DATA HUB Қазақша
202 subscribers
718 photos
1 video
403 links
DATA HUB Powered by FCBK

Қаржылық, қаржыға жақын және әлеуметтік тақырыптар бойынша ең өзекті деректері бар аналитикалық арна.
Осында барлық нарықтық талдаулар бар.

Иесі – Бірінші кредиттік бюро.

Байланысу үшін - @DataHubFCBK_bot
Download Telegram
Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелер 28 жылдық рекордты жаңартты

2025 жылғы мамырда жеке тұлғалардың теңгемен тартылған депозиттері бойынша ЕДБ сыйақысының орташа өлшенген мөлшерлемесі 14%-дан 14,3%-ға дейін өсті. Қазіргіден жоғары деңгейде көрсеткіш соңғы рет 1996 жылғы желтоқсанда, ҚР Ұлттық Банкінің бүгінгі қолжетімді статистикасындағы бақылаулардың бірінші айында болды.

Мамыр айында 1 айдан 3 айға дейінгі депозиттер ең тартымды болды, 16,4% мөлшерлемемен, ол сәуір айымен салыстырғанда бірден 0,5 п.т. өсті.

Бұл ретте заңды тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелер өзгерген жоқ – мамыр айында, сәуірдегідей, орташа деңгей 15,4% мөлшерінде қалды.

Ал ЕДБ кредиттерінің жағдайы не болып жатыр?

🔸 Мамыр айында жеке тұлғалар мен ЖК үшін орташа өлшенген деңгей өзгеріссіз, 21,5%
🔸Ал заңды тұлғалар үшін көрсеткіш сәуір айындағы 19,1%-дан 18,8%-ға дейін төмендеді. Бұл жағдайда деңгейлер бірден бірнеше сегменттерде төмендеді: 1-3 айлық кредиттер үшін де, 3 айдан бір жылға дейінгі кредиттер үшін де. 5 жылдан асатын ұзақ қарыздар мөлшерлемелері де төмендеді.

Мәнмәтін үшін: базалық мөлшерлеме наурыздан бері 16,5% болып қалуда.

ҚР Ұлттық банкі деректері

@DataHub_KZ
2
💊Статистика ББҚ саудасының қарқынды өсуін көрсетті

2024 жылы биологиялық белсенді қоспалардың бөлшек сауда көлемі 152,1 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрын белгіленгеннен бірден 5 есе көп. Тиісті деректерді сауда саласындағы кәсіпорындар мен ЖК іріктеп байқау негізінде ҚР СЖРА ҰСБ ұсынады.

ББҚ санаты бойынша жекелеген мәліметтер 2019 жылдан бергі ресми деректерде бар және бұрын салыстырмалы секірістер байқалмады: бірнеше есе өсу немесе құлдырау ешқашан болған жоқ. Бір қызығы, өзекті жиынтық көлемнің негізгі бөлігі туралы Алматыдағы сауда кәсіпорындары есеп берді – біз бірден 118,5 млрд теңге туралы айтып отырмыз.

🖇Айтпақшы: ББҚ саудасының көлемі өсіп жатқан шақта, басқа фармацевтикалық тауарлар саудасының көлемі ерекше динамиканы көрсетпейді. 2024 жылы 534,7 млрд теңге есептелді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда номиналды түрде 19%-ға артық. Ал фармацевтикалық өнімдердің бағасы өсті – тұтастай алғанда бүкіл санат бойынша +11,3% болып шықты.

@DataHub_KZ
🇬🇧 Ұлыбританиядан Қазақстанға жіберілген ақша аударымдарының белсенділігі ерекше нәтиже көрсетті

2025 жылдың мамырында халықаралық ақша аудару жүйелері (ХААЖ) арқылы ҚР-ға аталған елден 3,6 млрд тг көлемінде қаражат келіп түскен. Аударым көлемі кем дегенде 2017 жылдан бері алғаш рет жоғары деңгейге жетіп, бұл мемлекет ҚР Ұлттық банкінің статистикасында үздік 10 аударым жасаушы елдің қатарына еніп, ерекше орын алған.

Қазір Ұлыбритания ХААЖ арқылы ҚР-ға аударылған жалпы қаражаттың 19%-ын құрап отыр. Жалпы рейтингте аударым сомасы бойынша бұл ел бірден екінші орынға көтерілді, бірінші орында - РФ, бұл елден 4,6 млрд тг түскен. Үшінші орынға жайғасқан мемлекетпен Британияның арасындағы айырмашылық та едәуір: Өзбекстаннан шамамен 2 млрд тг аударылған.

Сонымен қатар Ұлыбританиядан келген қаражат едәуір көп трансакция санынан құралды - 9,9 мың операция. Бұл көрсеткіш бойынша да екінші орынға орнықты. Бірінші орында - РФ (16,5 мың), үшінші орында - Германия (4,7 мың).

@DataHub_KZ
📱💰Ресми статистика алғаш рет SMM қызметтері нарығы туралы мәліметтерді ұсынды

Кәсіпорындар өз өнімдерін әлеуметтік желілерде ілгерілету үшін миллиардтаған теңге төлейді — жарияланатын деректерді қызметтің жаңа түрімен байытқан ҚР СЖРА ҰСБ есебінен осындай тұжырымдар туындайды. Мәселен, 2024 жылы коммерциялық қызметтер саласындағы заңды тұлғалар мен ЖК-ны іріктеп тексеру 5,9 млрд теңге сомасын көрсетті*: эсэмэмшілерге бейіндік қызмет осыншама табыс әкелді.

Сауалнама бизнес субъектілерінің барлығын емес, тек бір бөлігін ғана қамтығандықтан, келтірілген бағалау тиісті нарықтың көлемін қаншалықты көрсететінін айту қиын. Бұл ретте статистикалық ведомство алдында нақты қанша шартты SMM-агенттіктер есеп бергені нақтыланбайды — іріктемені қамту жөніндегі мәліметтер егжей-тегжейлі берілмейді.

Алайда, шамасы, мыңдаған кәсіпорын қамтылмаған. SMM-ілгерілету де жататын "Офистік әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету" (ЭҚЖЖ коды 82) негізгі қызмет түрі болып табылатын бақыланатын компаниялардың жалпы саны 2,7 мың бірлікті құрады. Бұл келіп түсетін телефон қоңырауларын өңдеуден конференцияларды ұйымдастыруға дейінгі мамандықтардың кең диапазоны.

💼Қолда бар деректерге сәйкес, әлеуметтік желілерде жылжыту жөніндегі қызметтерге негізгі сұранысты кәсіпорындар (ЖК қоса алғанда) қалыптастырады – 5,9 млрд теңгенің 5,5 млрд теңгесі (93%). Халыққа тиісінше қалған 0,4 млрд теңге немесе 7% тиесілі.

Өңірлік аспектке келетін болсақ, ресми статистика көрсеткен SMM-қызметтердің жалпы көлемінің үштен бірінен астамы Алматыға тиесілі – 2 млрд теңге. 21%-ды Атырау облысы қосымша қамтамасыз етті (1,3 млрд теңге). Үшінші орынды 16%-бен Қарағанды облысы иеленді, 0,9 млрд теңге. Қалған екі ірі мегаполис - Астана мен Шымкент барлық соманың төрттен бір бөлігін (1,4 млрд теңге) тең пропорцияда құрады.

Айтпақшы, SMM қызметтері бойынша деректер 2024 жылдың қорытындысы бойынша ресми статистика есебінде алғаш рет пайда болған жалғыз қызметтер емес. Бұдан басқа, онда мобилографтар қызметін көрсететін компаниялардың қанша ақша тапқанын көруге болады – 267,1 млн теңге, сондай-ақ блогерлер – 767,3 мың теңге. Алайда, әлі де бизнестің барлық субъектілерін қамтымайтын іріктеп зерттеу нәтижелері туралы айтып отырғанымызды ұмытпауымыз керек.

*Экономиканың бақыланбайтын секторы қызметтерінің көлемінсіз; көрсетілген қызметтердің құны қосылған құн салығынсыз ағымдағы бағаларда ескеріледі


@DataHub_KZ
SMM-жылжыту бойынша көрсетілген қызметтердің өңірлік бөлінуі графикте көрсетілген.

@DataHub_KZ
Жаңа көпқабатты тұрғын үйлер саны рекордтық деңгейге жетті

2024 ж. Қазақстанда 20 қабатты және одан да көп 35 жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. 2023 ж. салыстырғанда айырмашылық - небәрі екі нысан ғана, дегенмен бұл көрсеткіш - кем дегенде соңғы 20 жылдағы ең жоғары деңгей.

Дәл осы 20 қабат және одан көп қабатты ғимараттар статистикада 2008 ж. бері көрсетіліп келеді. Осы уақыт ішінде бір жылда осынша көпқабатты үйдің салынуы бар болғаны үш рет тіркелген. Жоғарыда атап өткендей, 2023 ж. болса, одан бөлек соған жақын көрсеткіш 2020 ж. тіркелген, ал қалған жылдары саны жиырмаға да жетпеген.

Айта кетерлігі, 20 және одан да көп қабаты бар тұрғын үйлер жалпы пайдалануға берілетін тұрғын үй нысандарының (үйлер мен жатақханалар) небәрі 0,1%-ын ғана құрайды. Ал жаңа салынған тұрғын үйлердің 10-нан 8-і - бірқабатты. Салыстырмалы түрде, пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйлердің көрсеткіші тек Астана қаласында көбірек: 426 тұрғын үйдің 24-і 20 қабатты және одан да жоғары.

ҚР СЖРА ҰСБ деректері

@DataHub_KZ
Оқырмандарымыздың ішіндегі ерлер қауымы үшін аса қуанышты емес жаңалық болатын сияқты👇

Маусымда қырынуға арналған көбік пен гель айтарлықтай қымбаттады

Мамырмен салыстырғанда маусымда бағалар 2,2%-ға өскен. ҚР СЖРА ҰСБ деректеріне сүйенсек, бұл - 2023 жылдың қаңтарынан бергі, яғни шамамен соңғы 2,5 жыл ішіндегі ең жоғары айлық өсім.

📈Жалпы алғанда, қырынуға арналған құралдардың бағасы үнемі өсіп отырады. Соңғы бес жылға жуық уақытта ресми статистика осы тауарлар бойынша мониторинг жүргізіп келеді және аталған уақыт ішінде бағасы небәрі үш рет қана төмендеген. Соның ішінде бағаның ай сайынғы күрт өсімі 2022 жылғы ақпаннан бастап 2023 жылғы сәуірге дейін, Украинадағы әскери қақтығыс аясында геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты, байқалды (айдан айға +1,2%-дан +3,6%-ға дейін). Одан кейін мұндай күрт өсім бола қоймаған: айлық өсім кей кездері ғана 1%-дан асып отырған. Алайда қазіргі жағдай ерекшеленіп тұр.

✍️Өнеркәсіптік өндіріс бойынша ресми деректердің құрылымы Қазақстанда қырынуға арналған көбік пен гель өндіріле ме, жоқ па - нақты көрсетпейді. Мұндай тауарлар бойынша жеке деректер келтірілмейді: олар әртүрлі парфюмериялық және косметикалық құралдар кіретін үлкен санат ішінде ғана аталып өтіледі. Сонымен қатар бағаның өсуіне осындай өнімдердің белсенді түрде импортталатыны әсер етіп отырғаны анық.

🌏 Импортқа нақтырақ тоқталсақ: 2024 жылы Қазақстанға қырынуға дейін, қырыну кезінде және кейін қолданылатын* 790,7 т өнім $4,6 млн сомасына әкелінген. Бір жылдың ішінде физикалық көлемі 3%-ға азайғанымен, ақшалай көлемі 6,9%-ға өскен. Негізгі жеткізуші елдер: Ресей - импорт сомасының 35%-ы, Құрама Корольдік - 22%, Польша - 18%, Германия - 11%. Ал экспорт көлемі, салыстырмалы түрде, жоқтың қасы деуге болады.

Айта кету керек, 2021 жылдан бастап Ресейдің аталған өнімдер бойынша негізгі сатушы ел ретіндегі үлесі айтарлықтай қысқарды - 11 п.т.

*ЕАЭО СЭҚ ТН коды 3307100000

@DataHub_KZ
1
Айдан айға қырынуға арналған көбік пен гельдің бағасы қалай өзгергенін графиктен көре аласыздар.

@DataHub_KZ
📺Қазақстанда теледидар өндірісі белсенді түрде қарқын алуда

2024 жылы елімізде 79,7 мың «дыбысты немесе бейнені жазу немесе ойнату аппаратурасымен біріктірілген телевизиялық түрлі-түсті бейнені қабылдағыштар» шығарылды. ҚР СЖРА ҰСБ нақтыланған жылдық деректеріне сәйкес 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 9 есе өсті.

⤴️ Өндіріс бұдан көп болды ма? Болды. Алайда кейбір жылдардағы теледидарлар бойынша деректер ашылмаған, бірақ, мысалы, 2019 жылы елде 120,7 мың бірлік тиісті техника өндірілгені белгілі. 2020-2021 жылдардағы көлемдер құпия болып табылады, алайда динамика бойынша деректердің арқасында 2022-ші жылды есептеуге болады: әңгіме 2019 жылға және қазіргіге қарағанда аз көлемдер туралы болды (шамамен 12,7 мың бірлік).

Теледидарлар қайда өнідіріледі?

Негізгі бөлігі Алматыда жасалады: қаланың екі ауданындағы кәсіпорындар жалпы өнім көлемінің 79% өндірісін қамтамасыз етті. Қалған үлес Қарағанды облысындағы Саран қаласына тиесілі.

Жалпы, қаңтар-желтоқсан айларында жедел жарияланған алдын ала мәліметтер өндірістің жанданғанын көрсетті, бірақ осыншама қарқынды емес. Сонымен қатар, жалпы алғанда, көрсеткіштердің өсуін жаңалықтар негізінде де күтуге болар еді: соңғы жылдардағы Саран зауытының құрылысы туралы да, Алматыда тағы бір шетелдік брендтің теледидарларының шығарылуы іске қосылғаны туралы да хабарлар есіңізде болуы мүмкін.

@DataHub_KZ
Тұрғын үй үшін зейнетақы жинағын алу қайтадан артып келеді

Маусымда тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы жинақтарының біржолғы төлеміне 82,5 мың өтініш орындалған, бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен бірден 35%-ға көп. Сонымен қатар, БЖЗҚ деректеріне сүйенсек, бұл - 2024 жылғы желтоқсандағы белсенді кезеңнен бергі ең жоғары көрсеткіш.

Алайда орындалған өтініштердің сомасы қатты өсе қоймаған - 43,6 млрд тг. Бұл мамырмен салыстырғанда небәрі 10%-ға артық. Сәйкесінше бір орындалған өтінішке шаққандағы орташа сома төмендеді: маусымда 528 мың тг болды, ал мамырда 648 мың тг болған еді. Бұл - кем дегенде 2023 жылдың басынан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Емделуге алынған зейнетақы қаражаты туралы не айтуға болады?

Өтініштер саны 40,1 мыңды құрады. Бұл да бір ай бұрынғыға қарағанда үштен бірге артық. Алайда ақшалай көлемі аса қатты өспеген: +14%, яғни 31,9 млрд тг дейін. Бір өтінішке орташа сома - 797 мың тг, бұл да кем дегенде соңғы екі жарым жылдағы ең төменгі деңгейде.

@DataHub_KZ
Ресми статистика геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемінің төмендегенін тіркеді

2024 жылы заңды тұлғалар пайдалы қазбалар қорларын барлау және бағалау жұмыстарына 206,2 млрд теңге инвестиция салған. Бұл, инфляцияны ескермегенде, 2023 жылғы деңгейден 18%-ға төмен. Мұндай төмендеу екінші рет тіркеліп отыр: ҚР СЖРА ҰСБ деректеріне сүйенсек, бір жыл бұрын көрсеткіш 10%-ға қысқарған еді.

Ағымдағы кезең бағаларымен есептегенде, бұдан да төмен көрсеткіш пандемия кезіндегі 2020 жылы тіркелген еді. «Ағымдағы кезең бағаларымен» дегеніміз - әртүрлі жылдардағы көрсеткіштерді салыстыру баға өсімін ескермейді деген сөз. Басқаша айтқанда, іс жүзінде бұл соңғы бірнеше жыл ішіндегі ең төменгі деңгей болуы мүмкін.

Жалпы көрсеткіштің төмендеуіне ең көп әсер еткен - «Шикі мұнай өндіру» саласында жұмыс істейтін заңды тұлғалар. Олар геологиялық барлауға салған инвестицияларын бір жылда екі есеге жуық қысқартып, 64,7 млрд теңгеге дейін азайтқан. Алайда мұндай күрт төмендеуге қарамастан, бұл кәсіпорындар жалпы көлемнің үштен бірін қамтамасыз етіп, тиісті салымдар көлемі бойынша ең ірі сегмент болып отыр.

Пайдалы қазбаларды барлауға жұмсалған барлық шығынның тағы 26%-ын уран мен торий кенін өндірумен айналысатын заңды тұлғалар қамтамасыз еткен. Бұл кәсіпорындар инвестиция көлемін жылдан жылға төрттен біріне арттырып, 53,4 млрд теңгеге жеткізген.

Үшінші орында 25% үлеспен геологиялық барлау және іздестірумен тікелей айналысатын кәсіпорындар тұр: 51,7 млрд теңге. Бір жылғы бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда бірден 90%-ға артық.

Есеп берген заңды тұлғаларға қатысты тағы бір мәлімет. Меншік түрі бойынша бөлгенде жекеменшік компаниялар көш бастап тұр - 77% (159,1 млрд теңге). Шетелдік кәсіпорындар үлесі - 17% (35,8 млрд теңге), мемлекеттік сектор - 6% (11,3 млрд теңге).

Өңірлердің ішінде инвестициялардың азаюына ең көп үлес қосқандары: Маңғыстау (-75,2 млрд теңге, 19,6 млрд теңгеге дейін) және Ақтөбе облыстары (-14,8 млрд теңге, 42,5 млрд теңгеге дейін).

Ал, керісінше, пайдалы қазбалар қорларын барлауға кеткен шығын бір жылда айтарлықтай өскен өңірлер: Атырау (+23 млрд теңге, 28,4 млрд тг дейін), Түркістан (+16,5 млрд теңге, 40,6 млрд теңгеге дейін) және Қызылорда (+3,5 млрд теңге, 32,2 млрд теңгеге дейін) облыстары.

Нақтылай жіберейік: ресми статистика инвестицияларды кәсіпорынның тіркелген орны бойынша емес, қаражаттың нақты салынған жері бойынша есептейді.

@DataHub_KZ
❗️❗️❗️Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдырды –16,5%

@DataHub_KZ
Ұлттық банк бүгінгі шешімді қалай түсіндіреді? Төменде ресми баспасөз хабарламасында жарияланған негізгі аргументтерді ұсынамыз.

🔸Маусымда айлық инфляцияның қарқыны бәсеңдеп, 0,8%-ды құрады. Ал жылдық инфляция керісінше, 11,8%-ға дейін жеделдеді. Тұтыну бағаларының өсуіне ең көп әсер еткен - ақылы қызметтер (16,1%). Бұл көрсеткіш реттелетін және нарықтық қызметтердің қатар қымбаттауынан қалыптасты. Сонымен қатар жалпы көрсеткіштің динамикасына азық-түлік инфляциясы да айтарлықтай ықпал етті, жылдан жылға +10,6%. Бұл жағдайда екі таңбалы өсім негізінен импорт пен негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауымен түсіндіріледі.

🔸Халықтың алдағы 12 айға деген инфляциялық күтулері төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар нарықтың кәсіби қатысушыларының биылғы жылға арналған инфляцияға қатысты болжамы нашарлаған.

🔸Сырттан келетін қысым біршама әлсіреді - ірі сауда серіктесіміз Ресейде инфляция баяулады. Тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасының өсуі дамыған елдерде де баяулауда. Белгісіз бағытта өсіп жатқандықтан, жетекші орталық банктер сақтықпен, ұстамдылықпен саясат жүргізіп отыр. Маусымда Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендетті. Алдағы уақытта да қатаң ақша-несие жағдайын сақтауға ниетті.

Осылайша, Ұлттық банктің пікірінше, инфляцияға қысым жасайтын негізгі қауіптер ішкі факторлармен байланысты. Бұл орайда тұрақты ішкі сұраныс, тұтынушылық несиелеудің белсенділігі, жоғары инфляциялық күтулер, тарифтік және салық реформалары жайлы сөз болып отыр. Реттеуші Үкіметтің коммуналдық қызмет тарифтерін көтеру қарқыны мен мерзімдерін қайта қарау туралы шешімі болашақта қызмет көрсету саласындағы инфляцияны жұмсартуға мүмкіндік береді деп күтеді.

Ал сыртқы факторлардың ішінде Ұлттық банк бағаның жедел өсуіне әкеліп соқтыруы мүмкін дүниежүзілік саудадағы белгісіздіктің артуы мен геосаяси ахуалдың күрделенуін атап өтті.

☝️Қорытындылай келе, базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін қазіргі деңгейде сақталуы мүмкін, дегенмен оның көтерілуі де жоққа шығарылмайды.

Келесі шешім 29 тамызда қабылданады.

@DataHub_KZ
Қазақстандағы вейптерге тыйым салынған бір жыл - қылмыстық статистикадағы негізгі деректер

2025 жылдың маусым айына қарай бірінші сатыдағы соттар вейптер, снюс және насыбай айналымына қатысты барлығы 103 үкім шығарған (ҚР ҚК 301-1-бап*). Олардың басым бөлігі аталған өнімдерді сату бойынша - 86%. Қалған істер елге әкелу мен өндіріске қатысты болған.

Аталған істер бойынша барлығы 108 адам айыпталушы ретінде қаралды. Соның ішінде 107 адам сотталған, тек бір адам ақталған. Ол жоғарыда аталған өнімдерді сатқан деп айыпталған.

2024 жылы ҚР ҚК 301-1-бабы бойынша барлығы 115 қылмыстық құқықбұзушылық, ал 2025 жылы 123 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл мәліметтер соңғы қорытындысы емес, себебі ресми жарияланымнан кейін қайта қаралуы мүмкін. Өйткені белгілі себептермен қылмыстық іс тоқтатылған кезде құқықбұзушылық есептен алынып тасталады. Мысалы, күдіктінің қылмыстық әрекет жасамағаны немесе қылмыстың болмағаны анықталғанда, құқықбұзушылық есептен алынады.

Желтоқсан айының соңында жарияланған деректерге сүйенсек, 2024 жылы осындай жолмен тоқтатылған құқықбұзушылықтар саны 175 болған. Яғни, олар кейіннен тіркелген істер қатарынан алынып тасталды, сондықтан көрсеткіш нақты емес және әлі де өзгеруі мүмкін. Ал 2025 жыл бойынша соңғы деректерде мұндай құқықбұзушылықтың 57-і тіркелген.

Еске салайық, вейптерді сату және таратуға қатысты тыйым 2024 жылдың 20 маусымында күшіне енді. Осылайша бұл статистика 2024 жылғы маусымның соңғы 12 күні мен шілдеден бастап 2025 жылғы маусымға дейінгі 12 айды қамтиды.

*Шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату

Дереккөз - ҚР БП ҚСжАЕК

@DataHub_KZ
👍1
DATA HUB Қазақша
Қазақстандағы вейптерге тыйым салынған бір жыл - қылмыстық статистикадағы негізгі деректер 2025 жылдың маусым айына қарай бірінші сатыдағы соттар вейптер, снюс және насыбай айналымына қатысты барлығы 103 үкім шығарған (ҚР ҚК 301-1-бап*). Олардың басым бөлігі…
Вейптер туралы тақырыпты жалғастырайық. Бүгін ҚР СЖРА ҰСБ 15 жас және одан асқан халықтың темекі өнімдерін тұтынуына қатысты сауалнама нәтижелерімен бөлісті.*

Жарияланған мәліметтерге сәйкес ересек қазақстандықтардың 0,9%-ы вейп шегеді.

Алайда бұл көрсеткіштің бәрі де вейпті тұрақты түрде тұтынады дегенді білдірмейді. Мәселен, респонденттердің ішінде 0,4%-ы күнделікті пайдаланатынын айтса, қалған 0,5%-ы, сәйкесінше, күнде шекпейтінін айтқан.

Вейп шегушілер арасында ер адамдар әйелдерге қарағанда жиі кездеседі — ерлер жалпы респонденттердің 1,1%-ын құраса, әйелдер 0,7%-ын құрап отыр. Сонымен бірге бұл өнімдерді негізінен ауыл тұрғындарына (0,2%) қарағанда қала тұрғындары (1,2%) көбірек тұтынады.

Ал вейп шегушілердің ең жоғары үлесі Астанада тіркелген. Елордалық респонденттердің 6%-ы мұндай әдеті бар екенін айтқан. Басқа мегаполистерге келер болсақ, Алматыда бұл көрсеткіш 0,4%-ды, Шымкентте 0,6%-ды құрады. Қызықты ақпарат: бірден жеті өңірде сауалнамаға қатысқандардың 100%-ы вейп шекпейтінін айтқан. Олардың қатарында халық тығыз орналасқан өңірлердің бірі Түркістан облысы да бар.

Тағы бір ерекше деректі айта кетейік. 15 пен 17 жас аралығындағы барлық сауалнамаға қатысушылар вейп шекпейтінін мәлімдеген. Дегенмен, белгілі себептерге байланысты кейбірі шындықты жасырған болуы да мүмкін. Жалпы, вейпті тұтыну жиілігі ең жоғары жас тобы — 29-38 жас, мұнда көрсеткіш 1,7% болып отыр. Салыстыру үшін: 18–28 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 1%-ға тең.

Вейптерді халықтың ересек тобы тұтынуы жайлы деректер өткен жылдың маусымында вейпті сату мен таратуға тыйым салу күшіне енгеннен кейін ерекше назар аударта бастады. Тыйым салу туралы шешім өсіп келе жатқан ұрпақты қорғау мақсатында қабылданған болатын, өйткені жастар вейптің зиянсыз екеніне сеніп, оны белсенді түрде қолдана бастады. Бұдан шығатын қорытынды, шектеу қойылғанына қарамастан вейптер әлі де саудада бар екенін білдіреді.

Сонымен бірге бұл тыйымның шын мәнінде әсері болды ма, жоқ па, оны ресми статистикадан көру мүмкін емес, себебі бір жыл бұрын бұл сегмент бойынша деректер жеке көрсеткіш ретінде жарияланбаған еді. Дегенмен, жалпы алғанда, темекі өнімдерін тұтынатын халық үлесі азайып келе жатқанын атап өтуге болады. Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 17,5%-ды құрайды, бұл 2020 жылдан бері тіркелген ең төменгі деңгей.

Айта кетейік, Қазақстанда вейптің көлеңкелі нарығы бар екенін құқық қорғау органдарының өздері де растап отыр. Олардың мәліметінше, қылмыскерлер вейп сатып алушыларын Telegram мен WhatsApp арқылы табады. Тыйым салынған тауарды жеткізуге курьерлер, ал заңсыз алынған қаражатты шешуге «дропперлер» (жалған тұлғалар) көмектеседі.

*Сауалнамаға жыл сайын шамамен 12 мың адам қатысады

@DataHub_KZ
🇷🇺💼📉Қазақстанда ресейлік бизнес айтарлықтай азайған

II тоқсанда РФ азаматтары негізін қалаған қызметтегі кәсіпорындар саны кем дегенде 2019 жылдан бері тіркелген ең үлкен төмендеуді көрсетті. 1 сәуір мен 1 шілде аралығында олардың саны 728-ге, 17,6 мыңға дейін қысқарған. Мұндай деректерді ҚР СЖРА ҰСБ ұсынып отыр.

📉Теріс динамика қатарынан бес тоқсан бойы жалғасып келеді және баяуламай отыр - алдыңғы төмендеу де соңғы 6 жылдан астам уақыт ішіндегі бақылау тарихында ең елеулісі болған. 2022 жылғы геосаяси жағдай ушығуына байланысты байқалған күрт өсімнен кейін ресейлік бизнес көрсеткіштері бұрынғы деңгейіне қайта оралып жатқан сыңайлы (төмендегі графикке қараңыз). Жалпы алғанда, 2024 жылғы 1 сәуірден бері саны 2,1 мыңға қысқарған (сол кезде 19,7 мың болған еді).

Ерекше назар аударатын жайт, бұл төмендеу ресейлік бизнес қатысатын барлық салаларда байқалған. Соның ішінде жалпы көрсеткіштің 55%-ын ең ірі екі сала қамтамасыз еткен - сауща мен IT.

Соған қарамастан, Ресей Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік кәсіпорындар саны бойынша үздік 10 елдің ішінде әлі де айқын көшбасшы болып отыр. Алайда РФ көрсеткіштері төмендеп жатқанда екінші және үшінші орында тұрған Өзбекстан мен Қытай, керісінше, өсім көрсетуде.

🇺🇿🇨🇳Нақты айтқанда, сәуір–маусым аралығында өзбектің кәсіпорындарының саны 527-ге артқан (5,4 мыңға жетті), әрі бұл толықтай қызмет көрсету саласының есебінен болған.
Ал қытайлық бизнесте аталған көрсеткіш 503-ке өсіп, 4,5 мыңға жетті. Оның ішінде өсімнің негізі үлесін, 40%-ын, сауда саласы қамтамасыз еткен.

🧮 Алайда Өзбекстан мен Қытай жақсы өсім көрсетіп жатса да, Қазақстандағы шетелдік кәсіпорындар санының жалпы динамикасына шешуші әсерді РФ тигізіп отыр. II тоқсанда шетелдік капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны, жалпы алғанда, 254-ке азайып, қазіргі кезде 44,7 мыңды құрап отыр.

@DataHub_KZ
Мінеки, ресейлік кәсіпорындар санының азаюы жайлы жазбаға қосымша ретінде уәде етілген график.

@DataHub_KZ
Доллардың ресми бағамы тарихи рекорд жаңартты

Ұлттық банк белгілеген ертеңгі, 18 шілдеге арналған, доллар бағамы 532,7 теңге құрады. Бұл - бақылау жүргізілген кезеңдегі ең жоғарғы мән. Бұған дейінгі тарихи максимум жарты жылдан астам уақыттай бұрын тіркелген болатын (530,24 теңге).

1 күннің өзінде ұлттық валюта АҚШ долларына қатысты 1,2%-ға, яғни 6,24 теңгеге әлсіреді. Осындай ауқымдағы бір күндік құбылыс соңғы рет сәуірдің алғашқы онкүндігінде, АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда тарифтерін енгізуі аясында байқалған еді, +2,8% немесе 13,97 теңге.

Теңге позициясын маусымның ортасында-ақ жоғалта бастаған еді. Әлсіреу шамамен екі аптаға созылып, содан кейін бағамы уақытша тұрақтанды. Алайда 12 шілдеден бастап қайтадан күрт төмендеу басталды.

Ұлттық банк маусымдағы теңгенің әлсіреуін, мұнай бағасының өсуі мен доллар индексінің төмендеуіне қарамастан, екі негізгі фактормен байланыстырады: демалыс маусымының басталуы, сонымен қатар бюджеттік инвестициялық жобалардың белсенді фазасына көшуі, яғни түрлі тауарлардың импортының артуы.

Үкіметтің 15 шілдедегі отырысында маусымдық ішкі факторлар мен қолайлы сыртқы ахуалды ескерсек, айырбастау бағамының айтарлықтай өзгеруіне негіз жоқ екені айтылды.

Жалпы, айдың басынан бері доллар теңгеге қатысты 2,5%-ға (13,1 теңге), ал жыл басынан бері 1,5%-ға (7,63 теңге) қымбаттады.

Қорытындылай келе, Ұлттық банк бекіткен ертеңгі еуро бағамы да тарихи жоғары деңгейде - 617,23 теңге. Ал рубль бағамы соңғы 2,5 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетіп, 6,77 теңге болды.

ҚР Ұлттық Банкі деректері

@DataHub_FCBK