Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.47K photos
711 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
Нұрсұлтан (Алматы, Кіші Алматы, Комсомол) шыңы, 4376 м
Фото авторы: Деонисий Мить
#геодерек
ARIANE 5 СОҢҒЫ РЕТ ҰШЫРЫЛДЫ

2023 жылы 5 шілдеде (Алматы уақытымен 6 шілде, 4:00) Француз Гвианасындағы Куру ғарыш айлағынан соңғы Ariane 5 ауыр зымыраны ұшырылды. Ол Syracuse 4B және Heinrich Hertz ауыр байланыс жерсеріктерін геостационар өтпелі орбитаға ойдағыдай шығарды.

Еуропаның ауыр жүк таситын жұмысшы көлігі геостационарға көптеген жерсерік шығарды және бірнеше ATV жүк кемесін ХҒС-қа жіберді. Ол сондай-ақ XMM Newton рентген телескопын, Чурюмов-Герасименко кометасына жеткен Rosetta зондын, еуропалық Galileo навигациялық жерсеріктер топтамасын, Күн—Жер жүйесінің L2 нүктесіне жеткен Гершель, Планк, Уэбб ғарыштық телескоптарын, Меркурийге жолдағы BepiColombo және жақында Юпитерге аттанған Juice миссиясын ұшырды.

Ariane 5 төмен жермаңы орбитаға 21 т, геоөтпелі орбитаға 10,5 т жүк шығара алатын. Машинаның ұзындығы 46–52 м, диаметрі 5,4 м, старттық массасы 777 т. Оның қапталдағы қос үдеткіші қатты отын жақса, бірінші сатысы сұйық сутегі — сұйық оттегімен жұмыс істеді. Екінші саты қозғағышы монометилгидразин — диазот тетраоксидін қолданатын, зымыранның соңғы ECA нұсқасында оларды сутегі/оттегі жұбы алмастырды.

Бесінші Ариан ізашары Ariane 4 көтере алған массаны екі еселеді, бұл телеком индустриясының өте биік геосинхрон орбиталарға ірі жүктеме шығаруға деген қажеттігін өтеді. Ariane 5-тің қуаты бір ұшырылымда екі бірдей ауыр телеком жерсерігін орбитаға шығаруға немесе өте ірі аппараттарды алыс ғарышқа аттандыруға мүмкіндік беретін.

Ariane 5 алғаш рет 1996 жылы 4 маусымда самғаса, бірінші сәтті ұшырылым 1998 жылы болды. Барлығы 117 миссияның 112-сі, соның ішінде соңғы 103 ұшырылым қатарынан толық сәтті өтті. Басында бірнеше апатқа ұшырағанмен, Ариан-5 кейін өте сенімді зымыран атанды. Оған 10 миллиард долларлық Уэбб телескопын ұшыру тапсырылғаны кездейсоқ емес. Даңқты тасығыштың орнын Ariane 6 орташа/ауыр әмбебап зымыраны басады.

#зымыранұшыру #көбәріп
6 ШІЛДЕДЕ ТЕМПЕРАТУРА РЕКОРДЫ ТАҒЫ ЖАҢАРДЫ — 17,23°C

Дүниежүзілік орташа температура — 2 метр биіктіктегі ауа температурасының планетадағы барлық өлшеу нүктелерінде алынған тәулік бойғы орташа мәні. 2023 ж. 3 шілдеде ол тарихта алғаш рет 17 градустан асты: 17,01 °C. Ертеңіне жаңа рекорд (17,18 °C) тіркеліп, ол 5 шілдеде қайталанды. Енді, міне 17,23 °C! Картадан көрініп тұрғандай, Оңтүстік жартышарда қыстың ортасы болса да, Антарктикадан басқа аймақтың бәрінде тәуліктік температура нөлден жоғары.

Аномалия, яғни 1979–2000 жылдардағы осы күнгі температураның орташа көрсеткішінен айырмашылық, дүние жүзі бойынша 1 градустан асты. Екінші картадан аномалия Антарктикада ерекше жоғары екені көрінеді. Қазақстанның батысы мен солтүстігінде 6 шілденің температурасы көпжылдық орташа мәннен бірнеше градусқа асып түскен.

Дереккөз: Climate Change Institute, University of Maine
#жаһандықжылыну
98. СЫРТҚЫ ПЛАНЕТАЛАР ТАЯУ ИНФРАҚЫЗЫЛ ДИАПАЗОНДА

Сонымен, Уэбб ғарыштық инфрақызыл телескопы төрт сыртқы планетаның бәрін NIRCam камерасымен суретке түсіріп шықты.

Солдан оңға қарай: Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун.
Credit: NASA, ESA, CSA, STScI
ЖЕРДІҢ ДОМАЛАҚ ЕКЕНІНЕ 10 ДӘЛЕЛ...

...арнадағы жаңа роликте
#бейнеролик
SPACEX ЗЫМЫРАН САТЫСЫН 16-ШЫ РЕТ ҚОЛДАНДЫ — ЖАҢА РЕКОРД

2023 жылы 10 шілдеде SpaceX компаниясы Канаверал базасындағы SLC-40 ұшыру алаңынан Starlink-6.5 миссиясын ұшырды. Мақсат — 22 дана Starlink v2 Mini жерсерігін төмен жермаңы орбитаға шығару. Оны орындаған Falcon 9 зымыранының B1058 нөмірлі 1-сатысы осымен 16-шы рет ұшырылып отыр — жаңа әлем рекорды! 🏆

Үдеткіш бірінші рет сонау 2020 жылы 30 мамырда компанияның алғашқы ұшқышты миссиясы — DM-2 аясында қолданылған еді. Даг пен Бобтың сапары естеріңізде шығар. Сондықтан сатыға НАСА-ның "құрт" аталатын қызыл логотипі салынған. Ол сондай-ақ бір Dragon жүк кемесін, корей жерсерігін, 2 Transporter және 11 Starlink миссиясын ұшырды. B1058 бұл жолы да Атлант мұхиты айдынындағы JRTI платформасына сәтті қонды.

Фото: B1058 үдеткіші 1-ші және 15-ші миссиядан соң
#зымыранұшыру
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
B1058 — 16-шы рет ұшырылған алғашқы 1-саты
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Рекордшы бұл жолы да JRTI платформасына сәтті қонды
ЖАПОН МАРС МИССИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНА ФОБОС РОВЕРІ ДЕ ЕНЕДІ

Жапон Әуе-ғарыш зерттеулері агенттігі (JAXA) Марстың серіктерін зерттеуге бағытталған MMX (Martian Moons eXploration) миссиясын дайындап жатыр. Оның аясында Марстың серігі Фобостан топырақ үлгісін алып, Жерге алып келу де көзделген. Миссия құрамында автомат стансаға қосымша, Фобос бетінде жүретін ровер де болады екен. Бұл жөнінде жапон, герман (DLR) және француз (CNES) ғарыш агенттіктері келісімге келді.

IDEFIX атты ровердің массасы 25 кг, өлшемдері 44x52x35 см болмақ. Оның төрт доңғалағының әрқайсы жеке электроқозғағышпен жабдықталады. Ол Фобос бетімен өте баяу, секундына 1–2 мм жылдамдықпен қозғалады. Ровер бортында камералар, радиометр мен Раман спектрометрі орнатылады.

MMX миссиясы 2024 жылы ұшырылып, Марс маңына 2025-те жетеді. Ол Фобос айналасындағы орбитада жұмыс істеп, арасында Деймос тұсынан жақын ұшып өтеді. Фобостан топырақ үлгісін алу 2028 жылға жоспарланған. Үлгі салынған капсуласы бар қайтарма модуль Жерге 2029 жылы келеді.

Жапониялық Хаябуса-2 зонды Рюгу астероиды бетіне тастаған герман-француз MASCOT аппараты жайлы — роликте. Хаябуса-2 Рюгуды бірнеше жыл зерттеп, ақыры одан алған топырақ үлгісін Жерге сәтті жеткізген еді.
Кескін: DLR
ХҒС ЖЕРДЕН

Барлық 6 iROSA күн панелі жақсы көрініп тұр. Бесінші және алтыншы iROSA маусымда орнатылған еді.
ҚҰС ЖОЛЫ

Шілде — жыпырлаған жұлдыздар мен күңгірт тозаң бұлттарына толы галактика ядросы ең жақсы бақыланатын кез. Әрине, ауылдан, таудан немесе далалықтан. Толығырақ — арнадағы жаңа роликте

Фото авторы: Jz White
#бейнеролик
ТАРИХТА АЛҒАШ РЕТ МЕТАН ЖАҒАТЫН ЗЫМЫРАН ОРБИТАҒА ШЫҚТЫ

2023 жылы 12 шілдеде, Алматы уақытымен 4:12-де қытайлық Landspace компаниясының ZhuQue-2 зымыраны орбитаға шыға алған бірінші метан отынды зымыран атанды. Оның 2-сатысы 431 х 461 км гелиосинхрон орбитаға шыққаны расталды. ZhuQue-2 бұл жолы пайдалы жүктеме көтерген жоқ. Зымыран осы жылы тағы бір ұшырылуы тиіс.

ZhuQue-2 былтыр 14 желтоқсанда 2-сатыдағв ақау кесірінен орбитаға шыға алмаған. Ұзындығы 49,5 м, диаметрі 3,5 м екі сатылы зымыран 200 км төмен жермаңы орбитаға 6 т, 500 км гелиосинхрон орбитаға 4 т жүктеме көтереді. Ол марштық TQ-12 және маневрлік TQ-11 метан-оттегі қозғағыштарымен жарақтанған.

Биыл 23 наурызда америкалық Relativity Space компаниясының Terran 1 зымыраны, ал 20 көкекте SpaceX компаниясының Starship аса ауыр зымыран жүйесі де орбитаға жетпеген еді. Енді міне, метан қолданатын зымырандардың төртінші әрекеті сәтті болды.

Метан керосинге балама зымыран отыны ретінде көптен бері қарастырылып келеді (тотықтырғыш рөлін оттегі атқарады). Ол ұшырылым құнын арзандатып, қозғағыштарды көп мәрте қолдануды оңайлатады. Сол себепті әлемдік көптеген зымыран өндірушілер метанмен ұшатын тасығыш жасап жатыр.

Credit: Landspace
#ҚытайҒарышта #зымыранұшыру
АЙ МЕН ҮРКЕРДІҢ ТОҒЫСЫ

2023 жылғы 13 шілденің таңында Ай орағы Үркер жұлдыз шоғырына жақындады. Жаңа Ай маусымның 20-на көрінгендіктен, өткен түні Ай 23-ші жаңасында болды. Ай мен Үркер шығыс көкжиек үстінен келесі таңда да бірге көрінеді, жарқыраған Юпитер де осы маңда.

Жалпы, Ай мен бір жұлдыздың беттесіп айқасуын қазақ «тоғысу» деп атайды. Үркер мен Айдың тоғысын бақылу арқылы халқымыз «Айдың тоғыс есебі» дейін ерекше күнтізбе ойлап шығарған. Үркер Ай жолына таяу болғандықтан, екеуі ай сайын бір тоғысады, не тоғамай жақын (ауыл-үй қонып) өтеді.

Тетелес келетін екі тоғыстың арасындағы уақыт «тоғыс айы» деп аталады. Тоғыс Айдың тақ жаңасына келе бермейді, бірақ дәстүр бойынша, оларды әрқашан тақ санға келтіріп айтады. Ай мен Үркер 27 тәулік 7 сағат 43 минут сайын тоғысады, бұл астрономия тіліндегі «жұлдыздық ай». Оны дөңгелектеп, 28 күн етіп алғанда 28х13=364 болады. Сондықтан Ай мен Үркер жыл бойы 13 рет қана тоғыса алады, жылда 13 тоғыс айы болады. Тоғыс есебі бойынша жыл басы — біртоғыс айы, ол Григорий күнтізбесі бойынша әрдайым мамырда басталады, содан соң ретімен 25, 23, 21, ... 5, 3 тоғыс айлары келеді, ең ақырғысы (13-ай) — үштоғыс айы.

2, 3-ші абзацтардағы мәлімет Хасен Әбішевтің «Аспан сыры» кітабынан алынды.
#күнтізбе #аспансыры
Кескін: Sky & Telescope