Данияр Жігітбек
18.2K subscribers
478 photos
4 videos
11 files
156 links
Бұл – менің онлайн күнделігім. Мұнда ой-толғамдарым, арман-мақсаттарым, ізденістерім мен жалпы өмірімде болып жатқан өзгерістер жайлы жазып отырамын.

Кері байланыс: @zhigitbek
Каналдың талқылау чаты: @dzhigscussion
Download Telegram
«Керек» vs «келеді»

Біз ертеңгі күнімізді жоспарлаған кезде ішкі диалогымызға үңілсек, "керек" деген сөзді жиі қолданады екенбіз. Мысалы, "бәленшемен кездесуім керек", "ананы істеп тастауым керек", "таң намазына тұруым керек", т.б.

Осы "керек" деген сөзде міндет бар, жүк бар. Ал мидың басты функциясы: энергиямызды барынша үнемдеу. Сол үшін "керек" істерді кейінге қалдырғымыз, істемей-ақ қойғымыз кеп тұрады.

"Келеді" деген де сөз бар. "Керек"-тің антонимі. "Мынаны істегім келеді", "ана жаққа барғым келеді", т.б. Бұл сөзде қалау, еркіндік бар. Шабыт сыйлайтын да сияқты.

Бір ой туды. Енді ертеңгі күнімізді жоспарлағанда, "керек"-тің орнына "келеді"-ні қолдансақ қалай? Мысалы, "таң намазына тұруым керек" дегеннің орнына "таң намазына тұрғым келеді" десек. Бұрынғыдай бір ауыр жүк сезілмейді ә?

Тура сол сияқты "ертең магистрлік диссертациямның 2 бетін жазып бітіргім келеді", "30 минут кітап оқығым келеді", т.б. десеңіз, айырмашылықты байқайсыз.

Өмірімізде "келеді"-лер неғұрлым көп болса, өзімізді соғұрлым бақытты сезінеміз.

Өстіп "керек"-терді "келеді"-ге ауыстырып, біраз нәрсені жеңілдете аласыз. Керісінше, "келеді"-лерін "керек"-ке ауыстырып, өмірін қиындатып жүргендер де бар.

https://t.me/dzhigitbek
Өмірін түбегейлі өзгерткісі келген адам мына 4 әдетті қалыптастырса, жеткілікті деп ойлаймын:

1. Кемінде 2 литр су ішу
2. Кемінде 10 000 қадам жасау
3. Кемінде 30 минут кітап оқу
4. Күн шыққанға дейін ұйқыдан тұрып, күніңді бастап кету

Былай қарасаң, қарапайым істер. Бірақ осының өзін әдетке айналдыра алсаң, денсаулығың жақсарады, табысың артады, көңіл-күйің көтеріледі, өзіңе деген сенімің артады, өзіңді бақытты сезінесің.

4 әдетті бірден бір уақытта қалыптастырам десеңіз, ұтыласыз. Дұрысы: әрқайсына 3 айдан арнап, бір-бірден жұмыс істеу. Сонда бір жылда 4 әдет толық қалыптасады.

Кемінде 30 минут кітап оқу әдеті жайлы айтқым келіп тұр. "Кітап оқуды тоқтатқан адам ойлануды да қояды" депті француз философы Дидро.

Рас, қазір ойланатын адамдар аз. Себебі кітап оқымайды. Тіпті 30 минут та оқымайды.

Мынадай деректі көзім шалып қалды: "Адамдардың 95% ойланбайды, 2% ойланады, 3% ойланамын деп ойлайды екен".

Күнде кемінде 30 минут бойы кітаптағы ойлар басына кірмеген адам ақпараттық қоқысқа толы интернетке төтеп бере ала ма?

Кітап оқу стресті азайтады. Кітап оқуды әдетке айналдырып жүрген жандардан мынадай нәрсені байқадым:

Олар бұрын тез ашуланып кететін болса, қазір салқынқанды бола бастаған. Егер айналаңдағы адамдардың бәрі "раздражать" ете бастаса, біліңіз, проблема оларда емес, сізде: сіз стресте жүрсіз.

Бұл жерде оқу тәсілі жайлы айта кету керек. Таймер қосасыз, телефонды авиарежимге қоясыз да, 30 минут бойы ештеңеге алаңдамай, кітап оқисыз. Өзіңізді арнайсыз. Қанша бет оқитыныңыз да маңызды емес. Бастысы — процесс. Бұл бір медитация сияқты оң ықпалын тигізеді.

Мен не үшін кітап оқуды насихаттап жүрмін? Себебі бүкіл проблема ойланбаудан шығып жатыр: ажырасу, кредит, әсіредіншілдік, саяси салғырттық, т.б.

Жоғарыда айттық "адам ойлана бастауы үшін кітап оқуы керек" деп.

30 минут деген көп емес. Бірақ санасын әлеуметтік желілер торлап алған адам үшін үлкен жетістік!

Бұны күнделікті қабылдауың керек витамин деп ойла. Ең құрығанда қартайғанда алжымас үшін кітап оқышы.

Бұрын арақ ішіп алмаса, қызға сөз айта алмайтын жігіттер болатын. Қазір азайған шығар. Солар қазір дастарханда дұрыс әңгіме айта алмайды. Батаны да, тостты да жарытпайды. Қызбен дұрыс сөйлесу үшін де кітап оқуың керек.

Кітап жайлы сағаттап айтуға бармын. Осымен шектелейін.

Әзірге ұсынарым: Way of Life сияқты трекер қосымшаны орнатып, сол арқылы өзіңізді бақылап, күнде кемінде 30 минут кітап оқуды әдетке айналдыра бастаңыз.

Үзбей оқуға тырысыңыз. Сонда да сүрінуіңіз мүмкін. Ол кезде қайта тұрып, жалғастырып кету өте маңызды. Сөйтіп осы әдетпен 3 ай шұғылданыңыз. Өміріңіздегі оң өзгерістерді байқай бастайсыз. Сіз тек қана кітап оқу әдетін қалыптастырмайсыз, сіз тұрақтылық әдетін де қалыптастырасыз. Ал тұрақтылық — бүкіл жетістіктің кілті.

https://t.me/dzhigitbek
21 шілде. Өмірімдегі елеулі күндердің бірі. 11 жыл бұрын дәл осы күні саналы түрде намаз бастадым.

"Жизнь до и после" деп жатады ғой. Менің де өмірімді солай сипаттаса болатын шығар "21.07.2010-ға дейінгі және кейінгі өмір" деп.

Бірақ менің намаз бастау жолым жеңіл болмады. Естеліктерімді бөлісе отырайын. Бәлкім біреуге пайдасы тиіп қалар.

Универге түскен жылы бар ойым оқу болды. Дін жайлы ойлануға уақыт та болмады. Есімде, бір группаласым "қашан намаз бастайсың?" деп сұрағанда, "30 жасыма қарай бастармын" деп жауап берген едім. Намазды өзімнен сонша алыс көргенмін ғой сонда.

Намаз оқитын группаластарым дінге қызықтырып, шайға шақыратын. Сол кезде білдім ғой өзім сияқты көп жастардың дінге келіп жатқанын. 30 емес, 18-де де намаз оқу норма екенін көрдім. Ішпейтін, шекпейтін, боқтамайтын, бір-бірімен "сіз" деп сөйлесетін ортаның бар екеніне таңқалдым шыны керек. Сөйтіп дінді тереңірек зерттей бастадым.

Бір күні, бірінші курстың қысқы каникулы болса керек, ата-анама намаз бастағым келетінін айттым. Олар үзілді-кесілді қарсы болды. Не үшін? Намаз деген жақсы ғой. Баласының дұрыс жолда жүргенін қаламай ма?

Сөйтсем олар менің дінге қызығып жүргенімді көріп, жан-жағын зерттей бастаған екен. Өкініштісі, сол жылдары жастар теріс ағымдардың жетегінде кетіп жатты. Бір діни бум болды: жастар жаппай діндар бола бастаған кез еді. Біреу ата-анасының тамағын жемей, біреу Сирияға кетіп жатты. Сондай мысалдарды көп көрген соң, ата-анам қорқа бастады. "Балаңның дінге кіргені — балаңнан айырылғаның" деген түсінікте болды.

Менің діндегі алғашқы қадамдарым сол толқынға тұспа-тұс кеп қалды. Былай қарасаң, әдепті, үлгілі, тілалғыш бала боп өстім, теріс қылықтарым болмады. Ата-анам айтатын "бұзық болсаң, дінге кіргеніңе қуанатын едік адам болады деп, сен жап-жақсы баласың ғой, дінді қайтесің?" деп.

Иә, сол жылдары жұрт дінді "қараңғылық, артқа кету" деп қабылдайтын еді. Иманым әлсіз болды ма, намаздың құндылығын толық түсінбедім бе, ата-анама қарсы шықпай, намазсыз күндерімді сүре бердім. Бірақ іште бірдеңе маза бермейтін. Жүрегім тыныштық таппайтын.

Дінді зерттей бердім. Рухани азықты azan.kz пен umma.ru-дан алып жүрдім. Сөйтіп жарты жыл өтті. Бірінші курс бітті. Жазғы каникул басталды. "Намаз бастау керек" деген ой күшейе берді.

Біраз білім алған соң, өзімді намаз бастауға рухани дайынмын деп сезіне бастадым. Егер 6 ай бұрын ата-анам қарсы болмай, намаз бастап кеткенімде, бәлкім, ұзаққа бармас та ма едім, кім біледі. Енді бір түрткі керек боп жүрді "давай, бастап кет" деген.

"Асыл арна"-ны көріп жүретінмін. Бір күні кешке Қайрат Жолдыбайұлының "Иман" деген тақырыптағы сұқбатын көріп қалдым. Сол сұқбат маған қатты әсер етті. "Болды, енді бастамасам болмайды" деген бір берік шешім пайда болды. "Енді бастамасам, жарылам" дегендей.

Сөйтіп Алланың қалауымен намаз бастап кеттім. Ата-анам әлі де қарсы еді. Басында оларға көрсетпей оқып жүрдім. Кейін олар біліп қойды. Үйде ұрыс-керіс болды. "Үйден кетесің" дегендей әңгімелер де айтылды. Бірақ мен іштей "ештеңеге қарамастан намазды тастамаймын" деп бекіндім. Сол кезде мен алғаш рет Аллаға тәуекел етудің не екенін сезіндім.

Бір жағынан, ата-анамның не үшін қарсы болғанын да түсініп, Исламның теріс ағым емес, адамды одан сайын жақсы ете түсетін дін екенін дәлелдеу үшін барымды салдым. Сөзбен, пікірталаспен емес, ісіммен, нәтижелеріммен: сабақтың бәрін 5-ке оқу, қосымша жұмыс істеу, т.б. Және ең бастысы осы процесте оларға жұмсақ сөйлеп, мейірім қанатын жаю болды. Саған "үйден кет" деп тұрған адамға қалай әдемі мәміле қыласың? Қиын болды. Бұл да бір "жиһад" еді мен үшін.

Уақыт өтіп жатты. Мен қарсылықтарға қарамастан намазымды оқи бердім. Мен үшін барлық істе жақсы нәтиже көрсету және ата-анаммен жақсы мәміледе болу маңызды еді. "Сіз" деп айта бастадым ғой оларға. Сөйтіп 4-5 жыл өткеннен кейін ата-анамның өзгелердің алдында "балам намаз оқиды" деп мақтанышпен айтқанын естіп, көзіме жас келді. Осы сөзді еститін күнге жету үшін үлкен сабыр, үлкен еңбек керек болды.
Намазбен өткен 11 жыл. Рухани өстік, белгілі бір деңгейде кемелдендік. Санап қарасам, осы уақыт ішінде Алланың алдында кемінде 20075 рет тұрып, мінәжат еткен екенмін. Былайша айтқанда, Алламен 20075 рет кездесіппін.

Қазір жасым 30-да. Бірінші курстағы Данияр осы жаста "намаз бастаймын" деп еді ғой. Мен оған айтар едім "ертерек бастағаның дұрыс болды. Себебі өміріңе ертерек мән кірді. Бақыттың не екенін ертерек сезіндің. 11 жыл бойы жүрегің тыныштық таппай, мәнсіз өмірге қалай шыдар едің?" деп.

Намаз оқымайтын адам "Алланың құлы болу" дегенді түсінбейді. Ал Аллаға құл болмаған адам автоматты түрде басқа нәрселерге құл болады, мысалы, өз эгосының құлына да айналуы мүмкін. "Қалаған нәрсемді істеймін немесе істемеймін" дегендей. Намазды уақытында оқу, дәрет алу, т.б. нәрселерді уайымдап, соның қамымен жүрген адам ғана Алланың алдында өзін шынайы құл сезінеді. Бірақ бұл "құл болу" сезімі сені өшірмейді, керісінше, өсіреді. Аллаға құл болу арқылы сен барлық нәрседен биіктей түсесің.

#рухани_әңгіме
https://t.me/dzhigitbek
Кейінгі кезде мына тектес әңгімелерді жиі байқап жүрмін:

— Бір кезде қатты депрессияға түсіп, өз-өзіме қол жұмсауға дейін бардым. Сосын өзімді сол батпақтан шығарып, жетістікке жеттім.
— Бала кезде әкем/шешем тастап кетті. Кедейлікте өстім. Бірақ қазір аяққа тұрып, жақсы ақша табатын болдым.

т.б. әңгімелер таныс шығар.

Бұрын мұндай әңгімелерді естігенде, менде аралас сезімдер пайда болатын. Бір жағынан сүйсінетінмін. Керемет success story ғой. Жалпы сценарий тұрғысынан қарасаң, кейіпкердің өсуін, өзгеруін, қиындықты жеңіп шығуын көрсететін кино/романдар адамға жақсы әсер етеді.

Екіншіден, өзіме қарасам, ондай қиындық көрмеген екенмін. Депрессияның не екенін білмей өстім. Әкем де, шешем де тастап кетпеді. Ақшадан қиналған күнім болмапты.

Сосын мынадай ой келеді ғой: "Мен олар сияқты қиналмадым, демек, олар сияқты жетістікке, табысқа жете алмайтын шығармын" деген. Не деген логика десей!

Менде, көбімізде де солай шығар, сондай тұлғаларға қатысты бір романтизм болған сияқты. Бейсаналы түрде сондай өмірді қалайтын да тәріздіміз. Не үшін? Happy end болғаны үшін ғана ма? Негізі оның өткен өмірі қызығуға тұрмайтын өмір ғой.

Қазір ондай адамдарды аяйтын болдым, шыны керек. Шынайы жанашырлық сезімі болады ғой, сондай сезім менде. Үлгі алғым да келмейді. Бәлкім сондай ситуацияға түсіп қалған басқа адамдар олардан үлгі алса, шабыт алса, жарасатын шығар.

Сенде бәрі жақсы бола тұра, сондай адамдарды тыңдай бергеннен, солардың романтизациясына ере бергеннен басыңда ұстаным (установка) орнап қалуы да мүмкін ғой "Өмірде жоғары көтерілу үшін тереңге ("болотоға") түсуің керек" деген.

Осы ұстаныммен өмір сүрем десең, өз еркің. Бұл сен үшін шындық болмақ. Ал әркім өз шындығын өзі таңдай алады ғой. Бастысы, сол шындық сені бақытты етсе, болғаны.

Бір оқырманым жазып еді "Өмірімде бәрі жақсы бола бастаса, чё та не так деп, артынша бір жамандық келетіндей қорқа бастаймын" деп.

Бұл да — установка, оның шындығы. Бірақ, айтыңызшы, бұл шындық оны бақытты етіп жатыр ма, жоқ па?

Ал сол шындығын былай деп өзгертіп көрсе ше: "Өмірімде бәрі жақсы бола бастаса, демек, бұл мені одан да жақсы нәрселер күтіп тұр деген сөз" деп?

"Болото"-ға түсіп, бірақ қайта тұрған адам мақтауға лайық шығар. Бірақ өмір бойы "болото"-ға түспей, бақытты өмір сүре білген адам одан да лайығырақ!

https://t.me/dzhigitbek
Жетістікке жетудің басты құпиясы

Наполеон Хилдің "Ойлан да, байы" ("Думай и богатей") деген кітабын оқып жүрмін. Бұған дейін кітаптың аудио нұсқасын 10 жыл бұрын тыңдап шыққан едім. Сол кезде іште "Енді кітап нұсқасын міндетті түрде оқуым керек" деген бір ой қалған. Бірақ "жетістікке жетудің құпиясын" үйрететін кітаптарды көп оқып қойдым ба, олардан шаршай бастадым. Көрсем, "құсқым" келетін болды. Сөйтіп "Ойлан да, байы" кітабы жылдар бойы сөреде оқылмай тұра берді.

Айта кету керек, Наполеон Хилл — жетістікке жету "ғылымының" (солай десек те, болатын шығар) негізін қалаушы. Қазіргі Робин Шарма, Тони Роббинс, Брайан Трейси, т.б. дегендер оның көлеңкесі іспеттес. Біз тамсанып тыңдайтын коучтардың барлығы сол кісінің салып кеткен жолымен жүріп келеді.

Кейінгі кезде табысымды еселеу жайлы ойланып жүрмін. Не үшін өзім қалаған соманы таба алмай жатырмын? Әлеуетімді (потенциал) дұрыс қолданбай жатқанымды сеземін. "Байып кетейін десем, қолым тимей жүр" деген күйдемін) Бір жағынан, "байлық психологиясын" түсініп алғым келеді. Сөйтіп не де болса, Наполеон Хилл көмектесер деп, сөреден шаң басып қалған кітабын алып, оқи бастадым.

Кітаптың басында автордың алғысөзі бар. Сол жерде ол оқырманды былай деп қызықтырып қояды: "Бұл кітаптан жетістікке жетудің басты құпиясын табасыз. Бірінші бөлімнен бе, соңғы бөлімнен бе, оны тапқан кезде, өзіңіз сезесіз. Бұл формуланы үйрету мүмкін емес, оны өзіңіз үйренесіз".

Басқа біреу айтса, "ой, қойшы" деп өтіп кететін едім. Бірақ бұны өмірінің 25 жылын табысты адамдардың жетістік құпиясын зерттеуге арнаған Наполеон Хилдің өзі айтып тұр ғой!

Сөйтіп кітапты мұқият оқи бастадым. Бірінші бөлімін оқып бітірдім. Бірдеңе айтайын ба? Мен Хилл айтқан "жетістікке жетудің басты құпиясын" таптым! Автор айтпақшы, "оны тапқан адам кітапты ары қарай оқымай-ақ қойса да болады")

Түсінгенімді жеткізіп көрейін. Егер менің жазғаным сізді селт еткізбесе немесе миыңызда жарылыс жасамаса, онда "Ойлан да, байы" кітабын өзіңіз оқып көргеніңіз дұрыс-ау.

Қысқаша айтсам, кез келген жетістікке жетудің басты құпиясы: оны қатты ҚАЛАУ (желание) және соған жету үшін қайтпауға іштей БЕКІНУ (решимость). Қалау және бекіну — басты екі талап. "Думай" дегені осы. Байқасаңыз, әрекет жайлы сөз жоқ. Қалауыңыз неғұрлым қатты болса, қандай жағдай болса да, қайтпауға бекінсеңіз, қандай әрекет жасау керектігін өзіңіз-ақ түсінесіз. Жасайсыз да. Бастысы, оны жасау үшін мотивация іздемейсіз және қиналмайсыз.

Әкесіне көлік сыйлауды қатты қалап, сол жолда қайтпауға іштей бекінген бойжеткеннің дегеніне жеткенін көрдім. Бір қызды сүйіп, оны жар етуді қатты қалап, сол жолда қайтпауға іштей бекінген жігіттің әлгі қызды басқа біреу алып қашса да, дегеніне жеткенін көрдім. Бір универге түсуді қатты қалап, сол жолда қайтпауға іштей бекінген талапкердің бесінші реттен дегеніне жеткенін көрдім.

Осындай әңгімелерді айта бастасам, "Адамның қалағаны емес, Алланың қалағаны болады" деп жазады кейбіреулер. Біріншіден, сен бұлай айтсаң да, айтпасаң да, Алланың қалағаны болады, бұл — аксиома.

Екіншіден, "Алланың қалағаны болды" деп сен бәрі өтіп кеткеннен кейін айтсаң, жарасады. Оған дейін сен Алланың не қалағанын біле алмайсың ғой. Мысалы, дзюдошы Елдос Сметов олимпиада алтынын алуды қатты қалады дейік. Риода күміс, Токиода қола алды. Сөзсіз Алланың қалағаны осы болды. Бірақ Елдос әлі де күресе алады ғой. Келесі олимпиададан алтын алып қалуы да мүмкін. Әрине, егер соны қатты қаласа! Сол үшін "Алла Елдостың алтын алғанын қаламады" деп айтуға әлі ерте.

Үшіншіден, меніңше, кейбір мұсылмандар "Алланың қалағаны болады" деп өзінің әлсіздігін, әлжуаздығын, жауапсыздығын ақтап алғысы келетін сияқты. Барын салғысы келмейді. "Қайтпаймын" деген іштей бекіну жоқ немесе ерте беріліп қояды да, "Алланың қалағаны осы болды" дей салады.

Ал сіздің қатты қалап, сол жолда қайтпауға іштей бекінген мақсатыңыз бар ма? Жоқ болса, бұл сіз әлі нақты нені қалайтыныңызды білмейсіз деген сөз. Жетістікке жетпей жатқаныңыздың да түпкі себебі осы.

https://t.me/dzhigitbek
Қазір бойдақтарға арналған .pdf кітап жазып жатырмын. Ағалық ақыл-кеңестерім қамтылған кітапша. Кітап жазу процесі сіздерге қызық шығар. Бөлісе отырайын. Мен жасайтын қарапайым қадамдар мынадай:

1. Ноутбуктің рабочий столында Word документ ашып, атын "Бойдақтарға арналған кітап" деп қою: 2 минут.

Алғашқы қадам өте жеңіл әрі қарапайым болуы керек. Бұл істі кейінге қалдырмауға көмектеседі. Қиыны бастап кету ғой. Бастап кетсең, ары қарай соның күшімен жалғастырып кетесің.

2. Бұған дейін осы тақырыпта жазған посттарымды копи-паст етіп, Word-қа енгізіп қою: 15 минут.

3. Бұған дейін осы тақырыпта Инстаграмда сұрақ-жауап жасаған едім, соның ішінен таңдаулыларын скриндеп, ініме теруге жіберу: 15 минут.

Бұны "делегирование" дейді. Жұмыстың бір бөлігін өзгелерге тапсыру арқылы жобаны тезірек бітіресің.

4. Ой жүгіртіп, кітапқа енуі қажет актуал тақырыптар тізімін жасау: 15 минут.

Бір отырғанда барлық идея келмеуі мүмкін. Жаңа идеялар келгенде бірден блокнотыма түртіп отырамын. Сөйтіп тізімім толыға береді.

5. Шамамен 30 тақырып шықты дейік. Менің болжамым мынадай: күнде 2 тақырыптан жазып отырсам, 15 күн кетеді екен.

Ескерту: бұл — өз тәжірибеме, мүмкіндіктеріме сүйеніп жасаған болжамым. Егер сіз бұған дейін кітап жазбаған болсаңыз, болжамыңыз дәл болмауы мүмкін. Сол үшін бір қадамды ғана жоспарлаңыз. Мысалы, "ертең 1 тақырып жазып көремін" деп.

Менің жоспарым дәл болады, себебі мен бұл жолды жүріп өткенмін. Ал сіз қателесуіңіз мүмкін. Басында солай болады да. Бірақ бастысы бүкіл жобаны жоспарламай, әрбір келесі қадамды ғана жоспарлап отырыңыз. Сонда көңіл-күйіңіз түспейді.

6. Сөйтіп менің Word-ымда шикі жазбалар пайда болады. Әзірге структура жоқ.

7. Кітаптың сәтті шығуы 50% контентке, 50% структураға байланысты. Ең әдемі мұрын мен ең әдемі ауызды рет-ретімен орналастыра алмасаң, ол бет ұсқынсыз боп кетеді.

8. Артықтан арылу принципіне салып, бастан-аяқ редакциялап, артық, қайталанатын жазбаларды өшіріп тастаймын.

Бұл — ләззат сыйлайтын процесс. Шикі тасты қашап, артығын алып тастап, бір мүсіннің сұлбасын жасап жатқандай боласың.

9. Енді менің алдымда артық ештеңе жоқ. Қай жазбадан кейін қай жазба тұруы керек — бәрін рет-ретімен қойып шығамын. Редакция + структурасын жасау: 4 сағат.

10. Кітап пәшти дайын. Осы дайын Word-ты дизайнерге жіберемін. Ол 2-3 күнде дизайнын жасап, кітаптың .pdf нұсқасын шығарып береді.

11. Дизайнер .pdf нұсқасын маған жібереді. Болды, кітап дайын!

12. Сосын мен Инстаграм сторизде хабарлаймын "уа, бойдақтар, кітап дайын! Алу үшін төлем жасап, мына жерге жазыңыз" деп.

Есептеп көрейік. Мен кітапқа кіріскен күннен бастап аз-аздан үздіксіз жұмыс істесем, 21 күннің ішінде кітап сіздің қолыңызға тиеді екен.

PS:

Мотивация іздеп жүрген жандарға айтарым: мотивация адам процесс пен нәтижені көрген кезде пайда болады. Мысалы, біреу Түркияға барғысы келеді. Бұл — нәтиже. Оны көріп тұр. Бірақ неден бастауы керек, келесі қадам қандай, оны білмейді. Яғни, процесті көріп тұрған жоқ. Сол үшін мотивация керек болса, процесіңді айқындауға тырыс, сол жолды жүріп өткен адамдармен ақылдас, жоспарлауға уақытыңды аяма.

https://t.me/dzhigitbek
Жақында @narikbi_live екеуміз "2021 жарты жылда не өзгерді?" деген тақырыпта әдемі бір талқы жасаған едік. Міне, сол подкаст та жарық көріпті.

Мынадай тақырыптар қозғалды:

1. Рухани даму маңыздылығы мен жұма намаз
2. Данияр адамдарға кітап қалай оқытты? Оқырман клубтары не үшін қажет?
3. Футбол, стриминг және CS:GO
4. 90 минут және жаңа мектептер
5. Бізге қандай идеология керек?
6. Коррупция, тиімділік және кайдзен
7. Қаржылық сауаттылық және айфон
8. Трамп vs Клинтон және идеология
9. Бастық болу және кітап аудару
10. Бетперде vs маска
11. Қазақстан қалалары қалай дамып жатыр?
12. Қызылорда қазақтарының ерекшеліктері
13. Продуктивность vs. эффективность
14. Даниярдан қандай кітап күтеміз?

Подкастты тыңдау үшін мына сілтемеге өтіңіз: https://t.me/narikbi_live/996

Тыңдап болған соң, ойыңызды бөлісіңізші. Бізге кері байланыс алу, сол арқылы ісіміздің пайдалы боп жатқанын білу, сезіну өте маңызды.
Бойдақтар үшін жазып жатқан кітапшамның кіріспесін ұсынамын. Тағатсыздана күтіп жүрсіздер, білем. Сәл сабыр сақтай тұрыңыздар. Әзірге кіріспесін оқып, кітаптың миссиясын түсініп алсаңыздар деймін. Пікір жазып, қолдап қойыңыздар. Шабыттанып, қалған бөлімдерін жазып тастайын☺️

"Құрметті інім, қарындасым! Бұл кітапты алып, оқып отырғаның — үйлену мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарағаныңның белгісі. Әйтпесе, дайындықсыз үйленіп, сан соғып жатқан жандар қаншама! Сен ерекшесің! Себебі, біріншіден, бұл тақырыпта әлі де білімің аз екенін мойындадың, екіншіден, тәжірибесі бар адамның ақылына жүгініп отырсың.

Тәжірибе демекші, мен негізі өмірде бір-ақ рет үйленген адаммын. Бұл кітаптан терең психологиялық зерттеулердің нәтижесін, діни үкімдерді, түрлі статистикалық мәліметтерді күтпей-ақ қой. Менің мақсатым: өз тәжірибемді бөлісу, ақыл-кеңес сұрап келген ініме, қарындасыма білгенімді айту ғана. Өмірден көргеніміз, түйгеніміз бар. Жар таңдау, үйлену деген өмірдің бір кезеңінен өткен адам ретінде артыма қарап, "мынаған көңіл бөл", "анадан абай бол" деп айта аламын.

Оның үстіне қазіргі кезде іні-қарындастарына отбасы құру жайлы ақыл айтатын, жөн сілтейтін ағалар да аз ғой. Жалпы бізде "аға-іні", "аға-қарындас" институты әлсіреп қалған сияқты. Ата-анаң тұрмыс қамымен жүріп, саған үйрете алмаған өмірлік қағидаларды аға-әпкеңнен үйрене аласың.

Кейбір мәселелерді психологиялық, әсіресе батыстың кітаптарынан таба алмайсың. Оны сенімен бір қоғамда, бір заманда өмір сүріп жатқан ағаң немесе әпкең саған бүге-шігесіне дейін түсіндіруі керек. Мен өз басым екінші жартымды іздегенде, үйленер кезде ағаларыммен көп ақылдастым. Шыны керек, олардың ақылы тигізген пайдасы, оң әсері тұрғысынан кітаптардан алған білімнен асып түспесе, кем түспейді.

Жалпы ақылдасу деген керемет нәрсе ғой. "Келісіп пішкен тон келте болмас" дейді. Ақылдасып, іске кіріссең, аз қателесесің, жетістікке тезірек жетесің. Ақымақ адам өз қатесінен сабақ алмайды. Ақылды адам өз қатесінен сабақ алады. Ал дана адам өзгенің қатесінен сабақ алады. Дана болайық.

Маған әлеуметтік желіде жиі келетін сұрақтардың бірі һәм бірегейі — осы отбасы құру мәселесі. Бір жағынан жастардың сапалы отбасын құрайыншы, қателесіп қалмайыншы деген талпынысын көріп қуанамын. Тағы да айта кетейін. Мен отбасылық психолог, коуч емеспін. Мені өмірлік тәжірибесі сенен сәл көбірек, айтары бар ағаң ретінде қабылдасаң, жеткілікті.

Бұл кітапты екеуміз бетпе-бет сырласып отырғандай, елестетіп оқып көрші. Тыңдаушы ықыласты болса, сөйлеуші шешен болады. Мұқият тыңда. Мен асықпай сөйлеймін. Бірақ жалықтырып та алмаймын. Санаңда сайрап тұрған сұрақтардың жауабын осы әңгімемнен таба аласың деп үміттенемін. "Сіз" деп сыйласқанша, "сен" деп сырлас дейді ғой. Сол үшін бұл кітапты "сен" форматында жазуды жөн көрдім.

Ендеше, көп созбай әңгімемізді бастайық..."

https://t.me/dzhigitbek
Дайындық пен мүмкіндік

Жетістік мүмкіндік пен дайындық түйіскен кезде келеді дейді. Мысалы, жалақысы жоғары бір жұмысқа ұсыныс түсті. Басты талап: ағылшын тілін IELTS 6.0 деңгейінде білу. Тура сенің деңгейің. Бұған дейін тіл үйреніп, өзіңді дамытқан едің. Дайындығың жақсы болып, жұмысқа оп-оңай тұрып кеттің. Жетістікке жеттің.

Бірақ өмірде әуелі мүмкіндік іздеп, сосын "соған сай дайындық жасармын" деп жүрген жандарды жиі көремін. Мысалы, жалақысы жоғары жұмыс іздейді, сұранысқа ие мамандыққа түскісі келеді, т.б.

Бірақ меніңше мүмкіндік іздей бермей, дайындыққа, өзіңді дамытуға ден қою дұрысырақ сияқты. Сонда мүмкіндіктерді шертіп жүріп таңдайсың.

Мысалы, маған итальян тілі ұнайды. Өз бетімше үйреніп жүрмін. Жетік меңгерсем деген ойым бар. Қай істі қолға алсаң да, соңына дейін жеткізуге, әдемі істеуге тырысшы. Болды. Мүмкіндік іздеп, жетістікті ойлап, бас қатырма. "Дайындық пәлсапасы" деген сол.

Менен "итальян тілін үйрену саған не береді?" деп сұрайтындар бар. Менің жауабым дайын: маған тіл үйрену ұнайды. Ұнаған соң, уақыт пен энергиямды сарп етемін. Менің дайындығым сол. Итальян тілін жетік меңгерсем, алдымнан мүмкіндіктер кезек-кезек шығатынын білем. Мысалы, сценариімді итальян тілінде жазып, итальян режиссерлерінің көзіне түсуім мүмкін. Егер дайындығым болмаса, бұл мүмкіндіктен мақұрым қалар ем немесе мұндай мүмкіндіктің бар екенін де білмейтін ем.

Күнде алдымыздан мыңдаған мүмкіндіктер шығып отырады. Бірақ өзіміз дайын болмаған соң, көбін өткізіп аламыз. "Дайындық пәлсапасын" өзіңді үнемі жан-жақты дамытып отыру деп түсінемін. Қандай курс оқысаң да, қандай мамандық игерсең де, қандай машық меңгерсең де – бәрі мүмкіндік есіктерін ашады.

Маған жүзу де ұнайды. Бассейнге барып, жүзу қабілетімді шыңдай бергім келеді. Бұл да – дайындық. Кім біледі, бір күні әлгі итальян режиссерлері мені Венецияға шақырса, сол жерде бір кісі катерден суға құлап түссе, сосын оны мен құтқарып алсам, ал ол кісі Италияның бір бай-шонжары боп шықса, сөйтіп маған алғыс ретінде Венециядан бір пәтерді сыйлай салса, керемет емес пе? Дайындық пен мүмкіндік түйісіп, жетістікке жету деген осы емес пе?)

https://t.me/dzhigitbek
Менің бір бастығым болды. Бір күні ресторанда отырғанбыз. Асымызды жеп болып, тұруға ыңғайландық. Бастығымның ыдысында бір котлет қалған. Ол не істеді дейсің ғой? Даяшыға "мынаны бір ыдысқа салып берші, өзіммен ала кетейін" деді. Мен таңқалдым. Оның қандай үйде тұратынын, қандай көлік мінетінін білуші едім. Енді "мына котлетті не істейді? Мұндай котлеттің миллионын сатып ала алады ғой" деп ойладым.

Алдындағы асын ысырап қылмай, жеп қою мен байлықтың арасында бір байланыс бар екенін сезетінмін. Бірнеше қалталы досымнан да соны байқадым.

Кейін "Тамақты қалдырмай жеңдер. Негізінде сендер оның қай жерінде береке барын білмейсіңдер" деген мағынадағы хадисті естідім. "Береке" дегенді аз нәрсенің көп нәтиже беруі деп түсінемін. Мысалы, тамақтың берекесі: бір қарағанда аз боп көрінген тағамның сені ғана емес, сенімен бірге отырғандардың бәрін тойдыруы.

Байлық тұрғысынан қарасақ, береке: қанша тапсаң да, ақшаңның бәріне жетуі немесе саған көп ақша әкелетін байлық көзін тауып алуың. Әлгі бастығым мен қалталы достарым жай тамақты қалдырмай жеудің себебімен береке тапқан-ау деп қалдым.

Жоғарыдағы хадисті кеңірек түсініп көруге тырыстым. Тамақты ғана емес, кез келген затты барынша қолданып қалу керек деп ойлаймын. Соңына дейін сығып дейді ғой. Мысалы, киім кисең, жыртылғанша ки. Жыртылған күннің өзінде жамап, сәндеп, "екінші өмір" сыйлауға болады негізі. Бұл киімнің қай жерінде береке барын білмейміз.

Кітап оқығанда да, соңына дейін оқы. "Таралымы бәленше" деген бетке дейін. Кім біледі, бәлкім сол жердегі бір сөз, бір сөйлем сенің өміріңді күрт өзгертіп жіберетін шығар. Жай әріптердің қосындысы неше түрлі эмоциялар тудыра алады ғой. Бұл кітаптың қай жерінде береке барын білмейміз.

Балаң "ойыншық әпер" деп мазаңды алады. Бұрынғысы ішін пыстырып жіберген. Негізі сұрағанын әпере салуға аса көп ақылдың да қажеті жоқ. Ал қолындағы ойыншығын сәндеп, жаңа детальдар қосып, бар нәрсені ұқсату үшін креатив керек. Балаға жаңа ойыншық әпергенше, креатив танытуға баулу керек. Сол кезде басы істей бастайды. Мүмкін ескі ойыншықтың берекесі осында жатқан шығар?

https://t.me/dzhigitbek
Қайбір жылы достарымызбен Ыстықкөлге бардық. Сенбі-жексенбі — 2 күн демалысты ерекше өткізейін дедік. Негізі бір қарағанда 2 күн аз сияқты. Бірақ мен апталап көлдің жағасында жататындарды түсіне алмай-ақ қойдым. Бітпейтін не ләззат ол?!

Сөйтіп бірінші күніміз эмоция мен әсерге толы өтті. Өмірдің секундтар емес, сәттерден тұратынын осындайда түсінесің. Уақыт баяу жылжығандай бір күннің өзінде көп нәрсені көріп, сезініп тастадық.

Екінші күні эмоциялар басылып, түске қарай шомылудың қызығы кете бастады. Сөйтіп үйге қарай шығып кеттік. Солай істегеніміз дұрыс та болған сияқты. Егер тағы бір күн қалсақ, демалыстан шаршап, жағымсыз эмоцияларды кешер ме едік, кім білсін?!

Әр жағымды эмоцияның бір шегі болады. Сол шекке жеткенше өзіңді бақытты сезінесің. Ал шектен асқан кезде керісінше бақытсыз сезіне бастайсың.

Ісіңнен үнемі ләззат алып, өзіңді бақытты сезініп жүру үшін сол шекті білуің керек және дер кезінде тоқтауың керек. Мысалы, саған кітап оқу ерекше ләззат сыйлайды. Осы бір жағымды эмоцияны 30 минут бойы кешесің. Одан әрі оқи берсең, оқу жалықтыра бастайды. Дәл осы сәтте кітап оқуды тоқтату маңызды. Әйтпесе, кітап оқу энергия бермей, керісінше оны жей бастайды.

Калифорнияда French Laundry деген ресторан бар. Ерекшелігі: ол жерде тағамды кішкентай порциялармен береді екен. Себебі ресторанның бас аспазы Томас Келлердің айтуынша, адам алдындағы астың тек алғашқы 3-4 порциясынан ғана ләззат алады екен. Қалғаны әшейін қарынды толтыру ғана.

Бұл заңдылық басқа дүниелік заттарға да қатысты жүреді деп ойлаймын. Мысалы, Дубайда Ломбарджини айдап көресің де, ләззат аласың. Соны сатып алсам деп аңсарың ауады. Бағасы: 120 млн тг. Сөйтіп сатып аласың. Басында өзіңді бақытты сезініп жүретін шығарсың. Бірақ оның да ләззаты ұзаққа созылмайды. Бір кезде "осы-ақ па не?" деген сезім пайда болады.

Бұдан шығатын қорытынды: бір нығметтен ләззат алу үшін оған иелік етудің қажеті жоқ. Мысалы, ана Ломбарджиниді Дубайға барған сайын жалға алып, айдап тұрсаң болады. Содан ләззат аласың. Артық шығындалмайсың.

Негізі қаржы сауаты деген түптеп келгенде қажет пен қалаудың аражігін ажырату ғой. Артық қалаулар түбі сені тақырға отырғызуы мүмкін. Бір жаңа дүниеге қызығып, сатып алғың келді дейік. Сатып алу деген — иелік ету деген сөз. Сол кезде өзіңе сұрақ қой "Мен бұл затсыз өмір сүре алам ба?" деп. Жауап "иә" болса, демек, бұл — қалауың.

Кейде бір әдемі дүниені көргенде, оны сатып алмай, оған жай қарап-ақ ләззат алуға болады. Соның өзі жеткілікті. Мысалы, Луи Витонның сөмкесіне қарап, оны жасауға кеткен шеберлердің еңбегін ойлап, дизайнына тамсанып тұруға болады. Сатып алу шарт емес. "Мен бұл затсыз өмір сүре алмаймын" десең, мархабат, сатып ала бер. Бірақ бір айдан кейін ләззаты кетіп, "осы-ақ па не?" деп айтпа.

Адамның жаны мәңгілік рахатты қалайды. Адам бір нәрсені қаласа, демек, ол нәрсе бар деген сөз. Ол — жәннат. Сол сияқты адам не үшін мәңгі өмір сүргісі келеді, өлгісі келмейді? Себебі оны бұл өмірден өткеннен кейін мәңгілік өмір күтіп тұр. Бірақ ол сол мәңгілік өмірді осы дүниеден күтеді.

Адамның жаны мәңгілік жәннатқа ие болғысы келеді. Тәні дүниелік рахаттарға иелік етуді қалайды. Біз осы екеуін шатастырып аламыз да, қымбатқа сатып алған затымыз ләззат бермей жатса, көңіліміз түседі.

Кез келген ләззаттың бір шегі болады. Сол шекке дейін сол затты қолдан, сол істі істе. Ләззаты азая бастағанда, тоқтап үлгер де, басқа бір іске көш. Сонда өзіңді үнемі бақытты сезініп жүресің. Бір нығметтен ләззат алу үшін оған иелік етудің қажеті жоқ. Яғни, сатып алудан гөрі жалға ала тұру психологиясы бұл тұрғыда ұтымдырақ. Әрине, қажет пен қалаудың аражігін ажырата алсаң.

https://t.me/dzhigitbek
Сенім математикасы

Менен "бәріне сену" мен "ешкімге сенбеу"-дің қайсын таңдайсың десе, бәріне сенуді таңдар едім. Мен табиғатымнан сенгіш адаммын.

"Бірақ бәріне сене берсең, алданып қалуың мүмкін ғой" дейтін шығарсың. Иә, келісем. Мені лақтырып кеткен, алдаған, сенімімді ақтамаған адамдар болды. Бірақ сенімімді ақтаған адал адамдар өмір жолымда одан да көбірек кезікті.

Жалпы адамдардың көбі адал ғой. Тек ортасы кері ықпалын тигізіп жатады. Олар біздің сеніп немесе сенбей тұрғанымызды сезеді. Саған сенбей тұрған адамға сен де ашылғың келмейді. Ал саған біреу сеніп тұрса, оны алдап кетсең де, іштей өзіңді жайсыз сезінесің.

Адамдарға сену сенбеуден гөрі тиімдірек екенін математикалық түрде дәлелдеп көрейін. Мен біреуге сенсем, оны бір мүмкіндік есігі деп қабылдаймын. Сенімім ақталса, +1 жетістікке жетемін. Алдансам, -1 шығынға батамын. Ал ешкімге сенбесем, мүмкіндік есігін жаптым деген сөз. Минусқа да кетпеймін, табысқа да жетпеймін. Алатыным 0 ұпай.

Өз тәжірибемнен түйгенім: адамдардың көбі сеніміңді ақтайды екен, оларға сенуге болады. Мысалы, "электронды кітабымды таратпа, ақысын төлеп ал" десем, көбі аманатқа қиянат жасамайды. Әрине, "таратпа" десе де, тарататындар, тығылып оқитындар табылады. Бірақ ондай адамдар аз.

Шамамен есебім мынадай ғой: 100 адамның 20-сы мені алдайтын шығар, бірақ қалған 80-і — сенімді адал адамдар. Сонда 80 пайда - 20 шығын = 60! Бәрібір плюстамын, жеңімпаз боп қаламын. Ешкімге сенбесем, бұндай нәтижеге жете алмас та едім.

Мен адамдарға сенуді таңдаймын. Себебі адамдардың көбі адал. Алдануға да дайынмын. Бірақ түбі жеңімпаз боп қалатынымды білемін.

https://t.me/dzhigitbek
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына түрмеде жазған хатында былай деген еді:

"Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер..."

Менің екі ұлым бар. Есімдері: Әлихан және Ахмет. Сол үшін шығар, екеуіне жай бала емес, тұлға ретінде қараймын. Алдыңда Әлихан мен Ахмет тұрса, сен де оларға құрметпен қарай бастайсың)

Адамның аты мен тағдырының арасында бір байланыс бар. Ұлдарым алашқа қызмет ететін тұлға болып өскенін қалаймын. Кейде әйелімнің шаршап жүргенін көргенде айтам "Сіз алаштың арыстандарын тәрбиелеп жатырсыз, миссияңыз ұлы" деп.

Мен Алашорда тарихына бұрыннан қызығатынмын. Ұлдарым дүниеге келіп, оларға Әлихан мен Ахметтің есімін бергеннен кейін қызығушылығым одан сайын арта түсті. Ұлдарыма ол кісілердің кім болғанын айтып беруім үшін қосымша ізденуім керек. Өз есімін мақтан тұтып жүрсін. Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы бар екен. Соны алып, терең зерттесем деймін. Қызық! Ұлымның есімі "Әлихан" болмаса, бұлай ізденбес те едім.

3 жыл бұрын Алашорда тарихын бейнелейтін "Тар заман" телехикаясын көріп, ерекше әсерге бөленген едім: https://youtu.be/fyu_OFXcFFc

Жақында Мұрат Есжанның "Ахмет. Ұлт ұстазы" фильмі жарық көреді. Асыға күтіп жүрмін.

Былтыр мынадай жыр жолдарын жазып едім. Ол кезде жұбайымның құрсағында жатқан сәбидің ұл ма, қыз ба екенін білмедік. Ахметім ғой.

"Лениннің алдында
ел шекарасын
шегендеген
Алаш арыстарының
еңбегі ерен дер ем.
Жаз жайлау, қыс қыстауда
мал соңында
қараңғы қазақтың
оқымысты жігіттерсіз
картаға жері енбеген.
Арманым бар еді
Алла үш ұл нәсіп етсе,
Әлихан, Ахмет, Міржақыптың
есімін берем деген".

Міржақып, енді сенің кезегің. Алашқа қызмет ететін арыстандар керек!
Мен бастауыш сыныптарда жазуды ұнатпайтынмын. Жек көретінмін. "Мазмұндама, шығарма жазамыз" десе, төбе шашым тік тұратын. Апта сайын мазмұндама, шығарма жазғызып, арасында "босаңсыма, 3" деген баға қойып жіберетін апайымыздың ниеті дұрыс та болған шығар. Бірақ мұғалімімнің қаталдығы менің жазуды өнер емес, қара жұмыс ретінде қабылдап қалуыма жеткілікті еді.

5-сыныпқа өткен кезім. Жаңа орта, жаңа ұстаздар. Қазақ әдебиеті пәнінен үй тапсырмасы ретінде бір шумақ өлең жазып келу берілді. Жазуға жоқ болсам да (сол кездегі өзім жайлы ойым), "нашар баға алып қалмайын" деп, бір нәрсе шимайлап апардым. Ағайымыз соны мақтады келіп дейсің. Таңқалдым. Тырыссам, жаза алады екенмін-ау деген ой келді. Шабыттанып, тағы да жаза түскім келді.

Сөйтіп жаза бердім. Ағайым мақтай берді. Мақтағанда да, минустарымды елемегендей боп, мендегі әр кішкентай прогресті байқап, соны атап отырды. Ақыры жазуды сүйіп кеттім. Шынымен де жақсы жаза бастадым. Мені бұл деңгейге тезірек жеткізген қажырлы еңбегім емес, "Данияр, сенің қолыңнан жазу келеді" деген ағайым орнатып берген ішкі сенімім еді.

Ойшыл, психолог Карл Юнгтің "Сын (критика) бір нәрсені жою, қысқарту һәм бұзу керек болған кезде көмектеседі. Бірақ бір нәрсені тұрғызу, салу һәм қалыптастыру керек болған кезде ол тек зиянын тигізеді" деген сөзі бар.

Есіме марқұм інім түсті. Бірде достарымен бір дыбыс студиясын ашатын болып, менен ақша сұрады. "Жақсы, қолдауым болсын" деп бердім. Бірақ ол кәсібі жүрмей, тағы ақша сұрады. Бұл жолы оны сынның астына алдым. Мен негізі табиғатымнан сынауға бейіммін. Тәртіпке келгенде қаталмын. "Жүрмейтіні бар, оны неге аштың?", "Салған ақшаның қайта күйіп кетпесіне кім кепіл?" дедім. Ақыры сол ісі ұзаққа бармады. Жапты. Кәсібі ғана жабылмады. Маған деген інілік сенімінің, бәлкім "кәсіп жасау қолымнан келеді" деген ішкі сенімінің есігі де жабылды.

Бұл маған үлкен сабақ болды. Әттең, бұны інім дүниеден өткен соң түсініп жатырмын. Біз жақынымыз қайтыс болғанда, оның қайтып келмейтінін ойлап, жыламаймыз. Оған дұрыс көңіл бөле алмадым, қадіріне жете алмадым деп өкініп жылаймыз. Біздің өзегімізді өртейтін — өкініш.

Бала тәрбиесіне қатысты кітаптарды оқысаң, мынадай нәрсе айтылады. Баланы бір рет сынасаң, бірден төрт рет мақта. Себебі сынның ықпалы күштірек. Мысалы, балаңа дүкеннен 3-4 зат алып келуге тапсырма бересің. Біреуін ұмытып, алмай келеді. Әдетте біз ұрсамыз немесе ескерту жасаймыз. Былайша айтқанда, сынның астына аламыз. Бір рет сынау мен төрт рет мақтау мынадай болуы мүмкін: "Жарайсың, айтқанымды екі етпей (1-мақтау), дүкенге өзің барып келдің (2-мақтау). Тек нан алуды ұмытып кетіпсің (1-сын). Бірақ басқа заттарды ұмытпапсың (3-мақтау). Сен менің үлкен көмекшімсің ғой (4-мақтау). Айтуға оңай. Бірақ амал етіп көретін дүние. Кім баласының өзіне сенімді тұлға боп өскенін қаламайды?

Енді елестетіп көріңізші. Ата-анасы мақтау, қолдау сөздерін айтпай, тек сынай берсе, ол баланың өзіне деген сенімі қандай деңгейде болады? Ол "өмірде үлкен бір із қалдыруға қабілеттімін" деп ойлай ала ма?

Қазір әулетте болсын, жұмыста болсын інілерімді сынамай, барынша қолдауға тырысамын. Мейлі оның кейбір қателері мені қолайсыз жағдайға қалдырсын, мейлі кейбір тапсырған істеріме жауапсыздықпен қарасын, мен оларды қолдай беремін, сынамаймын. Қазақ әдебиеті ағайым сияқты олардағы әр кішкентай прогресті байқауға, соны атап отыруға тырысамын. Себебі мен олардың өзіне сенімді тұлға болып қалыптасқанын қалаймын. Ал олардың сенім атты ғимаратын бұзбай, тұрғызатын жалғыз нәрсе — Юнг айтқандай менің сыным емес, қолдауым.

https://t.me/dzhigitbek
Алла адамға дүниеден қашан өтетінін білдіре ме?

(Архивтен, 22.12.2014 күнгі жазбам)

Аллаға, ақырет күніне иман келтірген мүмін болғандықтан, әр нәрседен хикмет көріп, ғибрат алуға тырысамыз. Аз ғана өмірлік тәжірибем болса да, Жаратушы ием кейінгі кезде көп нәрсеге көзімді ашқандай. '"Алла адамға дүниеден қашан өтетінін білдіре ме?'' деген сауалға жауап тапқандаймын: меніңше, иә, білдіреді. Бірақ дәл сол сәтте адамдар ол белгіні көрмейді немесе оған мән бермейді. Өтіп кеткен соң ғана анализ жасап, байқайды. Сол кезде өмірді ғана емес, өлімді де жаратқан Ұлы Сценаристің шеберлігіне таңқалады.

Екі апта бұрын туған інім ауруханада жатқанда, түнде түс көріп, ''19...3'' деп сандырақтаған көрінеді. Оған аса мән бермеген едік. Сөйтсек, онысы бекер емес екен. Жаны Жәннатта болғыр, өзі айтқандай желтоқсан айының 19-жұлдызында сағат түскі 3-те (15:00) бақиға аттанды.

Осы жылдың басында атам қайтыс болды. Ол да қатты ауырып жатқанда, балаларына ''енді 15 күн шыдаңдаршы'' депті. Айтқандай-ақ, 15 күннен соң дүниеден озды.

Анамнан нағашы атамның ақыры қандай болғанын сұрадым. Ол кісі де өлімінен екі күн бұрын сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсетіп, екі күні қалғанын ымдаған екен.

Бұл енді кездейсоқтық емес шығар. Алла білуші! Қайткен күнде де, өлім – біз үшін үлкен ғибрат. Әр секунд сайын өлімге жақындап келе жатқанымыз ақиқат. Жанымыз алқымға келмей тұрып, ақыретіміздің жақсы болуы үшін тырысайық.

PS:

Стив Джобс "өлімді күнде еске алыңдар. Бүгін қайтыс болуым мүмкін деп. Әйтеуір бір күні бұл болжамаңыз тура келеді" деп еді. Өлім сәтін жасырып қойған Алла қандай дана! Қай күні қайтыс болатынымызды білсек, өмірдің мәні болмайтын еді.

https://t.me/dzhigitbek
Ақша — энергия

Өткенде бір кісі каспиіме "рақмет" деп 100 тг жіберіпті. Өзімді жақсы сезініп қалдым. Энергиям артқандай. Қызық. Үлкен ақша да емес. Алғыс сөздерін күнде естіп жүрмін ғой. Бірақ алғысыңды ақша түрінде білдіру басқаша әсер етеді екен.

Мен ол кісінің ақша жіберіп, алғысын білдіріп жатқанда өзін ерекше бай сезінгенін, оның да энергиясы артқанын білемін. 100-ақ тг болса да. Ақша — алғыс айтып, энергия алмасу құралы.

Мен мешітке кірген сайын 500 тг садақа жасаймын. Бұны "мешіт ақысы" деймін. Менің жылы және таза жерде намаз оқуыма жағдай жасаған қызметкерлердің еңбегі бар ғой. Соған алғыс ретінде 500 тг-імді тастаған сайын өзімді ерекше бай сезінемін. 500-ақ тг ғой былай қарасаң.

@narikbi_live -тің подкастарын тыңдап жүргеніме біраз болды. Көп пайда алдым. Өмірім жақсара түсті. Бірақ осы уақытқа дейін алғысымды репост, жылы пікір түрінде білдіріп жүрсем де, ақша түрінде білдірмеппін. Содан ішкі дауысымды тыңдадым. "Дәке, алғысыңның энергиясы қанша теңге?" деп. "10 000 тг? Аздау. 20 000 тг? Дәл-дәл!" дедім де, Нәкеңнің каспиіне "шаба бер!" деп 20 000 тг салып жібердім. Өзімді іштей 200 000 тг-ге байып қалғандай сезіндім.

Бұл ішкі сезім 10 күнде кэшке айналды: 10 күнде каспиіме негізгі табысымнан бөлек тура 200 000 тг түсті. Адамдарға ақшалай алғыс білдіріп, шүкір еткенде де Алла оны еселеп қайтарады екен.

Ақша түрінде алғыс білдіргенде, соманың үлкен болуы да шарт емес. Жай ішіңізге сыймай жатқан алғыс сезімін 100 тг түрінде білдіріп көріңізші. Энергияңыз тасып, өзіңізді жақсы сезіне бастайсыз.

Иә, ол кісі 100 тг-іңізден байып кетпейтін шығар. Бірақ кемінде 100 000 тг табатын энергия алады. Сіздің тамшыдай үлесіңіз үлкен өзгерістің басы болуы мүмкін.

Қазір мен барып, 500 тг-імді тастап жүрген мешітте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Имамның айтуынша жазда ақша болмай, енді жиналған көрінеді. Мен бұл мешітке қыркүйектен бері бас сұғып жүрмін. Шамамен 30 000 тг садақа қылған шығармын. Менің садақам үлкен мәселені шешпеуі мүмкін. Бірақ іште "бұл процестің алға жылжуына менің де тамшыдай үлесім тиді-ау" деген ой жатыр. Жөндеуден өткен мешітте өзгелер одан сайын шабыттанып, әдемі құлшылық қылады деп ойлаймын.

@narikbi_live сияқты подкаст жасап, YouTube жоба бастап немесе кітап жазып, құндылық жасап жүрген қыз-жігіттерге алғысыңызды ақшалай білдіріп көріңізші. Тамшыдай болса да. Сіз ақша жібермейсіз, энергия жібересіз. Сосын өзгелер сол құндылықты пайдаланып, одан сайын шабыттанып, әдемі тіршілік қылады деп ойлаймын. Бұл процестің алға жылжуына сіздің де тамшыдай үлесіңіз тиеді.

https://t.me/dzhigitbek
Өз-өзіңнен қарыз алу

2020 жылы iPhone алғым келді. Бұл қалауым емес, қажетім еді. Сапалы сурет пен видео блогерлік жұмысыма қажет болды. Бірақ iPhone-ды жөн көргенімнің басты себебі: оның қызмет ету ұзақтығы. Бір алсам, ұзақ қолданам деп ниет еттім. 4-5 жыл мысалы.

Бұған дейін 77 000 тг-ге (сол кездегі ақшамның жеткені сол болды) алған Xiaomi Redmi Note 7-м 1 жыл қызмет етіп, сыр бере бастады. Маған телефон ауыстыра берген ұнамайды. Уақыт, энергия, ақшаның шығыны. Қаржы сауаты тұрғысынан қымбат болса да, ұзақ қызмет ететін затты сатып алған дұрыс. Және жеңілдікпен! Себебі ұзақ уақытқа шаққанда ол арзанға түседі.

Сөйтіп iPhone іздей бастадым. 2020 желтоқсаны еді. Ол кезде трендте iPhone 12 болатын. Нәрікбимен ақылдастым. Ол "11 мен 12-нің арасында аса үлкен айырмашылық жоқ. Тіпті X алсаң да, болады" деді. Бағасы жағынан 11-дің арзанырақ екені түсінікті.

Ойлана келе, таңдауым iPhone 11 Max Pro 128 Gb-қа түсті. Max Pro: қуаты ұзаққа жетсін деген ой.128 Gb: жады ұзаққа жетсін деген ой. Kaspi-ден қарасам, 650 000 тг деп тұр. "Мәссаған!" дедім. Маған бұл баға тым қымбат көрінді. Менің принципім: қымбат болса да, ұзақ қызмет ететін затты жеңілдікпен сатып ал. Кілт сөздердің бірі: "жеңілдікпен".

Сөйтіп "жеңілдікпен қай жерден сатып ала алам?" деп ойландым. Есіме ескі танысым түсті. Қолма-қол ақшаға iPhone сатады. Хабарластым. Мен іздеген iPhone бар екен. Бағасы: 520 000 тг. Қолма-қол болған соң арзанырақ екен. Дүкеннің, банктің қосатын бағасы жоқ.

Менің қолымда 520 000 тг бар еді. Дәлірек айтсам, бұл жеке қорымда жатқан ақша еді. Мәжбүр жағдайда ғана алып, қолданам деген. Мысалы, жұмыссыз қалсам немесе жұмысқа жарамай қалсам, Құдай сақтасын. Бір жағынан бұны "психологиялық қауіпсіздік қоры" десе де болады. Маған келетін қаржы ағыны тоқтап қалса, "қорым бар ғой" деп уайымдамай жүре берем. Ал санасын уайым билемеген адам дұрыс шешім қабылдай алады, тығырықтан шығатын жолды тез табады.

iPhone-ға аса қатты мұқтаж болмасам да, бұл қалауым емес, қажетім екеніне көзім жетті. Ал қаржы сауаты қажет пен қалаудың аражігін ажыратудан басталады. Сол сәтте өз-өзімнен қарыз алам деп шештім. Пайызсыз қарыз. Өз-өзімнен алмағанда кімнен алам? iPhone үшін басқа біреуден қарыз алу немесе банктен кредит алу қате шешім дер едім.

Ай сайын қосымша 43 542 тг тауып, қарызымды 12 айда бөліп төлеп, толық жабам деп ойладым. Менің жаңа мақсатым пайда болды: ай сайын қосымша 43 542 тг табуым керек. Бұл да — бір челендж. Қарызды уақытында қайтару маңызды еді: бұл қордың ақшасы ғой.

Жақында қарызымды жаптым. Өз-өзіңе қарыз болып, соны жапқан қызық екен. iPhone-ім, шүкір, әлі тың. Әлі 3-4 жыл ұстай беруге ниеттімін. Оған дейін біреу-міреу соңғы үлгідегі iPhone-ды сыйлап қалмаса, әрине😀

Ұқыптылық та — қаржы сауатының бір бөлшегі. Сатып алған затты барынша ұқыпты ұстау керек. Телефон болсын, киім болсын, жиһаз болсын. Ұқыптылық сол заттың ғұмырын ұзартады. Маңдай теріңмен тапқан ақшаңды шаша салу ақымақтық емес пе?

#қаржы_сауаты

https://t.me/dzhigitbek
Абай хәкімнің

"Өзіңе сен,
Өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап
"

деген сөздері ойыма оралып тұр. Кейінгі күндердегі толғаныс, уайымдарымның түйінін шешіп бергендей болды.

Бұл өмірде сенуге, арқа сүйеуге ең лайық адам ол – өзің.

Президент те, авторитет те, ата-атаң да, ұстазың да, бизнес серіктесің де – ешқайсы емес, тек өзің!

Проблема өзіңе сенбей, өзгеге сенген кезіңде басталады. Мүмкін сенің өзіңе сенбеуің, сенімсіздігің өзгеге көбірек арқа сүйегеніңнен шығар?

Осы сөйлемдерді бірнеше рет оқып, ой жүгіртіп көрші.

Өзіне сенетін адам не істейді?

1. Адал ЕҢБЕК етіп, ештеңеге, ешкімге қарамай, [Алланың алдында] сол істі асқан жауапкершілікпен барынша көркем түрде істеуге тырысады.

2. Қандай жағдай болмасын, өз басымен ойланып, АҚЫЛЫН қосады.

Еңбегің пен ақылың сені кез келген тығырықтан алып шығады. Әлемнің ең кедей елінде жалақасы ең аз жұмыстан бастасаң да, түбі бір жерді тесіп шығасың.

https://t.me/dzhigitbek
Әдет қалыптастыру алгоритмі

Өзін өзгерткісі келген адам әдеттерінен бастайды. Мысалы, ол телефонға телміріп, инстаграмда сағаттап отыру өзіне ешқандай пайда бермейтінін, бұның жаман әдет екенін түсінеді. Сосын бұл әдетін тұншықтыруға кіріседі: түрлі шектеулер қояды, нәпсісімен күреседі. Былайша айтқанда, телефоннан тәуелсіз болу әдетін қалыптастырғысы келеді.

Бірақ, мойындау керек, көп жағдайда мұндай талпыныстары сәтсіз боп жатады. Көп ұзамай бұрынғы әдетіне қайта басады. Себебі оның әдет қалыптастыру алгоритмі дұрыс болмай тұр. Ол өзгерісті әдеттен бастады. Негізі ол өзі жайлы, өз тұлғасы жайлы ойын өзгертуден бастауы керек еді. Қалай?

Сенің өзің жайлы ойың қандай? Сен кімсің? Миыңда өзің жайлы қандай образ тұр? Красавчиксің бе? Сорлысың ба? Өзіңді бір нәрсеге ықпал ете алатын тұлға ретінде көресің бе, жоқ па? Жақсы, сондай тұлға болғың келе ме өзі? Тіпті өзіңді сондай тұлға болуға лайық санайсың ба?

Бір мысал келтірейін. Темекі тастауға тырысып жүрген екі кісіге шылым ұсынды. Бірі “жоқ, мен темекіні қояйын деп жүрмін” деп, екіншісі “жоқ, мен темекі шекпейтін адаммын” деп жауап берді. Қалай ойлайсың, екеуінің қайсы шылым шегу әдетінен тезірек арылады? Байқадың ба, біріншісі ойша өзін әлі де шылым шегуші адам санап тұр.

Әуелі өзің жайлы ойыңды өзгерт. Өзін инвестор, финанс гениі сезінбейтін немесе сондай болғысы келмейтін адам кіріс-шығыс есебін жүргізу, үнемдеу, инвестиция жасау сияқты жақсы финанси әдеттерді қалыптастыра алмайды. Қанша тырысса да. Ал өзін жастарға үлгімін деп санайтын адамға күнде шашын жуып, киімін реттеп, аяқ-киімін сүртіп, жинақы боп жүру қиын емес. Бұл әдеттер тез әрі оңай қалыптасады. Өзін жазушымын деп санайтын адам әлі ол деңгейге жетпесе де, аптасына 2 шедевр пост жазу әдетін олай ойламайтын адамға қарағанда тезірек қалыптастыра алады.

Әдеттеріңді еске алшы. Не үшін қиын боп жатқанын түсінген шығарсың. Нәтижені, соған жеткізеді-ау деген әдеттерді емес, қандай тұлға болғың келеді, соны көбірек ойлауың керек. Соны қалауың керек. Сондай болуға лайық екеніңді ойлауға өз-өзіңе рұқсат бер. Содан кейін сол тұлға қандай әдеттерге ие, соны ойла. Сол әдеттерді қалыптастыр. Бұл жолы сен өзіңе қажет дұрыс әдеттермен жұмыс істей бастайсың. Басқа біреудің айтқанымен емес. Бұл әдеттердің мақсаты: өзің қалаған тұлғаға айнала бастағаныңды өз-өзіңе дәлелдеу.

Мысалы, табысты адамдар ерте тұрады. Сен өзіңді табысты адам ретінде көрмей, ерте тұруды қанша жерден әдетке айналдырам десең де, дегеніңе жете алмайсың. Алдымен өзіңді табысты адам ретінде көр. Соны қатты қала. Сосын ерте тұра баста. Себебі ерту тұру — табысты адамдарға тән әдет. Ерте тұру әдеті өзіңе өзіңнің табысты тұлға екеніңді күнде дәлелдеу үшін ғана керек. Содан ләззат алып, күнде ерте тұра бергің келеді.

Ал ләззат сыйламайтын, нәтиже бермейтін істі ешкім істегісі келмейді. Мысалы, толық адам артық салмақтан арылуды мақсат етеді. Күнде 5 км жүгіреді, дұрыс тамақтана бастайды. Бұны бір күн істеу оңай. Бірақ бір-екі аптадан кейін шыдамай, бұрынғы өмір салтына оралады. Себебі бұл әрекеттері, әдеттері өзі күткен нәтижені бермей жатыр. Әдетті нәтижеге жеткізетін құрал ретінде ғана көрсең, осы.

Қайтсе бұл әдеттері оған ләззат сыйлайды? Ол салауатты өмір салтын ұстанатын тұлға болуды қалауы керек. Сол образ миында жанып тұруы керек. Кезекті 5 км-ін жүгіріп, дұрыс тамақтанып, ол өз-өзіне сол образға сай болып жатқанын тағы дәлелдейді. Содан ләззат алады да, жақсы әдеттерін шабыттанып қайталай береді. Бір уақытта сол әдеттер оның болмысына айналып, ол тұлға ретінде өзгеріп шыға келеді.

https://t.me/dzhigitbek