Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
«ҒАРЫШ КҮШТЕРІНІҢ ШЕРУІ-2»

Шетелдік (бөгдепланеталық?) қонақтар
#жасандысана #қалжың
👍1
ЖЕРДІҢ ҚОС КӨЛЕҢКЕСІ

Мына суреттен Жердің екі көлеңкесін таба аласыз ба? Біріншісін табу үшін, атмосфераның жоғарғы жағы қызғылт, ал төменгі тұсы көкшіл екеніне назар аударыңыз. Бұл жоғарғы бөлікке тіке күн сәулелері түсіп тұруымен байланысты, ал төменгі бөлікке күн жарығы түспейді. Олардың арасындағы күлгін жолақ Венера белдеуі деп аталады, ол жайлы біздің арнада арнайы ролик бар. Төменгі атмосфераның көкшіл түсіне күн сәулесін көлегейлеп тұрған Жер жауапты, міне №1 көлеңке.

Ал Жердің екінші көлеңкесі қайда? Айға қараңыз. Оның төменгі сол жағының ерекшелігін байқадыңыз ба? Бұл аймақ тым күңгірт болып көрінеді, өйткені ол Жердің көлеңкесінде. Дәлірек айтқанда, Ай тұтылу барысында бейнеленген. Фото 2018 жылы шілдеде Сицилияда түсірілген. Бұл Ай тұтылуы қандай құбылыспен тұспа-тұс келгені естеріңізде ме?

Image Credit & Copyright: Marcella Giulia Pace
#nasa_apod #астрономия
👍1🔥1
Ай мен планеталардың мамырдағы кездесулері жайлы — арнадағы жаңа роликте. Таңғы аспанда шығыс көкжиек үстінен көрініп тұрған Фомальгаут жұлдызына назар аударыңыз.
#бейнеролик
👍2
93. УЭББ ФОМАЛЬГАУТ ЖҰЛДЫЗЫНЫҢ АСТЕРОИДТАР БЕЛДЕУІН АШТЫ

Астрономдар Джеймс Уэбб ғарыштық телескопын (JWST) аспанымыздағы ең жарық жұлдыздың бірі — Фомальгаутқа бағыттады. Жерден небәрі 25 жарық жылындағы жас жұлдызды үлкен тозаң дискі қоршап тұрғаны бұрыннан белгілі. Жұлдыздан 23 млрд км қашықтықтағы белдеуді 1983 жылы НАСА-ның IRAS жерсерігі ашты. Хаббл, Гершель ғарыштық телескоптары мен ALMA радиообсерваториясы бұл дисктің анық кескіндерін алды. Мүмкін, бұл дискте ірірек денелер, тіпті планета түзіліп жатқан шығар. Дегенмен Фомальгауттың планетасы бары әзірге дәлелденген жоқ. Бұл жөнінде біздің арнада жеке ролик жарияланған.

Уэббтың орта инфрақызыл аспабы Фомальгауттың тағы екі тозаңды белдеуін ашты. Олар жұлдызға жақынырақ орналасқан. Бұл белдеулерді бізге көрінбей тұрған планеталардың тарту күші туғызған шығар. Мысалы, біздің Күн жүйесінде Негізгі астероидтар белдеуін сырт жағынан Юпитер шектейді. Койпер белдеуінің ішкі шетін Нептун қалыптастырса, сыртқы шекарасын әзірше ашылмаған планета күзетіп тұруы ықтимал.

Хаббл, Уэбб мен ALMA бірнеше жұлдыздың осындай тозаң белдеулерін бірлесе зерттемек. Бұл планеталық жүйелердің қалыптасу процестерін және, сайып келгенде, біздің Күн жүйесі мен Жердің қалай түзілгенін түсінуге көмектеседі.
#ғылымижаңалық
👍1🤩1
Credits: NASA, ESA, CSA, A. Gáspár (University of Arizona). Image processing: A. Pagan (STScI)
САТУРННЫҢ ТАҒЫ 28 СЕРІГІ АШЫЛДЫ!

Жақында ғана Сатурнның 7 серігі ашылғанын жазған едік. Сатурн айларының саны 90-ға жеткенімен, ол 92 серігі бар Юпитерден кейінгі екінші орында қалған. Бірақ 4 мамырдан бастап Халықаралық астрономиялық одақтың Кіші планеталар орталығы жаңа серіктер жайлы жиі хабарлауда.

Сонымен, Сатурнның тағы 28 серігі ашылғаны қуатталды! Олар S/2019 S 13, S/2020 S 6, S/2019 S 12, S/2006 S 14, S/2019 S 11, S/2004 S 47, S/2019 S 10, S/2004 S 46, S/2019 S 9, S/2019 S 8, S/2019 S 7, S/2006 S 13, S/2019 S 6, S/2006 S 12, S/2006 S 11, S/2004 S 45, S/2004 S 44, S/2004 S 43, S/2019 S 5, S/2006 S 10, S/2004 S 42, S/2007 S 6, S/2020 S 5, S/2020 S 4, S/2004 S 41, S/2019 S 4, S/2020 S 3, S/2007 S 5 деген атауларға ие болды. Сатурнда енді 118 серік бары белгілі.

Мол "өнім" — Эдвард Эштон мен оның Британ Колумбиясы университетіндегі әріптестері 2019–2021 жылдары жүргізген іздеу бағдарламасының нәтижесі. Астрономдар Мауна-Кеа жанартауының шыңындағы 3,6 метрлік Канада-Франция-Гавай телескопын (CFHT) қолданды. Жаңа айлардың диаметрі 2–5 км, олардың кейбірі инуит тобына, кейбірі — скандинав тобына жатады. Эштонның айтуынша, таяу күндері тағы 20-дан астам серік жайлы хабарланады.
#ғылымижаңалық
👏2
Edward Ashton et al. / The Planetary Science Journal, 2021
🔥1
FALCON 9 ЗЫМЫРАНЫНЫҢ FT BLOCK 5 НҰСҚАСЫНА — 5 ЖЫЛ

Қазіргі күні әлемдегі ең жиі ұшырылатын зымыран түрі — Falcon 9 тасығышының Full Trust Block 5 нұсқасына 5 жыл толды. Ол 2018 ж. 11 мамырынан 2023 ж. 10 мамырына дейін 167 миссия ұшырса, оларды небәрі 24 дана 1-саты орындады. Демек бұрын ұшқан үдеткіштер 143 рет (86%) қайта қолданылған.

1-сатыларды қондыруға жасалған 163 әрекеттің 158-і (97%) сәтті болды. Block 5 тоғыз ұшқышты миссияны жүзеге асырып, ғарышқа 34 адам шығарды. Бұл статистикада Falcon Heavy FT Block 5 аса ауыр зымыраны ескерілмеген.

FT Block 5 — Falcon 9 зымыранының соңғы нұсқасы, өйткені ол адам ұшыру және мемлекеттік жүктерді орбитаға шығару үшін қажет сертификаттарға ие. Жаңа нұсқа жасалған жағдайда, ол тиісті сынақтан өтіп, мемлекеттік құзырлы мекемелерден қайта сертификат алуы керек. Ал SpaceX негізгі күш-жігерін жаңа Starship суперзымыранын қанаттандыруға жұмсамақ.

Ең алғаш ұшырылған Block 5 нұсқалы 1-сатының — B1046 үдеткішінің үшінші миссиясы жайлы: роликте.

Инфографика: rykllan
👍2
VULCAN CENTAUR ҰШЫРУ АЛАҢЫНДА!

ULA ұшыру операторының жаңа Vulcan Centaur ауыр зымыраны Канаверал мүйісіндегі SLC-41 ұшыру алаңына шығарылды. Ертең ұшыру күні жасалатын операциялардың репетициясы өтеді. Бірінші сатыдағы екі BE-4 метан-оттегі қозғағышының тұтандыру сынағы келесі аптаға жоспарланған.

Жаңа зымыран алғашқы миссиясында Peregrine лендерін Айға баратын жолға, ал екі KuiperSat интернет-жерсерігін жермаңы орбитаға шығармақ. Дебют шілдеге межеленген, десе де, әрине, сынақ нәтижесін күткен жөн. АҚШ Қарулы күштері жүктемелерін ғарышқа шығара бастамас бұрын, Vulcan екі рет сәтті ұшырылуы тиіс.

Lockheed Martin мен Boeing корпорациялары бірлесіп құрған United Launch Alliance (ULA) ұшыру операторы қазір Delta IV Heavy мен Atlas V зымырандарын қолданып жүр. Өндірісі тоқтатылған тасығыштардың санаулы данасы қалды.

Credit: ULA
👍2
JUICE-ТІҢ RIME АНТЕННАСЫ АШЫЛДЫ

JUICE ғарыш аппаратының RIME аспабының антеннасын жаю әрекеті кезінде оның екі жартысының бірінші сегменттері ғана шыққан еді. Мамандар басқа сегменттерді орнында қалып қойған кішкентай штифт тіреп тұр деп пайымдаған. Штифтті түсіру үшін олар қозғағыштарды қосып, аппаратты сілкіді, сосын күн сәулесіне тосып, қыздырды. Антенна сәл жылжығанымен, бәрібір толық ашылмады.

Ақыры, 12 мамырда Дармштадттағы ЕҒА Ұшуды басқару орталығы мамандары қысылып тұрған кронштейндегі механикалық жетекті іске қосты. Оның соққысы штифтті бірнеше миллиметрге жылжытып, антеннаның ашылуына мүмкіндік берді (1-кескін). Бірақ антеннаның соңғы сегменті ашылмай қалды. Кронштейндегі екінші жетек қосылғанда барып, бірнеше ай жиналып тұрған антенна босап, барлық 16 метр ұзындығына жайылды (2-кескін).

JUICE Юпитер жүйесіне жетісімен, RIME бетасты радары планетаның мұзды серіктерінің қойнауын 9 км тереңдікке дейін зерттей бастайды.

Credit: ESA / Juice / JMC
👍1👏1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
RAPTOR 3 ҚОЗҒАҒЫШЫНЫҢ РЕКОРДТАРЫ

SpaceX компаниясы МакГрегордағы полигонда Raptor қозғағышының жаңа нұсқасын тұтандырып көрді. Raptor V3 камерасындағы қысым 350 барға, ал тартым 269 тонна-күшке жетті!

Бұл 33 қозғағышы бар Super Heavy үдеткіші 8877 тонна тартым өрбіте алады деген сөз. Салыстыру үшін, Raptor V2 көрсеткіштері — 321 бар, 245 тк, Raptor V1 — 330 бар, 225 тк.
👍2🔥1
САТУРН СЕРІКТЕРІНІҢ САНЫ 145-КЕ ЖЕТТІ

2023 жылғы мамырда Халықаралық астрономиялық одақтың Кіші планеталар орталығы (MPC) Сатурнның жаңа серіктері жайлы хабарлаумен болды. Барлығы 62 жаңа серік ашылғаны ресми жарияланды. Сақиналы ғаламшар айларының жалпы саны 145-ке жетіп, 95 серігі бар Юпитерді Күн жүйесіндегі екінші орынға ығыстырды.

Жаңа серіктер — Эдвард Эштон мен оның канадалық Британ Колумбиясы университетіндегі (UBC) әріптестері 2019 жылдан бері жүргізген іздеу бағдарламасының нәтижесі. Эштон жобаны бастаған кезде UBC-де оқып жүрген, ал қазір Тайвань Астрономия мен астрофизика институтының докторанты. Оның командасына UBC профессоры доктор Бретт Глэдман, доктор Майк Александерсен (Гарвард-Смитсон астрофизика орталығы), доктор Жан-Марк Пети (Безансон обсерваториясы), Мэтью Бодуэн (UBC) кіреді.

Эштонның командасы Сатурнның бұлыңғыр серіктерін табу үшін "жылжыту және дестелеу" әдісін қолданды. Бұл әдіс Нептун мен Уран айларын іздеуге көмектескенімен, Сатурн жүйесінде бұрын пайдаланылмаған. Тізбектей түсірілген кескіндер жиынтығын серіктің аспанда қозғалатын жылдамдығымен жылжыта отырып, біріктіру оның жарығын күшейтеді. Соның арқасында жеке кескінде көрінбейтін тым бұлыңғыр серік дестеленген кескіннен байқалады.

Астрономдар Мауна-Кеа жанартауы шыңындағы 3,6 метрлік Канада-Франция-Гавай телескопы (CFHT) 2019–2021 жылдары алған деректерді қолданды. Үш сағаттық интервалдарда түсірілген көптеген суреттерді жылжыта және дестелей отырып, олар Сатурн маңынан диаметрі 2,5 км шамасындағы денелер тапты. Бірақ бұл серік ашылды деп санауға жеткіліксіз, ол астероид болып шығуы да мүмкін (әрине, мұның ықтималдығы өте аз). Толық сенімділік үшін нысандарды бірнеше жыл бақылап, олардың планетаны айналатынына көз жеткізу қажет. Екі жылдық мұқият жұмыстың нәтижесінде, команда 62 нысанның жаңа серік екенін нақтылады.

Сатурнның жаңа ашылған айларының бәрі қалыпты емес (иррегуляр) серіктерге жатады. Олардың орбиталары, қалыпты серіктермен салыстырғанда, ұзақ, созыңқы эллипс және қатты еңкейген. Иррегуляр серіктер саны енді 121 болды, олардың кейбірі проград, ал кейбірі ретроград орбитамен айналады. Диаметрі 2–213 км аралығындағы бұл айлар Сатурн өзіне тартып алған астероидтар не олардың соқтығысуынан қалған сынықтар деп болжанады. Иррегуляр серіктер орбиталарына қарай инуит, скандинав және галл топтарына жіктеледі, оларға осы халықтар мифологиясындағы алыптар аты беріледі. 19 ғасырда ашылған ең ірі иррегуляр серік Феба (скандинав тобы) ғана титанида есімімен аталып кеткен.

Сатурнның 24 қалыпты серігінің проград орбиталары планетаның экватор жазықтығына қатысты аз еңкейген. Бұларға жеті ірі серік (Титан, Рея, Япет, Диона, Тефия, Энцелад, Мимас), ірі айлармен троялық орбитадағы төрт шағын серік, екі орбиталас серік және Сатурнның жіңішке F сақинасының екі бақташысы жатады. Тағы екі қалыпты серік сақиналар арасындағы саңылауларда айналады, біршама ірі Гиперион Титанмен орбиталық резонанста, қалғандары A сақинасының сыртқы шеті маңында, сирек G сақинасының ішінде және Мимас пен Энцеладтың арасында айналады. Қалыпты айлар Кроностың (Сатурнның) іні-қарындастары титандар мен титанидалар аттарымен аталған.

Сатурн жайлы негізгі ролигімізді жаңартып қойдық, көрілім санын көбейтіп жіберіңіздер.
#ғылымижаңалық #көбәріп
👍2🔥1🤯1
ЕЛДЕРДІҢ ЖЕР БЕТІНДЕГІ ҮЛЕСІ

Жер бетінің жалпы ауданы — 510 100 000 км².
Оның 0,53%-і Қазақстанға тиесілі.

Инфографика: Visual Capitalist
#геодерек
👍1
ФИЗИКТЕР УРАН-241 ИЗОТОПЫН АШТЫ. НУКЛИД ҰҒЫМЫ

Англия, Корея және Жапония физиктері уранның массалық саны 241-ге тең жаңа изотопын (241U) ашып, оның қасиеттерін өлшегенін хабарлады. Эксперимент барысында сондай-ақ 19 нуклидтің массасы өлшенген екен.

Нуклид — белгілі бір массалық санымен, атомдық нөмірімен және ядросының энергетикалық күйімен сипатталатын атомның түрі. Атом ядросы нуклондардан (протондар мен нейтрондардан) тұрады. Элементтің атомдық нөмірін протон саны Z, ал массалық санын — протон мен нейтрон сандарының қосындысы A = Z + N анықтайды. Атомдық нөмірі бірдей нуклидтер изотоптар деп аталады. Изотоптар бір химиялық элемент болып табылады. Мысалы, оттегі-16, оттегі-17 және оттегі-18 изотоптарының протон саны тең: Z = 8, ал нейтрон сандары әртүрлі: N = 8, 9, 10.

Атом ядросы белгілі бір энергетикалық күйде — негізгі күйде немесе изомерлік күйлердің бірінде болуы мүмкін. Сонда бір элементтің бірдей изотоптары, ядросының энергетикалық күйіне байланысты, әртүрлі нуклидтер — изомерлер бола алады. Мысалы, танталдың 180Ta изотопының негізгі күйі радиоактивті, ал 180mTa изомері — радиоактивтi емес. Сондықтан радиоактивтікпен байланысты құбылыстарды сипаттағанда, изотоп терминінен гөрі нуклид терминін қолданған дұрыс.

Қазір 300-дей табиғи және 3000-дай жасанды нуклид белгілі. Ашылған нуклидтердің ең ауыры — оганесон-294. Жалпы теоретиктер тағы 4000-дай жаңа нуклид бар деп болжайды, олардың көбі нейтронға бай ядролар облысында. Жақында жапондық RIKEN институтының физиктері нейтронға бай натрий-39 изотопын алды, бұл ядроның заряды Z 11-ге тең.

Жапон жоғары энергиялар физикасы ұйымының (KEK) зерттеушісі Тоситака Нивасэ мен әріптестері әлдеқайда ауыр ядролармен эксперимент өткізді. Олар бұл үшін ауыр нуклидтерді синтездеудің көпнуклондық тасымал реакцияларына негізделген жаңа әдісін қолданды. Мұндай реакциялар кезінде соққылаушы ядро мен нысана-ядро арасында өзара нуклон алмасу жүреді. Ғалымдар 10,75 мегаэлектронвольт/нуклонға дейін үдетілген уран-238 ядролары шоғын платина-198-ден жасалған нысанаға бағыттады. Арнайы спектрометр реакция өнімдерінің массасын жоғары дәлдікпен өлшеді (2-кескін).

Физиктер эксперимент нәтижесінде нейтронға бай 19 изотоптың массасын өлшей алды (3-кескін). Және олардың көбінің массасы алғаш өлшеніп отыр. Нуклидтердің зарядтары Z 91-ден 94-ке дейін, ал массалары A 235 пен 242 аралығында. Сондай-ақ бір жаңа изотоп — уран-241 ашылды.
#ғылымижаңалық #көбәріп
👏1
Кескіндер: T. Niwase et al. / Physical Review Letters, 2023