DALA INSIDE
15.1K subscribers
370 photos
117 videos
1 file
951 links
✓ БАҚ ретінде тіркелген қазақ тіліндегі жалғыз канал
✓ Эксклюзивті сараптамалар мен инсайдтар
Жарнама @dalareklanaBot

Самый узнаваемый казахский телеграм канал. Инсайды, политика, схемы, прогнозы. Экономические, финансовые расследования.
Download Telegram
💥 Шораевтың Мәжіліске баруына шектеу қойылмайды: Тоқаевқа Ресейдің ақпараттық агрессиясына қарсы тұратын тұлғалар қажет

Жаңа Қазақстан Ресейдің ақпараттық шабуылына тойтарыс беретін тұлғалар шоғырын қалыптастыруды көздеп отыр.

Dalainside дереккөзінің айтуынша Ақордада Мәжіліс сайлауына түскелі отырған танымал журналист Арман Шораевқа қатысты қызу талқы жүруде.

Оның Мәжіліске баруын қолдайтындар, Ресейдің астамшыл саясаты асқына түсерін, осы себепті Парламентте Кремль пропагандасына төтеп беретін азаматтар отыруы тиіс деген аргумент айтады.

Олардың ойынша, Соловьев бастаған шовинистерге қарсы тұру, қарымта қайтару функциясын – Шораев секілді екі тілге де жүйрік тұлғаларға табыстау қажет. Олар Мәжіліс трибуналын пайдаланып, пропаганданың уытын қайтаратын болады.

Шораевты тобықтан қаққысы келетін топтың да өз уәжі бар. Бұл топтың пәрмені алдыңғыға қарағанда басымырақ боп тұр. Бұлар Астанадағы округтен сайлауға түскелі отырған Шораевқа оппонент ретінде киноактер Ерік Жолжақсыновты таңдап алған. Актерді "Аманаттың" сапына өткізіп, Мәжіліске сүйреп алып шығуды көздейді.

Бұған дейін Dalanews.kz-ке пікір білдірген Шораев билікке қарата: "Қазақ ұлтшылдығы біреудің басын жарып, көзін шығарған кезі болды ма?.." деген сауал тастаған.

"Арманның саяси ұстанымы Жаңа Қазақстанға қайшы емес. Ол Тоқаевтың билігін төңкеруді көздемейді. Алайда 🇷🇺 Ресей тұрғысында Ақорданың кейбір шешімдеріне зығырданы қайнайды. Қалай болғанда да, Шораев керек адам. Оның феномені сонда: Ресей пропагандасының күшін қайтаратын андидот іспетті", – дейді Dalainside дереккөзі.

Ақордадағы Шораевқа келгенде пікірі қақ жарылған екі топтың қайсысы басым түсерін уақыт көрсетеді. Бұл арада бақылаушыларға да көп нәрсе байланысты.

Мәжіліс пен Мәслихатқа өз адамдарын әкелуді көздейтін биліктің жолын жабудың жалғыз жолы - бақылаушылардың белсенділігі.

Астананың шенеуніктер қаласы екенін ескерсек Шораевқа қарсы тараптың қауқары мен қарқыны күшті болады деген қауіп бар.

Арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇

📱 https://t.me/dalainside
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
🔴 Зілзаладан зардап шеккен түрік бауырларға көмек қолын созайық!

Dalainside Ақпарат министрлігінің үйлестіруімен Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге жылу жинау іс-шарасы басталғанын хабарлайды.

Гуманитарлық көмек Ұлттық волонтерлер желісіне (Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 11/5, 5 қабат, 505 кабинет) жиналады.

Гуманитарлық көмек еліміздегі «Birgemiz» өңірлік волонтерлер фронт-офистерінің кеңсесінде ұйымдастырылып, Ұлттық волонтерлік желісі арқылы Қазақстандағы Түркия елшілігіне тапсырылады.

Қажетті заттар:

- Көрпелер, ұйықтауға арналған қаптар.

- Термос, қол шамы, пауэрбанк.

- Памперстер, жеке гигиена құралдары (гигиеналық төсемдер).

- Қысқы киім (ересектер мен балаларға, заттар жаңа болуы керек), пальто-курткалар, жаңбырға арналған жамылғы, етік, жемпір, шалбар, қолғап, шарф, қалпақ, шұлық, іш киім және басқа материалдар.

Қаржылай көмек мына реквизиттер арқылы қабылданады:

Заңды тұлғалар үшін:

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ

«Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ

БСН 120940015916

БИК: HSBKKZKX

Р/С: KZ23601A871001005521

Жеке тұлғалар үшін:

Kaspi.kz қосымшасында - Төлемдер - Қайырымдылық бөлімінде: «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек.

Барлық сұрақтар бойынша «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің ақпарат орталығына хабарласуға болады: +7 708 706 4242, Қабанбай батыр көшесі 11/5, 505 кеңсе.

📱 https://t.me/dalainside
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
🏦💸 Биыл Тимур мен Динара Құлыбаевтар Халық банкінен тағы 375 миллиард теңге ала алады

2022 жылдың қорытындысы бойынша "Қазақстанның Халық банкі" АҚ таза пайдасы 539,2 миллиард теңгені құрады. Бірақ бұл әлі аудиттелмеген көрсеткіш, мұндай мәліметтер Ұлттық Банктің шоғырланған статистикасында ғана бар. Өткенде Халық банкі Тимур мен Динара Құлыбаевтарға 2021 жылдың табысы есебінен 96 миллиард теңгені төлеп біткен еді.

Халық банкінің 69,52% үлесі "Алмэкс" холдингі арқылы Тимур мен Динара Құлыбаеваға тиесілі. Ал 28,51 пайызын Лондон қор биржасындағы инвесторлардың атынан The Bank of New York ұстап отыр.

Ал Kaspi Bank басшысы (СЕО) Михеил Ломтадзе 84 миллиард теңгені дивиденд ретінде ала алады. Былтырдың нәтижесі бойынша қызыл банк 361,7 миллиард теңге таза кіріс көрді. "Kaspi Bank" акционерлік қоғамына акциялары Лондон қор биржасында (LSE) саудаланатын Kaspi.kz технологиялық алпауыты иелік етеді. Осы алпауыттың 24,55% акциясы Ломтадзенің қолында.

Арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇

https://t.me/dalainside
🇰🇿🤏 Путиннің көңіліне қарау бізге 3 жылда 15 миллиард теңге шығын әкелді. Ал жарты жылдан кейін санкция сыйлауы мүмкін

Еуразиялық Одақта ештеңе өзгертпесек, Батыс санкциясына ұшырайтын боламыз.

Кедендік пошлина бойынша біз Одақта әлі күнге дейін ескі нормативпен отырмыз. Пошлинаның 85,06 пайызын Ресей алады. Ал Қазақстанның үлесі бар-жоғы 6,95 пайыз. Ал бұл - санкциялардан кейінгі Ресейдің импорттық картинасына мүлде сәйкес келмейді. Қазақстан атынан өз үлесінің кем дегенде екі есеге өсуін талап етуі тиіс Бақытжан Сағынтаев Мәскеудегі экономикалық комиссияда бір рет те "мяу" демеді.

2015 жылы Евразиялық одақ пошлинасы бөлініске салынғанда, Қазақстанның үлесі 7,11% деп бекітілген еді. 2019 жылы өзінде импортті көбейткен Беларусь бірден мәселе көтеріп, Қазақстан мен Ресей есебінен өзіне 0,7% қосып алды. Соның салдарынан біздің үлес одан да төмендеп, 6,95 пайызға барып тоқтады. Экономисттердің есебінше, біздің делегацияның сол кезде солқылдақтық танытқандығынан мемлекеттік бюджетіміз 2020 жылы 4,6 миллиард теңге, 2021 жылы 4,9 миллиард теңге, 2022 жылы 5,2 миллиард теңге жоғалтқан.

Қазақстан 2022 жылдың қорытындысы бойынша осы квоталарды қайта қарауды көтеруі тиіс болатын. Ресей қазір ресми импортты санкцияға дейінгідей қабылдамайды. Оның импорт көлемі 2 есеге түскен. Керісінше, паралелльді импорт бойынша Қазақстан арқылы баратын тауарлары көбейген. Бірақ ол тауар ресми Қазақстанға кірді деп есептеледі. Сондықтан біздің қазіргі 6,95 пайыз үлесіміз Ресейдің есебінен 14%-ға көтерілуі тиіс.

Мысалы, 2021 жылы Ресейдің сыртқы сауда айналымы Ресей Банкінің мәліметі бойынша 798 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның ішіндегі импорты 303,9 миллиард доллар болды. Ал 2022 жылы олар өз статистикасын құпияда ұстай бастады. Бірақ БҰҰ Сауда деректер базасының мәліметтері бойынша, 2022 жылдың алғашқы 10 айында Ресейдің импорты 2021 жылмен салыстырғанда 51,5%-ға төмендеген.

Демек, осы пропорция өзгермесе, онда біз Батыс алдында Ресейді параллельді импортпен қамтамасыз етіп отырғанымызды ашық мойындадық деген сөз. Онда алдағы күзде Еуропарламентте бізге де санкция салу бойынша бастама көтерілетінін болжауға болады.

Бұған қатысты тағы бір маңызды мәліметті алдағы уақытта жария етеміз. Арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇

https://t.me/dalainside
⚡️ "Ақжол" осы сайлауда фиаскоға ұшырайды. Перуашев мұның себебін біледі...

Соңғы рет Назарбаевты шығарып саларда көңілі босап, көзіне жас үйірілген Перуашев бұл жолы ботадай боздауы мүмкін.

Путиннің шапқыншылығын қолдайтынын айтып, Зеленскийге тіл тигізген экс-ақжолдық Азамат Әбілдаевтың сұхбатынан кейін партияның позициясы шатқаяқтап кеткен.

Dalainside дереккөзінің айтуынша, алдағы сайлауда Мәжілістегі "ақжолдықтардың" үлесі мардымсыз болады.

Қазақтілді аудитория алашшыл партияның сөзі мен ісі қабыспайтынын аңғарған.

"Әрісі Бәйменовтың, берісі Қосановтың "сатқындығын" әлі күнге дейін еске салатын қазақтілді қауым "Ақжолдың" ағаттығын да кешірмейді.

"Түнеукүнгі келеңсіздіктен кейін қазақтар Перуашевтың Алашқа қатысты ұстанымдарын манипуляция деп санайтын болды. Сайлауда "Ақжолды" қолдап дауыс беруге дайын отырған электораттың көңіліне күдік ұялап, сеніміне селкеу түсті.

Сайлау компаниясында "Әбілдаев факторы" партияның алдынан шығып, әлі талай рет жолын бөгейтін болады. "Ақжолдың" жолын кес-кестейтін тағы бір салмақты аргумент - "Республика" партиясы...", – дейді Dalainside дереккөзі.

Бізге жеткен мәлімет бойынша келешекте "Республика" толыққанды Тоқаевтың партиясына айналады. Саяси ұйымның төңірегіне топтасқан табысты азаматтар Жаңа Қазақстанның қабырғасын қаласуға әзір. Ал олардың саяси амбициясын тояттандыру "Ақжолдың" есебінен жүзеге асады. Ескі Қазақстанда "Нұр Отаннан" артылған орынды місе тұтып келген "Ақжол" ендігіде екінші кезектен үшінші, төртінші сатыға сырғанайды.

Өкінішке орай, Тоқаевтың дәуірінде Перуашевтың құлдырау кезеңі басталады, тиісінше ол жетекшілік ететін партияның саяси салмағы да кеми түседі. Алдағы "жеті жылда" Республиканың дәуірлеу кезеңіне куә боламыз.

Ал "Республиканың" арғы жағында кім тұр? Dalainside алдағы уақытта бұл жайлы егжей-тегжейлі айтады. Арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇

https://t.me/dalainside
🙅 Туған күні мен соты осы айда: Арыстанбек Мұхамедиұлы жазадан құтылып кете ме?

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 60-қа толды. Онысын изоляторда қарсы алды. Кезінде "Ескі Қазақстандағы" тәкаппар шенеуіктің жиынтық образын бір өзіне жинап, жалғанды жалпағынан басқан болатын. Бірақ "Қаңтар оқиғасынан" кейін Антикор құрықтап, дәуірі ерте аяқталды.

DALA экосистемасы Арыстанбектің жүріп өткен жолдарын көріп, онда талай адамның көз жасы жатқанын жазады. Осынау қырғын байлық оған қалай келгенін де түсіндіреді.

Экс-министр 2000 жылы "Саха гауһарлары" дүкенін аштым және сол арқылы байыдым деген мәлімет келтіреді. Бірақ, ол дүкен небары 9 шаршы метр жерде арендаға алынған болып шықты.

Тек "Ескі Қазақстанда" ғана бір дүкен мен мемлекеттік қызметші табысына құны миллиард теңге тұратын «The Family» мейрамханасы, «Сауран» сауда орталығы, Қазақ энциклопедиясының ғимараты, колледж, «Дипломат» қонақ үйін, елордадағы «Шапағат» базарының 45 пайыздық үлесін, Көктөбедегі коттеджді иеленуге болатын таңғажайыптар орын алды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы бизнес империясын қалай құрды? Миллиардтаған соманың нысандары жалақысы жоғары емес мемлекеттік қызметкердің қолына қалайша түсті?

Бұл өте қызық сұрақ. Және ол билік басындағы беделді қамқоршысынан айрылғаннан кейінгі тағдыры нешік болмақ?

Толығырақ мына жерде 👉 Dalanews.kz
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
💥 Dala экосистемасымен әріптестікте дайындалған өнім. Арна оқырмандары, көріп бағасын беріп жіберіңіздер.

https://t.me/dalainside
⚡️Тоқаев пен Назарбаевтың айырмашылығы неде? Жәкішев оның жауабын айтты...

ҚазАтомның экс-төрағасы, саясаткер Мұхтар Жәкішев украиндық танымал журналист Дмитрий Гордонға сұхбат берді. Dalainside Жәкішевтың Тоқаев пен Назарбаевты салыстырған тұсын арна оқырмандарына жеткізуді жөн көрді.

Мұхтардың пікірінше Тоқаев экс-президентке қарағанда әлдеқайда сауатты, білімді. Ол ақшаға келгенде дәл Назарбаевтай ашкөз емес. Дүние-байлыққа деген құмарлығы жоқ. Ақшаны көргенде бүкіл моральдық құндылықтарды жиып теріп, адами принциптерден аттап кететін адам емес.

Осы тұста Гордон: "Демек, Назарбаевта мұндай дерттің болғаны анық қой?" деген сауал қойды. Жәкішев бұған бас изеп жауап берді.

"Иә, бұл дау туғызбайтын ақиқат", – деді ол.

Гордон бұдан сырт Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан мен Назарбаевтың дәуірін салыстыруды сұрады.

"Тоқаевтың Қазақстаны маған көбірек ұнайды. Себеп: аз да болсын ойыңды ашық айтатын мүмкіндік берілуде.

Назарбаевтың заманында негізінен үй ішілік күбір-сыбырмен шектелетін едік. Мұндай билік әдетте халықтың жауы іспетті болып келеді.

Қазір біршама кеңдік бар, қыл бұраудан құтылғандаймыз. Сөйлеуге, пікір білдіруге шектеу қойылып отырған жоқ. Ой еркіндігі, сөз бостандығы көрден тіріліп келгендей күй кешіп жүрміз.

Десе де, Жаңа Қазақстан толыққанды орнады деуге әлі ерте. Ескі Қазақстанның өкілдері орынтағын сақтап қалды.

Ел күткен әділеттіліктің ауылы алыс боп тұр. Ал қоғам үшін әділдіктен асқан құндылық жоқ. Соның ішінде сот саласындағы сорақы шешімдер азаймай отыр. Аға-көке, Бәке-Сәкеге құрылған жүйе тамырын тереңге жайған түрі бар.

Назарбаевтың тұсында төрелік еткен соттар автоматты түрде Жаңа Қазақстанға өтіп кетті, олардың мұртын балта шапқан жоқ", – дейді Жәкішев.

Жәкішев Путин туралы пікірін де ашық айтты, аздан соң оны да жариялаймыз. Арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇

https://t.me/dalainside
🔥 Украина бізді аман алып қалды! Жәкішев Путиннің жүзеге аспаған жоспарын айтты...

Dalainside ілгеріде уәде еткендей Дмитрий Гордон мен Мұхтар Жәкішевтың сұхбатындағы қызықты диалогтардан үзінді ұсынуды жалғастырады.

Гордон қазақ саясаткерінің Кремль агрессиясына қатысты пікірін біліпті.

Мәскеудің бөгде елге басып кірерін мүлде күтпегенін айтқан Жәкішев осы арқылы еліміздегі орыстілді элитаның көзқарасын ортаға салған екен.

"Соғыс басталған сәтте, өз көзіме өзім сенбей, бір ысынып, бір суындым. Ресей 1941 жылғы фашистік Германияның әрекетін айнытпай қайталады. Дереу Украинада тұратын достарыма хабарласып, қал-жайын сұрадым.

Путин ешкімге соқтықпай, жай жатқан елге соқтықты. Оның ойлап тапқан сылтауына қарап еріксіз езу тартасың. Нағыз "нацистер" Ресейдің өзінде отыр. Украинаның парламентінде орысты жер бетінен жойып жіберуге үндеп отырған бірде бір партия жоқ. Олардың Зеленский туралы сандырағына ақыл-есі түзу адам сенбейді", – дейді ол.

Мұхаңның пайымдауынша Киев Мәскеуге қарсы келе алмай, тізе бүккен болса, Кремль келесі кезекте Қазақстанға ауыз салар еді.

"Украина Путин айтқандай 3 күннің ішінде берілген болса, Жаңа Қазақстан қазіргі күні Ресейдің боданында болар еді. Бұған дайын дәлелім бар.

Кремль идеологтары орыс қоғамын Қазақстанға шабуыл жасауға дайындай бастады. Соғыстың қарсаңында Зюганов бастаған коммунистер Қазақстанға күйе жағып, провокацияға толы мәлімдеме жасағанын ұмыта қойған жоқпыз. Коммунистер қазақ билігіне ақылға сыймайтын айып тақты. Орыстар қуғын-сүргін көріп, орыс тілі қысымға ұшырауда деп қоңырсыды.

Осылайша Қазақстанға басып кірудің алғышарты жасалып жатқан еді. Зеленский бастаған украин билігі Путиннің "Барбаросса" жоспарын күл-парша етті", – дейді Жәкішев.

Кремль көсемімен жүздесіп қана қоймай, оның бетін қайтарған Жәкішев саясатқа енді аяқ басқан шағында Путиннің жасық мінезді болғанын айтады.

"Оны ең алғаш Ельцинмен ілесіп келген кезде көрдім. Назарбаевтың астына көпшік төсеумен болды. Назарбаевтың тұлғасына тамсанып, қол-аяғын жерге тигізбей мақтағанына куә болғанмын.

Кейін президент болғанында Қазақстанды Ресейдің провинциясы деп қарайтынын аңғардым. Оның имперлік амбициясы ешқашан жүзеге аспайды. Украинаны күшпен ұстаймын десе қателеседі. Ресейдің әскери өндірістік кешеніне қарсы тұруда Батыстан келетін көмектің мөлшері маңызды", – дейді саясаткер.

Айтқандай, арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇

https://t.me/dalainside
📈 Болашаққа деген сенім арта бастады

Ұлттық Банк дәстүрлі түрде отандық кәсіпорындар арасында сауалнама жүргізіп отырады. Биылғы жылдың басында болашаққа сеніммен қарайтын бизнес өкілдерінің саны көбейген. Олардың 41 пайызы қаржылық жағдай жақсарады деген сенім білдірді. Бұл +13 пункт - көрсеткіш соңғы екі жылда алғаш рет осы деңгейге жетіп отыр.

Соған сай, тұтынушылардың көңіл-күй индексі 97,4-тен 111,8-ге дейін өсті.

Бір жағынан, ол инфляциялық күтулердің айтарлықтай төмендегенімен байланысты. 2023 жылдың қаңтарында халықтың алдағы 12 айда күтетін инфляциясының медианалық мәні 17,3%-ды құрады. Бұл 2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда кәдімгідей аз. Бір ай бұрын инфляциялық күту 21,3% деңгейінде болатын.

Қазір не болып жатыр? Орташа инфляция аздап төмендегенін көреміз. Күтулер мен реалды картина сәйкес келе ме? Басты сұрақ осы.

https://t.me/dalainside
💰🚚 Дариғаның қазақ-қытай шекарасындағы бизнес схемасы: Назарбаева қалай пайдаға кенелді?

Назарбаев әулетінің активтері ептеп елдің иелігіне қайтып жатыр. Қаржы мониторинг агенттігі Дариғаның Қазақстан – Қытай шекарасындағы бизнес схемасына тергеу жүргізуде.

Себеп: Қытай мен қазақ шекарасындағы "Нұрлы жол" бекетіне қарасты ұзындығы 3 km (!) жолды Назарбаеваның "Eurotransit Nur Zholy" компаниясы пайда көзіне айналдырған.

Схема: Жетісу облысы, Панфилов ауданы Қазақстан - Қытай шекарасы маңындағы бейтарап аумақта "Нұрлы жол" өткізу пункті бар.

Қазақ шекарасынан өткесін саудагерлер нейтралды аумақта орналасқан сауда орталығына барып, өздеріне керектіні сатып алады. Бұдан кейін жүк пен жолаушыны жоғарыда айтқан "Eurotransit Nur Zholy-ның" көліктері шекара маңына дейін жеткізеді. Шекараға дейінгі жол ұзақтығы небәрі үш-ақ шақырым...

Жұрт осы үш шақырымды жүріп өту үшін Дариғаға тиесілі компанияның 🚛 логистикалық қызметіне жүгініп, қомақты ақша төлеуге мәжбүр болған.

Жүк және жолаушы тасымалдау ісімен айналысатын өзге компанияларды бұл жерге жолатпаған. Осылайша "Eurotransit Nur Zholy" компаниясы Қорғастағы жеке-дара монополиске айналған

Факт: "Нұрлы жол" Орта Азиядағы ең үлкен өткізу бекеті.

Мұнда тек "Eurotransit Nur Zholy" компаниясының көліктері ғана қызмет көрсетіп келген. Таңғалмаңыз, бұл ескі Қазақстан.

Назарбаеваға тиесілі "Нұрлы жол" бекетін салуға "Еуразия банкінен" 100 млн доллар бөлінген.

Қаржы мониторингі "Eurotransit Nur Zholy" ЖШС-ын тексеру кезінде Қытайдың бейтарап аумағынан Қазақстанға жүк таситын жалғыз оператор бола тұра, қызмет құнын бәленбай есе өсіргенін дәлелдеді.

Дариғаға тиесілі компания монополистік қызметтен 4,2 млрд теңге табыс тапқан. Сөзге келмей кінәсін мойындаған компания басшылығы мемлекетке құны 5,3 млрд теңгеден асатын активтерін (3,6 гектар жер телімі бар) аудару туралы өтініш-хат беріпті.

Агенттік компанияның былықтарын тексеруді жалғастыруда.

Shishkin_like арнасының жазуынша, Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункті "Eurasia Transit Holding LTD" серіктестігінің еншілес компаниясы.

"Eurasia Transit Holding LTD" құрылтайшыларына қарасаңыз келесі персоналар алдыңыздан шығады:

1️⃣ Данияр Қайрат - QazaqGaz компаниясының экс-басшысы, Дариға Назарбаеваның жұбайы делінген Қайрат Шәріпбаевтың ұлы.

2️⃣ Венера Шайжүнісова - Дариға Назарбаеваның кіші қызы.

Бұдан ілгерідегі "Eurotransit Nur Zholy" Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевтың бақылауында болғанын топшылауға болады.

Компания 2018 жылдан бері қазынаға 485 млн теңге салық төлеген. Ең қызығы салықтың сүбелі бөлігін (318 млн теңгені) Қаңтар оқиғасынан кейін апыл-ғұпыл аудара бастаған. Компанияның 2022 жылғы таза табысы 1,4 млрд теңгені құрағанын айта кету керек.

Қаңтар оқиғасы отыз жыл бойы халықтың несібесін төгіп-шашқан Назарбаев әулетін тәубесіне түсірді. Dalainside-қа жеткен мәлімет бойынша сайлаудан кейін Жаңа Қазақстан Дариға ханыммен мықтап айналыса бастайды.

Әулет туралы әңгіме әлі алда. Арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇

https://t.me/dalainside
🏰 Кремль қазақ телеграмына көз салды

DALA INSIDE "иноагент" деп танылуы мүмкін. Бұл туралы, Роскомнадзордағы дереккөзіміз хабарлайды. Бүгін Ресейдегі Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко Ресейге сыни көзбен қарайтын телеграм арналарды "дұшпан" деп арнайы белгілеуді ұсынды. Бір қызығы, әңгіме Ресейдің ішіндегі арналар емес, жалпы Ресей туралы жазатын, жазған барлық телеграм арналар туралы болып отыр.

Роскомнадзор ол жұмысты өткен жылдың қарашасынан бері бастап кеткен болатын. Қазір оларды аса қызықтырып отырған 500-ден аса телеграм арналардың базасы құралды. Украин, қазақ, өзбек тілді арналарды да зерттеу қолға алынған. Қазақтілді посттарды Россотрудничествомен жұмыс істейтін, Алматыда орналасқан екі үкіметтік емес ұйым аударып, Мәскеуге жіберіп отыр. Әзірге қазақтілділерден DALA INSIDE, PARANOIA, Usbanov ARNASY, Ongar Online телеграм арналарына мониторинг жасалуда.

"Біздің Ресейдегі билеуші режимнің басқыншы әрекетін сынап, саралап жазуға толық құқымыз бар. Бірақ ол біз Ресейдің мемлекеттілігіне, әсіресе халқына дұшпанбыз деген сөз емес. Жалпы, билік пен елді шатастырмау керек. Екеуі екі бөлек ұғым. Путиндер келеді, кетеді. Бірақ, Ресей қалады. Бізге мұндай көршіміздің бейбіт, тыныш болғаны керек. Оның біздің де қауіпсіздігімізге әсері бар", - деді DALA INSIDE бас редакторы Думан Бықай.

Мәскеу алдымен Украина бойынша жазатын орыстілді қазақстандық сайттарға тиісе бастаған еді. Қазақтілді контентке де кезек келген сияқты. Бірақ, DALA INSIDE Ресей юрисдикциясына бағынбайтындықтан, оны қалыпты жағдай деп қабылдап, алаңсыз жұмысын жалғастыра бермек.

Пропагандаға бірге қарсы тұрамыз, арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇

https://t.me/dalainside
⚡️ "Ескі Қазақстан" мен "Жаңа Қазақстан" сотта кездесті

Бүгін "JYSAN HOLDINGS" халықаралық акционерлері Қазақстанды сотқа берді. Қазақстанға қарсы американдық "Willkie Farr & Gallagher LLP", "Holland & Hart LLP" заң фирмаларының тәжірибелі заңгерлері - Тарик Мундия, Майкл Готтлиб, Джеффри Б., Дж. Стивен Пик пен Эрик Медлилер соттасатын болады.

Оның алдында Қазақстанның Бас Прокуратурасы «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» банкінің, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап арызын жариялаған болатын. Ал Алматы қаласы Бостандық ауданының соты Прокуратура арызы бойынша іс қозғаған.

Jusan Technologies Ltd - АҚШ-тың Невада штатында тіркелген компания. Ол біздегі Жусан банктің қожайыны болып табылады. "Жаңа Қазақстан" Жусан банкті өзіне қайтарып алғысы келеді. Бірақ оған артында Назарбаев тұрған "Jusan Technologies Ltd" түбегейлі қарсы.

Невада соты керек деп тапса, Қазақстанның 💰 Ұлттық Қорын блоктап тастай алады. Жусан ісі - біз үшін екінші Стати деуге болады. Анатол Стати Қазақстанның ERG корпорациясынан алатын дивидендін бұғаттап тастады. Невада соты да біз үшін оңай болмайын деп тұр.

Dalainside бұл даудың барысын бақылауда ұстайды. Арнаға тіркеліп алыңыз👇

https://t.me/dalainside
💥 Мәсімовтің украин сыбайласы: сіз кімсіз, Крупенко ханым?

Қаңтар оқиғасын ушықтырды, мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Мәсімовтың cіз бен біз біле бермейтін құпиясы көп.

Dalainside ҰҚК-ның экс-төрағасы туралы жиынтығы 3 тараудан тұратын зерттеу материалын ұсынады.

Қазақтілді ортада "қияқ мұрт" атанып кеткен Мәсімовтің экс-президентке еліктеп кітап жазатын әдеті бар-тын. Біз оның комитетті басқарып тұрған тұста "Amanat" деп аталатын баспа үйін ашқанын анықтадық. Атауы қазақша болғанмен, жағрафиясы Қазақстаннан жырақта – Вашингтонда тіркелген.

Баспа үйінің қоныс-мекені етіп 🇺🇸 АҚШ астанасын таңдап алуы тегін емес. Алыс құрлықта Мәсімовты қолдайтын ықпалды лобби бар.

Бұған сәл кейінірек тоқталамыз, "Amanat-қа" қайтып оралайық.

Баспаның корпоративтік сайты жып-жылмағай, күдік туғызарлық дәнеңе жоқ. "Amanat" өзін ешкімнің сөзін сөйлемейтін, дербес компания ретінде таныстырады. "Сұранысқа ие үздік туындыларды жариялауға әркез даяр екенін" мәлімдейді.

Солай бола тұра, осы күнге дейін баспадан небәрі 3-ақ кітап жарық көрген. Түсінген боларсыз, үшеуі де Мәсімов әулетіне тиесілі.

📚 "Amanat" баспасынан Мәсімовтың - "Тамыр" және "Әлемнің келесі қожайыны: жасанды интеллект" атты кітабы басылып шыққан. Ал үшінші кітаптың егесі – Кәрімнің әкесі марқұм Қажымұқан ақсақал. "Естеліктер" деп аталатын кітапта Мәсімовтер әулетінің өткені мен кеткені баяндалған.

Dalainside бұдан да тереңге үңгіп, Мәсімовтің АҚШ-тағы сыбайласын тапты. ҰҚК-ның бұрынғы басшысының төл туындыларын кеңінен таратуға, әрі оның АҚШ-тағы жағымды образын қалыптастыруға 🇺🇦 Украин азаматы болысып отыр.

Аксения Крупенко украин тумасы және біздің болжам бойынша Мәсімовке тиесілі "Amanat" баспасына тікелей қатысты тұлға, тіпті осы баспаның қожайыны болуы да ғажап емес. Баспа үйінің веб-сайтында оның есім-сойы жоқ, алайда құрылтайшылардың құжатында – Крупенко мекеменің белді қызметкері деп көрсетілген.

Мәсімовтың қолымен жазылған туындыларды АҚШ-тағы ығай мен сығайға тарату жұмысы тікелей Крупенкоға жүктелген деуге негіз бар.

Аксенияның құзіреті мұнымен шектелмейді. Dalainside оның әлемжелідегі парақшаларын ақтарып, келесідей қызықты мағлұмат тапты.

Крупенко Мәсімовтың дәуірлеп тұрған шағында Вашинтонға түрлі мақсатпен ат сабылтып келетін шенеуніктер мен дипломаттарға арнап агенттік ашқан. Былайша айтқанда, VIP клиенттерге қызмет көрсеткен. Оларға оққағар ұсынған, қонақ үйге орналастырған, ат-көлігі мен ас-суын қамдаған.

Баспаның корпоративтік құжатында Крупенкодан өзге Мәсімовтың ұлы - Ескендір Кәрімнің де аты-жөні жүр.

Әлбетте, Крупенко Мәсімовтың хәлі мүшкіл екенін жақсы біледі, оған жанашыр екені жасырын емес. Украинаға басып кірген Путин Крупенконың "Кәрімге қол ұшын созсам..." деген жоспарын бұзған тәрізді.

Ксения атажұртына жәрдемдесуге білек түре кіріскен. Оның ұйытқы болуымен Украинаға гуманитарлық көмек жөнелтетін арнайы қор құрылыпты. Әлбетте, мұнысы құптарлық іс. Десе де, бізді Мәсімовтың мәселесі көбірек қызықтырады.

Dalainside анықтағанындай Крупенко Мәсімовтың төл туындыларын АҚШ-тың ішкі-сыртқы саясатын айқындайтын бірталай ықпалды тұлғаларға арнайы тарту еткен. Осыған қарап-ақ америкалық элита да өз тарапынан "мұрттымен" байланыс орнатуға мүдделі болғанын аңғарамыз. Әлгі кітаптар бұл арада "орамал тон болмайды, жол боладының" деген ишараның рөлін атқарып тұр.

Сонда мұның түпкі мәні неде? Кәрімнің көңілін табуға тырысқандар нені көздеді? Ілгеріде айтқанымыздай, алыс құрлықта Мәсімовтің мәселесіне бей-жай қарамайтын мықты лобби бар. Мәсімовке кімдер араша түсуде?

Бұл туралы зерттеудің 2-ші тарауында кең-молынан сөз етеміз. Арнаға тіркеліп алыңыз👇

https://t.me/dalainside
🔥 "Мәсімов Ақорданың жертөлесінде жатты...". ҰҚК-ның экс-төрағасын қорғаштап отырған америкалық лоббист жайлы не білеміз?

Dalainside Мәсімов ісіндегі қалтарыста қалған нюанстерге үңіледі.

Алғашқы тарауда 👆 "мұрттының" АҚШ-та тіркелген баспа үйін басқарған, әрі осы жерден шыққан Мәсімовтың кітаптарын таратумен айналысқан Ксения Крупенко туралы айтқанбыз.

Оның Кәрімнің адамы екенінде күмән жоқ, әйткенмен Мәсімовтің ісіне ықпал етуге Крупенконың саяси салмағы жетпейді. Бұл миссия - оған қарағанда әлдеқайда көлемді калибрлерге, соның ішінде Ақ үйдің маңындағы саясаткерлерге жүктелген.

Соның бірі - АҚШ Мемдепартаменті мен Қауіпсіздік кеңесінің экс-қызметкері Дэвид Меркель. Кейбір дереккөздің мағлұматы бойынша Меркель Nazarbayev University директорлар кеңесіне де кіріп алған.

Трансұлттық компаниялардың лоббиімен айналысатын Меркельді өткен жылдың сәуірінде 💰 Шеврон компаниясы Қазақстан бойынша кеңесші етіп жалдапты.

Intelligence Online таратқан мәліметке сәйкес - Шеврон Мәсімовтің басынан бақ таяды деп күтпеген, елдегі ең ірі инвестор мен Ақорданың арасындағы келіссөзде Мәсімов делдал есебінде жүрген. Былайша айтқанда, мұнай-газ саласындағы ірілі-ұсақты түйткілдер "мұрттының" көмегімен реттелген.

Соған қарағанда Меркель Назарбаев әулетіне де бөтен емес.

Dalainside-қа белгілі болғандай karimmassimov.com сайтының "админі" де осы кісі. Сайттың қазақ-орыс нұсқасы жоқ, тек ағылшын тілінде тарайды. Тіркелген жері - 🇺🇸 Аризона штаты, Феникстің іргесіндегі Скоттсдейл дейтін шағын шаһар. Дәл осы жерде Меркельге тиесілі Summit International Advisors компаниясы орын тепкен.

Меркельдің өткен-кеткеніне үңіліп жатпайық. Ақ үйдегі ықпалдылармен әмпей-жәмпей екенін ілгеріде айттық. Бізге оның қазіргі риторикасы қызық.

Ол Мәсімов қамауға алынғалы Жаңа Қазақстанды жатпай-тұрмау жамандаумен келеді. Айтуынша, Мәсімовтың тұсында Ақорда АҚШ пен Батыстың, Қытай пен Ресейдің бабын тауып, сыртқа саясатты сауатты жүргізген. Қазақстандағы президент сайлауы сүреңсіз өткен, саяси реформа жүргізуге серт берген Тоқаев косметикалық өзгеріспен шектелген. "Мұрттыны" қуғын-сүргінге ұшырату арқылы өз репутациясын ойсыратқан.

"Ақорданың қолында оның Қаңтар оқиғасына қатысы барын растайтын айғақ жоқ. Мәсімов Қауіпсіздік кеңесінің отырысы аяқтала салысымен іле-шала қамауға алынды. Аш-жалаңаш күйінде, ресми айып тағылғанша Ақорданың жертөлесінде жатты. Ас-судан айырды, табанынан сыз өтті, тиісті ем-дом көрсетілмеді...", - деп дабыл қағады Меркель.

DALA INSIDE оның сөзін сөйлеуден аулақ. Қазақтілді аудитория Мәсімовке әлдеқашан әділ бағасын берген. Ал Жаңа Қазақстан үшін Мәсімовтың қорғаушысы бас ауруға айналатын түрі бар. Меркельдің мәлім еткеніндей АҚШ Мемдепартаментідегі ықпалды тұлғалар ҰҚК-ның экс-төрағасына бостандыққа берілуін талап еткен. Бұлардың босағасын тоздырған Меркель "мұрттының" үгіт-насихатын жүргізгенге ұқсайды.

Меркельден тағы бар маңызды инсайд: Мәсімов Батыс пен АҚШ-қа сыйлы.

Dalainside-қа жеткен мәлімет бойынша алдағы уақытта Мәсімовті дәріптейтін ағылшынтілді медиа агенттіктер көбейеді. Америкалық лоббист Мәсімовті Қаңтар құрбаны ретінде көрсетуді көздейді.

❗️Анығы, алыс құрлықта Мәсімовтің мәселесіне бей-жай қарамайтын ықпалды күш бар. "Мұрттыны" қорғаштаған Меркель кімдердің алдына барды?

Бұл туралы зерттеудің 3-ші тарауында кеңінен сөз етеміз. Арнаға тіркеліп алыңыз👇

https://t.me/dalainside
👊🏦 Назарбаев күресі. "Jusan bank"-тен айрылмас үшін зейнеткер өз елін сотқа берді

🇺🇸 АҚШ-та тіркелген "Jysan Holding" компаниясы Қазақстан Республикасының үстінен Невада штатының округтық сотына арыз түсірді. Енді Қазақстан атынан Әділет министрлігі адвокаттар жалдап, осы сот процесіне де шығындалуға мәжбүр болады.

"Jysan Holding" өз кезегінде "New Generation Foundation" қорына қарайды. Бұл қор өткенде ғана "NU (Nazarbayev University) Generation" деп аталатын. Назарбаевтың атын Жусанға қатысты барлық жерден алып тастау операциясы аясында қордың аты өзгерді, оның басшылығынан Қазақстан азаматтары, кезінде Назарбаевтың жанында жүрген көмекшілері Ербол Орынбаев, Аслан Сәрінжіпов, Рүстем Хамзин, Евгений Пан түгел кетіп қалды. Оның орнына басқармаға американ лоббистері келді. 2000 жылдары бізде Білім және ғылым министрі болған Нұралы Бектұрғанов қана қалды. Бірақ ол да АҚШ азаматы. Формалды түрде, Назарбаев та, оның көмекшілері де еш жерде емес, Жусан тақырыбына мүлде қатысы жоқ.

Ал енді ішіне банк те, басқасы да кіретін "Jusan" тобы қандай американдықтардың қолына түсті?

Джоел МакКлири - кезінде АҚШ Президенті Джимми Картердің көмекшісі болған. Кәрім Мәсімовтың "Следующий властелин мира" кітабына рецензия жазған. Қызметі аса қымбат тұрады. Бірақ өте ықпалды лоббист, Жусан банктен айрылған жағдайда Қазақстанның қаржы жүйесіне санкция салу бойынша бастама көтеріп, біздің елді есеңгіретіп тастауға қуаты бар.

Амитабха Мукерджи - Назарбаевтың көп жылдан бергі сыйласы, оның атындағы университетті басқарып отырған Шигео Катсудың әріптесі болып келеді. Дамушы елдерге реформа жасау бойынша кеңес береді. Өзі Дүниежүзілік банкте істейді.

Роберт Армао - әккі саяси лоббист. Оның компаниясы Nike, Microsoft, Coca-Cola сынды алыптарға қажет заң жобаларын Конгресстен өткізіп беруге көмектеседі. Вашингтондағы кез-келген ит Армаоны таниды.

Рон Вахид - ресми түрде ол "New Generation Foundation" басқармасына кірмейді. Бірақ британдық "Jusan Technologies" басшылығында болған. Ол бейресми ЦРУ деп аталып кеткен "Arcanum Global" агенттігінің қожайыны. Кезінде Назарбаевқа Әбіләзовтың бүкіл әлем бойынша жасырылған активтерін тауып беруге көмектескен болатын.

DALA INSIDE инсайдерінің сөзінше, Назарбаев пен "Жусан" қаржылық тобы туралы жазған қазақстандық ақпараттық сайттарды (Orda, Ulysmedia, Nege, ҚазTAГ) хакерлік шабуылмен шырылдатқан да дәл осы "Arcanum Global" агенттігі. Ал қазір журналистерді қорқытып үркіту, оларға шошқаның кесілген басын жіберу, есіктерін пенамен жауып тастау, балаларының суретін жіберу, көліктерін өртеу секілді лас әрекеттердің де дәл осы Жусан тақырыбына тікелей қатысы бар.

Назарбаевқа жұмыс істейтін американдықтар Қазақстандағы "Jusan bank"-тен 387 миллион доллар дивиденд шығара алмай отыр.

Заңға енген өзгертулер бойынша, егер банк мемлекеттен көмек алса, сол көмекті қайтармайынша ол қожайындарына дивиденд төлей алмайды. Ал Жусан банк қазақ еліне 2,6 миллиард доллар қарыз. Тек қарызды қашан қайтарады және қайтара ма? Әңгіме сонда. Банк қарызын қайтарғаннан кейін, мемлекеттің онда шаруасы да болмайтын сияқты.

"Jusan bank-тың" жыры ұзаққа созылатын сыңайлы. Арнамызға тіркеліп алыңыз👇

https://t.me/dalainside
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
⚡️ Жастар сөйлей бастады! Олар Жаңа Қазақстанда өмір сүргісі келеді...

Елімізде Мәжіліс пен мәслихат сайлауына түскелі отырған жас кандидаттарды қолдайтын "Жастар үні" блогы құрылды.

Бұл туралы журналистер Ерқанат Көпжасар, Ақбөпе Тәңірберген, Нұрсұлтан Құрман және Мәжілісі депутаттығына үміткерлер Яков Федоров пен Мақсат Халық жария етті.

"Ашық алаң" саяси ток-шоуының жүргізушісі Ерқанат Көпжасар айтуынша ұйымның қатарына жас кандидаттарды қорғаймын, қолдаймын, кеңес беремін деген белсенді жастар еш кедергісіз кіре алады.

"Мақсатымыз – халық қолдауына ие белсенді жастарды Мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысуға шақыру", - дейді ол.

Танымал блогер Яков Федоров қазақстандық жастарға қатысты стереотиптерге тоқталды:

"Жастар саясатқа қызықпайды деген стереотип бар, алайда бұл олай емес.

Бұған дейін жастарда мүмкіндік пен таңдау болмады. Қазіргі уақытта кез келген азамат өзін-өзі ұсына алады.

Ең бастысы – жастар өзгеріс енгіземін деген шын ниетімен бара жатыр", - деді ол.

Экономист, Мәжіліс депутаттығына үміткер Мақсат Халық партиялардан жасалып жатқан қолдауға тоқталды.

"Шыны керек, бізді бірде-бір партия қолдап жатқан жоқ, "Аманат", "Ауыл", "Республика" партиясы болсын. Сондықтан да, қазіргі уақытта өзімізді ұсынып, болашаққа үлес қосамыз деген ниет бар.

Әрине, өңірлерде әділетсіздік орын алатын шығар, бірақ өзгерістерді өзіміз жасап, Қаңтардан бастап айтылып келе жатқан 🇰🇿 "Жаңа Қазақстанды" бірге құру керекпіз", - деп атап өтті.

"Жастар үні" жас кандидаттарды қолдау блогы – өз-өзін бір мандаттық жүйемен ұсынғандарды да, партия атынан ұсынылып отырғандарды да бөліп-жармай қолдауға дайын. Бастысы 21-35 жас аралығындағы жастар санатына жататын азаматтар болуы тиіс.

#ақылынегізде
🏦 Jusan bank әдеттегі жұмысын жалғастыра береді

"First Heartland Securities" акцияларына Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының шектеу қою банк қызметіне кедергі келтірмейді.

🇰🇿 Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының мәлімдемесінде айтылғандай, Jusan тобы құрылымдарының біріне қатысты азаматтық талап-арыз қаралуда. Оның аясында акцияларды уақытша шектеу сынды стандартты рәсімдер мен процессуалды әрекеттер жасалды.

"Jusan bank" АҚ баспасөз қызметі азаматтық талап тек Банктің шетелдік акционерлеріне қатысты екенін және Банк қызметіне, сондай-ақ серіктестермен немесе халықаралық корреспондент-банктермен, халықаралық төлем жүйелерімен жасалатын қарым-қатынасқа әсер етпейтінін алға тартады.

Банк әдеттегідей еш шектеусіз жұмыс істей береді.

Jusan Bank тікелей немесе жанама түрде де жауапкер немесе соттасып жатқан тарап болып табылмайды. Сондықтан Банкке ешқандай санкциялар қолданылмайды.

Jusan Bank және оның активтері Қазақстанда орналасқан. Банк қаржылық жағынан тұрақты. Ол Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің барлық нормаларын асыра орындап отыр.

Сондықтан Бас Прокуратура да "Jusan" тобына қатысты арызының Jusan Bank қызметіне қатысы жоқтығын атап көрсетті 👉 www.gov.kz

Jusan Bank өз қызметін әдеттегідей жалғастыра береді.

Клиенттер алдындағы барлық міндеттемелер орындалады. ҚР Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі де қаржы институтының тұрақтылығын және банктің барлық заң талаптары мен пруденциалды нормативтерге сәйкестігін растады 👉www.gov.kz/memleket

https://t.me/dalainside
🇰🇿🇺🇸 Тоқаев Байденнің мәлімдемесін мұқият тыңдады: Жаңа Қазақстан Киев пен Мәскеудің үстел басына отырғанын қалайды...

Dalainside Байденнің Варшавадағы жолдауын зейін қоя тыңдады. АҚШ президенті Кремль көсемі ұқсап толғатып жатпады. Ұзын-сонар баяндамадан бас тартқан Ақ үй басшысы Украинаға келгенде бір адым кері шегінбесін кесіп айтты. Компромиске жол жоқ, Мәскеу Батыстың алдында тізе бүгуі керек. АҚШ пен оның одақтастары Киевті жау қолында қалдырмайды.

Ал, Путиннің ақыры - Гаагамен аяқталады. Ресей диктаторы мен жанындағы жендеттер тегіс жазаға тартылып, түрмеде шіриді. Мұндай азаптан арылудың жалғыз амалы - Путинге опасыздық жасау, Батыспен ымыраласып, Кремль көсемінің қылмысын әшкерелеу.

"АҚШ-тағы әрбір үйдің маңдайшасында 🇺🇦 украин туы ілулі тұр", - деп түйіндеді сөзін Байден.

Батыс осы арқылы Кремльге күшті психологиялық месседж жолдады, қазақша айтқанда "артыңды қыс..." деген белгі берді!

Dalainside "Тоқаев Байденнің мәлімдемесін мұқият тыңдады..." деуі тегін емес. Жаңа Қазақстан Киев пен Мәскеудің тездетіп үстел басына отырғанын қалайды. Тараптардың бітімге келуіне шын мүдделі. "Кеселді түйін шешілсе" дейді.

Оның экономикалық сипаты бар:

Путиннің кесірінен Украина Ресейдің энерго-инфрақұрылымына байланған 🛢 мұнайдың барлық сортынан бас тартты. Cалдарынан Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданатын (негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орнынан шығатын) мұнай Одесса портына жеткізілмейтін болды. Қазір бұл жердегі терминал шикізатты АҚШ-тан алады.

Украинадағы мұнай өңдеу зауыттары ресейлік инвесторлардан толық "тазарған". Киев қазақ билігімен ара-қатынасы тәуір деген "Лукойлдың" инвесторларын Одессадағы мұнай өңдеу зауытынан қуып шықты. Бұл өз кезегінде қазақстандық шикізатқа деген сұранысты шектеп, елдің экспорттық әлеуетіне теріс әсер етті.

Еліміздегі көмір өнеркәсібі де соғыстың кесірінен еңсе тіктей алмай отыр. Ресей соңғы 7-8 жылдың бедерінде қазақ көмірін Украинаға транзиттеуге кедергі келтіріп келеді. Соғыс басталғалы бері Қазақстан мен Украина арасындағы алыс-беріс 40 пайызға қысқарған.

Dalainside-тың тұжырымын Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де растап отыр. Әзірде ғана Португалияның Diário de Notícias басылымына сұхбат берген Тілеуберді Путин шапқыншылығы ел экономикасын есеңгіретіп кеткенін мойындады.

"Санкция? Қазақстан Батыстың шектеуіне қосылмайды. Бұл Ресейге жәрдемдескеннің белгісі емес. Еліміздің аумағын санкцияны айналып өтетін алаңға айналдырмаймыз...", - деп алып-қосты министр.

Айтқандай, Ресейдің "Дружба" құбыры арқылы Берлинге мұнай жөнелтпек болған қазақ билігі берілген уәдені созып, сөзбұйдаға салып отыр. Мұның саяси себебі бар ма? Оны алдағы уақытта анықтаймыз.

Арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇

https://t.me/dalainside
🇨🇳 Бүгіннен бастап Қытай әлемдегі "халық саны ең көп ел" статусын жоғалтты

2022 жылдың қортындысы бойынша Үндістан халқының саны World Population Review (WPR) мәліметтері бойынша 1,417 миллиард адамды құрады. Бұл Қытайдағы көрсеткіштен 5 миллион адамға көп. Ал Қытайдағы халық саны - 1,412 миллиард адам.

Қытайда 1959-1961 жылдардағы ашаршылықтан кейін халық саны алғаш рет азайып отыр. Және бұл азаю өз қарқынын күшейткен. Ол Компартияның алаңдаушылығын туғызды.

Жас отбасылардың бала туу көрсеткіші азайған және келіншектердің күйеуге шығуға деген ынтасы төмендеп кеткен. "Чайлдфри" пропагандасы да күшейген.

Еңбекке қабілетті адам санының қысқаруы Қытай экономикасына соққы болып тимек. Жұмыс күшінің құны артып, халықаралық компаниялар өз өндірісін Қытайдан Үндістан, Бангладеш, Индонезия мен Вьетнам сияқты жұмыс күші көп, әрі арзан елдерге ауыстыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде әлемдегі логистика картасын өзгертеді.

Қазақстан экономикасы үшін Қытай экономикасының өсе бергені тиімді. Себебі, ондағы тұтынудың артуы біздің экспорттық табыстарымызды қамтамасыз етіп келді. Ал Үндістанмен аса қатты байланысымыз бар деуге келмейді. Себебі, ортақ шекара жоқ.

https://t.me/dalainside
📈 Базалық ставка: түсе ме, түспей ме?

Бүгін Ұлттық Банк базалық ставка бойынша кезекті шешімін жариялайды. Қазіргі деңгейі 16,75%. Және біздің ойымызша ол өзгеріссіз қалады.

Инфляциялық күтулер деңгейі төмендесе де, қаңтар айында нақты инфляция құламаған. Сондықтан жоғары базалық ставканың эффектісі әлі білінген жоқ. Дәл қазір ставканы төмендету оған дейін жасалған барлық жұмысты бұзып тастайды және біз инфляцияны ауыздықтай алмай қаламыз.

Кеше биржада ұлттық валюта аздап әлсіреді. USD/KZT жұбының орташа бағамы бір долларға 448,99 теңгені құрады. Оның алдындағы бағамына 2,13 теңге қосқанын көрдік. Биржа үшін салық аптасының әсері аяқталды деуге толық негіз бар. Себебі, долларды сату көлемі 88,7 миллион долларға дейін төмендеді. Оның алдында биржада күніне 130 миллион доллардай сатылып келген еді.

UPD. Ұлттық Банк базалық ставканы сол 16,75% межесінде қалдырды

https://t.me/dalainside