FuySM_1lSlI
👍1
УЭББ ТЕЛЕСКОПЫНЫҢ ОПТИКАСЫН ДӘЛДЕУ АЯҚТАЛДЫ

НАСА-ның Джеймс Уэбб ғарыштық телескопын дәлдеу жұмысының соңғы, жетінші кезеңі мәресіне жетті. Мамандар обсерваторияның қуатты төрт ғылыми аспабының әрқайсы айқын, фокустағы кескін түсіре алатына көз жеткізді. Уэбб айналары қазір ғарыштан келген жарықты толықтай фокустап, аспаптарға бағыттауға қабілетті. Және NIRCam, NIRSpec, NIRISS, MIRI аспаптарының әрбірі өзіне түскен жарықты дұрыс қабылдай алады.

Енді телескопты жұмысқа дайындаудың соңғы бөлімі жүзеге асырылады. Ғылыми аспаптарды іске қосу процесі екі айға созылмақ. Әр аспап — теңдесі жоқ линзалар, маскалар, фильтрлер мен арнаулы құралдармен жабдықталған детекторлардың жиынтығы. Іске қосу кезеңінде осы құралдардың әртүрлі комбинациялары бапталып, сыналады. Дәлдеу ресми аяқталған соң, ғылыми аспаптарға жауапты мамандар Балтимордағы Ғарыштық телескоп ғылыми институтының (STScI) Операциялық орталығына келді, ал дәлдеуге атсалысқан кейбір мамандар қызметін тәмамдады.
🔥3
Фото: әр аспаптың көзқарас аясындағы айқын фокусталған жұлдыздар кескіні. Уэбб бұл тест үшін Құс Жолының шағын серігі — Үлкен Магеллан Бұлтының бір бөлігін түсіріп, әр детекторға жүздеген мың жұлдыздан тұратын тығыз көрініс берді. Уэббтың үш визуализаторы бар: NIRCam (мұнда 2 мкм толқын ұзындығындағы кескін көрсетілген), NIRISS (1,5 мкм), MIRI (7,7 мкм, ұзындау толқында жұлдызаралық сәулелену мен жұлдыз жарығы түскен). Ал NIRSpec, негізі спектрограф болғанымен, калибрлеу және нысананы ұстау үшін, мына 1,1 микрометрлік кескін сияқты сурет те түсіре алады. Ақыры, FGC дәл көзеу сенсорының міндеті — жол көрсетуші жұлдыздарға қарап бағдар түзеу болғандықтан, ол ғылыми кескін алуға қолданылмайды, бірақ мұнда көрсетілген сияқты калибрлеуші сурет түсіруі мүмкін.

Credit: NASA/STScI
🔥2👍1👏1
2022 ж. МАМЫРДАҒЫ БАСТЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР: ӘДЕМІ МЕТЕОР АҒЫНЫ МЕН ТӨТЕНШЕ ЖҰЛДЫЗДЫ НӨСЕР

1 мамыр 00:00 — ШОЛПАН (-4,1m) ЮПИТЕРДЕН (-2,1m) 0,2° ОҢТҮСТІКТЕ ӨТЕДІ ♀♃
Қазақстан аумағынан 1 мамырдың таңында, Күн шығардан 1 сағат бұрын, екі планетаның жақындасуын көруге болады
1 мамыр — КҮННІҢ ЖАРТЫЛАЙ ТҰТЫЛУЫ (ең үлкен фазасы 0,64 — Алматы уақытымен 02:31) 🌍🌑☀️
Оңтүстік Америкада, Антарктидада, Тынық пен Атлант мұхиттары айдынында бақыланады.
1 мамыр 02:31 — ЖАҢА АЙ (Ф=0,00)
2 мамыр 20:17 — Ай (Ф=0,03+) Меркурийден (+0,9m) 1,8° оңтүстікте өтеді
4 мамыр — Меркурийдің кешкі көріну кезңінің аяқталуы
4–5 мамыр — ЭТА-АКВАРИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ (сағатына 40 метеорға дейін)
5 мамыр 13:00 — Уран Күнмен қосылыста
5 мамыр 18:47 — Ай апогейде (Жерден 405 286 км), көрінетін диаметрі 29'29"
10 мамыр — Меркурийдің тоқырап, тура қозғалыстан кері шегіне қозғалысқа өтуі
15 мамыр — Шолпан афелийде
16 мамыр 10:16 — ТОЛҒАН АЙ (Ф=1,00)
16 мамыр — АЙДЫҢ ТОЛЫҚ ТҰТЫЛУЫ (ең үлкен фазасы 1,414 — Алматы уақытымен 10:13) 🌕🌍☀️
Араб түбегі, Еуропа, Африка, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Антарктидадан бақыланады. Қазақстаннан тұтылудың ешбір фазасын көре алмаймыз
17 мамыр 21:24 — Ай перигейде (Жерден 360 297 км), көрінетін диаметрі 33'10"
18 мамыр 12:25 — Марс (+0,7m) Нептуннан жарты градус (31 бұрыштық минут) оңтүстікте өтеді
22 мамыр 01:00 — Меркурий Күнмен төменгі қосылыста
22 мамыр 10:43 — Ай (Ф=0,57-) Сатурннан (+0,8m) 4,5° оңтүстікте өтеді
24 мамыр 22:24 — Ай (Ф=0,28-) Марстан (+0,7m) 2,8° оңтүстікте өтеді
24 мамыр 17:00 — Ай (Ф=0,28-) Юпитерден (-2,2m) 3,3° оңтүстікте өтеді
27 мамыр — Ай (Ф=0,1-) Шолпаннан (-4,0m) 0,2° оңтүстікте өтеді
27 мамыр 08:52 — Айдың Шолпанды жабуы. Индонезиядан бақыланады
28 мамыр — Меркурий афелийде
28 мамыр — Айдың (Ф=0,03-) Уранды жабуы, Оңтүстік Америка мен Африкадан бақыланады
29 мамыр 16:28 — Марс (+0,7m) Юпитерден (-2,2m) жарты градус (35 бұрыштық минут) оңтүстікте өтеді
30 мамыр 17:32 — ЖАҢА АЙ (Ф=0,00)
31 мамыр 11:15 — МОЛ МЕТЕОР НӨСЕРІ
Сағатына 600–700 метеор күтіледі! Толық ақпарат — төменде

МАМЫР АКВАРИДАЛАРЫ 🌠🌠

Суқұйғыштан шығатын екі метеор ағынының көктемдегісі әдетте 19 көкек пен 28 мамыр арасында жауады. Оның шыңы биыл мамырдың 4-нен 5-не қараған түні күтіліп отыр. Түнде сағатына 40 метеорға дейін бақылануы мүмкін. Аққан жұлдыздарды таңға қарай тамашалаған жөн. Жылдам (67 км/сек) ақ метеорлар ұзын із қалдыра сорғалайды. Жаңа туған Айдың бақылауға кедергісі жоқ. Эта-Акваридаларды Галлей кометасы қалдықтарының Жер атмосферасында жануы туғызады.

ӨМІРДЕ БІР КЕЛЕТІН ТӨТЕНШЕ МОЛ МЕТЕОР НӨСЕРІ 🌠🌠🌠🌠🌠🌠🌠🌠🌠🌠

2022 жылы 31 мамырда, Алматы уақытымен 11:15-те Жердің 73P/Швассман-Вахман кометасы тастаған тозаң шлейфтерімен соқтығысуы болжанып отыр. Бұл комета туғызған ағын тау-Геркулидалар деп аталғанмен, биыл оның радианты көрші Сиыршы шоқжұлдызында орналасады. Бірнеше сағат қана жауатын жұлдызды нөсердің әр сағатында 600–700 метеор күтіледі.

Алайда кометаның 1995 жылы бірнеше бөлікке ыдырап кеткенін ескерсек, белсенділік 10 000, тіпті 100 000-ға да жетуі мүмкін — секундына 25 аққан жұлдыз!!! Соңғы 230 жылда төрт-ақ аса мол метеор нөсері (ZHR > 50 000) бақыланған: 1799, 1833, 1966 жж. — Леонидалар, 1885 ж. — Биэлидалар. Ең өкініштісі, биылғы жұлдыз нөсері жауған кезде біздің елімізде күн шығып кетеді(((

ПЛАНЕТАЛАР

☿ Меркурий (0,0m) 4 мамырға дейін кешке солтүстік-батыс көкжиек үстінен көрінеді
♀ Шолпан (-4,0m) — таңда шығыс көкжиек үстінен бақыланады
♂ Марс (+1,0m) таңғы арай фонында оңтүстік-шығыс көкжиек үстінен бақыланады
♃ Юпитер (-2,0m) — таңда шығыс көкжиек үстінен көрінеді
♄ Сатурн (+0,9m) оңтүстік-шығыстан таңғы арай фонында әрең бақыланады
♅ Уран (+6,0m) мамырда көрінбей кетеді
♆ Нептун (+8,0m) таңда шығыста, Балық шоқжұлдызынан телескоппен бақыланады

АТАУЛЫ КҮНДЕР 📅
👍2🥰2
2 мамыр — 120 жыл бұрын (1902) Парижде тарихтағы алғашқы ғылыми-фантастикалық фильм экранға шықты. Жюль Верн шығармалары негізінде түсірілген "Айға саяхат" фильмінің режиссері — Жорж Мельес
2–10 мамыр — 100 жыл бұрын Римде Халықаралық астрономиялық одақтың (ХАО) І Бас Ассамблеясы өтті. Алғашқы конгресте жұлдызды аспан 88 шоқжұлдызға бөлініп, олардың сұлбалары анықталды. Шоқжұлдыздар шекарасы 1928 жылы түпкілікті бекітілді
3 мамыр — Дүниежүзілік Күн күні
7 мамыр — Көктемгі астрономия күні. Astronomy Day жылына екі рет атап өтіледі. Көктемгі Астрономия күні көкектің ортасы мен мамырдың ортасы арасындағы Айдың бірінші ширегіне таяу сенбіге белгіленеді. Осы дата кіретін апта (биыл 2–8 мамыр) Астрономия аптасы (Astronomy Week) деп аталады
25 мамыр — Доплер эффектінің ашылғанына 180 жыл (1842). Жарық көзінің бақылаушыға жақындауы бақыланатын жиілікті арттырады, ал алыстауы — азайтады
31 мамыр — америкалық астрофизик Мартин Шварцшильдтің туғанына 110 жыл. Ғалым жұлдыздардың құрылысы мен дамуы теориясын жасаған
👍31
Суреттерде: Ниагара сарқырамасы үстіндегі жұлдызды нөсер, 1833 жыл. Куәгердің салған суреті
1833 жылғы Леонидалар метеор ағыны, АҚШ-та салынған сурет
🎉3👏1
УЭББ: АЖЫРАТЫМ ЖӘНЕ СЕЗІМТАЛДЫҚ

Уэбб телескопы не үшін жасалды? Екі нәрсе: ажыратым мен сезімталдық. Үлкен Магеллан Бұлтындағы 1,25 x 1,88 бұрыштық минут облыстың бірдей дерлік толқын ұзындығындағы екі кескінін салыстырайық. Оның бірін Spitzer (2003-2020) ғарыштық телескопының IRAC аспабы (8 мкм толқын ұзындығында), екіншісін — Webb-тің MIRI аспабы (7,7 мкм) алған. Ажыратым айырмашылығы таңғаларлық!

Сезімталдық та жер мен көктей. Спитцердің минуттап жинаған жарығын Уэбб санаулы секундта-ақ тіркейді. Адамзат көп ұзамай Әлемнің бұрын түсімізге де енбеген жай-жапсарын көре алады. Иә! Жақында: осы жазда.

Credit: NASA/STScI
👏2
НАСА СЕГІЗ ПЛАНЕТААРАЛЫҚ МИССИЯНЫ ҰЗАРТТЫ

НАСА қазір жұмыс істеп тұрған планетааралық миссияларды талдай келе, оның сегізінің мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады. Олардың көбі үш жылға, InSight 2022 жылдың соңына дейін, OSIRIS-REx тоғыз жылға ұзартылды. Тізімде төмендегі миссиялар бар:

MAVEN (Mars Atmosphere and Volatile Evolution). Ұзартылған миссияның негізгі міндеті — алдағы күн максимумы кезіндегі Марс атмосферасының өзгерісін зерттеу. Орбитер сондай-ақ Марс бетіндегі роверлер алған мәліметті Жерге хабарлауға көмектеседі.

InSight. Лендер, шаң басқан күн панельдері жеткілікті қуат бере алмай қалғанша, Марстың сейсмикалық белсенділігі жайлы ақпарат жинауды жалғастырады. Аппарат 2022 жылдың соңына дейін жұмыс істей алады деген үміт бар, сосын ол қатып қалады.

Mars Science Laboratory. Марс бетімен 27 км жүріп тастаған Curiosity ровері бір кездегі сулы планетада тұнған шөгінділерді зерттеу үшін, Шарп тауына өрмелеуін жалғастырады.

Mars Odyssey. 2001-де ұшырылған рекордшы орбитер Марс беті астындағы тау жыныстары мен мұзды зерттеумен және радиациялық жағдайды қадағалауман айналысады. Марс климатын бақылауға арналған ұзақмерзімді бағдарлама жалғасады.

MRO (Mars Reconnaissance Orbiter). Криокулердің істен шығуы кесірінен CRISM спектрометрі өшірілді. Алайда Марс бетін, атмосферасы мен климатын зерттеу жалғасады. Орбитер роверлер жинаған деректерді Жерге хабарлауда басты роль атқара береді.

LRO (Lunar Reconnaissance Orbiter). Орбитер Ай бетін зерттеуді жалғастырмақ. Орбитасының біртіндеп өзгеруі себепті, ол су мұзы жиналуы ықтимал көлеңке аймақтарды қадағалай алады. LRO сондай-ақ Artemis миссиясына да қызмет етеді.

New Horizons. Зонд бұрынғыша өте алыс Нептуннан әрі нысандар мен ғарыш райын зерттей береді.

OSIRIS-REx. 2023 жылы 24 қыркүйекте зонд Бенну астероидынан алынған топырақ үлгілерін Жерге тастауы тиіс. Содан соң ол, кезінде Жерге ең қауіпті астероид саналған Апофиске аттанатын болды! Аты OSIRIS-APEX деп өзгеретін ұзартылған миссия жайлы арнайы поста әңгімелейміз.

НАСА-ның Планеталық зерттеулер бөлімі қазір Күн жүйесіндегі 14 миссияны басқарып отыр, тағы 12-сін дайындауда және 7 миссия бойынша шетелдік ғарыш агенттіктерімен әріптестік орнатқан.
👏3🔥2
INGENUITY МАРСТАН БӨГДЕПЛАНЕТАЛЫҚ АППАРАТТЫҢ БӨЛШЕГІН ТАПТЫ

Ingenuity дрон-тікұшағы Perseverance роверін қондыруға пайдаланылған парашютті әуеден суретке түсіріп алды. Парашют фотолары НАСА мамандарына келесі марс миссияларын дайындауға көмектеседі.

Perseverance пен оның астына бекітілген Ingenuity салынған капсула Марс атмосферасына 2021 жылы 18 ақпанда енді. 11 км биіктікте диаметрі 21,5 метр тежегіш парашют ашылды. Ол капсуланың құлдилау жылдамдығын сағатына 1500 км-ден 320 км/сағ дейін баяулатты. 2,1 км биіктікте капсуланың артқы қабықшасы мен оған бекітілген парашют тасталдыда, "Әуе краны" жүйесі роверді Марс бетіне жұмсақ қондырды.

Ровердің қонуын MRO аппараты орбитадан түсіріп алды. Ол кейін парашют пен қабықшаның жатқан жерін де суретке тартты. Оларды ровердің өзі де алыстан фотоға түсірді. Бірақ НАСА инженерлері парашюттің анық фотоларын көргісі келді. Оларды талдау парашюттің Марс атмосферасында қалай жұмыс істегені жайлы маңызды ақпарат береді. Мұның Марстан топырақ үлгілерін әкелетін Mars Sample Return миссияларын дайындауға пайдасы тимек.

19 көкекте "Тапқырлық" 26-шы рет ұшты. Оның негізгі мақсаты — ровер зерттейтін ежелгі өзен атырауына біртіндеп жақындай беру. Десе де дронның жолы парашют түскен жер тұсынан өтетін. Сондықтан инженерлер тікұшақты басқарушылардан дәл парашют үстімен ұшып, түсті фотолар алуды өтінді.

Он фотодан 126 км/сағ жылдамдықпен соғылып, қираған қабықша мен парашюттің өзі көрінеді. Алдын-ала талдау парашюттің зардап шекпегенін көрсетті. Оның күмбезі де, арқан жіптері де зақымданбаған сияқты. Әрине, түпкілікті қорытынды шығару үшін фотоларды бірнеше апта талдау қажет.

Credits: NASA/JPL-Caltech
😱3
УЭББ: ТЕҢДЕССІЗ АЖЫРАТЫМ

WISE, Spitzer және JWST (Джеймс Уэбб) ғарыштық телескоптары алған кескіндерді салыстыру
Credit: NASA/STScI
🔥3
АРГЕНТИНАДАҒЫ ЖАРТЫЛАЙ КҮН ТҰТЫЛУЫ

Патагония, 30 көкек 2022 жыл
Image Credit & Copyright: Aixa Andrada
3
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
ROCKET LAB АЛҒАШ РЕТ ЗЫМЫРАН САТЫСЫН ҚАҒЫП АЛДЫ

2022 жылы 3 мамырда, Алматы уақытымен 04:41-де америкалық Rocket Lab компаниясы There And Back Again миссиясын ұшырды. Жаңа Зеландиядағы Махия ғарыш айлағынан көтерілген Electron зымыраны 6 жекеменшік компанияның 34 кубсатын 520 км гелиосинхрон орбитаға шығарды. Бұл Rocket Lab ғарыш компаниясының 26-шы ұшырылымы.

Ұшырылымның басты ерекшелігі — зымыранның 1-сатысын құтқару әрекеті болды. Парашютпен кері құлдилап келе жатқан сатыны Sikorsky S-92 тікұшағы ілмекпен іліп алып, теңіздегі кемеге түсіруі жоспарланған.

Және әрекет сәтті болды! Тікұшақ бірінші сатыны іліп алды. Біраздан соң ұшқыш машинаға түскен жүктеме сынақ кезіндегінден өзгеше екенін байқап, сатыны суға тастауға шешім қабылдаған. Компанияның кемесі оны судан шығарып алды, сатының күйі өте жақсы. Осылайша Rocket Lab сұйық отын жағатын орбиталық зымыран сатысын құтқарған екінші компания атанып отыр.
🔥2
ОНЖЫЛДЫҚ ПЛАНЕТОЛОГИЯЛЫҚ ШОЛУ МАРС, УРАН ЖӘНЕ ЭНЦЕЛАД МИССИЯЛАРЫН ҚОЛДАДЫ

АҚШ Ұлттық академиялары он жылда бір рет астрофизика, планетология және Жерді зерттеу салалары бойынша Онжылдық шолу жариялайды. Бұл құжаттар алдағы басым бағыттарды анықтап, ғарыштық миссиялар мен обсерваториялар жобаларын маңызына қарай реттейді. Ең жоғары орын иеленген ұсыныстарға жол ашылып, олар әдетте жүзеге асырылады.

19 көкекте "Планетология мен астробиология бойынша Онжылдық шолу 2023–2032" атты құжат жарияланды. Шолуда ғылыми маңызы бойынша бірінші орын Mars Sample Return миссиясына берілді. Оның аясында НАСА мен ЕҒА Perseverance ровері жинаған марс жынысы үлгілерін Жерге жеткізуі тиіс. Бұл үшін Қызыл планетаға үш ғарыш аппараты жіберіледі. Топырақты Жерге алып келу 2033 жылға межеленген, жобаның жалпы құны 5,3 миллиард доллар.

Екінші орында — Uranus Orbiter and Probe миссиясы. Ол 2031 жылы Falcon Heavy немесе басқа ауыр зымыранмен ұшырылуы мүмкін. Бұл жағдайда миссия Уранға 2044 жылы жетеді. Уран тұсынан жалғыз-ақ Voyager 2 аппараты 1986 жылы ұшып өтті. Жаңа миссия мұзды алыптар туралы білімімізді толық өзгертуі тиіс. Uranus Orbiter and Probe жетінші планетаны орбитадан егжей-тегжейлі зерттеумен бірге, оның атмосферасына зонд тастайды. Миссия құны 4,2 млрд долларға бағаланып отыр.

Үшінші орын Enceladus Orbilander жобасына берілді. Ол Сатурнның жерасты мұхитқа ие серігі Энцеладқа аттанады. Энцелад орбитасына шыққан зонд, серіктен атқылап жатқан сушашындар (гейзерлер) арқылы бірнеше рет ұшып өтіп, химиялық талдау жасайды. Келесі кезеңде ол аспан денесі бетіне қонады. Enceladus Orbilander 2030-жылдардың аяғында ұшырылып, серікке 2050-жылдардың басында қонады.

Шолу авторлары Европаға, Меркурийге, Нептун жүйесіне және Шолпанға жөнелтілмек басқа төрт флагмандық миссияны қарастыра келіп, олардан бас тартты. Себеп — жоба құнының тым жоғарылығы және туындауы мүмкін техникалық қиындықтың көптігі.

Онжылдық шолу миллиардтық флагмандық миссиялардан өзге, НАСА-ның New Frontiers бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын арзанырақ жобаларды да анықтады. Олардың нысаналары — кентавр-астероидтар, Церера, Сатурн, Титан және Тритон. Бағдарлама жобаларын келесі іріктеу — онжылдықтың екінші жартысында.

Сондай-ақ авторлар Марсқа қонатын тағы бір миссия ұйымдастыруға кеңес берді. Ол бір полюс маңына қонып, биосигнатура іздеу үшін мұз үлгілерін алуы керек. Ақыры, шолу авторлары қауіп төндіруі ықтимал жермаңы астероидтарды іздейтін NEO Surveyor телескопының ұшырылуын қолдады. Ол 2026 жылға жоспарланған.
🔥4
ЖӨСЕР ПИРАМИДАСЫ ҮСТІНДЕГІ ПЛАНЕТАЛАР ШЕРУІ

Көкектің ортасында Мысырда түсірілген фотода жай көзбен көрінетін бес планетаның төртеуі таңғы аспанда сап түзеп тұр. Ай соңында Шолпанның дәл қасынан өткен Юпитер қазір Таңғы жұлдыздың оң жағына шықты. Ең үлкен ғаламшар енді Марсқа жақындайды. 29 мамыр күні екі планетаның арасы жарты градус, яғни толған Айдың көрінетін өлшеміндей болмақ.

Image Credit & Copyright: Osama Fatehi
👍2
ҚЫТАЙ 2023 ЖЫЛЫ ҒАРЫШҚА БІРНЕШЕ РЕНТГЕН-ТЕЛЕСКОП ШЫҒАРАДЫ

Қытай Ұлттық ғарыштық ғылыми орталығы «Эйнштейн зонды» (Einstein Probe) атты миссияның жобасын бекітті. Келесі жылы ұшырылатын зонд қара құрдымның жұлдызды жұтуы немесе супержаңа жарылысы сияқты ғаламат құбылыстарды зерттемек.

1400 кг аппарат екі рентген телескоппен жабдықталады: WXT (Wide-field X-ray Telescope) және FXT (Follow-up X-ray Telescope). WXT-ның көзқарас аясы 3600 шаршы градус. Ол аспанды шолып, аса ауыр қара құрдым жұлдызды қиратқанда шығатын сәулеленуді іздейді. Мұндай оқиға анықталысымен, FXT оны егжей-тегжейлі талдайды.

Миссия қара құрдымның жұлдыз қалдығын қалай «жейтінін» және джеттерді қалай түзетінін түсінуге көмектесіп, супержаңа жарқылдарын, магнитарларды, белсенді галактика ядроларын, гамма-жарқылдарды, кометаның күн желімен әсерлесуін зерттейді.

Эйнштейн зондының бақылау деректерін 2023 жылы ұшырылатын тағы бір бір рентген-телескоп — SVOM қытай-француз миссиясы толықтырады.
👍1