Физика және Ғарыш
106 subscribers
3.48K photos
712 videos
13 files
1.02K links
Ғарышты зерттеу және игеру туралы. Астрономия, космонавтика жаңалықтары. Күрделі физикалық теориялар қарапайым тілмен.

YouTube-арна: https://www.youtube.com/@phyandspace

Facebook-парақша: https://www.facebook.com/phyandspace/
Download Telegram
1–2 НАУРЫЗ 2023 — ЮПИТЕР МЕН ШОЛПАННЫҢ ЖАҚЫН ҚОСЫЛЫСЫ

2023 жылғы 1 наурыздың кешінде аспандағы ең жарық екі планетаның жақындасуын тамашалаған шығарсыздар. Юпитер мен Шолпанның арасы небәрі жарты бұрыштық минут (толық Ай диаметрі) болды. Ертең кеште де екі жарық ғаламшар осы ара қашықтықты сақтайды, тек орын ауыстырады: енді Шолпан жоғары болмақ.

Қосылыстың 28 ақпанда түсірілген фотоларын көре отырыңыздар:
1. Мидделбург, Нидерланд. Фото: Райк-Ян Коппеян
2. Лос-Аламос, Нью-Мексико, АҚШ. Фото: Гленн Вурден
3-4. Фото: Кэти Саммерс
#күнтізбе #фотокөрме
1
CREW-6 МИССИЯСЫ ҰШЫРЫЛДЫ

2023 жылы 2 наурызда Алматы уақытымен 11:34-те Кеннеди Ғарыш орталығы, LC-39A ұшыру алаңынан Crew-6 ұзақ мерзімді миссиясы Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. SpaceX Crew Dragon C206.4 Endeavour ғарыш кемесінің ХҒС-қа түйісуі 3 наурыз, 12:17-ге жоспарланған. Миссия алты айдай мерзімге созылады. Falcon 9 зымыранының алғаш қолданылған B1078 1-сатысы JRTI платформасына қонды.

Экипаж құрамы:
Командир — Стивен Боуэн (НАСА), 1964 ж.т. Сүңгуір қайық офицері, АҚШ Әскери-Теңіз флотының капитаны. НАСА-да 2000 жылдан. Спейс шаттлдармен 3 рет ғарышқа ұшып, онда 40 тәулік 10 сағат, соның ішінде ашық ғарышта 47 сағат 18 минут өткізген.

Ұшқыш — Уоррен Хобург (НАСА), 1985 ж.т. Массачусетс технологиялық институтын, Берклидегі Калифорния университетін тәмамдаған. Аэронавтика мен астронавтика бакалавры, электротехника мен информатика магистры және докторы. Boeing корпорациясында инженер, МТИ-де доцент болып қызмет еткен. НАСА-да 2017 жылдан.

Миссия маманы — Сұлтан Әл-Неяди (Біріккен Араб Әмірліктері), 1981 ж.т. Англиядағы Брайтон университетін, Аустралиядағы Гриффит университетін бітірген. 2019 жылы Союз кемесімен ұшқан алғашқы БАӘ ғарышкері Хазза Әл-Мансуридің дублері болды.

Миссия маманы — Андрей Федяев (Роскосмос), 1981 ж.т. Әскери ұшқыш, запастағы майор. Космонавтар отрядына 2014 жылы қабылданды.

Бүгін Crew Dragon кемесінің алғашқы Demo-1 ұшқышсыз сынақ миссиясының ХҒС-қа аттанғанына тура 4 жыл толып отыр. Бүгін бұл типті кеме оныншы рет ұшырылды. Тоғыз ұшқышты миссия барысында ғарышқа 34 адам шығарылды.
#зымыран #ұшыру
КҮН ЖҮЙЕСІ — 2 НАУРЫЗ 2023

Күн мен оған таяу бес планетаның дәл осы сәттегі орналасуы. Жер, Шолпан мен Юпитер бір сызық бойында тұрғанына назар аударыңыз.

Credit: NASA Eyes
#күнтізбе
ЮПИТЕР МЕН ШОЛПАННЫҢ ҚОСЫЛЫСЫ

2023 жылғы 1 наурызда Ресейде түсрілген фотолар:
1. Архангельск. Фото: Yulia Kryukova
2. Валаам. Фото: Денис Федоров
3. Петербор. Фото: Эдуард Ризванов
4. Советск. Фото: Адриана Романова
#күнтізбе #фотокөрме
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
CREW-6 МИССИЯСЫ ХҒС-ҚА ЖЕТТІ

2023 жылы 3 наурызда Алматы уақытымен 12:17-де Crew Dragon C206.4 Endeavour ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасының Harmony модуліне түйісті. Біраздан соң люктер ашылып, Crew-6 миссиясы ғарышкерлері Стивен Боуэн, Уоррен Хобург, Сұлтан Әл-Неяди мен Андрей Федяев стансаға енді.

Оларды Сергей Прокопьев, Дмитрий Петелин, Франсиско Рубио (Союз МС-22/23), Николь Манн, Джош Кассада, Анна Кикина, Коичи Ваката (Crew-5) қарсы алды. Сөйтіп, қазір ХҒС-та қайтадан 11 ғарышкер бар. Бірнеше күннен соң Crew-5 экипажы Жерге оралады.
#хғс
ШОЛПАН МЕН ЮПИТЕРДІҢ ОН КҮНІ

Соңғы күндері Шолпан мен Юпитерге назар аудармаған жан кемде-кем шығар. Ашық кешкі аспандағы ең жарық екі планетаның жақын қосылысын байқамау мүмкін емес-тін. Кеш сайын төмендеген Юпитер мен өрлеген Шолпанның 21 ақпан — 2 наурыз аралығындағы жақындасуы мына жолақтарда солдан оңға қарай көрсетілген. Фотолар Үндістандағы Дханбадта түсірілген. Батыс көкжиек үстіндегі аспанның түсі мен экспозиция шамасы іңірдегі жергілікті жағдайға байланысты.

22 ақпанда Юпитер мен Шолпанға жас Айдың жіңішке орағы қосылды. Ақыры, 2 наурызда қос планетаны ай дискіндей ғана аралық бөліп тұрды. Әрине, ғаламшарлар бұл күні шындығында 600 миллион километр қашықтықта орналасқанын ұмытпайық. Алдағы күндері Юпитер біртіндеп көкжиекке шөге берсе, Шолпан Күннен әлі де қашықтай түсіп, жарқыраған Кешкі Жұлдыз келбетіне енеді. Наурыздағы Ай мен планеталар жайлы — арнадағы жаңа роликте.

Image Credit & Copyright: Soumyadeep Mukherjee
#күнтізбе #бейнеролик #nasa_apod
🔥1
ЖАЗЫЛУШЫМЫЗ ЖІБЕРГЕН КЕСКІН
Шолпан мен Юпитер жұбы Қызылорда аспанында. 3 наурыз 2023 жыл.
Фото: Нұрсат Төлеміс
👍3🔥2
ЖЕР МЕН АЙДЫҢ ТОПТЫҚ СУРЕТІ

Назарларыңызда — Жер мен Айдың бірге түсірілген фотосы. Алайда Жер диаметрі шамамен 12,7 мың км, ал ені 3,4 мың км Ай одан төрт еседей кіші екенін білеміз. Сондықтан бұл фотомонтаж сияқты, бірақ олай емес.

Фотоны кореялық Danuri зонды Айға барар жолда, 2022 жылы 28 қарашада түсірген. Бұл сәтте ол Жерден 489 000 км қашықтықта, ал Айға төрт есе жақын, 121 000 км-де болды. Сондықтан оның камерасының көзқарас аясында Ай мен Жер шамалас өлшемде көрінді.

Дегенмен бұл сурет түпнұсқамен салыстырғанда өңделгені байқалады. Ай бізге өте жарық нәрсе сияқты көрінгенімен, ол бетіне түскен күн сәулесінің 12%-ін ғана шағылдырады. Жер әлдеқайда жарық. Планетамыз Күн жарығының 30–35%-ін шағылдырады. Сондықтан Ай Жердің фонында байқалмай қалмас үшін, оның жарықтығы біршама арттырылған.

Credit: KARI/Thomas Appéré
😱1
ШОЛПАН МЕН ЮПИТЕР: ВЕРТИКАЛЬ ҚОСЫЛЫС

Қызылордадан тағы бір көрініс. Екі планета мұржадан тік көтерілген ұшқындарға ұқсап тұр. Жалпы осы күндері дүние жүзі бойынша түсірілген фотолар ішінде Шолпан мен Юпитердің осы қаладағыдай тік орналасқаны кездеспеді.
Фото: Мира Ибраева
👍1
АПТАНЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАСЫ

Аптаның соңғы минуттарында әлем назарын аударған оқиға — Шолпан мен Юпитердің жақын қосылысының тағы бір фотосын жариялайық. Ол Ұлыбританиядағы Стоунхенж мегалиті қасында түсірілген.

Фото: Stonehenge Dronescapes
#фотокөрме
👍1
ЖАҒАДАҒЫ КЕШ

Екі жарық жұлдызды таныдыңыз ба?
Фото: Анджей Трубицкий
#фотокөрме
NGC 346 ТҰМАНДЫҒЫНЫҢ ИНФРАҚЫЗЫЛ КЕСКІНІ

NGC 346 эмиссиялық тұмандығы Оңтүстік жартышардағы Тукан шоқжұлдызында, Кіші Магеллан бұлтанда орналасқан. Ол Жерден 200 000 жарық жылынан астам қашықтықта. Уэбб ғарыштық телескопының NIRCam таяу инфрақызыл диапазон камерасы тұмандықты суретке түсірді. Толығырақ — арнадағы жаңа бейнероликте.

Credits: NASA, ESA, CSA, Olivia C. Jones (UK ATC), Guido De Marchi (ESTEC), Margaret Meixner (USRA) /
Alyssa Pagan (STScI), Nolan Habel (USRA), Laura Lenkić (USRA), Laurie E. U. Chu (NASA Ames)
#бейнеролик
👍1
ЖАҢА ЖАПОН ЗЫМЫРАНЫ СӘТСІЗДІККЕ ҰШЫРАДЫ

2023 жылы 7 наурызда Жапониядағы Танэгасима ғарыш орталығынан H3 зымыраны алғаш рет ұшырылды. Мақсат — ALOS 3 Жерді қашықтан қадағалау жерсерігін 669 гелиосинхрон орбитаға шығару еді. Қапталдағы үдеткіштер мен бірінші саты өз міндетін орындап шықты. Алайда екінші сатыдағы сутегі-оттегі қозғағышы тұтанбай қалды. Зымыранға өзін-өзі жойып жіберу туралы команда берілді, оның сынықтары Тынық мұхитқа түсті.

Екі сатылы H3 машинасы қазір қолданыстағы HII-A және H-IIB зымырандарын алмастыруы тиіс. H3 төрт конфигурацияда құрастырылуы мүмкін. Олардың ең қуаттысы геоөтпелі орбитаға 6,5 тонна жүктеме шығара алады. Алғашқы стартта екі үдеткіші және бірінші сатыда екі қозғағышы бар нұсқа қолданылды.

Credit: JAXA
🔥1
Жапон әуе-ғарыш зерттеулер агенттігі (JAXA) өкілдері H3 зымыранының бүгінгі сәтсіздігі үшін кешірім сұрап тұр.
Скриншот: NHK
👍2🔥1