Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
722 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
Түнде құрлыққа қону
🔥4
КӨКЕК СОҢЫНДАҒЫ ПЛАНЕТАЛАР ШЕРУІ (ОТШАШУМЕН БІРГЕ!)

2022 жылғы көкектің соңына таман таңғы аспанның 30° секторына жай көзбен көрінетін төрт планета жиылды. 20-нан бастап таңда шығыстан төрт ғаламшарды бірге көруге болады. Ең кеш шығатын Юпитерді тура шығыстан, көкжиектен сәл жоғарыда іздеңіз. Одан жоғары және 30° оңға қарай ерекше жарқыраған Шолпан көзге оттай басылады. Таңғы жұлдыздан тағы 12° оң жақта көмескі қызыл Марс орналасса, шеруді оңтүстік-шығыстағы Сатурн аяқтайды.

Бес күннен соң шерушілерге Ай да қосылады. Ай орағын 25 көкекте Сатурнның, 26-на Марстың, ал 27-сі күні Шолпан мен Юпитердің қасынан байқаймыз. Соңғы екеуі өзара жақындаса келіп, 30 көкекте, Алматы уақытымен 23:40-та бір-бірінен небәрі 13 бұрыштық минутта өтеді. Ең жарық екі планетаның жақын қосылысын Қазақстаннан 30 көкек пен 1 мамыр күндері таңда бақылауға болады.

Бір қызығы, Нептун қазір осы екі ғаламшардың арасында, бірақ оны бақылау үшін телескоп қажет. 28 көкекте 01:12-де Нептун Шолпанға 25 бұрыштық секундқа дейін жақындайды!! Планеталардың мұндай тығыз тоғысуы өте сирек қайталанады.

Жалпы шеруге қатыспай, жеке бой көрсетуші де табылды. 16 көкектен бастап, мамырдың алғашқы күндеріне дейін Меркурий кешкі іңірде, бір өзі батыс көкжиек үстінен көрінеді. 29 көкек — Меркурийдің ең үлкен кешкі элонгациясы. Бұл күні ол Күннен 20,6°-қа қашықтайды. Көкектің соңы — Меркурийдің биылғы ең жақсы бақыланатын кезеңі. 2 мамырда қылдай жіңішке Ай онымен де сәлемдесіп кетеді.

Қаңтардағыдай, бұл шеруді де отшашу сүйемелдейді. 14–30 көкекте жауатын Лиридалар метеор ағыны 21-не, 22-не және 23-не қараған түндері шыңына жеткенде, сағатына 18 метеорға дейін бақылануы мүмкін. Ағын шығып жатқандай көрінетін Лира шоқжұлдызы таңға қарай төбеге көтеріледі. Жарық метеорлар 49 км/сек жылдамдықпен ұшады. Кетер Ай биыл бақылауға елеулі кедергі келтірмек.
🔥3
21–23 КӨКЕК — ЛИРИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ

Жылда 14–30 көкекте жауатын Лиридалар метеор ағыны биыл шыңына 22-не және 23-не қараған түндері жетеді. Идеал жағдайда сағатына 18 метеорға дейін бақылануы мүмкін. Ағын шығып жатқандай көрінетін Лира шоқжұлдызы таңға қарай төбеге көтеріледі. Жарық ақ метеорлар 49 км/сек жылдамдықпен ұшады. Жақында ғана толған Ай биыл бақылауға елеулі кедергі келтірмек. Толығырақ — бейнероликте: https://youtu.be/Pg6eyHkNTfA
👏2
SLS ЖӨНДЕУГЕ ЖІБЕРІЛЕДІ

НАСА Айға Артемида-1 миссиясын ұшыруы тиіс SLS аса ауыр зымыранын Тік жинау ғимаратына қайта кіргізетін болды. Ол ұшырылымның бас жаттығуын өткізу үшін наурызда LC-39B ұшыру алаңына шығарылған еді. Алайда зымыранға отын құюдың үш әрекеті де аяғына дейін жасалмады. Бұған зымыранның өзі мен жылжымалы ұшыру платформасынан шыққан түрлі ақаулар кінәлі.

Тік жинау ғимаратында инженерлер SLS-тің істен шыққан клапанын және жылжымалы платформамен жалғастыратын шлангтағы отын аққан жерлерді жөндейді. Сондай-ақ ұшыру алаңындағы азот беру жүйесіне де өзгеріс енгізу қажет.

Биыл тұсауы кесіледі деп күтілген басқа ауыр / аса ауыр тасығыштарға келсек, SpaceX компаниясының Starship суперзымыранын Бока-Чикадан ұшыруға қатысты экологиялық тыңдалым әлі өткен жоқ. Ал Кеннеди Ғарыш орталығы, LC-39A алаңындағы старт салынып жатыр.

Blue Origin компаниясының New Glenn зымыраны биыл ұшпайтын болды. Сондай бұл компания жасайтын қозғағыш дер кезінде дайын болмаса, ULA кәсіпорнының Vulcan машинасы да ұша алмайды. Еуропалық Ariane 6 зымыраны (A64 ауыр нұсқасы) келесі жылы алғаш самғауы мүмкін.

Ал 4,5 жыл бұрын жарияланған мына видеороликте осы тасығыштар (Starship ол кезде BFR деп аталатын) Saturn V пен қазір қолданыстағы жалғыз аса ауыр зымыран — SpaceX Falcon Heavy-мен салыстырылады: https://youtu.be/PMdEPq2zii4
🔥4
МАРСТАН ТОПЫРАҚ ӘКЕЛУ 2033 ЖЫЛҒА ШЕГЕРІЛДІ

НАСА мен ЕҒА Mars Sample Return (MSR) жобасына өзгеріс енгізіп, оны бірнеше жылға шегермек. Бұл миссияның міндеті — Perseverance ровері жиған марс топырағы үлгілерін Жерге алып келу. Ол үшін Марсқа екі аппарат: америкалық SRL мен еуропалық ERO жіберілуі тиіс. Алғашқысы көрші планета бетіне шағын ровер мен қайтарма модульді жеткізсе, екіншісі Марс маңындағы орбитаға шығады. Ровер Perseverance қойып кеткен үлгілерді жинап алып, қайтарма модульге тиейді. Модуль Марс бетінен көтеріліп, орбитадағы ERO-мен түйіседі де, сынауықтарды оған "береді". Еуропалық аппарат ареоцентр орбитадан шығып, Жерге жол тартады.

Миссиялардың ұшырылуы 2026 жылға, ал марс топырағын Жерге жеткізу — 2031 жылға жоспарланған еді. Алайда екі бірдей аппаратты алып ұшатын SRL тым ауыр және күрделі болып шығатыны түсінікті болды. Оған диаметрі 5,4 метр мүлде жаңа жылу қалқаны қажет, бұл тасығыш зымыран мен миссияның жорық сатысына қойылатын талапты да қиындатады.

Сондықтан НАСА SRL-ді екі миссияға бөлуді ұйғарды. Оның бірі роверді, екіншісі — қайтарма модульді Марсқа жеткізеді. Оларды шағын жылу қалқаны мен Curiosity, Perseverance миссияларында сәтті жұмыс істеген "әуе краны" қону жүйесімен жабдықтауға мүмкіндік туады.

Жаңа жоспар бойынша, ERO 2027 жылы, ал SRL-дің екі миссиясы — 2028 жылы ұшырылады. Ал Марс топырағын әкелу енді 2033 жылға межеленіп отыр. НАСА мен ЕҒА жаңа аппараттарды жасатуға келісімшарт бере бастады. Роверді, әдеттегідей, НАСА Реактивті қозғалыс зертханасы (JPL) жасаса, қайтарма модульді әзірлеу — Lockheed Martin компаниясына, ERO аппаратын жасау — Airbus Defence концерніне тапсырылды.
👍3😢2
ҮЛКЕН АДРОН КОЛЛАЙДЕРІ ҚАЙТА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

2022 жылы 22 көкекте Еуропа ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) Үлкен адрон коллайдерінің (Large Hadron Collider, LHC) үшінші жұмыс сеансын бастады. Ол жөндеу және жетілдіру шараларын өткізуге үш жылға тоқтатылған еді. Ғалымдар жетілдірілген коллайдер жаңа субатом бөлшектерді, бесінші табиғат күшін, сондай-ақ қараңғы материя барының дәлелдерін табар деп үміттенеді.

Коллайдер бұған дейін 2009–2013 және 2015–2018 жылдары табысты жұмыс істеген. Құрылғы жарық жылдамдығына таяу жылдамдыққа дейін үдетілген бөлшектерді соқтығыстырады. Әлемдегі ең қуатты үдеткіш секундына жүздеген миллион соқтығысу жасата алады. 50-ден 175 метрге дейінгі тереңдікте ойылған коллайдер тоннелінің ұзындығы 26,7 км.

Алып коллайдердің көмегімен 2012 жылы Хиггс бозоны — Стандарт модель физикалық теориясы болжаған элементар бөлшек ашылғаны белгілі. Бірақ Стандарт модель қараңғы материя мен қараңғы энергия атты жұмбақ нәрселерді түсіндіре алмайды. Сондай-ақ ҮАК-тың LHCb детекторы алған кей деректер бөлшектердің Стандарт модельмен түсіндіруге келмейтін беталысын көрсетті. Мұны беймәлім фактор — мүмкін, әзірше ашылмаған жаңа, бесінші іргелі әсерлесу — туындатқан шығар.

2018 жылы желтоқсанда аяқталған екінші сеанс кезінде, ҮАК бөлшектер шоғын 6,5 тераэлектронвольт энергияға дейін үдете алатын. Қазір бұл шама 6,8 ТэВ-қа дейін көтерілді. Бұл үшін протон шоқтарын бағыттайтын мыңдаған асқынөткізгіш магниттер күштірек тоқтармен жұмыс істейді. Енді 13,6 ТэВ энергиямен соқтығысатын протондар осы күнге дейін белгісіз болып келген жаңа субатом бөлшектерді туғызуы ықтимал.

Сонымен бірге коллайдердің жарқырауы, яғни белгілі бір көлденең қима арқылы бір секундта ұшып өтетін бөлшектер ағыны, елеулі арттырылады. Бұл детекторлар бақылайтын соқтығысу санын әлдеқайда көбейтеді. ҮАК-тың ATLAS пен CMS негізгі детекторлары алғашқы екі сеансты қосқандағыдан көп дерек жинайды деп күтіліп отыр. Ал апгрейдтелген LHCb — үш есе көп, ALICE детекторы — бес есе көп дерек жинауы тиіс. Аспаптар Хиггс бозонының тууын бұрынғыдан жиі байқамақ, бұл оның қасиеттерін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.

ҮАК 2,5 жылдан соң қайта тоқтатылып, 2024–2028 жж. тағы жетілдіріледі. Жарқырауы 2018 жылғымен салыстырғанда 6–7 есе арттырылған құрылғы Жарқырауы жоғары Үлкен адрон коллайдеріне (High Luminosity LHC, HL-LHC) айналады.
ХАББЛ БЕС ГАЛАКТИКАНЫ СУРЕТКЕ ТҮСІРДІ: ДАҢҚТЫ ТЕЛЕСКОПҚА 32 ЖЫЛ!

Хаббл ғарыштық телескопы өзінің 32 жылдығының құрметіне Хиксон 40 ықшам тобының жаңа кескінін алды. Топты құрайтын бес галактика миллиард жылдан соң бір алып эллипс галактикаға бірігеді,

1990 жылы 24 көкекте ұшырылған Хаббл телескопы — орбиталық обсерваториялар арасында ең ұзақ жұмыс істегені. Ол 1,5 миллион бақылау сеансы барысында Күн жүйесі мен алыс ғарыштағы 50 000 нысанға көз тікті. Өткен жылдың соңында НАСА телескоптың ғылыми бағдарламасын 2026 жылға дейін созды.

Хиксон 40 ықшам тобы (HCG 40) бес галактикадан тұрады: үшеуі спираль, бірі эллипс, бірі — линза тәрізді. Күннен 300 млн жарық жылы қашықтықта, Гидра шоқжұлдызында орналасқан Хиксон 40 — ықшам галактикалық топтар арасындағы ең тығызының бірі. Балаң Әлемде мұндай топтар көп болған деп болжанады, оларды ыдыратпай тұрған шетіндегі қараңғы материя болуы мүмкін.

Топтағы галактикалардың бәрі ядросындағы ықшам радиосәулелену көзіне ие, бұл онда аса ауыр қара құрдым барының белгісі шығар. Бір-бірімен гравитация арқылы әсерлесетін галактикаларды көп мөлшердегі ыстық галактикааралық газ қоршап тұр. Шамамен миллиард жылдан соң, галактикалар соқтығысып, бірігіп кетеді. Ғалымдар мұның нәтижесінде біртұтас алып эллипс галактика түзіледі деп болжап отыр.

Credits: NASA, ESA, STScI, Alyssa Pagan / STScI

Хаббл ғарыштық телескопының кей жетістіктері жайлы — біздің арнадағы ойнату тізімінде: https://www.youtube.com/watch?v=QAxhMxiMREM&list=PLZ7VcZmjdxtzBJg2rCIZXCm-MCnEXIra7
🤯3👍1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Ax-1 экипажы мінген Crew Dragon ғарыш кемесінің ХҒС-тан ажырауы. Флорида жағалауы маңына суға қону — 25 көкек Алматы уақытымен 23:06-да.
👍5
АНТАРКТИДАДАҒЫ ТЕҢІЗ МҰЗЫ ТЕҢДЕССІЗ АЗАЙДЫ

2022 жылы ақпанда Антарктидадағы теңіз мұзының ауданы жерсеріктен бақылау басталғаннан бергі ең аз көрсеткішке жеткен. Ол алғаш рет 2 миллион шаршы километрден кем болды.

НАСА жерсеріктерінің дерегінше, ең кіші аудан 2022 жылғы 25 ақпанда бақыланған. Мұздың ауданы бұл күні 1,92 млн км^2 болған. Алдыңғы антирекорд — 2,11 млн км^2 — 2017 жылы наурызда тіркелген еді.

Credit: NASA Earth Observatory / Joshua Stevens
#геодерек
🔥2😱1
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Ax-1 миссиясының Crew Dragon ғарыш кемесі суға қонды
🔥2
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
Парашюттердің ашылуы
🔥3
AX-1 МИССИЯСЫ СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ

2022 жылы 25 көкекте, Алматы уақытымен 23:06-да Ax-1 миссиясының Crew Dragon C206.3 Endeavour ғарыш кемесі Флорида маңында мұхитқа қонды. Бірнеше минуттан кейін капсула Megan кемесінің бортына көтерілді. Axiom Space компаниясының кәсіби астронавты Майкл Лопес-Алегрия бастаған экипаж мүшелері Ларри Коннор, Эйтан Стиббе, Марк Пати капсуладан шығарылды.

Қонатын аудандағы қолайсыз ауа райына байланысты, миссия жоспарланған 10 күн орнына, 17 тәулікке созылды. ХҒС-та өткізген жарты айда, тарихтағы алғашқы толық жекеменшік миссия мүшелері көптеген ғылыми эксперименттер жасады.
🔥2
CREW-4 МИССИЯСЫ ХҒС-ҚА СӘТТІ ҰШЫРЫЛДЫ

2022 жылы 27 көкекте, Алматы уақытымен 13:52-де Кеннеди Ғарыш орталығының LC-39A ұшыру алаңынан Crew-4 ұзақ мерзімді миссиясы Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. SpaceX Crew Dragon C212 Freedom ғарыш кемесі алғаш ұшырылып тұр. Falcon 9 зымыранының 4-ші рет қолданылған B1067 нөмірлі бірінші сатысы ASOG платформасына сәтті қонды. Кеменің ХҒС-қа түйісуі 28 көкек, 06:15-ке жоспарланған. Миссия шамамен алты айға созылады.

Экипаж құрамы:
Командир — Челл Линдгрен
Билогия бакалавры, жүрек-қантамыр жүйесі физиологиясы магистрі, шұғыл медицина докторы.
НАСА-да хирург болып жұмыс істеген, 2009 жылдан — НАСА астронавты. 2015 жылы ғарышқа ұшып, ХҒС-та 141 тәулік өткізген. Artemis ай бағдарламасына іріктелген ғарышкерлердің бірі.

Ұшқыш — Боб Хайнс
Әуе-ғарыш техникасы бакалавры және магистрі. ӘӘК сынаушы-ұшқышы, 21 жылдық әскери қызметте 50 ұшақ типінде 3500 сағаттан астам ұшқан. ӘӘК подполковнигі, әскери операцияларға қатысып, марапатталған. 2017 жылдан — НАСА астронавты, ғарышқа алғаш ұшуы.

Миссия маманы — Джессика Уоткинс
Геология бакалавры және докторы. НАСА-ның Эймс атындағы Зертеу орталығының, кейін Реактивті қозғалыс зертханасының қызметкері ретінде Phoenix лендерінің, Калифорния технология университетінің ғылыми қызметкері ретінде — Curiosity, Perseverance роверлері миссияларына атсалысқан. 2017 жылдан — НАСА астронавты, ғарышқа алғаш ұшуы.

Миссия маманы — Саманта Кристофоретти
Еуропа ғарыш агенттігінің үшінші әйел-астронавты, италиялық алғашқы әйел-астронавт. 2014 жылы ғарышта 199 тәулік болған (ЕҒА рекорды). Әуе-ғарыш техникасы магистрі, Италия ӘӘК жойғыш-ұшқышы.
👍3