Better call Sula
173 subscribers
59 photos
6 videos
47 links
Футболдың құқықтық және өзге де аспектілері жайында.

Автор - @sultanjumakhanov
Download Telegram
Маусым нәтижелері: статистикалық қызықтар

Топ-5 лигалардың барлығы аяқталды, өзімнің қорытындыларыммен де бөлісіп үлгердім. Енді осы қызыққа толы маусымды кілтті статистикамен шығарып салайық.

• Осы маусымда Англияның жоғарғы дивизионында 1084 гол соғылды, бұл маусымдағы көрсеткіш алдыңғы 38-ойындық жарыстың қақпаға 1072 гол кірген рекордын жаңартты.

Германиядағы голдар ғажабы Бундеслиганы еуропалық топ-5 жарысының ішінде голдарды xG (болжамды голдар) көрсеткішінен асырып соққан жалғыз-ақ чемпионат етті.

Ла Лига маусымы 137 қызыл қағазбен аяқталды. Бұл АПЛ-дан 107-ге артық және АПЛ (30), Бундеслига (43) және Серия А (68) чемпионаттарының қызылдарын қоса алғанда, 4 көрсеткішке ғана кем болады.

• Серия А қақпашылары өзінің жартысында берген 552,6 пастары ең жоғары көрсеткіш екен, 2-ші орында 551,3 паспен Бундеслига қақпашылары. Екі чемпионаттың қақпашылары да орташа 9,9% дәлдікпен көрінген. Бұл жарыстардағы прессинг күшін жанама түрде көрсетуі мүмкін.

• Франциялық Лига 1 матчтарында толық өткізілген уақыт бойынша ең төмен сандарға иеленсе де (96 минут 16 секунд), доптың ойында болу көрсеткіші бойынша жеңімпаз (55 минут, 56 секунд).

Алда жазғы трансферлік кезең, бітпейтін сыбыстар және келесі маусымға дайындық. Маусым аяқталуына қарамастан посттар шығару қарқынын түсірмеуге тырысамын.
🔥5👍3👏1
Әйелдер футболы > ерлер футболы?

1921 жылы ағылшындық ФА шешімімен әйелдерге футбол ойнауға тыйым салынды, нақтырақ айтқанда ФА-ға тиесілі стадиондарда ойнау құқығынан айырды. Неліктен?

Ерлер өсіп келе жатқан әйелдер футболын потенциалды бәсекелес ретінде санаған. Ол уақытта бірінші дүниежүзілік соғыс әсерінен ерлер футболы 1915-1919 жылдары тоқтатылған болатын, ал әйелдер футболы, керісінше, гүлдену дәуірін өткізіп жатты.

1920 жылы ең танымал «Дик, Керр Лэдис» футбол клубы өз жерінде Францияның ұлттық құрамасымен 4 ойын өткізіп, Францияда тағы 4 матч ойнаған. Әйелдер футболының өсіп келе жатқан ықпалы соншалық олардың «Гудисон Парк» стадионындағы өткізілген қайырымдылық ойыны 3000 фунт стерлинг жинаған. Бұл қазіргі есеппен 140 мың фунт сомасына тең. «Дик, Керр Лэдис» және «Сент Хеленс Лэдис» арасындағы матч 53 мың көрермен жинағанын да атап өтейін.

Өсіп келе жатқан әйелдер футболының ықпалы ФА басшылары үшін үлкен мазасыздыққа айналды. Әйелдер футболының ойындары қайырымдылық матч нысанында өтетін, көбінесе жиналатын ақша соғыстан кейінгі қиындықтарды шешуге көмектесуге арналған болатын.

Қайырымдылық матчтарды ФА ұйымдастырмағандықтан, бұл матчтарға қатысты юрисдикциясы таралмаған. Сәйкесінше жиналатын қаражаттарға да қолжетімділігі де болмаған. ФА әйелдер футболын белгілі деңгейдегі экономикалық қауіп ретінде көріп, ерлер футболының барлық қаражат өндіру жолдарын қорғау мақсатында келесідей шешім шығарды.

ФА Консультативтік Комитетінің шешімі: «Әйелдер футболына қатысты шағымдар келді. Комитет футбол ойыны әйелдер үшін мүлдем үйлесімсіз және оны ынталандыруға болмайды деген қатаң пікірді білдіреді. Шағымдар кейбір матчтар ұйымдастырылған және өткізілген жағдайларға, сондай-ақ жиналған ақшаның қайырымдылық мақсаттарға бағытталмауына байланысты болды.

Комитет сонымен қатар түсетін қаражаттың шамадан тыс бөлігі шығындарға кетіп, қалған жеткіліксіз бөлігі ғана қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады деп санайды. Осы себептерге байланысты Комитет қауымдастыққа (ФА) кіретін клубтардан осындай матчтарды өткізу үшін өз алаңдарын пайдаланудан бас тартуды сұрайды».

Осылайша зәулім стадиондарды толтыратын әйелдер футболы парк және көшелер алаңдарына көшті. 1969 жылы Лондонда ӘФА (Әйелдер футбол ассоциациясы) құрылды, алайда шеттету шешімінің күші тек 2 жылдан кейін жойылған болатын. 1983 жылы ӘФА ФА құрамына кіреді, ал 1993 жылы әйелдер футболын ұйымдастыру міндеті толығымен ФА-ға өтеді. Ең қызығы әйелдер Англияда футбол ойнау құқығын дауыс беру құқығынан ертерек иеленген. Футбол отанында басқаша болуы мүмкін емес сияқты.

Бұл әлемде кең таралған әйелдерді футболдан шеттету практикасының ең әйгілі оқиғаларының бірі. Егер басқа мемлекеттерде әйелдерге футбол ойнауды қандай себеппен тыйым салғаны қызықты болса, талқылауға жазыңыздар.
82
АПЛ «Челсиге» жаңа демеушімен келісімшарт жасасуға тыйым салды. Неліктен?

Құқық тақырыбына байланысты мәтіндер шықпағанына көп болды, жалпы посттар шықпағанына аптадан асып кетті, сондықтан жиналған қарыздарымды жаба бастайын.

1,5 аптадай бұрын желіде ағылшын Премьер Лигасы «Челси» және оның жейдесінде орналасатын олжалы демеуші арасындағы келісімге жол бермейтіні жайлы ақпараттар шықты. Лондондықтардың потенциалды демеушісі Paramount Plus болуы керек еді.

Біріншіден, Paramount Plus стримингтік сервис қызметін көрсететін компания екенін атап өтейін. Екіншіден, лигадағы барлық клубтары хабар тарататын компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты бірқатар мәселелерді қамтитын лицензиялық келісімге қол қоятыны да бар.

Үшіншіден, АПЛ-дағы белді дереккөздер мәліметінше «Челси» және Paramount жасасқалы тұрған шарты аталған лицензиялық келісімге басынан қайшы келетін. Басқаша айтқанда, АПЛ жайдан-жай «Челсиге» қатысты қастандық жасағысы келмеген, олар бұл келісімді шарттық міндеттемелеріне байланысты жүзеге асыруға құқығы болмаған.

Бұндай лицензиялық келісімдер конфиденциалды болғандықтан, ашық дереккөздерде бұл келісім қолжетімсіз. Сәйкесінше тараптар арасындағы келісімшарт қандай ережелерді бұзатынын нақты айту мүмкіндігі жоқ. Алайда біз АПЛ-дың басты пайда табу жолы көрсетілім құқықтарын ұлттық және шетелдік медиа компанияларға сатудан тұратынын білеміз. Мәселе осы жағдайға байланысты орын алуы әбден ықтимал.

Paramount Plus Ұлыбританияда АПЛ ойындарын көрсетпесе де, АҚШ-та ең үздік лиганы көрсету құқығына ие. Оған қоса «Челси» жаңа иесі Тодд Боули американдық инвестор екенін де ұмытпайық. Осындай кішігірім бөлшектер мүдделер шиеленісіне алып келуі де мүмкін.
👍9
«Манчестер Юнайтед» трансферлік рекордтары

Белді дереккөздерге сәйкес ағылшындық клубтың осы трансферлік кезеңде 100 миллион фунт стерлинг жұмсауға құқылы.

Бюджеттік шектеулердің негізгі себебі қаржылық fair play реттеулері, бұл Глейзерлердің стратегиялық жоспарлауы болмағанын кезекті дәлелі. Егер клуб аталған сомадан көбірек қаражат жұмсауды қарастырса, қажет емес ойыншыларды сатып, түскен ақшаны ғана қолдана алады.

Соңғы жылдардағы «МЮ»-дың жұмсаған ақшасына назар салсақ, орын алған жағдай таңғалдырмау керек. Манчестерлік клуб өзінің доминациялық кезеңінде жеңістерге академиясының дарынды түлектері мен сатып алынған жұлдызды ойыншылар көмегімен жететін.

Клуб 2019/20 маусымының 17 турында керемет рекорд орнатқан, манкуниандықтар 1937 жылдан бастап әр матч турында құрам өтінімінде академия түлегі болған. Академия таланттарына байланысты дәстүрлер ұмытылмаса да, трансферлерді жасау қабілеті тым нашарлап кетті.

Еуропалық алаңда бәсекелестерден қалып қалмас үшін сэр Алекс те кезінде қаражат жұмсаудан қорықпаған және соған Глейзерлердің сәтсіз трансферлік саясатын қосып алатын болсақ, клубтың үлкен ақша жұмсау тарихы бар екендігі айқын. Негізі «МЮ» Англиядағы трансферлік рекордты 6 рет жаңартқан.

Өзекті ақпараттарға, клубтың трансферлік мақсаттарына және Райс үшін «Сити» мен «Арсенал» арасындағы жарысын қарасақ, жазда қызыл сойқандар тарапынан тағы бір рет рекорд жаңартылады дегенге сену қиын. Сондықтан бүгін сол бұрынғы рекордтарға кішігірім шолу жасап жіберу туралы ой келді.

Дэннис Лоу – 115 мың фунт стерлинг (1962 жылы «Торинодан»)
Джордж Бест және сэр Бобби Чарльтонмен бірге құрған киелі үштігі даусыз клуб аңыздары, 1968 жылы клубтың алғаш Чемпиондар Лигасының жеңісіне жетелеген.

Брайан Робсон – 1,5 миллион фунт стерлинг (1981 жылы «Вест Бромвичтен»)
Капитан Марвел «МЮ» сапында 2 Чемпиондық олжа, 3 Англия кубогін және Кубок иелерінің кубогін жеңген.

Энди Коул – 7 миллион фунт стерлинг (1995 жылы «Ньюкаслдан»)
АПЛ тарихындағы ең жете бағаланбаған сұрмергендердің бірі, 1999 жылғы требл жеңген құрамның маңызды мүшесі.

Хуан Себастьян Верон – 28,1 миллион фунт стерлинг (2001 жылы «Лациодан»)
Ойын аңызы және керемет жартылай қорғаушы, өкінішке орай, Манчестерде бағы жанбады.

Рио Фердинанд – 29,1 фунт стерлинг (2002 жылы «Лидс Юнайтедтен»)
АПЛ тарихындағы үздік орталық қорғаушылардың бірі, қазіргі орталық қорғаушылардың прототипі.

Поль Погба – 89 миллион фунт стерлинг (2016 жылы «Ювентустен»)
Өзінің дарынын клубтық деңгейде тіпті жартылай жүзеге асырмаған ойыншы.
👍8
Келер сезонды хош деммен күткізетін трансферлер

Жалпы трансферлік кезең жүріп жатқан кезінде әр сыбысты талқылауды аса ұнатпаймын. Клубтар құрамдарын толығымен жасақтап, маусымға дайын болған кездегі кейіптері жайында сөз құру дұрысырақ сияқты.

Бірақ келесі потенциалды трансферлер командалардың көрсеткен ойын тұрғысына үйлесімділігі жағынан және басқа да критерийлер бойынша керемет болатындықтан, оларға қатысты ережеден тыс жағдай жасадым.

1. Йошко Гвардиол – «Манчестер Сити»
Орталық қорғаушы Англия чемпиондарының жаңа жүйесіне судай сіңіп кетеді. Хорват ойыншысы керемет маусым өткізген Натан Аке рөліне апгрейд немесе көпжылдық шешім деуге де болады. Йошко «Ситидің» жылдамдығы жоғары, бойы ұзын, 1-ге-1 жағдайында мықты және доппен ойнау білетін кезекті қорғаушысы болады.

3 қорғаушы жүйесінде ойнау тәжірибесі бар, яғни қорғаныс 4-тігі Стоунстың жартылай қорғанысқа көтерілумен жасалатын жүйенің трансформациясына бейімделу қиындыққа соқпайды. Керек жағдайда Диаш орнын басып, Аке өз позициясында ойнай алады.

2. Юрриен Тимбер – «Арсенал»
Лондондықтар талантты әрі жеңістерге аш ойыншыларды сатып алу саясатын тоқтатпауда. Тимбер пас шеберлігі мен допты жоғары шабуылға қарай тарту икемділігі өте жоғары деңгейде. Негізгі позициясы орталық қорғаушы болғанымен Артета «Аякс» түлегін Бен Уайт атқарған қапталдағы жасырын орталық қорғаушы рөлінде көретін сияқты.

Тимбер әмбебап ойыншы болғандықтан, бұл трансфер клубтың қорғанысын саны жағынан ғана емес сапасы жағынан да жақсартады. Енді Салиба сияқты негізгі қорғаушы жарақат алғанда «Арсенал» жанкүйерлері байсалды қабылдайтын болады.


3. Андре Онана – «Манчестер Юнайтед»
Давид де Хеа Эрик тен Хагтың ойын жүйесіндегі қақпашы рөлін ойнауға қажетті дағдылары жоқ екеніне алдыңғы маусымда көзіміз жетті. Команда толығымен прессингке шығып, қорғаушылар жоғары көтерілгенде олар қалдырған аймақты Нойер, Аллисон немесе тіпті «Ньюкаслдағы» Поуп секілді қақпадан шығып қорғай алмайды. Оған қоса аяқпен ойнау машықтары жеткілікті деңгейде дамымаған.

Аталғандардың барлығын камерундық голкипер оңайлықпен жасайды. Тіпті әлем чемпионатында допты жай алға тебуден бас тартып, бапкермен жанжалға түсіп, жарыста 1 ойын ғана өткізгені де бар. Менше осы трансфер жүзеге асса, бұл «Юнайтедтің» дамуына шабуылшыдан көбірек әсер етеді.
4❤‍🔥1
АПЛ қарттары

«Кристал Пэлас» бапкерлер нарығында қажетті кандидат таба алмай Рой Ходжсонды зейнеттен қайта шығарып алды. Осыған орай Ағылшын Премьер Лигасындағы ең үлкен ақсақалдыларды еске түсірейік.

1. Рой Ходжсон – 75 жас, 292 күн
«Кристал Пэлас» - «Ноттингем Форест»
(28 мамыр, 2023 жыл)
Өткен маусымның соңғы турында қойылған рекорд ағылшындық бапкердің өзімен әр тур сайын жаңартылып отыратын сияқты.

2. Бобби Робсон – 71 жас, 192 күн
«Ньюкасл Юнайтед» - «Астон Вилла» (28 тамыз, 2004 жыл)
Бұл 2004/05 маусымының екінші туры болса да, клуб басшылары «Барселонаның» бұрынғы бапкерін жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған.

3. Алекс Фергюсон – 71 жас, 139 күн
«Манчестер Юнайтед» - «Вест Бромвич Альбион»
(19 мамыр, 2013 жыл)
2012/13 маусымының соңғы туры, 5-5 есебі және жас Лукакудың хет-трик жасаған ойыны бәрінің есінде бар шығар.

4. Нил Уорнок – 70 жас, 162 күн
«Кардифф Сити» - «Манчестер Юнайтед» (12 мамыр, 2019 жыл)
Жоғары ағылшын дивизионындағы соңғы ойынын Олд Траффордта сенсациялық 2-0 жеңісіне қарамастан, бұл «Кардиффты» Чемпионшипқа ұшудан сақтай алмады. Нил Уорнок қазіргі таңда 74 жаста болып, «Хаддерсфилд Таун» клубында бапкерлік қызмет атқарады.

5. Клаудио Раньери – 70 жас, 93 күн
«Уотфорд» - «Норвич Сити»
(21 қаңтар, 2022 жыл)
АПЛ-дағы соңғы клубында 13-ақ ойын өткізіп, 2 жеңіске ғана жете алған. Бірақ өз кәсіби мансабын аяқтамаған итальяндық әлі де жетістіктерден шаршамаған сияқты. Өткен маусымда «Кальяри» клубын Б Сериясынан плей-оффтар арқылы А Сериясына көтерген.

Футбол дамуына және өзгеруіне байланысты бапкерлер жасырақ болу тренді ешбір статистикасыз да көзге түседі. Футбол ойнамаған лэптоп-бапкерлер көбейіп жатыр немесе ойыншы мансабын аяқтап, бірден бапкер болып кеткен Гвардиола сияқтылар да бар.

Нагельсманн сияқты жас дарынды мамандарға мүмкіндіктер берілуі бұрынғы футбол заманында екіталай жағдай болған. Соның өзінде қазіргі футболда Анчелотти, Ходжсон және Раньери сияқты олдскул мамандардың үлгілері футболды қызықтырақ ететіні сөзсіз.
1🤔1
Н**рлер Луис Энрике Парижда

Испандықтың франциялық гегемондарға қосылуын жүйесіз жүйелік деген оксюморон мінсіз сипаттайды. «ПСЖ» қағаз үстінде перспективті жобаларды бастап, оларды соңына дейін жеткізбеуден бәрінен алда.

Тухельмен жүйелі команда құру идеясы өзіміздің аңыз Почеттиноға мүмкіндік беру жобасымен ауыстырылды. Аргентиналық маман өз ойынын прессингке негіздейтінін біле тұра, трансферлік кезең соңына қарай антипрессингтік жұлдызды ойыншы трансферлерімен, атап айтқанда, Месси және Рамоспен, тығырыққа тіреді. Маурисионы маусым соңына дейін шыдап, Галтьемен “жұлдызды” жобаны ресми түрде бастады, алайда іс жүзінде ол Почеттино кезінен басталған. Енді қайтадан жүйелі бапкермен жаңа жоба бастауда.

Луис Энрике мансабы біріншіден, топ клубқа сай ойын суретін қоя білетін маман екенін көрсетеді. Екіншіден, жоғары нәтижелерге жету тәжірибесі бар және жұлдызды ойыншылар ұжымымен тіл табыса алатыны анық. Оған қоса, белді жұлдыздарының бірі Неймармен жұмыс жасаған.

Алайда бұның барлығы париждіктер сапында ойдағыдай жүзеге аспауы мүмкін. «ПСЖ»-ға керегі тек нәтижелер, ал оларға жету үшін жүйелі ойынды тиянақтылап қою керек. Сәйкесінше бапкерге толық сенім мен уақыт берілуі өте маңызды. Бұл париждік клубтың мықты жағы емес екенін жоғарыда түсіндіре кеттім.

Нагельсманн және клуб бірдей келісімге келе алмаған оқиғасы аталып өтілгені жөн. Неміс маманы да жүйелі футбол қоятын бапкер, яғни «ПСЖ» оған кейбір мәселелерге қатысты 100 пайыздық кепілдік бере алмаған сияқты.

Энрике және «Пари Сен-Жермен» арасындағы одақ жемісті болу үшін екі жақ та белгілі компромистерге бару керектігі айқын. Бірақ тараптар қаншалықты бұндай әрекеттерге дайын? Келе жатқан маусым осы қызықты сұраққа жауап береді.
4🍾3
Үздік еркін агенттер трансферлері

Илкай Гюндоган - «Барселона»
Су жаңа требл иегері позициялық ойын жүйесінде ойнайтын команда үшін мінсіз жартылай қорғаушы. Орталық алаңда допты қорғаныстан шабуылға паспен жылжыту, ойын қарқынын бақылау, командаға гол соғатын мүмкіндіктер жасау және тіпті екінші қарқынмен шабуылға қосылып голдар соғу сияқты әрекеттерді жоғары деңгейде орындай алады.

Егер «Барса» Бускетстің орнына ойыншы алмаса, Гюндоган тіпті сол рөлді де атқара алады. Сонда Хави Илкайды қағаз үстінде өзінің “қораптық” орталық қорғанысының әр позициясында орналастыруына болады.

Сезар Аспиликуета - «Атлетико Мадрид»
«Атлетиконың» 4-4-2-ден 3-5-2-ге ауысатын жүйесінде орталық қорғаушы және оң қапталдағы қорғаушы фунциясын орындай алады, сәйкесінше команданың ойын суретіне бірден сіңіп кетуі керек.

Оған қоса, енді Симеоне жаңа трансфері арқасында жүйенің трансформациясын оң жақтан жасай алады. Қорғаныс 3-тігін құрайтын Эрмосо рөлін Сезар орындаса, шабуылға жоғары көтерілетін Молина рөлін жаңа ойыншы Хави Галан орындайды. Сезар «Атлетико» қорғанысына жетіспей жүрген тәжірибе, салқындалық және тұрақтылық қосады.

Юри Тилеманс - «Астон Вилла»
«Вилландар» жақсы-жақсы орталық қорғаушыларды жинауды тоқтатпай жатыр. МакГинн, Камара, Дуглас Луиз және Дендонкерге енді бельгиялық дарын қосылды.

Техникалық шеберлігі, пас беру дағдысы және жалпы потенциалы жоғары ойыншы екені сөзсіз анық. Бельгиялық үшін бастысы - бұрында көрсеткен тұрақты ойын сапасына жету. Менше Юри соңғы маусымдағы «Вилланың» жүйесінде Камара екеуі орталық жартылай қорғанысты бетондау керек.

Марко Асенсио - «Пари Сен-Жермен»
Өзінің бұрынғы бапкерімен қайта қосылуы осы трансферді тізімге кіргеннің бірден бір себебі. Испандықтар бір-бірін жақсы түсінеді, Энрике кезіндегі Испания құрамасында Асенсио тіпті жалған 9-дық болып та ойнаған.

Соңғы маусымның екінші жартысында керемет деңгейде өткізген Марко, осы маусымда да қарқынды азатпайды деп үміттенемін. Энрике ойнайтын 4-3-3 жүйесінде оң қапталда немесе жартылай қорғаныста 8-дік болып ойын көрсете алады.

Алекс Гримальдо - «Байер Леверкузен»
Португалия лигасын толықтай өсіп кеткен сол қапталдағы қорғаушы өз күшін жаңа лигада тексеретін болады. Жақсы деңгейде бәрін жасай біледі, әсіресе шабуылдаушы қасиеттері көзге бірден түседі және де соңғы маусымында агрессивті прессинг жүйесінде де жоғала қоймайтынын дәлелдеген.

Хаби Алонсо мансабындағы бірінші жұмысында ойыншылар құрамына икемділік танытып, көбінесе қарымта шабуылмен ойнаған. Жақсы нәтижелерге қарамастан, осы маусымда нағыз испан мектебінің комбинациялық ойынын қоятын сияқты. Гримальдо және Хоффман трансферлері жанама түрде мен келтіргеннің көрсеткіші.
7👍4
Деле Алли және менталды денсаулық

2015/16 және 2016/17 маусымдары қатарынан үздік жас ойыншы атағын иеленген жартылай қорғаушы Гари Невиллге өзінің ішкі қиындықтары жайында ашықтан-ашық интервью берді.

«Бешікташ» клубындағы сәтсіз ауысымын алдын-ала аяқтап, «Эвертонға» оралған кезде алған жарақатын емдеу үшін ота жасату керектігін білді. Сәтсіздіктердің жиынтығы және жарақатына байланысты психологиялық саулыққа арналған заманауи оңалту орталығына бару туралы шешім қабылдаған.

Сұхбаттан ағылшындық ұйқы дәрілерге тәуелді болғаны және жиі ішімдіктерге толы «тойлаулар» өткізгені айқын болды. Алайда бұл қиыншылықтардың тек салдары ғана екені және өзі қиын жағдайлардан бұрыннан зардап шегіп келе жатқанын айтты, тіпті 24 жасында футболдық мансабын тоқтату жайында ойлар болғанын мәлімдеді.

Деленің өзі барлық проблемалар балалық шағынан келе жатқан жарақаттарды (психологиялық) елемеуден болған деп ойлайды. Деле бала кезінде басынан өткізген аса ауыр жағдайлары жайында ешкімге ашыла айта алмаған, ал көмекке келген жақындары мен достарын өзінен ары бездірткен.

Сұхбатта көзінен жасы ағып, 6 жасында анасының құрбысынан сексуалды зорлық-зомбылыққа шалдыққанын, 7 жасында шылым шеге бастағандығы, 8 жасында есірткілерді сатумен айналысқанын және 11 жасында көрші ер адам көпірге іліп қойғанымен бөлісті. Қиын балалық шағы 12 жасқа дейін созылған, осы жасында Делиді басқа отбасы асырап алды.

Оңалту орталығында өткізген уақыты оң жағынан әсер еткені және қазіргі жағдайы шыныменде жақсы болғаны арқасында ғана осындай ауыр егжей-тегжейлікпен бөліскені анық. Өзіңнің 2015-2018 жылдардағы ойын деңгейіне жету сенің мақсаттарыңның бірі ме деген сұраққа: мен сол деңгейден әлдеқайда мықты ойыншы әрі тұлға бола алатына сенемін деп жауап қатты.

Деле Алли басынан кешкен ауыртпалықтарға қарамастан, қазіргі мансабының жағдайы үшін өзім ғана жауаптымын және басқа да ешбір маманды, бапкерді немесе адамды кінәлі деп айта алмаймын деген сөздері тек құрмет тудырады. Келер маусымда ойынын тиянақты қарап, ағылшындық өзінің мансабын қайта жандандыруына жанкүйер боламын.

Психологиялық саулық - денсаулықтың кепілі екенін ұмытпаңыздар!
😢4
Айып алаңның алдындағы латын «D» әріп пішініндегі таңба сызығы не үшін қажет?

Ойын ережелеріне сәйкес пенальти орындаушысынан басқа ойыншылардың барлығы пенальти нүктесінен 10 ярд қашықтықта болуы қажет. Айып алаңның аяқталатын аймағы 10 ярдқа жетпейтіндіктен, 1937 жылы пенальти аркасы енгізілді.

Пішінінің арқасында оның әрбір нүктесі пенальти соққысын орындау нүктесінен 10 ярд қашықтықта орналасқан. Пенальти аркасы айып алаңға енгізілген соңғы өзгеріс болып табылатынын да атап өтейін.

Пенальти ережесі пайда болу туралы постқа енбей қалған бірнеше қызықты ақиқаттармен осында бөліскен орынды болар.

Қызықты факт № 1:
Лондондағы «Коринтианс» әуесқой футбол клубы пенальтидің енгізілуіне қарсы болған. Егер төрешілер оларға пенальти берсе, олар мұндай мүмкіндікті пайдаланбайтын, ал егер пенальти қарсыластардың пайдасына тағайындалса, өз қақпаларын бос қалдыратын.

Қызықты факт № 2: 1902 жылға дейін пенальти белгілі бір нүктеден орындалмаған; пенальтист өз позициясын қақпадан 11 метр қашықтықта таңдаған. Пенальтиді орындамас бұрын келесідей рәсім өтетін: төреші допты қолына алып, қақпаның ортасынан он екі қадам жасап, допты өзі өлшеген нүктеге қоятын. Содан кейін пенальти орындаушысы допты өз қалауы бойынша солға немесе оңға жылжыта алатын, бірақ допты алға немесе артқа жылжытуға тыйым салынатын.

Қызықты факт № 3: пенальтидің алғашқы ережелеріне сәйкес, қақпашы қарсылас соққыны орындағанға дейін бес метрге алға шығуға құқылы болған.
👍3
«Челси» трансферлік саясаты

Маурисио Почеттино «Челси» бас бапкері атанғанда ойыншылар құрамының үйлесімділігі жайында шолу жасаған едім. Одан кейін Лондондық клуб сапынан негізгі құрамның жартысы кетіп, оларға теңдес ауысымдар алынбай жатыр. Оған қоса ойыншылар тікелей қарсыластарға өтуде, әлде «Челсидің» жаңа қарсыластары «Астон Вилла», «Брайтон» және «Брентфордтар» болмақ па?

Әзілдерді шетке ала тұра, келер жақындап қалған маусымда клубтың орталық шебінде және шабуылда кім ойнайтыны түсініксіз. Егер «Челси» кем дегенде Еуропа Лигасына түсуге үміттенсе, осы позицияларды бірінші қатарда күшейтуі тиіс, Чемпиондар Лигасына іліну жайлы тіпті айтпай-ақ қояйын.

Еурокубоктар болмаса да Энцо Фернандес қасына негізгі құрам деңгейіндегі тағы бір ойыншы керек. Мойсес Кайседо трансфері жайында қызу сыбыстар бар, бірақ маусым алдыңғы дайындық шаралары да қызып жүріп жатқанын ұмытпайық. Почеттино сияқты ойыны прессингке бағытталған бапкер үшін бұндай дайындықтар ойын деңгейіне әсер ететін шешуші факторлардың бірі. «Брайтон» қалаған соманы төлеп, болмаса өз фокусын басқа ойыншыға ауыстырған дұрыс.

Лукаку «Интер» және «Ювентус» арасында айналып жүрсе, клуб жоғары деңгейде бір де бір маусым өткізбеген шабуылшыны ғана алған. Никлас Джексон сияқты ойыншымны негізгі 9-дық қылып маусымды бастау үлкен тәуекел. Энцомен таныс Гонсалу Рамуш сынды прессинг жүйеде өзін жақсы көрсеткен немесе қасиеттері бойынша топ клубта ойнауға дайын Коло-Муани сияқты сұрмергендер трансферлік нарықта қолжетімді емес пе?

Тодд Боули трансферлік терезе кезінде бір шектен екінші шекке шығатын сияқты. Алдында оңды-солды ақша шашылса, енді ойыншыларды сатуға қызығып кеткендей. Ең бастысы ішке кіретін трансферлер жасалмаса да, Маурисионы нәтижелер үшін емес қойылған ойын сапасымен бағаласа болды. Себебі қазіргі құраммен ең жоғары деңгейдегі нәтижелер үшін күресу мүмкін емес. Бірақ Боули Почеттиноға уақыт беріп сенім танытуға дайын болса, неліктен уақыт + ақша беріп сенбеске?
👍21
Джейдон Санчо = жаңа Душан Тадич?

Джейдон Санчо қазір өтіп жатқан достық кездесулерде жалған 9-дық позициясында өнер көрсетіп жатыр. Бұл Эрик тен Хагтың әсері екені сөзсіз. Бапкер бұл рөлді арнайы түрде 2018/19 маусымдық «Аякс» командасының Чемпиондар Лигасындағы жолында қолданған, ал ұлттық чемпионатта құрамда дәстүрлі шабуылшы позициясында Хунтеллаар немесе Дольберг ойнаған. Бұндай жағдайда Тадич шабуыл шебінен сол қапталдағы плеймейкер функционалын орындауға көшетін.

Шабуылшы рөлінің жарысқа байланысты өзгертілуінің бірқатар себептері бар. Нидерландтық лигада «Аяксқа» бір-екі командадан басқасының барлығы терең позициялық қорғаныста көп уақыт өткізеді, сәйкесінше қорғаушыларға қысым көрсететін нағыз шабуылшы қажеттігі жоғарырақ. Ал Чемпиондар Лигасында клуб андердог болғандықтан және қарсыластар ашық қалдыратын аймақтар көбірек болғандықтан жалған 9-дықты қолдану өте қисынды шешім.

Жалған 9-дық ойынды шабуылшы аймағында бастап, допты иелену үшін шабуылшы позициясынан тереңірек түсетін және сол аймақты вингерлерге немесе жартылай қорғаушыларға толтыру үшін қалдыратын ойыншы. «Аякста» Тадич жалған 9-дықты ойнағанда қарымта шабуылдарды жандандыратын басты ойыншы болған, ол допты қарсыластардың қорғанысы мен жартылай қорғанысының арасында қабылдап, сол қапталдағы Нереске қорғаушыдан асыратын пас беретін. Тадич қалдырған аймақты көбінесе Донни ван Де Бек толтырған.

Сипатталған тактиканы «Манчестер Юнайтед» құрамында да қолдануға болады деп ойлаймын. Санчо потенциалы бойынша Тадич сияқты креативтілік жағынан ауқымды рөлді жүзеге асыруға дағдылары жеткілікті. Сол қапталда Рэшфорд бар, ал бос аймақтарға жүгіре кіру үшін Маунт, Бруну және тіпті Доннидің өзі де таласа алады. Әрине, бұл турдан-турға қайталанатын негізгі ойын жоспары болмаса да, допқа көп иелік ететін клубтарға қарсы жақсы альтернатива.

Келер маусымда дәстүрлі 9-дық болып Марсиаль (тірі болса) немесе Хойлунд ойнағанның өзінде Санчо әмбебаптылығы және жарыстардың көптігіне байланысты алаңда көп уақыт өткізуі қажет. Алдыңғы маусымда екі қапталда да және 10-дық позициясында ойын көрсеткен, бірақ ешқайсысында негізгі бола алмады. Эрик тен Хаг жүйесінде ең ыңғайлы позиция сол қапталдағы вингер деп ойлаймын, алайда ол жерде Рэшфорд сөзсіз негізгі болатыны анық, оған қоса Гарначоны да ұмытуға болмайды. Ал сіздер Санчоның негізгі позициясы қандай болу керек деп ойлайсыздар?
👍5👏1🕊1
Футболдағы жетілген шабуылшының тактикалық эволюциясы

Менің жалған 9-дық жайында пост жазатынымды білгендей Tifo (the Athletic сайтының тактикаға арналған арнасы) ютуб арнасында футболдағы сұрмергендердің тактикалық өзгерістері жайында бейне шығыпты. Бейнені толығымен қараған дұрыс болар, көптеген қызықты нюанстар айтылады. Мында тек негізгі эволюцияның негізгі қадамдарын келтіремін.

Қысқаша айтқанда, Гвардиола жалған 9-дық жүйесімен Еуропалық футболды шулатқаны шабуылшылардың ойынына тікелей әсер етті. Бірқатар топ клубтар техникалық жабдықталуы жоғары деңгейдегі форвардтарды өз ойындарының ұйымдастыруына қолдануды жүзеге асыра бастайды, ал кейбір клубтар өз жүйелеріне жалған 9-дықты тікелей енгізеді.

Футболда прессинг жүйелердің кең таралуы қорғаныс пен жартылай қорғаныс арасында қалатын бос аймақтардың азаюына алып келіп, жетілген шабуылшыларды пайда болуына алып келді. Енді ең жоғары деңгейдегі форвардтар қорғаушылармен күш сынаса алу, жылдам болу және гол соғудан басқа ойынды жартылай қорғаушылармен/вингерлермен үйлестіре алу мен байланыстыра алу қажет.

Бейнеде жетік 9-дықтың негізгі мысалы ретінде Эрлинг Холланд келтіріледі, бірақ мен бұндай теңеумен келісе алмаймын. Мен үшін футболдың қазіргі дамуындағы мінсіз шабуылшы 2021/22 маусымдағы Карим Бензема.
👍1👏1
Назар аударуға тұрарлық орталық қорғаушылар

Келесі аталатын ойыншылар жаңа маусымда жаңа деңгейге шығады деп үміт артамын, яғни бұл тізім толықтай субъективті екенін және бәрі білетін мейнстримді дарындар болмайтынын бірден айта кеткенім жөн.

Антонио Сильва – «Бенфика»
2022/23 маусымының басында Бенфикадағы жарақат дағдарысынан кейін Сильва чемпионаттың үшінші турында дебюттік ойынын өткізген. Түскен мүмкіндігін пайдалана алып, ол тез арада оң жақ орталық қорғаушы позициясында негізгі ойыншы ретінде бекітілді. Клубының 4 жылдағы алғашқы чемпиондығына жету жолында және Чемпиондар Лигасындағы керемет сапарында маңызды ойыншы болып, маусым бойы алаңда 2695 минут өнер көрсеткен.

Ұзын бойлы (187 см) португалдық орталық қорғаушының заманауи талаптарына сәйкес келеді, оның физикалық күштілігі екі аяқпен салқынқанды түрде ойнауымен үйлеседі. Өткен Португалия чемпионатында тек бес ойыншы оған қарағанда көбірек пас берген (1924) және кем дегенде 1000 пас берген футболшылар ішінен үшеуі ғана жоғарырақ дәлдік көрсете алған (91,5%). Алаңдағы ойын тұрғысынан Рафаэль Варанға ұқсатамын, егер осы қарқынды ұстай алса мүмкін
«Юнайтедте» француздың орнын басатын болар?

Леви Колвилл – «Челси»
Тек 20 жастағы Колвилл өзін заманауи орталық қорғаушы ретінде жақсы көрсетті. Допқа көп иелік ететін «Брайтон» (65%, 3-орын) командасында 17 ойын өткізіп, ағылшындық доппен өте жиі кездесті. Сол жақ орталық қорғаушы рөлін атқарып, де Дзерби командасында Колвилл допты пас беру арқылы да, дриблинг арқылы да жоғарырақ шабуылға қарай көтеруді жүзеге асырды.Бойы ұзын, атлетикалық бітімі жақсы дамыған және үлкен қадамдарымен лезде қозғалатын қорғаушының қосымша артықшылығы бар.

Ол оның солақай болуы, сапалы заманауи сол аяқты орталық қорғаушылар жиі кездесе бермейді. Кезінде Блиндты физика жағынан мықты болмағанына қарамастан Эрик тен Хаг та, Луи ван Гаал да орталық қорғаушы ретінде ойнатқанын ұмытпайық немесе осы трансферлік кезеңде Хави Ляпортты алмаса да, солақай Мартинесті өз командасына қосқаны да бар. Бадьяшил мен Фофана жарақаттарына байланысты жаңа маусымды негізгі орталық қорғаушы ретінде бастауға жақсы мүмкіндік туындап тұр.

Факундо Медина – «Ланс»
Әлі де «Ланстан» деңгейі жоғарырақ басқа клубқа ауыспағаны мені таңғалдырады. Қорғаушы үштігінің сол жағында ойнайтын аргентиналық шабуыл бастаудан үздік қорғаушылар қатарына кіреді. Үш қорғаушысы бар жүйе арқасында еркіндікті пайдаланып, допты пас арқылы немесе аяқпен жоғарырақ көтеруден сескенбейді. Бұған кезінде сол қапталдағы қорғаушы рөліндегі тәжірибесі көмектескен болар.

Факундо өткен маусымда топ-5 лигадағы допты жоғары көтерулерді (ball carries) ең жиі жасаған қорғаушы болды (1029). Ал пас беруге келетін болсақ, Еуропалық үздік лигалардағы тек 7 орталық қорғаушы ғана оның 2231 сәтті пастарынан көбірек нәтиже көрсеткен, алға берілген пастар (989) бойынша үздік үштікке кіреді. Топ клубқа көшпесе де Чемпиондар Лигасындағы «Ланс» ойындарында Мединаға назар аударуды ұмытпаңдар.
3🤔1
Ағылшындық футболшылардың бағасына әсер еткен ереже

«Арсенал» Деклан Райс үшін 100 миллион фунт стерлингтен астам қаражат жұмсағаны ешкімді таңғалдырмайды, өйткені осы көшудің алдында нарықты шулатқан Джек Грилиш немесе Харри Магуайр трансферлері жүзеге асқан. Жанкүйерлер үшін «ағылшындық салық» салынатын трансферлер үйреншікті болып кеткен.

Ағылшын Премьер Лигасының ережелеріне сәйкес маусым өтінімінде 25 ойыншы болуы қажет, ал оның 8-і үйде өсірілген (homegrown) ойыншы болуы талап етіледі. «Үйде өсірілген» болу үшін ойыншы Ағылшын немесе Уэльс футбол қауымдастығымен байланысты кез келген клубта үш маусым бойы немесе 21 жасқа толғанға дейін (немесе ойыншы 21 жасқа толған маусымның соңына дейін) 36 ай бойы тіркелген болуы керек.

Сәйкесінше топ клубтар ойыншылар тізімнің үштен біріне тең бос орындарды толтыру үшін «үйде өсірілген» ең мықты футболшылар үшін үлкен ақша жұмсауға дайын, ал орта және төмен деңгейдегі клубтар бұл жағдайды өз пайдасына қуана-қуана аударады. Ереже футболшының азаматтығына қатысы жоқ болса да, Англия және Уэльстің футбол академия түлектерінің басымдығы ағылшындықтар болғаны онсыз да түсінікті шығар.

Сеск Фабрегас, Поль Погба және Ромелу Лукаку Премьер Лиганың «үйде өсірілген» ойыншылары ретінде танылады. Бұл кезінде Погбаның рекордты бұзған трансферді және клубтар бельгиялық шабуылшы үшін бірнеше рет дәулеттігін шашқанын белгілі бір дәрежеде түсіндіретін сияқты.

Премьер Лига әлемдік жарысқа айналғанына қарамастан, өзінің дәстүрлі негізін жоғалтпай жатыр деуге болады. Тым шектеулі болмай, «үйде өсірілген» ойыншылар туралы ереже клубтарды өз академиялары арқылы ойыншыларды өсіруді жалғастырып, соның арқасында жаңа британдық ойыншылардың сапасына жағымды әсер етіп жатыр.
👍52👏1
Қорап жартылай қорғаныс

Бүгін осы тақырыпқа сәл тереңірек тоқталамын. Негізі бұл тактикалық терминнің төл атауы box midfield болып табылады, команданың жартылай қорғанысының орталық аймағында 4 ойыншы қорап немесе тіктөртбұрыш пішінінде позициялық шабуыл жүргізгенде қолданылады.

Қазіргі таңда топ клубтар, әсіресе АПЛ клубтары, арасында кең таралған тактикалық құрал. Жалпы басты мақсаты терең қорғаныста орналасқан командалардың қорғаныс шебін бұзу, ал допты жоғалтқан сәтте ойыншылардың орналасқан структурасының көмегімен контрпрессинг арқылы қорғану, мінсіз жағдайларда допты қайтарып, жаңа шабуылды бастауға мүмкіндік беру керек.

Қағаз бетінде оңай сипатталатын бірақ алаң жиегінде жүзеге асыруға жеңілдікпен берілмейтін әрекеттерді жасауға қорап жартылай қорғанысы қалай көмектеседі? Жартылай қорғаныстың орталық аймағында кем дегенде 1 ойыншыға артық болуы алаңның ортасында үстемдік орнатуға көмектеседі. Бұл өз кезегінде допқа бақылау орнатуды және команданың шабуылды бастау (build up) фазасын жақсартады. Оған қоса ең қауіпті және аз адам жиналатын жартылай қаптал аймақтарында екі ойыншы береді.

Қорап жүйесі сонымен қатар қорғаныстың орнықтылығын rest defence (қалғандардың қорғануы) арқылы күшейтеді. Қарымта шабуылдар қаупі 3-2-5 жүйесінде орналасқан ойыншылар алаңның 5 вертикалді жиегін жабу арқылы сейіледі. Егер жүйедегі 5-ті шабуылдап жатқан ойыншылар десек, қалған 3-2 бестігі қорғаныста қалғандар болып есептеледі. Солардың дұрыс орналасуы, атап айтқанда, қауіпті орталық аймақты компактті блок болып жабу арқылы шабуылдар тоқтатылуы керек.

Төменде түрлі клубтардың қорап жартылай қорғанысын қолдану трансформациясын келтіре кетемін.
👍2👏1
«Ман Ситидің» олжалы маусымы Гвардиоланың 3-2-5 жүйесіне орталық қорғаушы көмегімен ауысқаны жеңістердің негізі болғаны анық.

Олардың тен Хаг бастаған көршілері достық кездесулерде жүйенің дәл сондай түрде трансформациясымен ойнай бастаған, жаңадан келген қақпашының әсері бірден көрініп тұр.

«Арсенал» маусым бойы Зинченконы тіреуші қасына жылжытып, жалған фулбэк рөлінде ойнатқан. Осы маусымда енді қасында жиірек Парти емес Райс ойнайтын сияқты.

«Ливерпуль» ТАА-ның Зинченко рөлін ойнай бастауымен 8 ойын қатарынан жеңген болатын, осы маусымда бұл жүйе негізгіге айнала ма жоқ па деген тағы бір қызықты сұрақ.

«Барселона» трансформациясы ең өзгеше болып келеді. Гави/Педри шабуылдың қапталында бастап, сол жартылай қапталға ойысады, ал бос қаптал толығымен жүйрік Бальдеге қалатын.
👍7❤‍🔥1🔥1