Есенғали Раушанов поэзиясы
511 subscribers
115 photos
55 videos
38 links
Ақын Есенғали Раушанов шығармашылығына арналған парақша
Download Telegram
оттай басылды. Ол – бір жылда түсін үш рет өзгертетін ағаш. Көктемде жаңғақтың жапырақтары сияқты жайылып өседі де, қызыл күрең түске енеді, жаз ортасында ашық көк, күзде сары алтындай жарқырап алыстан көз тартады. Осының бəрі бір ағашқа тəн бояулар екеніне сенудің өзі қиын. Қарашада талшын жаңғағы пісіп, жерге төгіледі. Бүгінде Ал- матыда талшын көптеп отырғызыла бастады. Мысалы, соңғы төрт-бес жылда тартылған əл-Фараби даңғылы жағасының екі беті қаз-қатар талшын. Күтімі тəуір болса тағы бірер жылдан соң шырқап көкке жайылып, шынардай сұлу боп бой түзеп кетері сөзсіз. Содан бері талшын десе Киев те, Алматы да, Бішкек те, Стамбул да емес, сонау ит арқасы қияндағы Гурьевте көрген жалғыз ағаш есіме түседі. Адамның басы – Алланың добы дейді. Адамның көңілі ше? Күтпеген жерден жолыққан жетім тал көңіл күйімді көтеріп жібергені есімде. Мен енді қарашаның өңі қап-қара емес, бұның да өзіне тəн түрлі бояулары, алуан нақыш-саздары барын ойлай бастадым. Сол күні кешке Жайықтың төменгі ағысынан аққулар ұшып өткенін естідім. Ол жылдары аққулар бүгінгідей Маңғыстау жарты аралында қыстамайтын. Сұлу құс, құпия жұмбақ құс іңкəр көңілді одан сайын ынтықтырушы еді. Қайда қыстайды олар, қайдан келеді бізге?

Сол Гурьев бүгінде айдынды Атырау шаһары боп адам танымастай өзгерген. Ұлы өзгерістің басында қазақтың аймаңдай азаматы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов тұрғанын бүкіл Алаш біледі. «Болар істің басына жақсы келер қасына», қолға алса бітпейтін шаруа болмайды екен. «Бұ дүнияда екі қала ешқашан көгермейтін болса бірі Гурьев» деген сөз əшейін бозада айтылар бос сөздің бірі болды.

Сол жолы біз қаланың сары масасына таланып келе жатып осы айда Алтай мен Жетісу тауларында шыбынсыз жаз өтіп, алтын күз сапарын аяқтап, қыс келетінін ойладық. Адам қысты да сағына ма екен? Сағынады. Қарашаның қара лайсаң жолы, суық жаңбыры жалықтырғанда ақ қар жапқан тауларды аңсайсың. Таулар қай кезде де əдемі.

Қыпша бел өзен жақта анау,

Сайрады сол құс тіл безеп.

Қыламықтаған ақ қар-ау,

Кідіре тұршы бір мезет

 

Қайтпайтын шақты сағынып,

Қайғысын шегіп арманның,

Қараша қарын жамылып

Қамығып əнге салған кім, –

десек, ол құс, əлбетте сушылқара. Сушылқара өзенде мұз қатқанда келіп, суық суға сүңгіп қорек іздейтін ерекше құс. Осы бір ақ төс қоңыр торғай туралы əңгіме де, аңыз да көп.

Қарашада келетін тек бұл ғана емес, сондай-ақ қайшы ауыз, əсемшымшық, суықторғай, сарышымшық, шекілдектер алыстан келсе, саңырау құр, шіл, тентекқұс, сарыторғай, қарақұр, қарға, сауысқан, торғайлар қыстап қалады. Дегенмен, жаздың кеткені білінеді. Алда не күтіп тұр? Көңіл алаң. Əлденені күтесің, сағынасың.

Көп ағаның арасындағы жалғыз қарындастай аяулы Жайық, ақ Жайық ағады бұлаңдап.

Иə, қарашада қайтатын құстар қайтып болады. Бұл əлімсақтан əлбетте аян жəйт. Ал енді қарашада біздің өлкемізге келетін құстар бар десем сенер ме едіңіз? Қарашаны кейде «жылдың өліарасы» деп те атайды. Жылдың өліарасы осы кезең болса, айдың өлірасы деген не? Осы туралы бір ауыз сөз. Қазақ жаңа ай туардан бұрынғы үш күнді өліара дейді. Жаңа ай дегеніміз бүгінгі сіз бен біз қолданып жүрген күнпараққа сай келмейді. Бұл жерде қияқтанып туатын жартыкеш Айды (кейбіреулер шатасып жүргендей он бесінен толған Айды емес) айтып отырмыз. Осы үш күнде аспандағы Ай көрінбей «жасырынбақ ойнап» жатады. Осы үш күнде көбінесе күн райы бұзылады. Мысалы 2014, 2016, 2017-жылдардың қарашадағы өліаралары осындай күрт құбылуларымен есте қалды. Бірақ былтырғы жылы Алматыда, қара- шаның күн райы жиырма тоғыз, отыз дəреже ыстық боп басталды да, он алтысы күні аздаған қар аралас жаңбыр жауды. Ертесіне қайтадан ашылып кеткені есімізде. Шымкентте тұратын жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбайдың есебі бойынша осы айдың 23-і не 24-інде Ай мен Үркер бір сызықтың бойымен жүріп келіп, бір бірімен бет- теседі. Тоғыс дегеніміз осы. Екеуі өткен айдың яки қазанның 25-і күні тоғысты. Бұл есепке дау айтушылар болса, тыңдауға əзірміз. Бір адамның есебінен гөрі екі адамның есебі əрқашан да тура шығады ғой. Нұрғабыл ауа райын бақылаумен отыз жылдан бері айналысады. Қазір ол марқұм Назарбек Қожамсейітовтен кейінгі бірден бір жұлдызшы боп танылып жүр.
Болжамдары көбінесе дəл келіп жатады. Алғашқы мақалалары кезінде республикалық «Зерде» журналында жарияланған кезден бастап-ақ ол ел назарына ілікті. Бүгінде көптеген шаруалар Нұрғабылдың есебіне жүгінеді.

Біз тоғыс туралы келесі мақалаларымыздың бірінде басқа да есепшілердің болжамдарына құлақ түре отырып кеңірек айтатын боламыз. Шығыс философиясында қарғыстың жаманы «өтпелі кезеңде өмір сүргейсің» деген екен. Қараша байғұс, сол айтпақшы, «менде жазық жоқ, бар күнəм сонда – өліара кезеңді атқару маған нəсіп болғаны» дегендей көз жасын көлдетіп ұзап барады. Осы кезде оның қайғысын жеңілдете, қайғыға демеу болайын, көңілін сергітейін дегендей алыстан ұшып жететін бір құс бар. Оның аты – самырқұс. Осы бір аласапыран шақта алдыңнан шығатын самырқұсты Жайық бойынан қанша іздесем де көрмедім. Əдетте қараша айында олар шетен дəндерімен қоректену үшін қаптап ұшып келетін. Қомағайлығы сонша, тəтті дəнге құнығып кетіп күпті боп қалады да, ағаш басынан жерге топ етіп құлайды. Сырын білмейтін адам өліп қалған екен деп ойлауы мүмкін. Бірақ, ол тірі. Дəнекке түйіліп демі жетпей жерге құлады. Сəлден соң кішкентай ғана асқазаны үздіксіз жұмыс істеп, тал қоректі жылдамдата қорыта бастайды, ұзамай құс есін жинап қайта ұша жөнеледі. Əсіресе, балапан самырқұстар тойғанын білмейді.

Самырқұс келсе сəн келеді,

Самырқұс келсе əн келеді.

Мырзашөл қазақтарының «Қараша топар аяқ сүйретілген, Кіреді жылан інге иретілген» дейтұғын кезі бұл. Басқа аймақтарда жылан ініне қыркүйек өте-ақ кіріп алуы мүмкін. Жыланның уы шоқтай, қаны мұздай. Оның дене қызуы сыртқы ортаның қызуына байланысты. Күн ысыса ол, бабына келеді, уы күшейеді, ауа салқындаса керісінше əлсірейді. Бұл айда күн қызуы бар болғаны 15 дəрежеде болса жылан жұтқан асын қорыта алмай, əлсіреп жатады, ал 10 дəрежеде ғана болса əрең қозғалады, 2-3 ғана дəреже жылыда иретіліп, белін жаза алмай жатып қалуы əбден мүмкін, күн жазатайым 4-6 дəрежеге суытса серейіп қатып қалуы кəдік. Бұдан жылан тек күн ыстықта ғана өмір сүреді екен деген тоқтам шықпауы керек, шамадан тыс ыстық та ол үшін қауіпті. Мысалы, ғалымдар 43 дəреже ыстықта күн көзінде қал- ған жыландардың жаппай қырылғанын бақылаған. Мырзашөл демекші, бұл аймақта кешегі кеңес заманында мақта жинау науқаны қарашаның орта шеніне дейін жалғасатын. Бұл іске жаппай жұмылдырылған мектеп оқушылары оқу бағдарламаларынан көп артта қалып келді. Нəтижеде білім сапасы төмендейтіні дау тудырмаса керек. Бүгінде мақта жинауға «жаппай жұмылдыру» əдісі жоқ. Оңтүстік диқандарының арасында «қырықпа қауын» аталатын қауын түрімен (Ел арасында «Дүнияда шырын қауын қырықпа деймін, Қырықпаңыз жүдə ұнамды жұртқа деймін, Қырықпаңыз сықпаңызбен таяр болса, Не бопты ұшырардай жұтқа деймін» дейтұғын өлең бар) «қара дарбыз» немесе «күз тарбыз» дейтұғын қарбыз түрін де осы кезде жинай бастайды. Бұл екеуін жер еміп өскен ағайындар айнытпай, бұзбай сақтап келіп жаңа жыл мейрамында дастархан мəзіріне қосады. Тəшкеннің Алай базарында өзбек ағайындар осы екі сортты наурыз мейрамында да сатып тұрады.

Жиын-терімнің толық аяқталар кезі осы кез. Көне Рим қағанатында, тіпті одан арғы Вавилон елінде де қарашаны «салық айы» деп атапты. Неге дегенде, науқан аяқталғаннан кейін түсім-пайда, зиян-шығынның есеп қисабы безбенделеді емес пе? Абай «Қарашада өмір тұр, Тоқтатсаң тоқсан көнер ме, Арттағы майда көңіл жүр, Жалынсаң қайтып келер ме?» дейді. Күз келсе адам неге осы ойшыл боп кетеді ек- ен деген сауалға ешкім жауап берген жоқ. Ең бастысы, кісінің өзіне қояр сұрағы көбейеді. Көбейген сайын жауап табылмайды. Абай айтпақшы, жалынсаң да. Шыныңызды айтыңызшы, солай емес пе?

Есенғали РАУШАНОВ

ult.kz
Ерте кетіп барасың, сары күз...
Қала тұрсаңшы әлі де, еркем,
Барайық тағы шыңға ана.
Бәрі де жақсы, бәрі де көркем,
Жетпей тұрғаны мұң ғана.

Бозқырау қонып бөктерге міне,
Қаптап тұр бұлт шүйіле.
Мұңды да маған көп көргенің бе,
Ей, баяны жоқ дүние?!

Табиғат неге сұрлана қалды,
Heгe аспан бүгін қара ала?
Екеуіміз... сосын мұң ғана бар-ды
Осынау іңкәр қалада.

Бақтарға қарай алып ұшпадым,
Сен жоқсың онда себебі.
Сап-сары менің сағыныштарым,
Сағыныштарым көп еді.

Қосыла алмайды дүрмекке көңіл,
Қосыла алмайды әнге өжет.
Бұл неткен қала, бұл неткен өмір,
Мағына да жоқ, мән де жоқ.

Ақ күміс шашып қарына шыңның,
Келеді атып таң міне.
Басталмақ енді тағы да сүргін,
Бітпейтін сүргін мәңгіге...

Ерте кетіп барасың, сары күз.
ҮМІТ ЕТКЕН ЖАСТАРЫМ...

Тарихтан мәлім, қай қоғамда да жастар саясаты назардан тыс қалған емес. Бұл дұрыс та. Біздің елімізде 5 миллионға жуық адам жастар боп есептелінеді екен. Бұл Жер бетіндегі шағын бір мемлекеттердің халқының санымен бірдей деген сөз. Тек келешек қазақстандықтардың маңдайына біз көрген аумалы төкпелі, өтпелі кетпелі кезеңдер жазылмағай-дағы. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы сол жастарға байланысты. Түсінген адамға, Елбасымыз бүгінгі сөзінде тек жарқын болашақ туралы ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік туралы да айтты. Әр бір қазақ Қазақстан үшін жауапты. Әрбір жас оның Қазақстаннан басқа Отаны жоғын әр күн сайын, әр сағат сайын сезінуі тиіс. Қазақтың Отаны Қазақстан ғана. Ол біреу. Басқа Отан жоқ. Шығармашылық жастар үшін барлық жағдай жасалған. Мұндай мамыражай заман бұрын соңды болған емес. Енді осы сөздің мәнін таратып айтып көрейін. Біз өскен кешегі Кеңес Үкіметі кезеңінде шығарма жазу қандай қиын болса, жазған дүниеңді жарыққа шығару одан әлденеше есе қиын болғанын айтсақ бүгінгі жастарға ол ертегідей боп көрінуі мүмкін. Бүкіл Қазақстанда қазақша өлең басатын екі ақ газет болды олар «Лениншіл жас» пен «Қазақ әдебиеті» еді. Өзге басылымдар тілі қазақша болғанмен, ділі ардақты коммунистік партия мен аяулы комсомолдың сөзің сөйлеумен-ақ күндерін өткізетін. Заң солай болды, заман солай болды. «Жұлдыз» журналы аға буынның роман, повестерін жариялаудан босамады. Екі айда бір шығатын «Жалын» альманағы жастарды жариялап үлгермейтін. Егер жас ақын республикалық басылымда жылында бір не екі рет жарияланса малақайын аспанға атып қуанатын. Ал бүгінгідей топырлатып ай сайын бір топтамасын жарыққа шығару деген бақыт – ешкімнің де пешенесіне жазылмады. Егемендік алғалы қазақша шығатын қаншама басылымдар пайда болды. Мұндай «молшылық» бұрын-соңды болмады дейтініміз содан. Бұл бір. Екіншіден, Сіз жан-жағыңызға көз салып қараңыз, көрші республикалардағы көркем әдебиетке деген көзқарас қандай, оларда қандай ахуал қалыптасып отыр? Бұл информациялар тасқынының заманы, әлеуметтік желілер дәурені оны білу қиын емес.
Бүгінгі Қазақстандағыдай еркіндік еш жерде жоқ. Көркем әдебиеттің таралауын әлеуметтің маңызы бар әдебиеттер ретінде мемлекет қаржысымен қамтамасыз етіп отырған жалғыз мемлекет – Қазақстан ғана. Қазақтың жас қаламгері кітап шығару үшін кешегі замандағыдай жылдар бойы кезек күту дегеннің не екенін білмейді, көрші мемлекеттердегідей жазған кітабын жарыққа шығару үшін әр мекемені бір сағалап, бай бағландарға сұрамсақтанып, қаржы қаражат іздеп табанынан тозбайды, тіпті баспаны да қажет етпейді. Бүгін жазған дүниесі сиясы кеппей жатып ертең баспасөзде жарияланды, араға жыл салмай кітап боп шығады. Беріліп жатқан сыйлықтардың есеп-қисабы жоқ. Қазір лауреат емес жастарды сирек кездестресіз. Олардың көбі осылай болуы қалыптағы жағдай деп түсінеді. Бұған Үкіметтік және Үкіметтік емес ұйымдар қаржыландырып жататын мүшәрайлар мен жарыстарды қосыңыз. Содан келіп көп жағдайда сапа құриды. Кейбір жастардың кітап саны Ә. Нұрпейісов, Т. Әбдіков, Д. Исабековтардың кітаптарынан көп. Төленде көп болса алты жеті кітап бар, ал әлгі «толыспаған Толстой, шала Шекспирлердің» (М. Әуезов) алды он бес кітап шығарып үлгерген. Біздің әдебиет қазір сан болса сапа да болады деген жаңсақ принциппен дамып (егер дамығаны рас болса) келеді. “Жоқ, әуелі сапа керек!” деген заманға да келерміз. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Қолда бар алтынның қадірін білейік дегенді қайталап айтқымыз келеді. Біз жастарға сұраған еркіндігінің бәрін бердік, бірақ бұл оларға нашар жазу еркіндігі, бетімен кету, еріншектік, бекер мал шашпақтық, даңғойлық та қоса берілді деген сөз болмасын.
Жастар жылында басты өзгерістер мен бет бұрыстарды жастардың өздерінен күтеміз.

#Qalamger
#ЖастарЖылы
#әдебиетакадемиясы
#ЕсенғалиРаушанов
Көктемде Сырдың жағасы⠀
Есіме салар терме көп:⠀
Көкмойнақ аттың баласы⠀
Көсіле шабар бел керек.⠀

Көреген шалдар отырып,⠀
Көкпардың жайын кеңесер.⠀
Көбеген қозы отығып,⠀
Құбыла беттен жел есер.⠀

«Жылына кеткен» сәскеде⠀
Жылқышы кештеу оралып,⠀
Қызулы шаққа мас неме⠀
Тағы бір отқа оранып;⠀

«Су ала кеткен» сәскеде⠀
Сұлу қыз кештеу оралып,⠀
Өртеніп тұрған жас дене⠀
Тағы бір отқа оранып;⠀

Қарбыта шалар қаймалша⠀
Қарақыр бойы сораң-ды.⠀
Су басып қалған сайларша,⠀
Сол күндер қайда жоғалды?⠀

Көгіңді бұлттар тазалар,⠀
Көктем-ән неге қысқалау?⠀
Бола алмай кеткен «бажалар»,⠀
Қона алмай кеткен құстар-ау...⠀

Жарықтық көңілді бүтіндеп,⠀
Сабама түсіп тағы да,⠀
Саябыр табам шүкір деп⠀
Сағынарымның барына.⠀
Дария жақтан көтерілгенде ⠀
Қып-қызыл болып қалқан ай, ⠀
Өбісіп тұрар от еріндерде ⠀
Бар еді-ау бір күш, қалқам-ай. ⠀

Егілгем мен де сол шақта мұңды, ⠀
Сол шақта мұңды көңілмен. ⠀
Жұта бермеп пе ем моншақтарыңды, ⠀
Моншақтарыңды төгілген. ⠀

Жылама, сәулем, алаңдағанда ой, ⠀
Жаныма ем бол жаралы. ⠀
Жас төгу үшін жаралмаған ғой ⠀
Жас арулардың жанары.⠀

Сүйеді таңдар әуелі шыңды, ⠀
Жапырағын талдар үзбепті. ⠀
Сен айтқан әннің әуені сынды ⠀
Себездеп ақ нұр бізді өпті. ⠀

Сыйладым шуақ жанарларыңа, ⠀
Санасыз ойға сапы ұрдық. ⠀
Сұлулық та жоқ ғаламда мына, ⠀
Жоқ болса егер ақындық.⠀

Сыйладым шуақ жанарларыңа, ⠀
Тәк, кәні, соны жылу ғып. ⠀
Ақындық та жоқ ғаламда мына, ⠀
Жоқ болса егер сұлулық!⠀

#ЕсенғалиРаушанов

Жаз не деп еді.. ⠀⠀⠀
⠀⠀⠀
Ол өксіген қарс айырып көкірегін: ⠀⠀
«Үйренісіп өзіңе кетіп едім,⠀⠀⠀
Маған қиын болады жалғыз қалу, ⠀⠀
Қалшы осында, қала ғой, өтінемін».⠀⠀⠀
⠀⠀⠀
Өмірі үшін, о мейлі құмары үшін, ⠀⠀⠀
Ол қимады жанының жұбанышын: ⠀⠀
«Маған қиын болады жалғыз қалу, ⠀⠀⠀
Ей, тас жүрек, сен соны ұғамысың?».⠀⠀⠀
⠀⠀⠀
Ал сен кетіп қалдың... ⠀⠀⠀
Құшағында жаз қалды қоңыр түннің, ⠀
Көз алдыңда көйлегі оның күлгін.⠀
Сары шаш күз кездесті, бұрын, тегі, ⠀⠀⠀
Күз көрмеген секілді сен ұмтылдың. ⠀⠀⠀
⠀⠀⠀
Жабығып жүр, қажып жүр демесін деп, ⠀⠀⠀
Күлген болып, сол баққа келесің көп. ⠀
Жаз кіреді түсіңе, шошып тұрып, ⠀⠀
Күздің суық ерінін өбесің кеп. ⠀⠀⠀
⠀⠀⠀
Сары күзге сенбейсің, шүбәлісің. ⠀⠀
Сыбырлайсың... Қан жылап тұрады ішің:⠀⠀⠀
«Маған қиын болады жалғыз қалу, ⠀⠀⠀
Ей, тас жүрек! Сен соны ұғамысың?»⠀⠀⠀
⠀⠀⠀
#Есенғали_Раушанов⠀⠀⠀
#ЕсенғалиРаушанов⠀⠀