Paiym
41 subscribers
62 photos
7 videos
50 links
Download Telegram
Paiym
Photo
Осыдан бұрын қысқаша мазмұнын ұсынған едік, енді толық нұсқасын аударуды бастап кеттік. Мынау бір бөлігін салдық бүгін.

Ольга Токарчук, Нобель сыйлығының лауреаты.

Нобельдік дәріс

Мен сезінген алғашқы фото – анамның суреті еді. Ақ-қара түсті фотодан көп нәрсе көрінбейді, алуан түрлі түстердің орында тек сұрдың әртүрлі реңктері ғана бар. Жаңбырлы күні жарық жұтылып тұрған сияқты, көктем болуы тиіс, сәуле терезеден өтіп, бөлмені сәл жарықтандырған. Анам жасыл көзді, біреуі дауыс реттегіш, екіншісі радио арналарды іздеуге арналған екі тетігі бар радиоқабылдағыштың жанында отыр.

Бұл радиоқабылдағыш кейіннен менің балалық шағымның куәсіне айналады және осы құрылғы арқылы ғарыштың бар екенін білемін. Эбонит тұтқаны бұрағанда сезімтал антенна таяқшаларын қозғап, Варшава, Лондон, Люксембург, Париж сынды әртүрлі станцияларды ұстайтын. Кейде Прага мен Нью-Йорк, Мәскеу мен Мадрид арасында антенна таяқшалары қара құрдымға түскендей дауысы жоғалатын. Сол кезде денем тітіркенетін. Күн жүйесі мен галактикалар құрылғы арқылы маған хабар жеткізетініне сенетінмін, бірақ мен ол хабарды түсіне алмаймын деп қорықтым.
Бала кезімде осы суретке қарап анамның мені іздеп отырғанына, сол себепті құрылғы тұтқасын бұрағанына сенімді болдым. Шексіз ғарышты сезімтал радар іспетті шолып, мені қайдан және қашан күту керектігін біліп отырды деп ойладым. Шаш үлгісі мен көйлегі фотоның қашан түсірілгенінен хабар береді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары болса керек. Кадрдың сыртына көз тастаған, илмиген әйелдің бізге белгісіз бір нәрсеге қарап тұрғаны анық. Бала кезімде анам уақытқа қарап тұр деп түсіндім. Фотода ештеңе болып жатқан жоқ, Бұл процесстің емес, күйдің суреті. Анамның көңіл-күйі жоқ, ойға батқан, ол сол жерде және сол жерден тыс секілді. Кейін мен оның көңілсіздігінің себебін сұрадым және көп мәрте. Жауап өзгермейтін. Ол менің әлі тумағаныма қарамастан мені сағынып отырғанын айтатын. «Мен жоқ болсам қалай сағынасың?» - деп қайыра сұрайтынмын.
Айырылып қалған адамдарды сағынуға болатынын, жоғалтудың сағыныш тудыратынын сол кезде білетінмін. «Бірақ керісінше де болады, - деп жауап берді анам, - Егер біреуді қатты сағынсаң, ол адам бар деген сөз». Бұл 1960-шы жылдары Польшаның батысындағы шағын қалашықта болған ана мен қызы арасындағы диалог менімен бірге мәңгіге қалды және бүкіл өміріме қуат сыйлады. Осы сәттен бастап менің өмірім кездейсоқтық пен материалдықтың, себеп пен салдардың, шындық заңдылықтарының үстіне шықты. Өзімді уақыттан тыс, мәңгілікпен көршілес сезіндім. Бала кезімде мен өзіме көрінгеннен де биік екенімді ұқтым. Тіпті «Мен жоқпын» десем де «мен» алғашқы орында тұрады. Бастысы әрі ең қызығы сөз жүзінде де «мен» алғашқы орынға шығады. Солай менің діншіл емес анам маған бұрындары жан дүниесі деп атайтын сыйлық тарту етті және мына әлемге сезімтал әңгімеші қылып жіберді.

Жалғандық оқырман сенімін жоғалтты

Әлем – біздің күнделікті қатысуымызбен ғаламат үлкен ақпарат машиналарын, дисскуссиялар, фильмдер, кітаптар, өсек пен әзілдерді шығару арқылы жасалып жатқан материя. Бұл ақпарат машиналарының интернеттің арқасында ауқымы кең. Кез-келген адам жауапкершілігі бар болса да, жоқ болса да, мейірімділікпен немесе кекшілдікпен, пайдалы немесе қатігездікпен. өмір үшін немесе өлім үшін осы процесске қатыса алатын мүмкіндікке ие. Сөз өзгерсе болды, әлем өзгереді. Осы мағынада әлем сөзден жаратылған. Біз ғалам жайлы не ойлаймыз және бастысы ол туралы қалай әңгімелейтініміз өте маңызды. Айтылмаған нәрселер өмір сүруін тоқтады, өледі. Бұл туралы тек тарихшылар ғана емес, әр сатыдағы саясаткерлер мен тирандар да біледі (тіпті басқалардан бұрын білуі де мүмкін). Билік сөйлегеннің қолында. Бізде болашақ түгілі, қазіргі жылдам өзгеріс үстіндегі осы шаққа да дайын әңгімелеу мен баяндау табылмай тұр.
Бізге тіл, көзқарас, метафора аздығы, мифтер мен жаңа ертегілер жетпей тұр. Оған қарамай біз бүгін ескі, таптаурынға айналған, уақыттан қалған әңгімелеудің, сипаттаудың болашақтың образдарына жармасқанын көріп отырмыз.
Paiym
Photo
Бұл ескінің ештеңесі жоқ жаңадан жақсы немесе сол арқылы өз кеңістігінің тарлығынан айырылғысы келгендердің болжамы деп ойлаймын. Қысқасы, бізге әлемді жаңаша сипаттау мүмкіндігі жетпей тұр.
Біздің өмір бірінші жақтан сөйлейтіндердің дауысымен толысып жатыр, әр қадам басқан сайын көп дауысты шуға кез боламыз. «Бірінші жақ» дегенім тек өз атынан және өзі жайлы айтатын, әңгімелеушіге немесе автордың «менімен» қатынасқа түсетін кішкене ортаны сипаттайтын әңгімелеу әдісі. Біз бұл индивидуалдықты, «меннен» тарайтын әңгімені, тіпті бұдан да кең ауқымға жете алса да, ең нақты, адами, қалыпты деп таныдық, қабылдадық. Бірінші жақтан әңгімелеу дегеніміз қайталанбас ою салу, өзіңнің қайталанбайтындығыңды түсіну, өз тағдырыңа бой ұсыну. Бұл өз кезегінде өзіңнің «менің» әлеммен қақтығысқа түсетініне, кейде тіпті жоғалтуға дейін баруға дайын екендігіңді көрсетеді.

(Жалғасы бар)

Абзал Сүлеймен
Paiym
Photo
Ольга Токарчук

Осы бөлігінде жазушы бірінші жақтан жазу жайлы, сериалдар жайлы, жалпыға қолжетімді білімнің қалай қауіпке айналғандығын, өзіндік "мен" өркениетке қаншалықты үлес қосқанын, әдебиеттің, жазудың қарсыласы атанған ақпарат дәуірі мен ойдан шығарған дүниенің - шындықтың басқа түрі екені жайлы айтады.

Нобельдік дәріс (жалғасы)

Батыс өркениетінің басым бөлігі адамзаттың теңі іспеттес «менді» ашудан құралған. Бұл жерде адам басты рольде және оның ойына, пікіріне, көптің бірі болса да, құрметпен қарайды. Бірінші жақтан әңгімелеу адамзат өркениетінің құрметке лайық, сенімге құралған ең құнды табысының бірі.
Әңгімелеудің осы түрі әлемді өзге біреудің «менімен» көріп, соның тарапынан сипатталған қоршаған ортаға көңіл бөлуге, әңгімелеушімен байланыстырып және оның қайталанбас ұстанымында болуға итермелейді. Осы тәсілдің әдебиет және адамзат өркениеті үшін орасан зор маңызын атап өтпеу мүмкін емес, себебі әңгімелеудің осы түрі біз араласуға мүмкіндігіміз болмаған Құдайлар мен қаһармандар аренасынан адамдарды алға шығарып, жеке әңгімелеріміз арқылы ғаламды көруге мүмкіндік ашып берді. Өзіміз сияқты пенделерден өзімізді табу қиын емес, сол себепті жазушы мен адам арасында эмпатия негізге алынатын эмоционалды келісім пайда болады. Эмпатия өз кезегінде шекараларды бұзуға ұмтылады – романда автор мен оқырман арасындағы «мендер» қамалын бұзу оңай және шығарма осы қамалды бұзуға бағытталады әрі эмпатия әсеріндегі оқырман белгілі бір уақыт ішінде жазушыға айналады.
Сонымен әдебиет әркім өзінің тағдырымен бөлісіп немесе өзінің alter ego-сын (өзге мені) сөйлету алаңына айналды. Бұл алаңда демократия басым, әр адам өзі сөз алып, әр адам сөйлейтін кейіпкерді тудыра алады. Адамзат тарихында ешқашан осынша көп адам жазу және әңгімелеумен айналыспаған шығар.
Сандарды сөйлетуге болады. Кітап жәрменкелерінде шыққан кітаптардың басым көпшілігі автордың «менімен» тікелей байланысты. Өз болмысынды көрсету инстинкті өнерде өзіңді толық көрсетуге мүмкіндік береді және бұл өмірімізді көрсететін басқа да инстинктерден кем емес болса керек. Бәрі өзіне көңіл аудартқысы келеді, бәрі қайталанбауға тырысады. «Өз оқиғамды айтамын», «жанұямның оқиғасын айтамын», «қайда болғанымды айтамын» сынды әңгімелер – қазіргі таңда ең танымал әдеби жанрға айналды деуге болады. Көпшілігі жеткен сауаттылық бұрындары аз ғана адамдардың еншісінде болған сөз арқылы өз болмысын таныту мүмкіндігіне қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде, парадоксалды болса да, солистерден құралған, бірінің үстіне бірі шыққан дауыстар өзіне көңіл аудартуға тырысып, ұқсас траектория бойынша қозғалып, соңында бір-бірін тұншықтыратын хорға ұқсайды. Біз олар жайлы бәрін білеміз, олардың әрқайсысымен бірігуге және олардың өмірін өзіміздікіндей сүруге шамамыз жетеді.
Осыған қарамастан автордың «мені» әмбебап еместігі анықталған жағдайда, оқырмандар қанағаттанбайды. Бізге әңгімелеуде мысалдық өлшем жетпейді. Мысалдағы қаһарман – бір мезетте анықталған тарихи және георграфиялық жерде және сол мезетте барлық жерде және әркім бола алатын кейіпкер.

Ойдан құралған әлемге түскенде оқырман қаһарманның тағдырын қабылдайды және роман тапсырмасын өзінікіндей көреді. Ал мысал өзіңнің жеке тұлғаңнан бас тартып, әркім болуға жүктейді. Психология көзқарасы бойынша таптаурынға айналмаған мысал әдісі әр тағдырға ортақ қорытынды тауып, біздің тәжірибеміздің әмбебаптығын көтермелейді, бұл жерде біздің дәрменсіздігімізді көрсетеді. Сансыз көп есімдер мен атаулардың арасында жұтылып кетпес үшін ауқымы кең әдебиетті жанрға бөлуге кіріскен секілдіміз. Құдды спорт түрлері сияқты және бұл жерде жазушылар жоғарғы лиганың спортшылары сынды. Кітап нарығының жаһандық комерциалануы салалардың даралануына әкелді – толығымен детектив, фэнетзи және ғылыми фантастикаға негізделген өзінің тұтынушылары бар, өзімен өзі өмір сүретін әдеби жәрмеңкелер мен фестифальдер пайда болды.
Paiym
Photo
Бұл жағдайдың қызығы сол, кітапханашылар мен кітаппен айналысатын адамдарға сөредегі жаңа туындыларды бөліп, тізбектеп қоюуына көмегін тигізуге тиіс тәсіл жазушыларға қалай жазу керектігін үйрететін болды.
Жанрлық шығармалар уақыт өткен сайын қалыпқа салып пісірген тағамды еске салады. Оның сюжетін оқымай тұрып болжанатындығы құндылыққа, қайталанатындығы жетістікке айналды. Оқырман не күтетінін біледі және содан артық дүние алмайды. Мен түйсік дәрежесінде жазушылық бостандықты, эксперимент пен трансгрессияны қабылдамайтын дүниелерге іштей қарсылық білдірдім. Осындай тәсіл шығармашылықтағы эксцентриканы жояды. Ал эксцентрикасыз өнер тудыру мүмкін емес. Жақсы кітап өзінің жанрлық қатынасына есеп бермеуі тиіс. Жанрға бөлу – әдебиетті коммерциалауға негізделген. Бізді қанағаттандыратыны біздің көзімізде әлемді сипаттаудың жаңа тәсілі құрылып келеді. Ол тәсіл – бізді транс деңгейіне түсіруге анық болмаса да өзіне тапсырма қойған сериалдар. Әлбетте, осындай шығармашылық түрі гомерлік дәуірден бері белгілі. Геракл, Ахилл және Одиссей сөзсіз сериалдың алғашқы қаһармандары деуге болады. Бірақ сериал ешқашан осындай ауқымды кеңістікке шықпады және ешқашан ұжымдық санаға осындай деңгейде әсер етпеген.
ХХІ ғасырдың алғашқы екі ондығы сериалдың уақыты деп сенімді түрде айта аламыз. Сериалдың әлемді сипаттаудағы (және түсінудегі) ықпалы - революциялық.
Бұл өзінің қазіргі типінде тек жаңа қарқын тудырып, сюжеттік бағыттарды байланыстырып, үнемі белгісіздікте ұстап отыру арқылы шекараларды жойып қана қоймай, әңгімелеудегі жаңа тәртіп орнатты. Көрермен көңілін ұзақ уақыт ұстап тұру үшін сюжеттер еселеніп, бір-бірімен шындыққа жанаспайтын тәсілмен және өте көп мәрте байланатыны сонша, оны соңында қайта шеше алмай, классикалық операда пайда болған ескі тәсілге (deus ex machine) оралуға мәжбүр. Жаңа серияны жазу барысында, жаңа сюжеттік қалыпқа келтіру үшін кейіпкерлердің психологиялық бейнесін қайта қарауға тура келеді. Сабырлы персонаж финалға жақын қызу қанды және кекшілге айналады, эпизодтарда бірінші планға шығып, біз үйренген бас кейіпкер артқа кетеді, кейде тіпті мүлде жоғалады.
Келесі маусымның шығу мүмкіндігі Офиналдардың ашық қалып, кейіпкерлердің пайда болуына, оларға сюжетте қуат беретін құпия катарсистің айтылуына мүмкіндік қалмайды. Осындай аяқталмай қалған әрі қиындастырылған тип, жаңа тәуелділік тудырып, көңіл бөлуге мәжбүрлейді.
Ерте замандарда пайда болған, Шахрезаданың ертегілерінен де белгілі ашық финалдар сериалға үлкен стиль ретінде келіп, біздің сезімталдығымызды ұштап, бізді өз өмірімізден жұлып алып, наркотикқа тән тәуелді етіп, таңғаларлық психологиялық нәтиже тудырады. Сол мезетте сериал өзгеріске бейім, хаостық коммуникациялармен ортақ тіл тауып, әлем ырғағынан да қалмай келеді. Формасы жаңа формула іздеуге қатысты дүниелердің ішіндегі шығармашылыққа бейімі деуге болар. Осы мағынасында сериал болашақ жайлы айту тәсілдерін шыңдап, осы заман жайлы әңгімелеуді барынша жұмырландыруға тырысып жатыр. Бүгін біз үймеленген бір-біріне қарсы, қақтығысқан, бір-бірін жоққа шығарған мәлімметердің арасында өмір сүреміз. Біздің ата-бабаларымыз қолжетімді білім тек бақыт, байлық, саулық және салауаттылық қана әкелмей, теңдік пен әділеттілік үстем ететін қоғам тудыратынына сенген. Оларға осы әлемге барлық адамдардың даналыққа жетуі жетіспейтін секілді көрінетін.
XVII ғасырда ұлы педагог Ян Амос Коменский әмбебап даналық, кез келген білімді өзіне сыйдыра алу идеясын білдіретін пансофия ұғымын енгізді. Әлбетте, бұл бірінші кезекте бәріне қолжетімді білім жайлы арман еді. Әркімге берілген әлемнің бар ілімі қарапайым адамды болып жатқан нәрсеге есеп бере алатын рефлексияға бейім тұлғаға айналдырмай ма? Қолжетімді білім адамдарды саналы өмірге итермелеп, даналыққа итермелемей ме?
Интернет пайда болғаннан кейін осы идеяның, арманның орындалатын уақыты келгендей көрінген. Коменский мен осы бағыттағы философтар Википедияны көргенде арманының орындалғанын сезер еді. Дегенмен, орындалған армандар көбіне көңіл көншітпейді.
Paiym
Photo
Біз осындай ақпарат ағысын меңгеруге, басқаруға дайын болмай шықтық. Бізді біріктіріп, бір мақсатқа жетелеп, еркіндікке бастауы тиіс арман, бөлуге, еркіндікті шектеуге, әркімді өз ішінде қамауға алып келді.
Сонымен қатар, Интернетті нарық жаулап алды және монополист-ойыншылардың қолына берілді. Олар өз кезегінде орасан көп мәліметтерге ие және оны өз пайдасына қолданады. Біз дыбыстар үндестігін естиміз деп күттік, бірақ ішінен аз да болса ырғақ табуға тырысатын адам төзгісіз шуды ғана естідік. Шекспирлік цитатаның парафразы осы дүниені нақ көрсетеді: Интернет дәуірі жүрген сайын, шу мен ызаға толы топас адамның әңгімесіне ұқсайды.
Фейк жаңалықтар пен фейкаптар жанры бізге фикция деген не деп сұрауға мәжбүрлейді. Бірнеше рет алданған оқырман идиоскинкразияға ұрынады. Фикциядан шаршаған кезде нон-фикшн жанрының жоғары өрлеуі басталады. «Шындық және тек қана шындық айтуға уәде беремін», «Менің повестім болған оқиғаға негізделген» сияқты сөздер осындай ауқымды ақпарат хаосында айқайлап тұрады.
Ойдан шығарылған дүниелер жаппай қауіп төндіру құралына айналғанда адамдардың оған деген сенімі өшті. «Сіз жазған нәрсе шынымен болған ба?» деген сұрақты жиі естимін. Ол осы сұрағымен әдебиеттің соңын болжап тұр деген сезімнен ажырай алмаймын. Оқырманға жай сұрақ ретінде көрінгенмен, жазушы үшін бұл апокалипсистік мәнге ие. Не деп жауап бере аламын? Ганс Кастроп, Анна Каренина немесе Винни-Пухтың онтологиясын қалай түсіндіре аламын? Оқырманның осындай сұрақ қоюы өркениеттің кейін серпілгені іспетті. Бұл өмір деп аталатын оқиғалар тізбегіне көп қырлы қабілетпен (тарихи, сонымен бірге символикалық, мифтік) қатысу. Өмір біз оған мәнін түсіндіріп, оны түсінуге тырысып мағына бергенде ғана оқиғалардан құралып, тәжірибеге айналады.
Тәжірибе – ол естеліктерде тамыр жүргізген, талқылаудан өткен факт. Ол өз өміріміздің әр бөлшегін көруге тырысатын, сүйеу көретін қазіргі біздің ой жұмысына, мәннің терең құрылымына шағымданады. Осындай құрылымның ролінде миф жүретініне сенемін. Миф – ешқашан болмаған, бірақ үнемі болатын дүние. Қазір ол тек антикалық қаһармандар өмірінде ғана емес, танымал фильмдер, әдебиетте де бой көрсетеді. Олимп тұрғындарының өмірі «Династия» фильмінің түсірілім алаңына ауысса, қаһармандық істер Лара Крофтың еншісінде.
Шындық пен фальшті анықтауға ұмтылысымыз, әдебиет тудырған тәжірибе жайлы әңгімеміз өз өлшеміне жетті. Фикшн мен нон-фикшнді ажыратуға ешқашан тырыспадым, біз оны тек жұмысқа жарамды және ғұмыры қысқа деп қана қабылдаймыз. Ойдан шығарылған дүниелерден маған ең ескілері, Аристотель заманындағылары ұнайды.
Ойдан шығарылған нәрсе – шындықтың ерекше түрі. Эдвард Морган Фостердің шындықты жай айту мен сюжеттің айырмашылығы жайлы айтқаны мені осыған сендіре түседі. Ол егер біз: «Күйеуі өлді, содан кейін әйелі де жан тапсырды» десек, біз тек болған оқиғаны айтамыз. Ал біз: «Күйеуі өлді, одан кейін мұңнан құса болған әйелі жан тапсырды» десек, бұл ойдан шығарылған дүние болатынны айтқан еді. Кез келген сюжет «кейін не болды?» деген сұрақтан, адам тәжірибесіне сүйеніп, «неліктен олай болды?» деген сұраққа жетелейді.
Әдебиет «білмеймін» деп жауап берсең де осыдан басталады. Әдебиет Википедияға жүгінсең де жауап бере алмайтын сұрақ қояды. Себебі ол сұрақтар оқиғалық және фактің кеңістігіне сыймайды және біздің жеке тәжірибеміздегі алаңдаушылыққа итермелейді.
Роман мен әдебиет біздің көзімізде шектеулі дүниеге айналып, өзге де әңгімелеу түрлерінен қалып бара жатқандай. Визуалды образ бен тәжірибені жеткізудегі жаңа формалар: кино, фотографиялар, виртуалды өмір – кітап оқудың орнын басуы мүмкін. Оқу психологиялық тұрғыдан өте қиын процесс. Оны келесідей сипаттап беруге болады. Алдымен біз өмірдің ұстатпайтын мәнін концептуализациялап сөзге айналдырамыз, кейін сөз болғанның шифрын ашып, тәжірибеге айналдырамыз.
Осының бәріне интеллектуалды машық керек, ең бастысы – көңіл мен зейін керек.
Paiym
Photo
Адамзат тәжірибені беруде естелікке толығымен берілген ауызекі тілден, жеткізуші ролі баспа қағазына берілген Гутенберг революциясына дейін ұзақ жолды жүріп өтті. Осы жолда біз өзіміздің ойлау қабілетімізді хатпен, басқаша айтқанда идеяларды қолданудағы белгілі бір типтермен, түсініктер мен символдармен теңестіргеніміз ең үлкен жетістікке айналды. Бүгін біз осыдан еш кем түспес ауқымды революция алдында тұрмыз: енді тәжірибемен біз баспа сөздерінің көмегінсіз бөлісе аламыз. Саяхат күнделігін жүргізудің еш қажеті жоқ, себебі сен әлеуметтік желіге фото жүктеп, сол мезетте барлық әлемге бір мезетте жібере аласың. Хат жазудың да қажеті шамалы, себебі телефон арқылы қоңырау шалу өте ыңғайлы. Сериалға көңілің ауғанда, көлемі үлкен романдарды оқудың не керегі бар? Бос уақытыңды ойынға жұмсай алсаң, достармен де кездесуге шықпайсың. Биографияларды да оқып, уақыт жұмсамайсың. Керегі не? Мен бәрібір оларды Инстаграмнан өмірін көремін және олар туралы бәрін білемін. Тіпті бейне де тексттің басты қарсыласы емес. Бізге ХХ ғасырда кино мен телевидение пайда болғанда солай көрінген еді. Алдымызда мүлде басқа тәжірибе тұр. Ол біздің сезімталдымызға әсер етері сөзсіз.

(жалғасы бар)

Абзал Сүлеймен
Paiym pinned «Ольга Токарчук Осы бөлігінде жазушы бірінші жақтан жазу жайлы, сериалдар жайлы, жалпыға қолжетімді білімнің қалай қауіпке айналғандығын, өзіндік "мен" өркениетке қаншалықты үлес қосқанын, әдебиеттің, жазудың қарсыласы атанған ақпарат дәуірі мен ойдан шығарған…»
Осы күнге дейін білімсіз адам өлеңмен ақыл айтады деп қателесіппін. Себебі тек ақыл айтпайды екен. Өлең ұрлау ауруы бар. Олар неге өзін алдайтынын ұқпадық. Мүмкін Далидің сөзіне алданып қалған шығар. Бірақ ол да білімі әдеуір, өнерге өнер деп қарай алатын адамдарға айтқан ғой. Ал мен ол адамдарды өлеңге өнер ретінде қарай алатынына күмәнім бар! Өзі 20 жиырмаға жетпейтін өлеңім бар, соның өзі быт-шыт болды. Идея да, сөз тіркестері де, алмаған не қалды? Сайт, басылымдар бір басынады, осылай екі басынады. Өз фантазиясы бола тұра неге біреуден алады дейсіз ғой. Себебі сол фантазиясы жеткен ойды өзінше жеткізу үшін алдымен өнерді түйсіну керек. Қалай, қандай жолмен жазу керектігін білу қажет. сол себепті көп жеткіншектің өлеңі қазіргі танымал попса әндеріне, голливуд кинолары мен клиптердегі романтик желіге ұқсайды. Одан аса алмау, кешірерсіз деңгей емес. Адам алғашында бәрін бірден, тез жасағысы келеді. Түсінемін. Болмашы қолпаштау да оны соған итермелесе керек. Керісінше сол қолпаштау жазуға қиындық тудыратын еді, бірақ бұлар оны керісінше қозғалтқыш ретінде пайдаланатын секілді. Ақыры алады екенсіңдер, өзім жазып берейінші. Шын айтам. Бірақ біраз уақыт күтесіңдер. Өзім үшін де тез жаза алмаймын. Ну, мен біреуден алуға ұяламын. Бұл бірден қызбаланды демеңіздер, осындай жағдайдың көбеюінен жазуға тура келді. Таңертең ояна салып, кім қандай өлең жазды деп іздейтін болдық құрсын
Paiym
Photo
Бұл бөлімде ақпарат ағымы мен өмірдің үнін жоғалтқан жаһандық дамудың әсері жайлы айтады.

Ольга Токарчук

Нобельдік дәріс (жалғасы)

Әлемде қандай кілтипан бар?

Мен әлемді сипаттаудағы дағдарыстың толық бейнесін көрсетуден аулақпын. Бірақ әлемге бір нәрсе жетпейтін сияқты болады да тұрады. Ғаламмен дисплей арқылы тілдескенде кез келген мәліметтерді оңай таба алғанымызбен, ол шындықтан алыс, екі өлшемді, алыс, анықтамалардан суырылып шыға беретіндей көрінеді. «Әлдекім», «әлдене», «әлдеқайда», «әлдебір уақытта» секілді ұғымдар - Жер тегіс, екпе адам өлтіреді, жаһандық жылыну – өтірік, көптеген елдердегі демократияға ештеңе қауіп төндірмейді деген максималардан да қатерлі болуы мүмкін. «Әлдебір жерде» «әлдекімдер» теңізді жүзіп өтпекші. «Әлдебір жерде» «әлдебір уақыттан» бері «әлдеқандай» соғыс жүріп жатыр. Ақпарат ағысында хаттар пішінін жоғалтады, естеліктерде еріп, нағыз өмірмен байланысын үзеді және соңында жоғалып тынады. Әр басқан қадамда аяққа орала беретін зорлық, ақымақтық, жауыздық, кекшілдіктің тілі кейде тепе-теңдікті ұстап, "жақсы" жаңалықтарды бергісі келеді, бірақ ол да алаңдаушылықтың сыздаған жарасын баса алмайды. Өмірде қандай кілтипан бар? Бұрындары өте сезімтал ақындарда болған бұл сезім бүгін сенімсіздікпен бөлінген түкпір-түкпірден көрінеді. Әдебиет әлемнің алаңдаушылығының толық мәні мен нақтылығын ұстап қалуға тырысатын аз ғана саланың бірі, себебі табиғаты бойынша әдебиет үнемі «психологиялық» санатқа жатқызуға болады. Оның нысанасында үнемі кейіпкердің ішкі мотивтері тұрады, ал өзі олардың тәжірибесін басқа ешбір формаға келмейтін дүниені көрсетумен айналысады немесе олардың әрекетін психологиялық жақтан түсіндіруге тырысады. Тек әдебиет қана басқаның өміріне терең бойлап, оның сезімімен бөлісіп, тағдырын сүруге итермелейді. Әңгімелеу үнемі мағына беруге бағытталады. Тіпті ол анық көрсетілмеген жағдайда, мағына іздеуден манифестік бас тартуды көрсек те, барлығы форма мен эксперимент үшін жасалған жерде де, жаңа экспрессивті мүмкіндіктерді табуға тырысқан жерде де формалды түрде бүлік болып жатады.

Минималистік, бағдарламалы бихевиористік романды оқып отырып та біз неге осылай болды, бұның бәрінің мәні не, мағынасы қандай деген сұрақтарды қоя аламыз.
Сонымен, әңгімелеу – ол сансыз көп ақпаратты уақыт желісінде реттеу, оның осы шақ, өткен және келер шақпен байланысын анықтау, қайталануларды ашу және олардың арасындағы себеп-салдарды көрсету. Бұл жұмыста эмоция мен сана жұмыс істейді. Әңгімелеудің алғашқы ашқандардың бірі рок жанры болғаны таңғалдырмайды. Рок адамилыққа жат, жабайы болса да, тәртіп және тұрақтылықпен айтылады.

Әлемнің сыбыры жоққа айналды

Мырзалар, әлі тумаған мені сағынып отырған фотодағы әйел, менің анам, бірнеше жылдан кейін маған ертегі оқи бастайды. Ханс Кристиан Андерсенге тиесілі ертегінің бірінде қоқысқа тасталған шәйнек құлағы сынғаннан кейін лақтырып тастаған адамдардың қатігездігі жайлы айтады. Егер адамдар сондай талапшыл және мінсіздікке көзсіз ұмтылмағанда ол шәйнек қызметін адал әрі ұзақ қызмет етер еді. Басқа да сынған заттар оның сөзін бөліп, өздерінің кішкентай заттық өмірінен оқиғалар айта бастайды. Бала кезімде мен осы әңгімені бетім қызарып, көзім жасаурап тыңдайтынмын: мен заттардың да бізге сәйкес қоғамдық өмірі, бақытсыздығы, сезімі барына сенетінмін. Тәрелкелер әңгімеге қосылып, қасықтар, пышақтар, шанышқылар отбасы мүшесіндей бірге байланатын еді.

Бірақ дәл солай бізбен рухани байланысы, ұқсастығымыз көп жануарлар да құпияға толы, дана, ақылға ие болатын. Өзендердің, жолдардың, ормандардың да өз өмірі болған – олардың бәрі біздің кеңістікті бөліп тұратын және өзінің қатысын білдіре алатын, құпия ғарыш рухты (Raumgeist) жанға ие еді. Бізді қорғашан орта да, Күн де, Ай да, әр аспан денесі де тірі еді. Бар болатын. Мен осының бәрінен қашан күмәндәна бастадым?

Өз өмірімдегі бір тетікті басқандай, бәрі басқаша, қарабайыр болған сәтті табуға тырысамын. Әлемнің сыбыры жоққа айналды.
Paiym
Photo
Оның үнін қала дабыры, компьютерлер дыбысы, ұшақтардың шуы және мұхиттай үлкен ақпарат жұтып кетті. Бір уақытта сіз өмірді бөлшек-бөлшегімен, галактикалық қашықтықта бір-бірінен қалып бара жатқан ұшқындармен көресіз, ал біз өмір сүріп жатқан өмір әр қадам сайын соны растап тұрғандай: дәрігерлер бізді өзінің мамандандырылған саласы бойынша емдейді, салық пен көше сыпырудың ортақ ештеңесі жоқ, тамақ ішіп отырып біз жануарлардың қанын суша ағызатын үлкен концерндер жайлы ойлауға міндетті емеспіз, ал киім кигенде біз Азияның бір түкпіріндегі ыңғайсыз цех жайлы ойламаймыз. Бәрі бөлінген және бәрімен байланыс үзілген.
Осыны оңай қабылдау үшін бізге нөмірлі белгілемелер, бейджтер, карталар береді, бізді қысқартуға тырысады, үлкен әрі ортақ дүниенің тек бір бөлігін қолданушы ролін ойнатқысы келеді. Айналамыздағы әлем өліп барады, ал біз оны байқамаймыз. Біз жалғыздыққа беріліп, адасып, біреудің шешіміне байланысты өмір сүріп, үлкен тарихтың және оқиғалардың ойыншығы сезінетінімізді де байқамаймыз және үйілген затқа айналған, бос кеңістік іспетті әлемде қозғалуға мәжбүрміз. Руханилығымыз үзілуге шақ, оның бәрі үстіртін салтқа айналды. Бізге қалғаны сол – қарапайым, физикалық, экономикалық, әлеуметтік күштерге жүгінеміз, ал олар өз кезегінде бізге зомби ретінде қарайды. Осындай әлемде біз зомбиміз. Міне, сондықтан мен әлі андерсондық шәйнек өмір сүретін жерді сағынамын.

Бізді қоршғана орта біз ойлағаннан да күрделі құрылымға ие

Өмір бойы мен кездейсоқтық пен әсерлерге таңданып өтетін шығармын. Көбіне өзімізге есеп бермейміз және оны тағдырлар тоғысы, оқиғалардың сәйкестігі ретінде қайта ашамыз. Кезінде мен де «Желаяқтарға» жүгінгенмін. Сәйкестік пен заңдылықтарды іздеу мені таңғалдырады. Жазушылық сана кез-келген бөлшектерді коллекцияға енгізуге тырысып, оны қайта бір дүниеге жинайтын синтез санатында жұмыс істейді.

Қалай жазу керек, әңгімені қалай жинақтап, оның жұлдызды аспан секілді әңгімелеудің үлкен форма үндестігін қалай табуға болады? Әрине, мен бізге мифтер, аңыздар арқылы, ауызекі тілмен жеткен әңгімелер әлем тепе-теңдігін ұстаған уақыттардағы әңгімелеу тәсіліне қайта оралу мүмкін еместігін түсінемін.

Бүгін осындай әңгімелеу тәсілі әлдеқайда қиын әрі көпқырлы болуы тиіс. Біз қазір өзге білімді меңгергенбіз және бізге алғашында мүлде үйлеспейтін нәрселер арасындағы байланысты көру қиындық тудырмайды. Сіздерді тарихтың бір нүктесіне назар аударуға шақырамын. 1492 жылдың 3 тамызында испаниялық Палос портынан «Санта-Мария» каравелласы сапарға кетуге дайын. Капитанның аты – Христофер Колумб. Күн төбеге шыққан, матростар жағалауда сенделіп жүр, порт жұмысшылары кемеге соңғы жәшіктерді асығыс тасып әлек. Күн ыстық, бірақ сәттілік сеп болып, батыстан соққан самал қоштасуға келген туыстардың лоқсуынан құтқарды. Шағалалар айлаққа кердең басып жүр, адамдардың қимыл-қозғалысын мұқият бақылайды.
Қатпар уақыт астынан көріп тұрған бұл сәт 60 миллионның 57 миллионы қырылған тұрғылықты америкалықтардың өліміне себеп болады. Сол кездері үндістер әлем тұрғындарының он пайызын құраған еді. Еуропалықтар өздері байқамаса да, өлім сыйлығын тарту етті – америкалық континенттің тұрғындарының иммунитеті дайын болмаған аурулар мен бактериялар жұқтырды. Бұған тағы сансыз өлтіру мен құлдыққа алғандарды қосыңыз. Геноцид жылдар бойы жалғасты және Жердің келбетін өзгертті. Жүгері, картоп, қызанақ секілді көкөністер өскен жерге жабайы өсімдіктер көбейе бастады. Алпыс миллион гектар жерді джунгли басты. Өсімдіктер регенерацияланып, өте көп мөлшерде көмірқышқыл газын жұтты. Бұл тізбек ақыр соңында Жер температурасының төмендеуіне әкеліп соқты. Бұл XVI ғасырда болған кіші мұз дәуірін түсіндіретін көптеген гипотезалардың бірі. Кіші мұз дәуірі Еуропа экономикасын қатты өзгертті.

Ұзақ әрі аяз қыс, суық жаз айлары және өте көп мөлшердегі жауын жер игерудегі дәстүрлі әдістердің тиімділігін жоғалтты. Еуропаның батысындағы бір жанұяны қамтамасыз ететін телімдер оны да жарыта алмады.
Paiym
Photo
Аштық азық-түлікпен қамтамасыз етудегі мамандандырылған кәсіп ашуға итермеледі. Англия мен Голландия суықтан ең көп зардап шекті. Сол себепті олар ауыл шаруашылығына ғана көңіл бөлмей, кәсіп пен сауданы дамыта бастады. Су алу қауіпі төнген голландықтар ойпаттар мен теңіз түбіндегі жайпақ жерлерді құрғатумен айналысты. Скандинавияға қатерлі болған нәлім балығының оңтүстікке көшуі, Англия мен Голландияның теңіз алпауыттары болуына септігін тигізді. Суық жылдар скандинавиялық елдерге ауырға соқты. Жасыл Гренландия мен Исландияға жол жабылды. Суық қыста алқапты үсік шалып, ашаршылыққа алып келді. Швеция көзін оңтүстікке тастап, Польшамен қақтығысты бастады да (Балтық теңізінің қатуы оларға қол болды, мұз үстімен әскер өткізу жеңілдеді) Отызжылдық соғысқа түсті.
Ғалымдар бізге әлемді бір-бірімен байланысқан тор секілді екенін түсіндіруге тырысады. Бұл «көбелек эффекті», басындағы болмашы өзгеріс адам сенгісіз салдарға алып келеді, бірақ сансыз көп көбелектердің қанатын қағуы, олардың тоқтаусыз қозғалысы екенін білдіреді. Өмірдің уақыт қатпарларын тесіп өтетін орасан үлкен толқыны.

(жалғасы бар)

Абзал Сүлеймен
Гарсиа Лорка ату жазасының алдында өлең оқып тұр, Испания, 1936 жыл.
Paiym
Photo
Авиация ережелері қанмен жазылады

Бүгін таңертең болған оқиға, әрине, қайғылы. Әлбетте көңілге қаяу түсіреді. Біздің авиокомпаниялардың xалықаралық аренадағы дәрежесіне нұқсан келеді. Дәрежесін қойшы. Адам өмірі маңызды. Бірақ бұл жағдайға екінші жағынан қарасақ, кейбір "псевдо активистердің" қолына метариал іспетті көрінетінін, діншілдерге де өзінің көзқарасын кішкене "дәлелдеп жіберудің", "саясаткерлердің" бұл оқиғаны болжап үлгергенін, "зиялылардың" жүрегі "елжіреватқанын" байқауға болады. Хотя сол "зиялылар" кеше ғана сол ұшақтағы адамдардың құқығына түкіріп, Астананың ұлы патша Нұр-Сұлтан есімімен аталуын қос қолдап қолдағанын ешкім ұмытпады. Жә, авиацияға кішкене болса да қатысым бар адам ретінде, бұл жағдайға кішкене түсінік беруді жөн деп таптым. Ұшақ қалай апатқа ұшырайды? Бұл сұраққа жауап беру үшін "ұшақты қалай ұшуға дайындайды?" деген сұраққа жауап беру керек. Ұшақ аэрапортқа қонғаннан кейін, оны теxникалық тексеріске жібереді. Теxниктер барлық меxанизмдер мен құралдарды тексереді. Майын құяды, бос тұрған жерді қайта бұрайды, сылағын тексереді, герметикасын қалыпқа келтіреді т.с.с. Белгілі бір уақыт қолданылған ұшақ күрделі тексеріске жіберіліп, сырлау жұмысына дейін атқарылады. Ұшқыш аэрапортқа келмей тұрып маршрут жайлы, ұшақ жайлы, ауа-райы жайлы ақпаратты алады. Примерно 10-20 а4 беттегі ақпаратпен танысады. Қазіргі уақытта кей компанияларда ұшу немесе ұшудан бас тарту шешімін экипаж командирі қабылдайды. Ол ұшу уақытына, ұшып баратын жердің ауа-райына, ұшатын жердегі ауа-райының қолайлығына, жолдың уақытына, ИКАО талаптарына сай келетін аэрапорттарға байланысты өзгеруі мүмкін. Ұшқыштың минимум талаптарына сай болуы тиіс. Тіпті екінші ұшқыштың минимум талаптарына келмесе, командирдің тәжірибелігіне қарамайды. Егер екеуі де тәжірибелі болса, бірақ бірінші ұшқыш командир дәрежесін алғанына көп уақыт болмаса, оның да минимум дәрежесі төмендетіледі. Сонымен қатар экипаж командирі ауа-райына байланысты қосымша жанармай алуға құқылы. қосымша талаптарын орындауға құқылы. Тұманда бірінші мүмкіндіктен кейін қона алмай екінші айналымға кету үшін немесе жақын маңдағы аэрпорт, аэродромға жету үшін. Компания жанармайды үнемдеп, қалғанымен ұшып келуді де бұйыру мүмкін. Жә, аэарпортқа келгеннен кейін ұшқыштар теxниктерді жүзбе-жүз көріп, олардан ұшақты қабылдап алады. Содан кейін before start procedure орындалады. Насос, жанармай краны ашылады т.с.с. Ал одан кейін чек-лист орындалады. Құрылғылар қосылады. Ұшу алдында before takeoff орындалады. Чек-лист бойынша барлық құрылғы қосылғанына көз жеткізеді. Көрдіңіз бе, өте мұқият қаралатын процесс. Осы тізбектің біреуі орындалмаса, бір құрылғы ұмыт қалса бәріне қауіп төнеді. Тіпті кейде аспандағы құс немесе ұшып жүрген целофан да әсер етуі мүмкін. Бұралмай қалған бір болт, бос тұрған бір құрылғы т.с.с. Тағы ұшқыштың да қателігі бар. Яғни ұшақ көкке көтерілу үшін қажетті жылдамдық, ұшу бұрышы сынды ережелердің дұрыс орындалуы да тексеріледі. V1,Vr, V2 сияқты жылдамдықтар бар. Жерден "отрыв" болуға қажетті жылдамдықта көтеріледі, бұрыш анықталады, бір қозғалтқыш істен шыққанда қауіпсіз болатын жылдамдыққа жетеді, қауіпсіз жылдамдық алады. Егер, жылдамдық көтерілуге жеткіліксіз болса, ұшақ құлайды. Бұрыш өте тік болса, ал жылдамдық төмен болса ұшақ құлайды. Менің ойымша осы жылдамдық жетпеген секілді. Себебі ұшақ көп ұзамаған, жпнбаған, жарылмаған. Дегенмен ресми жауап күтеміз. Бірақ осы оқиғаны өзіңнің "позицияңды" паш ету үшін көрсету және өте жабайы түрде айқайшыл табалай кету өте жиіркенішті көрінеді. Тіпті сол адамдардың көзін тырнап ашып, аузынан сілекейі шашырап, қынаптан клавиатурасын алып шығып, фб бетерін жаулауға бет алғандай көрінеді. Осы елді өзгертем деген сол адамдардың, кеше фб бетерінде Рим статусын салып жатқаны күлкілі емес пе? Сауатсыздықтың шегі жоқ секілді. Өзін зиялы санайтын адамдар да, билікті Құдай көріп, ұшқыштарға шамаларың жеткені кімге керек? Ол компаниялар онсыз да жазасын алады.
Paiym
Photo
Бір адамның ұшпай қалғанын Алла мейірімділігіне балаған жандар да, қалғанын құмырсқа құрлы көрмеген сынды Құдайды да толеранттылықтан айырып тынды)
Paiym pinned «Авиация ережелері қанмен жазылады Бүгін таңертең болған оқиға, әрине, қайғылы. Әлбетте көңілге қаяу түсіреді. Біздің авиокомпаниялардың xалықаралық аренадағы дәрежесіне нұқсан келеді. Дәрежесін қойшы. Адам өмірі маңызды. Бірақ бұл жағдайға екінші жағынан…»
Paiym
Photo
"Ақынмын деп қалай мен айта аламын?"

Бұл мейнстримге айналмай тұрып қай мағынада болғанын білмеймін. Бірақ қазір бұл іштей өзінің мықты екендігін білдіріп, сырттай қарапайым көрінуден ары аспайды. Жоқ, тіпті, сыртқа да өзінің "ұлылығын" көрсету үшін де. Оны естіген біреу; "Па, мынау өзін ақынмын деп айта алмаймын дейді. Ол атақты тек xалық береді емес пе?! Не деген тектілік", - деп айту үшін. Бір-бірімізді алдамайық. Его деген бәле ешқайда кетпейді ғой. Бір-бірімізді деппін ғой, өзімізді алдамайық дегенім дұрыс секілді. Мүмкін өзіне сенімсіз шығар. Мүмкін ішіндегі ашқарақ дүниесін қанағаттандыру үшін де шығар. Көп болжам жасауға болады. Не дегенмен, бір күні өзін ақын деп айта алмайтындар жүлде алмағанына қапа болып, оның талантын бағаламағаны үшін ішіп отырғанын көресіз. Міндетті түрде. Ну, болады ғой, дұрыс жоспарланбаған өтірік. Қай кезде не айтқанын қалай есте сақтасын, жазған. Жақсы, біреуге тиісу "мақсұт" емес. Кейде жастық шақ максимализмі "мақсатты, қитұрқы xодтардан" басым түсіп жатады. Менің ойымша, бұл тіптен жаман емес. Алдыңғы бір посттарда (телега-каналдардағы жазбаларды да пост деп айта ма? Әлде...) конспирология жайлы жазып едік қой. Сол жайлы бір оқулықта ма, видео лекцияда ма (ұмытып тұрмын): "Мықты, дайындықтан өткен, білімі асып, төгіліп жатқан он офицердің құрған жоспары іске аса ма, әлде бір есуастың ойлағаны іске аса ма?" - деген сұрақ болды. Жауабы: есуастың ойлағаны іске асады. Жаңағы xодтар белгілі бір уақытта немесе (тағы бір пафостық сөйлемді қолдануға тура келіп тұр) соғыстағы бірді-екілі майданда жеңіске жеткізуі мүмкін. Бірақ соғыста үнемі бір максималист есуас жеңеді. Гитлер жайлы әңгіме болуы мүмкін, бірақ біз мүлде басқа нәрсе жайлы әңгіме қозғап отырмыз. Қазіргі иерархиялық қазақ әдебиеті де конспирологиядан ада емес дегенім ғой. _Ақынмын деп қалай айта аламын?_ Бұл сөзді естігенде, оқығанда Ван Гогтың xаты еске түседі екен. Ол қысқаша былай: "Мен өгіз секілді шыдамдылыққа иемін". Маған Доренің осы айтқан сөзі ұнайды. Белгілі бір сенімділік, бір жақсылықты және адалдықты көруге болады. Бұл нағыз суреткердің сөзі. Осындай сөздер картина саудагерлерінің аузынан шыға қоймас. Олардың айтқаны тек қарғаның қарқылы сияқты естіледі. Не деген орынды айтылған сөз! "Мен суретші емеспін". Осылай айтатындай өзіңе сонша қатігез болуға бола ма? Неге шыдамды болмасқа? Неге бидайдың өсіп, піскеніне қарап, шыдамдылықты табиғаттан үйренбеске? Өзіңнің өсетініңе сенбейтіндей өлікке айналуға бола ма? Өзіңді дамытуда шек қойып, кері тартуға бола ма?". Бұл xат тамаша жауап секілді. Бірақ бұл өзімшілдікке үгіттеу емес, әрине. Шыдамды болудың қажеттігі жайлы болса керек. Поэзия ең алдымен сөз, басқа емес. Оның да эволюцияға ұшырайтыны белгілі емес пе? Не дегенмен бір сәттік немесе мәңгілік деген сөздер де заманына сай салыстырмалы мағынаға ие ғой.
Paiym pinned «"Ақынмын деп қалай мен айта аламын?" Бұл мейнстримге айналмай тұрып қай мағынада болғанын білмеймін. Бірақ қазір бұл іштей өзінің мықты екендігін білдіріп, сырттай қарапайым көрінуден ары аспайды. Жоқ, тіпті, сыртқа да өзінің "ұлылығын" көрсету үшін де. Оны…»