Better call Sula
173 subscribers
59 photos
6 videos
47 links
Футболдың құқықтық және өзге де аспектілері жайында.

Автор - @sultanjumakhanov
Download Telegram
«Эвертон» және қаржылық реттеу

Премьер Лиганың profit and sustainability ережелерін бұзғаны үшін «Эвертоннан» 10 ұпай алынып тасталды, нәтижесінде олар кестеде 19-шы орынға түсіп кетті.

Қаржылық реттеулерге сәйкес клуб 3 жылдық мерзім ішінде 105 миллион фунт стерлинг шығын көрсете алады, ал мерсисайдтықтар 372 миллион фунт стрелингке шығынға түскен.

Премьер Лига аталған бұзушылық үшін 12 ұпай алу жазасын сұраған, тәуелсіз комиссия жазаны 2 ұпайға жұмсартты. Клубтың іс жүргізу кезіндегі ашық және жауапкершілікпен көмек көрсету мінез-құлығы жұмсартуға әсер етті.

Бұл ағылшын футболы үшін үлкен прецедент болуы мүмкін. Profit and sustainability ережелері 2013 жылдан бастап енгізілген, сол сәттен бері ұпай алу жазасы алғаш рет қолданылды.

«Эвертон» бір бұзушылық үшін осылай ауыр түрде жазаланса, онжылдықтар бойы бұзушылық жасаған "күдіктілердің" жазасы өте ауыр болатын сияқты.

Өзекті ақпараттарға сәйкес Абрамович кезінде «Челси» кейбір жұмыскерлеріне оффшорлық компаниялар арқылы ақша төлеу тәсілімен қаржылық реттеулерді бұзды деп айыпталды. Оған қоса, қаржылық реттеуге қатысты 100-ден аса бұзушылықпен айыпталған «Ман Сити» бар.

Спорт заңгері Кэтрин Форшоу «Сити» және «Челси» жазалары бойынша:
«Челси және Манчестер Сити клубтарымен салыстырғанда Эвертонның жазасы ауырлық деңгейі бойынша төменірек болуы керек. Сондықтан екі клубқа қатысты дивизионға төмендету жазасы қолданылуы мүмкін деп ойлаймын».


Менше бұндай жаза тағылған айыптар дәлелденсе ақылға қонымды және пропорционалды болып табылады, алайда іс жүзінде орын алатынына сенбеймін. Лиганың өзі бірден қос топ клубтан айырылу қадамына қаншалықты дайын?
👍3
Жартылай қорғаушы = болашақ бапкер?

Пеп Гвардиола Sky Sports арнасына кішігірім сұхбат берді. Қазір ойнап жүрген ойыншылардың ішінде кімді болашақ бапкер ретінде көресіз деген сұраққа ойланбастан Гюндоган есімін атады.

Илкай ойынды жақсы түсінеді, жақсы қарым-қатынас орната алады, құрметке ие және ойынға құмарлығы бар. Ол бапкер болатынына сенімдімін.


Осыған байланысты бірден the Athletic мақаласындағы статистика есіме түсті. Келтірілген мәліметке сәйкес қазіргі бапкерлердің 42.4% жартылай қорғаныста өнер көрсеткен. Қорғаушылар бапкерлердің 34.5% құрса, шабуылшылар 19.6% көрсеткішіне ие. Футбол ұстаздарының 3.5% ғана қақпашы екен.

Жартылай қорғаушылардың басымдығын олардың алаңдағы міндеттерімен байланыстыруға болады. Ойын барысында белсенді түрде барлық фазаларында маңызды рөл атқарады. Олар шабуылды бастау, өрбітуді жүзеге асыра тұра, қарымта шабуыл мүмкіндігіне жол ашпаулары қажет.

Қорғаныс пен шабуылдағы серіктестерін байланыстыру арқылы алаңдағы бапкер міндетін атқарады деуге болады. Бұндай күрделі функцияларды ойынға қатысты терең деңгейдегі түсінігі бар ойыншылар ғана орындай алатыны анық.

Гвардиола, Анчелотти, ван Гал, Зидан, Хави және Артета сынды жоғары деңгейдегі бапкерлер ойыншы мансаптарын жартылай қорғаныс аймағында өткізгені кездейсоқтық емес деп ойлаймын.

Пеп таңдауы Гюндоганға түскені мені таңғалдырмайды. «Сити» сапында жартылай қорғаныс аймағында тіреушіден бастап қосымша шабуылшы рөлдерінде жай ғана ойын көрсетпей, тұрақты түрде сапалы нәтиже берген. Ойындағы ең қиын жүйелердің бірінде әмбебаптықты сәтті жүзеге асыра білу – футболды терең түсіне алудың айқын көрінісі.

Бұдан басқа Илкайдың футбол тәлімгерлер тізіміне назар салу қажет: Гвардиола, Клопп, Тухель, Флик және Хави. Бұндай ұстаздармен бапкер болмау футболға қарсы қылмыс болып көрінеді. Келтірілген тізіммен Хаби Алонсо ғана бәсекелесе алатын сияқты. Испандықты тәрбиелеген ұстаздар – Гвардиола, Моуриньо, Анчелотти және Бенитез.

Қорытындылай келе, жартылай қорғаушылар міндетті түрде сапалы бапкер болады деген тұжырымға келген дұрыс емес. Клопп, Почеттино, тен Хаг және Постекоглу кезінде қорғаушылар болса, сэр Алекс пен Кройфф шабуылда өнер көрсеткен. Лопетеги қақпашы болса, ал Сакки, Моуриньо және Сарри футболды кәсіби деңгейде мүлде ойнамаған.

Жартылай қорғаушыларға ойыншы кезіндегі жинаған тәжірибесі бапкер мамандығын меңгеруге көбірек көмектеседі деп айтқан дұрыс болар.

Қазіргі ойыншылардың қайсысы жоғары деңгейдегі бапкер бола алады деп ойлайсыз? Менің таңдауым – Киммих.
🤔3
«Астон Вилла»: гуд ибенинг

«Вилла» жанкүйерлерінің кеші қайырлы болып өтуінің басты демеушісі – Унаи Эмери. Испан маманы Гвардиоланы ойсырата жеңді: соққы бойынша 22-2; айып алаң ішіндегі соққылар 12-2; болжамды голдар көрсеткіші 2.21-0.86.

Жалпы «Астон Вилла» 2023 жылы 72 ұпай жинаған, бұл чемпиондыққа таласқан «Арсенал» және «Ман Ситиден» кейінгі үздік көрсеткіш, ал керемет жеңіс оларды турнирлік кестеде 3-ші орынға көтерді.

Эмери команданы сапалы ойын деңгейіне егжей-тегжейлі тактикалық нұсқаулықтар арқылы жеткізді. Мәселен, Уоткинске айып алаң ішіндегі қозғалысын жетілдіру үшін Кавани ойынын зерттеу тапсырмасы берілген. Ағылшындық командасына осы маусымда 13+6 голдық үлес қосқан.

Испан маманына арнайы жасалған жайлы орта жұмысына оң түрде әсер етіп жатқаны анық. Бирмингемге «Арсеналда» болмаған жеке көмекшісі Дамиан Видаганимен қатар тағы бірнеше испан маманы келді, жазда «Севилья» клубында бірге еңбек еткен Мончимен қайта қосылды.

Клуб иелері сөздеріне қарағанда Эмери бастаған жобаға үлкен сенім артатын болып көрінеді. Нассеф Савирис және Уэс Эденс:
Біз Унаиге спортқа қатысты шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беруіміз керек. Мончи екеуі ойыншыларды таңдасын, өз жағымыздан жобаны дамыту үшін уақыт пен мықты жүйе қамтамасыз етеміз.


«Астон Вилла» бұндай қарқынды маусым бойы ұстай алатынына сенбеймін, бірақ әзірге кестеде жайғасқан орындары салыстырмалы түрде әділетті. Не болса да бұл жоба перспективті әрі қызықты екені сөзсіз.



«Сити» болса Родриді сапалы түрде ауыстыру жолын таба алмаған сияқты, маусымдағы барлық жеңілістер тіреушінің ойнамаған матчтарында болған. Пеп Ковачич пен Нуньешті тіреуші ретінде ойнатпайды, ал Калвин Филлипске мүлде сенбейді.

Қалалықтар сапындағы жарақаттар, қате трансферлер және Пептің аз ойыншы құрамын қолдану әдеті кезекті қызықты чемпиондық жарысқа алып келетін сияқты.
2👍1
«Эвертон» ұшпайды

Алынған 10 ұпайдан басқа қосымша санкциялар салынбаса, клуб ағылшындық жоғары дивизионда қалуы керек.«Эвертон» АПЛ құрылғаннан бері (1992 жыл) төмен түспеген клубтар қатарына кіреді. Элита тізіміне тағы «Манчестер Юнайтед», «Челси», «Арсенал», «Ливерпуль» және «Тоттенхэм» мүше.

«Иристер» жағдайы күрт төмендеуіне әлсіз менеджмент жауапты. Мерсисайдтықтар алдыңғы онжылдық басында дәстүрлі топ-6 командалар тізімін бұзуға ең жақын үміткер болған. Стратегиялық жоспарлаусыз трансферлер мен бапкерлерге ақша салу арқылы тұрақты түрде нәтижелерге жету мүмкін емес деген тұжырымның кезекті дәлелін көріп тұрмыз.

Осы маусымда АПЛ-ға қатысушы клубтардың орташа деңгейі төмендеу болуы «Эвертон» үшін үлкен сәттілік.

Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес ойын деңгейі бойынша ең нашар «Ноттингем», «Борнмут» және «Вулверхэмптон» (xP – болжамды ұпай бойынша 18, 19, 20 орындар) аман қалып, ал «Лестер», «Лидс» және «Саутгемптон» (13, 15, 17 орындар) ұшып кетті. Бұған чемпионшиптен көтерілгендерді де қосуды ұмытпайық.

Опта суперкомпьютерінің есептеулеріне сәйкес АПЛ-дың жаңа үштігі ұшуға басты фавориттер. «Лутон» ұшуына 70% ықтималдық берілсе, «Шеффилдке» 78%, ал «Бернли» 80.6%-бен көш басында. «Эвертон» жоғары дивизионмен қоштасу ықтималдығы 3.5%-дан 34.1%-ға көтерілді.

Сақтану жарысында лиганың төменгі жартысындағы командалардың деңгейінен басқа «Эвертонға» өздерінің ойын сапасы көмектеседі.

Нәтижелер соңғы ойындарда ғана түзеле бастағанымен команда маусым басынан жақсы ойын көрсетіп жатыр. Маусым басында командаға сәттілік жетіспеген, «Эвертон» xP көрсеткішіне сәйкес турнирлік кестеде 8-ші орынды иелену қажет. Шон Дайч алғашқы турда «Фулхэмге» жеңілген соң баспасөз маслихатында келесіні айтқан:
«Ең бастысы – гол соғу. Бірақ егер біз апта сайын көптеген мүмкіндіктер, осы матчтағыдай сапалы мүмкіндіктер жасайтын болсақ, жеңістер келеді. Біздің сарапшыларымыздың бірі xG көрсеткіші 3-ке жақын болғанын айтты».


«Эвертон» болмаған команда «Брайтон», «Ньюкасл», «Астон Вилла» сынды ұжымдар болып жатыр. Ең қызығы аталғандардың әрбіреуі төменгі дивизионнан көтеріліп, ауыр әрі ұзақ сапар өткізді. Мүмкін АПЛ-дан ұшпаған «Эвертонға» чемпионшиптік тазару жетпей жүрген шығар?
4👍21
Coaches’ voice арнасында «Лестер» клубының бас бапкері Энцо Мареска қатысуымен мастеркласс шықты. Мастеркласс заманауи футболдың негізгі тактикалық трендтерінің бірі - жасанды қаптал қорғаушылар тақырыбына арналған.

Мареска арнада талқыланған жасанды фулбектер және қорап жартылай қорғаныс посттарындағы тезистерге ұқсас тұжырымдар келтіреді. Оған қоса, қосымша практикалық мысалдармен ақпаратты жүйелі түрде жеңіл тілмен түсіндіреді.

Осыған байланысты келтірілген бейнені көрулеріңізге ұсынамын. Егер ағылшын тілін білмесеңіз, яндекс браузері арқылы бейнені қазақ тіліне аударып көрсеңіз болады.

Мареска ұжымы қазіргі таңда Чемпионшип кестесінде көш басында келе жатыр. Алдыңғы маусымда Пептің бапкерлік штабында қызмет етіп, сәйкесінше, требл жеңулеріне үлес қосқанын атап өткен жөн.

Мастеркластың пікірлерінде келесідей қызықты ойға көзім түсті:
“Мареска Компанидан күткен ойынды АПЛ-да көрсете алады деп үміттенемін”.
5
Суперлига жеңіске жетті ме?

Еуропалық Одақ Соты (CJEU) өзінің шешімінде ФИФА мен УЕФА-ның клубаралық футбол жарыстарын, соның ішінде Еуропалық Суперлиганы өткізу үшін алдын-ала мақұлдауды талап ететін ережелері ЕО заңнамасын бұзады деп шешті. Шешімде бұл ережелер бәсекелестік пен қызмет көрсету еркіндігі туралы заңнамаға қайшы келетіндігі айтылған.

ФИФА мен УЕФА футболды ұйымдастыру алаңында үстемдік орнатқаны анық. Еуропалық Одақ құқығына сәйкес үстемдік орнатқан кәсіпорын басқа ұйымдарға өзінің нарығына кіру шарттарын анықтауға құқығы болса, онда бұл құқық мүдделер қайшылығын ескере отырып, ашықтық, объективтілік, кемсітушілік жоқтығын және пропорционалдықты қамтамасыз ету қажет.

ЕО соты ФИФА мен УЕФА футбол жарыстарын ұйымдастыру ережелері келтірілген критерийлер сәйкес келмегендігіне байланысты олар үстемдік жағдайын теріс пайдаланады деген тұжырымға келді. Сәйкесінше, бұл ережелер ашық бәсекелестік пен қызмет көрсету еркіндігін негізсіз шектейді.

Маңыздысы, шешім Суперлига жобасын жүзеге асыруға заңды рұқсат берді дегенді білдірмейді, тек Суперлиганың ашылуына тыйым салған ФИФА және УЕФА-ның ережелері заңсыз екендігін анықтайды. Суперлига жарысының заңдылығы сотпен тіпті қарастырылмаған. Бұл шешім ФИФА және УЕФА-ға реттеулерін ЕО заңнамасына сәйкестендіруді ғана талап етеді.
2
Бір иеліктегі клубтар

Премьер Лига регламентіне бір меншіктегі клубтарға өзара ойыншыларды жалға беруге тыйым салу туралы өзгерістер күшіне енбеді. Регламентке түзетулер енгізілуі үшін өзгерісті 14 не одан көп клуб қолдауы қажет.

Ең қызығы бұндай жағдайдан тікелей пайда көре алатын «Ньюкасл», «Челси» сынды клубтар өзгерістерге қарсы болған. Жарақаттар және Тонали дисквалификациясының салдарынан қансыраған «Ньюкасл» командасына Невеш артық болмас еді.

Бірнеше клубқа иелік етуге қатысты қиындықтар да туындауы мүмкін. Мәселен, бір иеліктегі клубтар УЕФА жарыстарына жолдама иеленсе де, бірге еурокубоктарға қатыса алмайды. Бірақ сонда да қатысады.

2023/24 маусымда еурокубоктарға қатысу үшін «Милан» және «Тулуза» иесі француз клубының иелік ету құрылымына өзгерістер енгізді. Бұл шешімді «Лейпциг» және «Зальцбург» үлгісімен жасалған деуге де болады.

«Брайтон» және «Юнион» УЕФА жарыстарында ойнауы үшін клуб иесі Тони Блум бельгиялық клубтағы үлесін 25%-ға дейін қысқартты. Ұқсас әрекетті «Астон Вилла» және «Виториа» иелері жасауға мәжбүр болды.

Футболда бірнеше клубқа иелік ету жаңа трендке айналды деуге де болады, сәйкесінше еурокубоктардың тұтастығын қамтамасыз етуге арналған ережелерді өту саңылаулары өзектілігін жоғалтпайды.

Келесі кейс «Ницца» және «МЮ» иесінде туындауы мүмкін, бірақ ол үшін қызыл сойқандарға алдымен еурокубоктарға шығу керек).
🆒2
«Жирона» – жанқияр шабуылдаушылар

Каталондық клубтың керемет нәтижелері әлі де таңғалдыруда, бірақ олардың ойынын «Реалмен» тете келе жатқаны үшін емес, шабуылға бағытталған ойын өрнегі үшін тамашалау қажет.

Мықты шабуыл бар екенін дәлелдейтін бірнеше статистикалық мәлімет келтірейін. 46 гол – 1 орын, 39.64 хG (болжамды гол) – 4 орын, 38 таза ойыннан соғылған гол – 1 орын, 27.79 OРxG (таза ойыннан ұйымдастырылған болжамды гол) – 2 орын.

Енді осындай көрсеткіштерге жету үшін алаңда қандай әрекеттер жасалатынына назар салайық. «Жирона» позициялық шабуыл қағидаларына сәйкес ойнайтын ұжым, алайда олардың ерекшелігі – жиі ауысып тұратын шабуыл құрылымы.

«Ман Сити», «Арсенал» және «Ливерпуль» сынды командалар шабуыл кезінде 3-2-5 қорап жартылай қорғаныс жүйесімен тұрақты түрде ойнаса, Мичел Санчес құрамы әр қарсыласына арнайы жүйе құрылымымен ойнауы мүмкін.

Менің көзіме жиі түскен аса шабуылдаушы 3-1-6 немесе 3-1-3-3 жүйесі, көбінесе терең блокта автобус қойып ойнайтын командаларға қарсы қолданылады.

Команданың сол және оң қапталдары бірдей емес: сол жақта жиі динамикалық ротация жүзеге асса, ал оң жақта ойыншылардың сандық басымдығы орын алады. Ойыншылардың жиі ауысуының негізгі себепкері – Мигель Гутиеррес.

«Реал» түлегі тіреуші позициясында, қапталда, жартылай қапталда тіпті шабуылшы қасында да орналасуы мүмкін. Бөтен позицияларда бос аймақтарда ашылу және допты жоғары тарту пайда болады. Сарапшылар бұл рөлді еркін жалған фулбек деп атау да беріп үлгерген.

Ал агрессивті шабуыл ойын өрнегінің басты нышаны – Алеиш Гарсия. Испандық шабуылға жақынырақ ойнайтын жартылай қорғаушыдан тіреушіге айналып, команданың шабуылға допты жеткізу мен мүмкіндік ұйымдастыруды жаңа деңгейге шығарды.

Мичел керемет шабуыл құру үшін қорғанысын садақа етті деуге болады. 24 гол өткізіп, қақпаларына 31.75 xG құруға мүмкіндік берген. Қорғаныстың сапасы бойынша 15-ші орын.

Алайда «Жиронадан» мінсіз команда болуды сұрау – әділетсіз. Еуропалық футбол сахнасында жанқиярлық шабуыл көмегімен тартымды ойын қою үшін жасалған садақаны бағалы сый ретінде қабылдайық.
🔥32
«Астон Вилла» танымбелгісін ҚАЙТАДАН өзгерте ме?

Клуб жанкүйерлері Англия Футбол ассоциациясына өзгеріске қатысты наразылығын білдірді. Олардың пайымдауынша, танымбелгіні өзгерту ФА ережелеріне қайшы келеді.

2022 жылы ФА клубтардың мұрасын қорғайтын реттеулер енгізді. Енгізілген ережелерге сәйкес танымбелгі мен клуб түстерін өзгерту үшін жанкүйерлермен мұқият әрі ауқымды кеңес үдерісін жүргізу қажет.

«Астон Вилла» жаңа (қазіргі) дөңгелек пішінді танымбелгіні жанкүйерлермен талқылау нәтижесінде енгізді. Талқылау барысында жанкүйерлердің көбі бұрынғы клубтаңбаның қалқан пішіні мен сары түсін ұнатпайтыны анықталған.

Ең қызығы жаңа-жаңа таңба сары түсті арыстаны бар және қалқан пішіндес болып келеді. «Вилланың» Бизнес Президенті Крис Хек:
«Біз жанкүйерлер топтарымен және жанкүйерлер болып табылатын адамдармен өте тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз»

, - дейді.

«Вилла» жанкүйерлер қауымдастығы бұл сөзді жоққа шығарды. Егер клуб реттеулерді бұзғаны анықталса, бұрынғы (қазіргі) клубтаңба өзгеріссіз қалады.
8
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Ерекше хет-трик

1986 жылы 21 сәуірде «Вест Хэмнің» орталық қорғаушысы Элвин Мартин тарихи жетістікке қол жеткізді. «Ньюкасл Юнайтедке» қарсы матчта футболшы үш түрлі қақпашының әрбіреуіне бір гол соғып үлгерген.

Ең қызығы, хет-триктің 2 голы номиналды алаң ойыншыларына соғылған. Ойынды жарақаттан толық жазылмаған негізгі қақпашы Мартин Томас бастаған еді. Ал қосалқы құрамның қақпашысы Дэвид Маккеллар алдыңғы кездесуде алған жарақатына байланысты ойынға қатыса алмаған.

Клуб сапында үшінші қақпашы да болған, бірақ ол қосалқы құрам тізіміне ілінбеді, ол кезде қосалқы құрам тек 3 футболшыдан ғана тұратын. Осыған байланысты бапкерлер кейде тәуекелге барып, қосалқы құрамға қақпашыны енгізбейтін. Бұл жолы тәуекел өзін ақтамады деп айтсам, артық болмайды.

3-минутта Мартин өзінің алғашқы голын соқты. Бұдан әрі қақпашы жағдайы күрт нашарлайды. Таймның соңына дейін Томас допты қақпасының торынан тағы 3 рет алып шығарады, ал бір ойын жағдайында тобығын зақымдап алып, ойынның екінші жартысына шыға алмайды.

Үзілістен кейін оның орнын жартылай қорғаушы Крис Хадворт алды, ол 20 минуттан кейін Элвин Мартиннің екінші голын өткізеді, содан кейін ол да жарақат алады. Рұқсат етілген ауысымдардың барлығы жасалып қойғандықтан, қалған уақытта қақпаны шабуылшы Питер Бердсли қорғаған.

84 - минутта «Вест Хэм» пенальти орындау құқығына иеленеді, оны Мартин орындап, тарихи хет-триктің авторы атанады.

• Шабыттандырған бейне
• Қолданған дереккөз
🤯71
Клопп «Ливерпульден» кетеді

Маусым соңында Клопптың «Ливерпульдағы» дәуірі аяқталады. 9 жылдың ішінде барлық негізгі олжаларды ұтып, клубты өзінің тарихи орнына қайтарды.

«Ливерпуль» әдетте бұндай маңызды шешімдерді алдын ала жоспарлап жасайды. Осыған байланысты потенциалды бапкермен келісімге келіп қойған да болар. Мен өзімнің нұсқаларыммен бөлісейін.

• Ханс-Дитер Флик
Германия құрамасымен сәтсіздікке ұшыраған соң, неміс бапкерінің «Бавариядағы» олжалы жылы бір маусымдық ғажап деп айтып жатқандар да аз емес. Сын айтатындарға өзінің бапкерлік дағдылары жоғары деңгейде екенін дәлелдеу үшін мерсисайдтық клуб - мінсіз орын.

Бұл таңдаудың қосымша артықшылықтары бар. Флик Клопп құрып үлгерген механизмдерді бұзбай, осы команданың ойын өрнегіне өзіне тән футболын енгізе алатын маман.

• Юлиан Нагельсманн
«Бавария» жобасын ойдағыдай жүзеге асыра алмаған бапкер клубтық футболға баса-көктеп оралғысы келетіні айқын. «Ливерпуль» сондай мүмкіндік бола алады.

Командадағы ойыншылар мен бапкер арасында үйлесімділікке жол бермейтін элемент көріп тұрған жоқпын. Бірақ Нагельсманн келсе, ол басынан өзінің қағидаларына сай жаңа команда құрғысы келетіні анық.

Гвардиола тектес маман Клопптың орнын басса, әдемі хикая болайын деп тұр.

•Хаби Алонсо
Испандық аз мерзім ішінде өзін керемет маман ретінде көрсете білді. Топ клубты басқару үшін қажетті барлық қасиеттері бар.

Аңыз ойыншы болғанына байланысты ұжым ішінде құрметке ие болады, заманауи жүйелі футбол қоя алады, қажет болса қарсыласқа икемделіп те ойнай алады. Клопп дәуірін аяқтап, клуб жаңа Алонсо дәуірін бастауға керемет мүмкіндік туындап тұр.

Мен бірақ Алонсо «Байерді» тағы жаттықтырып, Мадридке келуін қалаймын. Алонсо «Реал» үшін Карлодан кейін мінсіз таңдау деп ойлаймын.

Сіздер не ойлайсыздар? Клопп орнын кім басу қажет? Клопптың өзі демалған соң қайда барғаны дұрыс?
👍4
«Байер Невер Леверкузен»

«Байер» тарихындағы алғашқы чемпиондық олжасына келе жатыр.

Леверкузендіктер екінші орынды 5 рет иеленгендерін атап өткен жөн. Бұл Германиядағы чемпиондық атағы жоқ командалар арасындағы рекорд. Клубтың «Неверкузен» деген атауы орынсыз пайда болмағаны айқын.

Мансабы үлкен жеңістерге толы Хаби Алонсо келуімен клуб «Неверкузен» деген атаудан арылу ықтималдығы жоғарылады. Тіпті алдыңғы маусымда Еуропа Лигасын жеңуге сәл қалды.

Кішкене статискаға үңілейік. Understat мәліметтеріне сәйкес 50 гол – 2 орын, 43.26 xG – 3 орын, 48 ұпай – 1 орын, 38.55 xPTS – 3 орын. Оған қоса, команда әлі де жеңіліссіз келе жатыр. «Байерден» жеңіліссіз чемпиондық күтпесек те, чемпион болуы әбден ықтимал.

Бонифейс, Паласиос жарақаттары мен Африкадағы жарысқа кетіп қалған Коссуну мен Тапсоба командаға кері әсер етіп жатқаны анық. Осыған қарамастан, үзілістен кейінгі алғашқы 2 ойынында «Байер» чемпиондарға сай мінез көрсете білді.

«Хоффенхайм» және «Лейпцигке» қарсы Алонсо шәкірттері 3 ұпайды соңғы минуттарда қол жеткізді. Бұған қатар өтіп жатқан тур ойынында «Бавария» жеңіліс тапқаны чемпиондық жарыста жаңа динамика құрған сияқты.

Opta алгоритмдері енді «Байерді» таластың фавориті ретінде санайды, Леверкузендіктердің жеңісіне 57.8% берсе, «Баварияның» кезекті олжасы 42.1% есептелген. Менше «Бавария» әлі де жеңіл фаворит, бірақ өзім Хаби Алонсо ұжымын қолдаймын.

«Байер» алдыңғы маусымдағы сәттілікпен жеңіп кете алатын «Боруссия» емес. Олар чемпиондыққа лайық әрі беріп тұрған чемпиондықты жұлып алатын команда.
7👍1🔥1
ФИФА «CAS & Football 2023» жылдық есебін жариялады.

2023 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін тек футбол трибуналы, сот органдары және ФИФА Хатшылығы 37000-нан астам шешім шығарды.

Өз кезегінде, сол аралықта Спорттық төрелік сотына осы шешімдерге, сондай-ақ ФИФА-ның басқа органдарының шешімдеріне (мысалы, ФИФА Кеңесінің Бюросы, ФИФА Кеңесі және т.б.) 431 апелляция берілді.

2023 жылы ФИФА қабылдаған 37000 шешімнің тек 1,2%-ы ғана CAS-қа сәтті апелляцияланды. 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы өтініштер саны 20%-ға өсті (яғни 71 іске өскен).
👍2
Мбаппе және «ПСЖ» әлде...?

Киллианның келісімшарты аяқаталуына сәл қалды. Жаз бойы жаңа трансферлік сага орын алатыны айқын. БАҚ мәліметтеріне сәйкес Мбаппе мансабын жалғастырудың үш жолын қарастырып жатыр.

Олар: «ПСЖ-да» қалу, әйетуір «Реал Мадрид» сапына келу, анасының сүйікті клубы – «Ливерпульге» көшу. Әр таңдауды талдап көрейік.

«ПСЖ»
Бір жағынан франциялық шабуылшы отандық футболда жеңуге болатын барлық олжаларды иеленді, клубының үздік сұрмергені атанды және объективті айтатын болсақ, Лига 1 деңгейінен жоғары чемпионатта ойнауы керек.

Екінші жағынан Мбаппе «ПСЖ» командасына бар әсері мен күші басқа ешбір клубта болмайды. Мәселен, Киллиан команданың трансферлік істеріне араласқан деген мәліметтер де бар. Одан басқа тіпті алаңда өзіне ыңғайлы позиция таңдаумен айналысқан.

2022 жылғы әлем чемпионатына дейін Мбаппе орталық шабуылшы болып, екі қапталдық ондық позицияларында Неймар мен Месси өнер көрсеткенде париждіктер эффективті әрі жоғары деңгейдегі футбол ойнаған.

Мбаппе көп гол соғып команда жеңіп жатқанына қарамастан, таза шабуылшы рөлінде доппен сирегірек кездескендігіне байланысты алаңдағы жарықтығын жоғалтқандығын ұнатпай, Галтьеге жүйені өзгерту үшін қысым көрсетті.

Осы жағдайға қатысты:
«Бұл жерде клубыммен салыстырғанда алдымда басқа міндеттер тұр. Ұлттық құрамада менің еркіндігім әлдеқайда көп. Бапкер айып алаңда Оливье сияқты тоғыздық бар екенін біледі, мен оның көмегімен бос аймақтарда ашыла аламын. Парижде бәрі басқаша, ол жерде менен шешуші рөл атқаруымды сұрайды»

, - деп айтқаны бар.

«Реал Мадрид»
«Реал» және Мбаппе қосылуы тағдырға жазылған өзгермейтін құбылыс болып көрінеді. Алайда франциялық қазір келсе, не командаға, не ойыншының өзіне икемделу қажет. Оны мадридтіктер қатарында жай ғана орналастыру үшін жүйені 4-3-3-ке ауыстыру керек.

Мбаппе шабуылшы болып ойнағанның өзінде сол қаптал жаққа жылжып ойнайды, бұл сол аймақта ойнайтын Винисиус үшін кері әсер береді. Оған қоса 10-дық рөлінде керемет ойнап жатқан Беллингем 8-дік орнына түсуге мәжбүр болады.

4-4-2 ромб жүйесін қалдырып ойнау үшін Мбаппе оң қапталға жақынырақ ойнайтын шабуылшы позициясына жайғасу керек. Мансабын «Монакода» оң қапталда бастап ойнағанын атап өткен жөн. Жалпы Киллиан шабуылдық үштікте әр позицияда нәтиже көрсете алатындай дарыны бар ойыншы ғой.

Мүмкін «Реал» үшін жұлдыздығын шетке қойып, өз потенциалын ойдағыдай жүзеге асыратын болар, бірақ бұндайдың орын алуына ешбір алғышарт көріп тұрған жоқпын.

«Ливерпуль»
Өз заманының ең дарынды ойыншысы ең мықты лигада неге ойнамасқа? Егер Клопптың ісін жалғастыратын бапкер келсе, прессинг жасау мен қорғанысқа көбірек көмектесуді үйренусіз болмайды. Құраммен тартымды үйлесімділік орната алады деп ойлаймын. Нуньез екеуі қаптал мен орталық аймақты ауысып өнер көрсете алады.

«Ливерпуль» жаңа бапкер келмей бір ойыншыға көп қаражатты жұмсау тәуекеліне бара ма деген де орынды сұрақ болады. Одан басқа франциялықтың өзі Клопп сияқты аңыз бапкер үшін келу қызықты болуы мүмкін болса, жаңа басталып жатқан жобаға баруға дайын ба?

Мбаппе «ПСЖ»-дан өзге таңдау жасаса, жайлы ортасынан шығады. Бірақ жайлы ортадан шығып, жоғары жетістіктерге иелене алса, Месси және Роналду аңыздарымен жарысуға барлық мүмкіндігі бар деген ойдамын.
🏆31
Мбаппенің «ПСЖ» сапында соққан голдарының картасы (1-сурет), осы маусымда доп қабылдаған аймақтары (2-сурет), «Реал Мадридтің» «Барселонаға» қарсы ойынындағы құрамы (3-сурет).

Киллианың қайда көшкені дұрыс болады?
👏2🍓1
АПЛ 2023/24: чемпиондық бәйге

25 тур алдында олжа үшін «Манчестер Сити», «Ливерпуль» және «Арсенал» өзара таласытыны айқын. Менше, 3 команда арасында абсолютті фаворит жоқ, әрқайсысы чемпион атануы мүмкін. Бүгінгі постта әр ұжымның қандай өзіндік артықшылығы арқасында чемпиондыққа қол жеткізе алатындығына шолу жасаймын.

«Манчестер Сити» - көктемгі тұрақты мықты форма + оралған Де Брюйне
Треблдік маусым көбінің есінен кетпесе, Гвардиола шәкірттері наурыз ортасынан бастап оталып, барлығын тас-талқан еткен. Бұл бапкердің Джон Стоунске тапқан жаңа тактикалық рөлі мен команданың тұрақты құрамын анықтау сәтімен дәл келді.

Пеп көбінесе маусым басында тактикалық тәжірибелер жасап, тұрақты жүйе мен ойыншылар байланыстарын іздейді. Тұрақты құрам бекітілгеннен кейін жеңіс серияларының рекордтарын жаңартумен айналысады. Қазір негізгі 11 ойыншы нақты анықталмаса да, бапкер соған максималды түрде жақындаған болып көрінеді.

Бұған футболды әбден сағынған Де Брюйненің жалынды бабын қосуды ұмытпаңыздар. Бельгиялық оралған сәттен бастап, 4 ойында 4 нәтижелі пас + 1 гол әзірлеп үлгерген. Төрт ойынның тек біреуінде ғана 90 минут ойнағанын да атап өткен жөн.

• «Арсенал» - 2 эффективті ойын жүйесі + айып соққылар
Лондондықтар осы маусымда қақпаларын зеңбіректеп қорғап жатыр. Opta көрсеткіштеріне сәйкес «Арсенал» ең мықты қорғанысқа ие, олар тек 16.48 xG (болжамды гол) құруға мүмкіндік берген. Қорғаныстарының берік болуы тек деңгейі төменірек командалармен ғана емес, топ клубтармен ойнағанда да сақталады.

Топ клубтарға қарсы матчтарда Артета алаңда бірден екі тіреуші (Райс+Жоржиньо) көмегімен ойнап, қорғаныс пен шабуыл арасында тепе-теңдік құрайды. Алдыңғы маусымда осындай прагматикалық шешімдер жетіспеген сияқты.

Қорғаныстан басқа «Арсенал» айып соққыларды орындаудан да үздік команда. «Ситиден» Артетамен бірге келген Николас Ховер бапкерінің еңбегі командаға 16 гол алып келді. 16 голдың 11-і бұрыштамалардан келген. Бұрыштама соққыларының статистикасы келесідей: 74 соққы, 8.2 xG, 11 гол.

• «Ливерпуль» - Клопп сиқыры + прессинг және жылдам шабуылдар
Маусым басында қажетті тіреуші алынбағандықтан және орталық аймақты қайта құру керектігіне байланысты Юрген ұжымы чемпиондыққа таласпайды деген едім. Тіреуші мәселесін Мак Аллистерді жаңа рөлде ойнап үйретумен шешсе, жаңадан жасалған жартылай қорғаныста Собослаи, Джонс өмір бойы бірге ойнағандай өнер көрсетіп кетті. Бұл Клопп сиқыры болмаса, не?

«Ливерпуль» жоғары қысым көмегімен басқаларға ойнауға мүмкіндік бермейді. Олардың қарсыластары шабуыл басталған кездегі пас беру дәлдігі ең төменгі көрсеткішке ие - 68,5%. Юрген командасы қарсыластарына допты алғанға дейін орта есеппен (PPDA) тек 9,2 пас жасауға мүмкіндік береді.

Жылдам вертикал шабуылдар жаңа жартылай қорғаныстың құрамына байланысты негізгі қаруға айналды. Жартылай қорғаныс аймағында Трент, Мак Аллистер және Собослаи сынды пас шеберлері жиналып, шабуылда жылдамдығы жоғары Нуньес, Салах және Диас сияқты ойыншылар бар болғанда допты орталық аймақта ұстап тұрудың мәні жоқ.
👌3
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Ең оғаш гол

2009 жыл 19 қазан күні «Сандерленд» «Стэдуим оф Лайт» алаңында «Ливерпуль» командасын күткен.

Ойынның 5-минутында қожайындар шабуылшысы Даррен Бент Рейна қақпасына соққы жасайды, доп испандықтың қолына келе жатқан еді, алайда жолшыбай жасыл алаңға лақтырылған жағажай добына рикошет болып қақпаға кіріп кетеді.

Сәттілікпен келген гол матчтағы жалғыз гол болып «Сандерлендке» жемісті нәтиже сыйлаған. Ең қызығы, жағажай добын алаңға «Ливерпуль» жанкүйерлері лақтырған. Ақыр соңында бұл доп аукционда 411 мың фунт стерлингке сатылады.

Футбол ережелеріне сәйкес лақтырылған доп сырттан келген объект ретінде саналып, ойын тоқтатылуы қажет еді. Сәйкесінше гол есептелгені ережеге қайшы. ВАР болмаған футбол заманы осындай қызықтарға толы болған.

Даррен Бенттің өзін осы соққы жайында сұрағанда:
«Мен негізі соққыны әдейі жағажай добына дәлдеп тепкен едім. Бірақ оны доптың астынан өтіп, Рейнаға көрінбейтіндей соққы болғанын қалаған едім».


Даррен айтқанына сенгендер бар ма?
🤣10
Жете бағаланбаған командалар

«Атлетик» және «Штутгарт» командаларының жемісті ойындары чемпионатта өзге ұжымдар («Жирона» және «Байер») тарихи маусым өткізіп жатқандықтан еленбей қалып жатыр.

Екі ұжым да жаңа бапкер келуімен заманауи футбол көрсетуде, қысқаша айтқанда, ойындары жоғары прессинг пен позициялы шабуылға негізделген. Командалар неге қажетті түрде бағаланбаған екенін статистика арқылы дәлелдеп көрсетейін.

«Атлетик Бильбао»
Эрнесто Вальверде шәкірттері шабуылда 45 гол (5 орын), 47.59 xG (5 орын) еншілеген. Қорғаныста 23 гол (2 орын) өткізіп, 25.03 xGА (2 орын) құруға жол берген.

Өздері құрған мүмкіндіктер (xG) және өз қақпасына құруға мүмкіндік берген (xGA) айырмасы бойынша 3 орынға ие. Мәселен, «Жирона» бұл көрсеткіш бойынша 5 орынға жайғасқан.

«Атлетиктің» допты алаңның жоғары аймағында 251 рет қайтарғаны – чемпионаттағы үздік көрсеткіш. Оған қоса, бұл қайтарымдарды голға айналдыру бойынша да көш басында (6 гол).

«Штуттгарт»
Себастьян Хенесс ұжымы 52 гол (3 орын) соғып, 56.03 xG (2 орын) құрған. Қақпасына 29 гол (5 орын) жіберіп, қақпасына 28.11 хGA (3 орын) мүмкіндік жасауға жол берген.

Команда жасаған болжамды голдар және өз қақпасына жол берілген болжамды голдар көрсеткішінің айырымы бундеслига бойынша 3 орында болса, топ-5 лига командалар арасында 8 орында.

Прессинг интенсивтілігі (PPDA - 11.32) бойынша «Штутгарт» чемпионатында 4 орында. Жоғары прессинг көмегімен соғылған голдар бойынша неміс біріншілігінде 1-ші орынға ие, команда бұндай 8 гол соға алған.

Әр команда өзінше ерекшелене алады. «Бильбао» тек баск ойыншыларымен нәтиже ғана емес әдемі ойын көрсетумен айрықшыланса, «Штутгарт» чемпионаттағы 16-шы орыннан еуропалық аренада назар аударарлық деңгейге жетуімен көзге түседі.
❤‍🔥1