Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.47K photos
711 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
ЖАҢА ҚЫТАЙ ЗЫМЫРАНЫ БІРДЕН СӘТТІ ҰШЫРЫЛДЫ

2023 жылы 2 көкекте, Алматы уақытымен 14:48-де Space Pioneer компаниясының Tianlong-2 Y1 зымыраны алғаш рет ұшырылды. Цзюцюань ғарыш айлағынан көтерілген тасығыш 500 км гелиосинхрон орбитаға 8 килограмдық Jinta кубсатын шығара алды. Кубсатта екі камера мен орбитадағы сымсыз зарядтау демонстраторы бар. Орбитаға басқа, ірілеу негізгі құпия жүктеме де шығарылды деген болжам бар.

Space Pioneer бірінші ұшырылымнан-ақ орбитаға жүктеме шығара алған алғашқы жекеменшік компания атанды. Ал Tianlong-2 — орбитаға шыққан бірінші қытайлық жекеменшік сұйық отынды зымыран. Бір қызығы, ол көмірден өндірілген керосин жағады екен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс ұшақтары көмірден алынған синтетикалық авиабензинмен ұшқан.

Үш сатылы зымыранның ұзындығы 32,8 м, диаметрі 3,3 м. Старттық тартым 193 тк. Тасығыш төмен жермаңы орбитаға 2000 кг, гелиосинхрон орбитаға 1500 кг жүктеме жеткізуге қабілетті. Болашақта оның 1-сатысы қайта қолданылатын нұсқасы жасалады.
#ҚытайҒарышта
ARTEMIS II ЭКИПАЖЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Командир — Грегори Рид Уайзмен (НАСА), 1975 жылы туған. 2014 жылы Союз ТМА-13М кемесімен ХҒС-қа ұшып, ғарышта 165 тәулік болып келді. Әскери-теңіз ұшқышы, сынаушы-ұшқыш. НАСА-да 2009 жылдан.

Ұшқыш — Виктор Гловер (НАСА), 1976 жылы туған. 2020–2021 жж. Crew-1 миссиясымен ХҒС-та 167 тәулік болып қайтты. Әскери-теңіз ұшқышы, сынаушы-ұшқыш. НАСА-да 2013 жылдан.

Миссия маманы — Кристина Кук (НАСА), 1979 жылы туған. 2019 жылы Союз МС-12 кемесімен ғарышқа ұшып, 2020-да Союз МС-13 кемесімен оралды. Бір ғарыш сапарының ұзақтығы бойынша (328 тәулік 13 сағат 58 минут) әйелдер арасындағы әлем рекордшысы. Электротехник, физик. НАСА Годдард орталығында, АҚШ Антарктикалық бағдарламасында, Джонс Хопкинс университеті Қолданбалы физика зертханасында, NOAA-да зерттеуші және инженер болып еңбек еткен. НАСА-да 2013 жылдан.

Миссия маманы — Джереми Хансен (Канада ғарыш агенттігі), 1976 жылы туған. Әскери ұшқыш, полковник. Ғарышқа әлі ұшпаған.

2024 жылдың қарашасына жоспарланып отырған он күндік Artemis II миссиясы Айға қонбай, Orion кемесімен тек оны айналып келеді. Бұған дейін Ай орбитасында 24 адам болып қайтқанын айттық. Кристина Кук Ай маңында болған алғашқы әйел, Виктор Гловер — алғашқы түсті нәсілді адам, Джереми Хансен — алғашқы америкалық емес азамат атанбақ.
STARSHIP ОРБИТАҒА 10 КӨКЕКТЕ-АҚ ҰШУЫ МҮМКІН!

Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) сайтында жарияланған Әуе қозғалысын басқару командалық орталығының (ATCSCC) ескертпесіне сәйкес, Старшиптің орбиталық ұшу сынағы (OFT) 10 көкек, Алматы уақытымен 19:10-ға жоспарланған. Қосалқы даталар — 11 және 12 көкек. SpaceX компаниясы FAA-дан Starship-тің орбиталық ұшырылымдарына лицензия және нақты осы OFT сынағына рұқсат алуы тиіс.
👍1🥰1
РЮГУ АСТЕРОИДЫ ТОПЫРАҒЫНАН УРАЦИЛ МЕН PP ВИТАМИНІ ТАБЫЛДЫ

Хаябуса-2 зонды алып келген Рюгу астероиды топырағынан рибонуклеин қышқылының (РНҚ) төрт азотты негізінің бірі — урацил табылды. Бұл көміртекті астероидтар жас Жерге органикалық заттар жеткізген деген болжамды қуаттайды.

Астероид беті астындағы қабаттан алынған A0106 мен C0107 үлгілеріндегі урацил үлесі миллиардқа 7–11 және 21–32 бөлік болды. Сондай-ақ урацилдің екі изомері де анықталды. ДНҚ мен РНҚ құрамына енетін басқа азотты негіздер (аденин, гуанин, тимин, цитозин) табылған жоқ.

Рюгу топырағынан B3 витаминінің витамері никотин қышқылы (миллиардқа 49–99 бөлік) мен оның изомері — изоникотин қышқылы да анықталды. Бұған дейін Рюгу затынан амин қышқылдары табылғанын жазғанбыз.

Жапон әуе-ғарыш зерттеулер агенттігі (JAXA) Хаябуса-2 зондын 900 метрлік Рюгу жермаңы астероидына 2014 жылы ұшырған еді. Астероидтың бетінен және сәл төменірек қабатынан алынған топырақ үлгілері бар капсула Аустралиядағы Вумера полигонына 2020 жылы желтоқсанда қонды. НАСА-ның OSIRIS-REx зонды Бенну астероидынан алған топырақ салынған капсула Жерге биыл 24 қыркүйекте қонуы тиіс. Миссиялар жайлы толығырақ — ойнату тізімінде.
#ғылымижаңалық
STARSHIP FULL STACK!

2023 жылы 5 көкекте Starship S24 прототипі Super Heavy B7 үдеткіші үстіне орнатылды. Бұл үшін бүгін екі әрекет жасау қажет болды. Келесі операция — үдеткіш пен ғарыш кемесіне отын құю.

Әуе қозғалысын басқару командалық орталығы (ATCSCC) жариялаған ескертпеге сәйкес, Старшиптің орбиталық ұшу сынағы (OFT) 10 көкек, Алматы уақытымен 19:10-ға жоспарланған. Қосалқы даталар — 11 және 12 көкек.
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
5 КӨКЕКТЕ СТАРШИП ТОЛЫҚ ЖИНАЛДЫ

SpaceX компаниясы Starbase ғарыш кешенінде Starship S24 прототипі пен SH B7 үдеткіші құрамындағы жүйені толық жинады. 10–12 көкекте жердегі негізгі ұшуалды сынақтар өткізіледі. Компания жүйенің Бас отын құю сынағын (WDR) жасайды деп күтіліп отыр. Осы күндерге әуе зоналары жабылады. Дегенмен FAA-ның ішкі кестесінде ұшырылым датасы ретінде енді 17 көкек тұр. Сонымен, орбиталық ұшу сынағы 10, 11, 12 немесе 17 көкекте өтуі мүмкін.
ҚАЗАҚСТАН АСТРОФИЗИКТЕРІ ГАММА-ЖАРҚЫЛДЫ ӘЛЕМДЕ БІРІНШІ БОЛЫП БАҚЫЛАДЫ

2023 жылы 28 наурызда Асы-Түрген астрофизикалық обсерваториясында орнатылған Назарбаев Университетінің NUTTelA-TAO телескопы GRB230328B гамма-жарқылын құбылыстың басынан небәрі 41 секунд өте бақылай бастады. Жер орбитасындағы НАСА-ның Swift ғарыштық обсерваториясы оқиғаны 110 секундтан бастап қана қадағалады. Гамма-жарқылдарды бақылау үшін арнайы жасалған Swift гиродиндер көмегімен тез бұрыла алатыны белгілі.

Алайда қазақстандық Жылдам Телескоп гамма-жарқыл туралы сигнал келісімен он секундта тиісті нүктеге бағытталып, оның алдын орап кетті. Нәтижесінде отандық астрофизиктер 41 секундтан 110 секундқа дейінгі бірегей деректерге қол жеткізді. Ал құбылысты Жер бетінен қадағалаған 14 обсерваторияның келесісі бақылауды 30-шы минутта ғана бастаған екен.

Ғылыми құнды бақылауды НУ Энергетикалық ғарыштық зертханасының (ECL) астрофизиктері: инженер-зерттеуші Жанат Мақсұт, постдокторант зерттеуші Тоқтархан Көмеш, Беркли Университетінің зерттеушісі Брюс Гроссан мен инженер Нұржан Шаймолдин жасады.

Жанат Мақсұт: «Біз GRB230328B гамма-сәулелі жарылысын 28.03.2023 20:55:23-те құбылыс басталғаннан кейін небәрі 41 секундтан кейін байқадық. Бұл бұрын-соңды жазылған гамма-сәулелі жарылысының ең жылдам оптикалық көп арналы бақылауы. Біз оқиғаны бір уақытта жасыл, қызыл және инфрақызыл диапазондарда бақылаймыз, бұл бізге сигнал спектрі туралы түсінік береді. Бұл бақылаулар біздің телескоптың бірегей сипаттамаларының арқасында мүмкін болды».

НУ Энергетикалық ғарыштық зертханасының негізін 2017 жылы көрнекті астрофизик, космолог, физика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут III қалаған. Ол Асы-Түрген обсерваториясының мамандарын жеке құттықтады: «Бұл бақылау ғылымындағы үлкен қадам. Бұл автоматтандырылған телескоп пен аспаптық жүйені жасау мен орнатудың көзқарасына, қаржыландырылуына және жұмысына ғана емес, сонымен қатар команданың жоғары кәсібилігіне де байланысты екенін мойындау маңызды. Алда, ең қызықтысы — құнды деректерді өңдеу және талдау».
#ғылымижаңалық
👏3
91. УЭББ ТЕЛЕСКОПЫ УРАННЫҢ ТАМАША КЕСКІНДЕРІН АЛДЫ

Күннен санағанда жетінші планета — Уранның теңдессіз ерекшелігі бар: ол өз білігінен орбита жазықтығына 90 градустай бұрышпен, яғни жатып үйіріледі. Сондықтан мұндағы жыл мезгілдерінің айырмашылығы өте зор, себебі планетаның бір полюсіне 42 жыл үздіксіз күн түсіп тұрса, содан соң сонша уақыт тасқараңғы болмақ (Уран Күнді 84 жылда бір айналып шығады). Қазір Уранның бізге көрініп тұрған Солтүстік полюсінде көктемнің соңы: жаз 2028 жылы шығады. Ал Оңтүстік полюс көлеңкеде және оны көре алмаймыз. 1986 жылы Вояджер-2 Уран маңынан өткен кезде, керісінше, Оңтүстікте полюсте жаз еді.

Вояджер-2 көрінетін жарықта Уранды сүреңсіз көкшіл-жасыл шар түрінде көрді. Ал инфрақызыл толқында жұмыс істейтін әрі әлдеқайда сезімтал Уэбб телескопы Уран атмосферасының динамикасын көрсететін көптеген жәйттерді бақылады. Оның NIRCam камерасы алған кескін 1,4 және 3,0 микрондық екі фильтр деректерін біріктіреді.

Планетаның Күнге қарап тұрған оң жағында жарқын облыс бар — бұл поляр мұз жамылғысы. Оның теңдессіз қасиеті —жазда тіке күн сәулелері астында пайда болып, күзде жоғалып кетуі, Уэбб деректері бұл жұмбақты шешуге көмектесер. Поляр жамылғысының шетінде жарқын бұлт пен бірнеше бұлыңғырлау нәрселер бар. Екінші жарқыраған бұлт сол жақ шеттен байқалады. Бұлттар дауыл құбылыстарымен байланысты болуы мүмкін.

Уранның 13 сақинасы белгілі, Уэбб суретінде оның 11-і көрініп тұр. Тоғызы негізгі сақиналар ретінде жіктеледі, ал екі көмескі тозаңды сақинаны Вояджер-2 ашты. Соның бірі планетаға ең жақын орналасқан Дзета сақинасы. Уэбб Уранның әзірге ашылған 27 серігінің біршамасын түсіріп алды, фотода алты серік белгіленген. Басқа айлардың көбі тым кішкене және бұлыңғыр, сол себепті оларды суреттен көре алмаймыз.

Бұл кескіндер — екі-ақ фильтрмен жасалған қысқа 12 минуттық бақылаудың нәтижесі. Уэбб болашақта мұзды алыпқа көбірек көңіл бөліп, оның құпияларын ашуға тырысады.
Credits: NASA, ESA, CSA, STScI / Joseph DePasquale (STScI)
ЫМЫРТТА МЕРКУРИЙ КӨРІНЕДІ

Меркурий Күнге тым жақын болғандықтан оңайлықпен көрінбейді. Дегенмен жылына екі рет: көктемде кешке және күзде таңда оны бақылауға қолайлы жағдай туады. Осы екі орайдың бірі қазір келіп тұр. Ең кішкентай планетаны күн батқаннан жарты сағат өте, батыс көкжиек үстінен байқауға болады. Меркурийдің кешкі көріну кезеңі әлі 4-5 күн жалғасады. Толығырақ — роликте.
1👍1
11 КӨКЕК 2023 — МЕРКУРИЙДІҢ ЕҢ ҮЛКЕН КЕШКІ ЭЛОНГАЦИЯСЫ

Меркурий Күнге тым жақын болғандықтан, оны бақылау әдетте тым қиын. Көкжиектен сәл ғана биік кішкене ақ нүктені таңғы не кешкі шапақ фонынан байқау оңай емес.

Жылына бірнеше рет, планетаның элонгациясы (Күннен бұрыштық ара қашықтығы) артқан кездері бақылау оңайлайды. Меркурийдің шығыс элонгациясы үлкен болғанда, оны Күн батқан соң бір сағаттай батыс көкжиек үстінен, ал батыс элонгациясы артқанда, Күн шығарда шығыс көкжиек үстінен көруге болады. Сондықтан шығыс элонгация кешкі, батыс элонгация таңғы деп те аталады. Бақылауға ең қолайлы кезең — шығыс элонгация көктемге, ал батыс элонгация күзге келген мезгіл.

11 көкекте шығыс (кешкі) элонгация 19°-қа жетеді, сондықтан айдың бірінші жартысында Меркурийді кешке бақылауға қолайлы мүмкіндік туып тұр. Күн ұясына қонғаннан жарты сағат өте, батыс көкжиек үстінен Болпанды (қазақ жұлдызшылары кешкі Меркурийді осылай атаған) оңай табасыз. Ең кішкентай планета жайлы жаңа роликті көріңіздер.

Скриншот: NASA Eyes
👍1🥰1
ПЛАНЕТОЛОГТАР ЕҢ ТОЛЫҚ МАРС ГЛОБУСЫН ЖАСАДЫ

Калифорния технологиялық институтының (Caltech) Мюррей планеталарды визуализациялау зертханасы Марстың әзірше ең толық үш өлшемді глобусын жасады. Ол Mars Reconnaissance Orbiter зондының CTX камерасы 2006 жылдан бері түсірген 110 000 ақ-қара суреттен құрастырылды. Бұған алты жыл уақыт кетті. Картаның ажыратымы — пикселге 25 шаршы метр.

Глобус интербелсенді, оны айналдыруға және алыстатып-жақындату арқылы масштабын өзгертуге болады. Төменгі панель НАСА роверлері қонған аймақтарға және планета бедеріндегі танымал элементтерге жылдам өтуге мүмкіндік береді. Оның көмегімен, мысалы, Күн жүйесіндегі ең биік тау — Олимп жанартауын немесе Күн жүйесіндегі ең ірі каньон — Маринер Аңғарын тез таба аласыз.
👍2
JUNO 50-ШІ РЕТ ЮПИТЕРГЕ ЖАҚЫН ӨТТІ

Өткен аптаның соңында НАСА-ның Juno ғарыш аппараты өзінің 50-ші периовиінен өтті. Аппарат миссия соңына дейін Юпитерге 76 рет жақын өтуі тиіс. Juno Юпитер жүйесінде түсірген керемет суреттерді мына сілтемеден жүктеп алуға болады. 2021 жылы жазда ол Ганимедке жақындағанда және 34-ші периовий кезіндегі көріністер — роликте.

Juno — қазір Юпитер жүйесінде жүрген жалғыз планетааралық аппарат. Таяу жылдары НАСА, Еуропа ғарыш агенттігі мен Қытай алып планетаның мұзды серіктеріне бірнеше миссия жіберуді жоспарлап отыр. Солардың алғашқысы осы бейсенбіде, 13 көкекте аттанады. Еуропалық JUICE миссиясы жайлы алғашқы ролик біздің арнада бүгін кешкі сегізде жарияланады.
👍2
11 КӨКЕК 2023 — ШОЛПАН ҮРКЕРДІҢ ЖАНЫНДА

11 көкектің кешінде батыс көкжиек үстіндегі Меркурийден басқа, Шолпанның Үркер жұлдыз шоғырымен қосылысын тамашалауға болады. Арнадағы жаңа роликте бұл оқиға жайлы толығырақ әңгімеленеді.
#күнтізбе #бейнеролик
🔥2