Әр күніңді әсемде
2.58K subscribers
5 photos
3 videos
18 links
Әрбір күнге аят, хадис, дұға, мақал.

09:00

Барлық құқық Көкжиек баспасы мен кітап авторы Самет Оқанұлына тиесілі.
Download Telegram
Аят
“Жаратқан білмей ме?! Ол – Латиф (ешкім көре де, сезе де алмайтын нәрселерді көріп, сезе алушы, шексіз ілімімен жүрек түкпірінде жатқан ең құпия сырлардың бәрін білуші), Хабир (бәрінен толық хабардар болушы)”. (Мүлік сүресі, 14)

Хадис
“Сәлем беру сөйлесуден бұрын болады”. (Табарани)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Кемшіліктерімді жасыр әрі мені қауіп-қатерден аман сақта!” (Дұғалар жинағынан).

Мақал
“Сәлем – сөздің анасы”.
Аят
“Әлбетте, сен үшін істің (мәңгілікке ұласып кететін) соңғысы басынан (ал ақирет жұрты дүние тіршілігінен) әлдеқайда қайырлы”.(Духа сүресі, 4)

Хадис
“Нағыз құлшылық – қиыншылыққа сабырмен төзу”. (Байһаки)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Көздер ұйқыға кетті, жұлдыздар жарқырап шықты. Алайда, Сен мәңгі Тірісің, ұйықтамайсың. Маған Өзің тура жол бергейсің”. (Муаз ибн Жәбәл)

Мақал
“Сабыр түбі – сары алтын”.
Аят
“Адам баласы Бізді өлімінен кейін шашылып қалған сүйектерін жинап, қайтадан тірілтпейді деп ойлайды ма?! Әрине, жинағанда қандай, тіпті, Біз оның саусақ іздерін дағы қайтадан қалпына келтіруге құдіреттіміз”. (Қиямет сүресі, 3-4)

Хадис
“Кісі күн батыстан шыққанға дейін тәубе етсе, Алла тағала оның тәубесін қабыл етеді”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Раббым! Өзіңнен пана сұраймын. Біздің санамызды зерек ете гөр әрі сол зеректікпен жақсылыққа жетуімізді нәсіп ет!”

Мақал
“Тәубе қылғанға түйе бер”.
Аят
“Уа, иман еткендер! Аллаға шын көңілден тағзым етіңдер және Оған қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Әркім ертеңгі ақиреті үшін (не істеп, о дүниеге) не жолдағанына көңіл аударсын”. (Хашыр сүресі, 18)

Хадис
“Қайсыбіріңіз намазда тұрғанда, ол мейірімге бөленеді”. (Әбу Дәуіт)

Дұға
“Уа, Раббым! Көзімізге, құлағымызға, жүрегімізге, жұмыстарымызға және бала-шағамызға береке бергейсің. Тәубемізді қабыл еткейсің. Сен тәубелерді қабыл етушісің һәм ерекше мейірмідісің”. (Абдулла ибн Масғуд (р.а.) )

Мақал
“Нені ексең, соны орасың. Еңбегі бардың, өнбегі бар”.
Аят
“Ол сендер үшін жерді төсеніш, көкті күмбез етті. Көктен жаңбыр жаудыру арқылы сендерге ризық етіп жерден алуан түрлі өнім шығарды. Мұның бәрін біле тұра, Аллаға өзгелерді тең көріп, серік етіп қоспаңдар”. (Бақара сүресі, 22)

Хадис
“Анығында әрбірің анасының құрсағында қырық күн жиналады. Тағы бір қырық күнде үйыған қан болады. Сосын тағы бір қырық күнде кесек етке айналады. Содан кейін Алла тағала:ол кісінің ризығын, ажалын, бақытты және бақытсыздығын періштеге жаздырады. Сосын ол періштені төрт істің тағдырымен жібереді...”

Дұға
“Уа, Раббым! Өзіңнен әр нәрседе ризықтың кәмілін сұраймын. Өзіңнің тарапыңнан разы етілуді әрі разы етілгеннен кейін сол үшін Өзіңе шүкір етуімді нәсіп ет деп Сенен сұраймын. Уа, Жомарттық Иесі! Нәтижесі жақсылық болған әр нәрсенің ауырын емес, жеңілін сұраймын”. (әзірет Әбу Бәкір (р.а))

Мақал
“Құдай деген құр қалмас”.
Аят
“Шын мәнінде, Раббың үнемі сырттарыңнан бақылап бағуда”. (Фәжр сүресі, 14)

Хадис
“Кімде-кім ішкі жан-дүниесін (жүрегін) игі етсе, Алла тағала оның сыртын игі етіп қояды”.

Дұға
“Уа, сырларды білуші Раббым! Дұшпандарыңның дүниеуи істеріне сәттілік бер, достарыңның ақиреттік істеріне сәттілік бер”. (Рабиятул Адауийә)

Мақал
“Құмырсқаның тас басқаны тәңірге аян”.
Аят
“Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен (оқы)”. (Алақ сүресі, 1)

Хадис
“Ілім игермеген һәм ілім үйренуге талпынбаған адам бізден емес”. (Дәйләми)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Қорықпайтын жүректен, тоймайтын нәпсіден, пайдасыз білімнен және қабыл болмайтын дұғадан Өзіңе сыйынамын”. (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Білімдінің күні жарық. Білімсіздің күні ғарып”.
Аят
“Ол (Құран), бір әзіл емес”. (Тарық сүресі, 14-аят).

Хадис
“Әлбетте, мен де әзілдесемін. Алайда, тек шындықты айтамын”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Менің әзілдескен сәттерімдегі һәм байсалды кездерімдегі біліп-белмей істеген әрі менде әрдайым болатын күнә-қателіктерімді кешіре гөр!” (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Тәтті өтіріктен ащы шындық артық”.
Аят
“(Аллаға құлшылық етуде, күнә атаулыдан сақтануда һәм бастарыңа ауыртпалық түскенде) сабыр етіп, намаз оқып, (Алладан) медет тілеңдер. Расында, бұл – Алладан шынымен именетін һәм Оған тиісінше тағзым ететін жандардан өзгелерге өте ауыр келеді”. (Бақара сүресі, 45)

Хадис
“Шүкір етілмеген ризық кісіні үлкен қатерге ұрындырады”. (Ибн-и Асакир)

Дұға
“Уа, Раббым! Мен Өзіңнің әлжуаз бір құлыңмын. Сен рақымдылардың рақымдысысың. Бізді Өз игіліктерің мен кеңшілігіңе бөлегейсің уа, аса Жомарт болған Раббымыз!” (Маруфи Кәрхи)

Мақал
“Екіжүзділіктің балын татып жүргеннен, әділдіктің ащы уын ішкен артық” .
Аят
“Керісінше, сендердің иелерің – Алла. Ол – ең жақсы медеткер”. ("Әли Имран" сүресі, 150)

Хадис
“Мүміндердің өзара сүйіспеншілігі мен араларындағы мейірім дененің бір мүшесі ауырғанда қалған мүшелерінің сыздауы секілді”. (Муслим)

Дұға
“Уа, жүректерді жұмсартушы Алла тағалам! Өлім менің жүрегімді жұмсартпай тұрып жүрегімді Өзің жұмсарт”. (Маруф-и Кәрхи)

Мақал
“Жалғыздың жары Құдай”.
Аят
“Мейлі ер, мейлі әйел болсын, кімде-кім кәміл мүмін ретінде Алла бұйырғандай түзу, пайдалы және өзін һәм қоғамды түзетуге бағытталған игілікті істер істесе, міне, солар жұмаққа кіреді әрі титтей де әділетсіздікке ұшырамайды”. ("Ниса" сүресі, 124)

Хадис
“Адамдарға кедергі келтіретін нәрсені жолдан алып тастау – садақа.” (Муслим)

Дұға
“Уа, адасқандарды тура жолға түсірген һәм күнәға бой алдырып жаза басқандарды мейіріміне бөлеген Раббымыз! Күнәһар болған мына құлыңа және барша мұсылмандарға рақымдылық қыла гөр. Бізді өлгеннен соң пайғамбарлармен, шейіттермен және ізгі құлдарыңмен бірге тірілткейсің”. (Утбәтул Ғулам)

Мақал
“Кеңесіп пішкен тон келте болмас”.
Аят
“Әлде адам баласының көңілі соққан нәрсенің бәрі бола бере ме? Жоқ, олай емес! Ақирет өмірі де, дүниенің тіршілігі де бір Алланың қолында. (Екі дүниеде де шексіз билік Иесі)”. ("Нәжім" сүресі, 24-25)

Хадис
“Ең азулы дұшпаның – өз нәпсің”. (Дәйләми)

Дұға
“Уа, Раббым! Қияметтің күнінде бар үмітім Өзіңде. ақиретімді уайымдаудан басқа уайымым жоқ. Өзіңнің кеңшілігіңнен үміттімін. Қыл көпірінен өтерде тек Өзіңе ғана сенім артамын. Амал таразысында медет беретін тек Өзіңсің! Мені Өзіңе қауыштыратын жолға бағытта”. (Фәридуддин Аттар)

Мақал
“Нәпсіге жеңілген патша құл, Нәпсіні жеңген құл патша”.
Аят
“Сондай-ақ, Раббыларыңның: «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді сөзсіз арттырамын. Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым, расында да, тым қатты», – деп, жар салғанын естеріңе алыңдар”. ("Ибраһим" сүресі, 7)

Хадис
“Кешірім сұрауға мәжбүр ететін сөзді айтпа”. (Муснәд)

Дұға
“Сабыр еткен адам бәледен құтылады” (Ислам тәрбиесі).

Мақал
“Басқа пәле тілден”.
Аят
“Ақирет секілді дүние тіршілігінің де бүкіл билігі, әлбетте, Бізге тән”. ("Ләйіл" сүресі, 13).

Хадис
“Уәде беру – қарыз секілді”. (Кәнзул Ирфан)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Дүниедегі аянышты хәлімізді есірке. Өлім сәтінде маған рақымдылық таныт. Өзіңнің алдыңа барғанымда маған кеңшілік жасай гөр!” (Ата Суләйми)

Мақал
“Уәде – Құдай сөзі”.
Аят
“...Араның қарнынан адамдарға шипа болатын түрлі-түсті шәрбат (бал) шығады. Расында, осында да терең әрі жүйелі түрде ойланатын қауым үшін анық белгі, ап-айқын ғибрат бар”. (Нахл сүресі, 69)

Хадис
“Алла барлық ауруға шипаны қосып жаратқан” (Әбу Һурайрадан жеткен хадис).

Дұға
“Уа, адамдардың Раббысы! Ауруларымызға шипаңды бер. Өйткені Сен Шафисің (шипа беруші). Өзіңнің шипаңнан басқа шипа жоқ. Сенен ешбір аурудың қаша алмайтын шипасын сұраймыз”. (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Денсаулықпен тең түсер досың жоқ, Дерт, кеселмен тең түсер қасың жоқ”.
Аят
“Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер…” (Әли Имран сүресі, 103-аят).

Хадис
“Мүминдер – кірпіштері бірін-бірі толықтырып тұратын бүтін бір ғимарат іспеттес”. (Бұхари)

Дұға
“Уа, Раббымыз! Бізге терең бойұсынушылық бер! Өзіңе бекем байлануды нәсіп ет. Бізді Өзіңе сәжде еткеннен кейін отқа тастай гөрме!” (Абдуллағла әт-Тәйми)

Мақал
“Бірлік болмай, тірлік болмас”.
Аят
“(Ей, Мұхаммед) айт! Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?” (Зүмәр сүресі, 9-аят).

Хадис
“Ілім алу мақсатымен жолға шыққан кісі үйіне оралғанға дейін Алланың жолында болып саналады”. (Әбу Нуайым)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Маған пайдалы ілім нәсіп еткейсің, пайдасыз ілімнен мені сақтағайсың”. (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Білім – гауһар бағасы жоқ, Надандық – дерт, дауасы жоқ”.
Аят
“Ендеше, жетімді әлсіз екен деп ақысын жеуші болма, төмен санап, көңілін қалдырма. (Алақан жайып) сұрап келгенді де қасыңнан қума (тілегін бер)”. (Духа сүресі, 9-10)

Хадис
“Әр нәрсенің бір кілті болады. Жәннәттің кілті жарлы-жақыбайларға сүйіспеншілік таныту әрі оларға қамқор болу”. (Ибн Лағыл)

Дұға
“Уа, Жаратушы Ием! Бізді «Раббымыз Алла» дегеннен кейін тура жолдан таймаған құлдарыңның қатарынан еткейсің. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с) лайықты үммет болуды нәсіп қыл”.

Мақал
“Жетім көрсең жебей жүр”
Аят
“Сондай-ақ, сендерді (жоқтан жаратып) тіршілік иесі қылған да бір Өзі. Ол уақыты келгенде сендерді өлтіріп, жандарыңды алады да, содан кейін бәріңді қайта тірілтеді. Алайда, адам баласы, шынында да, жақсылықты түсінбейді”. (Хаж сүресі, 66)

Хадис
“Ажал ақиқатын жан жүрегімен сезінген адам өтпелі ләззаттардан бас тартады”. (Муснәдуш Шихаб)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Өзіңнен өлімнен кейіңгі өмірімнің жарқын болуын әрі Өзіңе есен-амандықта қауышуды жалбарына сұраймын”. (Фудайл ибн Убейд (р.а))

Мақал
“Ажал қиуадан келіп, Қимасыңды алады”
Аят
“Ол кәпірлердің бір бөлігіне оларды сынау үшін берген дүниедегі тіршіліктің жылтыраған сән-салтанатына қызығып көзіңді сүзбе! Раббыңның (өзіңе нәсіп еткен) нығметі мен ақиретте беретін ризық-несібесі әлдеқайда қайырлы һәм баянды (мәңгілік) болмақ”. ("Таһа" сүресі, 131)

Хадис
“Расында әр үммет үшін бір бүлік бар. Алайда, менің үмметімнің бүлігі болса дүние”. (әл-Хайсами)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Бізге Өзіңнен басқа ешкімге мұқтаж болмауымызды нәсіп қыла гөр”.

Мақал
“Сұрамағын пендеден, жағарсың кейде жақпассың, Тілекті тіле Құдайдан айқара ашқан қақпасын”.
Аят
“Ол бергенін өзіне жасалған жақсылықтың қарымтасы деп бермейді. Қол ұзатқаны үшін ешкімнен сый-сияпат та күтпейді. Тек қана Раббысының разылығына қауышуды ғана көксейді”. (Ләйіл сүресі, 19-20)

Хадис
“Алла тағала тәубе етушінің тәубесін қабыл етеді”. (Бұхари)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Егер менің пешенеме бақыттылардың қатарында болуды жазған болсаң, мені ол жерде тұрақты ете гөр. Ал, егер бақытсыздардың қатарына жазған болсаң, онда мені олардың қатарынан өшіріп, жақсыларды қатарына жаза гөр. Өйткені, Сен қалағаныңды орындайсың уа, Раббым!” (әзірет Омар (р.а))

Мақал
“Жаңылмайтын жақ, Сүрінбейтін тұяқ жоқ”.