Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
712 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
ОРИОН ТҰМАНДЫҒЫ

Мессье каталогына M42 деген атпен енгізілген тұмандық — галактикамыздағы ең әдемі нәрсенің бірі. Жұлдызаралық алып молекуляр бұлт бізден небәрі 1500 жарық жылы қашықтықта. Бұлттың шетіндегі ыстық жас жұлдыздарды қоршаған газ жарқырап тұр.

Орион тұмандығы жаңа жұлдыздардың қалай түзілетінін зерттеуге жақсы мүмкіндік береді. Өйткені ол бізге ең жақын ірі жұлдыз түзілу облысы. Екіншіден, ондағы жарық жас жұлдыздардың қуатты сәулеленуі, жұлдыз дамуын тасалауы мүмкін газ бен тозаң бұлттарын үрлеп тастаған.

Қосымша ақпарат — арнадағы жаңа роликте: https://youtu.be/V1Xvda_SHfs
🔥3
ХАББЛ ХЕРБИГ-АРО НЫСАНЫН ФОТОҒА ТҮСІРДІ

Хаббл ғарыштық телескопы сайтында жарияланған кескінде бірнеше жарық жылына созылып жатқан жоғары энергиялы плазма ағымы бейнеленген. Оны Жерден 1250 жылында, Орион тұмандығында орналасқан HH34 жас жұлдызы шығарған.

Астрономдар мұндай түзілімдерді Хербиг-Аро нысандары деп атайды. Жас жұлдыз өз айналасындағы протопланеталық диск затымен әсерлескенде, иондалған газдан тұратын джеттер пайда болады. Джеттердің жұлдызаралық затпен соқтығысуы соққы толқындарын туғызады. Соққы толқыны материалды қыздырып, жарық шығаруға мәжбүрлейді. Нәтижесінде осындай жұқа құрылымдар түзіледі.

Хербиг-Аро нысандары, астрономиялық өлшеммен алып қарағанда, өте аз өмір сүреді. Олар небәрі бірнеше ондаған мың жылдан соң-ақ жұлдызаралық кеңістікте толық сейіліп кетеді.
Credit: ESA/Hubble & NASA, B. Nisini

Орион тұмандығының өзі жайлы арнада кеше жарияланған роликті көруді ұмытпаңыз.
👍3🔥1
LUCY ЗОНДЫ КАМЕРАЛАРЫН ТЕКСЕРДІ

2022 жылы 14 ақпанда НАСА-ның Lucy зонды өзінің көрінетін диапазондағы төрт камерасын калибрлеу үшін суреттер түсірді. Зонд былтыр 16 қазанда ұшырылған еді. Миссияның мақсаты — Юпитердің троялық астероидтарына жету. Он екі жылдық саяхат кезінде ол Күн жүйесінің сегіз шағын денесін зерттейді. Миссияның тизері бейнероликте: https://youtu.be/5IMcc96aaRw

Сыналған камералар:
• Екі T2CAM (Terminal Tracking Cameras) камерасы. Көзқарас аясы кең камералар Люсиді астероидтарға бағыттап, аппараттың дұрыс бағдарын қадағалайды.
• MVIC (Multicolor Visible Imaging Camera) — жоғары ажыратымды сканерлеуші камера, түсті және панхром кескіндер алуға қабілетті.
• L’LORRI (Long-Range Reconnaissance Imager) — тар ауқымды, жоғары ажыратымды монохром камера астероид бетінің егжей-тегжейлі кескіндерін түсіруге арналған.

MVIC пен L’LORRI — әйгілі New Horizons зондына орнатылған камералардың жетілдірілген нұсқалары. Суреттерді талдаған НАСА мамандары камералардың күтілген нәтиже бергенін айтты.

Люсидің қалған екі аспабы — LEISA инфрақызыл спектрометрі мен температура өлшеуіш L’TES сыналған жоқ, бұл үшін зонд аспан денесіне жақын өтуі керек. Мұндай жағдай биыл 16 қазанда, Lucy Жер тұсындағы екі гравитациялық маневрінің алғашқысын орындағанда, қалыптасады.

Фотоларда: Lucy түсірген аспандағы облыс. Қызыл түспен T2CAM камерасының, көкпен — MVIC камерасының, сарымен — L’LORRI камерасының көзқарас аясы белгіленген. Қарағы түсе батысқа қарасаңыз, бұл көріністі өзіңіз де көре аласыз. Ал дүрбі ала шықсаңыз, Орион тұмандығын бақылауға мүмкіндік бар.
Credits: SwRI; 2008 file photo of night sky as seen over Fajada Butte in New Mexico, courtesy National Parks Service

T2CAM алған кескін. Төменгі жақтан Гүлөрнек тұмандығы байқалады. Credits: NASA/Goddard/SwRI

L’LORRI жай көзбен көрінетін жұлдыздардан 50000 есе күңгірт жұлдызды түсіріп алған. Credits: NASA/Goddard/SwRI/Johns Hopkins APL
👍2
Түсіндірме алдыңғы поста
👏2
25-ШІ РЕТ ҰШҚАН INGENUITY ЕКІ РЕКОРД ЖАҢАРТТЫ

8 көкекте Марстағы Ingenuity дрон-тікұшағы 25-ші рет әуеледі. Бұл жолы ол өзінің екі рекордын жаңартты: 704 метр ұшып өтіп, 5,5 м/с ең жоғары жылдамдық өрбітті. Ұшу 161,3 секундқа созылды.

Бұл ұшудағы жолдың ұзақтығы, дронның Perseverance ровері қонған кезде тасталған жабдықтар жатқан ауданды айналып өтуімен байланысты. Жылу қалқаны, парашют пен "әуе краны" тікұшақтың лазерлік альтиметрі жұмысына кедергі келтіруі мүмкін еді.

"Тапқырлық" Марс бетіндегі бедері күрделі аймақтан өтіп кетті. Мамандар оны қондыратын орын табу үшін көп ізденетін. Енді дронның алдында қонуға ыңғайлы орындар жеткілікті тегіс жазық жатыр. Ingenuity ежелгі өзен атырауы болған алапқа барып, ровердің жүрер жолын барлаумен айналысады.

Credit: NASA/JPL-Caltech
🔥2
МЕРКУРИЙ КЕШКЕ КӨРІНЕ БАСТАДЫ

Меркурий (-0,3m) 2022 жылғы 16 көкектен бастап кешке солтүстік-батыс көкжиек үстінен көрінеді. 29 көкектегі 20,6° ең үлкен шығыс элонгация маңы — биылғы кешкі бақылауға ең қолайлы кезең.

Меркурий Күн батысымен, батыс көкжиектен сәл ғана жоғарыдан кішкентай ақшыл "жұлдыз" сияқты көрінеді. Планетаны көру үшін батыс жақ толық ашық болуы керек.

16 көкекте Меркурий батқан Күннің шапағынан көріне бастағанда, көкжиектен небәрі 8 градус биік тұрса, күн сайын көтеріле беріп, 29 көкекте 12 градустан көрінеді. Ал 2 мамырда Меркурий жаңа туған жіңішке Ай орағымен әдемі жұп құрайды. Күнге ең жақын планета 4 мамырдан кейін көрінбей кетеді.
🥰3👍1👏1
ӨЗІҢЕ СЕН! 17 КӨКЕК 19:13 — NROL-85 МИССИЯСЫ

17 көкекте Алматы уақытымен 19:13-те Калифорниядағы Ванденберг базасынан Falcon 9 зымыраны АҚШ Ұлттық барлау қызметінің (NRO) екі кұпия барлаушы жерсерігін ұшырады. B1071.2 бірінші сатысы SLC-4E ұшыру алаңынан 400 метрдегі LZ-4 қону алаңына оралуы тиіс. Құрғақтағы алаңға қону — әдетте өте тартымды көрініс.
🔥3
SLS ҰШЫРЫЛЫМЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҒУЫ ТАҒЫ ТОҚТАТЫЛДЫ

Артемида-1 миссиясын арналған НАСА-ның SLS аса ауыр зымыраны мен Orion ғарыш кемесі LC-39B ұшыру алаңына 17 наурызда шығарылған. Бас жаттығу кезінде зымыранға толық мөлшерде отын құйылып, старттық кері санақ операциялары пысықталуы тиіс. Содан соң SLS+Orion жинағы қайтадан Тік жинау ғимаратына енгізіліп, соңғы дайындық жұмыстары жүргізіледі.

4 көкектегі алғашқы әрекет жылжымалы ұшыру платформасында ақауларға байланысты тоқтатылды. Ертеңіне SLS-тің 1-сатысы сұйық оттегімен жартылай толтырылды, алайда клапанның ақауынан сұйық сутегі құю басталған да жоқ.

Үшінші әрекет 14 көкекте жасалды. Техникалық проблемаларға байланысты оттегін құю бірнеше рет тоқтап, бірнеше рет жалғасты. 1-сатыға сутегін құю басталғанда, оның сыртқа ағып жатқаны анықталды. Отын құю тоқтатылғанда, 1-сатының сұйық оттегі багы 49%, сұйық сутегі багы 5% толы болған. Келесі әрекет қашан жасалатыны белгісіз.
😢2
ҚЫТАЙ ҒАРЫШКЕРЛЕРІ ОРБИТАДА 183 КҮН БОЛЫП ҚАЙТТЫ

2022 жылы 16 көкекте Шэньчжоу-13 ғарыш кемесінің қону капсуласы Жерге аман-есен оралды. Экипаж мүшелері Чжай Чжиган, Ван Япин мен Е Гуанфу ғарышта 183 тәулік болып, Қытай рекордын жаңартты. Алдыңғы Шэньчжоу-12 кемесі ғарышкерлері орбитада 92 күн өткізген еді.

Тяньгун ғарыш стансасында жұмыс істеген алты айда рекордшылар құрал-жабдықтарды орнатып, көптеген ғылыми эксперименттер жасады. Ұзақ мерзімді экспедиция мүшелері екі рет ашық ғарышқа шықты. Ван Япин ашық ғарышқа шыққан алғашқы қытайлық әйел атанды.

Наурызда 355 күндік ғарыш сапарынан оралған Марк Ванде Хай АҚШ рекордын жаңартқанын хабарлағанбыз. Ал бір ғарыш сапарының ұзақтығы бойынша әлем рекорды (437 тәулік 18 сағат) ресейлік Валерий Поляковтың еншісінде.

Фотода: Е Гуанфу, Ван Япин мен Чжай Чжиган ғарышқа ұшар алдындағы рәсімде.
👍1🔥1
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
Түнде құрлыққа қону
🔥4
КӨКЕК СОҢЫНДАҒЫ ПЛАНЕТАЛАР ШЕРУІ (ОТШАШУМЕН БІРГЕ!)

2022 жылғы көкектің соңына таман таңғы аспанның 30° секторына жай көзбен көрінетін төрт планета жиылды. 20-нан бастап таңда шығыстан төрт ғаламшарды бірге көруге болады. Ең кеш шығатын Юпитерді тура шығыстан, көкжиектен сәл жоғарыда іздеңіз. Одан жоғары және 30° оңға қарай ерекше жарқыраған Шолпан көзге оттай басылады. Таңғы жұлдыздан тағы 12° оң жақта көмескі қызыл Марс орналасса, шеруді оңтүстік-шығыстағы Сатурн аяқтайды.

Бес күннен соң шерушілерге Ай да қосылады. Ай орағын 25 көкекте Сатурнның, 26-на Марстың, ал 27-сі күні Шолпан мен Юпитердің қасынан байқаймыз. Соңғы екеуі өзара жақындаса келіп, 30 көкекте, Алматы уақытымен 23:40-та бір-бірінен небәрі 13 бұрыштық минутта өтеді. Ең жарық екі планетаның жақын қосылысын Қазақстаннан 30 көкек пен 1 мамыр күндері таңда бақылауға болады.

Бір қызығы, Нептун қазір осы екі ғаламшардың арасында, бірақ оны бақылау үшін телескоп қажет. 28 көкекте 01:12-де Нептун Шолпанға 25 бұрыштық секундқа дейін жақындайды!! Планеталардың мұндай тығыз тоғысуы өте сирек қайталанады.

Жалпы шеруге қатыспай, жеке бой көрсетуші де табылды. 16 көкектен бастап, мамырдың алғашқы күндеріне дейін Меркурий кешкі іңірде, бір өзі батыс көкжиек үстінен көрінеді. 29 көкек — Меркурийдің ең үлкен кешкі элонгациясы. Бұл күні ол Күннен 20,6°-қа қашықтайды. Көкектің соңы — Меркурийдің биылғы ең жақсы бақыланатын кезеңі. 2 мамырда қылдай жіңішке Ай онымен де сәлемдесіп кетеді.

Қаңтардағыдай, бұл шеруді де отшашу сүйемелдейді. 14–30 көкекте жауатын Лиридалар метеор ағыны 21-не, 22-не және 23-не қараған түндері шыңына жеткенде, сағатына 18 метеорға дейін бақылануы мүмкін. Ағын шығып жатқандай көрінетін Лира шоқжұлдызы таңға қарай төбеге көтеріледі. Жарық метеорлар 49 км/сек жылдамдықпен ұшады. Кетер Ай биыл бақылауға елеулі кедергі келтірмек.
🔥3
21–23 КӨКЕК — ЛИРИДАЛАР МЕТЕОР АҒЫНЫНЫҢ ШЫҢЫ

Жылда 14–30 көкекте жауатын Лиридалар метеор ағыны биыл шыңына 22-не және 23-не қараған түндері жетеді. Идеал жағдайда сағатына 18 метеорға дейін бақылануы мүмкін. Ағын шығып жатқандай көрінетін Лира шоқжұлдызы таңға қарай төбеге көтеріледі. Жарық ақ метеорлар 49 км/сек жылдамдықпен ұшады. Жақында ғана толған Ай биыл бақылауға елеулі кедергі келтірмек. Толығырақ — бейнероликте: https://youtu.be/Pg6eyHkNTfA
👏2
SLS ЖӨНДЕУГЕ ЖІБЕРІЛЕДІ

НАСА Айға Артемида-1 миссиясын ұшыруы тиіс SLS аса ауыр зымыранын Тік жинау ғимаратына қайта кіргізетін болды. Ол ұшырылымның бас жаттығуын өткізу үшін наурызда LC-39B ұшыру алаңына шығарылған еді. Алайда зымыранға отын құюдың үш әрекеті де аяғына дейін жасалмады. Бұған зымыранның өзі мен жылжымалы ұшыру платформасынан шыққан түрлі ақаулар кінәлі.

Тік жинау ғимаратында инженерлер SLS-тің істен шыққан клапанын және жылжымалы платформамен жалғастыратын шлангтағы отын аққан жерлерді жөндейді. Сондай-ақ ұшыру алаңындағы азот беру жүйесіне де өзгеріс енгізу қажет.

Биыл тұсауы кесіледі деп күтілген басқа ауыр / аса ауыр тасығыштарға келсек, SpaceX компаниясының Starship суперзымыранын Бока-Чикадан ұшыруға қатысты экологиялық тыңдалым әлі өткен жоқ. Ал Кеннеди Ғарыш орталығы, LC-39A алаңындағы старт салынып жатыр.

Blue Origin компаниясының New Glenn зымыраны биыл ұшпайтын болды. Сондай бұл компания жасайтын қозғағыш дер кезінде дайын болмаса, ULA кәсіпорнының Vulcan машинасы да ұша алмайды. Еуропалық Ariane 6 зымыраны (A64 ауыр нұсқасы) келесі жылы алғаш самғауы мүмкін.

Ал 4,5 жыл бұрын жарияланған мына видеороликте осы тасығыштар (Starship ол кезде BFR деп аталатын) Saturn V пен қазір қолданыстағы жалғыз аса ауыр зымыран — SpaceX Falcon Heavy-мен салыстырылады: https://youtu.be/PMdEPq2zii4
🔥4
МАРСТАН ТОПЫРАҚ ӘКЕЛУ 2033 ЖЫЛҒА ШЕГЕРІЛДІ

НАСА мен ЕҒА Mars Sample Return (MSR) жобасына өзгеріс енгізіп, оны бірнеше жылға шегермек. Бұл миссияның міндеті — Perseverance ровері жиған марс топырағы үлгілерін Жерге алып келу. Ол үшін Марсқа екі аппарат: америкалық SRL мен еуропалық ERO жіберілуі тиіс. Алғашқысы көрші планета бетіне шағын ровер мен қайтарма модульді жеткізсе, екіншісі Марс маңындағы орбитаға шығады. Ровер Perseverance қойып кеткен үлгілерді жинап алып, қайтарма модульге тиейді. Модуль Марс бетінен көтеріліп, орбитадағы ERO-мен түйіседі де, сынауықтарды оған "береді". Еуропалық аппарат ареоцентр орбитадан шығып, Жерге жол тартады.

Миссиялардың ұшырылуы 2026 жылға, ал марс топырағын Жерге жеткізу — 2031 жылға жоспарланған еді. Алайда екі бірдей аппаратты алып ұшатын SRL тым ауыр және күрделі болып шығатыны түсінікті болды. Оған диаметрі 5,4 метр мүлде жаңа жылу қалқаны қажет, бұл тасығыш зымыран мен миссияның жорық сатысына қойылатын талапты да қиындатады.

Сондықтан НАСА SRL-ді екі миссияға бөлуді ұйғарды. Оның бірі роверді, екіншісі — қайтарма модульді Марсқа жеткізеді. Оларды шағын жылу қалқаны мен Curiosity, Perseverance миссияларында сәтті жұмыс істеген "әуе краны" қону жүйесімен жабдықтауға мүмкіндік туады.

Жаңа жоспар бойынша, ERO 2027 жылы, ал SRL-дің екі миссиясы — 2028 жылы ұшырылады. Ал Марс топырағын әкелу енді 2033 жылға межеленіп отыр. НАСА мен ЕҒА жаңа аппараттарды жасатуға келісімшарт бере бастады. Роверді, әдеттегідей, НАСА Реактивті қозғалыс зертханасы (JPL) жасаса, қайтарма модульді әзірлеу — Lockheed Martin компаниясына, ERO аппаратын жасау — Airbus Defence концерніне тапсырылды.
👍3😢2