Better call Sula
173 subscribers
59 photos
6 videos
47 links
Футболдың құқықтық және өзге де аспектілері жайында.

Автор - @sultanjumakhanov
Download Telegram
Чемпиондар лигасы: тарихи статистика

Жарыстың кезекті турының аяқталуына орай қызықты рекордты көрсеткіштерді еске түсірейік.

Жарыс аясында ең көп гол соққан командалар:

1. «Барселона» 1999/00 – 45 гол (1 ойында 2.81 гол).

Бұл маусымның өткізілу форматы 2 топтық кезеңнен тұрған. «Барса» мүмкін 17 ойынның 16-сында өнер көрсеткені рекордтың орнатылуына әсер еткені айқын.

2. «Бавария» 2019/20 – 41 гол (3.91 гол).

Ковид орын алған маусымда ширек финал мен жартылай финал ойындары 1 ғана ойыннан тұрғандықтан, неміс машинасы турнирдің заманауи нысанында жеке рекорд қою мүмкіндігінен айырылды.

3. «Реал Мадрид» 2013/14 – 41 гол (3.15 гол).

Клуб соққан барлық голдың 17-сін Криштиану Роналду соққан, осы маусымдағы көрсеткіші бір маусымдағы үздік сұрмергендік рекордын орнатқан.

4. «Ливерпуль» 2017/18 – 41 гол (3.15 гол).

«Марибор» және «Спартак» клубтарын 7-0 есебімен жеңу арқылы топтық кезеңнің 2 турында ғана 14 гол соққан. Мане, Фирмино және Салах триосының әр мүшесі 10 гол жинай алған.

5. «Реал Мадрид» 2016/17 – 36 гол (2.77 гол).

«Реал» бұл біріншілікте 36 гол соғып, 18 гол жіберіп алғаны қатарынан 3 олжаның алғашқысын алуға жеткілікті болған.

Топтық кезеңде ең көп гол соққан командалар:

1. «ПСЖ» 2017/18 – 25 гол (1 ойында 4.17 гол).

2. «Бавария» 2019/20 – 24 гол (4 гол).

3. «Ливерпуль» 2017/18 – 23 гол (3.83 гол).

4. «Бавария» 2021/22 – 22 гол (3.67 гол).

5. «Боруссия» 2016/17 – 21 гол (3.5 гол)
5
Better call Sula
Нигериялық сұрмергендердің алтын ұрпағы «Наполи» ұжымының басты жұлдыздарының бірі Осимхен, Бундеслига үшін таласып жатқан «Байердың» үздік шабуылшысы Бонифас, ең күрделі лигада жақсы өнер көрсетіп жатқан Авонийдің барлығы – нигериялықтар. Бұдан басқа лига…
Бір позицияда тым жақсы жасақталған құрамалар

Ұлттық құрамалардың ерекшелігі команда сапында ойнай алатын дарындардың жинақталуына толыққанды бақылау орнату мүмкін емес.

Нигерия құрамасындағы шабуылшылардың көптігі осы постты жазуға шабыттандырды. Басқа елдерде бір орынға тым көп ойыншылардың шоғырланған мысалдарды талдайық.

«Англия» - оң қаптал қорғаушы позициясы.

Кайл Уокер, Киран Трипье, Рис Джеймс, Трент Александр-Арнольд – төртеуі де АПЛ топ клубының негізгі ойыншылары. Артета тұрақты түрде қорғаныстың оң қапталында ойнататын Бен Уайтты да атап өткен жөн.

Ұлттық құрамаға мүлде өтпей жүрген Уан-Биссаканы және алпауыт бәсеке үшін ұлттық құрамасын ауыстырған Мэтти Кэш пен Тэррик Лэмптиді ұмытпайық. Аталғандардан басқа Ливраменто және Ааронс сынды жас дарындар бар.

«Франция» - орталық қорғаушы позициясы.

Атап айтқанда оң қапталға жақынырақ ойнайтын әлемдік деңгейдегі орталық қорғаушылар жиналып қалған. АПЛ шабуылшыларын шаршатқан Салиба мен Конате, Канселу келуімен өз орнына оралған Кунде және Упамекано бар.

Осылардың біреуінің қасына «ПСЖ» құрамындағы сол аяқты дуодан Кимпембені немесе Эрнандесті қоюға болады. «Ниццада» бір ойында пас беруден рекорд қойып жүрген Тодибо бар. Оған қоса, «Челси» жинап алған Дисаси, Бадиашиль және Фофана емделген соң оралуы мүмкін.

«Нидерланд» - орталық қорғаушы позициясы.

Ван Дейк, Де Врей, Де Лигт, Ботман, Ван де Вен, Аке, Тимбер, Гертруда. Бұларға орталық қорғаныс позициясында тәжірибесі бар Блинд пен Де Йонгты қосып, алаңда тек орталық қорғаушы позициясында ойнаған футболшылардан тұратын құрам жасауға болады.

«Бразилия» - оң вингер позициясы.

Рафинья, Родриго, Антони. Родриго әмбебап ойыншы болғанымен өнер көрсететуге ең ыңғайлы позициясы оң қаптал екені айқын. Давид Нерес пен Малком да осы позицияда ойнайды деп айтып өткен дұрыс болар.

«Германия» - шабуылдаушы жартылай қорғаушы.

Мюллер, Мусиала, Виртц, Брандт, Хавертц - бұлар неміс мектебінің әмбебап ойыншыларды даярлау жүйесінің өнімі. Әрине, барлығы қажетті жағдайда негізгі құрамда бірге шыға алады, алайда құрамдағы балансты сақтай тұра, аталғандардың екеуін ғана бірге шығару мүмкін сияқты.

Жиналған 10-дық немесе еркін 8-діктерді Нагельсманн қаншалықты сапалы қолданатынын жазда көрерміз.

«Италия» - орталық жартылай қорғаушы деп жазғым келген, Тонали мен Фаджоли жоғарыдағы тізім жететіндей етті...
👍5
Неліктен А сериясында 88 нөмірлі жейдені киюге тыйым салынды?

Бұл Италия футболының антисемитизмге қарсы шарасы. Соңғы маусымдары италиялық стадиондарда қара нәсілді ойыншыларға қатысты қорлау, антисемиттік лексика қолданысы және фашисттік белгілер көбеюі орын алды.

88 нөмір радикалды оңшылдар мен неонацисттер арасында кеңінен таралғандықтан, шенеуніктерге екі таңбалы санның қолданысын шектеу маңызды болды. Олар үшін 8 деген әліппидегі 8-ші әріп "Н", ал біріктірілген 8-дер "НН" немесе "Heil Hitler" дегенді білдіреді.

Бұдан басқа төрешілерге антисемиттік чант немесе қорлау сөздер қолданысы туралы білсе, ойынды тоқтатуға құқық берілген.

Ішкі істер министрі Маттео Пиантадоси: «Енгізілген шаралар біздің стадиондарда жиі кездесетін төзімсіз нанымдарға барабар және эффективті жауап, - деп мәлімдеді.
👍1
Эль Класико: қызықты статистика

Бүгінгі күннің орталық ойынына орай кездесу тарихындағы өзекті статистикаға назар салайық.

«Барселона» жеңіске жетсе, Хави осы ғасырда өз алаң жиегінде «Реалды» қатарынан алғашқы 2 ойынында жеңген екінші бапкер атанады.

Анчелотти класико ойындарын тең нәтижемен аяқтамағаны таңғалдырады. Италиялық 13 ойында 6 жеңіс және 7 жеңіліс тапқан.

Екі бапкер арасындағы жекпе-жекте Хави әзірше көш басында, 7 ойында 4 рет жеңген.

«Барса» соңғы 6 класико кездесуінде 4 рет басым болса, «Реал» соңғы 4 қонақтық класиконың 3 ойынында жеңіс тапты.

Беллингем допты қақпаға бағыттаса, ағылшындық «Мадридтің» Ла Лига дебюттік ойынында, Чемпиондар лигасының дебюттік матчында және Эль Класиконың алғашқы кездесуінде гол еншілеген бірінші ойыншысы атанады.

«Барса» жарақаттарға байланысты тұрақты ойын көрсетпеуіне қарамастан, Опта суперкомпьютері оларды матч фавориті деп санайды. Олардың жеңістеріне 41.6%, Анчелоттидің алғашқы тең нәтижесіне 29%, «Реал» жеңісінің ықтималдығына 29.4% берген.
👍3
Футболдағы допинг

Футболды допингтан таза спорт түрі деп айтуға болады. ФИФА соңғы шығарған антидопингтік есепке сәйкес алынған 5596 талдаудан тек 6 талдауы жағымсыз болып, оның 4 жағдайы допинг болып расталды.

Соның өзінде футболда орын алатын допинг мысалдары ойыншылардың немқұрайлығынан туындайды. Өзекті Поль Погба мен Алехандро Гомес мысалдарын алайық.

Погба досының кеңесімен Америкадан алған тағам қоспасын клубтық дәрігерлерден сұрамай қолданғанына байланысты допинг ережелерін бұзды. Гомес сәл аурыңқырап қалған соң, балаларға арналған сироп дәрісін ішкені допинг бұзушылығына алып келді. Екі жағдайда да ойыншылар қулық жасау ниетінсіз әрекет еткенімен, абайсыздық танытқаны үшін жазаланды.

Ойыншылар антидопингтік реттеулерді бұзған жағдайда дискфалификация көмегімен футболмен белгілі уақытқа айырылысқаннан бөлек, келісімшарттарына қош бол деп айтуы әбден мүмкін.

ФИФА-ның ойыншылардың мәртебесі және ауысуы жөніндегі регламенттің 14-бабы: «Келісімшартты тараптардың кез келгені ешқандай салдарсыз (өтемақы төлеу немесе спорттық санкциялар салу) негізді себеппен тоқтатуы мүмкін». Негізді себеп тізімі Регламентте айқындалмаған және әрбір істе жекеше айқындалуы тиіс.

ФИФА-ның Дауларды шешу палатасының шешімдер практикасына сәйкес тараптардың біреуінде шартты тоқтатуға негізді себебі болуы үшін екінші тарап өзінің шарттық міндеттемелерін елемеуі немесе орындамауы керек. Оған қоса бұндай әрекет шартты өрескел дәрежеде бұзғанда ғана негізді себеп болып табылады.

Әрине, футболшының допинг қолдануы – клубқа футболшының еңбек шартын біржақты тәртіппен бұзу үшін негізді себеп бола алады, өйткені ойыншы екі тарап жасасқан келісімді өрескел түрде бұзып тұрғаны айдай анық.

Футболдағы допингтің кең таралмағаны ойыншылардың командалық спорт түрінде допинг қолданысының әсері минималды екенін түсінулеріне байланысты шығар, ал тиянақсыз Гомес және Погба кәсіпқой мансаптарының алдына үлкен сұрақ белгісін қойды.
👍5❤‍🔥1🔥1🆒1
Әлем чемпионаты 2034: альтернативасыз таңдау

31 қазан күні 2034 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім беру дедлайны өтті. Бұл жарысты өткізу құқығы екі аймаққа берілген: Азия және Океания. Неліктен? ФИФА 2002 жылдан бастап әлем чемпионатының жаңа өткізуші мемлекетін таңдау барысында аймақтардың кезектесу қағидатын қолданады.

Соңғы жарыс Азияда өтті, келе жатқан ӘЧ Солтүстік Америка елдерінде өтеді, ал 2030 жылы өтетін турнир Еуропа, Африка және Оңтүстік Америка жерлерін қамтуына байланысты ӘЧ-2034 не Азия, не Океанияда өту керек.

Австралия өзінің өтінімін бермегендіктен, Сауд Арабиясы жалғыз таңдау болып тұр. ФИФА ӘЧ-2030 жарысының 3 алғашқы ойынын Уругвай, Аргентина және Парагвайға бере салу арқылы Сауд Арабияға жарысты өткізуге қызыл кілем төселген ашық жол ұйымдастырды деуге болады.

Сарапшылардың пікірлеріне сәйкес Сауд Арабия өтініміне қарсы шынайы бәсекелес болмаған, Австралия және Жаңа Зеландияға инфрақұрылымдық мәселелерге қатысты чемпионаттың ұлғайтылған форматын өткізу қиындау болады, ал Азия елдерінің көбі Сауд Арабияға қолдау көрсеткен.

Бастапқы жоспарларға сәйкес Сауд Арабиясы 2030 жылғы әлем чемпионатын өткізгісі келген, кезектесу қағидатын Египет және Греция елдерімен біріктірілген өтінім арқылы өтіп кету ойластырылған. Саудтықтардың жоспарлары өзгеріп, бұндай ауқымды іс-шараның ешкіммен бөліскісі келмейтін сияқты.

Бұл шешімді ФИФА енді ресми түрде 2024 жылдың соңында жария етуі керек. Реттеулерге сәйкес әлем чемпионатының иегерін ФИФА Конгрессі, яғни барлық 211 ассоциация мүшелері, жиналып дауыс беру арқылы шешім қабылдайды. Бұл процесс Сауд Арабиясы үшін жай ғана рәсімділік болып тұр.
🔥2
Заманауи футбол және 10-позициясы

Адидас арнасында Зидан және Месси қатысуымен керемет бейнесұхбат шықты. Сұхбатта футбол аңыздары бір-біріне үлкен құрмет көрсетіп футбол және өмір жайында әңгімелескен.

Бейнедегі келесі диалог осы мәтінді жазуға шабыттандырды:
Зидан: «Бүгінгі күні 10-дық позициясы жоғалған деуге болады. Егер 4-3-3, 4-4-2 жүйелерімен ойнасаң, бұл жүйелерде 10-дық жоқ.
Месси: «Қазір көбінесе бұл функцияны ішкі ойыншылар (8-діктер) немесе жалған вингерлер орындайды, бірақ, иә, кезіндегі 10-дықтар жоғалған. Біздің 10-дық, байланыстырушы (энганче) Аймар, Рикельме сынды ойыншылар қазір жоқ».


10-дықтардың жоғалуына не себепкер болғанын талқыламас бұрын, Месси мен Зидан меңзеп тұрған 10-дықтың тактикалық портретін суреттеп көрейік.

Олар қорғаныстық міндеттерден толықтай босатылған болатын, осыған байланысты алаң жиегінде орналасуында толық еркіндікке ие болған. Еркіндікті 10-дықтар жартылай қорғаныс пен шабуылды байланыстыру арқылы командасының ойынын ұйымдастыру міндетін орындау үшін қолданған.

Бұл рөлді орындау үшін футболшының техникалық, пас беру және кеңістікті түсіну/сезу шеберлігі аса жоғары деңгейде дамыған болу керек. Футбол қауымдастығы Месут Озилді әділетті түрде осы позицияның соңғы өкілі деп атаған.

Энганче, треквартиста немесе плеймейкердің жойылуына басты себепкер футбол ойынының өзі, атап айтқанда, оның дамуы мен тактикалық эволюциясы. Заманауи командалардың ажырамас бөлігі позициялық шабуыл мен жоғары прессинг болып табылады.

Позициялық шабуылда ойыншылар бапкер таңдаған жүйені қатаң түрде сақтауы қажет болса, ал прессинг сәтті болу үшін оған ұжымның барлық мүшесі атсалысу керек. Сәйкесінше 10-дықтарға тән еркіндік пен қорғаныстағы жалқаулыққа қазіргі футболда орын табылмайды.

Нағыз 10-дық позициясы жойылуымен футбол таза түріндегі жеке дарындық сиқырдан айырылып, күрделі жүйе механизмі ретінде әрекет ететін ұжымдық сиқырға қол жеткіздік деп ойлаймын.
«Эвертон» және қаржылық реттеу

Премьер Лиганың profit and sustainability ережелерін бұзғаны үшін «Эвертоннан» 10 ұпай алынып тасталды, нәтижесінде олар кестеде 19-шы орынға түсіп кетті.

Қаржылық реттеулерге сәйкес клуб 3 жылдық мерзім ішінде 105 миллион фунт стерлинг шығын көрсете алады, ал мерсисайдтықтар 372 миллион фунт стрелингке шығынға түскен.

Премьер Лига аталған бұзушылық үшін 12 ұпай алу жазасын сұраған, тәуелсіз комиссия жазаны 2 ұпайға жұмсартты. Клубтың іс жүргізу кезіндегі ашық және жауапкершілікпен көмек көрсету мінез-құлығы жұмсартуға әсер етті.

Бұл ағылшын футболы үшін үлкен прецедент болуы мүмкін. Profit and sustainability ережелері 2013 жылдан бастап енгізілген, сол сәттен бері ұпай алу жазасы алғаш рет қолданылды.

«Эвертон» бір бұзушылық үшін осылай ауыр түрде жазаланса, онжылдықтар бойы бұзушылық жасаған "күдіктілердің" жазасы өте ауыр болатын сияқты.

Өзекті ақпараттарға сәйкес Абрамович кезінде «Челси» кейбір жұмыскерлеріне оффшорлық компаниялар арқылы ақша төлеу тәсілімен қаржылық реттеулерді бұзды деп айыпталды. Оған қоса, қаржылық реттеуге қатысты 100-ден аса бұзушылықпен айыпталған «Ман Сити» бар.

Спорт заңгері Кэтрин Форшоу «Сити» және «Челси» жазалары бойынша:
«Челси және Манчестер Сити клубтарымен салыстырғанда Эвертонның жазасы ауырлық деңгейі бойынша төменірек болуы керек. Сондықтан екі клубқа қатысты дивизионға төмендету жазасы қолданылуы мүмкін деп ойлаймын».


Менше бұндай жаза тағылған айыптар дәлелденсе ақылға қонымды және пропорционалды болып табылады, алайда іс жүзінде орын алатынына сенбеймін. Лиганың өзі бірден қос топ клубтан айырылу қадамына қаншалықты дайын?
👍3
Жартылай қорғаушы = болашақ бапкер?

Пеп Гвардиола Sky Sports арнасына кішігірім сұхбат берді. Қазір ойнап жүрген ойыншылардың ішінде кімді болашақ бапкер ретінде көресіз деген сұраққа ойланбастан Гюндоган есімін атады.

Илкай ойынды жақсы түсінеді, жақсы қарым-қатынас орната алады, құрметке ие және ойынға құмарлығы бар. Ол бапкер болатынына сенімдімін.


Осыған байланысты бірден the Athletic мақаласындағы статистика есіме түсті. Келтірілген мәліметке сәйкес қазіргі бапкерлердің 42.4% жартылай қорғаныста өнер көрсеткен. Қорғаушылар бапкерлердің 34.5% құрса, шабуылшылар 19.6% көрсеткішіне ие. Футбол ұстаздарының 3.5% ғана қақпашы екен.

Жартылай қорғаушылардың басымдығын олардың алаңдағы міндеттерімен байланыстыруға болады. Ойын барысында белсенді түрде барлық фазаларында маңызды рөл атқарады. Олар шабуылды бастау, өрбітуді жүзеге асыра тұра, қарымта шабуыл мүмкіндігіне жол ашпаулары қажет.

Қорғаныс пен шабуылдағы серіктестерін байланыстыру арқылы алаңдағы бапкер міндетін атқарады деуге болады. Бұндай күрделі функцияларды ойынға қатысты терең деңгейдегі түсінігі бар ойыншылар ғана орындай алатыны анық.

Гвардиола, Анчелотти, ван Гал, Зидан, Хави және Артета сынды жоғары деңгейдегі бапкерлер ойыншы мансаптарын жартылай қорғаныс аймағында өткізгені кездейсоқтық емес деп ойлаймын.

Пеп таңдауы Гюндоганға түскені мені таңғалдырмайды. «Сити» сапында жартылай қорғаныс аймағында тіреушіден бастап қосымша шабуылшы рөлдерінде жай ғана ойын көрсетпей, тұрақты түрде сапалы нәтиже берген. Ойындағы ең қиын жүйелердің бірінде әмбебаптықты сәтті жүзеге асыра білу – футболды терең түсіне алудың айқын көрінісі.

Бұдан басқа Илкайдың футбол тәлімгерлер тізіміне назар салу қажет: Гвардиола, Клопп, Тухель, Флик және Хави. Бұндай ұстаздармен бапкер болмау футболға қарсы қылмыс болып көрінеді. Келтірілген тізіммен Хаби Алонсо ғана бәсекелесе алатын сияқты. Испандықты тәрбиелеген ұстаздар – Гвардиола, Моуриньо, Анчелотти және Бенитез.

Қорытындылай келе, жартылай қорғаушылар міндетті түрде сапалы бапкер болады деген тұжырымға келген дұрыс емес. Клопп, Почеттино, тен Хаг және Постекоглу кезінде қорғаушылар болса, сэр Алекс пен Кройфф шабуылда өнер көрсеткен. Лопетеги қақпашы болса, ал Сакки, Моуриньо және Сарри футболды кәсіби деңгейде мүлде ойнамаған.

Жартылай қорғаушыларға ойыншы кезіндегі жинаған тәжірибесі бапкер мамандығын меңгеруге көбірек көмектеседі деп айтқан дұрыс болар.

Қазіргі ойыншылардың қайсысы жоғары деңгейдегі бапкер бола алады деп ойлайсыз? Менің таңдауым – Киммих.
🤔3
«Астон Вилла»: гуд ибенинг

«Вилла» жанкүйерлерінің кеші қайырлы болып өтуінің басты демеушісі – Унаи Эмери. Испан маманы Гвардиоланы ойсырата жеңді: соққы бойынша 22-2; айып алаң ішіндегі соққылар 12-2; болжамды голдар көрсеткіші 2.21-0.86.

Жалпы «Астон Вилла» 2023 жылы 72 ұпай жинаған, бұл чемпиондыққа таласқан «Арсенал» және «Ман Ситиден» кейінгі үздік көрсеткіш, ал керемет жеңіс оларды турнирлік кестеде 3-ші орынға көтерді.

Эмери команданы сапалы ойын деңгейіне егжей-тегжейлі тактикалық нұсқаулықтар арқылы жеткізді. Мәселен, Уоткинске айып алаң ішіндегі қозғалысын жетілдіру үшін Кавани ойынын зерттеу тапсырмасы берілген. Ағылшындық командасына осы маусымда 13+6 голдық үлес қосқан.

Испан маманына арнайы жасалған жайлы орта жұмысына оң түрде әсер етіп жатқаны анық. Бирмингемге «Арсеналда» болмаған жеке көмекшісі Дамиан Видаганимен қатар тағы бірнеше испан маманы келді, жазда «Севилья» клубында бірге еңбек еткен Мончимен қайта қосылды.

Клуб иелері сөздеріне қарағанда Эмери бастаған жобаға үлкен сенім артатын болып көрінеді. Нассеф Савирис және Уэс Эденс:
Біз Унаиге спортқа қатысты шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беруіміз керек. Мончи екеуі ойыншыларды таңдасын, өз жағымыздан жобаны дамыту үшін уақыт пен мықты жүйе қамтамасыз етеміз.


«Астон Вилла» бұндай қарқынды маусым бойы ұстай алатынына сенбеймін, бірақ әзірге кестеде жайғасқан орындары салыстырмалы түрде әділетті. Не болса да бұл жоба перспективті әрі қызықты екені сөзсіз.



«Сити» болса Родриді сапалы түрде ауыстыру жолын таба алмаған сияқты, маусымдағы барлық жеңілістер тіреушінің ойнамаған матчтарында болған. Пеп Ковачич пен Нуньешті тіреуші ретінде ойнатпайды, ал Калвин Филлипске мүлде сенбейді.

Қалалықтар сапындағы жарақаттар, қате трансферлер және Пептің аз ойыншы құрамын қолдану әдеті кезекті қызықты чемпиондық жарысқа алып келетін сияқты.
2👍1
«Эвертон» ұшпайды

Алынған 10 ұпайдан басқа қосымша санкциялар салынбаса, клуб ағылшындық жоғары дивизионда қалуы керек.«Эвертон» АПЛ құрылғаннан бері (1992 жыл) төмен түспеген клубтар қатарына кіреді. Элита тізіміне тағы «Манчестер Юнайтед», «Челси», «Арсенал», «Ливерпуль» және «Тоттенхэм» мүше.

«Иристер» жағдайы күрт төмендеуіне әлсіз менеджмент жауапты. Мерсисайдтықтар алдыңғы онжылдық басында дәстүрлі топ-6 командалар тізімін бұзуға ең жақын үміткер болған. Стратегиялық жоспарлаусыз трансферлер мен бапкерлерге ақша салу арқылы тұрақты түрде нәтижелерге жету мүмкін емес деген тұжырымның кезекті дәлелін көріп тұрмыз.

Осы маусымда АПЛ-ға қатысушы клубтардың орташа деңгейі төмендеу болуы «Эвертон» үшін үлкен сәттілік.

Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес ойын деңгейі бойынша ең нашар «Ноттингем», «Борнмут» және «Вулверхэмптон» (xP – болжамды ұпай бойынша 18, 19, 20 орындар) аман қалып, ал «Лестер», «Лидс» және «Саутгемптон» (13, 15, 17 орындар) ұшып кетті. Бұған чемпионшиптен көтерілгендерді де қосуды ұмытпайық.

Опта суперкомпьютерінің есептеулеріне сәйкес АПЛ-дың жаңа үштігі ұшуға басты фавориттер. «Лутон» ұшуына 70% ықтималдық берілсе, «Шеффилдке» 78%, ал «Бернли» 80.6%-бен көш басында. «Эвертон» жоғары дивизионмен қоштасу ықтималдығы 3.5%-дан 34.1%-ға көтерілді.

Сақтану жарысында лиганың төменгі жартысындағы командалардың деңгейінен басқа «Эвертонға» өздерінің ойын сапасы көмектеседі.

Нәтижелер соңғы ойындарда ғана түзеле бастағанымен команда маусым басынан жақсы ойын көрсетіп жатыр. Маусым басында командаға сәттілік жетіспеген, «Эвертон» xP көрсеткішіне сәйкес турнирлік кестеде 8-ші орынды иелену қажет. Шон Дайч алғашқы турда «Фулхэмге» жеңілген соң баспасөз маслихатында келесіні айтқан:
«Ең бастысы – гол соғу. Бірақ егер біз апта сайын көптеген мүмкіндіктер, осы матчтағыдай сапалы мүмкіндіктер жасайтын болсақ, жеңістер келеді. Біздің сарапшыларымыздың бірі xG көрсеткіші 3-ке жақын болғанын айтты».


«Эвертон» болмаған команда «Брайтон», «Ньюкасл», «Астон Вилла» сынды ұжымдар болып жатыр. Ең қызығы аталғандардың әрбіреуі төменгі дивизионнан көтеріліп, ауыр әрі ұзақ сапар өткізді. Мүмкін АПЛ-дан ұшпаған «Эвертонға» чемпионшиптік тазару жетпей жүрген шығар?
4👍21
Coaches’ voice арнасында «Лестер» клубының бас бапкері Энцо Мареска қатысуымен мастеркласс шықты. Мастеркласс заманауи футболдың негізгі тактикалық трендтерінің бірі - жасанды қаптал қорғаушылар тақырыбына арналған.

Мареска арнада талқыланған жасанды фулбектер және қорап жартылай қорғаныс посттарындағы тезистерге ұқсас тұжырымдар келтіреді. Оған қоса, қосымша практикалық мысалдармен ақпаратты жүйелі түрде жеңіл тілмен түсіндіреді.

Осыған байланысты келтірілген бейнені көрулеріңізге ұсынамын. Егер ағылшын тілін білмесеңіз, яндекс браузері арқылы бейнені қазақ тіліне аударып көрсеңіз болады.

Мареска ұжымы қазіргі таңда Чемпионшип кестесінде көш басында келе жатыр. Алдыңғы маусымда Пептің бапкерлік штабында қызмет етіп, сәйкесінше, требл жеңулеріне үлес қосқанын атап өткен жөн.

Мастеркластың пікірлерінде келесідей қызықты ойға көзім түсті:
“Мареска Компанидан күткен ойынды АПЛ-да көрсете алады деп үміттенемін”.
5
Суперлига жеңіске жетті ме?

Еуропалық Одақ Соты (CJEU) өзінің шешімінде ФИФА мен УЕФА-ның клубаралық футбол жарыстарын, соның ішінде Еуропалық Суперлиганы өткізу үшін алдын-ала мақұлдауды талап ететін ережелері ЕО заңнамасын бұзады деп шешті. Шешімде бұл ережелер бәсекелестік пен қызмет көрсету еркіндігі туралы заңнамаға қайшы келетіндігі айтылған.

ФИФА мен УЕФА футболды ұйымдастыру алаңында үстемдік орнатқаны анық. Еуропалық Одақ құқығына сәйкес үстемдік орнатқан кәсіпорын басқа ұйымдарға өзінің нарығына кіру шарттарын анықтауға құқығы болса, онда бұл құқық мүдделер қайшылығын ескере отырып, ашықтық, объективтілік, кемсітушілік жоқтығын және пропорционалдықты қамтамасыз ету қажет.

ЕО соты ФИФА мен УЕФА футбол жарыстарын ұйымдастыру ережелері келтірілген критерийлер сәйкес келмегендігіне байланысты олар үстемдік жағдайын теріс пайдаланады деген тұжырымға келді. Сәйкесінше, бұл ережелер ашық бәсекелестік пен қызмет көрсету еркіндігін негізсіз шектейді.

Маңыздысы, шешім Суперлига жобасын жүзеге асыруға заңды рұқсат берді дегенді білдірмейді, тек Суперлиганың ашылуына тыйым салған ФИФА және УЕФА-ның ережелері заңсыз екендігін анықтайды. Суперлига жарысының заңдылығы сотпен тіпті қарастырылмаған. Бұл шешім ФИФА және УЕФА-ға реттеулерін ЕО заңнамасына сәйкестендіруді ғана талап етеді.
2
Бір иеліктегі клубтар

Премьер Лига регламентіне бір меншіктегі клубтарға өзара ойыншыларды жалға беруге тыйым салу туралы өзгерістер күшіне енбеді. Регламентке түзетулер енгізілуі үшін өзгерісті 14 не одан көп клуб қолдауы қажет.

Ең қызығы бұндай жағдайдан тікелей пайда көре алатын «Ньюкасл», «Челси» сынды клубтар өзгерістерге қарсы болған. Жарақаттар және Тонали дисквалификациясының салдарынан қансыраған «Ньюкасл» командасына Невеш артық болмас еді.

Бірнеше клубқа иелік етуге қатысты қиындықтар да туындауы мүмкін. Мәселен, бір иеліктегі клубтар УЕФА жарыстарына жолдама иеленсе де, бірге еурокубоктарға қатыса алмайды. Бірақ сонда да қатысады.

2023/24 маусымда еурокубоктарға қатысу үшін «Милан» және «Тулуза» иесі француз клубының иелік ету құрылымына өзгерістер енгізді. Бұл шешімді «Лейпциг» және «Зальцбург» үлгісімен жасалған деуге де болады.

«Брайтон» және «Юнион» УЕФА жарыстарында ойнауы үшін клуб иесі Тони Блум бельгиялық клубтағы үлесін 25%-ға дейін қысқартты. Ұқсас әрекетті «Астон Вилла» және «Виториа» иелері жасауға мәжбүр болды.

Футболда бірнеше клубқа иелік ету жаңа трендке айналды деуге де болады, сәйкесінше еурокубоктардың тұтастығын қамтамасыз етуге арналған ережелерді өту саңылаулары өзектілігін жоғалтпайды.

Келесі кейс «Ницца» және «МЮ» иесінде туындауы мүмкін, бірақ ол үшін қызыл сойқандарға алдымен еурокубоктарға шығу керек).
🆒2
«Жирона» – жанқияр шабуылдаушылар

Каталондық клубтың керемет нәтижелері әлі де таңғалдыруда, бірақ олардың ойынын «Реалмен» тете келе жатқаны үшін емес, шабуылға бағытталған ойын өрнегі үшін тамашалау қажет.

Мықты шабуыл бар екенін дәлелдейтін бірнеше статистикалық мәлімет келтірейін. 46 гол – 1 орын, 39.64 хG (болжамды гол) – 4 орын, 38 таза ойыннан соғылған гол – 1 орын, 27.79 OРxG (таза ойыннан ұйымдастырылған болжамды гол) – 2 орын.

Енді осындай көрсеткіштерге жету үшін алаңда қандай әрекеттер жасалатынына назар салайық. «Жирона» позициялық шабуыл қағидаларына сәйкес ойнайтын ұжым, алайда олардың ерекшелігі – жиі ауысып тұратын шабуыл құрылымы.

«Ман Сити», «Арсенал» және «Ливерпуль» сынды командалар шабуыл кезінде 3-2-5 қорап жартылай қорғаныс жүйесімен тұрақты түрде ойнаса, Мичел Санчес құрамы әр қарсыласына арнайы жүйе құрылымымен ойнауы мүмкін.

Менің көзіме жиі түскен аса шабуылдаушы 3-1-6 немесе 3-1-3-3 жүйесі, көбінесе терең блокта автобус қойып ойнайтын командаларға қарсы қолданылады.

Команданың сол және оң қапталдары бірдей емес: сол жақта жиі динамикалық ротация жүзеге асса, ал оң жақта ойыншылардың сандық басымдығы орын алады. Ойыншылардың жиі ауысуының негізгі себепкері – Мигель Гутиеррес.

«Реал» түлегі тіреуші позициясында, қапталда, жартылай қапталда тіпті шабуылшы қасында да орналасуы мүмкін. Бөтен позицияларда бос аймақтарда ашылу және допты жоғары тарту пайда болады. Сарапшылар бұл рөлді еркін жалған фулбек деп атау да беріп үлгерген.

Ал агрессивті шабуыл ойын өрнегінің басты нышаны – Алеиш Гарсия. Испандық шабуылға жақынырақ ойнайтын жартылай қорғаушыдан тіреушіге айналып, команданың шабуылға допты жеткізу мен мүмкіндік ұйымдастыруды жаңа деңгейге шығарды.

Мичел керемет шабуыл құру үшін қорғанысын садақа етті деуге болады. 24 гол өткізіп, қақпаларына 31.75 xG құруға мүмкіндік берген. Қорғаныстың сапасы бойынша 15-ші орын.

Алайда «Жиронадан» мінсіз команда болуды сұрау – әділетсіз. Еуропалық футбол сахнасында жанқиярлық шабуыл көмегімен тартымды ойын қою үшін жасалған садақаны бағалы сый ретінде қабылдайық.
🔥32
«Астон Вилла» танымбелгісін ҚАЙТАДАН өзгерте ме?

Клуб жанкүйерлері Англия Футбол ассоциациясына өзгеріске қатысты наразылығын білдірді. Олардың пайымдауынша, танымбелгіні өзгерту ФА ережелеріне қайшы келеді.

2022 жылы ФА клубтардың мұрасын қорғайтын реттеулер енгізді. Енгізілген ережелерге сәйкес танымбелгі мен клуб түстерін өзгерту үшін жанкүйерлермен мұқият әрі ауқымды кеңес үдерісін жүргізу қажет.

«Астон Вилла» жаңа (қазіргі) дөңгелек пішінді танымбелгіні жанкүйерлермен талқылау нәтижесінде енгізді. Талқылау барысында жанкүйерлердің көбі бұрынғы клубтаңбаның қалқан пішіні мен сары түсін ұнатпайтыны анықталған.

Ең қызығы жаңа-жаңа таңба сары түсті арыстаны бар және қалқан пішіндес болып келеді. «Вилланың» Бизнес Президенті Крис Хек:
«Біз жанкүйерлер топтарымен және жанкүйерлер болып табылатын адамдармен өте тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз»

, - дейді.

«Вилла» жанкүйерлер қауымдастығы бұл сөзді жоққа шығарды. Егер клуб реттеулерді бұзғаны анықталса, бұрынғы (қазіргі) клубтаңба өзгеріссіз қалады.
8
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
Ерекше хет-трик

1986 жылы 21 сәуірде «Вест Хэмнің» орталық қорғаушысы Элвин Мартин тарихи жетістікке қол жеткізді. «Ньюкасл Юнайтедке» қарсы матчта футболшы үш түрлі қақпашының әрбіреуіне бір гол соғып үлгерген.

Ең қызығы, хет-триктің 2 голы номиналды алаң ойыншыларына соғылған. Ойынды жарақаттан толық жазылмаған негізгі қақпашы Мартин Томас бастаған еді. Ал қосалқы құрамның қақпашысы Дэвид Маккеллар алдыңғы кездесуде алған жарақатына байланысты ойынға қатыса алмаған.

Клуб сапында үшінші қақпашы да болған, бірақ ол қосалқы құрам тізіміне ілінбеді, ол кезде қосалқы құрам тек 3 футболшыдан ғана тұратын. Осыған байланысты бапкерлер кейде тәуекелге барып, қосалқы құрамға қақпашыны енгізбейтін. Бұл жолы тәуекел өзін ақтамады деп айтсам, артық болмайды.

3-минутта Мартин өзінің алғашқы голын соқты. Бұдан әрі қақпашы жағдайы күрт нашарлайды. Таймның соңына дейін Томас допты қақпасының торынан тағы 3 рет алып шығарады, ал бір ойын жағдайында тобығын зақымдап алып, ойынның екінші жартысына шыға алмайды.

Үзілістен кейін оның орнын жартылай қорғаушы Крис Хадворт алды, ол 20 минуттан кейін Элвин Мартиннің екінші голын өткізеді, содан кейін ол да жарақат алады. Рұқсат етілген ауысымдардың барлығы жасалып қойғандықтан, қалған уақытта қақпаны шабуылшы Питер Бердсли қорғаған.

84 - минутта «Вест Хэм» пенальти орындау құқығына иеленеді, оны Мартин орындап, тарихи хет-триктің авторы атанады.

• Шабыттандырған бейне
• Қолданған дереккөз
🤯71
Клопп «Ливерпульден» кетеді

Маусым соңында Клопптың «Ливерпульдағы» дәуірі аяқталады. 9 жылдың ішінде барлық негізгі олжаларды ұтып, клубты өзінің тарихи орнына қайтарды.

«Ливерпуль» әдетте бұндай маңызды шешімдерді алдын ала жоспарлап жасайды. Осыған байланысты потенциалды бапкермен келісімге келіп қойған да болар. Мен өзімнің нұсқаларыммен бөлісейін.

• Ханс-Дитер Флик
Германия құрамасымен сәтсіздікке ұшыраған соң, неміс бапкерінің «Бавариядағы» олжалы жылы бір маусымдық ғажап деп айтып жатқандар да аз емес. Сын айтатындарға өзінің бапкерлік дағдылары жоғары деңгейде екенін дәлелдеу үшін мерсисайдтық клуб - мінсіз орын.

Бұл таңдаудың қосымша артықшылықтары бар. Флик Клопп құрып үлгерген механизмдерді бұзбай, осы команданың ойын өрнегіне өзіне тән футболын енгізе алатын маман.

• Юлиан Нагельсманн
«Бавария» жобасын ойдағыдай жүзеге асыра алмаған бапкер клубтық футболға баса-көктеп оралғысы келетіні айқын. «Ливерпуль» сондай мүмкіндік бола алады.

Командадағы ойыншылар мен бапкер арасында үйлесімділікке жол бермейтін элемент көріп тұрған жоқпын. Бірақ Нагельсманн келсе, ол басынан өзінің қағидаларына сай жаңа команда құрғысы келетіні анық.

Гвардиола тектес маман Клопптың орнын басса, әдемі хикая болайын деп тұр.

•Хаби Алонсо
Испандық аз мерзім ішінде өзін керемет маман ретінде көрсете білді. Топ клубты басқару үшін қажетті барлық қасиеттері бар.

Аңыз ойыншы болғанына байланысты ұжым ішінде құрметке ие болады, заманауи жүйелі футбол қоя алады, қажет болса қарсыласқа икемделіп те ойнай алады. Клопп дәуірін аяқтап, клуб жаңа Алонсо дәуірін бастауға керемет мүмкіндік туындап тұр.

Мен бірақ Алонсо «Байерді» тағы жаттықтырып, Мадридке келуін қалаймын. Алонсо «Реал» үшін Карлодан кейін мінсіз таңдау деп ойлаймын.

Сіздер не ойлайсыздар? Клопп орнын кім басу қажет? Клопптың өзі демалған соң қайда барғаны дұрыс?
👍4
«Байер Невер Леверкузен»

«Байер» тарихындағы алғашқы чемпиондық олжасына келе жатыр.

Леверкузендіктер екінші орынды 5 рет иеленгендерін атап өткен жөн. Бұл Германиядағы чемпиондық атағы жоқ командалар арасындағы рекорд. Клубтың «Неверкузен» деген атауы орынсыз пайда болмағаны айқын.

Мансабы үлкен жеңістерге толы Хаби Алонсо келуімен клуб «Неверкузен» деген атаудан арылу ықтималдығы жоғарылады. Тіпті алдыңғы маусымда Еуропа Лигасын жеңуге сәл қалды.

Кішкене статискаға үңілейік. Understat мәліметтеріне сәйкес 50 гол – 2 орын, 43.26 xG – 3 орын, 48 ұпай – 1 орын, 38.55 xPTS – 3 орын. Оған қоса, команда әлі де жеңіліссіз келе жатыр. «Байерден» жеңіліссіз чемпиондық күтпесек те, чемпион болуы әбден ықтимал.

Бонифейс, Паласиос жарақаттары мен Африкадағы жарысқа кетіп қалған Коссуну мен Тапсоба командаға кері әсер етіп жатқаны анық. Осыған қарамастан, үзілістен кейінгі алғашқы 2 ойынында «Байер» чемпиондарға сай мінез көрсете білді.

«Хоффенхайм» және «Лейпцигке» қарсы Алонсо шәкірттері 3 ұпайды соңғы минуттарда қол жеткізді. Бұған қатар өтіп жатқан тур ойынында «Бавария» жеңіліс тапқаны чемпиондық жарыста жаңа динамика құрған сияқты.

Opta алгоритмдері енді «Байерді» таластың фавориті ретінде санайды, Леверкузендіктердің жеңісіне 57.8% берсе, «Баварияның» кезекті олжасы 42.1% есептелген. Менше «Бавария» әлі де жеңіл фаворит, бірақ өзім Хаби Алонсо ұжымын қолдаймын.

«Байер» алдыңғы маусымдағы сәттілікпен жеңіп кете алатын «Боруссия» емес. Олар чемпиондыққа лайық әрі беріп тұрған чемпиондықты жұлып алатын команда.
7👍1🔥1
ФИФА «CAS & Football 2023» жылдық есебін жариялады.

2023 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін тек футбол трибуналы, сот органдары және ФИФА Хатшылығы 37000-нан астам шешім шығарды.

Өз кезегінде, сол аралықта Спорттық төрелік сотына осы шешімдерге, сондай-ақ ФИФА-ның басқа органдарының шешімдеріне (мысалы, ФИФА Кеңесінің Бюросы, ФИФА Кеңесі және т.б.) 431 апелляция берілді.

2023 жылы ФИФА қабылдаған 37000 шешімнің тек 1,2%-ы ғана CAS-қа сәтті апелляцияланды. 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы өтініштер саны 20%-ға өсті (яғни 71 іске өскен).
👍2
Мбаппе және «ПСЖ» әлде...?

Киллианның келісімшарты аяқаталуына сәл қалды. Жаз бойы жаңа трансферлік сага орын алатыны айқын. БАҚ мәліметтеріне сәйкес Мбаппе мансабын жалғастырудың үш жолын қарастырып жатыр.

Олар: «ПСЖ-да» қалу, әйетуір «Реал Мадрид» сапына келу, анасының сүйікті клубы – «Ливерпульге» көшу. Әр таңдауды талдап көрейік.

«ПСЖ»
Бір жағынан франциялық шабуылшы отандық футболда жеңуге болатын барлық олжаларды иеленді, клубының үздік сұрмергені атанды және объективті айтатын болсақ, Лига 1 деңгейінен жоғары чемпионатта ойнауы керек.

Екінші жағынан Мбаппе «ПСЖ» командасына бар әсері мен күші басқа ешбір клубта болмайды. Мәселен, Киллиан команданың трансферлік істеріне араласқан деген мәліметтер де бар. Одан басқа тіпті алаңда өзіне ыңғайлы позиция таңдаумен айналысқан.

2022 жылғы әлем чемпионатына дейін Мбаппе орталық шабуылшы болып, екі қапталдық ондық позицияларында Неймар мен Месси өнер көрсеткенде париждіктер эффективті әрі жоғары деңгейдегі футбол ойнаған.

Мбаппе көп гол соғып команда жеңіп жатқанына қарамастан, таза шабуылшы рөлінде доппен сирегірек кездескендігіне байланысты алаңдағы жарықтығын жоғалтқандығын ұнатпай, Галтьеге жүйені өзгерту үшін қысым көрсетті.

Осы жағдайға қатысты:
«Бұл жерде клубыммен салыстырғанда алдымда басқа міндеттер тұр. Ұлттық құрамада менің еркіндігім әлдеқайда көп. Бапкер айып алаңда Оливье сияқты тоғыздық бар екенін біледі, мен оның көмегімен бос аймақтарда ашыла аламын. Парижде бәрі басқаша, ол жерде менен шешуші рөл атқаруымды сұрайды»

, - деп айтқаны бар.

«Реал Мадрид»
«Реал» және Мбаппе қосылуы тағдырға жазылған өзгермейтін құбылыс болып көрінеді. Алайда франциялық қазір келсе, не командаға, не ойыншының өзіне икемделу қажет. Оны мадридтіктер қатарында жай ғана орналастыру үшін жүйені 4-3-3-ке ауыстыру керек.

Мбаппе шабуылшы болып ойнағанның өзінде сол қаптал жаққа жылжып ойнайды, бұл сол аймақта ойнайтын Винисиус үшін кері әсер береді. Оған қоса 10-дық рөлінде керемет ойнап жатқан Беллингем 8-дік орнына түсуге мәжбүр болады.

4-4-2 ромб жүйесін қалдырып ойнау үшін Мбаппе оң қапталға жақынырақ ойнайтын шабуылшы позициясына жайғасу керек. Мансабын «Монакода» оң қапталда бастап ойнағанын атап өткен жөн. Жалпы Киллиан шабуылдық үштікте әр позицияда нәтиже көрсете алатындай дарыны бар ойыншы ғой.

Мүмкін «Реал» үшін жұлдыздығын шетке қойып, өз потенциалын ойдағыдай жүзеге асыратын болар, бірақ бұндайдың орын алуына ешбір алғышарт көріп тұрған жоқпын.

«Ливерпуль»
Өз заманының ең дарынды ойыншысы ең мықты лигада неге ойнамасқа? Егер Клопптың ісін жалғастыратын бапкер келсе, прессинг жасау мен қорғанысқа көбірек көмектесуді үйренусіз болмайды. Құраммен тартымды үйлесімділік орната алады деп ойлаймын. Нуньез екеуі қаптал мен орталық аймақты ауысып өнер көрсете алады.

«Ливерпуль» жаңа бапкер келмей бір ойыншыға көп қаражатты жұмсау тәуекеліне бара ма деген де орынды сұрақ болады. Одан басқа франциялықтың өзі Клопп сияқты аңыз бапкер үшін келу қызықты болуы мүмкін болса, жаңа басталып жатқан жобаға баруға дайын ба?

Мбаппе «ПСЖ»-дан өзге таңдау жасаса, жайлы ортасынан шығады. Бірақ жайлы ортадан шығып, жоғары жетістіктерге иелене алса, Месси және Роналду аңыздарымен жарысуға барлық мүмкіндігі бар деген ойдамын.
🏆31